Танымал түрік әншісі және композиторы Волкан Конак 58 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды MADENIPOR...
Зейнеткер алимент үшін 85 мың теңге айлық алатын қызын сотқа берген
Фото: freepik
Балқаш қаласының зейнеткері қызынан ай сайын 10 АЕК мөлшерінде алимент өндіріп алу үшін сотқа талап қою жолдаған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жоғарғы соттың хабарлауынша, зейнеткер күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет екенін, алайда қызының материалдық көмек көрсетпейтінін айтқан.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Алайда Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған.
Қызы талап қоюмен келіспей, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге жалақы алатынын түсіндірген. Оның айтуынша, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, автокөлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған.
"Сот талап қоюшының көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті. Зейнеткер емделуге тұрақты шығындардың бар екенін, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын сенімді дәлелдеме ұсынбаған. Сонымен қатар оған ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталған. Сот сондай-ақ талап қоюшының зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер бар екенін ескерген. Соттың пікірінше, талап қоюдың негізгі себептерінің бірі де осы жағдай болған", – делінген хабарламада.
Сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Сот шешімі заңды күшіне енді.