«Сын – шын болсын» театр фестивалі сайыс көркін қыздыра алды ма?

ТЕАТР
7248

2021 жылдың 11-16 қазан аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған белгілі театр сыншысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» деп аталатын І Республикалық театр фестивалі  өтті. Аталған фестивальді өткізу идеясын С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының бұрынғы директоры марқұм Сансызбай Бекболатов  ұсынған еді. Ол саналы ғұмырын театр өнерінің өркендеуіне арнап, соңына мол рухани мұра қалдырған сын сардары Ә.Сығайдың өнегелі ісін болашақ ұрпаққа үлгі ету мақсатында сыншының атында тұрақты өтіп тұратын бір фестиваль болу керектігін айтып қана қоймай, тіпті қашан өтетіне дейін белгілеген болатын. Өкінішке орай, карантин басталып әрі Сансызбай Нұрсияұлының мезгілсіз қаза табуы фестивальдің өту уақытын кейінге шегеруге мәжбүр етті. Бүгінде аталған театрдың директоры қызметін атқарып отырған Құрман Қалымов облыс әкімдігінің қолдауымен және Қарағанды облысы әкімінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Рымбала Омарбекованың ақыл-кеңесімен жоспарланған игі істі жүзеге асыруға белсене кірісіп, соңына жеткізді.  

Шынын айту керек, соңғы екі жылда фестиваль өткізу былай тұрсын, карантин қыспағына түскен театр ұжымдары Арқа өңіріндегі өнер мерекесінде бір-бірімен аман-есен қауышқандарына шын жүректерімен қуанды. 

Фестивальдің салтанатты ашылуы Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Кешке Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысып, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін сөз алған Ә.Сығайдың аяулы жары Күләш Сығай мен Театр Қайраткерлері Одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов фестиваль ұйымдастырушылары мен қатысушыларға, қазылар алқасының мүшелеріне  жылы лебізін білдірді. 

Сонымен бұл өнер жарысында еліміздің он бес театры бақ сынады.  Дәл қазіргі кезде Қазақстанда алпыстан астам театр бар болса, соның төрттен бірінің осы фестивальге қатысуы республика өміріндегі елеулі мәдени оқиға екені сөзсіз. Бұл театр фестивалінен бүгінгі қазақ театр өнерінің қалай дамып бара жатқанынан мағлұмат алдық. Ең бастысы, өнер сайысына қатысқан спектакль режиссерлерінің дені жастар болды. Олардың бүгінгі қазақ театр өнеріне басқаша көзқараспен қарап, әлемдік театр үрдісінде болып жатқан жаңалықтарды төл театрымызға әкелуге күштерін салып жүргендері едәуір серпілтіп тастады. Режиссурадағы ізденістер актерлік өнердің жаңа бағытта дамуына оң ықпалын тигізе бастағанының да куәсі болдық. 

Фестивальде көрсетілген спектакльдердің көркемдік деңгейі пьесаның мазмұн-сипатына, режиссерлік ой-түсінік пен орындаушылық ерекшелігіне байланысты әрқилы болды. Театрлар көрсеткен спектакльдерді тұтастай шолып шыққанда біз мақсат тұтқан қазақ театр өнеріндегі көркемдік бағыттарды бағдарлауға мүмкіндік туды. 

Классиканы өзектендіру

Әлемдік театр өнерінде «классиканы өзектендіру» өзінің биік шыңына шығып, тіпті дәл қазіргі кезде қалыпты жағдайға айналып кеткені баршамызға жақсы мәлім. Ал, қазақ театры үшін бұл әлі толық игеріліп болған жоқ. «Классиканы өзектендіру» дегеніміз бұл жаңа драманың бір түрі. Мұнда классикалық пьесадағы уақыт пен әрекет орны өзгереді, ал кейіпкерлер бүгінгі заманның адамына айналады. Осы фестивальде «классиканы өзектендіріп» сахнаға шығарған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының «Электра», Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Найзағай», Алматы қаласы мәдениет басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектакльдері режиссерлік жаңа оқылымдарымен есте қалды.

Л.Дюрконың «Электра» трагедиясының басты кейіпкері Электра ежелгі грек драматургтері Эсхилдің «Хоэфорлар», Софоклдің «Электра», Еврипидтің «Электра» және «Орест», римдік Сенеканың «Агамемнон» трагедияларында әрқырынан бейнеленген.  Ал, венгер жазушысы Ласло Дюрконың аталмыш трагедиясында Электра өзіндік пікірі бар жеке тұлға болып суреттелген.  Бұл пьесаны сахналаған Жұлдызбек Жұманбай қоғам мен мемлекетке қатысты мәселелерді алдыңғы кезекке шығарған.  

Режиссер шешімінде пьеса кейіпкерлерінің іс-әрекеттері бүгінгі адамдардан еш айырмасы жоқ. Айталық, Эгист роліндегі Қайрат Кемалов сахнаға велосипед теуіп шығады. Актер патшаның қатыгездігін, залымдығын Электрамен сөйлескенде ғана емес, әйелі Клитемнестрамен, Орестпен, көпшілікпен өтетін сахналарда ашып көрсетеді. Қарапайым халықты қуыршаққа айналдырып, оларды езгіде ұстап отырған озбыр патшаның үстемдігі оның зілденіп айтқан әрбір сөзінен, жақтырмай қараған көздерінен, іс-әрекетінен айқын көрініс тапқан.

Электра рөліндегі А.Омарова Эгистің қолынан қапыда мерт болған әкесі Агамемнонның кегін қайтаруға белін бекем буған қыздың табандылығын, айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігін нанымды бейнеледі. Оның Электрасы қорлық пен зорлықтан, әділетсіздіктен психологиялық күйзеліске душар болған жан болып көрінді. Актриса ойынында Электраның ашына сөйлеп, тіпті патшаға қарсы оқтай атылатын сәттері әділдік үшін айқаста жалғыз арпалысқан қыздың ішкі күйінішін көрсетеді. Алдағы уақытта орындаушы оның жан-дүниесіндегі арпалыстарды айқаймен емес,  психологиялық тебіреністер арқылы жеткізуге көңіл бөлуі керек. 

Режиссерлік тұжырымда Оресттің көмегімен он бес жылдық езгіден соң, Эгисттің көзін құртып, кегін қайтарған Электраның салқын сабырға келіп, келесі қадамға бару сәті айқын емес. Спектакльдің шарықтау шегі саналатын дәл осы тұсқа режиссер ерекше  мән беруі керек еді. Себебі, өшпенділік пен кек алу жолында жаны жараланған қыздың  туған ағасын өлтіріп, таққа отыруы оның психикасы ауруға ұшырағаннан ба, немесе мұндай қадамға тақ үшін  саналы түрде  барды ма, осы арасы  режиссерлік шешімде нақты емес. 

Спектакльде Эгист патша тұсында елдің тұрмыстық жағдайының төмендеп, бас көтере алмайтындай жаншылып, құлдық санаға түскені режиссер тарапынан қызық шешілген. Халық өкілдері сахнаның алдыңғы жағында, көздері қара дәкемен байланып, ауыздары желіммен жапсырылған қалыпта өтіп жатқан оқиғаның бақылаушысы болып бөлек отырады. Олар Эгист патшаның өктемдігіне әбден көнген. Бас көтеріп, қарсы шыға алмайды. Электраның соңынан еруге дәрмендері жетпейді. Олар үшін үкімет басына кім келсе де, бәрібір. Мылқау мен меңіреудің күйін кешкен бейшара қалыпта қалған.  

Бірақ спектакль премьерасы тура сол күні болғандықтан да, көптеген актерлердің өз кейіпкерінің сөздерін, қимыл-әрекеттерін әлі сіңіріп үлгірмегені байқалып тұрды.  

Бұл спектакльден театр актерлерінің күрделі драматургиялық материалмен жұмыс жасауға қарым-қабілеттері еркін жететін байқадық. 

Фестиваль қорытындысы бойынша Амира Омарова «Электра» ролі үшін «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесін, ал спектакль «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған» арнайы жүлдені иеленді.

Д.Жұмабаева режиссурасымен қойылған Н.Островскийдің «Найзағай» драмасы да жаңа көзқараста оқылған екен. Спектакльде ене мен келін арасындағы тартыс бірінші кезекке шығып, бүгінгі қазақ қоғамында орын алып отырған отбасылық мәселелер көтерілген. 

Спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап бір-біріне түйіле қараған Кабанова-Майра Бақбергенова, Катерина-Ұлдана Құдайбергенова, Тихон-Абзал Ратбек үшеуінің әрекеттерінен бүкіл отбасының билігі ененің қолында екені бірден аңғарылады. Ерлі-зайыптылардың арасына килігіп, олардың қоштасуына мүмкіндік бермеген Кабанованың жүріс-тұрысы, бетінің құбылуы, қимыл-қозғалысы актриса ойынында нанымды болды. 

Спектакльдің бүкіл оқиғасы Еділ жағалауында өтеді. Режиссер кейіпкерлердің жан-дүниесіндегі арпалысты жеткізуде суды әдемі қолданған. Айталық, Катерина мен Борис екеуінің махаббат сахнасында су өмірге құштарлықты бейнелесе, Тихонның бүкіл өкінішін көрсететін тұста су кейіпкердің ішкі дүмпуін ұқтырады. Белуарынан су кешіп, қолдарымен суды құлаштай ұрған Тихонның-А.Ратбек жан айқайы, өзін жек көруі, сүйіктісінен айырылған адамның күйініші суды ойнату арқылы жан-жақты ашылды. 

Спектакльге қатысқан Борис-Еркебұлан Бекен, Варвара-Жазира Жексембаева, Феклуша-Жарқынай Бүркітбаева, Глаша-Мәншүк Жайлыбаева өз кейіпкерлерінің мінез ерекшелігін даралауға күштерін салды. Ал, Кулигин-Жантілеу Бахтияров пен Кудряш-Азамат Жарылқасын сахналық әрекетті ойға, ішкі толғанысқа құру жағынан іздене түскендері жөн.

Сол сияқты бұл спектакльде Катеринаның, Дикойдың мінездері ашылмай қалған. Драмадағы жаны таза, салмақты, еркіндікті көксейтін жас әйелдің психологиялық тебіреністері Ұ.Құдайбергенова ойынында иланымды болмады. Ол бірінші сахнадан бастап Катеринаны бір бояумен бейнеледі. Яғни, енесінің әр сөзін жақтырмай түрпідей жиырылған келіншек пьесадағы Катеринадан алыстап кеткен. Кейіпкердің шиыршық атқан жан күйі Тихонмен қоштасатын көріністе ашылмады. Ал, әйел тағдырын басқа арнаға бұратын кілт сахнасындағы Катеринаның сан құбылатын ой арпалыстары, қобалжуы мен шешім қабылдаудағы батылдығы психологиялық шындықпен ойналмады.  

Дикойға  да режиссер тарапынан дұрыс бағыт берілмеген.  Пьесадағы Дикой Кабанованың бақталасы, бар мақсаты ақшасын қолынан шығармай баюды көксейді. Тіпті, бала-шағасына да жиған-тергенін қимай, Кабановаға мұңын шағады. Бұл рольді ойнаған М.Өмірәлиев өз кейіпкерін ойлы, айналасына байыппен қарайтын адам етіп бейнеледі. Аталған кейіпкер, керісінше пьесадағыдай дүниеге құныққан, шолақ ойлы адам болып суреттелсе, спектакльдің көркемдік бедері қанық бола түсер еді.

Бір сөзбен айтқанда, режиссер спектакльдің сыртқы пішінін әдемі тапқанымен де, драматург идеясын жеткізу жағынан ұтылып қалған. Біздіңше, автор суреттеген кейіпкер бейнелерінің сахналық арнасын тарылтпай, пьесаның көркем-идеялық мазмұнын ашуды бірінші кезекке шығару керек еді.

Фестиваль қорытындысы бойынша Абзал Ратбектің ойыны жоғары бағаланып, оған «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесі табыс етілді.

Бұл өнер сайысына қуыршақ театрларының ішінен Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры қатысты. Сөз реті келгенде айту керекпіз, театр директоры Талғат Есеналиевтің бастамасымен соңғы жылдары аталмыш театр репертуарында ересектерге арналған қойылымдар да сәтті жүріп жатыр. Атап айтқанда: «Ана жүрегі», «Абай» (реж. А.Зайцев), «Медея» (реж. А.Салбан), «Ана-Жер-ана», «Ромео мен Джульетта», «Макбет» (реж. Д.Жұмабаева) спектакльдері режиссерлердің шығармашылық ізденістерінен туған көркем дүниелер. Аталған қойылымдар бүгінгі заман талабына лайық сахналық шешімдерге негізделіп, кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүр. 

Аталған фестивальде театр ұжымы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын көрсетті. Спектакль режиссері Д.Жұмабаева шығарманың сахналық ауқымын кеңейтіп, өмір болмысын шынайы суреттеуге театрлық бейнелеу тәсілдерін молынан қолдануға ұмтылған. Содан қойылымдағы махаббат пен зұлымдық оқиғалары, соның дамуынан туындайтын кейіпкерлердің тағдырлары әр қырынан бейнелеу тауып, жинақылыққа жеткен. 

Режиссер мен суретші Ю.Чернова оқиға орнын қызық шешкен. Екі қабырға аппақ қағазбен қапталып, ортада шағын үстел орналасқан. Спектакль басталғанда көрермендер назары авансценада үстілеріне сұрғылт түсті жүннен тоқылған костюм мен беттеріне маска киіп отырған төрт актерге түседі. Кенет олар орындарынан қозғалып, сахнада қызу әрекет басталып кетеді.

Спектакльде түн ішінде шуылдаған бір топ көңілді жастар қолдарындағы бояулармен аппақ қабырғаға жаза бастайды. Бұл күнделікті өзіміз көріп жүрген үйлердің қабырғаларындағы жазуларды еске түсіреді. 

Екі әулеттің өзара жаулығы, екі топқа бөлінген жастардың төбелесіне ұласады. Олардың айқасын қала басшысы Эскал келіп тоқтатады. Көрермендер Капульетти мен Монтеки заманындағы жастарды емес, тура күнделікті өздері көріп жүрген жастармен ұшырасады.

Спектакльде Ромео-Ғалым Амангелдіұлы мен Джульетта-Салтанат Төлеубай  жанды планда,  басқа кейіпкерлер жанды планда және қуыршақтармен ойналды. Тағы бір ерекшелігі, бір актер бірнеше кейіпкерді сомдады. Атап айтқанда, Леди Капульетти, Розалина, Леди Монтеккиді- Арай Сақтағанова, Лоренцо пірадар, Тибальт, Синьор Монтекки, Бенволио, Синьор Капульеттиді-Шоқан Құлназаров, ал, Меркуцио, Эскал, Парис, Балтазар, Бенволионы - Мақсат Кемалов бір-біріне ұқсастырмай асқан кәсіби шеберлікпен ойнады. Актерлер драмалық қарым-қабілеттерімен қоса, планшетті қуыршақтарға жан бітіріп, небір буырқанған көңіл-күйлер мен іс-қимылдарды иланымды берді. Орындаушылардың шеберлігінен әр кейіпкердің сахналық бейнелері дараланып мүсінделді. Мәселен, Тибальт достыққа адал әрі аса қызуқанды, Парис тез ашуланатын өркөкірек, Бенволио ақкөңіл әрі қуақы, Пірадар адамдардың тағдырына жанашырлықпен қарайтын данагөй,  Меркуцио алғыр, ширақ қимылды, Монтекки сабырлы,  Күтуші-Арайлым Байырбекова ақжарқын мінезімен ерекшеленді. Режиссер актерлердің энергиясын өте дұрыс пайдаланған. Орындаушылар кең кеңістікте ғана емес, үстел үстінде де бірнешеуі қатар тұрып небір күрделі физикалық қимылдарды еркін жасады. Бал көрінісіндегі және Тибальттың ажал құшатын сахналары күрделі пластикалық іс-әрекеттермен қатар бейвербалды этюдтар арқылы көрсетілді. 

Спектакльде Ромео мен Джульеттаның кездейсоқ жолығысуы романтикалық әсерге бөлейді. Алғаш көргеннен-ақ, қос ғашықты құштарлық сезім билеп, бір-бірінен бөлек жүре алмайтындай халге жетеді. Режиссер олардың жалындаған махаббатын көрсете отырып, жасырын қиылған некеден соң, екеуінің аппақ киімдерінің қызыл түске боялып кірленуі арқылы олардың да бұл дүниенің лас былығына батып кеткенін метафора арқылы ұқтырған. Жалпы, аталмыш спектакльде режиссердің махаббат оқиғасына деген ирониялық, скептикалық көзқарасы қатар жүріп отырады. 

Режиссер Ромео мен Джульеттаның ішкі толғаныстарын, қиналып, торыққан, қуанған сәттерін басқа оқиғалармен параллельді түрде көрсету арқылы, спектакльдің екпін-ырғағының бірқалыпты сақталуының негізгі тетігіне айналдырған.

Д.Жұмабаева  спектакльде «оқшаулану» тәсілін оңтайлы қолданған. Кейіпкерлер микрофон алдына келіп, өзінің жан-дүниесінде болып жатқан арпалыстарды баяндайды. Дегенмен, кейбір «оқшауланатын» тұстарда Джульетта-С.Төлебай жылап-сықтауға көп орын беріп кетті. Содан барып, режиссер ұсынған оқшауланудың мағынасы орындаушы ойынында ашылмай қалды.

Бұл спектакльде қуыршақ кейіпкерлер мен жанды пландағы Ромео мен Джульеттаның ойын мәнерлерінде стильдік бірлік болды. Ең бастысы, Д.Жұмабаева қойылымның ішкі ағысы мен актерлер ойынындағы екінші план арқылы махаббат, заман шындығы, тіршілік тынысы туралы ойларды айтқыза білді. Спектакль соңында қос ғашықтың шынайы фотоларының бейнепроекция арқылы көрсетілуі өткен дәуір мен қазіргі күн жастарының махаббатының  өзгермегенін айғақтай түседі. 

Қойылымның музыкалық көркемделуі де (Billie Eilish, Inessa Galante орындауындағы әндер) кейіпкерлердің жан-дүниесінің ашылуына мол ықпал етіп, романтикалық әсерді күшейтуге айрықша ықпал еткен. 

Сонымен, аталған театрдың «Ромео мен Джульетта» спектаклі пішін мен мазмұн үндестігінің жарқын мысалын көрсетіп берді.

Театр ұжымының бұл спектаклі фестивальдің І орынын  жеңіп алды.

«Soundrama» (саундрама)

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театрының «Құлагер» спектаклі фестивальдің көрігін қыздырып, көрермен жұртшылықты дүр сілкіндірді. Спектакль режиссері Ф.Молдағали «Soundrama» (саундрама) жанрының негізін қалаушы Владимир Панковтың шеберлік кластарына қатысып, осы жанрды қазақ сахнасына әкелуге талпынып жүрген жастарымыздың бірі екені баршамызға жақсы мәлім. 

Кез-келген жанрға заманауи контент тұрғысынан келмесе, көркемдік тұтастығы айқын спектакль жасалмайтыны әлімсақтан аян. Мұны жақсы түсінген Ф.Молдағали бұрын театр сахнасында жарық көрмеген І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының сахналық нұсқасын жасап, саундрама жанрына бейімдеуден көп ұтқан. Ең біріншіден, режиссер қазақ поэмасының жауһары саналатын күрделі шығарманы жаңа жанр қалыбына салып, батыл эксперименке бару арқылы ұлттық әдеби мұраларымызды сахналаудың тың жолын көрсетті. Нақтылап айтсақ, саундрама жанрындағы қойылымдар көбінесе музыкаға, дыбыс пен үнге негізделеді. Спектакльдегі оқиғалар желісі музыканың сүйемелдеуімен және ерекше дыбыстардың қолданылуымен актерлердің ойынын айшықтап отырады. 

Ф.Молдағали спектакльдің экспозициясынан бастап, қазақ халқына тән ұлттық ерекшеліктерді метафоралық тұрғыда бейнелеген. Айталық, шымылдық ашылғанда сахнаның сол жағындағы ұзын қара киімдегі Қанатты қара құс-Г.Байбосынова мен қарт Ақанның-С.Жылгелдиев қатар көрінуі бірден қойылым атмосферасына енгізеді. Қанатты – ажал қармағына түскен Құлагер мен Ақан жанын жаралаған қайғылы оқиғаны баяндайтын символдық бейне. Оның сөзінен ғасырлар қойнауына жасырынып, көмескі тарта бастаған ақын мен тұлпар туралы сыр ақтарылады. Одан әрі Сағынайдың асына ат арытып жеткен көпшілік «Маңмаңгер» әнін замануи үлгіде орындай жүріп, Көкшенің әсем табиғатын дәлірек айтқанда, жайқалған гүлдер, шалғын шөптер, өзен-көлдерді пластикалық қимыл-әрекеттермен өрнектеді. 

Спектакльдің өн-бойына Ақан әні лейтмотив етіп тартылып шығарма мазмұнының терең ашылуына негіз болды. Әсіресе, режиссер «STEPPE SONS» этно-модерн джаз тобын осы спектальге арнайы шақырып, олармен тығыз бірлікте жұмыс жасаудан көп ұтқан. Өнерпаздардың жанды дауыста орындаған әндері мен өз дауыстары арқылы және аспаптармен түрлі дыбыстарды шеберлікпен бере алуы, сахнадағы оқиғаға ерекше реңк беріп, әрлендіріп тұрды. Жас әнші Ерден Жақсыбек «Маңмаңгер», «Шырмауық» сынды әндерді жүрек қылын шертетін нәзік романтикаға жеткізіп, өзіне ғана тән интонациялық бояумен орындады. Оның үніндегі назды сағыныш мұңды сезімге астасып, тыңдаушыларды әрқилы көңіл-күйге бөледі. Спектакльдің саун драма жанрына тән ерекшелігі де осы топтың кәсіби шеберлікпен орындаған музыкалық сүйемелдеуімен жүзеге асырылды. Атап айтсақ, бәйге сахнасындағы ат тұяқтарының дыбыстық әсері исі қазақ баласының делебесін қоздыратын биік нүктеге көтерілген. Дүбірлі бәйгеге қатысқан аттардың ролін ойнаған актерлер тұлпарлардың шабысын ерекше ырғақпен, күмбірлеген музыка үніне сәйкес қимылдап, қазақтың ұлан-байтақ даласының қайталанбайтын рухын жеткізді. 

Спектакльдің шарықтау шегі саналатын Құлагердің мерт болу сахнасы да режиссерлік шешімде әдемі табылған. Мылтық даусымен бірге, қызыл түске боялған сахнада жоғарыдан саудырап шашылған тағалар метафоралық мәнде оқылады. Яғни, режиссер тұжырымында Құлагердің өлімі жазықсыз жапа шеккен барша Алаш арыстарының тағдыры болып көрсетілді. 

Бұл спектакльдегі Ақан бейнесіне режиссер басқаша интерпретация берген. Әдетте, көрермендер ақын деген кезде басына үкілі бөрік, үстіне ұзын шапан киіп шығатын серіні іздеуі мүмкін. Аталмыш спектакльде Ақан күнделікті жүріп-тұруға ыңғайлы қарапайым киім киген. Бұл арқылы режиссер бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі шешімдерден бас тартып, ақын жан-дүниесін басқа қырынан ашуға ден қойғаны сезіледі. 

Ақан ролін сомдаған Еділ Рамазанов режиссер тұжырымына сай әрекет етіп, қызу мінезді, ешкімнің сөзін басынан асырмайтын өзіне аса сенімді ақын бейнесін жасады. Актердің сом бітімді сыртқы тұлғасымен бірге, зор қоңыр дауысының болуы да Ақанды өзге кейіпкерлерден даралай түскен. «Сегіз қырлы, бір сырлы» ақынның әншілік қыры актер ойынында «Маңмаңгер», «Құлагер» әндерін нәшіне келтіре орындаған сәттерде жарқырап ашылды. 

Құлагерден айырылған ақын күйзелісін актер «Бай-бай, бай-бай!!!» деген күйікке толы сөздермен жеткізуі психологиялық тұрғыда иланымды болды. Ақанның ішкі қайғысы, тұлпарды жоқтап күңіренуі, не істерін білмей беубеулеуі актер ойынында нанымды шықты. Қызғаныштың қақпанына түсіп жамандық жасаған Батырашқа қарап тұрып «Құлагер» әнін ащы өксікпен айтуы оған шығарылған үкімдей оқылды.

Құлагерді сомдаған Мақсат Сәбитов тұлпарға тән мінез ерекшеліктерін дәл таба білген. Актердің құрыштан құйылғандай дене бітімі сәйгүліктің сыртқы сұлулығын ғана емес, қасиетті жануар бойында тасқындаған ішкі күш пен сезімталдығын бейнелеуге де жәрдемдесті. Тұлпардың аяқ басысы мен асау мінезін көрсететін сахналарда актер ой мен физикалық әрекет тұтастығына қол жеткізген. Ол қимылы ширақ, бойын өжеттік сезім билеген жануардың намысты қолдан бермейтін кесек бітімін тап басқан.  

Кілең жүйрік аттардың арасынан оза шауып, оқ бойы алға шыққан Құлагер – М.Сәбитовтің аузымен айтылған М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», С.Торайғыровтың «Қараңғы қазақ еліне өрмелеп шығып күн болам» өлеңдері қыршынынан қиылған күллі Алаш қайраткерлерінің арман-мұратын жеткізді. Жазықсыз оққа ұшқан ел жақсыларының түпкі мақсаттарын Құлагер тағдырымен ұштастырған режиссер діттеген ойына жеткен. Әйтсе де, сахналық нұсқада Құлагердің әрекеттік желісі тым қысқа қайырылған. Сондықтан да, спектакльде оны жоғарыда аталған ақындардың өлеңін оқуға жеткізетін қисынды әрекет арқауы болмай қалды. Біздіңше, спектакльдің философиялық мазмұны мен кейіпкерлердің трагедиялық тағдырын әлі де болса, Құлагердің сахналық әрекеттерін кеңейту арқылы жеткізуге болар еді. 

Режиссердің қызық ой-тұжырымдарына актерлердің ойындары тұтасымен бағындырылған. Атап айтқанда, Қарт Ақан-Сағат Жылгелдиев, Сағынайдың кемпірі-Лидия Кәден, Көктұйғын-Ерлан Кәрібаев, Батыраш-Руслан Ахметов, Күреңбай-Сағызбай Қарабалин, Қанатты-Гүлбаһрам Байбосынова  т.б. өз кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктерін еркін танып, сахналық әрекетті ойға, ішкі толғанысқа құруымен дараланып, бүгінгі актер шеберлігі биігінен көрінді.

Республикамыздағы үлкен өнер шаңырақтарының бірі саналатын аталмыш театр ұжымының бұл спектаклі құрылымдық жинақылығымен, ішкі динамикасының тегеурінділігімен, әрекет серпінділігімен, музыка мен хореографияның үндестігімен оқшауланды. Сонымен қоса, шын мағынасында саундрама жанрында спектакль жасауға жаңа бетбұрыс жасалғанын көрсетіп берді. 

Нағыз кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен театр ұжымының бұл спектаклі «Әшірбек Сығай атындағы» фестивальдің Бас жүлдесін (Гран-При) иеленді.

 Абай тақырыбындағы спектакльдер

Былтырғы жылы Абайдың 175 жылдығына орай Республикамыздың бірқатар театрлары Абай тақырыбына арналған спектакльдер қойғаны баршамызға жақсы мәлім. Бұл фестивальде еліміздің үш театры Абай туралы спектаклімен қатысты. Солардың бірі Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры М.Әуезовтың «Абай» пьесасының желісі бойынша қойылған «Ғажайып трагедиясы» спектаклін көрсетті. 

Режиссер Гауһар Адай аталған трагедияның Айдар мен Ажар тағдырына қатысты тұсын алып, оған ақынның «Ғылым таппай мақтанба!», «Балалық өлді білдің бе?», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!», «Махаббатсыз дүние бос» өлеңдері мен қара сөздерін (1,3,4,7,8,24,41) қосып өзіндік сахналық жүйе жасаған. Режиссердің жеке дара көркемдік ойынан туған бұл спектакльде мазмұн мен форманың үндестігі өзара үйлесім тапқан. Нақтылап айтқанда, спектакльде «Абай» трагедиясындағы Айдар мен Ажар махаббатына қатысты ушығатын үлкен дау ақынды өмір бойы мазалаған басқа да әлеуметтік мәселелерге ұштасады. Өзінің режиссерлік мақсатын дәл анықтап алған Г.Адай авансценада (үстел басында) қолына қауырсын қалам ұстап білім мен ғылымның терең мұхитына сүңгіген Абайды алдыңғы кезекке шығарып даралап көрсеткен. Режиссердің сахна кеңістігін парадоксалды қолдануы ұтымды шешілген. Бір мезетте екі басқа мағынадағы оқиғалар параллельді көрсетіліп отырады. Біріншісі, елдің қамын ойлап, ақыл-нақыл сөздер жазып отырған ақынның тыныс-тіршілігі; екіншісі оның ту сыртында қарағылық шырмауында маталған қара халықтың әрекеті қатар өрбиді. Осы арқылы режиссер Абай әлемі мен оның замандастарының келбетін контрастты бояумен әрлеп, адамгершілік пен қатыгездіктің тайталасын көрсетуге мән берген. 

Спектакльде Абайдың даналығы мен парасаттылығын ол өмір сүрген қоғамның түсінбеуі «автор-режиссер-актер-көрермен» сұхбаттастығы жүйесімен берілді. Ақынның қолына қалам алып, ілім-біліммен айналысуына көптеген кедергілердің болуы, оның жанын шырқыратып, әртүрлі көңіл-күйге жетелеп отырады. Айталық, спектакль басында «Ғылым таппай мақтанба!» өлеңін жазып отырған Абай-Еркебұлан Нұғмановтың қасына оның Жаны- Б.Құрманғалиева келеді. Лек-легімен түйдектелген өлең сөздерін қағаз бетіне мұқият түсіріп отырған ақынның ойын Айдар мен Ажардың жағдайы алаңдатып жібереді. Ол амалсыздан тасқындап келген шабытын тежеп, жанжал іздеген Жиренше мен Оразбай бастаған қатыгез топқа төрелік айтуға барады. Осылайша солармен алысуға көп өмірін кетіріп алған Абайдың оңаша қалған сәттерде Жаны-Б.Құрманғалиева шарқ ұрып басқа ғылымы мен мәдениеті озық елдерге кетіп қалуға шақырады. Жаны армандаған әлемге қиялымен самғаған Абайдың өзге елдерге «саяхатын» көрсеткен. Бірақ жанының қалауын тыңдамаған Абай-Е.Нұғыман халқын өзгелермен терезесі тең ел болуға шақырып, ұрпақтан-ұрпаққа кететін өнегелі асыл сөздерін жазуға бар ғұмырын сарп етеді. Спектакльдің негізгі идеясы осы ойға бағындырылып, ақын өсиетінің мәңгілігі дәріптелді.

Спектакльдегі Жиренше, Оразбай, Айдар, Керім Абаймен қарым-қатынасқа түскен кезде қалың топтың арасынан суырылып шығып, көптің арасына сіңіп кетіп отырады. Пендешіліктің құлына айналған қара халықтың бейнесін бастарын аппақ дәкемен орап алған актерлер сомдайды. Бұл арқылы режиссер ғұлама дананың сөздері елдің құлағына жетпегенін символды түрде көрсеткен. Әдемі актерлік ансамбльге құрылған көпшілік сахнасындағы орындаушылардың ойыны мықты динамикаға негізделіп, Абай ойларының терең ашылуына мұрындық болды. Халық ақын ұсынған даңғыл жолмен жүрмей, тіпті оның орыс пен шетел ғылымын насихаттағаны үшін келеке етіп, сынап-мінеп, сыртынан өсектеп күлкіге айналдырады. Оларды қамшымен үйіріп, айтқандарын жасатып отырған билік өкілдері Жиренше-Абдрахман Алмас пен Оразбай-Рауан Бейсенұлының аузынан Абайға қарсы оқтай атылған әрбір сөз қара күшке толы қимыл-әрекетке ұласып, ерекше қуатпен ойналды. 

Абайдың тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген Керім-Әділжан Серікқалиев Айдардың ақындық дарынын көре алмай Оразбай жағына шығып кетеді. Осылайша жалғыз қалған Абай өз жанымен бірігіп қазақ жесірлерін қорғайтын заң жазып, қос ғашықты ақтап алады. Сөйтіп, спектакль соңында адам болып қалудың бес қасиетін жазып кетеді. 

Спектакльдің кеңістіктік-уақыттық композициясында актерлердің өзара әрекеттестігі ерекше маңыз алатынын жадына тұтқан режиссер сөз бен қимыл-қозғалыс бірлігіне қол жеткізе алған. Абай өлеңдері мен қара сөздерінде айтылып кеткен халқымыздың бойындағы келеңсіздікті, надандықты, жалқаулықты актерлердің пластикасымен және музыкалық интермедиямен мағыналық мазмұн бере отырып ашқан. Данышпанның күрделі ойларының символдар мен метафоралар арқылы өрнектелуі де орындаушылардың жанды дауысымен (бүркіттің шаңқылы, қарғаның қарқылы, иттердің үруі т.б.) жүзеге асырылған. Бұл тұста дыбыс қоюшы Серәлі Мұхаметсадықовтың еңбегін айрықша атап өткен орынды. 

Спектакльдің музыкалық партитурасы көп дауыста хормен Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай», «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты», «Көзімнің қарасы» тәрізді төл әндерімен бірге қазақ халық әні «Елім-айды» орындаудан тұрады. Бұл әндерді актерлердің бірнеше дауыстарға бөліп сауатты айтуы олардың музыкалық орындаушылық мүмкіндіктерінің жоғары екенін көрсетті. Бұдан хормейстер Олжас Тезекбаевтың да жемісті жұмыс жасағанын көруге болады. 

Режиссер мен қоюшы суретші Гульдана Журкабаева кейіпкерлердің киім үлгісін белгілі бір дәуір аясымен шектемеген. Абайдың үстіндегі ақ шапан мен басына киген ақ тақияның өзінде ешқандай ою-өрнек жоқ. Күнделікті өмірде киіп жүретін қарапайым киім болып алынған. Ал, басқа қатысушы кейіпкерлердің барлығы да (ерлер мен әйелдер) бірыңғай сұр матадан тігілген, ұзындығы тізеге дейін түсетін киім киген. Бұл орындаушылардың дамылсыз қимыл-әрекет жасауына өте ыңғалы болды.  

Қысқасы, Г.Адай кесек тұлғалы, көп қырлы кейіпкерлер мінезін ашуға заман тынысына сай режиссерлік ой-тұжырыммен келе алатын ізденгіштігін көрсетті.

Театр ұжымының Абай әлеміне өзіндік көзқараспен келіп, бүгінгі жаңа театрлық тілмен спектакль қоюдағы ізденісі жоғары бағаланып, аталған қойылым фестивальдің ІІІ орынын жеңіп алды.

Соңғы бес жылдың ішінде бірнеше Республикалық театр фестивальдеріне белсене қатысып, талай жүлделерді иеленіп жүрген С.Мұқанов атындағы Қазақ сазды драма театрының «Толық адам» спектаклі  Абайдың қара сөздеріне негізделген екен. Спектакльдің басты идеясы ұлы ақынның адам бойында кездесетін надандық, жалқаулық, білімсіздік, дүниеқоңыздық т.б. кемшіліктерге байланысты айтып кеткен ойларының әлі күнге дейін өзекті болып тұрғанын көрсету. Режиссердің негізгі мақсаты сахнаға Абай бейнесін шығару емес, оның  даналық ойларын бүгінгі көрермендермен бөлісу. «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген ғұлама ақынның пәлсапасындағы «толық адам» деген ұғымның мәнін ашу. Яғни, спектакльде  ішкі жан дүниесі рухани жағынан толық және рухани жағынан таяз адамның қандай болатынын салыстырмалы түрде көрсету көзделген. Сондықтан спектакльде жеке рольдерге емес, көпшілік актерлердің ойынына басымдық берілген. Қойылымға театрдың жиырмаға жуық актерлері қатысты.  

Дегенмен режиссер спектакль кілтін дәл таба алмаған.  Толық адам мен қоғам арасындағы қайшылықтар үзік-үзік болып кеткен. Кейіпкерлердің үстіндегі киімдері бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі болып әдемі табылғанымен де, соған лайық мінез ерекшеліктері жасалмады. Абай айтып кеткен «бес асыл іс пен бес дұшпан» бүгінгі күні де өзектілігін жоймағаны режиссерлік шешімде дамымай қалған. Бір сөзбен айтқанда, спектакль тұтас драмалық оқиғаға бағындырылмағандықтан дидактикалық баяндауға алып келді. Бірлі-жарым ұтымды шыққан көріністер мен актерлер ойынында ізденістер кездеседі. Бірақ олар спектакльді көркемдік биікке көтере алмады. 

Қысқасы, театр ұжымының Абайдың даналық ойларын ұлықтайтын сахналық шығарма жасауға деген мақсат-мұраты қолдауға тұрады. Бірақ, оқиға дамуы мен тартыс сырын ақтайтындай тұтас драматургиялық желінің болмауы, спектакльді поэзиялық суреттемеге ойыстырып жіберді. Сондықтан да, театр ұжымының  аталмыш  спектаклі бұл жолы биік мәреге көтеріле алмады.  

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театры да Абай тақырыбына барып драматург И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма...? пьесасы бойынша қойылған спектаклін көрсетті. Спектакль режиссері Теміржан Жанботаев Абай мен Құнанбайдың арасындағы күрделі қарым-қатынасты ғана емес, оның туыстары мен жақындарының да ақын жан-дүниесін түсіне алмағанын көрсетуді мақсат еткен. Өзінің озық ойымен даналыққа жеткен Абайдың қарапайым адамға тән күйзелістерін ашуды діттеген. Сахнадағы ақынның жас кезін-Нұржан Бейісбеков, кемелденген кезін Серік Бұлғабаев, Құнанбайды Бақытжан Ибраев сомдады.

Өкінішке орай, аталған спектакль қазылар алқасының өткір сынына ұшырады. Себебі, режиссер бұл пьесадағы адамдардың мінез-құлқын, айтатын сөздерін сезімді баурап әкететіндей қызу іс-әрекеттерге ұштастыра алмаған. Спектакльдің мизансценалары, актерлердің сөйлеу мәнерлері, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы театр эстетикасын еске түсірді. Спектакль өлшем-ырғағының кісі зерігерліктей баяулығы, орындаушылардың  жасанды жүріс - тұрыстары мен жаттанды сөздері, кейіпкер әрекетін органикалық тұрғыдан кестелей алмаулары спектакльдің күйреуіне алып келді. Режиссер шығарманың сахналық кескінін бүгінгі көзбен, қазіргі түйсікпен зерделеп, әлемдік театр өнерінде болып жатқан жаңалықтарға сай ізденістер жасай алмаған.  Қазіргі заманның бет алысы актерлік өнерге де биік талаптар қойып отыр. Сахнада жасандылықпен ойнау мүлде қабылданбайды. Бұрынғыдай салтанатпен сөз саптау (патетика), маңғазданып қимылдау сынды тәсілдер ешкімді селт еткізбейді. Біздіңше, бұл театр ұжымына бүгінгі заман талабына лайық серпіліс қажеттігі сезіледі. 

Сонымен, Абайдай ұлы дананың сахналық бейнесін, рухани әлемін зерделеу, ол тірлік кешкен әлеуметтік өмір болмысын сахна тілінде сөйлету бүгінгі қазақ театрларында жалғасып жатқанымен де, бұл тақырыпты меңгеру кез-келген театрға өте күрделі міндеттерді жүктейтініне көзіміз анық жетті. 

«Qora z» спектакліндегі бүгінгі қоғам шындығы

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры У.Шекспир шығармаларының желісі бойынша «Qora z» трагикомедиясын көрсетті. 

Көптен бері Республикалық театр фестивальдерінен көрінбей кеткен аталмыш театрдың бұл спектаклі режиссурадағы жаңалығымен көпшілікті елең еткізді. Спектакль режиссері Ресей театр өнері институтының (ГИТИС) студенті, Д.А.Крымов пен Е.Б.Коменькович шеберханасында тәлім алып жүрген Әлібек Өмірбекұлы өзінің ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасын көрсете алды. 

Ф.Дюрренматтың «Ұлы Ромул» пьесасының идеясын негізге алған аталмыш спектакль тұтас оқиға желісіне құрылмаған. Қойылымнан Б.Брехттің сөзін, Ғ.Мүсіреповтің кейіпкерін, ұлы Абайдың ойын кездестіреміз. Режиссер постдрамалық театрдың бірқатар тәсілдерін еркін пайдаланған. Нақтылап айтқанда, мәтінді демонтаждау арқылы сөзден гөрі іс-әрекетке басымдық берген. Спектакль уақыты 2 сағат 45 минутқа созылса да, көрермендерді зеріктірмей аса серпінді екпін-ырғақта жүрді. 

Спектакльде бүгінгі қоғамды жайлаған жемқорлық, қорлық, зорлық, шенеуніктердің немқұрайлылығы т.б. шындықтар сатира найзасымен түйреліп, айналаңа басқаша көзқараспен қарауға шақырады. Театрлық шарттылық пен иронияны өзінің көркемдік идеясын жеткізудегі басты қаруы ретінде алған режиссер негізгі ойларын метафоралармен берген. Айталық, спектакльдің «Таңғы ас» сахнасында таңғы ас туралы әңгімеден от шығып, өзінің таңғы асты ішкісі келмегенін дәлелдегісі келген жігіт жанындағы кісінің қолынан қаза табады. Мұнда режиссер таңғы асты метафора етіп алып, өз пікірін басқаларға тықпалап, тіпті талап етуге дейін баратын өзімізді көрсеткен. Басқаның айтқанымен жүру, өз «менінен» айыру өлімнен де қорқынышты екенін Олжас Мұсабеков пен Абзал Төлен айқын ашып суырыпсалмалықпен әдемі жеткізді. 

Спектакльдің әрбір сахнасы көрермендерді әрқилы ойға жетелеп, уысынан шығармай отырады. Соның бірі - «Министрлер» сахнасы. Мұнда мемлекет қазынасын сүліктей сорып, әбден тойынған шенеуніктердің не айтып, не шешіп жатқаны түсініксіз жиналысына қарап шындықпен бетпе-бет кездесесің. Бір қалыптан шыққандай бірдей киім киген шенділер, сыртқы ұқсастығымен ғана емес, бүкіл қоғамды жайлап алған дерттің асқынып кеткенін ұқтырады. Режиссер оқиғаның мәнін актерлердің бейвербалды әрекеттері арқылы тереңдеткен.

Министрлердің екінші жиналысында әрбір кейіпкердің жан-дүниесі ашыла түседі. Бұл сахнада режиссер гротескілік бояуды қалыңдатып берген. Көрермендердің назары тағы да кейіпкерлердің киімдеріне түседі. Әсіресе, бес министрдің бірі ер адам болса, оның өзі әйелдің киімінде көлбеңдеп жүр. Мұның мәнін режиссер олардың сөздері мен іс-әрекеттері арқылы көрсете алды. Бұлар ел мен жердің мәселесімен айналысудың орнына бір-бірін мұқатып-кекетіп, өсек-аяңның тиегін ағытып, жұмыс жасауды сырып қойып, қара бастарының қамын ойлап, зыр жүгіреді. Шектен тыс жағымпаздану, зейнет жасына жетсе де жылы орнынан кеткісі келмейтін қызметкерлер, марапат пен атаққа, ақшаға құмартқан таяз ойлы жандардың кескін-келбеті актерлер ойынында нанымды сомдалды. 

Театр ішіндегі театрды көрсететін «Актерлік өнер» сахнасы да бүгінгі қазақ театр өнеріне жаңа бетбұрыстар қажет екенін ащы әжуамен өткір көтеріп берген жанды сахналардың бірі болды.

Спектакльде ұлт зиялылары мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптей алмай жүргеніміз де коммерсантқа барын сатқан Корольдің әрекеті арқылы бейнеленген. Клипке ұқсас көрінетін бұл сахнада Ж.Шанин, Ә.Бөкейханов, Т.Жүргенов сынды т.б. арыстарымыз отырған орындықты сату, олардың  есімдеріне бей-жай қарау, ата-бабаларымыздан қалған рухани мұраларға ие бола алмай отырған бүгінгі ұрпақтың аянышты жағдайын меңзейді.

Қойылымда бір-бірін балталау, пышақтау, атып-шабу, суға батыру тәрізді толып жатқан қылмыстар адамзат баласының құрдымға кетіп бара жатқаны туралы ақиқатты алға тартады. Күнделікті ақпарат құралдары арқылы естіп жүрген мұндай сұмдықтарды «театр ішіндегі театр» арқылы ойнатқан режиссер көрерменнің бір сәтке де босаңсуына мүмкіндік бермейді. 

Режиссерлік ойды жеткізуде Киноның, Оулавюр Арнальдсдың, ДДТ-ның, Майкл Джексонның әндері орайымен қолданылған. Сол сияқты дыбыс пен жарық театрлық белгіге айналған. Режиссер сахна кеңістігін А.Артоның «Қатыгездік театрындағыдай» пайдаланып заттарды, бет перделерді (маскаларды), манекендерді метафизикалық шындықтарды тереңдетудің басты құралы еткен. Спектакльдегі театрлық семиотикалық тіл көрерменнің қабылдауына күрделі болғанымен режиссердің күрделі бейнелік белгілерін түсіндіруде ерекше көркемдік жүк арқалады.

Режиссер интерпретациясын жүзеге асырушы актерлер спектакль идеясының ашылуына орасан зор еңбек еткенін атап айтуымыз керек. Орындаушылар ойынындағы өзара шығармашылық ұғынысу, бірін-бірі түйсікпен сезіну спектакльдің мазмұнын тереңдетіп, биікке көтерді. 

Әрине, спектакльдің кейбір сахналарын әлі де ықшамдап, ой қайталауларын қысқарта түссе болар еді. Тым шұбалаңқылық та, көрермендерді жалықтырып, шаршатып жіберетінін есте тұтқан жөн.

Сонымен, Ә.Өмірбекұлының азаматтық ұстанымы мен режиссурадағы батылдығын көрсеткен  бұл  спектакль көрермендерді екіге бөліп, театр өнерінің көпшілікпен ой бөлісетін ашық алаң екенін көрсетіп берді. Елімізде болып жатқан келелі мәселелелерді театр тілімен өткір қозғаған аталмыш спектакль жарқын идеясымен, көркемдік сипатымен театрдың бүгінгі тақырыпты меңгерудегі елеулі табысы деп айта аламыз. 

Қазіргі өмір шындығын батыл қозғаған театрдың аталмыш спектаклі фестивальден ІІ орын алды.

  «Қыз Жібекті» сахналаудың заманауи интерпретациясы

Фестивальде үлкен театрлардан қалыспай бақ сынаған Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының ұжымы «Қыз Жібек» спектаклімен қатысты.  Спектакль белгілі зерттеуші, қазақ ауыз әдебиетінің білгірі Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының ақ өлеңмен жазылған «Қыз Жібек» дастаны бойынша қойылды. Шығармада Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты ғана емес, қазақ пен қалмақ арасындағы бітіспейтін қақтығыстар да баяндалған. 

Спектакль режиссері Д.Жұмабаева фольклорлық туындыны сахналаудың заманауи интерпретациясын таба білген. Суретші Айнұр Есболатовамен бірлесе отырып, сахна кеңістігін еркін пайдаланған. Шымылдық ашылған кезде сахна ортасында тербеліп тұрған алтыбақан көзге бірден түседі. Спектакль оқиғасына қарай алтыбақанның мағынасы метафоралық тұрғыда түрілше оқылып тұрады. Нақтылап айтқанда, ол бірде Қыз Жібектің алмас жүзіндей қылпылдап тұрған тағдыры, енді бірде қос ғашықтың отауы, енді бірде өмірдің қас-қағым сәтте өте шығатыны туралы ойларды меңзейді. 

Режиссер спектакльдің сыртқы формасымен қоса, дастанның ішкі мазмұнын ашудың барлық жолдарын қарастырған. Біріншіден, кейіпкерлер кейбір тұстарда дастанды айтып отырған жыршыға айналады. Яғни, актерлер көрерменге дастан мазмұнын жеткізуші сыршыл адам роліне енеді. Екіншіден, спектакль кейіпкерлерінің барлығының киімдерін бірдей ету арқылы олардың қай-қайсысына болмасын басты қаһармандарға тән сезімдердің ортақ екені аңғарылады. Үшіншіден, кейіпкерлердің ішкі психологиялық хал-күйі көбінесе би қимылдары арқылы бейнеленген. 

Спектакль хореографиясын Анна Цоймен бірігіп қойған режиссер оқиғаны толассыз динамикалық қарқынмен өрбіте алған. Әсіресе, Төлегеннің Қыз Жібекті іздейтін сахнасы би арқылы өте әсерлі шықты. Қолдарындағы ұзын сырықтарды әдемі ойнатқан актерлер, Төлегеннің дамыл таппай әрбір көшке барып, Жібекті сұрайтын сәттерін айрықша екпін-ырғақта бейнеледі. Олардың әрекеттері алтыбықан тербетіп тұрған екі жыршының Айбол Шәкіржанов пен Бағлан Иманғазиевтің қыздардың сұлулығын сиппаттайтын сөздерімен астасып жатты. Шығарма мәтінінің сөзбен қоса би арқылы жүзеге асырылуы және актерлердің биді өз ойындарымен әрлендіріп отыруы спектакльдің көркемдік тұтастыққа жетуінің басты тініне айналған. Бейнебір кинофильм көріністеріндей сахналар көрермен психологиясына жағымды әсер дарытып жатты. 

Спектакльге қатысқан Базарбай-А.Шәкіржанов, Сырлыбай-Б.Иманғазиев, Қамқа-А.Шәкіржанова, Төлеген – Ә.Бидахмет пен Жібек - А.Жанзакова, Бекежан - Н.Муслимов, Қаршыға - Ә.Қалдар, Шеге-Е.Ахан, Дүрия-Қ.Қартқожанова, Қыздар-А.Байболатова, А.Ағымбай, Жігіттер -А. Амантай, Д.Нұрсадық ойындары жұртшылықтың көңілінен шықты. Бірақ, режиссерлік шешімде Жібек пен Төлегенді көпшіліктен бөліп алып, оқшаулап көрсету жетіспей қалды. Спектакль «Қыз Жібек» деп аталған соң, басты кейіпкерлерді өзгелерден даралап, алға шығару мәселесін ескеру қажет еді.

Жалпы алғанда, сәтті шыққан әуен-сазымен, түйдектеле төгілген ұтқыр сөздерімен, ұлттық салт-дәстүрдің орынды көрсетілуімен көпшіліктің көңілінен шыққан бұл спектакль жас театр ұжымының алдағы уақытта талай белестерді бағындыра алатындығын дәлелдеп берді.  Ең бастысы, режиссер ауыз әдебиеті туындыларына жаңа көзқараспен келіп, жаңа бағытта қоюдың бүгінгілік үлгісін көрсете алды.

Фестиваль қорытындысы бойынша Ажар Шәкіржанова Қамқа ролі үшін «Үздік екінші план актрисасы» жүлдесін,  Дина Жұмабай  «Ромео мен Джульетта», «Найзағай», «Қыз Жібек» спектакльдері үшін  «Үздік режиссер» жүлдесін  иеленді. 

Прозалық туындылардың сахналық көрінісі

Фестивальде бірқатар спектакльдер прозалық шығармалардың сахналық нұсқасы бойынша көрсетілді. Бұл спектакльдерден көркем шығарманы театрлық тілге бейімдеп, ең бастысы автор идеясын сақтай отырып, дәуір сипатына қарай тың бейнелеу құралдарын қарастыру бағыты байқалды. 

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының «Қорғансыздың күні» спектаклі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Спектакль режиссері әрі сахналық жүйе авторы Ф.Молдағали жазушының көркем баяндауларын ішкі қуаты мол диалогтарға айналдырып,  кейіпкерлердің іс-әрекеттерін кеңейтіп, қорғансыз жас қыздың трагедиялық тағдырын  көрсетуді мақсат тұтқан. Шымылдық ашылған кезде Ғазизаның әжесінің, ата-анасының жанындағы бақытты сәттері шынайылығымен баурайды. Одан әрі бойжеткеннің құрбыларымен қар атысып ойнаған алаңсыз сәті де балалық шақтың мұңсыз күндерін елестетін ұтымды шешім. 

Спектакль оқиғасының динамикалы өрбуіне көпшілік сахнасының ықпалы зор болды. Режиссер оларға бірдей киім кигізіп, спектакльдің екінші әрекетті астарын солар арқылы ашып отырды.  Айталық, қыз әкесі қайтыс болатын сахнада көпшілік жоқтау айтып бола салысымен, іле-шала  бір-бірімен қалжыңдасып, соңы ауыл әйелдерінің бейпіл өсегіне ұласады. Режиссер бұл арқылы «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген ұғымды ғана емес, біреудің қайғысына басқалардың жаны ауыра бермейтінін де  ұқтыра алған.   

Спектакль атмосферасы қыз әкесі Жақыптың-Шалқар Мүкен сүзек ауруынан кенеттен қайтыс болған сәтінен бастап ауырлай түседі. Қара жамылып, күн көрістері қиындай бастаған Ғазизаның үйіне келген Ақан-Е.Қалибек пен Қалтайдың-Е.Айдымбаев арам ниеттері режиссерлік интерпретацияда қызық шешілген. Қыз әжесі оларға тұрмыс-тіршілігінің ауырлығы туралы ішіндегі шерін ақтарып отырса, Ақан Ғазизадан көз алмай қарап, қалай қармаққа түсіруді қиялдайды. Бұл сахнада қолында билігі бар адамның ел мен жердің тағдырын емес, қара басының нәпсісінен аса алмай отырғаны бүгінгі әлеуметтік өмірімізбен үндесіп жатты.

Ақанның - Е.Қалибек Ғазизаға қиянат жасап, зорлық әрекетін жүзеге асыратын көрінісінде режиссер сахналық эффектілерді оңтайлы қолданған. Жігіт үстіндегі әрбір киімін лақтырған сайын, гүрс еткен дыбыспен бірге, жарқылдаған жарықтың құбылуы қыз намысының тапталғанын және Ақан жауыздығын танытқан ұтқыр шешім болды.  

Спектакльде өнер көрсеткен Ғазиза-Ә.Ержанова, Кемпір-А.Кенжебекова, Ғазизаның анасы-Р.Қапашева, Ақан-Е.Қалибек, Қалтай-Е.Айдымбаев т.б. орындаушылар өз кейіпкерлерінің ой-мақсаттарын, мінез даралықтарын ашып, шынайы бейнеледі.

Қойылымның символдық-метафоралық қатары режиссер мен суретші Қарлығаш Шалабаева жұмысының нәтижесінде көп ойларды ұқтырды. Сахнаның әр жерінде өсіп тұрған қамыстар спектакльдің идеялық-көркемдік мазмұнының ашылуына мол ықпал етті. Мысалы, қамыс Ақанның қуыс кеуде, тоғышар адам екенін білдірсе, екіншіден, қазақ ауылының ауыр тұрмысынан хабардар етеді, үшіншіден, Ғазизадай қорғансыз қызды қамыстай жапырып кете беру қиын емес деген метафораларды меңзейді.

Жинақтап айтқанда, театрдың бұл спектаклі бүгінгі театр эстетикасына сай, көркемдік деңгейі жоғары қойылым болды.

Театр ұжымының аталмыш спектаклі фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік сценография» жүлдесін ұтты. 

Фестивальге Ақмола облыстық орыс драма театры А.Платоновтың «Река Потудань» әңгімесі бойынша Қалмақ Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Баатыр Колаев режиссурасымен қойылған спектаклімен қатысты. Карантин кезіндегі шектеулерге қарамастан театр директоры Бейбіт Бақтыгереев алыс-жақын шетелдерден режиссерлер шақырып, театр жұмысын тоқтатпаудың озық үлгісін көрсеткен іскер басшылардың бірі екенін айта кеткен жөн. 

Режиссер спектакльдің сахналық пішінін дәл таба білген.  Ол автордың негізгі идеясын шашыратпай Потудань өзенінің символдық мәнін ашуды көздеген. Әңгімеде бұл өзен азамат соғысы мен бейбіт жатқан туған жер арасын бөліп тұрған шекара іспеттес. Екіншіден, Потудань-махаббат өзені болып суреттелген. Дәл осы өзен жағасында Никита мен Любаның махаббаты тұтанады. Үшіншіден, судың мифологиялық мәні де кейіпкерлер тағдырымен байланыстырылған. 

Спектакльдің алғашқы сахнасындағы актерлердің би қимылдарынан (хореогроф Денис Юкало) буырқанған су толқынымен бірге адам өмірінің ағысы да әдемі бейнелеу тапқан. Билеп жүрген көпшілік арасынан бір адамның сыртқа ығыстырылып шетке шығып қалуы, одан соң аласұрып қайтадан  сол биге ілесуі адамның өмірмен арпалысын ұқтырады. 

Шығарманың көркемдік мазмұнына терең бойлап, оның идеялық ауқымын кеңейтуде режиссер спектакльдің басынан соңына дейін әңгіме мәтінін жүргізушілерге сахна сыртынан оқытқан. Баяндалып жатқан оқиғалар көрермендердің көз алдында актерлердің ойынымен әрекетке ұласады. Бұл тәсіл спектакльдің ішкі динамикасын, сахналық атмосфераны сақтау ниетінен туған. Бірақ, кей тұстарда актерлер баяндалып жатқан оқиғадан кейде озып, кейде кешігіп қалған сәттері де болды. Біздіңше, автор мәтінін сахна сыртынан оқытып отыру келісті табылмаған. 

Никита Фирсовты ойнаған актер Тимур Валиев азамат соғысынан оралған жігіттің жаңа өмірге бейімделе алмай қиналуын, күйзеліске ұшырап қамығуын тұйықтығымен, сөзге сараңдығымен, баяу қимыл-әрекеттерімен көрсетті. Тіпті Любамен шаңырақ көтергеннен кейін де, өзінің ішкі арпалыстарын жеңе алмаған жігіттің әйелін тастап, басы ауған жаққа кетіп қалуын өзіне деген сенімсіздіктің иектеп алғандығының нәтижесі екендігіне сендіре алды.  

Люба роліндегі-Александра Букреева қыздың өмір сүйгіштігін, махаббатқа адалдығын, ашық-жарқын мінезін нанымды бейнеледі. Оқиғаның даму барысында бойжеткеннің көңіл-күйін, психологиялық толғаныстарын негізгі желіден ауытқымай иланымды кескіндеді. 

Никитаның әкесін сомдаған актер Максим Михеев өз кейіпкерінің сыртқы жүріс-тұрысын оның ішкі жан-дүниесінде болып жатқан арпалыстармен қабыстыра алған. Ауыр жұмыстан әбден қалжырап, қос иығы қушиып, көзі шүңірейген шалдың  баласын көргендегі қуанышы ерекше болды. Ол ұлын соншалықты зарыға күткенін көз жанарымен, дірілдеген саусақтарымен баласының иығын құшақтап тұрып, ішкі дауысымен ұқтырды. Қарт адамның кез-келген өмір соққысына төтеп бере алатын рухани төзімділігі актер ойынында  шынайы бейнеленді.   

Қойылым тұтас актерлік ансамбльге бағындырылған.  Шағын рольдердің өзі сахналық айқындылығымен, даралығымен шығарманың көркем-идеялық мазмұнын ашуға бағытталды. 

Спектакльдің музыкалық безендірілуіне Владимир Овчинников пен Б.Колаев шығармашылық ізденіспен келіпті. Қойылымда ежелгі орыс және ұлттық орыс әндері талғаммен пайдаланылған. Әндер - сахнадағы оқиғалардың философиялық мәнін ашумен бірге, кейіпкерлердің жан-күйін қалтқысыз жеткізуге мол ықпалын тигізді. 

Спектакльдің сахналық көркемделуі (суретшісі Наталья Менщикова)  шарттылыққа құрылып, актерлердің әрекет жасауына  қолайлы жағдай туғызған. Тек, өзеннің жалт-жұлт еткен жалтылы мен аққан судың бүлкілі жарықтың әлсіздігінен өз деңгейінде көрінбей қалды.

Түйіндеп айтқанда, театрдың бұл спектаклінен кәсіби өнерге тән сахна мәдениетін, актерлердің шеберлігін және театрдың прозалық шығармаларды меңгере алатын шығармашылық өресін байқадық. 

Фестиваль нәтижесі бойынша Никитаның әкесі ролі үшін  Максим Михеев «Үздік екінші план актері» жүлдесін иеленді.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры қазақ балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша қойылған спектакльдерімен қатысты.

Шығарманың сахналық жүйесін жасаған Т.Садықов жазушының стильдік ерекшелігін сақтай отырып, монологтарды ықшамдап, автор атынан айтылатын әңгімені әрекетке айналдырған. Жас режиссер Ж.Садықов бас қаһарман Беркен мен оның достары, туыстары арасындағы қарым-қатынастарды дұрыс анықтаған. Режиссердің негізгі мақсаты шығармадағы ұлттық рухты сақтай отырып, сол дәуірдің шындығын тұрмыстық дәлдіктермен беруді көздеген. 

Спектакльде Беркенді сомдаған Рахат Жұмақановтың ойыны ерекше атап өтуге тұрады. Жас актер өз ролін толық меңгеріп, режиссер сілтеген бағыттан ауытқыған жоқ. 

Қазылар алқасының мүшелері спектакль талқылауы кезінде режиссурадағы қадамын енді ғана бастаған Ж.Садықовқа бүгінгі театрлық тілдің өзгеруіне байланысты, актерлік ойынға да басқаша бағыт беру керектігін ескертті. Нақтылап айтқанда, актерлердің ойнау тәсілдерін қазіргі заманға сай ойнау техникасымен алмастыру қажеттігін баса айтты. 

Фестиваль қорытындысы бойынша спектакльде Сары қыз ролін ойнағанЕркежан Төлеубек «Үздік эпизодтық роль» жүлдесін иеленді. 

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры А.П.Чеховтың әңгімелері желісінде құрастырылған «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» деп аталатын спектаклімен қатысты. Расын айтуымыз керек, бұл театр да соңғы жылдары Республикалық театр фестивальдерінен бой көрсетпей кеткен театрлардың бірі. Бүгінде театрдың көркемдік жетекшісі болып отырған Баатырбек Шамбетовтың режиссурасымен қойылған бұл спектакльден театр актерлерінің күрделі шығарманы игеруге деген талпыныстарын байқадық. Жалпы, Б.Шамбетов үнемі ізденіс үстінде жүретін режиссерлеріміздің бірі. Ол сахнаға қойғысы келетін әрбір туындыны терең зерттеп, ой елегінен өткізіп жұмысқа кіреседі. Бұл жолы да, басқа театр репертуарларынан кездесе бермейтін Чехов шығармаларына үңілуін айрықша атап өтуге болады. 

А.П.Чехов психологиялық шағын әңгімелер жазудың теңдесі жоқ хас шебері. Ол өмір құбылыстарын суретті, бейнелі түрде, адамдарды қызу әрекет үстінде көрсетеді. Театрдың бұл спектаклінде «Қорғансыз жан», «Қаскүнем», «Хористка», «Жуан мен жіңішке», «Бейтаныс әйел», «Хамелеон» «Дипломат» «Ынжық» әңгімелері сахналанған. Режиссер кейіпкерлердің киімдерін, сол дәуірден алшақтатпаған. Актерлерді де, роль ерекшелігіне сай дұрыс таңдап ала білген.  Алайда, Б.Шамбетовтың фарстық шешімдерге кетіп қалуы, Чехов бейнелеген кейіпкерлер табиғатына үйлеспей қалған. Жазушы әңгімелеріндегі жағымпаздық, ынжықтық, қорқақтық, жалқаулық, бойкүйездік, жеңіл мінезділік т.б. адам бойында кездесетін жаман кеселдер көңілді босатып, кей сәттерде жанарға жас іріктіретін, адамды ойға қалдыратын, қамкөңілдікке түсіретін ащы күлкі. Ал, аталған қойылымда актерлердің көпшілігі алғашқы сахнадан бастап, көрермендерді «қытықтап» күлдіруге жандарын салды. Олар өз қаһармандарының әрбір іс-әрекетін жеңіл әзілге бұрып, тұздықтап жібергені соншалықты, әңгімедегі кейіпкерлер мінезінің трагедиялық астары көмескіленіп  ашылмады. 

Қысқасы, режиссер Чехов әңгімелері арқылы актерлердің талғамын арттырып, шеберліктерін шыңдауға тырысқанымен де, шығарманың көркемдік және идеялық мазмұнын ашудың тың жолдарын әлі де іздестіре түскені жөн. 

Фестиваль қорытындысы бойынша актер Олжас Бекайдаров Нафанаил ролі үшін «Үздік эпизодтық роль» жүлдесін иеленді. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры еліміздегі өзіндік бағыт-бағдары бар театрлардың бірі. Олар өз тарихында Республикалық және Халықаралық театр фестивальдеріне қатысып бірнеше мәрте бас жүлделерді жеңіп алған. Бұл фестивальде театр ұжымы Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» деп аталатын шығармасы бойынша қойылған мюзикл көрсетті.  Алайда, спектакль жанр талабына сай болмай шықты. Иә, театр актерлерінің кәсіби шеберліктерінде мін жоқ. Олардың пластикалық қимыл-қозғалыстары, ән орындауындағы вокалдық дайындықтары бәрі талапқа сай. Режиссер Н.Жақыпбай спектакльдің эстетикалық тазалығына ерекше мән берген. Оның суретші Қабыл Халықовпен сахнаны әрлеуі де сәтімен шыққан. Жігіт-Мейірғат Амангелдин мен Қыз-Назерке Серікболова екеуінің ойындары да әдемі актерлік дуэтке құрылған. Бірақ, спектакль мюзикл емес,  әндерден құрастылыған концертке айналып кеткен. 

Мюзикл болу үшін арнайы либретто жазылуы тиіс. Содан соң әрбір кейіпкердің өз ариясы мен олардың арасындағы талас-тартыстар музыкалық тілмен беріледі. Талқылау кезінде қазылар алқасы алдағы уақытта спектакльдің жанр ерекшелігіне сай болу қажеттігін баса ескертті. 

Фестивальдің шоқтығын көтеріп, шымылдығын жапқан К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрының (Қарағанды қаласы) «Арманмен жолығу» («Навстречу мечте») деп аталатын спектаклі тақырыбының өзектілігімен көрермендерді терең ойға қалдырды. 

Театр директоры Дунай Еспаевтың арнайы шақыртуымен келіп спектакль қойған  Мажит Гафури атындағы Мемлекеттік Академиялық драма театрының режиссері Ильсур Казакбаевтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Бұғанға дейін аталмыш шығарманы Башқұртстан мен Бурятия театрларында сәтті шығарған режиссердің спектакльдері ұлттық театрлардың Халықаралық театр фестивалінде екі бірдей арнайы жүлдені («Ең үздік актерлік ансамбль», «Бүгінгі ұлттық прозаға бару және жаңа театрлық тілдегі ізденісі үшін», Улан-Удэ, Буратия Республикасы, 2016 ж.) ұтқан болатын. Сол сияқты Уфада өткен «Театр көктемі» (2017 ж.) Республикалық театр фестивалінде және Екатеринбургте өткен бүгінгі драматуругияның «Коляда-plays» Халықаралық фестивалінде (2017 ж.) «Үздік режиссураны» иеленген еді. Мұны айтып отырған себебіміз, И.Казакбаев өзіне өте жақсы таныс шығарманы аталған театрдың сахнасына тура сол қалпында қайталап қойғандығы болды. Негізі, театр тарихында режиссердің бір шығармаға қайта оралуы белгілі бір идеялық-шығармашылық мақсатқа байланысты болып жатады. Көбінесе мұндай кезде режиссер  туындының сахналық көрінісін бұрынғысынан өзгеше  етуге тырысады. Ал, бұл спектакльде  И.Казакбаев режиссерлік ой-тұжырымдарын, қойылымның сыртқы пішінін өзгеріссіз қалдырып, актерлермен жұмыс жасаудың ең үздік үлгісін көрсетті. 

Сонымен, режиссер аталмыш спектакліне жазушы Айгиз Баймухаметовтың балалар үйінде өткен өзінің балалық шағы туралы баяндаған «Тастама, мама!» («Не оставляй, мама!») деп аталатын өмірбаяндық повесін негіз еткен. Бұған режиссер жетім балалардың бүгінгі тағдырына қатысты деректерді қосып, көрермен қауымды ауыр ойға жетелейтін үлкен әлеуметтік мәселелерді қозғаған.  

Шығармада 20-ға жуық кейіпкер бар болса, спектакльде тек қана жеті актер (кілең ер адамдар) ойнады. Олар: Андрей Марычев, Антон Звонов, Артем Жангиров, Алексей Браилко, Богдан Пынка, Павел Кондратьев, Константин Снегерев. 

Спектакльдің басты ерекшелігі, режиссер актерлерге бала болып ойнауды міндеттемеген. Жетімдер үйінде балалық шақтың бал дәуренін емес, кермек дәмін татып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған балалардың аянышты өмірі актерлердің аузымен баяндалады. 

Спектакль кейіпкерлерінің барлығы бірдей жеңі ұзын көк көйлек пен қоңыр колготки киген. Осы арқылы режиссер жетімдер үйіндегі балалардың өзіндік «мені» болмайтынын бірден сездірген. Мұнда ешқандай бас кейіпкер жоқ, спектальдің әрбір кейіпкері басты рольде сияқты әсер береді. 

Ильсур Казакбаев театр актерлерінің шығармашылық мүмкіншіліктерін жан-жақты ашқан. Бүгінгі театр эстетикасымен қойылған бұл шығарма шарттылыққа құрылып, актерлерден қысқа ғана уақыттың ішінде өз бейнелерін толыққанды, әрі түсінікті етіп жеткізуге бағытталған. Сонымен қатар, аталмыш туынды актерлердің мол суырыпсалмалыққа баруына мүмкіндік бергенін атап айтуымыз қажет. Әсіресе, әр баланың жетімдер үйіне түсу тарихы режиссерлік тапқырлықпен бейнеленген. Жеті актердің бірі сахнаның тура ортасына келіп, баланың ата-анасынан айырылу себебін баяндайды. Оның бірінің ата-анасы маскүнем болса, енді бірінікі жол апатынын қайтыс болған, енді бірін «көкек» анасы туа салысымен тастап кеткен. Соған қарамастан олардың әрқайсысы адамдардың жылуын аңсайды, бәлкім біреу өзін асырап ала ма деп үміттенеді. Актерлердің ойынында жетімдер үйінде өмір сүрудің қиындығы, олардың адамдық құқықтарының тапталуы, тіпті бір-біріне қысым жасап күш көрсетудің соңы өліммен аяқталатын сәттері де шынайы суреттелді.

Режиссер көрермен қабылдауын ескере отырып, олармен үздіксіз эмоциялық байланыс орнатқан.  Ол актердің дәнекершілік қабілетін, яғни оның ойын табиғатының құбылмалық, өзгергіштік, түрленушілік қасиетін бүгінгі театр заңдылықтарына сәйкес жарқыратып көрсете алуында болды. 

Режиссураның озық үлгісіне лайық бұл қойылымның сахналық шешімі қарапайым да, аса мағыналы. Сахнада басы артық зат жоқ. Тек әріптер жазылған төртбұрыш кубиктерден кейіпкерлер сөз құрап, оқиға барысына қарай ойнатып отырады. Қойылымның ішкі динамикасы, сахналық қарқын мен ырғақ жүйелілігі, мизансценалардың дәлдігі мен өміршеңдігі, ой толықтығы мен актерлік ансамбльдің тұтастығы айқын көрініс берген. 

Театр ұжымының аталмыш спектаклі тақырыбының өзектілігімен, режиссерлік жаңашылдығымен, актерлердің кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. 

Фестиваль қорытындысы бойынша театрдың бұл спектаклі «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесін иеленді. 

Қорытынды

Сонымен Арқа төрінде бір аптаға созылған сахналық өнер сайысы өзінің биік мәресіне жетті. Республикамызда екі жылда бір рет өткізіліп тұратын театр сыншысы Ә.Сығай есімін иеленген «Сын-шын болсын» деп аталатын театр фестивалі дүниеге келді. Аталған фестиваль уақыт ағымына қарай, қазақ театр өнерінің жаңа бағытты бетке алып, дамып келе жатқандығын көрсетіп берді. 

Барлығымыз жақсы білеміз фестиваль жай мәдени мейрам емес. Бұл нағыз кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетіп, бәсеке көрігін қыздыратын жарыс деп қарағанымыз жөн. Кез-келген фестивальдің негізгі мақсаты театр өнерінің жетістіктерін көпшілік алдында таразыға тартып, кәсіби салмағын бағамдау, бүгінгі қазақ театр өнерінің қай бағытқа ойысып бара жатқанынан хабардар ету. Сондықтан да фестивальге қатысқан спектакльдердің сапалық болмысына ерекше назар аудардық.

Фестивальдің әрбір спектаклі күн сайын талданып, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен «theatre_criticism» инстаграм парақшада онлайн көрсетіліп отырды. Қазылар алқасының мүшелері өнертану кандидаты, доцент Аманкелді Мұқан (төраға), Қазақстанның Халық артисі, профессор Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Кеңес Жұмабеков, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, өнертану кандидаты, профессор Анар Еркебай, өнер магистрлері Айзат Қадыралиева, Мирас Әбіл өз пікірлерін көпшілік алдында ашық білдірді. 

Фестивальдің шығармашылық сайысында театрлардың барлығы бірдей жүлделі орынға ілінбесе де, өздерінің бағыт-бағдарларын анықтап, басқа театрлардың қандай деңгейде екендігін көріп, тәжірибе алмасты. Әрине, болашақта Қазақстанның әр аймағынан келген театр актерлеріне фестивальдің басынан соңына дейін барлық спектакльдерді көру мүмкіндігін жасаса, көп ұтар едік. 

Сонымен қоса,  осындай фестиваль кезінде актерлер мен режиссерлердің кәсіби шеберлігін ұштайтын лабораториялық жұмыстар, шеберлік кластар, конференциялар, жаңа пьесалардың оқылымын ұйымдастыру, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланса фестивальдің салмағы арта түсер еді. 

Бұл фестиваль кезінде Д.Жұмабаева мен Ф.Молдағали режиссурасымен қойылған спектакльдер көп қатыстырылды. Бұдан олардың Республика бойынша сұранысқа ие режиссерлер екенін байқадық. Бірақ, алдағы уақытта басқа режиссерлердің жұмыстарын көруге де мүмкіндік жасалуы қажет.

Болашақта кез-келген фестивальдің дирекциясы болуы шарт. Ол жыл көлемінде жұмыс жасап, тек фестивальдің сыртқы сұлбасына ғана емес, ішкі көркемдік сапасына жауап беруді мойынына алуы керек. Фестивальге қатысатын театрларды аралап, фестиваль форматына лайық қойылымдарды таңдап алуы қажет. 

Әлемдік театр мысалына сүйенсек, фестивальдің қазылар алқасының мүшелігіне тек қана театр сыншылары бекітіледі. Бұл жолғы фестивальге театртанушылардың әр буын өкілдері тартылды. Соның ішінде Ә.Сығайдың төл шәкірттері А.Қадыралиева мен Ә.Мирас та болды. Біз бұдан кейін де жас театртанушылардың фестиваль жұмысын сараптауға көбірек араласқандарын құптаймыз. 

Содан кейінгі ең үлкен мәселе қазылар алқасының шешіміне жергілікті әкімдіктің қызметкерлері араласпаулары керек. Осы фестивальде қазылар алқасы «Әшірбек Сығай атындағы» фестивальдің Бас жүлдесін (Гран-При) Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» спектакліне берді. Ал, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған арнайы жүлдені С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының Л.Дюрконың «Электра» спектаклі иеленді. Фестивальдің жабылу салтанаты кезінде қазылар алқасының бұл шешімін әкімдіктің қызметкерлері сыртымыздан өзгертіп, «Электра» спектаклі де Бас жүлдені иеленді деп айтып тұр. Бір фестивальде екі Бас жүлде ешуақытта болмайды ғой.  Егер біздің шешімді қажет етпесе, қазылар алқасын неге шақырды? Онда әу баста, қаржы бөліп отырған жергілікті әкімдік болғандықтан, өздері жүлдені қалай бөлгісі келсе, солай таратып берулері керек еді. Ал, біз аталмыш фестивальде қазылар алқасының құрамында болған театртанушылар өз шешімімізден айнымаймыз. Бұл фестивальде Бас жүлдені Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» спектаклі жеңіп алды. 

Келесі маңызды мәселенің бірі еліміздегі музыкалық - драма театрлары өздерінің атына сай спектакльдер қойып, осындай фестивальдерге қатысулары керек. Республикалық театр фестивальдерінен соңғы жылдары комедия жанрындағы спектакльдер көрінбей барады. Бұл да ойландыратын жәйт.

Сол сияқты елімізде онға жуық қуыршақ театрлары жұмыс істеп тұр. (Кейбір драмалық театрлардың жанынан құрылған қуыршақ труппалары да спектакльдер көрсетіп жүр.) Сондықтан оларға арнап Республикамызда тұрақты түрде жылына бір рет қуыршақ театрларының фестивалін өткізу қажеттігі сезіледі. 

Бүгінгі таңда қазақ театрының әлемдік мәдени кеңістікте бәсекелестік деңгейіне жету үшін әлі талай жұмыс істеу керектігін елімізде өтіп жатқан театр фестивальдері дәлелдеп отыр. Біз әлемдік театр кеңістігіне еркін шығу үшін міндетті түрде біріншіден: фестивальдің ұйымдастырушылық-менеджерлік негізін күшейтуді, екіншіден, фестиваль критерийін жасауға театртанушыларды қосуды, үшіншіден, фестивальге қатыстырылатын спектакльдерді іріктеуді кем дегенде бір жыл бұрын бастауды қолға алу керекпіз. Содан кейін фестиваль өткізу мәселесіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Театр қайраткерлері Одағы, Қазақстан Театрлар Ассоциациясы, Халықаралық театр сыншылары бірлестігі жауапкершілікпен қарап, бірлесіп жұмыс жасау керек. Сонда ғана фестивальдің шоқтығы көтеріліп, шын мәнінде көркемдік тұтастыққа жеткен спектакльдер көрсетілер еді. Республикалық театр фестивалінен бас жүлдені жеңіп алған спектакльдерді алыс-жақын шетелдерде өткізілетін театр фестивальдеріне қатыстырылуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. 

Ал енді ғана тұсауын кескен «Сын шын болсын» жаңа театр фестивалінің ғұмырлы болуына тілектеспіз!

 

Бақыт НҰРПЕЙІС, 

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы, театртанушы 

 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...