Димаш Құдайберген өзінің "Ұмытылмас күн" атты әнін қазақша шырқаған индонезиялық жанкүйері...
Балуан Шолақ
XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тұлғалар Ақан сері, Біржан салдай әнші-ақындар дәстүрін дамытып, ән мен сөзін қатар шығарып, оны өзі орындап, халыққа таратқан ақын, әнші композитор, жамбасы жерге тимеген балуан, әрі ат бауырында ойнаған спорт шебері Балуан Шолақ (шын аты Нұрмағамбет) Баймырзаұлы (1864-1919) халқы сүйген өнерпаз, ел еркесі атанын өмір сүреді.
Сүйіктім деп, ардақтап, еркелеткен,
Мен халқымның Балуан Шолағымын, —
деп әндетеді. Балуан Шолақтың қоғамдағы тағдыры қатарлас замандастары - ақын-әншілер Жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсіп, Тәуке, Құрманғазы, Батақтың Сарысы тәрізді тарландардың тағдырымен сабақтас, мұңдас көрінеді. Олардың бәрі де ән айтып, күй тартып, салдық құра сайрандауға шамалары келмей, қоғамдағы елеулі оқиғаларға араласып, әлеуметтік теңсіздікке арашашы болуды көксеген «бүлікшілер» (бунтари) еді. Соның салдарынан түрмеге жабылып, қуғын- сүргінге ұшырайды.
Балуан Шолақ та сол кезде қазақ даласына жаппай қоныстана бастаған орыс шаруаларының әрекеттеріне наразылығын білдіріп, астыртын күрес ұйымдастырады. Оған өшіккен кулактар тұңғыш ұлын оққа жығады. Мұндай қасірет бүлікшіл ақынның ыза-кегін қайнатып, орыс кулактарының малын айдап әкетіп базарға сату, кезегі келгенде халыққа үлестіріп беру сияқты қылмысқа ұрындырады.
Мен Шолақ атқа мініп жалындадым,
Орысқа, қазақ түгіл жалынбадым.
Мәстектің мен отыздан сатсамдағы,
Бір тиын ақша салып жарымадым.
Пәтер ап Атбасарда жатқаным-ай.
Дәл жиырма, қызығыңа батқаным-ай.
Сол кезде мәстек иттен картоп қымбат,
Тұяғын жеті сомнан сатқаным-ай, —
деп жырлағанындай, Балуан Шолақ бойына біткен күш-қайратының арқасында бірді-бірге соғыстырып, мал табудың жолына түседі. Бірақ қандай қиын-қыстау жағдай төніп тұрса да Балуан Шолақ өзі сүйген ән, жырын тастамайды, басынан кешірген өмір тағдырын өлеңге қосып, тарих бетіне таңба сала береді.
Балуан Шолақтың әндерін тұңғыш нотаға түсіріп, жариялаған музыка зерттеушісі А.В.Затаевич. Ол өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» (1925) жинағында «Балуан Шолақтың әні» деген атпен төрт әнін жариялады. Осы жинақтың 39-ескертпесінде этнограф: «Балуан Шолақ - әнші, автор, ақын, шыққан тегі қара қырғыз. Оң қолындағы жалғыз саусағымен шолақ атанса да күреске келгенде үлкен табыстарға ие болған. Балуан Шолақтың мен жазып алған әндерінің ішіндегі тамашасының бірі «Сарын». Бұл өзінің виртуоздығымен, көсілмелі айтылатын қасиетімен ерекшеленеді», - дейді.
Алайда, А.В.Затаевичтің пікіріндегі ағат кеткен жері - Балуан Шолақты қара қырғыз деуі. Әрине, бұл фольклоршыға деректер берушілерден туған жаңсақ, негізсіз бұрмалау.
Қазақтың жүздеген әнші, күйшілерінің өмірін егжей-тегжейлі зерттеген музыка зерттеушісі, профессор Ахмет Жұбановтың жазғандарына жүгінейік: «Хан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сәмбет деген руы болды. Сол Сәмбет ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы Шолақ туды. Оның азан айтып қойған аты Нұрмағамбет. Кейін қолының басы отқа күйіп, саусақсыз қалады. Нұрмағамбет өзінің бір өлеңінде:
Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым олақ, -
дейді. Сонымен шолақ атанып кетеді. Ал, «Балуан» деген Шолақтың күшіне байланысты халықтың өзінің қосқаны. Баймырза Шолақтың бала кезінде Көкшетауға көшіп барады.
Сонда ұсақ кәсіпшілік етеді. Ағаштан түйін түйетін шебер болады».
Осы айтылған деректерден көріп отырғандай, Балуан Шолақтың туысқан қырғыз елінен емес, қазақ екенін білеміз.
Әннің бір қасиеті болып саналатыны – өлең текстері. Сондықтан да ән мен өлеңді бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Әрбір әннің өзіне лайықты өлеңі бар десек те, оның идеялық-мазмұнын ән толығымен ашып беретінінде болуға тиіс. Ән мен өлең қашаннан-ақ бірін-бірі толықтыра отырып, қатар өмір сүретіні белгілі. Бұдан жүздеген жылдар бұрын пайда болып, біздің дәуірімізге жеткен халық әндерінің қыры мен сырын көбіне сөздеріне қарап айырамыз. Ән текстерінде сол шығарманың иесі, шыққан ортасы, белгілі бір оқиғаға арналғандығы, басқа да толып жатқан ерекшеліктері туралы мағлұматтарды қамтиды. Сол өлеңдердің арқасында ән туындысының тарихына қатысы бар фактілерді табамыз. Мұндай жағдай, әсіресе, жоғарыда айтылғандай, ерте кезде пайда болған ән фольклорының түп-төркінін анықтауға едәуір қолғабыс тигізеді. Өйткені қазақтың әнші-ақындарының өздері шығармаларында аты-жөні, ру-тегін қосып айтуды дәстүрге айналдырған ғой.
Атақты «Ғазиз» деп аталатын әннің:
Файзолла әкем аты Ғазиз атым,
Демесең шала қазақ арғы затым, -
немесе:
Атандым Ғазиз ақын бала жастан,
Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан, -
дейтін жолдарынан әншінің аты-жөні, мекені тайға таңба басқандай айқындалып тұр. Сондай-ақ, белгілі «Ақбет» әнінің:
Бүркітбай әкем аты, Мұстафа атым,
Етейін оның баян хикаятын.
Ішінде Жаңқозының мен Төлебай,
Сүйіндік сұрасаңыз, арғы затым, -
деген өлең шумақтарынан туындының кімдікі екенін аңғару тіпті қиын емес. Қазіргі уақытта бұл ән «Бүркітбай» деп орындалып жүр. Мұндай мысалдар қазақтың ән әлемінде жиі ұшырасып, қағазда қалмаған мәліметтерді менен табасың деп тұрғандай.
Балуан Шолақ та өлеңінде өз руын, ататегін айтуды ұмытпайды:
Нұрмағамбет Баймырзаұлы, менің атым,
Бар елге мағлұм болған асыл затым.
Нағашым жалпақ Қанай деп айтады,
Болады Ұлы жүздік арғы затым.
Халық әнші-ақындарының баға жетпес тапқырлығының бір сыры осында ма дейміз.
Балуан Шолақтың әндерін жинап, зерттеуде музыка зерттеушісі Б.Г.Ерзаковичтің еңбегі өте зор. Ол 1931-1937 жылдары Алматыда қазақ радио комитетінде редактор қызметін атқарып жүрген кезінде-ақ көптеген халық әншілері тәрізді Балуан Шолақтың әндерін де нотаға түсіре бастайды. 1938-1940 жылдары Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы экспедициялық сапарларында Балуанның Бәтен деген қызымен, сондай-ақ, Балуан Шолақты көрген адамдармен әңгімелесіп, халық композиторы туралы тың деректерді хатқа түсіреді.
Осы сапарында Б.Ерзакович Балуан Шолақтың әндерін Тұрғын Жантеміров, Молдахмет Тырбиев, Илияс Шаймерденов, Нұғыман Әбішев, Қосымжан Бабақов, Темірболат Арғынбаев, Мақан Қалапбергенов сияқты белгілі әншілердің айтуынан жазып алады.
«Балуан Шолақтың әндерін сақтаушы» деген естелігінде Б.Ерзакович былай сыр шертеді: «1952 жылдың шілдесінде Қазақтың Ғылым академиясының өнертану секторында жұмыс істеп жүрген кезімде академияның вице президенті
Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев мені үйіне шақырып алып, сол жерде қонақта отырған әрі ақын, әрі әнші Кенен Әзірбаевпен таныстырды. Кененнің әндері халық арасында кеңінен тарағанын, енді сол әндерді жазып, жинақ етіп жарыққа шығару, зерттеу мәселесін түсіндірді. Кенен туралы өмірбаяндық мәліметтерді кейінірек беретінін айтты. Осы кеште Кененнің айтқан бірнеше әндерін тыңдадым, олардың әуендік ерекшеліктері, күмістей сыңғырлаған әдемі дауысы мені қатты қызықтырды. Келесі күні Кененнің 40 әнін жазып, қабылдауға келісім шарт жасалып, оның шығармашылық қызметін зерттеу жоспарлары жасалды.
Келісім шартты орындау мақсатымен Кенен анда-санда, екі-үш күнге Алматыға келіп, біздің үйде әнді нотаға түсіреміз, содан кейін үйге қона кететінді. Ол уақытта магнитофон болмағандықтан әнді есту арқылы нотаға түсіру көп уақытты алатын. Кенен әндерінің әуені, әсіресе, төңкеріске дейінгі мезгілдегі шығармаларының интонациялық және ырғақтық құрылымы өте күрделі болғандықтан және де күндізгі тіршілік қамымен жүгіріп жүріп, кешке қарай шаршап қалатынбыз. Мұндай қарқынмен жұмыс істеп өндірмейтінімізді сезген Кенен әнді жазу үшін өзі тұратын Отарға баруды қалады. Сауранбаев Кененнің өтінішін қанағаттандырып, тез арада іс-сапармен Отарға жүріп кеттік.
Міне, он бес күндей Кененнің балшықтан жасалған кішкене үйінде жатып, ертеңнен түске дейін, содан аздап тынығып алғаннан соң түнге дейін керосин шамның жарығымен жұмыс істейміз. Келісім шартта көрсетілгендей, жұмыстың аяқталуына жақындағанда, Кенен аяқ астынан Балуан Шолақтың әндерін жазып алуды өтінді. Мұндай жағдай мені қатты таңдандырды, өйткені Жетісудан әлде-қайда алыс өлкеде өмір сүрген композитор болғандықтан, мен Кененнен Балуан Шолақты қайдан білесіз деп сұрадым. Ол мынаны айтты: «Мен 15 жасқа толып. Жаңадан ән айта бастаған кезімде Балуан Шолақ келді. Үлкендердің кеңесімен, дәстүр бойынша Кенен Балуанның алдына бір тізерлеп отырып, үлкенге деген сый-құрметтің белгісін жасап:
Мен келіп сәлем бердім батыр аға,
Атағың көп жайылған Сарыарқаға.
Бала едім жаңа талап, іздеп келдім,
Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға, -
деп, «Балуан Шолақпен кездескенде» деген ән-өлеңін қоя береді.
Жас ақынның көрсеткен өнеріне риза болған Балуан Шолақ тағы да ән айтқызады. Кенен өзінің «Бозторғай», «Көкшолақ» әндерін жайып салады. Балуан өзіне қатты ұнаған баланы өзімен бірге алып жүруге ұйғарады. Сөйтіп, біраз жылдай Кенен Балуан Шолақпен жиі араласып, бірге болады, неше түрлі жиын-тойларға, ақындар айтыстарына қатысады. Жаз жайлауда болсын, қыс қыстауда киіз үйде отырып, Балуан Шолақ өзінің басынан өткізген оқиғаларын ұзақ айтып, көпті аузына қарататындығын, әңгіменің соңында Кенен өзін Балуан Шолақтың, Сарыбастың, Жамбылдың шәкірті екендігін мақтанышпен айтып берді» (Қолжазба).
Естелікте айтылғандай, осы жылы Кененнің орындауынан Балуан Шолақтың «Дікілдек», «Жай қоңыр», «Қос алқа», «Кенже қоңыр», «Құлан кісінес», «Қос перне», «Сұрша қыз», «Шолақтың желдірмесі», «Өткен өмір» тәрізді бұрын естілмеген әндерді қағазға түсіреді. Сонымен қатар, Кененнің аузынан Балуан Шолақтың өміріне қатысты қызықты деректерді қамтиды. Атап айтқанда, Балуан Шолақтың Жетісуға келіп, екі жылдай жүргенінде онымен ілесіп бүкіл Жетісу елдерін аралайды. Бұрын өзі көрмеген ақын, әншілермен кездесіп, үлкен тойларда, жиындарда өнер көрсетіп, оның көптеген әндерін үйреніп, репертуарына қосады. Балуан Шолақтан бата алады. Кененнің әншілік өнеріне Балуан Шолақтың игі әсері тиеді. Мұндағы тағы қызық фактілердің бірі -Балуан Шолақ Жетісуға келгенде Кенен 15-16 жаста екен. Бұл шамамен 1900 жылдар болса керек. Бұл кездері халық әншісінің басына ауыр күндер туып, дұшпандары соңынан шырақ алып қуған заман еді. Сол себепті Балуан Шолақ Жетісуға бас паналап, екіншіден туған жерінің топырағына аунап кетуді мақсат етеді. Кейбір зерттеушілердің ол Жетісуға 1914 жылдары келіпті-міс деген деректері бар.
Балуан Шолақтың өмірін көп зерттеген жазушы Сәбит Мұқанов кезінде әнші туралы роман жазғаны белгілі. Кітапты оқып отырғанда Кенен Әзірбаевтың әңгімелерін пайдаланғаны байқалады.
Белгілі ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары Н.Төреқұлов пен М.Жолдасбековтер де Кененнің өз аузынан жазып алған әңгімелерінде Балуан Шолақпен бірге жүрген уақытын, үйренген әндерін жырдай қылып айтып отыратынын талай рет жариялады.
Балуан Шолақтың өмірі туралы аңыз, әңгімелер көп. Солардың бірін оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік: «Жетісу жерін паналап, сауық-сайран салып, елдің көңілін көтеріп, бірнеше жыл жүрген екен. Қайда жүрсе де халық сегіз қырлы өнерпазды хан көтереді, үлкен құрмет, зор ілтипат жасайды. Сөйтіп жүрген жолында Қаракемер болысының жеріне (қазіргі Ақсу ауданының жері, Талдықорған облысы) келеді. Бұл жердің шелтиіп жүрген болысы Қапал уезінің бастығы полковник Антоновқа хабарлама жасайды. Көкшетау жерінен келген Баймырзаұлы Балуан Шолақ деген қашқын ақын патша өкіметіне қарсы өлеңдер айтып жүр деп хабарлайды.
Жергілікті болыстан бастыққа хабарлама түскен соң, Балуан Шолақты Қапал уезіне шақыртады. Жергілікті халық мұның бәрі болыстың жамандауынан шыққанын біледі. Бір топ кедейлер мен жатақтар әлдеқалай болады деп ояздың алдына бірге барады. Жиналған халық: «Балуанның не жазығы бар? Қысы-жазы мал соңында, егін басында бейнет кешіп қамкөңілді болып жүргенде біздің біраз көңіл көтергеніміз кімге ұнамады? Оны неге бізге көпсінеді? Біз өнерпаз азаматты қолдан бере алмаймыз. Егер мұны ұстаса біз де бірге кетейік», - деп шулап, ояздың алдында айғайлайды.
Ояздың бастығы Балуан Шолақтың сымбатты денесін, кесек тұлғасып көргенде өзі де таңданыпты. Бірақ оны-мұны айтып сұрап:
- Ойын-сауығыңды жүргізе бер, өлеңіңді айта бер, бірақ біздің ақ патшаға қарсы еш нәрсе айтуға болмайды, - деп Балуан Шолақты қайтарып жіберіпті. Кетерінде қош айтысып, бүкіл ел болып жолға шығарып салады.
Неше жыл сайрандадым аунап-қунап,
Дертіме шипа таптым жүрген улап.
Келгенше қайта айналып қош аман бол,
Ұлысы Ұлы жүздің - Үйсін-Дулат, —
деген екен.
Ел жағына барған соң Қаракемердегі сый-құрмет жасаған қимас достарына хат жазыпты. Сол хаттың ішінде бір шумақ өлең бар екен дейді.
Сәлем де Қаракемер қонысына,
Билеген момын елді болысына.
Сыртымнан мені ұлыққа жамандайды,
Бір сыйлық әзірлеймін сонысына, —
деген екен.
Бұл сөзді естіген болыс зәре-құты қалмай, үнемі қорқып жүріпті. Кейіннен 1919 жылы Балуан Шолақ қайтыс болыпты дегенді естігенде ғана пәтшағардың кеңілі орнығыпты».
«Балуан асау мінезді, әрі қылықты адам. Оның әндері мен өлеңдері де өзіне ұқсас асқақты, екпінді келеді», - деп Кенен дәл суреттегендей, Балуан Шолақтың ән-өлеңдерінің бәрі дерлік өзінің басынан кешірген оқиғасына, сол кездегі әлеуметтік-қоғамдық жағдайдан келіп туған.
Ақынның:
Үстем тап айғайына аттан қостық,
Деп ойлап қосылмасаң болар бостық.
Орыстан қазақ жерін қорғаймыз деп,
Көшпелі мұжықтардың жолын тостық,—
деп жырлағандай, осы қылықтарына уақыт өткен соң өзі де өкінеді. Әнші-композитордың өміріне өшпес таңба қалдырады. Оның ән-өлеңдерінің ашулы, ыза-кекке толуының себебі де осыдан болар.
Осындай өшпенділіктен кейін Балуан Шолақ саудагер көпестің 80 өгізін айдап әкетіп, кедей-кепшіктерге таратып береді. Қолында күші бар жергілікті ұлықтар қара қазақтың мұндай қылығын кешірер ме, бірден ұстап қамайды. Мұнымен қоймай, Балуанды Сібірге жер аударуға ұйғарады. Енді Көкшетаудың пана болмайтынын сезген әнші-ақын Жетісуға бет алады.
Мен өзім ағын судай тасып жүрмін,
Кеудесін дұшпанымның басып жүрмін.
Жаласы сексен өгіз маған ауып,
Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін, -
деп ұлықтардан көрген қорлығын әнге қосады.
Балуан Шолақ қайсы әнінде де басынан кешірген қиындықтарды жырлап, ешқандай өктемдікке көнбейтінін паш етеді. Оған қайрат беретін, жігерін тасытатын үміті -бойындағы тепсе темір үзетін дауылдың қара күші, қала берсе «Құралай көз, сүмбіл шаш» Ғалиясы еді.Балуан Шолақтың барлық нұсқаларын қосқанда қырықтан аса ән үлгілері бар. Солардың ішінде халық композиторының атын шығарып кеткен әндерінің бірі - «Ғалия». Қазақта бұл әнді орындамайтын әншіні кездестіру қиын. Кешегі Жүсіпбек Елебеков пен Қайрат Байбосыновтың есімдерін атасақ та жеткілікті. Әннің шыққан тарихын жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Балуан Шолақ» атты кітабында кеңінен суреттейді. Ал, қазақ әншілері туралы ел аузындағы деректерге сүйене отырып, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов «Ғалияның» оқиғасын былайша баяндайды: «Ақмолада Тілеу атты дәулетті адам болады. Руы - Арғын ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңарқа. Үлкен әйелінен
Ғалия, Мәрия деген екі қыз туды. Ғалия - сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, қолынан өнері төгілген шебер болды. Қазақ әдеті бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бойжеткесін ұзатылып барады. Бірақ, көңілі сүймеген Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан кейін Ғалия Қараөткелге қайта келеді. Бір кездерде өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады. Ақмолада Ғалия Балуан Шолақпен кездеседі Ғалия Балуан Шолаққа ұнайды. Ғалия да Балуан Шолаққа қызығады. Екеуі есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады. Солай күн артынан күн өте береді».
Қараөткелде Ғалия сен емес пе ең,
Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем,
Құралай көз, сүмбіл шаш Ғалияжан,
Ынтығымды құртқан сен емес пе ең?! -
деген сөздермен айтылатын әннің мың құбылған қайырмасы әннің әдемілігін арттырып, шарықтау шегіне жеткізеді:
Ойпырмай, жай сәулем,
Ғалия, қабағың.
Аппақ екен тамағың,
Қайта айналып тазы да,
Көрер ме екем, қарағым.
«Ғалия» әніндегі жоғарыдан төменге қарай біртіндеп қозғалатын кварталық трихордтық сарынның I-VII-V- басқыштарына негізделген ақындық әуен жиынтығы әннің «шыңы» деуге лайық. Ән өлеңінің он бір буындық дәстүрлі құрылымның (3+4+4) бірінші әуен жолы жоғарғы тоникада аяқталған болса, ал екінші әуен жолы төменгі тоникаға келіп тіреледі. Шығарма әуенінің екі фразасының осындай салыстырмалы дамуы - сұрақ-жауап түрінде қалыптасуы әннің өне бойынан көрініс табады. Ән дыбыс қатарларының толқын тәріздес пішінімен күрделі құрылымдағы ырғақтық өрнегі, сондай-ақ өлшемдік кестесінің (2/4, 3/4, 2/4, 3/4, 2/4, 4/4) жиі алмасуы махаббат тақырыбындағы ынтықтық көңіл күй сезімін жеткілікті мәнерлік құралдармен бейнелей алды.
Ән әуенінің музыкалық-поэтикалық кұрылымын талдау үстінде кейбір стереотиптердің бары анықталды: атап айтқанда - көрші жатқан әуен жолдарының бастапқы буындарымен бастапқы дыбыстардың секундалық әрекеттестігіндегі ұқсастықтармен сондай-ақ алдыңғы әуен жолдарының соңғы тонының әннің ортаңғы бөліміндегі келесі алғашқы дыбыспен бір тондық әрекеттестік қасиеттерінің болуы.
Қайырманың музыкалық материалдары ән кеудесіндегі (запев) дыбыс қатарларының негізінде пайда болып, айтайын деген сүйіспеншілік ойды үлкен тыныста желдірте, желпінте әсірелей отырып, композитордың көздеген мақсат-бағдарын іске асырғандай әсер береді.
«Ғалияның» интонациялық табиғаты жағынан қарағанда тақпақтап айтумен кантинелік түр сипатының жиынтығы деу орынды. Мұнда термелетіп, желдіртіп келетін жеңілдеу сазбен шалқымалы кейіптегі дамулар кеңінен орын алған. Каденцияда жоғарыдан төменге жылысып тоникаға квинталық трихордтармен келетін дәстүрлі формула шығарманың көркемдік құнын нақтай түседі.
Басқа да халық композиторлары сияқты, Балуан Шолақтың әндері де халық шығармашылығымен тығыз байланыста көрінеді. Әйтседе, автордың өзіне ғана тән музыкалық тілі, стильдік ерекшеліктерінің барын көреміз. Ондай қасиетінің бірі -әндерінің денінде түрлі баспалдақтардан біртіндеп өрбитін бастамалардың ладтың үшінші, төртінші дыбыстарына кідіріс жасап алып дамитындығы. Айталық, «Балуан Шолақтың» (I, II және III түрлері), «Дауыс ашар», «Сентябрь» (I және II түрлері), «Екі жирен», тағы басқа әндері. Мұндай біртектес бастамалар ырғақтық-интонациядағы әуендердің алдағы кезеңде жаңа қарқынмен әсерлі түрге бөленуіне түрткі болатыны анық.
Тағы бір көңіл аударатын мәселе, әннің басталуындағы өлеңдерде өз есімі қосарланып жүретіндігі. Бұған мысал ретінде алты нұсқамен келетін «Сентябрь» әнін алайық:
Дегенге Шолақ баяу, Шолақ баяу,
Еркім жоқ қапастамын көңілім қаяу, —
немесе
Өз атым әкем қойған Нұрмағамбет,
Халқымнан көріп жүрмін қадір-құрмет.
Ал, өзінің күштілігін суреттейтін сөздерді көріктендіретін әртүрлі құрылымда келетін триольдардағы интонациялармен келетіндігі. Оған мысалды тағы да «Сентябрь» әнінен байқаймыз:
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын, —
немесе
Бас қосқан оязнайдың сиазында,
Көтердім кірдің тасын елу бір пұт.
Сондай-ақ, кейбір өлең шумақтары «Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым», болмаса «Бұл күнде қырық бесте менің жасым» тәрізді жолдармен аяқталады. Сонда шындығы қайсысы, Балуан кірдің тасын неше жасында көтерді.
Халық композиторының әндерінде жиі қолданатын текстердің тағы бірі:
Бұл күнде жиырмада менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Бұл жөнінде Сәбит Мұқанов: «Кейін Балуан Шолақ күштілігін жұртқа айтқанда, ол өлеңін қайталауды сүйетін еді, бірақ «жиырма» дегенді өзгертіп, қай жасында айтса да, сол жасын қосатын еді», - дейді. Жазушының осы ойы біздің сұрағымызға жауап бергендей.
Балуан Шолақтың бозбала шағында шығарған «Қос балапан», «Көкшетау», «Қос қалқа», «Құлан кісінес», «Желіп-желіп», «Қос перне», «Қызыл асық», «Дікілдек», «Жастық», «Жай қоңыр», «Екі жирен» және басқа әндері бар. Бірақ, бұлардың көпшілігі халыққа таныс емес, кезінде орындалмай қалған. Балуан Шолақтың әндер жинағынан орын алған әндер әншілеріміздің репертуарын кеңейтіп, тыңдаушы жұртты елең ететіні даусыз. Аталған әндердің қай-қайсысы да жастық шақтың жалынды лебін кескіндеп жаныңды жадыратады, сезіміңді сергітеді.
Бұларда Балуан Шолаққа тән өктем әуен, жігерлі сарынмен қатар, әдемі өлең кестелері де терең ойлылығымен ерекше көзге түседі.
Көптен бері авторына талас пікір қозғалып келе жатқан әннің бірі - әйгілі «Сұрша қыз». Бұл жайында 1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бірнеше мақала жарияланып, бірінде «Сұрша қыз» Жаяу Мұсаныкі, екіншісінде Балуан Шолақтыкі, ал ендігісінде Араптыкі деген еді. Біз өз ойымызды «Қазақ әдебиетінде» (2 сәуір, 1965) білдіріп, «Көкшетау кейде қарлы, кейде қарсыз» деп басталатын (Ермек Серкебаев орындайтын) «Сұрша қыздың» Жаяу Мұса шығармашылығына ешбір маңайламайтынын дәлелдеп айтқанбыз. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, сол мақаланың егжей-тегжейін қарап, сараптаған жан кезікпегендіктен «Сұрша қыз» туралы талас әлі күнге толастар емес.
Қазақтың музыка фольклорын көп жинап, жариялаған А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» (1925) жинағанда «Сұрша қыздың» үш түрі жарық көрген. Оның 63-ескертпесінде А.Затаевич бұл ән Қазақстанның Оңтүстік өңірінде дүниеге келгендігін тілге тиек етеді. Ал, А.Затаевичтің қолжазба түрінде қалған (Ұлттық Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы) «Қазақ музыкасының» үшінші жинағында «Сұрша қыздың» тағы да екі түрі Сара Есқызы мен Оразбек Нақысбековтың орындауында Балуан Шолақтың әні деп беріліпті.
Демек, «Сұрша қыз» әнінің бір емес, бірнеше нұсқасы кезігеді. Ал, осы әннің тағдырына жанашырлық көрсеткендер әлгі нұсқалардың қайсысы жөнінде сөз қозғайтынын өздері де білмейтін тәрізді. Олар дүниеде бір ғана «Сұрша қыз» бар, ол тек Жаяу Мұсаныкі деп ойлайды. Бұл дұрыс емес, өйткені «Сұрша қыз» әні Балуан Шолақта да, Жаяу Мұсада да бар.
Біз, ең алдымен, Балуан Шолақтың әні деп жүрген, Ермек Серкебаевтың орындауындағы «Сұрша қызға» тоқталмақпыз. Бұл - отызыншы жылдары хатқа түскен деректерге сүйеніп, Балуан Шолақтың Жетісуда бірнеше жылдай патша әкімдерінен жасырынып жүргенде алыста қалған Ғалиясын сағынып шығарған әні деу көңілге қонымды. Балуан Шолақтың өскен жері Көкшетау, Жетісуға да сол Көкшетаудан келді. Және де әннің музыкалық табиғаты, әуендік ырғағы, орындаушылық ерекшеліктері жағынан Балуан Шолақтың төл туындысы екеніне күмән келтірмейді.
Сондай-ақ, 1948 жылы Көкшетау облысынан жинап келген материалдарда Жұматай Мәдиев «Сұрша қыз» әнін Балуан Шолақтыкі дейді (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімі. Папка № 301, 9-дәптер), әнді А.Затаевичтің фортепьянода сүйемелдеуімен Сара Есқызының орындауынан 1934 жылы күйтабаққа түсірілгенін білеміз.
Сара Есқызының айтуында «Сұрша қыздың» өлеңдері төмендегідей:
Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз,
Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.
Дарияның жарға соққан толқынындай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.
Қайырмасы:
Әндір, әндір, әндір-ай,
Ішімді оттай жандырды-ай,
Ғашық болып қосылып,
Құмарымды қандырды-ай,
Сөйтіп жүрген Сұрша қыз,
Көкшетауда қалдың ба-ай.
Келтіріп отырған ән текстері Балуан Шолақтыкі де емес, Жаяу Мұсаныкі де емес, құрылымы жағынан қазақтың қара өлеңдері екені көрініп тұр.
Әннің қайырмасындағы «Ғашық болып қосылып, құмарымды қандырды-ай» деген сөздеріне қарағанда, Балуан Шолақтың қол жетпей кеткен арман кұсы емес, сүйіп қосылған жары екендігі айдан анық сезіліп тұр емес пе? Бұл жөнінде жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Балуан Шолақ» атты кітабында: «Жетісуға келе, алыста қалып аңсаған Ғалиясына арнап, «Сұрша қыз» деген ән шығарған еді» (156-бет) деуінің қисыны келеді. Бақсақ, «Сұрша қыз» қыздың аты емес, композитордың Ғалияны еркелетіп қойған лақап аты екені байқалады.
Соңғы кезде бұл әнді орындаушылардың біреулері «Қаратау кейде қарлы...», екіншілері «Алатау кейде қарлы...», үшіншілері «Көкшетау кейде карлы...» деп айтып жүргендері бар. Оның бәрін әнші еркінен туған жайлар деп қоя салайық. Ал, әннің авторының кім екені туралы сөз қозғағанда орындаушыларға еліктеп, ойға келгенді айту жөн емес.
Жоғарыда айтқан Сара Есқызының да, Оразбек Нақысбековтың де ән текстері фольклорлық нұсқалар болып шықты. Балуан Шолақтың «Сұрша қыз» әнінің текстерін 1952 жылы Кенен Әзірбаев автордың өз аузынан естіп, үйренген едім деп, жаздырған еді:
Сұрша қыз біріншіден, көктем, — дедің,
Тілімді алмадың деп еркеледің.
Екінші уәдеңде жазға дедің,
Ей, Шөкей-ай, осы алдауым аз ба, - дедің.
Үшінші уәдеңде етектедің,
Тайлақтай мұрындықтап жетектедің,
Одан соң төртіншіден, күзге, - дедің,
Ей, Шөке, менен күдер үзбе дедің.
Қыздардан жаман-жұман дәндеп қапсың,
Бармасам адал жолмен сізге дедің.
Одан соң барғанымда, — қысқа дедің,
Қолымнан енді бекем ұста дедің.
Содан соң оятқалы қызға бардым,
Төсіне Сұрша қыздың мызғып алдым,
Түпкірлеп іргеменен қайтамын деп,
Айранға аяғымен малып алдым.
Қақпағын қазаныңның салдырлатып,
Есікке жетіп бардым қаңғырлатып.
Әкесі ұшып тұрып орнынан,
Ұстады етегімнен тастай қатып.
Әкесі арқанменен байла деді,
Ағасы шоқпарменен жайла деді.
Шешесі ақылды екен көпті көрген,
«Қалған жол бұрынғыдан» тиме деді.
Әнде осы тектес әзіл-қалжыңы аралас келетін жолдар жетерлік. Әннің әуен-сарыны да өзіне лайық, көтеріңкі, көңілді назбен айтылады.
Жаяу Мұсаның да «Сұрша қыз» атты әні бар екені рас. Әнді белгілі әнші Қосымжан Бабақовтың орындауынан нотаға түсіргендер - Мұқан Төлебаев пен Борис Ерзакович. Әннің өлең текстерін келтірейік:
Неше жыл жүрсемдағы мен айдауда,
Шыдаймын, қажымайын, денім сауда.
Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,
Сұрша қыз, көрісерміз Баянтауда.
Қайырмасы:
Аспанда шырақ бозторғай,
Шіркін, әннің бұлбұл-ай.
Ахау, Сұрша қыз, Енді есен бол.
Туған елінен алыста осы әнге салып жүргенін көре алмаған көп дұшпандарының «Ән айту сенің не теңің?» - деген сөздеріне:
Боларсың сен де мендей маған күлсең,
Ханзада жауыздардан зорлық көрсең,
Есіңнен күлмек түгіл айрыларсың,
Айрылып ел-жұртыңнан қаңғып жүрсең,-
деп жауап қайтарады. Көріп отырсыздар, ән сөздерінің Жаяу Мұса қолынан шыққандығына дау жоқ. Біз Балуан Шолақ пен Жаяу Мұса әндерінің өлең текстерін салыстыру үшін әдейі келтіріп отырмыз. Жаяу Мұсаның «Сұрша қызының» әуен-сазы, бітім-болмысы Мұрат Толыбаев орындайтын Жаяу Мұсаның «Гауһар қыз» әніне ұқсайды. Екеуінің де бір композитордың қолынан шыққандығы анық байқалады. Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы» жиі орындалмағандықтан, халыққа танылмай қалған. Және де екі ән сөздерінің бір-біріне ұқсастықтары да шатастырады. Бұл әнді М.Төлебаев «Біржан - Сара» операсының үшінші актісінде Сараның «Жай тербеп, ой толқытпай ән бола ма?» дейтін ариозасында пайдаланған.
Осымен «Сұрша қыз» әні туралы, автордың кім екендігі туралы соңғы нүкте қойсақ деген тілек бар.
Сондай-ақ, авторын дәл басып таба алмай жүрген әннің тағы бірі - «Қызыл асық». Әншілер бұл әнді Үкілі Ыбырайдыкі деп орындап жүр. Бірақ, Ыбырай шығармашылығына байланысты дүниелерді іздестіргенде, 1920 жылдан бергі түрлі экспедиция материалдарын, ән жаздырған әншілердің архивтерін зерттегенде «Қызыл асықтың» Ыбырайға қатысы барын растайтын деректерді кездестіре алмадық. 1958 жылы Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясының музыка секторына белгілі ақын, әнші Игібай Әлібаев келіп Ақан серінің, Ыбырайдың, Біржан салдың 23 әнін магнитофон таспасына жаздырады. Солардың ішінде «Қызыл асықты» Игібай ақын Балуан Шолақтың әні деп беріпті. Қазақтың халық музыкасының тарихын жетік білетін, Балуан Шолақтың жерлесі, өзі де орындаушы, әнші Игібайдың мұндай құнды дерегіне құлақ аспауға тіпті болмайды.
Сондай-ақ халық әндерінің жанашыры, дарынды әнші Жәнібек Кәрменов те «Қызыл асық» әнінің Балуан Шолақтыкі екенін атап өткен болатын. «Қызыл асық кімдікі?» деген мақалада белгілі жазушы әрі халық композиторының жерлесі Елтай Мырзахметұлы аталған әннің Балуандікі екенін дәлелдеп көптеген дерек көздерін келтіреді.
«Қызыл асық» әнінің музыкалық тілі өткірлігі типтендірілген интонациялық жинақтардың негізінде кейбір ерекше көріністерді бейнелеп, әндік-декламациялық түрге ие болады. Кіріспеден басталатын сөз саптау негізі ойдың еркіндігін баяндай отырып, әуен жолдарының әртүрлі ырғақтық және интонациялық түрленулер арқылы қайталанып келетін варианттылықтары импрофизаторлық сипатты баяндайды. Сондай-ақ әннің лирикалық бейнедегі заңдылықтары, атап айтқанда эмоционалдық және психологиялық толғауларды жеткізе алатын мүмкіндіктердің молдығын байқатады. Мұндай мүмкіндіктер шығарманың поэтикалық шумағының құрылымы мен ән әуенінің толқын тәріздес желісінің пішіні, кең тыныстағы децима және секстаға секіру аралығын құбылмалы секундалық тондардың жоғарыдан төменге қарай қозғалуы арқылы толтыру (заполнения) негізінде пайда болған музыкалық мәнерлік құралдар дәлел.
Әннің басталуы қайталанып келетін бір дыбыста (III- басқыш) өрбіп дамиды. Бұл ырғақтық жағынан күрделенген кіріспе (ли-ля-ля) тәрізді вокализдермен «өрнектеліп, әнді тыңдауға құлақ түріңдер» сияқты үндеу шақырғандай әсер қалдырады. Лирикалық саздағы әуеннің өрістеуі 3+4+4 тәрізді он бір буынды өлең құрылымымен іске асады. Туындының кіріспе бөлігінде одағай сөздермен айтылатын екі әуен жолдары жоғарғы ІІІ-басқыш төңірегіндегі биік дыбысқа көтерілу кезеңі мен эолийлік соль-минордың кененттен төменгі тоникаға ұмтылу арасындағы регистірлік қарама-қарсылықты туғызады.
«Қызыл асық» әнінің аяқталуы кіріспедегі музыкалық дамудың материалдарын еркін пайдалана отырып (о-о-е, е-е-е) деген қайырма сөздермен сезім-күйді білдіреді. Каденциясы бірнеше рет қайталанған дыбыс қатарларының төменге қарай біртіндеп, баспалдақтап келіп ой түйеді.
Халық аузында бір әннің сөздері екінші бір әнге тіркеліп айтыла бергенімен, бірақ әннің әуен-саздары сақталады. Сондықтан да зерттеуде ән әуенін басты шарт етіп алу керек. Осыған қарағанда Балуан Шолақтың «Ғалиясындағы» музыкалық юмор сазы, әзіл сарындары «Қызыл асықта» да бой көрсететіні кездейсоқ жағдай емес.
Сөз кезегі келген соң тоқтай кетейік, халық әні деп жүрген «Шәпи қыз» (Шәпи-баяу) әні өзінің музыкалық тілінің ерекшелігі жағынан Балуан Шолақтыкі екеніне күмән жоқ. Әннің бастапқы аты «Шәпи қыз» әнге қосып айтқанда «Шәпи-баяу» болып кеткен. «Шәпи қыз» да «Сұрша қыз» сияқты Ғалияның бүркеншек аты болуы мүмкін. «Дегенге Шолақ баяу» деп тек Балуан Шолақтың қолданатын өлең ұйқастары осы «Шәпи қызда» «Шәпи-баяу» болып айтылған.
Бұлардан бөлек Балуан Шолақтың әр мезгілде шығарған «Қос қалқа», «Шолақтың желдірмесі», «Өтетін өмір», «Сегіз келін», «Сұрша қыз», «Балуан Шолақтың сарыны», деп аталатын әуен-сазы, ырғақ өлшемдері тұрғысынан сан алуан әндері бар.
«Қос қалқа» әнінде халық композиторы насихат, үлгі-өнеге тартады.
Айтуға мен бір өлең көңілім ауып,
Қыз бала алдында тұр үлкен қауіп.
Әкеңнің оң жағында ойна да күл,
Бір жақсы жігітпенен теңің тауып,-
деп әкеңнің үйінен кеткен соң бөтен елде жүресің сиыр сауып, - деген сияқты қыз баланың ауыр тағдыры сөз болады. Ән текстерінің тәлім-тәрбиелік мәні бар. Қыздардың өз теңіне қосылуын қалайды. Дәл осы сияқты өмірлік маңызы бар әндердің бірі - «Шолақтың желдірмесі». Мұнда да адамдар мен адамдардың адамгершілік қасиеті маржандай тізіліп айтылады:
Кейбіреу кейбіреумен қалжыңдап жүр,
Өзінің ойнайтұғын теңін біліп.
Кейбіреу кейбіреуге сын тағып жүр,
Өзінің жыртық тұрған жеңін білмей, -
сияқты астарлы сөздермен келеді. Бір ескерте кететін жағдай, бұл желдірмені кейбіреулер Кененнің әні деп орындап жүр. Оған қосылуға тіптен болмайды.
Халық композиторының соңғы әні «Балуан Шолақтың сарыны» деп аталады. Бұл халық әнші-серісінің дүниеден қайтар алдындағы ақтық демі көрінеді.
Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас.
Көз көріп, заманыңда атын білген,
Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас, -
дейтін сөздермен келетін соңғы әнінде ел-жұртымен қоштасады. Осы әнді алғаш рет 1920 жылдары жазып алған А.Затаевич әнге берген бағасында әнде ешбір қайғы, қасіреттің жоғын айтады. Ол кісінің Еуропа музыкасының сынымен қарауы дұрыс емес. Еуропада қайғылы музыка тек минор ладында шығарылады. Ал, қазақтың жоқтау әндерінің өзі мажорда айтыла береді. Әнді көңілді айту, қайғылана айту - мұның бәрі әнші-орындаушылардың өнеріне, шеберлігіне байланысты дүниелер.
«Балуан Шолақтың сарыны» әнінің музыкалық тіл негізі сөйлеу мәнерлік құралдар сипатымен байланысты баяндалып, айтпақ ойдың еркіндігімен, суырып салып айту үлгісімен келетіндігі байқалады. Өйткені әндегі әуен жолдарының қайталанып отыратындығымен интонациялық және ырғақтық әртүрлі варианттарының өрбіп, өрістеуі осыны көрсетеді. Әннің негізгі семантикалық желісінің тақпақтап, термелетіп орындау мәнеріне қарай мұндағы музыкалық-сөйлеу сияқты ерекше жүйедегі сарындарды жандандыратын оның поэтикалық тексі болып саналады. Осындай музыка мен өлеңнің мазмұнына қарай қатар өрістеген екі бағыттағы дамулардың болуы мұнда эпикалық жанрдың заңдылықтарының барынан да хабардар етеді.
Ән мәтінінің (8 тармақ) әңгіме, сөйлеу түрінде баяндалатын өзгешелігімен ІІ-буынды өлең жолдарының мәтіннен тыс (а-ау сияқты) одағай сөздер арқылы кеңеюі, музыкалық тақырыптың бір деммен келуі - осының бәрі әндегі сөйлеу, әңгімелеу интонациясының басымдылығын баса көрсететін, мұндай айла-тәсілдің өзі тыңдаушыға зор әсер қалдыратындығын көрсетеді.
Шығармадағы орын алған екі әуен жолдары бір-біріне ұқсастығымен көзге түсіп, жоғарғы тоникадан төменге қарай жылжып (ІІ-басқыштың қосалқы дыбысы) ІІІ-басқышқа түседі. Үшінші тармақ интонациялық, әуендік жағынан түрленіп, құбылмалы реңкке ие болады. Ал төртіншісі, керісінше, ІІІ-басқыштан жоғарғы тоникаға ұмтылады. Сонымен қалған төрт тармақ ән өлеңі бастапқы әуен жолдардың музыкалық материалдардың дамуынан пайда болған варианттылықтардың негізінде құрылады. Әннің канденциясы (а-а-у, а-хай) тәрізді вокализ түрінде келетін саз, сарындармен тоникаға түседі.
Балуан Шолақтың әндерінің өлең сөздері әрбір әнде түрленіп отырады.
Атандым он жасымнан Балуан Шолақ,
Бойымда толып жатыр күш пенен бақ.
Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын,
Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ, -
деп, «Сентябрьде» айтылса, ал «Балуан Шолақ» әнінде:
Атандым Нұрмағамбет Балуан Шолақ,
Бойыма құдай берген күш пенен бақ.
Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын,
Жалғыз-ақ денемдегі кінәм сол-ақ, -
дейді. Сондай-ақ «Құлан кісінес» әнінде жоғарғы шумақтар былайша өзгертіліп айтылады:
Баймырза әкем аты, атым Шолақ,
Кеудемде қайратым мен күшім мол-ақ.
Көргенде қыз, келіншек мазасызбын,
Жалғыз-ақ бойымдағы мінім сол-ақ.
Балуан Шолақ әндерін айтып жаздырған әншілер кезінде әннің бастапқы аталуының қандай болғанын білмегендіктен әндерді «Балуан Шолақтың» әні деген жалпы атаулармен атай берген. Біз олардың көпшілігіне өз атауларын қайтарып беруге тырыстық. Екіншіден, әндердің өлең текстері де бір-біріне ауысып кеткендігі байқалады, ал, кейбір әндер бір ғана шумақ өлеңдермен жазылыпты. Осындай олқылықтарды орындарына қойып, әрбір әнге тиісті мәтіндерін келтірдік. 1963 жылы жарық көрген «XX ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» деген жинақтағы Балуан Шолақ өлеңдерін пайдаландық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде халық композиторының 42 әні белгілі болды.
Ал, келешек ұрпаққа өлмес, өшпес рухани мұра қалдырған Балуан атамыздың әндері ғасырлар бойы қанаты талмай қалықтай береді деп сенеміз.
1989 жылы 14 шілде күні «Қазақ әдебиетінде»: Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет Баймырзаұлының) әнші, композитор екенін, әрі ұлттық және цирк спортының негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мәдениетін дамытуға қосқан улесін тану белгісі ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумі қаулы шығарды. Онда: «Балуан Шолақтың туған жері Жамбыл облысы, Шу ауданының Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ селосы деп өзгертілсін», сондай-ақ, осындағы «Ақтөбе» колхозы бұдан былай Балуан Шолақ колхозы деп аталатын болады», - делінген.
Сондай-ақ, Алматыдағы Мәдениет және спорт сарайы да Балуан Шолақ есімімен аталады. 2005 жылы Ақмола облысының Буланды ауданында Балуан Шолақ Нұрмағамбет Баймырзаұлының бейіті - басына биіктігі 18 метрдей стелла - ескерткіш орнатылды.
Балуан Шолақтың әндерін көздің қарашығындай сақтап біздің дәуірімізге жеткізген атақты өнерпаздарымыз - Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Елебеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Нұғыман Әбішев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көшкінбаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов және басқа әншілердің таланттарына бас иеміз. Әншілеріміздің баға жетпес қызметтері музыка мәдениетіміздің төрінен орын алатыны даусыз