ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаткер, Қазақстанның халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахмет...
Жантүршігерлік, ауыр қайғы
Өрт болған жерге 09:48-де жеттік. Балалардың кереуеті, арбасы, киімдері мен ойыншықтардың қалдықтарын көріп, селк ете түстім. Жантүршігерлік жағдай. Ауыр қайғы. Эмоцияға беріліп тұратын жағдай жоқ, тез ес жинап, 09:50-де тікелей эфирге қосылдық. Артынан көрші-көлем мен туған-туыстарын сөзге тартып көрдім. Камерадан сескенеді. Оңаша әңгімеге ашық. Сонымен, белгілі болғаны қайтыс болғандардың барлығы да қыз балалар екен. Үлкені 12-де. Артындағы сіңілілеріне бас-көз болып жүргені де сол. Әкесі жақын жердегі СТО-да қызмет етеді. Анасы да жуырда ғана жұмысқа шыққан дейді.
Біз барған кезде олар болмады. Ол түсінікті де. Куәгерлердің айтуынша, өрт 10-ақ минутта лап беріп, барлық аумақты шарпып үлгерген. Алғашқыда айналасындағылар өз бетінше сөндіруге тырысыпты. Су әкеліп шашқан, тағысын тағы басқа. Тіпті, бір азамат үйге кіріп, балаларды құтқаруға тырысқан. Көк түтін, түк көрінбейді, жерді сипалағанда қимылдаған жан жоқ дейді. Қолы мен бетін күйік шалған.
Бүлдіршіндер ана дүниеге ұйықтап жатқанда кетіп қалса керек. Үйден шығуға тырысып, жанталасқан әрекеттер байқалмайды. Ұйықтаған жерінде жатыр дейді өрт кезінде болғандар. Есік құлыпталмаған. Өйткені, дәретхана далада.
Қайғы жұтқан отбасының тұрған жері алақандай ғана. 30 шаршы метр. Осы аумақта 7 адам тамақ пісірген, кірлерін жуған, ұйықтаған дегендей. Ал, енді себебіне қатысты: времянка пешпен жылытылған. Яғни, күнделікті от жағылады. Бұған қоса, электрлі пеш те қолданған екен. Оның қалдықтарын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар, үйдің қабырғалары тез тұтанғыш материалмен (пенопласт) қапталған.
Тағы бір болжам - токтың тұйықалуынан болуы мүмкін. Бұл куәгерлердің аузынан алынған ақпараттар. Ал, нақты себебі әлі ресми шыққан жоқ. Бұны тізбелеп отырғаным, қазір әлеуметтік желілерде әртүрлі жазбалар жарияланып, тіпті, кейбірі қатты бұрмаланып та кетіп жатыр. Осы тұрғыда оқиға орнында болған, өрт салдарын көрген, куәгерлерімен сөйлескен тілші ретінде осы білгендеріммен бөлісуге моральдық құқым бар деп есептеймін.