Жантөриндіктер елордалықтар назарына үздік қойылымдарын ұсынады

ТЕАТР
1422

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай үстіміздегі жылдың 9-12 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театрының» сахнасында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының гастролі өтеді. 

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдың  21 наурызы  күні ашылды. Театрдың бір залында тұңғыш көрермен назарына Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі, екінші залында Т.Әліпбаевтың «Томирис» драмасы ұсынылып, қос қойылым да жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды. 2006 жылы Маңғыстау облыстық  музыкалық драма театрына Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрмұхан Жантөриннің аты берілді.

Осы жылдар ішінде театр әр түрлі жанр, алуан тақырыптағы спектакльдерді сахналап, көрерменге ұсынып келеді. Театр репертуарындағы әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, Ф.Эрве, А.Чехов, Н.Гоголь, Ш.Айтматов сынды классиктермен қатар, қазақ драматургиясының  негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, драматургия саласында сүбелі сахналық туындылар қалдырған Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Е.Раушанов, көршілес елдер драматургтерінен С.Ахмад, М.Байджиев, Г.Хугаев, З.Зайнуллин сондай-ақ Маңғыстау өңірінен шыққан ақын, жазушылар С.Назарбекұлы, С.Адай, С.Нұржан, С.Құдайбергенов секілді басқа да авторлардың  туындылары бар.

Шығармашылық ұжым осы жылдары көптеген республикалық және халықаралық театр фестивалдері мен байқауларға қатысып, бас жүлделер мен басқа да  атаулы марапаттарға ие болып келеді. 

Театрдың репертуар қоржынында 90-ға тарта үлкендерге арналған, 20-ға жуық балаларға арналған спектакльдер бар.

19 жыл ішінде көптеген ірі халықаралық деңгейдегі фестивальдерден олжалы оралып келген жас театр бүгінде қоғамдағы саяси-мәдени өзгерістерге сай үн қатуда. Ұжым көрерменнің эстетикалық көзқарасының қалыптасуына айрықша үлес қосып жүрген өнер ордаларының бірі.

Театр директоры Мерғалиева Гүлсина Бақытжанқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының «Жыл режиссері» аталымы бойынша лауреаты, «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы, «Түркі әлемінің театр кеңістігіне қосқан үлесі үшін» Халықаралық 7-ші «ANADOLU» театр сыйлығының иегері.

Театрдың көркемдік жетекшісі Өмірәлиев Медғат Қуандықұлы, ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Еңлікгүл-2016» кәсіби театр сыйлығының, «Жылдың ең үздік актері» аталымы бойынша иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. 

Жантөриндіктер «Жастар театрының» сахна төрінде өздерінің ең үздік деген таңдаулы қойылымдарын көрсетеді. Гастрольдік бағдарлама жанрлық ауқымдылығы жағынан әралуан. Көрерменнің талғамына сай спектакльді тамашалауға мүмкіндік беру мақсатымен жасалды. 

Гастрольдік бағдарлама бойынша театр ұжымы  назарларыңызға:

  • 9 қараша күні кешкі сағат 19:00-де – белгілі ақын,  «Құрмет» орденінің кавалері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Светқали Нұржанның «Хан кегі» поэтикалық драмасын (режиссері Г.Мерғалиева);
  • 10 қараша күні 19:00-де – испан драматургы Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасын (режиссері С.Потапов); 
  • 11 қараша күні 19:00-де – орыс тілінде өтетін американдық драматург Дон Нигроның «Дикие истории 16+» спектаклін (режиссері Г.Мерғалиева);
  • 12 қараша күні 19:00-де кино және театр актері, драматург Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» (режиссері Г.Мерғалиева) реквием жанрындағы спектаклін ұсынады.

Өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры»

Уақыты: 9-12 қараша 2021 жыл

Сіздерді осы күндері кешкі сағат 19:00-де «Жастар театрында» күтеміз! Санитарлық талаптарды сақтауларыңызды сұраймыз. Театрда жүздесейік!

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...