Сұраған Рахметұлы. Баянсыздың бағында сенделеміз біз ылғи...

ӘДЕБИЕТ
3012

ТӘҢІР ТҮН...

Сақау аспан сен менен адастың ба, әй, қайда-а?!
Табанымның астынан көлеңкемді түн жұтты.
Өңірінен өртеніп сөнген күнің - айқайлап,
Уақытты өрнектеп өрген сүлдер сұмдық тым.
Сүлдер берген сүгіреттер бұрышында сары үміт,
Кірпігінің ұшында бір түйірі жауынның,
Күлген қыздың жүзіндей күміс шамның жарығы.
Түн дегенің жапқан ой, түн - сенімен ауыр мұң.
Жұзақ таңның бұрымы ұзап кетті қысқармай?!
Асыранды аққудың мамығында мамыр жүр?
Сақау аспан сен менен тағы адастың, мысқалдай,
Бақа ағаштың сүлкіні бозала жал - лағыл жыр...
Бұла іңірдің түндігін - жұмсаң қатты тұншықтым?!
Айдыныңда жүзген бұлт - құм салмақты, майысып тұр.
Жұлдыз жанды жан - жақтан жанарындай мың шықтың,
Күндізжеңді қайыңның анарындай Ай шықты.
Бекер енді мұныңыз, шыл ізіндей бүршік түн,
Сәл күрсінсек жып - жылы жабағысын жаяды,
Түндігіңде сұм үре-е-й, үһ-іл-едім, түршіктім,
Күңкілдейді тірідей сөнген тұма баяғы үн. Түн...




Көк тезектің түтінін иіскеп, иіскеп тағы иіскеп...
Баянсыздың бағында сенделеміз біз ылғи...
Бүгіні жоқ ертеңнің бәрін білу тиіс пе?!
Уақыт! - деп мүйісте, айқайлаған ызың - күй.
Естімеуің тұрыпты, елемеуің мүмкін,
Ү-ү-һ!?
Оң қолыңмен ой қармап, өң бояусыз жүзіңді,
аймалайды жаныңды бейғажайып ніл тұнып,
алауатқан жағасы, нұрға жұққан ізіңде,
Түн.
Қараөткел ағады шолпысына жылт іліп.
Шарбы бұлттан жабағы - салбырайды қызыл мұң?!
Қара іңірдің бөзіндей - қара жарық жыртылып,
Елесің тұр көз ілмей - ішінде мың ызыңның,
Сенің жұпар иісіңді іздеп жүрмін тімтініп.
Бал күлкімді қайтаршы,беу Қараөткел жалынам?!
Осы жерде туғам - ды, осы арада ұрландым...
Сұрап шыбықтарынан, жауап күттім талынан!
Шіліктер де тұңғиық - таққан сенің сырғаңды...
Жетім білте желге ұйып, Керібестінің жалынан,
Кетік жұлдыз ілмиіп кірпігіме шырмалды.
Иісіңді!!!



Күз дегенің - ұясы құрғаған қу Маусым...
көктем кешкен күндердің тоқтап қалған тынысы...
Самайында қылаң кір - қылаулаған тау іші...
оңған күнің жылауық - тоңған түрің құнысып...
Өзегіңді өртейді өткен шақтың дауысы.
Тұман - мұңмен қауышып шулап желең жыл құсы...
Бұлағыңның күлкісі сынған - рең, жарлан үн?!
Бүрсең - бүрсең кілкіп жүр бұлт ішігін сілкісіп...
Сағымыңнан қалғаны - жасаураған жүрегің,
Жапырақтың зарлары - қарқылындай қарғаның.
Елестегі ес секілді өлген гүлдің - тірі өңі,
күліп келген көктемің - өксіп қайтқан арманың.
Өңіріңмен қоштасып, мөлдіреген шықты ішіп,
Жаурап күртік күбірің, жыртық - жыртық аспаның...
Жадың түнмен жамаулы, жататының бүк түсіп,
Жастығыңа жабысқан айдың нұрын жастанып...
Күз дегенің - ұясы мұздаған қу маусым...




АБСУРДТЫҢ ӨРІМІ

Темірдің қаңсығы жабысып,
бедерлі тастарда, сөйлейді мың тілде,
даланың аңысы.
Нелер мұң, гөй-гөйлі аспанда.
Топырақ қабатын жамылып, бүлкілдеп салмағы,
ертегі іздері, бір-бірін жастанып, қыл қалам ұшында жұғыны,
иегін сүйенген кескінші... Үскіні.
Таулардың ығы мен жапырақ парақтар самалы
заманы айқайлап ышқынып, сулардың арнасы қайталап,
арнасын уақыт ішіне шегелеп, аяғын сүйретіп,табаны,
іздеді іздерін егеген.
Байқамай өтпейтін тағылық аспанның ниетін, немесе
бұлттардай еңіреп,бұлтардай күйетін,
шоқылар оқыған өлеңдей, тоқылған даланың өрмегі,
көлдегі жазулар толқыны өмірдің кебінін киетін.
Бұлбұлдың дауысы тамады, өледі мың жылда сайрамай,
төбеңде желбіреп өледі сәт сайын желбіреп байрақ Ай.
Басқаға байланып, басқаға жүгініп, құмсағат жабады барлығын
жанартау лақтырған балбалдың үгіні.
Аяғың астында мұздақтар құбылып,
шағылған айнадай...
Сияқты қиямет сабағын бөктеріп белгісіз бағытқа
бағыттар аунайды, жығылып.
Күбірлеп ерек бір лептер іліммен сүйектер ыржақтап күледі,
кезінде езуі тілінген.
Мүжілген ауыздық секілді азуда ілінген - қаланың бүлінген бүгіні.
Бетіңде бәрі айқын, бүйрегің, бүйірің,
Шырқырап ұшады шыбының.
жиылған жарандар қиығы, аршаның иісі - желге ұшып,
иістермен сүйісіп,
Бедерің,кемерің сағаттай тұңғиық, белгісіз иірім.
Тәлтірек,әлсіздік құлынның жүбіндей ұмтылар ауаға сүйеніп,
Қорқыттың әуені сүйеді иінген желінін биенің.
Молшылық уыздан,саумалдан салбырап
түнімен Моцартың иегі...
Арудың меңінде аңырған, міңкілдеп таң іші.
Уызбен балқыған,уызды жамылған сүйегің.
Темірдің қаңсығы жабысып,бедерлі тастарда,
сөлейді мың тілде,
даланың аңысы,
болмаған,бітпеген бейезеп киелі үн.
Сол үнге былығып, құнығып тілдескен және ішің,
боздайды астыңда сағымың - айнаның сынығы...
                                                                                      08.08.2018

(аяни гомеоэлегия)


* * *

Өткір құздың күлкісі... О, мұзбалақ,
«Ақ-о-о-о-оу!» - күмбір ысылдап жайқалады.
Шөптің қызғылт ұшында қобыз жылап
Теңбіл елең же-ле-ді Ай тағалы.
Сайда аламан самал жай, айқайлы үркін,
Сеңгір-сеңгір селеулі өр нұрға сүңгіп,
Қара өлеңнің дәмін-ай,
пай-пай шіркін!!!
Тырау сүмбіл аспаннан тырна сырғып.
Құлқынсәрі қуалап сыңғыр дауысын,
Жылқы ізінде өлең жүр қайқаңдағы,
Бұлдыр-бұлдыр мұң кешім – бұл бір Маусым,
Бұла бесін көшеді Ай таңбалы.


* * *

Ұлы жолда апанды ұры-жым көп, мұншалық,
Жалын жалмап жаһандық - жалғыз ойдың су көзін,
Гүлдер мөлтең жас төгіп, шер айнадай мұң шағып?!
Бей заттардың кебіндей сезбейтіндер туды өзін...
Сансыз жұлым түнгі ызғар - жердің бетін тұмшалап
Адамзаттың әуенін басы-на-р-сың-дар, ә?!
Алдауыңа қараймыз әлсіз ғаріп күн салып,
Шырақ, сен де бір күні ашыларсың іңгәлап!!!
Адамзаттың мойнына асылатын Күн алда,
Шалғы айдың бетінде қалғып тұрған мәңгі із, Біз.
Ешбір мәнсіз жолағы кескінсіз көк тұман да,
Сіздің күллі күйіңіз миыңызда пәң Жұлдыз!!!
Сорғалаған сорғыған соңғы атамыз Ор Ғұндар,
Қорғалаған жер жалғыз, өзіміз де жалғызбыз?..
Оңға қараң - ғаламда ойып алған орыным бар,
Жаһан деген жалғанды жаншып өскен жанды ізбіз.
Аппенияда әппақ нұр, Ромулада әуелгім,
Мәрт Колизей – солған ми, толған, қалған қонышым.
Қасиетіне сенем бе, сан дәуірлі сәуемнің,
Біз өмірміз – беу ғалам, жер – ілулі қонысым,
Сен ақырын күте бер, ең ақылды әуеннің.


* * *


Сайда салқар бұлыңғыр жаймашуақ кешіп жүр,
Па-а-й, керімсал сұлулық – падишасы іңір ме-е ең??
Қой қараған тұсымнан қоңыраулы бесік жыр,
Ой жусанның бояуын бойымызға сіңірген,
Алабажақ алаптың ғажабын-ай, мұның!
Етегінде еңістің жел кеулеген сыбыр мен,
Кеужірінде кернейдің үні қалған тай, құлын!
Қара көзде жүзетін уақыт пен ғұмырмен,
Үстіндеміз бе, әйтеуір үрден берген қайғының?!
Еркелеп кеп, кетерде еңіреген көктемің
Жоғалтарым секілді, жолығардай тағы алдан,
Соңы оянған даланың мұнарына шөкті өңім.
Үнсіз әуен, үнсіз нұр уыты бар қадалған,
Өшіп кетіп өнерің – өксімедің, өксідің?!
Өлең сүйреп өлерсің өрмегі көп, зады алуан?!
Өңменіңді өртей ме, өзін шалған көкшіл үн,
Көлеңкесі өзінен өзгермеген Адамның.


* * *


Арбасулымын, дарға асулымын бүгін Мен.
Жалаңаш үміт жанымда қонақ, шала Шын!?
Мөр басулы үрім, «обал-ақ!!!» - көгала күзге жүгінген.
Әппақ сүтімен арымды жапқан анашым!!!
Сүлдерім бұлтта, сүгіреттерге елес емінбей,
Түндер еседі, күндер өшеді жолай бүлінген,
Самал жел шарпып ып-ыстық сенің деміңдей,
Қараөткел жылап ағады көзіммен Менің, үніммен.
Бүрсеңдеп тоңған гүлдердің нәзік нілінде өң,
Мұң болып ұшып жоғалып көкке қанатты,
Жыртық жержатыр, кірпікке сорғып ілінген,
Мыртық тауларды мыжып, тегершігі теріс сағаттың;
Өлгенін айтып өзгешелігі жоқ тағы таң атты!!!
                                                                                  2016.08.16

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...