Серік Әбікенұлы: «Әкім болсам, шерлі қазақ болмас еді»

ӘДЕБИЕТ
2053

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде қарымды қаламгер, әрі журналист, «Парасат» журналының бас редакторы, «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлының «Ұлыма хат» атты театрландырылған әдеби кеші өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Автордың шығармашылық кешін жуырда ғана университет жанынан құрылған «Мизам» жас әдебиетшілер клубы ұйымдастырып отыр. Сахнаға шыққан жастар жазушының «Жегі», «Жолбарыс жымы» жинақтарын театр тілінде сөйлетіп, көрерменге ұсынды. Жалпы, қойылым барысында ұлттың темірқазығы саналған «Қазақтың жаны», «…жүрегі», «…тәні», «…өмірі» және «…Тәңірі» тақырыптары жиналған көрермендердің көңілін тербетті.

Қойылым соңында мизамдықтар қаламгермен шағын сұхбат құрып, қоғамдағы түйткілді сауалдарға жауап алды. – Сіз әкім болсаңыз не істейсіз? Ақын болсаңыз не істейсіз? – Ақын болсам, қазақтың шерін жырлар едім. Егер әкім болсам, шерлі қазақ болмас еді. – Кімді оқисыз? – Мен ата-бабалардан қалған шежірені, ағалардан қалған өлеңді оқимын және шамам келгенше, ақылым жеткенше өмірдің өзін оқуға тырысамын. Өмірді бізге дейінгілер сүйіп кеткен, түйіп кеткен. Солардың түйгенінен тарыдай болсын дән алсақ, біз өмірді бекер сүрмейміз. – Кімге сенесіз? – Мағжан текке айтпаған ғой «Мен жастарға сенемін» деп. Өзінен кейінгіге сенбеген ұлттың, азаматтың болашағы бұлыңғыр. Сол себепті мен де өздеріңдей жалынды жастарға сенемін. – Тарих қайда? Отан қайда? Үміт кімде? – Тарих – өзің нәр алған топырақта болар. Отан – жеті атаңның сүйегі жатқан, өзіңнің кіндік қаның тамған жерде деп білемін. Ал, үміт – ұрпақта. Автормен жастар арасындағы диалог осылай өрбіді.

Осыдан кейін Серік Әбікенұлы «Мизам» әдеби клубының мүшелеріне ең сүйікті кітаптарын тарту етсе, мизамдықтар жазушының суреті салынған портретті сыйлады. Жетісудың жез таңдай әншісі Әліби Бекайдар өзінің «Заман-ай» әнімен кеш көркін аша түсті.

Сондай-ақ, кеш соңында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін сөз алып, алған әсерімен бөлісті.

– Сіздерді білмеймін, өзім ерекше тебіреністе тұрмын. Жалпы, шығарманың кітап, мақала болып шыққаны бір басқа да, ал мынандай көзбе-көз сахнада айтылатын ой тіптен ерекше дүние. Бұл ғибратты дүниелердің барлығын Серіктің сара сөзі деп атар едім. Өйткені, ол солай табиғатынан халық үшін жаратылған бала. Мен Серік інімнің жанкешті тіршілігін, іс-әрекетін көрген кезде кешегі ХХ ғасырдың басындағы Алаштың арыстары ойыма түседі. Бүгінде ол дәл солар секілді шырылдап, қазақтың жәй-күйіне алаңдаумен жүр, — деді. Сонымен қатар, ол жазушыға шығармашылық табыс тілеп, кешті ұйымдастырған жастарға ағалық алғысын айтты.

Өз кезегінде сөз алған облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы: – Секең ақындығын да, журналистік болмысын да шыңдап келе жатқан жазушы. Ал, Талдықорғанға келген кейінгі төрт жылдың ішінде ойлы, терең мағыналы дүниелерін жарыққа шығара бастады, — деп автордың шығармашылығына кеңінен тоқталып өтті.

Айта кетейік, бұл «Мизам» жас әдебиетшілер клубының екінші рет сахнаға шығулары. Олар тұңғыш рет ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүністің шығармашылығын көрерменге ұсынған болатын. Мизамдықтар алдағы уақытта да танымал ақын жазушылардың тың туындыларын театрландырылған форматта ай сайын әдебиет сүйер қауымға ұсынып отырмақ.

Осы тұста «Мизам» сөзінің мағынасын тарқатып кетейік. Негізінде клубты құру туралы ой білдіріп, соның басы-қасында жүрген ақын Қозыбай Құрман бұл сөзді былайша түсіндіріп берді.

— Біздің «Мизам» деп қойғанымыз: біріншіден, мизам (мизан, низам) заң, жарғы дегенді білдіреді. Яғни, жас әдебиетшілерге таразы болсын дедік. Екіншіден, ол көктемде туатын жұлдыздың аты. Яғни, оның мәні түркілік таным бойынша, биіктікті аңсауды білдіреді. Сәуірде пайда болатындықтан оған жастық та тән. Ал үшінші мәні, мизам күздің шуақты күндері. «мизам шуақ» деп соны меңзейді. Жиын-терін науқаны үшін де ең маңызды кез. Ел егінін қамбалайтын сәт. Бұл кезде мизам көк береді. Осылайша, ошақтың үш бұты секілді үш тірек мағына беретін «Мизам» атауы бізге бұйырды.

Данияр Сағындық

Редактор

Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады, деп хабарлады madeniportal.kz. Ресми хабарламада 20...

Шоу-бизнес

Жақында бостандыққа шыққан Мұрат Әбділдә абақтыда жатып 100-ге жуық ән жазғанын айтты, деп хабарлады...