Сарайшық қорығына республикалық мәртебе берілді­

АРХИТЕКТУРА
2791

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы уақыт тынысын дәл түсініп, санаға сілкініс әкелген жаңалық болды. Елбасы идеясының басты нысаны бұған дейінгі бұлжымас қағидаға айналған отарлаушы ел орнықтырған тұтас түсінікті төңкеріп тастап, ұлттың төл бозжусан болмысымен қайыра қауышуы.  



Аталған идея еліміздің ең әйгілі ес­керт­кіштері мен көне тарихи орындарын қайта жаңғыртуды қолға алуды да басты меже қылады. Биылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақала да осы идеяның заңды жалғасы іспетті. Ендеше сол бір сабақтас идеядан сөзіміз дәйекті болу үшін бір үзім мысал келтіре кетейік. 

«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайын­дау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақ­тауға болады. Онда Қазақстан жері­нен табылған құнды археологиялық ескерт­­кіштер мен археологиялық экспози­ция­­лары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуір­­лер­дің қандай да бір кезеңіндегі әртүр­лі шаруашылық салаларының даму үдері­сін көрсетеді» дейді Нұрсұлтан Назарбаев. 


 

Мінеки, мемлекеттің ендігі алда атқарар ауқымды жұмысы Елбасының бір ауыз сөзінің ішінде менмұндалап тұр. Осындай тарихи орынның бірегейі – Сарайшық қаласы. Сарайшық қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі. Қазіргі Атырау қаласынан 50 шақырым жердегі Жайық өзенінің оң жағасында бір кездері атағы мен алапаты қоса артқан Сарайшық шәрінің орны жатыр. Сарайшық XIII-XIV ғасырларда батыс пен шығысты байланыстырған «Ұлы Жібек» жолының бойындағы маңызды бекеттердің бірі, хан ордасы болған ортағасырлық қала. Бұл шаһар туралы алғаш жазба дерек қалдырған ғалым арабтың белгілі жиһангері Ибн-Батута болатын. Ол өзінің Азияға жасаған алғашқы сапарынан мынадай дерек келтіреді. «...Біз ат жеккен арбамен он күн бойы жол жүріп Сарайжук қаласына да жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала. Дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір де осында екен» деп жазады.  

Сарайшықтың өркендеу кезеңі Алтын Орданың ханы Өзбекұлы Жәні­бек хан­ның (1341-1357) тұсына сәй­кес келе­ді. Қасым ханның кезінде қазақ хан­­ды­ғы­ның тұңғыш астанасы болғаны да бар­ша­мызға мәлім. Шоқан жинаған дерек­­терге нансақ, Жәнібек хан өз жанына ел сый­лаған билер мен шешендерді, жақ­сы мен жайсаңдарды топтастырған екен. Ол керуеннен толассыз түсіп жа­т­қан ке­нен байлықты халықтың игілі­гіне және қа­ланың күн санап көркейе түсуі­не жұм­сапты. Соның бірі талайдың таң­дайын қақтырған «аққу көлі» мен «алтын қайық» хикая­сы. Оқиғаның қысқаша ғана маз­­­мұны мына­дай. Жәнібек ханның жан де­ген­де жал­ғыз қызы болыпты. Ол таби­ғат­ты тама­ша­лап көбінесе су жағасына барып балық­­­тар­дың шор­шып ойнағанын, құс­тар­дың топ-тобымен суға келіп қон­ға­нын ұна­тады екен. Осыны бай­қаған әке сүйік­ті қы­зына Сарай­шықтың күнбатыс жағы­нан жасанды көл жасатып беріпті. Көл­дің суын мезгіл-мезгіл ауыстырып отыр­ған. Айна­дай көл бетіне алтын қайық жүз­дір­тіп көл бетіне секер сепкізген. С­удың тәт­­ті­л­і­гінен болса керек, көлге қон­ған ақ­қу­­дың көптігінен бұл көл «Секер көлі» немесе «Аққу көлі» деп аталған екен. 



Бүгінге дейін Сарайшық топыра­ғын­­да мәңгілік дамыл тапқан хандар мен би­лер­дің саны жетеу деп кел­сек, қазіргі құжат олардың саны тоғыз­ға тарта екен­дігін көлденең тартады. Сарайшықты бертін­де Бөкей хан жайлаған деген де дерек бар. Ғалымдар Жошы ұлысы тұсында Ал­тын Орданың он алты шаһарында ақша соға­тын сарайлар болғандығын, соның бі­ре­ге­йі Сарайшық қаласы екендігін айтады.  

Әйгілі ағылшын дипломаты әрі саяхатшы Энтони Дженкинсон 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасау барысында Сарайшық қаласын көріп былай деп дерек қалдырған екен. «Батыста Парижды көру қандай таңсық болса, шығыста Сарайшықты көру де сондай таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, жарты айдай аялдап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына 700-ге дейін керуен келеді екен» деп тамсана жазады. Бір ғана Энтони емес, әлемнің көптеген көпестері мен сая­хатшылары осынау шаһардың баға жетпес байлығы мен сәулетті сарайларын, ең бастысы шаһардың толық су құбырымен жабдықталғанын жазады. 



1885-1890 жылдары Сарайшықта екі мектеп болыпты. Оның бірі, діни оқу орны болса, екіншісі қазіргі Сарай­шық орта мектебінің бастапқы ірге­тасы болған ілкідегі көне мектеп. Ең өкі­ніштісі, осы бір әсем қала 1580 жылы орыс патшасы Иван Грозный­дың қасақана айдап салған Дон казактары­ның шапқыншылығынан біржола қирап, күлі көкке ұшты. Кейін Ресей патшалығы қала орнына үлкен бекініс салды. Осы бекініс бертінгі Қазан төңкерісіне дейін сақталып келді. Міне, Сарайшықтың сан қатпарлы тағдыры жайында қария тарих осылай дейді. 

Атам қазақтан қалған «Орнында бар оңалар» деген ғажайып сөз бар. Бүгін­де орыны төмпешікке айналған көне қалаларымызға қайыра көңіл бөліп, оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасауымыз «өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені» емес пе?! 

Аңсаған азаттығымыз нәтижесінде тарихтан талықсып жеткен көне мұралары­мызға көңіл бөле бастадық. Көп жылғы қазба жұмыстары нәтиже­сін­де біршама дерек қайыра ғылыми сарапталып, хатқа түсті. Айталық, 1999 жылы Атырау облысы әкімінің №209 шешімімен «Хан Ордалы Сарайшық» облыстық мұражай-қорығы болып аталды. Жан жадыратар жақсы жаңалық­тың бірі – жақында ғана осы тарихи орынға республикалық мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қоры­ғы» республикалық мемлекеттік қазы­­на­лық кәсіпорны болып қайта құрыл­ды. Кәсіпорын қызметінің басты тала­бы – мәдениет саласы жұмысын ұдайы жетілдіріп, ғылыми-зерттеу мен таным­дық-туристік қызметті, оның ішінде тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауды толық қамтамасыз ету. Дәлірек айтар болсақ, кәсіпорын төмендегідей қызмет түрлерін жүзеге асыруға барынша ден қойып отыр: тарихи-мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ пайдалану саласында ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдіснамалық, мәдени-білім беру қызметін жүзеге асыру; музей ісі саласында халықаралық және ведомствоаралық ғылыми-техникалық мәдени ынтымақтастық жұмыстарын жүр­гізу; ескерткіштерді, тарихи-мәде­ни мұра объектілерін, құрылыс салуды реттеу мекендері мен қорғала­тын таби­ғи ланд­шафт аймақтарды, сон­­дай-ақ музей заттарының толық қорғалуын қам­­та­ма­с­ыз ету; ғылыми-қор жұ­мысын жүзеге асыру, ғылыми тұжы­рым­дама­лардың негізгі бағыт­тарын әзірлеу; тарих және мәдениет мәселелері жөнін­дегі ғылыми тәжіри­белік конференция­лар мен семинарларды ұйымдастыру; музей экспозициялары мен көрмелердің тақырыптық-экспозициялық жоспарларын әзірлеу; кәсіпорын қызметінің оқу құрал­дарын басып шығару, сондай-ақ музей қорларын толықтыру үшін фото және бейне түсірілімдер жүргізу. 

Ел назары қазір Сарайшыққа ауды. Киелі топырақта біршама жаңа жұмыс орындары ашылып, белді ғалымдар тобы жасақталып үлгерді. Ілкідегі Сарайшық қаласының тарихи орнын Жайық өзенінен қорғау мақсатында басталған жұмыс жоспары биыл толығымен аяқталды. Алдағы күндері осы Жайық өзенінің жағасынан 2 га жер бөлініп, «Сапар орталығы» салынбақшы екен. Аталған жұмыстың нәтижесінде ашық аспан астындағы кәсіби музей жобасы жүзеге асырылмақ.  

Жоғарыда туризм турасында сөз ете кеттік. Ашық аспан астындағы осы бір киелі мекеннің төрткүл дүниенің көз тігер мәдени ордасына айналарына біздің де еш шүбәміз жоқ. Көне шығыста «Тарихын қара жерге емес, жүре­гіне жерлеген ел бақытты» деген бір тәмсіл бар. Біз бұл шағын мақа­­ла­мызды төл тарихымыздың көне парағын түгендеуге, сондай-ақ Сарай­шық секілді сәулетті шаһар салған сардар бабаларымыздың рухына көр­сеткен аз ғана құрмет пен ғиззаты­мыз деп есептейміз. 


Бақытгүл БАБАШ, 

«Егемен Қазақстан»

Атырау облысы




Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...

Жаңалықтар

Ақмола облысы Атбасар қаласындағы тұрғындар жаңа үйдің құрылысына сын тақты, деп хабарлайды mad...