Шынай Рахметұлы. Мұндар мұңлықтар

ӘДЕБИЕТ
9024

(Деректі әңгіме)

Өткен ескі қоғам бізге сыры жұмбақ, түйіні шие көп құпияларды да тастап кеткен. Солардың бірі өкіметке жан аямай адал қызмет етіп жүрсе де халық жауы ретінде қамауға алынып, азапты тергеуде жаны қиналып, енді ғана жан беру сәтінде ақталып, түрмеден азат ету туралы шешім қабылданған Махмет еді. 

Махмет кім, ол не үшін жазықты болған, ұрпағы болған ба? Осы сұрақтың жауабын жылдар бойы іздеп таба алмай жүргенде өзінен-өзі табыла кетті...

Дүние жүзіндегі ну ормандардың ағаш жапырақтары сырттай қарағанда бәрі бірдей өзара айыра танығысыз ұқсас көрінгенімен нақтап қарап салғастырғанда ешқайсысы бірімен бірі ұқсамай, қалай да бір өз-өзінің ерекшелігі болып шығатыны секілді жер бетіндегі миллиардтаған адамдардың да кейіп-кеспір, түр-тұрпат, сыр, мен сымбат жағынан ұқсас көріне тұра маңдайға жазылған тағдыры әралуан болып келеді. Әсіресе мінез-құлықтары әртүрлі, байыбына бара алмайсың. Біреулер алақанда аяланып, майға оралып өссе дүниеде өз басы ғана еркін, ерке болып жаратылғандай асқақтап ойына не келсе соны істейді де басына болымсыз іс түскенде күрт түсіп тірі тозақты бір ғана өзі тартқандай күйгелектеніп жалғанның жарығынан баз кешеді. Енді біреулер тіршіліктің ауыр мехнатын ғұмыр бойы бастан кешіп келе жатса да қыңқ етіп мойымай, арқасы жауыр, желбезегі жырым-жырым жансебіл кәрі атандарша құдайдың басқа салғанына көніп жүре береді. 

Саналы ғұмырының ұзақ жылдарын ауылдық клубта домбыра, сыбызғы, гармон тартумен өткізген, дарынды қарт музыкантпен арада қырық жыл өткенде қайта бір жолығып әңгімелесудің орайы келді. Бұрын бір жылдай ауылдас, көршілес болып, бір мекемеде қызметтеген едік. Өз тағдыр талайы мен пешенесіне көңілі тоқ, қайғы, уайымы жоқтай көрінетін сол адаммен етене іштесіп сырласқанда ғана құпияның беті ашылды. Адамның жан дүниесінде ішке бүгіп, тіс жарып тірі жанға айтпай бақи дүниеге өзімен бірге кететін сырлар да аз емес, Ал бұл әңгіме оның да көкірегінде байланған шер, жүрегінде тағдыр салған тыртық барын әйгілеп берді.

– Менің азан шақырылып қойылған шын атым Қалым емес, Ғабдолхалым және әкем «төңкерістің жауы» атанса да осы төңкерістің жолында жас жанын пида еткен Махмет-деп бастады әңгімесін, -Балалық шағым соғыс, қақтығыс, торығу, толқу жылдарында өтсе де «өткен өмір-сөнген көмір» ғой қарағым, оған өкінбеймін, одан бертіндегі, бір мың тоғыз жүз елу, алпысыншы жылдардан бергі бейбіт заман, берекелі тұрмысқа шүкірлік ете отырып, бізден кейінгі ұрпақтың заманы бейбіт, тұрмысы мамыражай болса екен деп тілеймін. Бізден бұрынғылардың заманы кейбіреулердің айтқанындай «қазақтың коммунизмі» емес, әлімжеттілік істейтін жуандардың «демократиясы» болып өткеніне өз басым таңданбаймын.

Менің арғы атам Жантемір деп аталады. Жантемірден Уанбай бабам малды, дәулетті болған екен. Бәйбішесі Таңсықтан үш қыз туыпты. Шаңырағын басып, мал дәулетіне мұралық ететін ұл болмағандықтан Шүйдегі найман елінен Дулат дегеннің қызы Мәнкірді алыпты, қалың малын беріп. Менің әкемнің әжесі сол Мәңкір. Ол кісі туралы ел аузына жайылған:

«Тегі асыл Шүй найманы туған елі,

Болыпты өзі сұлу, өзі сері.

Бала үшін дұшпанына ерік бермеген,

Әйелдің болады екен мұндай ері» деген өлең де бар. Мәнкір апа жүз жасап бертінде өмірден озып, Бөкеқарындағы зиратқа қойылған. Бөкеқарында мешіттің орны бар, соның түбіне жерленген. Ол мешітті Нәжитпан молла сол тұста ғана, 1930 жылдардың соңғы шенінде тұрғызған екен, амал қанша, саяси нәубет дейтін зұлмат басталғанда Нәжитпанды төрт бірдей ұлымен бірге ұстап кетіп көзін құрытып, мешітті ойрандағандықтан ол өңір зиратқа айналған. Менің туған туыстарым сонда, бұйырса өзіме де мәңгілік құтты мекен сол болар, уақытым таяп келеді-деп ауыр бір күрсініп, Қалекең әңгімесін одан әрі сабақтады:

– Мәнкірден Сүлеймен атам мен Бұрқасын деген қыз туып, қызы ұзатылып, Алтайдың күн бетінде қалыпты. Уанбай біздің Моңғол Алтайының Қарабұта деген жеріне қоныс аударып келіп, көп ұзамай қайтыс болыпты да сол сайдың аузындағы жәнтекей руының үкірдайы Барламның әкесі Шәку ұлы Сабылдықтың қасына жерленген, көп бейттің ортасындағы екі үлкен тас қабірдің бірі. Біздің қазақта ежелден келе жатқан «аға өлсе іні мұра» дейтін салт болған ғой, әсіресе мал-дәулетіне, жас әйеліне көзі тұнған ашқарақтар шаңырағы, ұрпағы жатқа кетпесін деп ондай жағдайда өзара ашық-екі таласқа түседі. Оған ие болғаны жақсы адам болса марқұмның ұрпақтарына пана, қамқор болады, жақсы болмаса мал-мүлкін пайдаланып, балаларын ит көзі түтін танымас қаратабан құлға айналдырады, құлға!

Жап-жақын ағайындар Уанбайдың да мал мен дәулетін, жас әйелін қолға түсіруге өңмеңдеп жанын салады. Тіпті біреуі: «Ең жақын жанашыры мына менмін, жол менікі, ықтиярымен келсін маған тоқалдыққа, келмесе қол жинап барып шауып әкетем» деп кісі салған екен, сонда Мәнкір апамыз: «Жанымның бойында барында мен ешбір ерге тимеймін, Уанбайдың шаңырағын сақтаймын. Алла қаласа біреудің босағасына тастап обалына қалмай жалғыз жетімегін асырап-бағып, қолын ат шоқтығына жеткізіп, мал-дәулетін қолына саламын, арманым осы ғана» деп жауап беріп қайтарады да, ақыл кені ұлы-кәрілерге барып жөнін айтып, бұл маңнан ұзаңқырап қоныс аударып кетуге ұйғарым, ақ батасын алып, Дэлүүннің жері Бұзаукөлге көшіп келіп мекендейді. Жетім жетіледі, Сүлеймен ержетіп әубісміллә деп Көки әжеммен некеленіп, бес ұл, бір қызды болған соң Көки апам қайтыс болыпты да атамыз Жаңыл деген әйелмен тұрмыс құрып, одан Жәмиғұл деген жалғыз бала туыпты да ол апамыздың да ғұмыры ұзаққа бармапты. Жәмиғұлдан бес ұрпақ өрбіген.

Өткен күнде белгі жоқ, Жаңыл әжем өлген соң атам Сүлеймен және бір әйелі Сасырбай қызы Еңсежанды алыпты. Есейіңкірегенде осы жайдан хабардар болған мен «Үш әйел, қалайша әйел құтаймады екен?» деп ойлап таң қалатынмын. Сөйтсем үш әйелі жол қылсын, одан да көп екен. Оның мәнісі былай болып шықты:

Бала кезімізде Еңсежан әжеммен ойнайтын қайындары, замандастары, әлде жезделері болуы керек біреулер, ойыны ма, шыны ма қайдан білейін, Еңсежан апамды «Әй, бесінші!..» дейтұғын. Ол сөздің не мағынасы барын қайдан білейін, бір күні анадайтын жерде кетіп бара жатқан Еңсежан апамнан әлденені сұрау үшін «Әй бесінші апа-оу?» дедім. Ол кісі жалт қарады да шамданып ашу шақыра: «Әй не дейсің, а?!» деп өзіме қарай тұра ұмтылды. Қорқып, қаша жөнелдім. Қуып жетіп арқама екі түйді де сүйрелеп алып келіп өзіміздің үйдің түндігінің бауымен байлап тастап, ақырып-ақырып, «Бұдан былай бүй десең аузыңды қышқашпен бұрап жұлып алам!» деп кетіп қалды. Қыстың қүні, аяғым тоңып, қолыма байлау батып бақырып тұр едім, өзімнің шешем жетіп келіп байлауды шешіп:

– Не істедің кіші апаға, бірдеңе дедің бе?-деді. «Бесінші» деп неге айтылғанына, айтуға неге болмайтынына таңмын. Қорықсам да жасырмай жөнімді айтып едім:

– Енді қайта олай деп айтпа. Расында бұл апамыз атаның бесінші әйелі. Айтсаң шамданады. Е, бұл мұндар да не көрмеді. Бала кезінде панасыз жетімдіктің бейнетін бек тартыпты. Бертінде маңдайына біткен екі бірдей перзенті жастай өмірден өтіпті. Аяуымыз, есіркеуіміз керек қой бейбақты-деген ақылын айтып. «Еңсежан әжем атама қарағанда тым жас және атамның оның алдындағы екі әйелі кім, олар қайда?» деген сұрақтар мені мазаласа да «аузы күйген үрлеп іщеді», оның мәнісін білуге батылым бармайтын. Бертінде ержетіп ақыл тоқтатып қалған кезімде Еңсежан апам мені өз қасына шақырып алып:

– Тыңда балам, енді сөз ұғатын шағың болды ғой, өзім айтайын. Анау жолы ұрғанымды көңіліңе ауыр алма. Жұртқа жайылса ұят болады дегенім ғой. Мен шынында атаңның бесінші қатыны, сенің бесінші әжеңмін. Өз аузынан естідім, атаң Жаңылдан соң бірінен соң бірі едел-жедел екі әйел алыпты да, атаңды кәрісінді ме, ол бейбақтардың мінез-құлқынан болды ма кім біледі, әйтеуір жүзденбегі жараспаған соң екеуі де кетіп қалып, қырық тоғыз жасқа келгенде, «жол ортасына келгенде атың өлсін, жас ортасына келгенде қатының өлсін» деген қарғысқа тап болғандай қара шаңырақта сопа басы мең-зең қатып, қаңғырып отырады. 

Сөйтіп отырғанда ол жарықтықтың бағы, менің сорым ба кім біледі, қайдан жүрген кім екені белгісіз қазағы, сарты бар бірнеше саудагер Қобда басының керейіміз деп осы жаққа жетіп келеді. Солармен сауда жасап әңгімелесе отырып: «Менде мал-дәулет дегеніңіз жетіп-артылып, жыртылып-айырылып жатыр. Дәулет болғанымен ұлдар ержетіп, отау көтеріп жай-жайына, қыз бойжетіп байына кеткен. Қолымда кәрі шешем ғана бар. Мынау атадан қалған киелі шаңырақ еді, осы үйге ие болған отанасы қатыным өліп, жол ортада жаяу қалған жолаушыдай сандалып отырған түрім мынау. Осындайда малың болса төсек жаңғырт деген қайда. Елдерің жақта әйелдікке жарайтын адам болса тауып беріңдерші!» деп қолқа салады. Сонда саудегерлер: «Ойбай-ау ол не дегеніңіз, рас айтасыз, мал болса ондай-ондай табылмағанда ше. Жас ортасында тұрған не бар, Сексенбай, Тоқсанбайларды апаларымыз күлге аунап таппаған ғой. Айтпақшы біздің жақта бір кедейдің бойжетіп отырған жалғыз қызы бар. Қаражон мықты бала. Малдылары кедейсінеді. Малы жоқтары айттырайын десе малы жоқ, оның өлмелі кәрі әке, шешесін асырайтын халі жоқ қашқақтайды. Қалыңы келіссе «қанды басың бері тарт», елп ете түскелі-ақ тұр. Мал аямасаңыз қалыңын біз айдай кетейік те құдаласып әбден сөз байласып «пысырып» қояйық. Пәлен күні келіңіз» дейді, Әбден зарығып отырған атаң көне кетеді, бірталай малды алдарына салып айдай жөнеліп олар кете барады.

 «Мал, мал, малдан кейін ал» емес пе, атаң жанына бірнеше адамды ертіп алып уағдаласқан күні ат өксітіп, түу сонау ит өлен жердегі біздің жаққа жетіп барады. Жетіп барса ғой, өтірік пе, шын ба, әлгі қулар: «Ойбай, жә ма жә деп, жарты малды беріп сөз байласқан-ақ едік, бірақ ол ауыл жалғыз түнде үркіп, берген малды да айдап Қоммен асып ауып, арғы бетте туыстары бар екен, соларды баран тартып кете қалыпты. Одан қалған малды керектеніп қойып едік, енді қайттік?!» деп қысылған болады. Жылмия танып, бет бақтырмай қояйын десе қарулы топтың сұсынан қорқады. Ақыры тарыға отырып: «Осы әнеу бай ауылда әке-шешесі өліп жетім қалған, жанашыр жоқтаушысы жоқ, малай боп жүрген бір әйбат қыз бала бар. Қаршадай болғанымен шіркін өжет-ақ. Балиғатқа жаңа толып келе жатқан болуы керек. Тымақпен ұрғанда жығылмай қалса балиғатқа толдыға санайды емес пе, қыбын тауып ұстап алып соны өңгертіп жіберсек қайтеді, міне осыған қалай қарайсыздар?» дейді. Тарыққан соң амалы қайсы, құр қайтатын емес, атаң мақұл болады.

– Бесіктен беліміз шықпай жалғыз бауырым екеуіміз жетім қалдық. Қарғам-ай, көрмегенді көрдік қой. Тірі тозақ... Оны айтсам көзімнің жасы тоқтамайды, айта алмаймын-деп жанарынан жас сорғалап үнсіз біраз отырды да еңірей жөнелді. Енді бір уақ тоқырап, өзегі үзілердей өксіп-өксіп алып:

– Ол ол ма, бір сүрінгенді қырық сүріндірген қу сор... Бауырым Қойлыбай екеуіміз қу тамақ үшін байдың отымен кіріп, күлімен шығып, қырық жамау алба-жұлба тері тонды қаудырлата ұшып-жығылып дірдектеп таудың қуысында, өріске ұзап шыға алмай қалған арық-тұрақ тоқты-серкешті жайып бүрсектеп жүргенбіз... Әлденуақытта төбеден жай түскендей тасырлатып салт атты бір топ адам қасымызға жетіп келді. Қашпақ болып едік, аттарынан түсе-түсе қалып қаумалай келіп шап беріп ұстап алды. «Саған жанымыз ашыған соң келдік. Қарның аш, киімің жыртық, бүйтіп жүріп текке өлесің. Біз сенің үсті-басыңды бүтіндеп, қарныңды тойғызатын ауылға алып барамыз» деді. «Бармаймын!» деп бақырып бұлқынғаныма қарамады, Ат үстінде тепектеп келген біреуі иығымнан іліп алып, алдына қондыра салды да шапқылай жөнелді, Темірдей қатты тегеурінді қолдың құшағында бақыра-бақыра бұлқынып, әлсін-әлсін бұрылып Қойлыбайыма қараймын. Артқы жақтан екі өкпесін қолына ұстай жүгіре-жүгіре екбетінен түсе жығылып, дауысы құдайға жете жер тырмаланып ол қалып барады. 

Жандәрмен жағала-жағаласа, ойбайлап жылай-жылай дымым құрып, өзегім өртеніп талықсып естен танып қалғанымды ертеңінде бір-ақ білдім. Аузыма сусын тамызып, өзегімді жалғады. Көнетоз елтірі малақайымның бауын шарта байлап аткөрпе тоқып, «Мықтап ұстап отыр, кешікпей жақсы ауылға жетесің, жығылсаң ит пен құсқа жем болып иен түзде қаласың» деп қорқытып, енді біреуінің артына мінгестірді. Күні-түнімен желе-жортып, ертеңінде бір ауылға түнеп, оның ертеңінде осы ауылға келіп жеттік. 

Бейтаныс бір кемпірді қанша жатырқап, одан ат-тонымды ала қашсам да бөтенсуіме ырық бермей, беті-қолымды жуып-шәйіп, ыстық шәй беріп, «же-желеп» алдыға құрт-майын жайып, асты-үстіме түсті бәйек болып. (Жарықтық Мәңкір бәйбіше ғой, ол кісінің келешекте қайын енем болатынын мен бейбақ қайдан білейін, бай ауыл баяғы малайлыққа салатын шығар деген ойдамын). «Жылама, неге жылайсың?» дейді. Зарлана жер тырмалап айдалада қалып қойған жетім бауырымды айтамын, басқа мұң-шерімді айтуға шамам қайсы? «Жалғызға құдай өзі жар болады, еркек бала нендей күй көрсе де қиындық көрген сайын қайсарланып, ел қатарына ертең-ақ жетеді. Уайымдама, шаршайсың босқа»-дейді бауырына тартып, маңдайымнан сипап. Анамның жылы алақанын сағынған мен сорлыға сол алақанның өзі медеу, өзі демеу болмады ма, өксігім бәсеңдеп, өзегімді өртеген өкінішім де сәл-пәл басылайын деді. «Жылама қарғам, сабыр ет, «адамның басы алланың добы» деген емес пе. Бірге тумақ болғанымен бірге жүрмек кем де кем, бірге өлмек жоқ. Жаратқан иеміз әйел затының маңдайына осындайды жазған. Мен де төркінімнен қарға алып қашқандай қаршадай кезімде ұзатылып кеткем. Төркінім Ресейдің жері Шүй деген дарияның бойында қалған. Әкем Дулат найман рулы ауқатты кісі болатын. Мен ұзатылып кетісіммен Ресей мен Моңғолдың арасындағы кірен тастай бекіп тарс жабылған, содан бері жым-жылас, күні бүгінге шейін хабар-ошар жоқ-деп өзінің де жанарында жас мөлтілдеп, маңдайымнан сипап, тамақтандырды. Шомылдырып, бүтін киім кигізіп, қасына алып жататын болды. 

Жалғыз бауырымды ойлаумен талай түндер ұйқым қашып, санамен сарғайсам да, кешегі бір үзім қоректі кім берер деп көрінгеннің босағасында телмеңдеп көз сүзіп, ақ боран, сары аязға қақталған аш-арық күндерім ұмытылыңқырап, енемнің жылы мейірі бауырына тарта берді. Әркімнің қабағына қараған жасқаншақ әрі көргенім аз мені сол кісі жігер мен инабаттылыққа баулыды. Бойжетіп келе жаттым. Сөйте келе «Қыз он беске келгенде шашынан көп жаласы» дегендей, кей қызды бесігінде атастырып та қоятын қарабайыр қоғамда басыма: «Енді маған кімдер келіп құда түсер екен?» деген ой келе бастағанда, күндерде бір күні Мәнкір апам: «Әй қызым, енді сен маған келін боласың, көйлегіңді жөндеп ки, шашы-басыңды түзе, ос шаңыраққа өзің ие боласың» деді. 

Аң-таң, аңырып отырып қалдым. «Сонда кімісіне?». Сұрағымның жауабын кешіктірген жоқ: «Ол да менің өзегімді жарып шыққан балам, саған егде көрінгенімен маған әлі сәбидей, Сүлейменге тиесің» деді. Басым әңкі-тәңкі. Баласындай ғанамын, ұят-ай, бетім!..» деймін іштей. Ұятқа қарсы келетін заман ба, Апам мені өз қызынша ұзатып, өзі келін етіп түсіріп алып, ақсарбасын айтып сойып, ақ батасын берді. Тағдырдың басқа салғанына көндім де именшектеп барып Сүалеймен атаңның қойнына қойып кеттім ғой-деп Еңсежан апам ұршығын шырқ иіріп отыра берді.

– Апа, сонан кейін әлгі анау батыстағы туған жеріңізде қалып қойған жалғыз бауырыңыздан хабар-ошар болды ма?

– Қарғам Қойлыбайым-ай, қайтейін!-деп апам көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді де: – Бар деп ұзынқұлақтан еміс-еміс еститінмін. Бір рет болса да жолықсам-ау деуші-ақ едім, қу тіршіліктің күйбеңі, ойпыл-тойпыл, аласапыран заман жар берді ме, құрып кеткір. Әйтеуір жер басып бірталай жүрген секілді, бірер жылдың алдында «Әжептәуір отбасын құрып, балалы-шағалы болған еді, өлді» деген ғана жалғыз хабарын естідім, адам шіркіннің арманы таусылған ба!.. – деді. Обалы кәнеки, кіші апам рас айтады, бұл жақта да не болмады, 

– Не болып еді Қалеке, айтыңызшы соны да жасырмай?

– Менің әкем Махмет Сүлеймен атамның бәйбішесінен, басқа анадан туғанымен атамның әйелі, әкемнің өгей шешесі болғандықтан Еңсежан да менің әжем ғой, ол да мені өз немересіндей көретін. Ал мен өз әкем Махмет Сүлеймен ұлынан бір жасымда ғана жетім қалғаннан бастап бүкіл әулетімізбен ауыр қасіретті Еңсежан әжеммен бірге тарттық. 

Жетімдіктің дене азабын шегіп сазайымды бек тартқан шығармын. Дене азабы дейтінім, күнкөріс үшін тыраштанып шеккен бейнетім ғой. Ал егер сол кезде ақыл-есім болса қайғыланып жан азабын шегер едім, бірақ ес білмей тұрып жетім қалғаныма қуанамын да шиеттей үш перзентінің жетімдігі мен өзінің жас жесірлігінің азап, бейнетін арқалаған анамды, онымен бірге қайғыланып қан жұтқан кіші апам Еңсежанды да ойлағанда шыбын жаным шырқырайды. 

1900 жылы дүниеге келген әкем Махмет осы елде халық төңкерісі жеңген кезден бастап партияға ілесіп, қамшының сабындай ғана ғұмырын халықтық өкімет жолында сарп етіпті. 1928 жылы Моңғолиядағы қазақ ортасынан алғаш үш жігітпен бірге Улаанбаатарға барып кадр мектебін үш жыл оқып, партияның тапсырмасымен екі ел шекарасындағы Говь-Алтай жеріне барыпты. 

Ол жерде Қытай еліндегі алашапқын, қызыл қырғын дүрбелеңінен жан сауғалап, арғы беттегі Баркөл, Құмыл, Ала төбе, Ажбоғда, Алтайдан ел ағасы Дөңтай, Абдан, Адубайлар бастап 1929 жылдан үркіп ауып, Моңғол жеріне өтіп келген алты мыңға жуық абақ керей, найманы аралас ауылдарды тұрақтандыруды міндеттеніп, жаңа орнағын «Борх» атты қазақ уәлиетінің хатшысы лауазымына 1931 жылы тағайындалған екен. Оларды Моңғол өкіметі бауырына тартып көмек беріп, басшыларын өз ортасынан сайлатып, балаларын мектепке алып қамқорлық жасай бастайды. 

Алайда күншіл ағайын өзара билікке таласып қырқысады. «Ойбай біздерді дініне кіргізіп кәпір болғызғалы жатыр екен» деген өтірік өсекті өрттей қаулатады да бірталай ауыл үрке көшіп кері қашады, Біразы «Біздерді Қобда (Баян-Өлгий)-дағы отырықты қазақтарға қосып бер» деп арызданады. Өкімет бұл арызды да қалбылдайды, оны мақұлдағандардың алды Баяннуурға дейін жетеді де қалғандары арғы беттегі іргелі керейдің бүлініп, Тибет, Таңғыт, Үндістан, Пәкстан, Түркияны бетке алып азып, тозып, қансырап бара жатқанына қарамай соларға ере кетуге дайындалады. «Әкетайларым, сабыр етіңдерші, Моңғол өкіметі сендерге қылдай қиянат жасамайды, тоқыраңдар, жері кең, халқы кеңқолтық, қаңғымаңдар» деп Дөңтай мен Махмет жалыады.. Бірақ көнбеген соң Махмет көш жүретін асуға қарауыл қойып шекараны бекемдеуді өтініп хат жазып беріп бір серігі Бозай есімді мұғалімді Қобда аймағына жібереді. 

Бұлар не істер екен деп аңду салған қашқақтар Бозайды жол ортада тарпа бас салып ұстап алып ол хатты жояды да «Ойбай Махмет, Дөңтай, Бозай дегендер ел-жұртты азғырып, арғы бетке үрке көшкелі жатыр» деген шағым жазып Қобдаға жеткізеді. Жалған шағымның ізімен бес бірдей сақшы жетіп келіп Махметті серігімен айдап кетеді де, одан әрі Улаанбаатарға жеткізіп қамауға алып тергеу жүргізеді. 

Борхдағы елмен Махметтің арасы «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» бөгде адамдар. Ата-ана, аға-бауырлары сонау жиырма көштік жерде Дэлүүнде қалған. Отауын келіншегі, екі сәбиімен жуырда ғана осында көшіріп келген. Онымен қоса Махмет болса, өкіметке серт беріп сенім жүктелген өз өкілі, өз адамы. Сөйте тұра анықтап тектемей жаудың жалған жаласына ғана сеніп оны қаралау ақылға сияр ма еді еді?!... 

Дейтұрғанмен тергеушілердің көбісі бітеубас көрсоқыр, ұр да жық қандықол болғанымен бірінің болса да зердесі бар екен, хаттыс тола істі қолына ала салып аударыстырып қарап шыққан ол: «Мына екеуі екі жыл бойы нақақ азап шеккен екен. Босатылсын» деген шешімге келеді. Өкініштісі, ол шешім құлағына жетер-жетпесте ажал жетіп, Махмет көз жұмады да босап шыққан Бозайдың шамасы жолдасының мүрдесін Даландавхар қыратына жеткізіп, бетін жасырып, бет сипауға келіп, азалы хабарды ауылына жеткізуге асыққан. Тұңғышы Қанан атасының қолында қалған, бес жасар Кәрәбасын жетелеп, жасқа толмаған Қалымын бауырына басып, ауыл артындағы төбенің басында Сәлима жан жолдасының қарасы үзілгенше телміре қарап зар еңіреп қала берген еді. Жылай-жылай ақыры үміт үзілгенде арып-шаршап туған ел-жұртына қайтадан көш басын бұрған. Кешікпей 1936 жылы Махметтің қаза болған хабары жетті де, одан жыл өте ауыр қайғыны көтере алмай кәрі әжесі Мәңкір көз жұмды, оның жылдығына жеткізбей «халық жауы» Сүлеймен ұсталып атылып, мал-мүлкі талау-тәргіге түсті. Жиырма сегіз жасында жесір қалған Сәлима анам еңсесі бүгіліп еңіреп жетімдерін жетелей жүріп ержеткізді.

Сөйтіп жүргенде жұрттың балалары мектепке барып жатқанына қарап мен де ержетіп қалғанымды сезіндім. Бірақ оқуға барғаннан анама қолғанат болғаным артық деп білдім де оншақты қойдың соңына ілестім. Оқушы құрбыларымнан ұққанымды жазда құмның, қыста қардың бетіне жаза жүріп сауатымды аштым. Анашымның қабағы ашылар ма екен деген жанкештілік қой, оқығандардан тым артта қалып кем-қор болған жоқпын. Е-е-е!..

«Кімдерді кейітпеген мына жалған,

Ішіме менің дағы толған арман» деп басталатын өлеңім алғаш қар бетіне жазылған еді, енді соны дәптердің бетіне түсіріп жатырмын» – деген еді, 2005 жылы дүниеден өткен Ғабдолхалым (Қалым) Махметұлы.   

Өлгий. 2023 жылы 17 ақпан. Бейсенбі.

Картина: Печаль Земная

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...