ТАБИҒАТЖапалақ қарЖапалақ қар себелеп,Жердің бетін қаптаған:Секілді көп көбелекҚонарға жер тап...
Азамат Серікұлы. Қарғыс (әңгіме)
Ол бүгінгі ажалын тағы да күтіп отыр...
Ол бүгінгі ұйқысыздығын кофеден көрді. Жарым сағат бұрын сынық кесесіне демін алып қалған ақ судан құйып, шөкім қасық қант қосып, кофемен терін шығарып алмақшы еді. Бір жұма бойы нөсерлетіп жауған ақ жауын Алдиярдың да төбесін тесіп кетті. Тұйықтығы түнмен қара жамылып, қалжырап отыр. Кеш батса болды бұқпалығы ұстап, тысы кірлеген көкшіл өңді көрпесін жамылып, ыңырсыған диванға құлай кететінді шығарды. Таң бозынан шырылдаған шымшықтардың шиқылына шатыған қиялдары шырмалып, түндегі шегілген шылымдарының тұқылы терезеден əрі үрлеп, қалған спирттің сарқынын суға араластырып, бабын келтіріп, екі-үш стақанды бір демде сіміріп алып, ашқарында темекісін будақтатып отыратыны күндегі əдетіне айналды. Селдете басталатын жауынмен өзінің де тазарып алғысы келетінін күңкілдей сөйлеп, Құдаймен тілдесерім бар деп күбірлеп жүретінін кесенеге барған сайын қайталай беретін. Бəрі сол жарты жыл бұрынғы ойларының кеселі. Оның ұйқысыздығы да, өзімен-өзі арпалысатыны да жарты жыл бұрынғы ойларының ауырлығы еді. Бүгін тағы кесенеге келіп, құстардың қаңғыған дауыстарынан өзін іздей бастады. Ғұмырлық сапары енді басталғанда, жұмыр басының өлім жорығына өзін сүйреп əкелгенін іштей сезетін. Ажалы қитығына тиіп, бұл байғұсты қыңсылата беретін. Сірі денесіне кенедей жабысып, қаңтардағы кəрі аяздай қарыған ойлары қарадай қанын сорып жатты. Ол мұны кім үшін, не үшін жасап жүргенін түсінбей өтетін маскүнемнің кейіпіне енген бейбақтай басын салбыратып, кесене қабырғаларына жантая кететін. Өлердегі дауысын өзі ғана еститініне кəміл сеніп, қара жердің қара топырағынан да шошитынды шығарды. Жығылып, сүрініп бір заманда жалданып тұрып жатқан тоқал үйіне келіп, сол баяғы салтымен диванына құлай кетті. Түн жарымда оянса, тас қараңғы бөлменің іші де тыныштықпен ымыраласқан. Ол өзінің осыншалық əлсіздігіне кейіп, басын жастықтан көтерместен жылай жөнелетін. Əуелі, досының асылып өлгені, жиен ағасының суға кеткені, өгей шешесінің екі жыл бұрын, қарашаның бел ортасында жоғалып кеткені, сосын сүйген қызының жезөкшеге айналғаны, соңынан өзінің жарты жыл бұрынғы тамұғына байлаған серті мұны мағынасыздыққа масыл қылды.
Бөлмесінің іші ысқа көміліп, қабырғалардан сорғалай аққан тамшылар нілдей сіңіп қалған. Үстелінің үстінде шашылып жатқан жүз қаралы кітап, бес-алты бума қағаз, одан қала берді газеттер қиындысы, арғы-бергі хаттар, жыртылған парақтар, жазуға керектінің бəрі бар дүниелер. Оның əдебиетпен əуестігін, музыкаға үйірсектігін, суретке құмарлығын бөлмесіне кірген бетте бірден байқайсыз. Өзі жатып жүрген диванының жоғары жағында ілініп тұрған түсініксіз картиналар да Алдиярдың өз туындысы еді. Бір бұрышта тұрған қоңыр гитарасы мен радиосы да бөлмесіне кірген адамның назарына бірден ілігеді. Оның өлең жазатыны да бар. Мектеп бітіретін жылы алғашқы жыр-жинағы жарыққа шығып, аудандық мəдениет үйінде кеші де өткен. Əдебиетке қатысты не бар соның барлығының басы-қасында жүретін. Мұқағалидың туған күні, Жұмекеннің мерейтойы, Қасымның кеші, бəрі-бəрінде басты рөлде өзі болатын. Жанына жақын ақындардың өлеңін жатқа соғып, прозашылардың жазған дүниесін өзінше сынап жүретін. Мынау классик, мынау хальтурщик деп. Ал, бүгін бəрінен мақұрым қалған пенденің қылығына басып, қырысып отыр. Жазу үстеліне күніне екі айналып соғып, жазбаларын қолына алып, көзін жүгіртіп, мырс-мырс күлетін. Күңкілдей күлген күлкісінен зілді бірден аңғарасыз. Жарты жыл бұрынғы күлкісі, бүгін тағы да қиғылық салды. Жарты жыл бұрынғы...
Ол бəрін, бəрін аяқсыз қалған романынан көретін. Оның аяқсыз қалған романы өз өміріне еніп, өмірінің күл-талқанын шығарды. Қиялы өңіне айналарын кім білер дейсің?! Осыдан үш жыл, бес ай бұрын бастаған романы "Қарғыс" деп аталатын. Өзі солай қоюды жөн көрген. Мен роман жазуды бастадым деп, қасында жүрген Əрімбек пен Рауанды үйіне шақырып, түні бойы ақтан ішіп, аяғында коньяктан тартты. Ертесімен жазып бастаған "Қарғысын" жалғастыруға көшті. Түнімен ұйқы жоқ, таң атысымен кешке дейін керіліп жататын. Осылай жалғасқан түндері мен күндері жеті айға созылды. Өңі де бұрынғыдай емес балауыз шамдай бозарып, көзі-басын ісік шалып, гүрс-гүрс жөтеліп, күңірене жұмыс кабинетіне кіріп кететін. Жұмысы сол - "Қарғыс". Жеті айда екі жүз жиырма жеті бетін жазып, енді бірер күнде тағы бір көріп шығамын деп ойлап жүретін. "Қарғыстағы" детальдар, кейіпкерлер, диалогтар, оқиғалар желісі, басталуы мен аяқталуына дейінгі ойлары күн өткен сайын өз алдына, көз алдына келе берді. Қиял емес, өзі өмір сүріп жатқан ортасында "Қарғыстың" реңі байқалды. Ол оған алғашқы күндері мəн бермеді. Мəн беретін де уақыты жоқ. Ауыруы да, дерті де - "Қарғыс". Алдымен, көршісі, мектепті бірге бітірген, жақын жолдасы болған, ауылдың түнгі көшесінде бірге қаңғыратын, бірге қыз-қырқынға баратын досы - Дəуірбектің жақында ғана асылып қайтыс болғаны. Топырақ саларына барып, қырқында үй-ішіне көмектесіп, Дəуірбекті де аттандырды. Бірақ, "Қарғысқа" бір ай салып қайта отырғанда бірдеңеден күдік үрейі бой көрсетіп қалды. Неден екенін білмейді. Ол өзінің жазып жатқан дүниесімен бұл оқиғанын еш қатысы жоқ екенін, тіпті, қисынға келмейтінін де бірнеше рет талқыға салған. Қайтадан жазуға көшкен. Жаза берді, жаза берді. Тағы да екі жұма өтісімен жиен ағасының суға кетіп қалғанынан хабар келді. Бұл жолы суық тері бұрқ ете қалды. Осыдан екі күн бұрын ғана дəл осы көріністі пысықтап, абзатцтан бастап, күрделендіріп, шығармасына əкеліп қосқан. Міне, осы жолғы суық хабар "Қарғыстан" хабар бергендей. Осы жəйтті естісімен жазған дүниелерін қопара кетті. Айнымай келіп жатқан қиялының жемісі ажалдан - ажалға, өлімнен - өлімге көше берді. Ол тағы да мұның маған, менің шығармама еш қатысы жоқ деп сырттай мойындағысы келмеді. Бірақ, іште бір қыжыл бар. Ажалдары келді, өлді. Мен мұны неге өз басыма алуым керек деп "Қарғысын" болып жатқан дүниелерден қызғанып, тың идеялармен, жаңа күшпен жазуға бет алды. Солай, айдан - айға, күннен - күнге аттады. Ол осы жазғаннан романның шетін шығарғандай көрінді. Ақыр-аяғы, бітті. Көңілі толып, өзінің көркем əдебиетке "Жазушы" болып сапарға шыққанын, бұл романның əлі алысқа шабатынын ойлап қояды. Бүгінгі қуанышымен бөліспек болып үйіне бірсыпыра қонақтарды шақырды. Оның ішінде ақыны да бар, жақыны да бар, жазушысы да бар. Түнімен мəйханалатып, "Қарғысын" қамсыз көңілмен тойлап бастады. Аста-төк ішілген ішімдіктер, оқылған өлеңдер, қарша жауған тілектер, отырыстың сəнін кіргізген əндер, сəн салтанатпен бет-аузын бояған қыздардың мастыққа басып, сезімге берілгіш ақындардың мойынынан аймалай жөнелгені, бəрі-бəрі "Қарғыстың" құрметіне. Осының буымен көп кешікпей "Қарғыста" роман болып басылып, Алдиярдың ертеректе жазған бірлі-жарым əңгімелері мен повестері бір томдықта жарық көрді. Аяқсыз қалған романына жұртқа білдірместен, іштей өкініп те жүр. Ауылдағы ағайынның, қаладағы таныстарының, оқырмандарының ілтипатына бөленіп, алғыстан-алғысқа шомылды. Осылай көктемі өтіп, қаралы күзі қарғысқа қалды. "Қарғыстың" қарғысы өгей шешесіне тиді. Қарашаның күзгі дауылында шешесі жоғалып кетті. Алдиярдың айлап, түндеп іздегенімен, ауыл жұрты өгей шешесінің енді оралмасына кепіл болғандай. Иə, бұл "Қарғыстың" бір бөлігінде жазылған көрінісінің бейнесі болатын. Қан құсардай құсалықпен "Қарғыстың" қорлығын көрген Алдияр қанішер екенін енді түсінді. Кітап дүкендеріндегі, мектеп кітапханаларындағы, бөлмесіндегі "Қарғыстардың" барлығын жинап, түгін қоймай өртеп жіберді. Енді өзін-өзі өртеймін деп ойға бекіген жазушы, сүйген қызының жезөкшелігін де көрді. Ол да "Қарғыстың" кезекті бір қойылымы еді. Кезекті ойыны. Өз қолымен, өз идеясымен жазылған бұл роман ғұмырын жазды.
"Қарғыс!", "Қарғыс!", "Қарғыс!",- деп ұйықтамаған түндері тамұқтың, тозақтың түніне ұласты. Тағдыры қарғыс болды. Жарты жыл бұрын аяқталған романы Алдиярдың соңғы сөзін қашан естиді екен, белгісіз. Жарты жыл бұрын аяқтаған романының нүктесін өз-өзіне қойған. "Қарғыс" аяқталды.
Ол бүгінгі ажалын тағы да күтіп отыр...