«ТАБАҚ ТАРТУДЫҢ ЖЕТІ ТҮРІ»

САЛТ-ДӘСТҮР
4541

Ауыл ХДПП Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Али Бектаевтың «Жеті санына қатысты тарихи ұғымдар мен салт-дәстүрлер» атты жинағынан алынды.

1. Бас табақ
Әдетте, құда-құдағилар мен ел-жұртқа беделді, білімді, өнерлі кісілерге, сондай-ақ, елге, дастарханға бата жасаған ақсақалдарға, достарға қимас жолдастарға тартылады. Бас табаққа ұсақ мал сойылса, бас пен жамбас, бір кәрі жілік, екі тал сүбе қабырға, екі тал белдеме, екі тал омыртқа, ұлтабар және бір сирақ сияқтылар салынады. Ал ірі қара сойылса бас (жарты шеке) пен жамбас (жамбастың жартысы) және жылқыдан қос қазы, сиырдан майлы қабырғаны салып жасайды. Басты – мал арнайы сойылған қонақтың ең жасы үлкені немесе оның ұсынуы бойынша басқа бір белді кісі ұстайды.

2. Сый табақ
Кейде орта табақ деп те аталады. Ұсақ малдан жамбас, кәрі жілік немесе асықты жілік, екі тал белдеме, екі тал арқа, екі тал қабырға сияқтылар салынып жасалады. Сый табақ көбінесе әйелдер және құдаларға еріп келген құдағилар мен құдашаларға тартылады.

3. Күйеу табақ.
Арнаулы төс салынып жасалып, күйеу жігітке тартылатын табақты «күйеу табақ» деп атайды. «Күйеу табақ» қыз алатын немесе сол ауылдан қыз алған жігіттерге тартылатын ең жоғары сый-құрмет табағы болып есептеледі. «Күйеу табаққа» әдетте төс, асықты жілік, белдеме немесе омыртқа қатарлылар салынып жасалады.

4. Келін табақ. (беташар табағы)
Күйеу табақ секілді келіндерге арналған ең жоғарғы сый-құрмет табағы. Сондықтан оған да төс, асықты жілік, белдеме немесе арқа, қабырға, жүрек, ұлтабар салынады.

5. Қыз табағы
Бұл қыздарға арналған ең жоғары сый-құрмет табағы. Оған әдетте бастың жақ сүйегі мен тіл, жүрек пен бүйрек сияқты қыздар сүйіп жейтін мүшелер салынып жасалады.

6. Сыбаға табақ (сарқыт табақ)
«Еске алған – ескі асынан аспайды» деген халық даналығын ұрпақтар бойы жалғастырып келе жатқан қазақ халқы, қысқы соғым кезінде немесе тойға, қонаққа белгілі себептермен үйлеріне келіп дәм тата алмаған ауыл ақсақалдары мен ел-жұртқа қадірлі, сыйлы кісілеріне, сондай-ақ, жанкүйер жақындары мен құда-құдағиларына: «Мынау пәлен атамның, мынау түген құдамыздың сыбағасы» деп арнайы сақталатын немесе «тойдың, астың сарқыты» деп беріп жіберетін жамбас, қазы-қарта, жал-жая секілді ас. Оны сақтап отырып, сол кісілер келгенде өздеріне: «Мынау сіздің сыбағаңыз» деп асып береді немесе келіндер мен қыздары апарып береді. Әдетте, сыбаға табаққа сүрленген жамбас, белдеме, қаз-қарта, жал-жая секілді кәделі мүшелер салынады.

7. Ерулік табақ.
Отырықшы елдің жанына жаңа көшіп келіп, көрші қонған адамдардың құрметіне мал сойып, бас пен жамбас тартатын немесе бәрімен базарлап, қолда бар тәтті дәмдісін жаңа көршісіне апарып беретін сый-құрмет табағы. Ерулік табаққа әдетте мал сойылса, бас пен жамбас, мал сойылмаса кәделі сүйектер мен тәтті-дәмді, жылы-жұмсағы жалынып жасалады.

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...