Айнұр Қонысбекқызы. Ұлттық музейде сақтаулы Алаш қайраткерлерінің мұралары

МУЗЕЙ
1335


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Алаш қайраткерлерінің мұраларын зерттеу қажеттілігін жазған: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек».

Тарихи мұраларды сақтау, зерттеу және насихаттауда музейлердің рөлі ерекше. Мәдени құндылықтарды насихаттай отырып, музей қоғамда ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ХХ ғасырдың басында ұлттық мемлекеттілікті құруды мақсат еткен Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен жеке заттары сақтаулы. Алаш қайраткерлерінің асыл мұралары олардың өмірі мен қызметін зерттеуде аса құнды болып табылады. 

Ұлттық музейдің құнды жәдігерлерінің бірі – ғалым-лингвист Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» және «Тіл құралы» атты еңбектері. Бұл құнды жәдігерлер Ұлттық музейдің ашылған күннен бастап экспозицияға қойылған.

Ұлт ұстазы араб жазуының негізінде қазақтың төл әліпбиін жасағаны белгілі. Алғаш рет «Әліппе» 1912 жылы Орынбор қаласында басылымнан шығады. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылымнан шығады, ал 1926 жылы «Жаңа құрал» оқулығы жарық көрген. Музейде сақтаулы «Оқу құралы» 1917 жылы Қазан қаласында басылымнан шыққан нұсқасы.



«Тіл-құралы» оқулығы үш бөлімнен құралған және оқулық 3 кітап болып жарияланды. Музейде «Тіл-құралдың» 3-ші бөлімі сақтаулы, Қызылорда қаласында, 1925 жылғы басылымнан шыққан. 

Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолы 1905 жылы басталады. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру мәселелері көтерілді. 1917 жылы «Алаш» партиясын құруға қатысып, Алашорда үкіметінің мүшесі атанды. Үлкен Террор кезеңінде басқа да қазақ зиялыларымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда қызметіне қатысқаны үшін жауапқа тартылып, 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Келесі музей құндылығы алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына тиісілі тайжақы. Жәдігердің тарихына тоқтала кетсек, 1925 жылы сол уақытта ел астанасы болған – Қызылорда қаласында Міржақып Дулатұлы бір ісмер тігінші-еврейге кұлынның терісінен тайжақы тігуге арнайы тапсырыс береді. Тайжақыны 1928 жылы қамауға түскенге дейін үш жыл бойы қыс мезгілінде киіп жүрді. Жары Ғайнижамал Дулатова Міржақып Дулатұлынан қалған мұраларын, соның ішінде тайжақыны сақтап келген. Кейін әкесінен қалған асыл бұйымды Міржақыптың қызы Гүлнәр Дулатова осы күнге дейін жеткізіп, 2009 жылы Президенттік мәдени орталығына тапсырған. 



Ұлттық музейде  Алашорда үкіметінің мүшесі, қазақтан шыққан  тұңғыш математика профессоры  Әлімхан Ермековтың еңбектерінің мен жеке заттарының коллекциясы бар. Алаш ардақтысының көзілдірігі, үстел сағаты, сызғышы 2014 жылы Ұлттық музейдің қорына «Алжир» музейінен алынды. 

Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтың тарихи зор еңбегінің бірі - Қазақ автономиясы шекарасының анықтауда қосқан үлесі. 1920 жылдың тамызында Лениннің  төрағалығымен өткен мәжілісте Қазақ автономиясы туралы мәселе талқыланғанда, Әлімхан Ермекұлы қазақ жерінің шекарасы туралы баяндама жасайды. Республика шекараларына қатысты өткір пікір-таласта Әлімхан Ермекұлы Қазақстанға Ақмола және Семей облыстары, Каспий теңізінің солтүстік жағалауы сияқты маңызды аймақтардың қайтарылуына қол жеткізді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет қазақ елінің шекарасын ресми түрде бекітті.

Музейде аса құнды жәдігер болып табылатын Алаш қайраткерінің өз қолымен жазған қолжазбасы сақталуда. Қолжазбада қара қарындашпен қазақ халқының дәрстүрлі мал шаруашылығымен айналысатындығы және көшпенді мал шаруашылығының өзіндік ерекшіліктері мен қиыншылықтарын жазған. Автор әрі қарай XIX ғ. соңы - ХХ ғ. басында қазақ халқының қиын жағдайы жайлы жалғастырады: өнеркәсіп ошақтарының жоқтығы, ал шағын тау-кен өнеркәсібі шетел капиталистерінің концессиясында болды; мектептер мен ауруханаларды тек орыс, татарлар және өзбектер халықтары орналасқан уездік орталықтарда жұмыс жасайтыны туралы және т.б. өткір мәселелерді баяндайды.

Әлімхан Ермековке тиісілі үстел сағаттың тарихына келсек, ол 1950-ші жылдары «Владимир сағат зауытында» шығарылған. Сағат механизмі тікбұрышты ағаш корпуста орналасқан. Корпустың ішінде шыны есіктің астында сандары мен тілдері және "Владимир"деген жазу бар циферблат орналасқан. 



Немересі Олег Ермековтың айтуынша, атасы – Әлімхан Ермеков үнемі жилетінің қалтасында алтыннан жасалған қалталы сағат тағып жүретін. Сағат бұзылып қалғанда, ұлы Мағауя өз сағатын силайды және де бір-екі күннен өткеннен кейін осы үстел сағатын сатып әкеледі. Сағаттың әдемі үн шығаратын механизмі бар. Бірақ, Әліхан Ермеков: «маған сағаттың уақыт көрсеткені ғана керек, көзім көріп тұрғанда, сағаттың қоңырау соққаны керек емес деп, қоңырауын өшірткізіп тастайды. Кейіннен, Әлімхан Ермеков өмірінің соңғы кездерінде Қарағанды тау-кен институтында студенттерге дәріс оқып жүрген кезеңде, осы сағат арқылы уақытын жоспарлаған.

Лупасы бар сызғышты 60-ші жылдары Әлімхан Әбеуұлы дәрі-дәрмектің ұсақ әріптермен жазылған нұсқаулықтарын оқу үшін пайдаланған. 



Қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры 1935 жылы «Жоғарғы математика курсы» оқулығын жазды. Бұл оқулық жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарына арналды. Оқулық латын транскрипциясымен Қызылордада жарық көрді. Автор қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін, оқулыққа тыйым салынды. Кейін оқулықтың бір данасы мұрағат қорларынан табылып, 1995 жылы қайтадан баспадан шықты. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қайта басылып шыққан "Жоғары математика курсы" оқулығының бір данасы бар. Сонымен қатар, Әлімхан Әбеуұлы қазақ тілінде "Қазақ тілінің математикалық терминдері. Түсіндірме сөздікті "  жазған.

Музей экспозициясына ақын Мағжан Жұмабаевтың портфелі және фарфордан жасалған сүт құйғышы қойылған.  



Сонымен қатар, мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов өз қолымен салған суреттер үлкен қызығушылық танытады. Н. Төреқұловтың сан-қырлы қасиеттерінің бірі – табиғатты, айналасындағы адамдарды ақ қағаздың бетіне қарандашпен түсіру еді. Музейде сақтаулы суреттердің арасында «Үй», «Үстел үстіндегі құмыралар», «Адамның бейнесі», «Папаха киген жас жігіт», «Гуськов», «Ақша қардағы қояндар», «Әскери киім киіп тұрған ер кісі» және т.б. бар.

Алаш қайраткерлерінің мұраларын зерделеу, жинақтау және нәсихаттау – музей  қызметкерлерінің басты мақсаттарының бірі болып табылады. Мұражай қызметкерлері оқушылар мен студенттерге дәрістер, экскурсиялар, интерактивті ойындар өткізеді. Мұражай қызметінің басым бағыттарының бірі ғылыми жобаларды әзірлеу және жүргізу болып табылады. 2017 жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай "Алаш-Қазақстанның ұлттық бірлігі идеясы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция, «Алаш қырандары» атты музей қорынан көрме өткізіп, А. Бөкейханов пен А. Ермековтың мерейтойлық күндеріне арналған бейнероликтер жасалды. Қазіргі күні, музейдің қорын Алаш арыстарының қалдырған рухани мураларымен толықтыру жұмыстары жалғасуда.

Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі



Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...