Сарайшықтың көзесі… Светқали

ӘДЕБИЕТ
2777

«Ай таранған түн» – оның кітабының атауы. Атының өзі образды сөйлеп тұр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын қолымызға түскенде, Есім хан туралы эпикалық поэмасын оқып, ғажапқа қалғанбыз. Сол поэманың басында болу керек, түріктер (түркілер) туралы керемет оқиға бар. Түріктің адамзат тарихындағы орнын әлгі оқиғадан-ақ түйсінуге әбден болады. Ер Түріктің өткені мен бүгіні туралы ақын Светқали (Айтман) Нұржановтай білетін адам азына осы жолғы кездесуде көзіміз тағы бір мәрте жетті.

Көптен күткен кездесу еді. Бүкіл Маңғыстау даласы Светқали ағаның кеудесінде, Серік Ақсұңқарұлынша айтсақ, «Ел Қад-ағаң – Қадыр ақыннан қайырса, бұл кісі Қашағаннан қайырып айтады». Олай болса, Орталық Қазақстан төріне Светқали ақынмен бүкіл батыс даласы қонып кетті деңіз. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадағы кездесу кешін ақын Тілеген Әділ жүргізіп отырды. Маңғыстаулық шайырды Қарағандыға шақырып, аталған кітапханамен бірлесіп, арнайы кездесу ұйымдастырушы – ақын Жанат Жаңқашұлы екен. Ал, келіп әңгіменің тиегін ағытты Свет аға. «Әңгімеден бастаса – әулиеге, Едігеден бастаса – ертегіге» жөнелтті де отырды ақыл-ойды. 360 әулие біткен Маңғыстау топырағының өзі дегізбей қоймады. Сөйте тұра, «Арқа даласын, әні мен күйін сағынып жүремін» дейді. «Көл түбіне батып кеткен мұрағат» деп «Қарқаралы басында» өлеңін оқыды.

Өлеңнің өзін оқып қана қою – өнер. Тарихпен ұштастырып, әңгімесін айта отырып жеткізу – өнердің атасы. Әулиелі жердің ақыны сөйтті. Сонда оқыған «Сарайшықтың көзесі» өлеңі – сөзімнің дәлелі. Қасқа жолды Қасым хан жатқан Сарайшық – Алтын Орда астанасы, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы орталықтарының бірі. Қала орнынан табылған көзеге құйылған шарапқа у қосылса, көзенің түсі өзгеріп кетеді деседі… Әділетсіздікке жаны қас ақынның өзі сияқты ғой. Сарайшықтағы Шекер көлге аққулар көп қонатыны – Жәнібек хан шекер төккізеді екен. Кейбір айлы түнде алтын қайық мінген Жәнібек хан қызы аққуларға ұшырасып жүретінін айтқанда… Қазір қаланың орны ғана қалған. Көлдің орны күлге айналған. Анда-санда арғы бетке ауған ноғайлар келіп, көлдің орнын көз жасымен суарып кететін көрінеді… Сарайшықтан табылған көзеде «Жазықсыз жанның көз жасын төкпе» деген Аят таңбаланыпты. Көшпелілердің ұстанымы! Ақынның жанын ауыртпай қоя ма осының бәрі?

Алаш деп ұйқы беріп, қайғы алып өткен ерлер мен пірлердің бәрі Маңғыстаудағы Сейсем ата басына жерленген дейді ақын. Әр өлеңнің тақырыбына тоқталғанша, ақынды оқыған – дұрысы. Кештің алғысөзін айтушы Серік Ақсұңқарұлы қорытынды түйінді де жасады. Белгілі әнші Сержан Мұсайыннан ән тыңдап, арманнан шықтық. Тілеген ақын Свет ағасына ат мінгізсе, Сәттібай ақын Жүнісов гитарамен автордың сөзіне жазылған Т.Досымның әнін салды. Айтман ағасына ерген астаналық ақын Ербол Алшынбай өлең оқып, Мұхтар Әділ бауырымыз батыс мақамымен жыр төкті.

Жәнібек ӘЛИМАН

author

Светқали Нұржан

АҚЫН

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...