Сланқожа Қарақыстық. Қасиетіңнен айналайын Тұраным

ӘДЕБИЕТ
3362
Сланқожа ҚарақыстықӨСКЕН ЖЕР

Тескенсу айналайын өскен жерім, 
Балалық бал дәуренді кешкен жерім.
Деміндей анашымның аймалаған,
Бетімнен ертелі-кеш ескен желің.

Мен үшін, сенен ыстық ұя бар ма? 
Ұясын шын сүйген жан қия алар ма?!
Өзіңе деген ыстық сағыныштан,
Толған шер көкірегіме сыя алар ма?!.

Өмірлік жолдама алып мектебіңнен, 
Көк талдай көшеңдегі көктедім мен.
Өзіңді қайда жүрсем мақтан етем,
Алысқа арман қуып кеткеніммен.

Кім сыйлар осы күні бос дарынды, 
Көрмесе қоғамға үлес қосқаныңды.
Бұл күнде жиі-жиі еске аламын,
Бірге өскен бала күнгі достарымды.

Еш жерді, келмесе де жамандағым, 
Төзімді сарқа-сарқа тамамдадым.
Бәрібір, елден жырақ кеткеніммен,
Өзіңе теңесер жер таба алмадым!..

Ат мінген өңшең бала тал-қайыңнан, 
Жарысып, бада бағып, мал қайырған.
Суыңды өліп-өшіп сіміруші ек,
Кетпейтін тәттілігі таңдайыңнан.

Қашанда ыстық маған топырағың, 
Салт-дәстүр, әдет-ғұрпың тоқығаным.
Тескенсу өзің еске түскен кезде,
Еңіреп, еміреніп отырамын...

 АҢСАУ

Сеніммен қарап нұрлы аспаныңа,
Қазанның қасық салдым қаспағына.
Жиендік жасаушы едім – Бақа мен Таз,
Сары қаңлы, Қара қаңлы, Қаспаныңа.

...Қайда екен аталарым, апаларым,
Аямай беретін ақ баталарын.
Сағындым Тескенсудың өзі түгіл,
Шулаған кешке қарай бақаларын.

Қайда екен, ағаларым, жеңгелерім,
Ұсынған теңгелерін, көмбелерін.
Аңқылдап ақ көңілмен шай құйғанда,
Басылар ішпей жатып шөлдегенің. 

Қайда екен, әпкелер мен жезделерім,
Жарасып көрінетін көзге керім.
Қызды айтып, қымызды айтып, қызықты айтып,
Басыңды қатыратын «езбелерім».

Қайда екен, бірге өскен құрдастарым,
Көріскен сағынысып сырластарым.
Күрмеуге қысқа жіптің келмегені-ай,
Жақсылап қосатұғын бір бастарын.

Айналдым, қарындас пен інілерден,
Қайтер ем, жаман болса түңілерме ем?!
Естимін еркелікті тастап бәрі,
Теңесіп келеді деп «ірілермен».

Айналдым қыздарыңның келбетінен,
Гүліндей қырдың қызыл тербетілген.
Әр жердің өз сұлуы өзіне артық,
Таптырмас ондай сұлу жер бетінен.

Тескенсу нағашы жұрт - өскен жерім,
Балалық бал дәуренді кешкен жерім.
Оятқан ең алғашқы махаббатты,
Кетпейтін көкейінен еш пенденің!..

ҚАСИЕТІҢНЕН АЙНАЛАЙЫН ТҮРКІСТАН

Қасиетіңнен айналайын Тұраным, 
“Көк бөрілі, көк байрақты” - ел ұраным.
Келіңіздер, көріңіздер ағайын,
Мың бес жүз жыл – осы менің тұрағым,
 Арыстан Бап, Қожа Ахмет Яссауи,
Әл – Фараби туған жерде тұрамын.

Кірпіштерін Саураннан алдырған,
Ақсақ Темір Әміршіміз салдырған,
Көк күмбезі көк тіреген кесене,
Ескерткіші ұрпағына қалдырған.

Жағаласып жаға жеңді жыртысқан,
Кездерінде жауларымен жұлқысқан.
Хан мен биім жол бастаған Түркістан,
Батырларым қол бастаған Түркістан.

Түркілерге бесік болған Түркістан,
Болашаққа есік болған Түркістан.
Ұрпағына көшіп – қонған халықтың,
Құт – береке, несіп болған Түркістан.

Әулиелер мекендеген Түркістан,
Беліңді бу бекем деген Түркістан.
Елбасының орындалып айтқаны,
Рухыңды көтер деген Түркістан.

Айналайын келбетіңнен Түркістан,
Қуаныштан тербетілген Түркістан.
Сендей өлке табылмайды қаншама,
Іздесе де жер бетінен Түркістан.

Қосылған жоқ, босқа басым Түркістан,
Елбасының бастамасы Түркістан.
Түркілердің астанасы Түркістан
Иманжүзді жас баласы Түркістан.
Әлемдегі Түркілер мен қазақтың,
Рухани астанасы Түркістан.
О, Түркістан! Мәңгі сенің алдыңда,
Иіледі қасқа басым Түркістан.


ЖАРАЛЫ МЕНІҢ СЕМЕЙІМ

Порықтың дәмін татпаған,
Дұшпанды көрмей қаптаған.
Ел едік еркін жайлаған,
Жазықсыз құс та атпаған.

Зардабын тарттық атомның,
Кемітіп құнын затымның.
Адам ба, аң ба, тапқаны
Құрсағы алтын қатынның!

Жасаған небір қаруды,
Ресей елі – дарынды!
Зымырандарын атады,
Бетке алып – Орда, Нарынды.

Алматы менің мекенім,
Ұмытып қалай кетемін.
Білмейтін еді оларда,
Атомның не зат екенін.

Несібе, ырыс жұғысқан,
Көршіміз Қытай ұғысқан.
«Лоб-Норын» іске қосады,
Жел соққан кезде Шығыстан.

Уланған тау мен тасы да,
Мүгедек кәрі-жасы да.
Зиянды өсімдіктер мен,
Былғанды адам асы да.
Қор болған Атамекенім.

Жырлаған ақын дәріптеп,
Қазақты «момын халық» - деп.
Сол момын ұлттың баласы,
Туылған қолсыз Кәріпбек.

Жақсының бәрін құптайтын,
Атомды қазақ ұқпайтын.
Бәлеге қалдық сынақтан,
Өсімдік жерге шықпайтын.

Жаралы болған - Семейім,
Қаралы болған – Семейім.
Мүгедек сәби туғызған,
Полигон демей не дейін.
Елбасыма мың алғыс,
Тозақтың жапқан көмейін.
Жасыма енді Семейім!

Астана, шілде 2012 ж.


БУРАБАЙ

Қыздары ұқсас жаңадан туған айға,
Көзің түссе жүрегің туламай ма!?
Қарай бергің келеді қысы, жазы,
Ерекше жаратылған Бурабайға.

Жап-жасыл қызығасың орманына,
Айнала ұқсар табиғат қорғаныңа.
Қалайша мақтанбайсың, шаттанбайсың,
Шипа-жай «Оқжетпесте» болғаныңа.

«Оқжетпес», Жұмбақтас пен «Жекебатыр»,
Өзнің құнын өзі өтеп жатыр.
Шетелге барсаң болды бар тапқаның,
Басқа елдің қалтасында кетеді ақыр.

Көк түтін шаңын жұтып қаланың да,
Жүсанын иіскеледік даланың да.
Ерекше бір сезімге бөленесің,
Қыдырсаң Абылайдың алаңында.

Жатқандай іздегенің тап осында,
Демалғың келе берер тағы осында.
Қасында жүрген қандай сұлулардың,
Қолтықтап Бурабайдың жағасында.

Жан болсаң еңбегіңнің бар салмағы,
Демейсің шипа-жайлар қарсы алмады.
Қазақтың кең жерінен айналайын,
Көркем ғой қай жағына барсаңдағы!..

Болған соң барлық жағдай адамдарға,
Көңілің бостан-босқа алаңдар ма?
Өрмелеп шығар едім жас болғанда 
Басына «Оқжетпестің» амал мар ма!?.

Оқжетпес, 8 наурыз 2017 жыл


О, ЗЕРЕНДІ, ЗЕРЕНДІ

Қыздай көркем Зеренді,
Зерендіні көр енді!
Жасыл орман айнала,
Көлі қандай көлемді.

Тұнық екен ауасы,
Жанның нағыз дауасы.
Жазылғандай сезесің,
Жүрегіңнің жарасы.

Түні қандай тамаша,
Қыдырғанға оңаша.
Шомылсаңыз көліне,
Мәз боласың балаша.

Үрей ұшар үніне,
Қан тамғанша тіліне.
Жағы тынар Байғыздың
Сызаттап таң біліне.

Қыздай көркем Зеренді,
Зерендіні көр енді!
Жасыл орман айнала,
Көлі қандай көлемді.

Арасында орманның,
Жүргендейсің қорғанның.
Құлақ түріп құстарға,
Шабыттандым, толғандым.

****
Барады нұрлы заман тұманданып,
Түлкідей алдан қашқан бұлаң қағып.
Көбейді неше түрлі жамандықтар,
Сайқалдай ел бүлдірген шұнаң қағып.

Жезөкше әркімнен бір бала тауып, 
Момынға тиіп алар жала жауып.
Тағдыры тәлкек болған азаматтың,
Бақыты бастарынан барады ауып.

Көбейді ақша сұрап жалынғандар,
Наша шегіп, араққа салынғандар.
Заңына шарияттың бағынбайды,
Күнәға белшесінен малынғандар.

Қанағат етпей адал нәсібіне,
Құлдырап кетті адамның бәсі міне! 
Қыз зорлау, ұрлық қылу, кісі өлтіру,
Айналды кейбіреудің кәсібіне.

Жалақор жұрттың бәрін айыптайды,
Жақсы істі жамандық деп байыптайды,
Бастары ауырған соң басқа дінмен,
Санасы енді олардың айықпайды. 

Соғыс па, тілегені қасірет пе,
Лақтырған сайын тиер тасы көпке.
Тілейтін бейбітшілік дінімізді,
Дер едім, шамаң келсе қасиетте!

Білмеймін енді өмірдің не боларын,
Кім айтар ертеңгінің жобаларын.
Қашанда атам қазақ құрметтеген,
Киелі ата-баба молаларын.

Әулие-әнбиені білмесек те,
Маңғыстау, Түркістанда жүмесек те.
Неліктен сыйнамыз Алладан соң,
Хожа Ахмет Ясауи, Пір Бекетке?!.

Есті адам дей алмайды жалған мұны,
Аспаннан періштелер жауған күні.
Мұхаммед пайғамбарды куә қылар
Алдына Жаратқанның барған күні.
Аруаққа тиіскендер бір-ақ білер,
Қисайып аузы-мұрны қалған күні!..

01.09.2011 жыл, Астана
 
*** 
Жария боп, көңілдің көне сыры,
Көріп келем, өмірден көресіні.
Шыдасам да шыжғырған шырғалаңға,
Ашылмады бақыттың кең есігі.

Түк шықпады ұмтылып, талпынудан,
Ала өкпе боп, алысып, алқынудан.
Бірін шешсем, түйіннің бірі оралып,
Тұншықтырар алғандай алқымымнан.

Жол таппаған адамдай айдаладан,
Көмек күтем, жаутаңдап айналадан.
Аяқ асты тағы да тап болады,
Кедергілер шыға кеп ойламаған.

Қайда барам, өмірден безейін бе?
Қайыр тілеп жаһанды кезейін бе?
Шыдамның да шегі бар, айтыңдаршы,
Соңғы демім біткенше төзейін бе?

Арман алдан жеткізбей, етер елес,
Дүниеге келгенім бекер емес.
Бәріне де көнермін – бірақ-бірақ,
Төзім жетер, тек уақыт жетер мес!..

Астана, 04.08.2015 жыл

*** 

Ақталмай маңдайымнан төккен терім,
Осы ма, шыққан биік, жеткен жерім.
Жан едім бала жастан арманы асқақ,
Бірі боп қалғаным ба көп пенденің?!.

Арнаған туған елге бар асылын,
Жандардың бәрі менің жанашырым.
Ағаның дал ниет – інісімін, 
Інінің жаны таза – ағасымын.

Кім болам, самалға бет сүйгізбесем,
Кім болам, күнге дене күйгізбесем!?
Ешкімге зиянымды тигізгем жоқ,
Пайдамды азды-көпті тигізбесем.

Келеді алға сүйреп талпынысым,
Садаға шыбын жаным халқым үшін.
Жүргем жоқ қара бастың қамын ойлап,
Байлығым, абыройым арту үшін.
Жаратқан маған нәзік жүрек берген,
Азабын шын бақыттың тарту үшін!..

***

Жолы боп оңбағанның мастанып жүр,
Сұңқарды қарға-құзғын басқарып жүр.
Жауыздың екі езуі құлағында,
Момынның жанарынан жас тамып жүр.
Айтуға жалпақ жұртқа жасқанып жүр...

Топастар жұрттың көзін бақырайтып,
Қор қылды данышпанға ақыл айтып.
Алаяқ, есер, ессіз ел билесе,
Шығады жақсылардың аты қайтып?!.

Айтқанын тыңдап дүмше-молдалардың,
Жарысып жабылармен жолда қалдым.
Ақылым жете тұра амалсылдан,
Бұйрығын орындадым «оңбағанның!»..

Жеңгенде әділдікті әділетсіз,
Әр күнің өтпейді екен лағынетсіз.
Тырыссаң ақ-қараны айыруға,
Төрелік айтар оған тағы бетсіз.

Бәрі де шешен емес қақсағанның,
Бәрі де көсем емес бастағанның.
Қашан да көп жасайды залым, жауыз,
Түбіне жеткен талай жақсы адамның!!! 

*** 
Шыға келіп, бір қаскүнем тасадан,
Еңбегіңді еш қып кетсе жасаған,
Қуып жүріп тұтқындайды – полицей,
Қанша жылпос болғанымен қашаған.

Ішімдікке тойып алған «қу» шығып,
Тойың сәнін кетіргенде шу шығып,
«Тоқтат!» деді тойда отырған полицей
Жұрт қолдарын отырғанда қусырып.

Өз-өзінен біреу жұртқа зекіріп,
Жала жауып жатқан кезде өтірік,
Араласар сескенбестен полицей,
Шыдай алмай, тыныш қарап отырып.

Ұры-қары тонадым деп мақтанар,
Алып келсе кейде біреу жат хабар,
Ойланбастан тыныштықтың сақшысы,
Ішкен асын тастай салып аттанар.

Аязды күн, қақаған қыс ақпанда,
«Сорладым» -  деп салса біреу аттанға.
Құтқаруға ұмтылады полицей,
Отқа өртеніп, суға батып жатқанда.

Бұл өмірде жоқ – деп менің теңдесім,
Сабап жатса жарын, қызын, жеңгесін.
Арашаға түсетін де полицей,
Қанжарменен оққа төсеп кеудесін.

Адал жандар ерлік десе мұнысын,
Полицейлер дейді оны - жұмысым.
Тәулік бойы көз ілмейді полицей,
О, ағайын! Айтыңдаршы кім үшін!?.

...Бұл өмірде бар ғой не бір есалаң,
Дейтін жұртқа «кегімді алам, өш алам».
Күндіз-түні табыс тауып алаңсыз,
Еңбек етіп жүре алмайды еш адам.
Полицейлер тыныштықтың қорғаны,
Болғаны ма «еңбегі-адал, еті-арам»!!!

*** 
Озғандарды күндейтін,
Тозғандарды тілдейтін,
Қуаныш пен қайғы да,
Қайғыруды білмейтін 
Адамдардан шошынам.

Күлкіліге күлмейтін,
Ойлануды білмейтін.
Жаның ашып айтқанды,
Құлағына ілмейтін.
Надандардан шошынам.

Жақсылыққа жүрмейтін,
Өсек отын үрлейтін,
Көтерілсе бір саты,
Жұртты көзге ілмейтін,
Жамандардан шошынам.

*** 

Жамандықтың бәрінен жерінелік,
Жақсылықтың төрінен көрінелік.
Ру, ел, көше, ауылға бөлінгенше,
Жақсы-жаман қазақ боп бөлінелік.

Қасиеттеп, қастерлеп, қазақ атын,
Тарихқа өз атын жаза алатын.
Бүкіл ел боп қолдайық, қадірлейік,
Бөліп-жармай алаштың азаматын.

Нағыз ер елім дейді, жерім дейді,
Һас батыр қас - жауына берілмейді.
Данышпан, Ғұламалық - шалқар теңіз,
Сенікі-менікіне бөлінбейді.

«Адамның қолы – батыр, көзі қорқақ»,
 «Бұзау артық болғанша, өгіз ортақ».
Өмірден өткен барлық Ұлылардың,
Еңбек пен сөзі түгіл - өзі де ортақ.

****  

Таниды жұрттың бәрі Мазақбайды,
Көргенім Мазақбайдан азап-қайғы.
Білетін оның сырын кей жігіттер,
«Бастыққа жарыпсың» деп мазақтайды.

Үйренген олжа сұрап жолыққаннан,
Өң-түсі гүл секілді солып қалған.
 Келтірер өз басының пайдасы жоқ,
Іс қылар бастықтардан қорыққаннан.
Келмейді жазды күні аузы икемге,
Адамдай сары аязда тоңып қалған.

Әдеті, көзге өтірік мақтайтұғын,
Кім бастық болса соны жақтайтұғын.
Келгенде жеме-жемге серттен тайып,
Оп-оңай ар-намыстан аттайтұғын.

Ұнатар, өзін ғана мақтағанды,
Ғайбаттар көңіліне жақпағанды.
Көлгірсіп көрінгенмен іштен шалып,
Жығуға дайын тұрар жақсы адамды.

Жағынып, үлкендерді жағалайды,
Ақшамен адамдықты бағалайды.
«Жығылып жатып күлер сүрінгенге»,
Аяқты шалыс бассаң табалайды.

Көзіне жұрттың жақсы көрінеді,
«Дос» болып бер жағынан беріледі.
Қылығын көрген кезде екіжүзді,
Көңіллің өз-өзінен жерінеді.

Істеген еңбегіңді айдан анық,
Кетеді көз алдыңда-ақ пайдаланып.
Сызылып қалғанан соң аты-жөнің,
Дәлелдей аласың сен, қайда барып....

Сырт көден сырын солай жасырады,
Қулығын үндемей-ақ асырады.
Өзінің көз қарасы болмаған соң,
Әркімнің айтқанына бас ұрады.
Қашан да сырын ішке жасырғанмен,
Бір күні құпиясы ашылады!.

«Ортайса көңілдегі қазыналар,
Өмірдің көбі кетіп, азы қалар»,
Жаманның жанға батқан ісін кейде,
Бейнелі камера жоқ, жазып алар.

Жауыздар, жан білмейтін ғажапты ойлар,
Мазақбай сау басыңды азапқа айдар.
Күресем, соңғы демім таусылғанша,
Көбейіп кетпеу үшін, Мазақбайлар...

Сланқожа Қарақыстық
Қазақстанның еңбек сіңіәрген қайраткері,
ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері және
Құрметті ардагері, отставкадағы полиция
полковниг
і 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...