Ұлықбек Есдәулеттің "Қазақ әдебиеті" газетінің 85 жылдық мерейтойымен құттықтауы

ӘДЕБИЕТ
1726

Әдебиетімізбен бірге жасасып, сөз өнерінің қарашаңырағына айналған «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына да 85 жыл толды. Қайталанбас таланттардың арнасы болған басылымныңғұмыр жолын оқырман қауым жақсы біледі. 

Газет бетінде қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұхамеджан Қаратаевсынды алыптардың алғашқы жүрек сиясы тамып, қолтаңбасы қалған. Ұлы Абай мен Махамбеттің, Алаш арыстарының қайталанбас мұраларын халқымен қауыштырған да осы газет.

Сонау 1934 жылдың қаңтарынан бастап жарыққа шыққан газет бір ғасырға жуық уақыттың ішінде ел-жұртымызды әдебиетіміздің сиясы кеппеген ең жаңа шығармаларымен таныстырып, авторларымен қауыштырып келеді. Сонымен қатар, қай кезеңде болсын ұлттың сөзін сөйлеп, мүддесін көздеп, тіл мен ділдің жанашыры, тарихымыз бен дәстүріміздің жоқтаушысы болудан танған емес.

Қазақ әдебиетінің классиктеріне айналған сөз зергерлерінің қалыптасуына ықпал еткен ата басылымның қазақ мәдениетіне, поэзияның, прозаның, сынның, сатираның, көркем публицистиканың қалыптасуына сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Рухани өміріміздің шежірешісіне айналған газеттен түлеп ұшып, шығармашылық әлеуетін таныта білген кейінгі жастар да қазір қолтаңбасы қалыптасқан қаламгерлерге айналған.
Тарихтың соқтықпалы-соқпақты жолдарында өзіндік бағытынан жаңылмаған басылымның алдағы уақытта да талай дарынның түлеп ұшар тұғыры болатынына сенеміз. Жыл өткен сайын заманға сай мазмұны жағынан байып, биіктеп, тереңдеп келе жатқан газеттің оқырмандары алдағы уақытта бұрынғы кездегідей көбейе береді деп үміттенеміз.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық мерейтойы құтты болсын! Газет ұжымына шығармашылық толағай табыстар тілеймін.

author

Ұлықбек Есдәулет

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...