Стокгольмдегі Швед академиясы 2022 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын француз жазушы...
Мен көрген Жұматай
Жыр оқыған күбірлетіп бал ернін,
Москва ма, Римде ме, тауда ма,
Мен де кейін бір баланы демермін,
Таба қылмай досына да, жауға да.
Жұматай.
30 қаңтар - сырбаз ақын Жұматай Жақыпбаевтың туған күні.
...Ал менің ғажайып ақын Жұматай Жақыпбаевты алғаш көруім – 1983 жыл. ҚазПИ-дің филология факультетінің І курс студентімін. Студент ақындардың «Аудитория» деген топтамасы тасқа басылатын болып, бір топ өзім құралыптас жігіттермен бірге шимай-шатпағымды «Жалын» баспасына өткізуге барғанмын.
Баспа үйінің өзіміз бас сұққан бөлмесіндегі екі-үш адамнан есімде қалғаны – балаларға арналған әлдебір ұзақ өлеңін бізге бусана оқып беріп отырған Байбота ақын Серікбаев (қазір Қошым-Ноғай). Жорта ойнақыланып, тілі күрмеле, түсініксіздеу үнмен асығып-үсігіп өлең оқығанын бақылап отырудың өзі бір қызық. Әлден уақытта есік ашылып, ішке қара торы, қияқ мұрт, ұшқын атқан күлім көзді жігіт ағасы кіріп келді. Орнымыздан тұрып, амандасып жатырмыз. Сәлемімізді алған әлгі кісі «Кім боласыңдар?» деді қызығушылық танытып. Ішіміздегі жоғары курста оқитын ересек жігіттердің бірі шетімізден таныстырып жатыр. Кезек маған келгенде, шоқ жанарлы әлгі кісім:
– Бұл жігіттің аты ғана Төре ме, жоқ әлде заты да төре ме? – деп мысқылдай қадалып, жанымдағыларды бір желпіндіріп тастады.
Жас уақытта адам кінәмшіл, тызақылау келе ме, жаңа көріп отырған кісімді шоқтай қарып алған шақпа тілі үшін жақтырмай қалдым.
Былайырақ шыққан соң жанымдағы тіс қаққандардан «Жаңағың кім өзі?» десем, «ақын Жұматай Жақыпбаев қой» дейді.
Жұматай аты есімде осылай жатталып қалды. Онан кейін ақын достарымның аузынан кейбір өлеңдерін тиіп-қашып естіп жүрдім. Қызып алғанда біреуі Жұматайдың жыр шумағын жатқа оқып:
Жандарға дос та, дұшпан да болған,
Құмар да болған, құштар да болған.
Кеудемнен бұлбұл ұшқанда арман,
Иттен де қалған, құстан да қалған,
Көңілім менің, көңілім, – деп жылайтын болды. Тағы біреуі оның өмірін ертегідей ғып айтады.
Ақынның «сүтке салған суреттей» өлеңдерін осылай әркім-әркімнің аузынан естіп жүргенім болмаса, жыр жинағын ұшырастырған емеспін.
1985 жылғы көктемнің жазға ұласар шағы, қасымда екі серігім бар, желпініп алған үшеуміз Жұматайды «Сайран» көлі жанындағы автовокзал маңында ұшыраттық. Алматы облысындағы аудандардың біріне бармақ болып, автобус күтіп жалғыз тұрған беті екен. Қасымдағы екеудің бірі – белгілі айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков, Жұматаймен бұрыннан етене таныс, амандық-саулық сұрасып, қасымдағы ауылдасы Қайрат Күлменов екеумізді, ол да студент-ақын, таныстырып жатыр.
Бұл жолы Жұмағам маған баяғы мысқылы да, екпіні де жоқ, ойлы да сабырлы қалыпта көрінді. Үстінде қалалықтар ұната бермейтін тор көзді, қонымсыздау шолақ жең жейдесі бар. Жағамыз жайлауда жүрген шақ, ақынның көрер көзге барынша қарапайым, тұйықтау тұрысын біртүрлі қорашсынып қалдым.
Есенқұл мені көтермелей таныстырып, қоярда-қоймай «Қара ағаш» деген өлеңімді оқуымды өтінді. Қысылыңқырай отырып, ақын Жұмекен Нәжімеденовке арналған «Қара ағаш» деген өлеңімді оқып бердім (бұл өлең кейін «Жалын» журналының 1987 жылғы №1 санында жарияланған). Ақын «жақсы екен» деп ынта білдірді, жылыұшырай қарап, қолымды қысты. Бірақ біздің емеурінімізге ере қойған жоқ, жол жүріп бара жатқанын айтып, сыпайы ғана қарсылық білдірді. Әлден соң жүретін көлігі дайын боп, отырғызып жібердік.
Осыдан соң Жұмағаңмен оқта-текте көшеде екеуден-екеу ұшырасып қалып жүрдім. ҚазМУ-дің қауымдасып жүретін жас перілеріндей емес, ҚазПИ-де қалам ұстағандар ілуде біреу, оның үстіне кілең қыздардың ортасы, сонан да көбіне «дүбір шығатын жерлерде» жалғыз-жарым жортамыз. Және Жұмағаңның да қасында ешкім болмайды. Неге екенін, қыста көзге нығыз болып шалынатын қаракүрең кісі, жазда ашаңданып, бозарып көрінетін. Баяғы жолығыстан кейін есінде мықтап сақтап қалған ба, әрдайым көрсе болды жылыұшырай жымиып, ыждағатпен сәлемімді алатын. Сосын:
– Бала, таңдай жібітерлік бірдеңең бар ма?» дейтін жолыққан сайын өзімсініп. Ашқұрсақ студентте не болсын, қалтамда қара бақыр жоқ мен, кеткенше асығам. Жолыққан сайын осылай ұятты болып жүрдім. Ниетім түзу-ақ, бірақ «жоққа жүйрік жетпейді». Бірде зорлана жымиып, енді бірде түтігіп жүріп теріс бұрылып кеткенім де бар. Оным аға тұтып артынан еріп жүрген кейбіреулерден көңілім суып қалған менің Жұмағамды да сол қатарға қосып қойғандығымнан болса керек.
Бірте-бірте таныс та бейтаныс Жұмағам көзіме жылыұшырай бастады. Алдымен асықпайтын жүріс-тұрысы ұнады, онысын өзіме ұқсатып қойдым. Сосын барынша бейғам қарапайымдылығын, сыр тұнған мейірімді жанарын сәл сығырайтып, үнсіз шылымын сораптап тұратынын ауылдағы қоңсылас, көңілі жақын, кең қолтық ағаларымның кейпіне апарып қондырдым. Осы тұрысында өзінің де, өзгенің де бағасын тап басып танитын тамыршылық жатқандай еді. Бірде өзі суқаны сүймейтін бір ақынның соңынан еріп жүргенімді жақтырмағандай кейіп танытып тұрды.
Жұмағаңмен ең соңғы рет жүздесуім – 1989 жылғы қаңтар айының алғашқы онкүндігі. Бұл кезде сырттай оқуға ауысқам, институт бітіретін жылғы қысқы сесияға келген кезім. Көшеде өз көңілімді өзім жылытып келе жатсам, Жазушылар одағы үйі жанынан Жұмағам қарсы шығып қалды. Амандық-саулық сұрасқан ақынға енді мен жата-жабыса кеттім. Қалтам біршама тоқ, осы жолы нағыз реті келіп тұр, жақсылап сыйлап жіберсем деймін. Сол оймен ниетімді білдіріп, тізгінді өзіне беріп ем, «қалай болар екен?» дегендей, барлай қарап алған Жұмағам мені Одақ үйіне жақын маңдағы «Алматы» қонақүйінің мейрамханасына бастап алып келді. Сыртқы киімімізді кіре берісте қалдырып, жоғарыға көтерілдік те, кеңірек үстелге жайғасып, алдымызға оны-пұны алдырдық. Жақсы тілек айтысып, енді жайлана бастағанда, қасымызға бөтен біреулер келіп отыра бастады. Оңаша отырысты тілеп келген мен келгендерді іштей жақтырмай қалдым. Жұмағам көңілді, әлгілермен ықыластана танысып отыр. Қалам ұстағандармен қоңсылас деуге келмейтін, сырттары тоқ, майлы қасықтай жылпылдаған жігіттер көрінді. Оларға «Қазақтың үлкен ақыны Жұматай Жақыпбаев» деп еркінси таныстырып едім, «ой қой» деген ағамыз қысылғандай жылы жымиды. Не керек, мұнда ұзақ отырып береке таппадық, қасымдағыларды қара албастыдай көріп түйіліп қалған мен өзіме де, ақынға да үстін-үстіне тартқызып жібердім білем...
Әлдебір уақта сыртқа шықтық. Кеш батып, қараңғылық әлдеқашан түскен, көше шамдарын қаңтардың сары аязы буып тұр. Ішке түскен қызыл шоқты тағы үрлесек деймін. Бірақ ақын арыға барған жоқ. Маған «онан да өлең оқы» дейді. Мен өзімді кереметтей сезініп, Жұмағаңның алдында жыр басын ағытамын кеп... Сөйтіп, сірескен қарды сықырлата басып, едәуір уақыт жүріп алдық.
– Менің өлеңдерімді оқып көрдің бе? – дейді бір кезде.
– Жоқ. Бір жол өлеңіңізді оқып көрмеппін. Жинағыңыз қолыма түспесе, өлем бе? Кітап дүкенінде атымен жоқ. Үйіңізде болса, біреуін сыйлаңыз.
– Кітабым өзімде де қалмапты.
– Онда өлең оқыңыз...
Ақын бірақ өлең оқымайды, есесіне жаураған аяқтарын бір-біріне соғып, табанын жерге жиі қаққыштайды.
– Сенің аяғыңда табаны қалың «аляска» етік, менікі мынау – жұп-жұқа күздік бәтеңке, – дейді аяғындағысын көтеріп. – Қайтайық!
Менің мұндай кісі бетіне жел боп тимейтін жақсы адамды жібергім жоқ...
– Ертең түсте Жазушылар одағына бір жартылық алып жет. Маған емес, Иранбекке керек (Ол кезде Иран-Ғайып «ҚӘ» газетінің поэзия бөлімінің меңгерушісі). «Қазақ әдебиетіне» өлеңіңді шығартып берем...
Ертеңіне бара алмадым. Ол кезде арақтың бағасы аттай кез. Бақандай он рубль. Сірә, ортайып қалған ақшамды қимадым ба, шын ниетім құламады ма, барудың реті келмеді...
Онан кейін де екі жыл өткен. Ауылда, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында мектеп мұғалімімін. Шолаққорғандағы кітап дүкеніне бас сұғып, сөредегі кітаптарды ығыстырып жүрсем, бір қуыста шаң басып жатқан жұқалтаң кітапшаның көзіме оттай басылғаны. «Шұғынық гүл төркіні» екен. 1984 жылы шыққан. Алматыдан таптырмаған алақандай кітаптың ойда-жоқта алдымнан осылай шыққаны. Әрине, жалма-жан сатып алдым. Оқып көрсем, о, кер-ре-мет! Бас ала алмай, құнығып қайта-қайта оқығанмен, шөлімді қандыра алмаймын. Табиғаты тап-таза, сондай тұнық, не деген керім өлең, керемет ақын деймін... Шіркін-ай, қайыра бір жолығыссақ, әңгімелесіп-сырласу бақытына ие болсам,- деймін өкініштен аһ ұрып...
Бірақ менің бақытсыздығыма қарай бұл кезде аяулы ақынның енді қайтып оралмайтын мәңгілік сапарға аттанып кеткен кезі болатын.
Төреғали Тәшен