Әсем қаланың төріндегі Алматы музейінде қазақтың көрнекті мүсіншісі Бақытжан Әбішевтің «...
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалдық музейі
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығына, Министрлер Кабинетінің 1980 жылғы 5 маусымдағы қаулысына сәйкес құрылады. Ақтөбе қаласында музей 1985 жылдың 22 сәуірінде Ұлы Жеңістің 40 жылдығы және батыр қыздың 60 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Музейдің ашылу салтанаты партия, комсомол, әскери, ардагерлер мекемелері өкілдерінің, Әлияның туыстары мен майдандастары, оқушылар мен студенттердің қатысуымен өтті. Музейді ашу құқығы батыр қыздың апасы – Сапура Молдағұлова мен облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Сағынтаевқа берілді.
Музей жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және ақтөбелік батырлардың есіміне, Ұлы Отан соғысы тарихына байланысты естеліктерді, құжаттарды жиып-теріп отырған орталық болып табылады. Негізгі мақсат – патриотизм мен батыр қыздың өмірін, ерлігін насихаттау.
Тәуелсіздік жылдары музей өмірінде көптеген үлкен маңызды оқиғалар болды. Батыр қыздың 75 жылдығына орай «Қобданың жері-Батырлар елі» атты жаңа экспозиция құрылды. Экспозиция залы 240 ш.м. жерге орналасқан. Экспозиция негізі батыр қыздың өмірі мен ерлігіне арналған. Экспозицияда батыр қыздың негізгі өмір кезеңдері – балалық шағынан ерлікпен қаза тапқаны, «Халық есінде», «Батырлар бұрышы», «Әлия атында», «Әлияны халық әлпештейді», «Тәуелсіз Қазақстан» атты бөлімдері көрсетілген.
1989 жылы музей жанынан «ӘЛИЯ» іздестіру тобы құрылды. Бұл топ Мәскеу қаласындағы Халықаралық іздестірушілер Ассоциясында тіркелген. Топтың мақсаты - кеңес жауынгерлерінің мүрделерін тауып, құрметпен жерге қою, олардың жанұяларына және музейге соғыс кезінде қолданылған заттарды тапсыру. Жыл сайын іздестірушілер Новгород, Тверь, Калуга облыстарына экспедициялар жүргізуді.
Бүгінгі таңда музейдің негізгі жұмыс бағыттары – экскурсиялық , қор, мәдени-ағарту болып табылады. Біздің тұрақты келушілер мен музей достары – еңбек және соғыс ардагерлері, батырлар ұрпақтары, блокадниктер, ауған соғысы қатысушылары, студенттер, балалар, республика облыстарынан, алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар.
Музей қорындағы жәдігерлер әртүрлі баспа өнімдерін шығаруда кеңінен қолданылады. Музей қоры сыйға тарту жүйесі арқылы көбеюде. Қазіргі таңда музей қорында 8 мыңнан астам экспонаттар тіркелген.Экспозиция мен тақырыпты көрмелер жаңа экспонаттармен үнемі толығып отырады. Музейдегі ең құнды экспонаттарға батыр қыздың майданнан жазған хаттары, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы Грамотасы, соғыс кезіндегі құжаттар мен заттар, қару-жарақтар, ыдыс-аяқ, әскери киім, мұрағат деректері, тілші-зерттеуші С.Асқаровтың жеке архиві, соғыс ардагерлері мен ақтөбе батырларының жеке құжаттары мен наградалары, сирек кездесетін кітаптар және белгілі кеңес қолбасшылары туралы мемуарлар жатады.
Жыл сайын музей қалыптасқан дәстүр бойынша тақырыптық кештер, соғыс ардагерлерімен кездесу, ерлік сабақтары, «Әлия-Мәншүк» жылжымалы көрме, батыр қызды еске алу апталығы, «Мерген Ару» облыстық, аймақтық, республикалық әскери-спорттық көздеп атудан жарыс, музей қорын толықтыру және ерлікті насихаттау мақсатында «Естелік» әскери-патриоттық акция, ақтөбе батырлары ұрпақтарымен кездесу т.б. шаралар өткізіледі. Музей жанынан «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубы жұмыс жасайды. Клуб №6655 әскери бөлімнің және қалалық қорғаныс басқармасы келісімімен құрылды. Клуб мүшелері өздерінің жұмыс жасайтын бағдарламасын, девизін, әскери антын қабылдады.
Жыл сайын музей 35-37 мың көрерменді экспозициямен таныстырады, 400 астам экскурсия ұйымдастырып, 100 лекция мен жылжымалы көрмелерді өткізеді.
Музей оқу орындарымен, мемлекеттік, әскери, қоғамдық ұйымдармен, ардагерлер кеңесімен, «Әлия Гүлі» халықтық би тобы, Ә.Молдағұлова атындағы Жайсан №13 кәсіптік лицей және Орал қаласындағы Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың мемориалды музейімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Жұмыс кестесі – музей күн сайын жұмыс жасайды, дүйсенбі күні – демалыс, әр айдың соңғы күні – санитарлық күн.