немесе мақал-мәтелдердің де озығы бар, тозығы барМәңгілік Ел боламыз десек, бізге рухани...
Амангелді Кеңшілікұлы. Фолкнердің үш ұстазы
Жоғары түгіл Фолкнердің орташа білімі де жоқ. Соған қарамастан ол өз заманының ең көп ізденген, оқымысты адамдарының бірі болды. Жаңа Орлеанда жүргенде қолына түскен кітаптардың бәрін қалдырмай суша сіміргенімен, үш тұлғаны ұстаз санап, олардың еңбегі сезімін сәулелендіріп, ақындық қиялын байытты.
Біріншісі француз ойшылы – Анри Бергсон. Шын мәнісінде де Бергсон тереңдігі жағынан Фридрих Ницшемен бір қатарда тұруға лайық - ХХ ғасырдың ұлы философы. Француз академиясының мүшесі. «Шығармашылық эволюциясы», «Мораль мен діннің қос қайнары», «Материя мен жад» т.б. еңбектердің авторы.
Ол өз еңбектерінде адам санасының тоқтаусыз ағып жатқан процесс екені туралы ой қозғайды. Бергсонға дейін адам санасының бір-бірімен жалғасқан байланыс екені дәлелденіп келгені белгілі. Философтар ассоциация теориясына сүйеніп бұрын-соңды басыңнан өткерген сезімді қайта кешуге болатынын айтып жатты. Яғни, сана дегеніміз - механикалық құбылыс. Ол салдарлы-себепті байланыстардан тұрады делініп келді. Алайда, Бергсон өз еңбектерінде сана дегеніміздің бір-бірімен жалғаспайтын, себепті-салдарлы байланысы жоқ ағыс екенін дәлелдеді. Оның айтуынша, сана дегеніміз тұнып тұрған метамарфоза. Міне, сондықтан да бір рет басынан өткерген сезімді адам баласы екінші рет тап сондай күйде кеше алмайды. Сана туралы айтқан Бергсонның идеялары Вирджиния Вульф, Томас Эллиот, Марсель Пруст және әрине Уильям Фолкнер сынды модернистік әдебиеттің аса көрнекті өкілдерін өрнегі өзгеше туындылар жазуға итермеледі.
Фолкнерді оқыған кезде суреткер туындыларында уақыттың сарқыраған өзендей өз қалауы бойынша ағып жатқанын көресің. Баяндау да біз үйреніп қалған нараталогиялық тәсілдердің ешқайсысына ұқсамайды.
Сағат тілі қалай жылжыса біздің көзімізге уақыт та солай өтіп жатқандай болып көрінетіні бар. Бірақ, шын мәнісінде ол мүлде олай емес. Жыландай жылжыған сағат тілінің уақытқа еш қатысы жоқ.
Уақыт дегеніміз – ағыс. Уақыт дегеніміз өз құшағына өткен тарихты сиғызып, жұмбағы келешекте ашылатын құдірет. Фолкнер шығармашылығын зерттеуде мұны білу аса маңызды.
Бергсон өз еңбегінде біздің бір кездері кешкен сезімдерді басымыздан қайта өткергенімізбен айналадағы көріністің еш өзгермейтініне баса назар аударады. Егер де біз бәрін де Бергсон айтқан күйдегідей көз алдымызға елестетін болсақ, айналадағы көрініс те өзгеріске ұшырауы тиіс еді. Сана үнемі өзгеріп отырғанымен, айналадағы көрініс неге өзгермейді? Яғни, бұл дегеніміз адамның өз сезімінің әлемінде емес, абстракция әлемінде өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Бергсонның ашқан жаңалығы Фолкнер шығармашылығына қатты әсер етті. Сондықтан да ол өз романдарында бағзыдан қалыптасқан дәстүрлі баяндау формасын бұзып, оқиғаны берудің тың тәсілін ойлап тапты. Суреткер туындыларындағы қисынды түсіну қиын. Өте қиын. Онда біз үйреніп қалған реттілік пен себепті-салдарлы байланыс атымен жоқ. Әрине, мұндай мәтінді оқу оңай емес, ал, түсіну жүйкеге біраз салмақ түсіреді.
Суреткер романдарында уақыт біресе солға, біресе оңға, біресе жоғары, біресе төмен қарай ағып шығарманың мазмұнын күрделендіре түседі. Онда бәрін бізге түсіндіріп, оқиғаны бір бірімен байланыстырып отыратын реттілік жоқ. Фолкнер шығармаларындағы оқиғаның себебі кез келген жерде, кез келген уақытта басталып кетуі ықтимал. Бүгін болып жатқан оқиғаның себебі Фолкнерде кеше немесе алдыңғы күнде емес, осыдан 20, 30 немесе тіпті 50 жыл бұрын жатуы мүмкін. Міне, осындай тәсілдердің арқасында Фолкнер шығармашылықтағы өзінің күрделі әлемін туғызды.
Фолкнердің шығармашылығына өз ықпалын тигізген авторлардың бірі ағылшын жазушысы – Джозеф Конрад. Джозеф Конрад жазушының лақап аты, шын аты Юзеф Теодор Конрад Коженёвский. Ұлты поляк. Украинада туған. 11 жасында әкесінен де шешесінен де айырылып тұл жетім болып қалған баланы анасының туыстары асырап алады. Одессаға келіп, сол жерде тұңғыш рет теңізді көріп, бұл оқиға оның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді. Ол ағылшын мен француздардың шытырман оқиғалы романдарын оқып, теңізші болуды армандайды. Джозеф Конрадтың өмірі оқиғаларға бай. Ол тіпті қару-жарақ сатумен де айналысқан.
1880 жылы ол Англияға қоныс аударады. Теңізші атанып, капитан дәрежесін иеленеді. 1886 жылдан бастап Джозеф Конрад деген бүркеншік атпен шығармаларын жазуға кіріседі.
Джозеф Конрад ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында ағылшын әдебиетінде дүниеге келген неоромантизм ағымының өкілі. Конрадтың шығарма жазу барысында баяндау мәнерін өзгертіп жібере алатын шеберлігі болды. Ол жасанды, ойдан шығарылған әлемді нағыз өмірдегідей етіп суреткерлік шеберлікпен жеткізе білетін талант еді. Міне, осындай ешкімге ұқсамайтын суреткерден тағылым алған Фолкнердің ойдан шығарылған әлемі шынайы болып көрінеді. Бұл құр талант немесе шеберлік қана емес. Бұл Джозеф Конрадтан үйренген нақты тәсілдердің жүйесін кемелдікке жеткізген кемеңгерлік.
Суреткерге ықпал еткен үшінші тұлға – орыс жазушысы Феодор Михаилович Достоевский. Ол Достоевскийді қайта-қайта оқыды. «Нақұрыс», «Қылмыс пен жаза», «Ағайынды Карамазовтар» романдарын астын сызып тұрып парақтады. Орыс жазушысының романдарындағы көтерген проблематикасы Фолкнердің мәтіндерінде өз ізін қалдырды.
Суреткерлік қолтаңбасы анық көрінген ең алғашқы «Сарторис» романынан-ақ Фолкнердің сөз өнеріндегі ұстазы Достоевскийге еліктеген ізденісін байқауға болады. Ал, 1931 жылы «Ғибадатхана» романы жарық көргенде әдебиетшілер «Достоевскийдің көлеңкесі оңтүстікте пайда болды» деп жазды.
Фолкнердің өзі де жазушы болып қалыптасуына Достоевскийдің игі ықпалы тигенін жасырған жоқ. Ол Достоевскийді өнердегі ұлы ұстазы санады. «Ол маған әсер етіп қана қойған жоқ, мен оны оқудан үнемі ғажап әсер аламын. Оны қайталап оқудан жалықпаймын. Шеккен қасіретімізге жанашырлықпен қарап, жанымыздың тереңіне бойлайтын шеберлігі бізді ұлы суреткерге жақындата түседі. Ол менің жүрегімде өшпес ізін қалдырды» дейді бір сөзінде Фолкнер.
Мәдениет порталы