О, Муза! Қош келдің! Шалқар шабыт, оян! Ен даламды көктем жайлады. Шұғылам, армысың! Қыс бойы суық ө...
Әкім ТАРАЗИ: ҚАНША ҚИНАЛҒАНМЕН, ӨМІРДЕН ТҮҢІЛМЕЙМІН...
«Мәдениет порталы» қаламгер Әкім Таразидың 85 жасқа толуына орай бастаған әдеби апталығын одан әрі жалғастырады.Бүгін сіздердің назарларыңызға «Жұлдыздар отбасы» журналында 2010 жылы жарық көрген сұхбатты дайындап, ұсынып отырмыз.
ОН МЫҢ ӨМІР ШЫНДЫҒЫНАН БІР КӨРКЕМ ШЫНДЫҚ ШЫҒАДЫ
- Аға, «Тасжарған» («Бұлтқа салған ұясын») деген шығармаңызда Л.Толстойдың «Где выражение зла, которого должно избегать? Где выражение добра, которому должно подражать в этой повести? Кто злодей, кто герой ее. ...Герой же моей повести, которого я люблю всеми силами души, которого старался воспроизвести во всей красоте его и который всегда был, есть и будет прекрасен – правда» деген сөздерін цитата ретінде аласыз. Жалпы, сіз үшін шындық дегеніміз не?
- Мен шындықты екіге бөлемін. Бірі – өмір шындығы, екіншісі – көркем әдебиет шындығы. Осы күнге дейін талай адам өз басынан өткен оқиғаны хатқа түсіріп маған жолдайды, талай адам оңаша сөйлескісі келеді, бірқатарымен сөйлестім де. Олардың айтқаны - шынында да, құнды дүниелер. Әңгімесін тыңдап отырып, жаның ашиды, жазғың келеді. Бірақ миллион адамның өмірінен миллион роман жазу мүмкін емес қой. Біреудің маған бір дәптер ғып жазған хаты - өмір шындығы. Соғыс кезінде қандай қорлық көргенін, соғыстан кейін көрген машақатын, қазіргі басынан өтіп жатқан шым-шытырық оқиғаларды жазады. Ал мен сондай он мың хаттан, онда жазылған он мың өмірбаяннан бір ғана шындық жазуым керек. Ол - көркем шындық. Ал көркем шындық өмір шындығынан биік, себебі, ол он мың өмір шындығынан туындаған жалғыз шындық, ақиқат.
- Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов бірде «Шындық, шындық деп айқай саламыз. Ал сол шындыңты жария ету кейде дүниенің азабы! Дұрысы, сол шындыңты білмей-ақ қою. Кейде өтірік адамды өрге сүйреп, ақиқат адамды көрге тығады» депті. Осы тұрғыдан келгенде шындықты жазудың қаншалықты қажеті бар?
- Шындықты бәрібір жазасың. Қоғамда болып жатқан шындық бар. Газет-журналдар айтып жатқан шындық бар. Көркем шығарма жазатын болсаң, осы шындықтарды қорытындылап, бірғана шындық жазасың. Мысалы, менің «Қорқау жұлдыз» деген 1987 жылы жазылған шағын ғана романым бар. 1986 жылы Брежнев атындағы алаңда жастардың қаны төгілді. Менің сол заманның бейнесін жасауым керек болды. Алайда, ол романда Брежнев алаңы немесе Алматы жоқ, онда алаңға шыққан жастар да жоқ. Десек те, сол көтеріліске әкелген шындық, көтеріліске әкелген шындықтан теріс айналып кеткен қоғамның бейнесі бар. Меніңроманымның басты кейіпкері болған жас келіншек қоғамдағы ұятсыздыққа көнбей, өзін-өзі өртеп жібереді. Мен ол әйелді өмірде көрдім. 1986 жылы алаңға шыққан жастардың да бойында осы келіншектің бойындағыдай «өлсем, өлейін!» деген шешім болды.
- Сөзіңіз аузыңызда, осыдан 5-6 жыл бұрын Павлодар қаласында жасы жиырмаға жетпеген жастардың өздеріне қол салуы көбейіп кетті. Осы әрекетті әлсіздік дер ме едіңіз, әлде ерлік дер ме едіңіз?
- Ол - басқа өлім. Кеңес өкіметі Қазақстанды зертхана ретінде пайдаланды. Оны Дегелең дерті дейміз, осы дерт енді қазақстандықтардың тағдырына 300 жылға дейін қиянат алып келеді. Жап-жақсы тойда күліп-ойнап отырып, тойдан шыққан соң, қораға барып өзін-өзі асып өлтіру ІІІығыс Қазақстан мен Павлодар облысында көптеп кездеседі. Сондай өзіне суицид жасамақ болғандардың бірі тірі қалған екен, содан «мынауың не сұмдық?» деп сұрапты. Сонда ол «қайдан білейін, керемет бір қыз-жігіттер «бері кел, бері кел» депшақыра берді, әлгілердің соңына еріп едім, «енді мына арқанды мойныңа аса ғой, қазір қызық болады» деп айтты» депті. Бұл - ауру. Бұл - кеңес өкіметінің қазаққа қалдырып кеткен «сыйлығы».
— Аға, осы біздің жазушылар неге материалдық тұрғыда бай тұрмайды?
- Жуықта маған бір адам жолықты. Өзінің атасы туралы роман жазып беруімді өтінді. «50 000 АҚШ долларын төлеймін» дейді. 50 000 $ дегенің бір пәтердің құны ғой. Бірақ маған оның жазушыға деген көзқарасы ұнамай қалды. Содан: «Жоқ, сен маған қазір 1 млн. доллар бересің, романды жазып болған соң тағы 1 млн. доллар әкеліп бересің», - дедім. «Жақсы, ағасы, ойланып көрейін» деді де, зым-зия жоқ болды. Мысалы, бір романға 50 000 $ доллар алу деген жақсы ғой... Ал жалпы мен саған кереғар бір ой айтайын. Мұқағали Мақатаевқа, Төлеген Айбергеновке, Жұмекен Нәжімеденовке жағдай жасалмады дейміз. Ал олардың биік деңгейде жазылған шығармаларына сол заманнан көрген қорлықтары негіз болды. Оларға кезінде кеңес өкіметі 3 қабатты үй салып, қызметкер беріп, ал жаз десе, олар түк те жазбаған болар еді, миллиондаған тоғышардың бірі болып қалар еді. Тағдыр оларға қиындық сыйлады, сондықтан да Мұқағали - Мұқағали болып қалыптасты.
— Сіз жазушылықты тастай алар ма едіңіз?
- Мен байы жоқ қатын сияқтымын. Алла ұрық салып кетеді, содан тоғыз ай, тоғыз күннен кейін міндетті түрде тууым керек, тумасам,
- Неліктен біз шетелдік жазушыларды оқимыз да, ал шетелдіктер біздің жазушыларды тани бермейді?
- Өзгелер үшін емес, өзім үшін жауап бергенім дұрыс болар. Менің «Ақбердінің ауласы» деген хикаятым бар. Сол шығармада «Ай деген - адамдарға қарап тұрған космостың көзі ғой» деген сөзім бар еді, соны 1980 жылдары француздар «Простор» журналынан оқып, «мына туындыңызды бізге бере қойыңыз, біз француз тіліне аударайық» деп жабыса кетті. Мен осының алдында ғана орысшасын оқып, аудармасын ұнатпай қалғам. Сондықтан «рұқсат етсеңіздер, 3 айдан соң жаңааудармасын жіберейін» дедім. Алайда кейін... Әлгі шығарманы француздарға жібермедім... Қазақпын ғой... Бикеш жұлдызында туғандар көбіне-көп өзіне сыни көзбен қарайды деуші еді. Жаратушы Алланың өзі маған «әй, сен асықпа» дейтін болуы керек. Мысалы, менен басқа бірде-бір қазақ жазушысының драмалық туындысы Мәскеудің «Театр» журналында басылған емес. Шығармаларым журналға басылып шықты, мен соны ары қарай жылжытпадым. КСРО Мәдениет министрлігіндегі екі бас редактор Мәскеуге арнайы шақырып алып, «осындай сатира театрына апарып берші, осыны қоямыз деп отыр» деді. Мен апарып бермедім.
«ЖАЗБАЙЫҚШЫ» ДЕСЕК ТЕ, ЖАЗЫП ҚОЯМЫЗ
- Өмірде жиі ашуланасыз ба?
- Мен қайғырсам да, ашулансам да, еш уақытта ет пен сүйектен жаратылған Әкім Әшімовке ерік берген емеспін. 25 жасқа толғанда қалың бір дәптер алып, сыртына «Самовоспитание» деп жазып қойдым. Ішіне «бүгіннен бастап мен өзімді-өзім тәрбиелеймін!» деп жаздым. Қалған беттеріне ештеме жазбадым. Бірақ өзімді-өзім тәрбиелей алдым. Көпшілік ортада орынсыз сөзге араласпаймын, көп сөйлемеймін, біреу тіпті маған қиянат сөз айтса да, жауап бермеймін. Толстойдың күнделіктерін 2 жылдай оқыдым, олар бірнеше том ғой... ЖарықтықЛев Николаевич күнде «ертеңнен бастап адам бола бастаймын, ертеңнен бастап темекі тартуды, шарап ішуді, карта ойнауды, қыз-келіншектерге баруды қоямын» деп жазады. Бірақ өмір бойы қоя алмай кеткен ғой (күлді). Сол күнделіктердің де әсері болды ма деймін.
- Аға, жеті жыл жалғыз жүріп барып Роза жеңгейге үйлендіңіз. Жалғыз өткен жеті жылыңыз жемісті болып, сіздің теорияңызға артқан үмітті ақтады ма?
- Мен сол кездерде жақсы пьесалар жаздым. Театрларда қойылды. Жалпы «жазушыда отбасы болмау керек» дейтін себебім: жазушы - отқа түсіп өртеніп кететін жан. Лермонтов үйленбей кетті, Пушкинді атып тастады, Гогольді қоғам жындандырып жіберді. Тургенев Ресейде қалатын болса, оны да ұрындырар еді, ол Францияға қашып кетті. Тек Лев Толстой ғана аман қалды. Себебі, ол - граф, патшаға жақын адам еді. Бірақ оның өзін орыс шіркеуі діннен шығарып тастады.
- Роза жеңгеймен қосыларда қайынатаңыз «мен Әкімді өз қолыммен атып өлтіремін!» деген екен. Бірақ ол кісімен алғаш қалай кездескендеріңіз туралы еш жерден оқи алмадым. Осы алғашқы кездесу қалай өтті?
- Ол енді белгілі оқиға ғой. Розаға әкесінен бір дәптер поэма-хат келді. Мазмұны - «Сен мені масқара қылдың, жұрттың бетіне қарай алмай қалдым, Әкім Тарази дегенмен байланысып жүр екенсің. Егер ол келсе, мылтығым дайын, атамын. Керекдесең, Алматыға іздеп барып атып өлтіремін!». Роза жылап, жыртпақшы болды. Мен «Жыртпа, сақтап қой, кейін керек болады» дедім. Қазір ол дәптер сақтаулы тұр. Розаның ата-анасының алдынан өтерде, жалпы туысқаным көп болғанымен, жаныма Тұңғышбайды ғана ерттім (ол екеуміз бір ауылданбыз). Үржарға ұшақпен бардық, бізді біраз азамат күтіп алып, Розаның үйіне апарды. Барсақ, әкесі біздің келе жатқанымызды естіп, бір жаққа шығып кетіпті. Не істерімізді білмей тұрмыз. Бір уақытта мылтығын ұстап Розаның әкесі келді. Оның алдынан сорайып Тұңғышбай бауырым шығып, «Ассалаумағалейкум, аға! Атам десеңіз, міне, кеуде, шабам десеңіз, міне, мойын» деп еңкейіп еді, ана кісі күліп жіберді. Осылай жеңіске жетіп қайттық!
- Жер бетінде аяқ басып жүрген соң пенденің жүрегіне бұқпантайлап қайғының да жол табары хақ. Сондай жабыққан, мүжілген кездеріңізде кіммен сырласасыз? Немесе кімнің сөздерін есіңізге аласыз?
- Қиналатын кездерім өте көп. Бірақ мен өзімді жеңе білемін. Қатты қиналғанда Құран оқимын. Өзіңді-өзің қинап, өзіңді-өзің көндіру - күрестің ең қиыны.
- Ал өмірден безіп кеткіңіз келетін кездерде ше?
- Ешқашан өмірден безіп кеткім келген емес. Қанша қиналғанмен, өмірден түңілмеймін. Өмір - саған бір-ақ рет берілетін Алланың сыйы. Мен неге өмірді қорлап кетуім керек? Өмірге қайтып келмеймін ғой... Ешуақытта...
- Адамның сүйіп оқитын кітаптары туралы біле отырып, оның өзі туралы көп нәрсені аңғаруға болады. Сіз қандай кітаптарды қайталап оқисыз?
- Бұрын жыл сайын Абайды қайталап оқитын едім. Әр оқыған сайын жаңалық ашасың. Мысалы, былтыр екі жол сөз тауып алдым, «сен асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпес» дейді. Бұл Құранға жарасатын сөз ғой. Бұрын талай оқысам да, әлгі екі жолға мән бермеппін. 1965-1966 жылдары екі жыл қатарынан, басқа ештеме оқымастан, Құранды күніне бір-бір беттен оқыдым. Себебі, Құран қазақтіліне қиын аударылған. «Ар жағында не жатыр екен, араб тілінде мынау нені білдірді екен?» деп ойланып оқысаң, түсінесің. Биыл Құранды қайтадан бір-бір беттен оқып жатырмын.
- «Жаза» атты туындыңыз шынымен-ақ біреу айтып берген оқиғаның желісімен жазылған ба?
- Мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен кішкентай ғана хабар оқыдым.«Алматы облысының Кеген ауданында бәлен деген шопан өзінің екі баласын шауып өлтірді» делініпті.
- Оқиға желісі Жапонияда өрбімеуші ме еді?
- (күлді). Оқиға кеңес өкіметі кезінде болды, сондықтан сюжетті басқа елге «алып қашуыма» тура келді. «Кеген» деген сөзді «көгөси» дедім. «Абыралы» деген атты «Або» дедім. Бір адам «Әкім аға, сізге мына «Жаза» үшін мемлекеттік сыйлықты қалай берді?» деп сұрады. Мен күлдім «Ешкім оқыған жоқ, сондықтан берді, егер сен құсап, үңіліп оқитын болса, бермейтін еді» дедім.
- Қазір мені көп ойландырып жүрген мәселе — ақша. Біздің қоғамда ақшасыз адам болмайтының анық. Ақшасыз-ақ, өнерінің арқасында көтерілгендер некен-саяқ, көбі — ақшаның құлы. Сіздің ақшаға көзқарасыңыз қандай?
- Бұл сені, сен сияқты жастарды ойландыратын дүние, ол дұрыс. Бірақ ертең сен үлкен жазушы боламын десең, ақша сенің аяғыңа тұсау болады. Мен кезінде осыған байланысты «жазушының отбасы болмау керек, ол соқа басты болу керек» деген теорияны шығардым. Бұрын «егер үлкен роман жазсам, маған баланың керегі жоқ» деуші едім, «балам үшін өмір сүріп жүрмін» дейтіндерге күлетінмін. Сол сияқты ертең сен өзге құндылық тапқанда ақша дегенің сен үшін жай бір қағаз болып қалады. Қазір мен отбасының адамымын, қазіргі қуанышым - екі балам. Қазір маған үлкен романның да, пьесаның да керегі жоқ. Роза да - менің түсінігімде, өзінің ғана тәсілі, тілі, бейнесі бар жазушы. Роза да, мен де «осы екі баламыз аман болсыншы» деп отырамыз. «Не керек жазып? Жазбайықшы» дейміз. Бірақ амал не? Жазып қоямыз.
Сұхбаттасқан Нұржан БАЙСАҚ,
Астана