"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Атырау облысының әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мә...
Жетісуда той өтті дүбірлеген
Жер жәннаты Жетісуда жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерей тойы айырықша аталып өтілді. Ақынның туған жері Ақсу ауданынан еңселі ескеркіш ашып, түрлі іс-шарамен басталған дүбірлі той екінші күні облыс орталығы Талдықорғанда жалғасты. Осы орайда көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген Ілиястың өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық жинақтың және ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған «Үш алып» басылымының тұсауы кесілді.
Қаладағы Б.Римова атындағы драма театрдың ғимаратында өткен «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» атты республикалық ғылми-тәжірибелік конференцияда сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов: — «Биыл – еліміз үшін, қазақ әдебиті үшін үлкен мерейлі жыл. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің 125 жылдық мерей тойы қатар келді. Қазақтың дархан даласында үш арысқа арналған танымдық шаралар өтіп, ел рухы асқақтады. Ғасырлар бедеріне тарих тағылымы өз өрнегін салды. Бұл сөз киесі, өнер құдіреті мәңгілік екенін танытты. Ілияс Жансүгіров – Алаштың алыбы, күллі қазаққа ортақ тұлға. Әдебиеттің барлық жанрында қарымды қалам тербеп, «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай» демекші, сөз өнерінің көркемдігімен тынысын ашып, оның классикалық дамуын жаңа сатыға көтерген дара дарын иесі. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ілияс поэзиясы – ойға қуат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия», – деп бағалаған болатын. Жыр құлагерінің есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа қалдырған бай мұрасын насихаттау біздің басты парызымыз. Осыған байланысты, аймағымызда бірқатар шаралар атқарылды. Оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру біздің басты бағдарымыз болып қала береді», – деп атап айтқандай Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сара жол ашты» -деді.
Осы орайда аймақ басшысы: — «Талантқа тағзым ету – ең алдымен, ақынға қатысты зерттеудің жаңа бағытын айқындау, деректер мен жәдігерлерді тауып, түгендеу, оны ғылыми айналымға енгізуге қамқорлық деп білеміз. Сондықтан да Ілияс Жансүгіровтің мұраларын толықтыру, қолда жоқ шығармаларын жинастыру мақсатында біз арнайы «Ілияс ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция құрдық. Бұл құрамдағылардың Ресей жеріне барып қайтуына мүмкіндік жасадық. Делегация Ілияс білім алған Мәскеудегі бұрынғы мемлекеттік Журналистика институтында болып, қаламгердің табаны тиген жердің архивінен ақынға қатысты көптеген құжаттардың көшірмелерін алып келді. Сөйтіп, ақын туралы деректер жаңа құнды дүниелермен толықты. Бұл Ілиястану саласының елеулі олжасы екенін анық. Сонымен бірге Жетісу мемлекеттік университеті ғалымдарының ізденістері нәтижесінде Ілиястың шығармашылығына арналған 20 томдық жинақ жарық көріп, оған ақынның кең көлемде насихаттала қоймаған тың шығармалары енгізілді», –деп атап өтті.
Сөз кезегінде Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет: «Мәскеуге барған экспедиция Ілиястың 18 кітабын тауып келді. Бұл бүгінгі қазақ әдебиетінің үлкен жаңалығы. Ілиястану ғылымының жаңа дәуірде де желісі үзілмей, осы іске жас зерттеушілердің ынтамен ден қойғаны бізді қатты қуантады. Қазақ әдебиетінде эпикалық жанрдың үлкен мектебін қалыптастырған Ілиястың шығармаларындағы кейіпкерлері. Соның ішінде Молықбай күйшінің өзі жан-жақты зерттеуді қажет ететін тұлға. Молықбай әр қазаққа Қорқыттан кейінгі қобыз ұстаған күйші ретінде елестейді. Сондықтан оның артына қалдырған күйлері туралы зерттеу болашақтың еншісінде. Бүгінгі той тек осымен шектелмейді. Алматыда қараша айында «Үш арыс, үш бәйтерек» атты шарамен толығатын болады», — деп, тұжырымдады.
Ал, конференцияның бас баяндамашысы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары ақын Бауыржан Жақып Ілиястың өмірі мен шығармашылығы жайында орамды толғап, өзінің арнау өлеңімен көпшілікітің қошаметіне бөленсе, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат «Ілияс журналистикасы», филология ғылымының докторы Серікқазы Қорабай Алаш арысының «Дала» поэмасы сынды «Айтылмай келген ақиқат» тақырыбында тың ойлар айтты. Конференция барысында біраз адамдарға Ілияс төсбелгісі тағылып, мерейтой аясында өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Жыр сайысында бас жүлдені ақын Байбота Қошым-Ноғай еншілеп 500 мың теңгені қанжығаласа, 1 орынға ақын Серік Ақсұңқар ие болды. Ал, сахынада кезінде Ілияс Жансүгіровке «Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен»,- деп жауһар жырын арнаған Тұрсынзада Есімжанов ақынға ақсулық азаматтар атынан темір тұлпардың кілті табысталатынын жеткізді. Мерейтойлық шара соңы Талдықорғандағы ат шабар алаңда бәйгі, көкпар сынды қазақтың ұлттық ойын түрлерімен жалғасты.