ХХ ғасыр қазақ жазба әдебиеті мен аударма мәдениеті қатар дамыған озғын әрі олжалы дәуір. Аударма де...
Қадыр Мырза Әлінің балаларға арналған өлеңдері
ТАБИҒАТ
Жапалақ қар
Жапалақ қар себелеп,
Жердің бетін қаптаған:
Секілді көп көбелек
Қонарға жер таппаған.
Жедеқабыл қыс түсті,
Бола қалды дала әппақ.
Қар лақтырып үсті-үсті
Балалар жүр далақтап.
Май тоңғысыз күн қандай,
Жаз өтті деу қиын-ақ.
Күн әзілдеп тұрғандай
Қыс киімін киіп ап.
Боран
Қыр жаққа көз салдың ба,
Қар боп аққан ағыс бар.
Қаһарлы жел алдында
Зар қағады қамыстар.
Бірде боран тынады,
Бірде қайта жыны ұстап,
Үсті-үстіне ұрады
Құм мен қарды жаныштап.
Теп-тегіс қып сайыңды,
Төбе қырдан асады.
Үйеңкі мен қайыңды
Желкесінен басады.
Қарашы, жел қамшылап,
Қырдың өңі қашуын!..
Боран қатты қалшылдап,
Баса алмай тұр ашуын!
Аяз
Көз байланды, түсті іңір,
Жүргізді аяз қожалық.
Шиқылдайды
Қыстың бір
Дөңгелегі қажалып.
Зіл боп басып иықтан,
Кеш қабағын тұр түйіп.
Көк темірдің
Суықтан
Кеткен жүні үрпиіп.
Боз мұнарға ораулы,
Сәулесі әлі жоқ айдың.
Терезелер қыраулы —
Негативі тоғайдың.
Аласапыран
Мезгіл болса қарбалас,
Мәз бола алмай біз жүрміз.
Ыстық, суық аралас:
Бір жер — батпақ, бір жер — мұз.
Көксоқта қар, лайсаң,
Көк бояуы — күлгін түс.
Ажыратып болмайсың,
Бір күн — көктем, бір күн — қыс.
Әлі осылай далада
Айқас біте қоймаған.
Қыс пен көктем баладай
Аударыспақ ойнаған.
Көк өpic
Бояуы мол табиғат
Бар өнерін төккен кеп.
Көрген көзге, ақиқат,
Көкпеңбек-ау, көкпеңбек!
Шалғыны тұр желкілдеп,
Шіркін мұндай көк қайда!
Балапанның үлпілдек
Бауырындай мап-майда.
Басын желге ырғайды
Балаусасы балбырап,
Басуға адам қимайды,
Жайылады мал бірақ...
Орман
Әлділері қорғанбай,
Әлсіздері ышқынған.
Тоғай түгел тұрғандай
Қуғыншы мен қашқыннан.
Жөні бөлек әр аңның
Ырылдасқан, таласқан.
Ортасында орманның
Алақандай көк аспан.
Жазғы таңы бозала —
Шыбын жанның дауасы.
Қос өкпеңді тазалап
Береді саф ауасы.
Аралап Күн әлемді,
Тек төбеңнен төнеді.
Тапталмаған кілем-мүк
Табаныңды емеді...
Аптап
Жасыл бояу азайып,
Жапырақтан түс кетті.
Аспан асты ғажайып
Алып тандыр іспетті.
Көтерілген ертемен
Күннен басқа жоқ тәңір.
Табаныңды өртеген
Топырақ та, шоқ та бір.
Мұндай кезде
Ағынды
Мұздай бұлақ іздерсің...
Көкжиекті сағымды
Жасаураған көз дерсін.
Құм
Қаталдық пен сараңдық. —
Құмның ата мінезі.
Көрсеткеннен қараңды,
Қасарады ол өзі.
Құла құмдар қозғалған
Қайнақ толқын сияқты.
Қоламтадай қоздаған
Күйдіреді тұяқты.
Теңіз бен құм қашаннан
Сыңарлары егіздің.
Құм — күреңнен жасалған
Суретіндей теңіздің.
Құйын
Жолдың шаңын сипап ап,
Жолсызбенен қашады.
Шашылғанды жинап ап,
Жиналғанды шашады.
Бір жығылып, бір құлап,
Бүлік салу — мұрады.
Тақыр жерді бұрғылап,
Шаншылып бір тұрады.
Дір-дір қағып жапырақ,
Қалтырайды сасқанда.
«Бұрғы» ізінен
Топырақ
Бұрқырайды аспанға.
Барлаушылық жұмысын
Істейді ол тоқтатпай.
Бірақ, бірақ құрысын!
Оралады түк таппай!
Шөлдегі жаңбыр
Жазықсыздан осы маң
Шегіп жатыр жазасын.
Көңілшек бұлт осыған
Сығып алды көз жасын.
Жаңбырдан соң тағы да
Құж-құж болған атырап:
Қорасан көп дағы бар
Бет сияқты топырақ.
Түн
Құйып-құйып өткенде
Көшпелі душ бұлт деген,
Күндізгі аптап от демде
Түсе кетті кілт төмен.
Бар тозаңды иықтан
Басып қалды тамшылар.
Күліседі миықтан
Күзеттегі малшылар.
Қаққа түскен сондағы
Нұр сәулесі айыңның —
Қалқып жүрген судағы
Қабығындай қайыңның.
Айдын
Айдын жатыр тыныс қып,
Ақ толқынын жылжытпай.
Көтерілсе күміс бұлт,
Түсіреді бұлжытпай.
Дей ме:
«Бұлтты көшіріп,
Өнеріңді көрсетпе!»—
Шортан шоршып,
Өшіріп
Тастайды оны бір сәтте.
Алма ағашы
Ағаш емес, біліңдер,
Асыл ана бұл тұрған.
Толған сайын түйіндер
Алма ағашы құлпырған.
Әр түйіні, қарашы,
Оған перзент-баладай.
Онсыз алма ағашы
Жалғыз басты анадай.
Күзгі түз
Ерініне кезерген
ЬІсқырығын қыстырып,
Бас төреші — Жел деген
Тұр төбеде ысқырып.
Фиништері — апан да,
Старттары — қабақтар,
Жарысып жүр жапанда
Ебелек пен қаңбақтар.
Желаяқтар сол күйде
Жығылса ұңғыл-шұңғылға,
Батады ол жанкүйер
Жиде менен жыңғылға.
Күздің соңғы қызығын
Өстіп, достым, қарайсың,
Қурайлардың ызыңын
Марш-күйге балайсың.
Күздің соңғы күндері
Өңі қашқан бәрінің,
Оңып кеткен атырап.
Қолдарындай кәрінің
Қалтырайды жапырақ.
Соңғы кезде жерге күн
Қырын қарап алыпты.
Қара бұлттар жөргегін
Кептіре алмай қалыпты.
Жұрттар үйде суықта,
Жұмыс біткен істеліп.
Өз билігін жуықта
Жүргізеді қыс келіп.
Жапырақпен жаматып
Тастағандай үстіміз.
Листовка таратып,
Жамандайды қысты күз.
ЕКІНШІ САБАҚ
Х А Й У А Н А Т Т А Р
Жапалақ
Бір біріне жапалақ
Қараңғыда ұш дейді.
Қою түнді паналап,
Қарақшылық істейді.
Судай төк те іш қанды!
Деп бөрідей тиеді.
Ондатр, су тышқанның
Қалады тек сүйегі.
Түнде олар істейтін
Қиянаттың шегі жоқ.
Күндіз
Елдің көзіне
Көрінуге беті жоқ!
Аю
Сенген қайрат, күшіне
Қоңыр аю-қорбаңбай,
Жасыл тоғай ішінде
Жүреді еркін қорғанбай.
Бал араның қалайда
Барлық балын өзі алып,
Жидегі мол тоғайда
Жүргізеді қожалық.
Әлсіздерді аямай,
Әлімжеттік істейді.
Әлділердің,—
Ай-ай-ай!—
Соңына бір түспейді.
Қыс ұйықтайды оянбай,
Қарды ініне қақпақ қып.
Басқаша айтсақ,
Пәлен ай
Істемейді ақмақтық!
Борсық
Қулықпенен табады
Қорегінің өзін де.
Құйрыққа ауыз салады
Қойлар жатқан кезінде.
Түндерін ол өткізер
Сол құйрықты сорумен.
Күндерін ол өткізер
Жемтік-жемін торумен.
Жазын түгел өткізер
Қамсыз-мұңсыз сиқымен.
Қысын түгел өткізер
Қараңғы інде ұйқымен.
Бар ғұмыры осылай
Өтеді бір тер шықпай.
Сондықтан да, досым-ай,
Борсық деген борсықтай!
Кенгуру
Қашанда оның баласы
Бауырынан табылар;
Қарынында қалтасы,
Қалта емес-ау,
Қабы бар!
Болады таң қалуға,
Кім біліпті мұндайды.
Оны-мұны салуға
Ол қап сондай ыңғайлы.
Соны көрген кезімде
Келеді бір ой қызық:
Қояр ма еді өзіне
Деймін мақта тергізіп!
Құмырсқа
Қаламайды құмырсқа
Қаңғыруды, билеуді.
Тыным алмай, ырысқа
Толтырады илеуді.
Тапқан заты ауыр боп,
Түссе бірі әлекке,
Қауымдасқан бауыр кеп,
Келеді тез көмекке.
Ауыртпалық көрмедім
Олар алып жықпайтын.
Қиындық аз дер едім
Түбі жеңіп шықпайтын.
Неге?
Айтсақ дұрысын:
Демей ұсақ, ірісің,
Бірі істейді бәрі үші,
Бәрі істейді бірі үшін!
Зебра
Желетін жұлқынып,
Жылтылдап сауыры
Зебра — жылқының
Бір туған бауыры.
Жүз жерден байлаған
Бар белбеу-жолағы.
Өзі бір аумаған
Құрлықтың морягі.
Шаян
Жүріс емес — далбаса,
Далбасадан аспайды.
Артқа қарай болмаса,
Алға қарай баспайды.
Өзгеше өмір сүргенге
Қарайды көз алартып...
Шаян құсап жүргеннен
Жүрмей қойған көп артық.
Түйеқұс
Қиын оны көлік деу
Қом салып,
Жүк тиемес.
Түйеге жүр еліктеп,
Бірақ әлі түйе емес.
Болғанменен санатта,
Құстың ісін істемес.
Бар құйрық та,
Қанат та,
Бірақ әлі құс емес.
Өстіп жүріп кеңкелес
Бостан-босқа шаталған.
Түйе де емес,
Құс та емес,
Түйеқұс боп аталған.
Шымшық
Шымшықтың әр тырнағы
Құдды шабақ қармақтай.
Бар тұлғасы, болғаны,
Бармақтай-ау, бармақтай!
Сонда да ол, асылы,
Мешкейлікке меңзейді.
Күнде
Жеке басының
Салмағындай жем жейді.
Тоты
Қайталайды қаймықпай,
Болмаған соң сотыңыз.
Айтқаныңды айнытпай
Айтып берер тоты құс.
Содан да оны кей уақта
Зейінді деп айтады-ау.
Өнер емес бірақта
Өзгелерді қайталау!
Бақа
Көкте де өмір сүреді,
Жерде де өмір сүреді.
Су астында тұншықпай,
Құрлықта еркін жүреді.
Көлде жүрсе ду-дабыр,
Жерде жүрсе ду-дабыр.
Бақалардай бақырға
Құрғақ та бір,
Су да бір!
Ит
Қожасының бұйрығын
Қалт жібермей,
Қалбақтап,
Бұлғаңдатып құйрығын
Қалады ит жалбақтап.
Ары бардың, адалдың
Асқақ тұрар шоқтығы.
Тегін емес,
Адамның
Құйрығының жоқтығы!
Суықторғай
Шыбық борбай
Суықторғай,
Бүрсең қағып,
Жүрсің нағып,
Ай-ай-ай!
Ақыл айтса,
Дос көрмедің,
Жақын айтса,
Ескермедің,
Ай-ай-ай!
Ескергенде
Өстер ме едің.
Шыбық борбай
Суықторғай,
Ай-ай-ай!