Әлем-жәлем киінген жас ақын әлдеқандай болып, редакцияның әдебиет бөліміне келіп түскен хаттарға шұқ...
Сұлтанмахмұт Торайғыров. ТОПЫРАҚ
Суыққа тоңып, ыстыққа піскен, ащы-тұщыны ішкен дегендей көпті көрген қариямыз «Тәржіман» ақсақал 1331-інші номерінде, шарт жүгініп қолындағы мойыл таяғымен жерді сабап «Қазақ, қырғыз, башқұрттар-ау. Топырақ. Топырақ. Топырақ» деп сақалынан суы сорғалап бай-байлап отыр. Бұл бай-бай біздің қазақтың ақсақалдарының бай-байы секілді байларға басым сыйлы болсын, жарамсақтанып монтансыған бай-бай секілді көрінбейді. Қолымен ұстап, көзімен көріп, басынан кешірген ащы тәжірибені айтып, «қарақтарым-ау, қапы қалма» деп жақыншылықпен жаны ашыған бай-бай секілді көрінеді. Соның үшін «Тәржіман» ақсақалдың төмендегі «Топырақ. Топырақ. Топырақ» деген бай-байын көшіріп жаздым.
С. М. Т.
ТОПЫРАҚ. ТОПЫРАҚ. ТОПЫРАҚ
1783-інші жылда Қырым хандығы мүлдем құрып, Россия ие болды. Бірақ Қырымның хандығы кетсе де халқы көп еді. Қырымда бір миллионға жақын татар, Россия даласындағы осы күнгі қырғыз, қазақтар секілді көшпелілікпен ғұмыр еткен жеті сан жанбойлық һәм басқа һәр түрлі аталатұғын бір миллион шамасында ноғай бар еді. Араларында орыстың иісі де жоқ еді. Бүтін топырақтар, қырлар, сулар, бақ-бақшалар, таулар, көзге түсерлік жақсы жердің бәрі мұслмандардың мал-мүлкі еді. Император Екатерина осы қалыпта тұрғызып еді.
Қараңыз. Қырымның суық қолға кіруіне, міне, 130 жыл болды. 130 жылымыз 65-тен жасаған бір ата, бір баланың заманы ғой, мұныңыз тарих жолында шиттей ғана аз уақыт емес пе? Сол аз уақыт ішінде өздерінің кең далаларында шалқып, тасып, толықсып толып тұрған бір миллион ноғай менен Қырымдағы татарлардан алты жүз мың жан жойылды, ізі де қалмады. Қырым хандығының сімтірі болып қалған осы күні екі жүз мың шамасында Қырым жұрнағы бар. Есептегенде он бөлімнің тоғыз бөлімі жойылып, бір бөлімі қалған болады. Осы қырғын соғыс қырғыны емес, соғыста осынша жан қырылмайды ғой: және оба, тағұт (шайтан жын, пері) қырғыны да емес, аурулар да сонша тұқым құрта қыратын мархабатсыз (қайырымсыз) емес қой. Бұл қырғын тіршілік қыла білмеу. Ноғайлар көшпе еді, Қырым халқы топырақ істеуді де, топырақтың қадірін де білмеуші еді. «Таңдағы тамақ тәңірден» деп жаңылыс ұғып, жарым естеніп жүре беруші еді.
Ақырын-ақырын аяңдап арасына орыстар көшіп келе бастады: мүлік, алаң. Орыс, немістер келіп орнықты. Тұрғын ноғай һәм татарлардың бірсыпырасы («Ауызы түкті жау келді, құтылу керек» деп) Түркияға қашып кетті. Үйде оңбаған түзде оңа ма? Түркияға барып та оңала алмай қырылды. Қалғандары да топырақтың (жердің) тарылғандығынан сыйыса алмай қосыла бастады. Сөйте-сөйте жер-жердің бәрі сабаншы орыс пен немістерге толып кетті. Қара құрттай қаптап малдың өрісін тарылтты. Өріс тарылған соң аяқты мал азайды, қырылды. Мал құрыған соң малмен күн көрген ноғай, татарлар да құруға бет алды.
«Топырақсыз дүние тұра алмас»деген айдай әлемге тегіс анық бір үлгі бар. Хайла қуаты да, шаруа қуаты да халық қуаты да топыраққа тоқтайды ғой. Қырымның көшпелі халқы сондай болып тозды, бытырады. Жалғыз-ақ жоғарғы пәлелерден Қырымның таулық, бақтық бөліміндегі құшағынан жері, қолынан топырағы, қойнынан шөбі кетпегендері ғана құтылды.
Білесіздер, топырақ алла емес. Бірақ алланың жаратқан нәрсесінің ең оңдысы, ең қадірлісі, жанға саясы, жұртқа панасы.
Адам (Ғ. С.) мақұлықтардың құрметтісі, артығы дейсіздер. Құдай тағала адамды алтынан жаратқан жоқ, баяғы жанға сая, жұртқа пана топырақтан жаратты. Алтын да топырақтың қуатымен болған нәрсе. Жанға қуат беретін, ғұмырға береке беретін, арысаң – ат, ашықсаң – тамақ болатын топырақ. Топырақ. Топырақ. Айтып-айтып келіп мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсы, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын, қолға тиген топырақтан айырылма. Мойындарыңдағы парыз осы.
Қырым халқының қайғылы қара халдері қазақ, қырғыз, башқұрт, сендердің бастарыңда. Ғабрат алса, деп...
Бауырларым.
Аз демеңіз, көп демеңіз төрт қол, бір аузыңменен тістеп жабысыңыз.
Мұнан елу жыл бұрын десятинасы он сомнан сатылған Қырым топырағы, міне, бүгін үш жүз сом. Енді елу жылдан соң десятинасы мың сом болмағанда қайтеді!
1913
(Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том, 136-бет)