2021 жылдың 11-16 қазан аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 ж...
Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры
Астана қалалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасымен өз шымылдығын ашты. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы дарынды режиссер Жақып Омаров сахналады. Театр өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алды. Онда Ш. Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясы лауреат атанды.
Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері:
– Жақып Омаров 1991-1996 жылдары;
– Қазақстан Халық артисі Қадыр Жетпісбаев 1996-1998 жылдары;
– Кеңес Одағының Халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов 1999-2009 жылдары жетекшілік етті.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңаша қойылымдармен толықтырып келеді. Мәселен, М. Әуезовтің «Абай», «Айман – Шолпан»; Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн»; Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»; С. Тұрғынбекұлының «Мұқағали»; А. Дударевтің «Кеш»; Дж. Патриктің «Қымбатты Памела»; М. Фриштің «Дон Жуанның думаны»; И. Штраустың «Жұбайлар жұмбағы»; У. Шекспирдің «Гамлет»; А. Цагарелидің «Гамарджоба»; Т. Джюдженоглудің «Көшкін»; Э. Хушвақтовтың «Қызыл алма»; Б. Ұзақовтың «Үміт»; Д. Рамазанның «Кенесары-Күнімжан», «Абылай ханның арманы»; Е. Жуасбектің «Үйлену», «Сен үшін»; Ш. Мұртазаның «Бір кем дүние»; А. Вальехоның «Күн сәулесі түспеген»; Қ. Жиенбайдың «Таңғажайып планета»; Ә. Таразидің «Үкілі жұлдыз», Ж. Ануй «Жалын жұтқан Жанна д’Арк», Қ. Жүнісовтің «Сәкен сұңқар», Р. Отарбаевтың «Көлеңкесіз жолаушы», М. К. Машадудың «Бразилия байлығы», В. Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар», М. Байжиевтің «Жекпе-жек», М. Ахмановтың «Алдардың айласы», С. Мұқанов пен Ш. Уәлихановтың «Шоқан» сынды қойылымдарын театр сахнасынан көре аласыз.
Өз көрерменін тапқан театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл толады. Елімізде және шет елде өткен бірнеше театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын. Ол – қазақтың театр өнерін өркендету, сөйтіп кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Театрдың әр жылдары иеленген жүлделері мен үздік қойылымдарын тізбелер болсақ:
– 1999 жылы Каир қаласында өткен дүниежүзілік Театрлар фестивалі;
– 2000 жылы Германия Федеративтік Республикасының үлкен бес қаласына гастрольдік сапары;
– 2001 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында Астана қаласы театрының онкүндігін өткізуі;
– 2002 жылы Астана қаласының Мәскеуде өткен өнер күндерінің аясында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен «Моссовет» театр сахнасында;
– 2010 жылы қаңтар айында Иран Республикасы, Тегеран қаласында Мәдениет Институтының ұйымдастыруымен өткен Фаджр атындағы Халықаралық театр фестиваліне Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» (Спектакльдің қоюшы режиссері Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов) шығармасымен үздік деп танылды;
– 2010 жылы Қарағанды қаласында өткен ХVІІ Республикалық театр фестивалінде режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналаған «Үйлену» спектаклі жүлделі II-ші орынды иеленді;
– 2010 жылдың қыркүйек айында театр Тараз қаласында өткен Республикалық ХVIII Қазақстан театрларының фестиваліне А. Дударевтің «Кеш» (қойылымның режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов) драмасымен барып Гран-при иеленді;
– 2011 жылы Шымкент қаласында 25-27 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Халықаралық театр күніне арналған «Театр көктемі – 2011» республикалық аймақтық театрлар фестивалінде «Сен үшін» комедиясы (авторы Е. Жуасбек, қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов) «Ең үздік қойылым» номинациясын жеңіп алды;
– 2011 жылдың 23-26 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде Д. Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» драмасы «Ең үздік ұлттық авторлардың драматургиясы үшін» және актер Сырым Қашқабаев – «Ең үздік ер адам бейнесі» номинацияларын жеңіп алды;
– 2012 жылдың 16-24 қыркүйек аралығында Орал қаласында өткен Ә. Мамбетовтің 80-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XX Республикалық фестиваліне Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен қатысып, «Қадыр Мырзалиев атындағы» арнайы сыйлықты және Науан бейнесін сомдаған актер, ҚР халық артисі Тілектес Мейрамов «Ең үздік ер бейнесі» номинацияларын иеленіп қайтты. Қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Нұрлан Жұманиязов;
– 2012 жылдың 1-5 қазан аралығында Қостанай қаласында І. Омаровтың 100 жылдығына арналған Республикалық Театрлар фестиваліне Ж.М. Шевренің «Ізгілік формуласы» атты комедиямен қатысып, «Ең үздік әйел» номинациясына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназар-Ханинга мен ҚР еңбек сінірген артисі Жанат Чайкина иеленсе, «Үміт» номинациясы жас актриса Айнұр Жетпісбаеваға берілді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Әлімбек Оразбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
– 2012 жылдың 20-26 қазан аралығында Алматы қаласында Орталық Азия Мемлекеттерінің IV Халықаралық Театрлар фестиваліне әлемдік классиканың хас шебері, ұлы драматург У. Шекспирдің «Гамлет» трагедиясымен қатысты. Қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Болат Ұзақов. Аталмыш спектакльге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Орталық Азия мемлекеттерінің IV Халықаралық Театрлар фестиваліне қатысқаны үшін АЛҒЫС ХАТ табыс етті. Ал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер Өтеуілов Нұркен «Ең үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алды;
– 2012 жылы 10-16 қараша аралығында Түркия Мемлекетінің Стамбул, Анкара қалаларында Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан» драмасын түрік тілінде сахналап қайтты. Қоюшы режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Болат Ұзақов;
– 2013 жылдың 23-29 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында Қазақстанның Халық жазушысы, драматург – Т.Ахтановтың 90-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXI Республикалық фестиваліне Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние» драмасымен қатысып «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленіп келді. Қоюшы режиссері – Болат Ұзақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
– 2014 жылдың 15-18 мамыр аралығында Павлодар қаласында өткен қайраткер, тұлға, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына арналған «Алаш Ардақтысы» аймақтық театр фестиваліне Әкім Таразидің «Люстра» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Үкілі жұлдыз» фарс трагедиясымен қатысып Гран-приді жеңіп алды. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков;
– 2014 жылы Қызылорда қаласында өткен КСРО және Қазақстанның халық артисі С. Майқанованың 100 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан театрларының XXII республикалық фестиваліне Ш. Айтматовтың «Ана-Жер ана» спектаклімен қатысып, ҚР Халық артисі Г. Әспетова «Сабира Майқанова» атындағы арнайы жүлдені иеленсе, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Т. Атымтаева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Қоюшы режиссер, «Халық қаһарманы» – Ә. Мәмбетов, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайтарткері – Б. Құрманғожаев;
– 2014 жылы V Орталық Азия мемлекеттерінің Халықаралық театр фестиваліне Ж. Ануйдың «Жалын жұтқан Жанна ДꞌАрк» драмасымен қатысып Гран-приді иеленді. Сондай-ақ, актриса А. Бермұхамбетова «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болды. Қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Ә.Оразбек;
– 2015 жылы Өскемен қаласында өткен XXIII Республикалық театрлар фестиваліне В. Ежовтың «Бұлбұлдар түні» пьесасының негізінде сахналанған «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмамен қатысып, «Үздік режиссерлік шешім» номинациясына ие болды. Қойылым режиссері, Қазақстанның Халық артисі – Т. Теменов;
– 2015 жылы Атырау қаласында өткен драматург Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде «Көлеңкесіз жолаушы» драмасымен қатысып, режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов – «Үздік режиссер» номинациясын, актриса Айнұр Бермұхамбетова – «Үздік актриса» номинациясына ие болды;
– Сондай-ақ, 2015 жылы 2015 жылдың 29 қарашасы мен 6 желтоқсан аралығында Мәскеу қаласында XIII Халықаралық «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬ» театр форумында «Тыраулап ұшқан тырналар» (Авторы: В.Ежов, реж.: Т. Теменов, Қазақстанның Халық артисі) лирикалық драмасымен қатысып, «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬ 2015» статуэткасын, яғни Гран-При иегері атанды. Сондай-ақ, қойылым барысында өз өнерлерін ортаға салған Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов – полковник Лукьянов, актер Әбілмансұр Серіков – Пернебек Боранбаев, актриса Ақмарал Танабаева – Инга рөлдері үшін «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬДІҢ» алтын дипломанттары атанды.
2011 жылы 14 желтоқсанда Театр ұжымына «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілді.
Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының шығармашылық ұжымында: режиссер, Қазақстанның Халық артисі – Т. Теменов, режиссерлер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Н. Жұманиязов, Ә. Оразбековтер қызмет етеді. Театр директорының қызметін – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б. Ұзақов атқарады. Актерлық құрамында – 55 актер, оның ішінде 4 – «ҚР Халық артисі», 4 – «ҚР еңбек сіңірген артисі», 19 - «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», 1 – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 1 – ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері, 1 – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері бар. Сол секілді театр оркестрінің құрамында 18 адам жұмыс атқарады.