МАҒЖАННЫҢ ӨКІНІШІ

ӘДЕБИЕТ
7485

1918 жылдың күзінде Омбы қаласына келіп арып-ашып, азын-аулақ қаражатын вокзалда ұрлатып мүсәпір күйге түскен, жүдеу, шоқпыт киінген қазақ баласы Сәбитке (Сәбит Мұқановқа – Қ.Д) күн көрерлік жұмыс тауып беріп, қасына алып қамқорлық жасаған Мағжан Жұмабаев еді. Қазақ тіліндегі мұғалімдер курсінде оқуына жағдай туғызды. Мұғалімдер курсында педагогика, тарих, қазақ әдебиеті мен тілі, дін пәндерінен сабақ берген Мағжанмен Сәбит бір пәтерде тұрды. Кейін С.Мұқанов өз естелігінде бұл жайды жазды да. Аталған пәндерден қазақша конспекті жазғанда Сәбит Мағжанның хатшысы сияқты болып алды: кешкі уақыттарда  Сәбитті өз бөлмесіне шақырып алады да, диванға қисайып жатып, орысша кітаптардағы тексті оған қазақша диктовать етеді. Мағжан шамасы, бір елден Қызылжар өңірінен болғаннан кейін жас жігіттің білім алуына, орыс тіліне тілі жаттығуына, жазуға қолының жаттығуына көмектесу ниетінде болғаны анық еді. Бірақ, жағдай басқаша өзгерді. Сәбит Мұқанов арада бірнеше жыл өткенде, дәлірек айтсақ 1922 жылдың 22 ақпанында «Еңбекші қазақ» газетінде өзінің баспасөзде бірінші жариялаған «Түсімде» атты фельетонында «Жұмабаевтың байшылдық сырын символикалық түрде әшкерлеуге» арнайды.         

Осы жылдары Мағжан өз басына төніп келе жатқан қара бұлтты сезген болуы керек. Сонымен бірге, С.Мұқанов секілді қатар жүрген және өздерінен кейін оқып қоғамдық өмірге араласа бастаған тапшыл жастарға сенімі жоғалып, олардан түңіле бастады ма деген де ой келеді. 1922 жылы Қазаннан басылып шыққан кітабы ішіне енген «Жолдасқа» деген өлеңі де көп нәрсені аңғартқандай:

 Эй, эй жолдас жас жігіт, 

Қиқу салған лепірген,

 Кетті ме әлде жын соғып? 

Аузың мұнша көпірген! 

Құдықтан ішіп жас жігіт, 

Оған сірә түкірме. 

Кетер сені сел соғып, 

Басыл жаным көпірме, — деген жолдарды оқи отырып, өзі қанатына алып қамқорлық жасаған жандардың өзіне қарсы шығып орынды-орынсыз тиісуі мен сынауына наразы болып, «су ішкен құдығыңа түкірме», «жақсылыққа жамандық жасама» басыл, тоқтамға кел деген ойын аңғарамыз. Өлең жолдарына кеңестік дәуірдің символдық «жолдас» сөзін алуында да бір байқалмаған жұмбақ бар секілді.       

Мағжан мен С.Мұқанов арасы соңғысының таптық ұстанымына сәйкес алшақтай түскен тәрізді. Тағы да С.Мұқановтың естелігіне орын берсек, мына жолдарды оқимыз. «Бізге халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерлеуге тура келді. Осы мақсатпен біз 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдеби сот жасадық». С. Мұқановтың жазуынша сотта Мағжанға қорғаушы есебінде тағайындалған Рабфак оқушысы Жәкен Сәрсенбинді залда отырғандар айғайлап сөйлетпей қояды. Ал, Мағжанды айыптаушы міндетін Сәбит Мұқанов атқарады да, оның ұсынысы бойынша сот мынадай қаулы қабылдайды: 

«1. Жұмабаев қазақ халқының, сонымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған Совет үкіметінің қас жауы деп танылсын. 

2. Оның барлық шығармаларын оқылудан алыну өкіметтен сұралсын. 

3. Бұдан былай советтік баспасөз бетінен Жұмабаевтың шығармаларына орын берілмесін» 

Міне, кеше ғана қиналып келіп, Мағжаннан пана тауып, оның қамқорлығын көрген С.Мұқанов осылай Мағжанды айыптады.   

Құрманғали ДӘРКЕНОВ, 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

 Kazakh-tv.kz.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...