Жаңа заманның мәдени қауымдастықтары орталықсыздандырылған жүйеге қарай жылжығаны айқын көріне баста...
Ақын Файзулла Төлтайдың 7 өлеңі
6255
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Бүгін қазақ поэзиясының жас буын, жаңашыл ақыны - Файзулла Төлтайдың 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!
Біз кеше қырық кездей созылып жауға шапқан кезімізде басқан жерін ошақтай ойған жылқы мінезді халық болатынбыз; күнбатыста көз іліп, күншығыста оянған жылқы мінезді халық; құйрығын шорт түйіп ап, тұяғы тиген көк тасты саз балшық секілді илеген жылқылар – көптен бері шойдырма дертіне ұшырағанымен басқа жерді жерсінбей көкірегімізде әлі күнге дейін үйездеп жүр; қызығы, біз қазір сол жылқылардың ажалына біткен қара шыбындармыз. Ия! Көкірегінде қазанаттар кісінеген қара шыбындар… АБСУРТСТАНҚИРАҒАН ҚҰДЫҚ Мен ылғи түсімде Жүсіпті құдыққа лақтырып жатып шошып оянам, содан соң, таңға дейін төсегімнің бір бұрышында дірілдеп отыратыным бар – көзімнің алдынан көлбеңдеп Жүсіптің бейнесі кетпейді, менен аяушылық тілеген Жүсіптің бейнесі; түсімде де сол бейнеге қараған сайын сыздап қоя береді кеудем – әуелі тобыр-тобыр жын көшкен далада Жүсіпті жетектеген күйі қираған құдыққа тап болам, тозақ есігінің кілтін табанымның астына алып; ол маған сол жерде оның кейпіндегі рухы пұтқа айналған өзім екенімді айтады, мен сонда өзімді құдайдан барынша алыс ұстауым үшін құдыққа лақтырып жіберем: қанша жыл өткенімен ештеңе өзгерер емес; өмірге жіпсіз байлаған жадымның төрінде осы бір ескі түс – кейде тіпті кеуделерінде теңіз қайнаған бауырларын да қасымнан көрем, бәріміз оған сәжде етудің орнына, оны құдыққа тастағымыз келеді, мен тұрсам олар да тұрады, мен жүрсем олар да жүреді, қираған құдыққа құлап бара жатқан сәтте бәріміздің жүзімізге көз алмай қарайды Жүсіп; оны да менен айнымайтын сынды: олар да – мен, Жүсіп те – мен, мен де – мен, содан соң, сол менен менді бөле алмай дал болам; барлығы менің ішімде деймін яки мен барлығының ішіндемін, барлығы барлығының ішінде: бұл жолы сол жалғыз мен – менен бөлініп – ақыры сен болып оянды: құдды бір құдықтың қойнында оянған сынды: енді сен де мендей төсегіңнің бір бұрышында дірілдеп отырсың – көзіңнің алдынан көлбеңдеп кетпейді бейнем, сол бейнеге қараған сайын ешқашан таңы атпаған кеудең сыздап қоя береді, әліге дейін өз Жүсібіңді ішіне қамап ұстаған кеудең… ЖОҒАЛУ …содан соң көздерімді ашқанымда өзімді айнаның алдынан таптым, мыңдаған сәттердің ішіне қамалған өзімді, ал айна күл-талқаны шыққан жанымды тани алар емес, ыңғайсыз сәл ғана жымиып қояды; жымиғандағы тістері – құдды бір мазар тастары ма дерсің, құдайдай үгітіліп түскен уақыттың мазар тастары, сол мазар басында дұға оқып отырған адамның құмсағат пішіндес көздері, шөл сынды барлығын қойнына жасырып әлек, бірақ мен көздердің ішінде жігерімнің құм болғанын сезетін сындымын, сол құмның құрсауында аянышты дауыстың шыңғырып жатқанын сезетін сындымын, тіпті ол аянышты дауыс сәл бұрын ауаны тіліп өткендей болған, ауадан аққан қан маңдайыма тамшылап тұрды, содан соң, жүзіме ақырын ғана қан жүгіре бастап көздерімді ашқанымда өзімді мазардың басынан таптым, уақыттай үгітіліп түскен құдайға дұға оқып отырған өзімді, ал мазар күл-талқаны шыққан жаныма ескі бір досындай жымия қарайды, жымиғандағы тістері – құдды бір шағылған айна ма дерсің, шағылған жүзімнің айнасы, сол айна алдында мыңдаған сәттердің ішіне қамалған адамның құмсағат пішіндес көздері, шөл сынды барлығын қойнына жасырып әлек, бірақ мен көздердің ішінде жігерімнің құм болғанын сезетін сындымын, сол құмның құрсауында аянышты дауыстың шыңғырып жатқанын сезетін сындымын… VAVEYLA Бүгін, өмірдің бар екенін ұмытып, өлімнің жоқ екеніне сенген түндердің бірі… …мен болсам көзімді жұмуға қорқам: қабырғалардың қолына түскен терезе сұлбасының шыңғырған үні бөлмемнің алты бұрышына байланып қалған; ол алты бұрыш – дүниенің алты тарапына шашыраған сәуледей көркем; бастау нүктесі – басымдағы орай; бірақ мен бұл жерде талай рет түсімде беліме оралған жыланды көргем, қабырғалардың да көргем, еңіреп тұрып өздерін жұдырықтағанын талай: бәріне себепші – алты бұрышты жұлдыздық сана мен таным. Кеңістік – көзім; жер болса –көзімдегі тамшы,– деп қазір он сефиротты қойнына жасырып ұйықтаған тәнім: сол тәннің ішінде шам ұстап отырғаныммен қараңғылыққа қарсы, бәрібір ол үнді босатып жіберуге жетпейтін секілді шамам, оның да қауқары жоқ сынды шарыққа қашар; күн өткен сайын дәл осы күйіммен мен де бір терезе сұлбасына айналып барам, …сен қашан қол ұшын созады екенсің, ажал?! ҚАШУ I Түн. Таңнан гөрі әлдеқайда ақылдырақ бір түн. Түнге еріп қай жаққа келгенін ұқпаған аңқау бір ай. Рилькенің Прагадағы жалғыз бөлмелі үйіне ұқсаған көше соңындағы үй. Сол үйдің ішінде кесілген құстың қанаты секілді шам. Ал шамның түбінде Климптің картинасына қарап отырған бейтаныс кісі: ол жаңа түсінде өзінің туған әкесі мен шешесін өлтіріп алған; енді сол үшін жазалануым керек пе дейді шамға, енді сол үшін жазалануым керек пе дейді үйге, енді сол үшін жазалануым керек пе дейді айға, енді сол үшін жазалануым керек пе дейді түнге? Өмірде мен сенген жалғыз-ақ әйел болған деп күбірлейді сосын. Оны да жаңа түсімде әкемнің құшағында жатқанын көрдім. Сол сәтте туылмай жатып өліп қалғандай сезіндім өзімді. Ол менің анамды мен сынды сүймеген, ал анам әкемді мен сынды жек көрген жоқ екен тағы... Енді онда оларды өлтірген меннің өз өмірі бардай. Ол маған бағынышты емес. Мен оны көрмеуім, оның жоқ екенін дәлелдей алмайды. Бәлкім қазір әкем мен шешемді көмусіз қалдырған шығар. Бәлкім шіркеу мен мешіттің жолына жерледі. Әйтеуір оның түсімде өз өмірін жалғастырып жатқанын сезем. Күні ертең ол да бір түс көрер бәлкім.Түс көрсе түсінде мен сынды өз-өзін көруі тиіс. Солайша тағы бір менді жаңадан өмірге ап келер ертең. Өзі жаратқан жаңа бір менді. Бейне бір мені жаратқан мен секілді, мен оны құдай деп ойлағаным секілді, ол мені құдай деп ойлағаны секілді, оны да ертең құдай деп ойлады және бұл осылайша жалғаса береді шексіз... Сонда кім жазалану керек? Сонда кім жазалау керек? Мен бе? Мені түсінде көрген мен бе? Мен түсімде көрген мен бе? ... … ҚАШУ II Қызық, кешегі түнде кімдер өмір сүріп жатыр екен қазір? Мен не істеп жүр екенмін онда? Соңғы рет қай жаққа қашарын білмеген жел сынды жалғыздығыма шырмалған қалың бір нөпірдің ішінде тұрғанымды білем. Басқа бір де бір белгі жоқ. Тек онда кешегі түн ғана бар. Сол түнде кім өмір сүріп жүр екен қазір? Қазір де түн. Кешегі түннен айнамайтын тағы бір түн. Терезе алдына жайғасқан талайсыз бір түн. Ешқашан басымнан өткеріп көрмеген махаббатымды еске алып, шылымымды тұтатып отырмын мұнда. Шылымның түтіні –құмырадан босаған жын сынды көзімнің алдында бірер сәт көлбеңдеп тұрады да ауаға сіңіп жоғалып кетеді. Бірақ дәл қазіргі өміріммен “дәл қазіргі өміріммен” деп айтқан сәттегі өмірді ештеңе байланыстырмайтын сынды. Кешегі түнмен де дәл солай. Дәл солай қазіргі түнмен де. Мен емес кешегі түнде өмір сүріп жатқан адам. Мен емес секілді кешегі түнде өмір сүріп жатқан адам. Шылым шегіп тұрғаныма қарағанда шылым шегіп тұрған адаммын деуіме болады өзімді. Бірақ ол да шындыққа жатпайды қазір. Бейне бір күтпеген жерден көз жұмған сындымын. Еш жерде, ешқашан көз жұмған сынды. Менің өлімім белгілі бір уақытқа тиесілі емес. Белгілі бір мекенге де тиесілі емес менің өлімім. Қандай да бір себепсіз, еш жерде, ешқандай уақытта орын алған бір өлім. Кім сонда қазір кешегі түнде өмір сүріп жатқан адам? Кім сонда қазір өмір сүріп жатқан адам? Мен бәлкім, қай жаққа қашарын білмеген жел сынды жалғыздығыма шырмалған қалың бір нөпірдің ішінде адасып кеткен шығармын. Мен бәлкім, жай ғана адасып кеткен шығармын. SOVEGNA VOS Кеше түнде көп жылдан бері алғаш рет төбемнен тараған он алтын нұрдай бес күмбезі парлаған аппақ бір қағазға есіміңді жаздым, әріптері Күлзім теңіз суына ұқсаған сенің күлкіңмен күлді, саусақтарыма жағылған қаламның сиясынан жұпары аңқып. Мен сонда пәруанадай сүйе алмағанына өкініп жылаған бұлбұл секілді, ауада өртенген оттың алдында тұрдым, қос қара құрдымнан кеңістікке тамған көз жасым тасқа айналып… Сол сәтте ештеңеден хабары жоқ сенің есіміңе біз бір-бірімізді өлердей сүйгенімізбен, қоштасқанымызға іштей қуанғанымызды не деп түсіндіріп беретінімді білмедім. Өкініштісі, алақаныма тығылған қаламым есіміңнен басқа ештеңені есіне түсіре алмады: сен кім едің, жұмақтың жемісіне ғашық Иерусалимнің қызы?! Файзулла ТӨЛТАЙ, ақын, Түркия.