Естай БеркімбайұлыХалқымыздың музыка байлығы мен сөз байлығы қашаннан-ақ қатарласып өмір сүріп келе...
Қазақ опера негізінің қалануы және қалыптасуы
Мұхтар Әуезов және қазақтың музыкалық-поэтикалық фольклоры
1997 жыл қазақ халқының кемеңгер перзенті Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасының аясында өтті. Гуманист жазушының ғасырлық мерейтойы бүкіл прогрессивті адамзаттың рухани мерекесіне айналып, халықтың еркіндік сүйгіш мінезін, өзіндік мәдениетін паш етті. Әуезовтің Қазақстанның қазіргі мәдениетінің қалыптасуы мен дамуындағы қызметі өте зор. Суреткердің шебер қаламының ұшы тимеген оның бірде-бір қыры жоқ.
Мұхтар Әуезовтің бүкіл өмірі музыкамен тығыз байланыста болды, ол жайында жазды, өмір бойы сүйіп өтті. Жазушы бала кезінен музыкалық-поэтикалық ортада өсті. Халықтық салттар мен Арқа ақындарының поэтикалық айтыстары оның ішкі әлемінде өшпестей із қалдырды. Оның музыкалық талғамының қалыптасуына Біржан салдың өршіл үнді әндері мен Ақан серінің лирикалық саздары, Абайдың өлмес өнері игі ықпалын тигізді. Танымдық қабілеті мол дарынды тұлға ретінде Мұхтар Әуезов олардың адами табиғатын терең түсінді. Замандастарының естеліктеріне қарағанда жаны жай тапқан кездерде ішкі толғаныстарын дала қазағының мәңгілік досы - екі ішекті домбыраға сеніп айтып (шертпе күйлерді ұнатқан), Арқаның әсем әндерін баяулатып салатын болған.
Мен жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызы көрсеткен бір жәдігерді қолыма ұстау бақытына ие болдым. Ол оның әкесінің мұғалімдер семинариясын бітіргендігі туралы аттестат болатын. Беске бағаланған пәндердің қатарында ән сабағы да бар. Ұлттық фольклорды, оның поэтикалық та, музыкалық та салаларын өте жақсы білу шын мағынасында музыкамен рухтандырылған шығармалардың тууына себеп болды. Бұл жерде ең алдымен «Абай жолы» роман-эпопеясын атау керек. Ұлы ақын - сазгер Абай Құнанбаев жайлы ыстық сезімге бөленген сөздің өнбойында музыка, көтеріңкі лепті, романтикалы поэтикалық саз бар. Атап айтқанда романдағы музыка көркем ойдың, әлемді эстетикалық тұрғыда қабылдау мен суреттеудің жүйесі ретінде өмір сүреді. Абай бейнесі поэзия мен музыканың үйлесуі арқылы жасалып, прозалық мәтіннің музыкалық феноменін тудырады. Әуезов сазгер- классиктің шығармашылық лабораториясын, Абай әндерінің туу жолдарын жоғары шеберлікпен көрсетіп, содан кейін бұл әндердің қазақ жастарының арасына тарап кетуін, қазақ даласының кең аумағына құдды еркін ұшқан құстардай шарықтауын жоғары көркемдікпен суреттейді.
Бұл қатарда атақты «Татьянаның әнінің» орны ерекше. Абай әуенінің сазды сиқыры Әуезовтің көркемдік-стильдік концепциясын құрап, бүтіннің драмалық сипатына елеулі әсер етіп, реалдылық сезімінің ауқымын күшейтіп, сюжеттік баяндаудың нанымдылығын күшейте түседі.
Ұлы сөз шебері Абай әндерінің әуендік табиғатының сипатын терең сезіммен беріп, музыканы қабылдау, ұғыну сәттерін нәзік штрихтармен суреттеген көкейкесті ойлар мен сезімдерді паш етеді. Мысал үшін «Желсіз түнде жарық ай» әнін еске түсірейік. Әннің бейнелік құрылымын поэтикалық сипатта жоғары көркемдікпен бере отырып, Әуезов: «Әндегі суреттер әркімнің жүрегіне жақын да қымбат. Ол қазақ даласының күнделікті өмірінен алынған... Бәрі айқын, анық, көлеңкесіз, жайлы, қуанышты сезімдер тудырады», - деп жазады.
Әуезов еңбектерінде әнді көркемдік тұрғыда бейнелеумен қатар терең музыкатанушылық зерттеу де бар. Фольклортанушы ғалым Абай әуенінің стильдік, ырғақтық өлшемдік ерекшеліктерін көрсетіп, өте дәл ғылыми тұжырымдар жасайды. Әуезов олардың дыбысталуындағы камералық сипатты атап көрсетеді. Ол: «Олар (Абай әндері) әр сөзге аялай, сезіммен қарауды талап етеді, мұнда әр сөз тыңдаушыға дәл жетуі керек», - дейді («Әр жылдар ойлары»), Бүтіндей алғанда Әуезов прозасының әуенділік мәселесі маңызды, перспективті сала.
Бұл ұлы тұлғаның адами-тәрбиелік үлгісі, оның дүниетанымы қазақ халқының рухани мұраларын зерттеген кезде ерекше көзге түседі. Академик Әуезов бірінші болып ауызша поэтикалық фольклордың жанрлары мен түрлерін теориялық тұрғыда жүйеледі. Олар халық шығармашылығының өзіндік ерекшеліктері мен музыкалық сипатын толығымен көрсетеді, өйткені қазақтардың ауызша дәстүрінің профессионализмі сөздің, поэзияның, музыканың синкретті үйлесіміне негізделген. Әуезов халық поэзиясының түрлерін ажырата келе метроритм, мелос заңдылықтарын да зерттеп, олардың ішінен декламациялық және речитативті (толғау, тақпақ) түрлерін анықтап, суырып салма өлеңнің екпін табиғатын ашты. Бұл тұрғыда оның «Татьянаның әнінің» әртүрлі нұсқалары жайлы ойлары, немесе желдірмені «Жарапазан» және «Наурыз жыры» сияқты маусымдық жырлардың екпінін жылдамдатуынан туған деген анықтамалары қызықты тұжырымдар. Ғалым олардың ұлықтау, көтермелеу сипатын, халықтың моральдық, этикалық биік ұстанымдарының орнығуын, олардағы мотивтік деңгейдің шағындығын, фольклорлық негіздерін атап көрсетеді.
Әуезовтің отбасылық-тұрмыстық және салттық әндерде театрлық элементтердің барлығы туралы идеясы өнімді тұжырым болып шықты. Орыс ғалымдары М.Готовицкийдің, Г.Потаниннің ойларын дамыта келіп, академик Әуезов театрлық элементтердің қазақ тұрмысында драмалық сипаты бар үйлену, жерлеу салттарында, бата, жоқтау, қарғыс, ант, толғау, терме, желдірме сияқты музыкалық-поэтикалық шығармашылық түрлерінде бар екенін көрсетеді. Әуезов: «Әрбір жоқтаудың қазақтың басқа әндерінен мұңды, сезімді сазымен ерекшеленіп тұратын әуені бар», - деп жазды. Жоқтау әуендері ең кең тараған әдемі үлгілер ретінде қазіргі заманғы қазақ операларына бүтіндей кіргізілген.
Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу барысында ғалым-фольклортанушы шешендік өнерге ерекше көңіл бөледі. Мұхтар Әуезов дәл байқағандай «шешендік өнерді қазақ халқы өте жоғары бағалаған, олардың тарихында екі шешеннің көркем, өткір, бейнелі, терең ойға толы сөздерінен өрілген логикалық айтысы өмір мен тұрмыстық мәселелерді шешкен жағдайлары көп.
Шешендік сөздің қоғамдық, өмірлік болмыстағы дала табиғаты қалыптастырған адами ұстанымдар мен ұлттық мінездің ерекшеліктерін нәзік қырларымен көрсететін эстетикалық, этикалық, мағыналық және әсерлік сипаты жаңа жанрлардың аясында, мысалы операда көркемдік айналысқа түсіп, ерекше эмоционалды күй, қайталанбас колорит пен түс енгізді. «Абай» және «Еңлік-Кебек» операларындағы шешендік өнер сахналары осындай. Бұл операларға контраст пен көркем бейнелерді психологияландыру әдісі ортақ, әңгімелік формалардың басым болуы және бұл сахналарда музыкалық сюжеттік дамудың кульминациялық аймақтарын құру тән. Либреттосын Мұхтар Әуезов жазған «Абай» және «Еңлік-Кебек» операларында Айдар мен Ажардың, Еңлік пен Кебектің қайғылы тағдырларын шешу сәттерінде драмалық коллизиялардың иесі ретінде өзінің дәлдігімен, өткірлігімен, сөз саптауының ауқымдылығымен ерекшеленетін Әуезов прозасы алға шығады.
Мұхтар Әуезов еңбектерінде, оның ішінде бірегей туынды «Әр жылдар ойлары» еңбегінде негізгі желі ретінде біздің ата-тектеріміздің - өткен замандардың даңқты тұлғаларының рухани мұраларын сақтау идеясы өтеді. Бұлар ұлы арманшыл Асан қайғы, дана эпик Абыз, қобыз музыкасының ататегі Қорқыт, тапқыр Алдар-Көсе. Бұлардың бейнелерін жасай келе, Әуезов біздің тарихи есімізді оята отырып, адамгершілікке тәрбиелейді.
Жырау, жыршылардың, суырып салма ақындардың, шебер күйшілердің жоғары деңгейдегі профессионалды өнері туралы зерттеулерінде ғалым олардың феноменалды еске сақтау қабілетін, бай интеллектін, сирек кездесетін шығармашылық дарынын атап өтеді. Әуезовтің ойы бойынша эпик жырау (ол бұларды әзірбайжан ашугтарымен, қырғыз манасшыларымен, туркмен бахшыларымен, орыстың баянымен («Игорь полкі туралы сөзді» еске алайық) салыстырады халықтың ойы мен мұңын жырлаушы, оның адами-этикалық символы. Рухани мұраны ұстаушылардың тарихи қызметін өте жоғары бағалай келіп, Әуезов олардың бейнелері арқылы өз дүниетанымын, өзіндік философиялық ұстанымын береді. Бұл тұрғыда Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсындағы эпик Абыздың мұңға, ашу-ызаға, қайғы мен көріпкелдік қасиетке толы сөздері ерекше. Бұл сөздер ерлік пен трагедияға толы, сонымен қатар біздің күрделі қазіргі уақытымыз үшін де соншалықты маңызды:
Тұнығым ылай болды,
Уа тұнығым ылай болды,
Қуғыншым құмай болды.
Құтылар қайран жоқ,
Сор құйар сыңай болды.
Алданар жоқ, арман көп,
Кәрің қайтып күн көрер!
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтып күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтып күн көрер!
Бәріңнің де нәрің жоқ,
Елім қайтып күн көрер!
Мұхтар Әуезовтің айтуынша, бұл ойлар Асан қайғының өлмес рухына тән. Біз алғаш ұсынып отырған тақырыптың зерттелуі тарихымыздың жаңа беттерін ашады. Бұл тұрғыда Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің көп қырлы шығармашылығы тың ойлар мен ғылыми жаңалықтардың таусылмас қоймасы, рухани-адами байлықтың айқын көрінісі.
Әуезов даналығы қазір интеллектуалдық қызметтің көптеген салаларында - филология, түркология ғылымдарын айтпағанның өзінде философия, тарих, медицина, психология ғылымдары саласында да ашылуда. Біздің міндетіміз - оның рухани мәдениетімізге қосқан үлесін анықтау, қазіргі заман өнерінің бастауларында тұрғандығы, музыкатанудың негізін салушылардың бірі болғандығы жайлы сенімді түрде пікір айту. Қазақстанның ұлттық өнерінің қайраткерлері оның ұлы өсиеттерін үлгі тұтып, өшпес адами-азаматтық тұлғасының алдында бастарын иеді.
Әуезовтің ұлылық сәулесін төккен бейнесі суретшілер мен мүсіншілер қолынан шығып, поэзия мен музыкада да көрініс тапты. Ерекше музыкалық ескерткіштердің қатарына Еркеғали Рахмадиевтің Сырбай Мәуленовтің сөзіне жазылған «Памяти Мухтара Ауэзова» поэма-реквиемі мен Ғазиза Жұбанованың «Мұхтар аға» ораториясы жатады.
Ұлы Абай:
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -
деп жазды.
Иә, Әуезовтің сөзі өлмек емес, оның рухы мәңгілік!
Ғабит Мүсірепов және қазақ операсы
Өткен ғасырдағы ұлттық музыка мәдениетінің тарихы дарынды жазушы-драматург, Социалистік Еңбек Ері, академик Ғабит Мүсіреповтің атымен тығыз байланысты. Ол жаңа мәдениет бастауларында тұрған шағын топтың өкілі, оның негізін салушылардың бірі. Қазақ әдебиеті классигінің рухани қызметінің барлық салаларына - драмалық және музыкалық театрлардың қалыптасуына, кино өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. Ғ.Мүсірепов, әсіресе, ұлттық опера жанрына көп еңбек сіңірді. Опера өнерін адамзат өркениетінің ең жоғары мәдениет жетістігі деп түсініп, оның өзіндік ерекшелігін терең түсінді. Бұл өнердің көркемдік мүмкіндіктерінің молдығын бағалай отырып, Мүсірепов өз шығармашылығында үнемі музыкалық театрмен байланыста болды. «Қыз Жібек» (1936), «Амангелді» (1945), «Ақан сері - Ақтоқты» (1982) операларының либреттосын жазды, музыкалық өнер қайраткерлері (К.Байсейітова, А.Жұбанов, Е.Брусиловский, т.б.) жайлы мақалалар жариялады. Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» (1966) балетінің сюжеті де Ғ.Мүсіреповтің қаламынан шыққан. Жазушының опералық жанрға қызығушылығы терең де тұрақты болды. Мүсіреповтің шығармашылық стилі жайында айтқанда оның опералық ойлау феноменін атап өту керек. Бұл оның бейнелік-тілдік баяндауынан, шығармаларының архитектоникасы мен композициялық құрылымынан, тақырыптарының әдемілігі мен маңыздылығынан, музыкалық-сахналық драма заңдылықтарын білуі мен терең сезінуінен жан-жақты көрінеді.
Оның шығармашылық қолтаңбасының жоғарыда аталған қасиеттерін жазушының күнделіктеріндегі ойлары дәлелдей түседі. Онда бір кезде драматургті египет билеушісі Нефертити сұлу жайлы сюжет қызықтырғаны жайында айтылады. Осы сюжеттің опералық нұсқасының жазбаларындағы Мүсірепов ремаркасында болашақ операның прологы мен финалында хор болуы керек делінген.
Жазушының опералық ойлауының тағы бір айқын мысалы оның «Қайран Майра» (музыкасы Е.Рахмадиевтікі) музыкалық драмасымен жұмысы. Өз күнделіктерінде Майраның өмірбаянына қатысты деректерді мұқият түсіріп, әншінің қызық та қайғылы тағдырының кейбір кезеңдеріне көп рет қайта оралып отырады, егер бұл сюжетті опералық либреттоға айналдырса, Майраға Тәттімбет күйлері сәйкес келеді дейді.
Бұл тұрғыда бізге жазушы күнделігіндегі тағы бір жазбасы қызық: «Қазақ солдаты» операға да ыңғайлауға келетін сияқты екен. Қайрош, Ақбота, екеуінің шешелері, Семен, Толстов Самед, Шеген, т.т. соғыс тұсындағы халық, майдан-еңбек... Жайық, Каспий жағасы, Қырым. Новороссийск. Лирика бар, ерлік бар, күйректік жоқ. Сахнада көл... бұрқ-бұрқ тиіп жатқан оқтар». Бұл жазбаларға қарағанда Ғ.Мүсірепов опера либреттосының мазмұнын тек қана қысқаша баяндап шықпаған, оның маңызды драмалық түйіндерін, театрлық сипатын атап көрсетеді, кейіпкерлердің аттарын беріп, сюжеттік коллизиялардың қиылысуларын, сахналық суреттердің ауысуларын жайып салады. Драматург-суреткер «Қазақ солдатынан» сюжеттік желінің эскиздерін ғана жасап қоймайды, жобаланбақ операның концепциясын анықтап, ауқымды және сахналық сипаты айқын ойлар айтады.
Ғ.Мүсіреповтің профессионалды музыкалық өнердің күрделі жанрларына жақындығы оның белгілі тұлғалардың атын драмалық және музыкалық театрлардың сахнасында, кейінірек кино экрандарында қалдыру үшін еткен қажырлы еңбегімен де көрінеді. Біз бұл жерде халықтық тума дарын иесі Ақан сері Қорамсаұлы және даңқты батыр Амангелді Имановты айтып отырмыз. Олардың күреспен өткен драмалық тағдырлары жазушының көңілін өздеріне аударды. Әртүрлі өнер салаларының өзіндік ерекшеліктерін пайдалана отырып, өзінің шығармашылық дарыны мен қажыр-қайратын салып, Ғ.Мүсірепов олардың көркем бейнелерін драма, опера мен кинода беруге қайта оралып Бұл тұрғыда өткен ғасырдың 80-жылдарында қойылған «Ақан сері - Ақтоқты» операсы (композиторы КСРО Халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сыдық Мұхамеджанов) айқын мысал бола алады. Либреттошының соңғы опералық туындысында «Ақан сері» музыка авторындағы сияқты жалынды ақын, шебер әнші, дарынды сазгер ретінде көрінеді. Оның толқынды тағдыры ұлттық бояулы музыкамен, көркем, бейнелі тілмен беріледі.
Дарынды «сөз зергерінің» (М.Қаратаев бағасы) көркемдік таланты, либреттошылық хас шеберлігі жаңа шығармасында көп қырынан көрінеді - жазушының әртүрлі әлеуметтік топтарды қайшылықты сипаттарымен алуында, негізгі кейіпкерлердің бейнесін жан-жақты дәл суреттеуінде, әлеуметтік мотивтерді терең ашуында, сюжеттік желіні динамикалы дамытуында, осы айтылғандарды дәл, өткір тілмен (шешендік өнер, ұтқыр тіл) беруінде. Осылайша опера либреттосында жазушы қолтаңбасына тән стильдік ерекшеліктер - өткен ғасырдың 40-жылдарының басында академик Мұхтар Әуезов атап өткен «стиль әуенділігі, көркем бейнелердің поэтикалық, психологиялық тереңдігі» айқын көрінеді. Музыкалық театрдың заңдылықтарын білу опера жанрының өзіндік ерекшеліктерін өткір сезіну, бай профессионалдық тәжірибе мен жазушылық шеберлік мұнда аттас драмалық пьесаға қарағанда жетекші мотивтер ретінде әлеуметтік, лиро-романтикалық бастауларды алға шығарды. Драматург либреттомен жұмыс үстінде бұл екі басты бастауларды ашу үшін сахналық драматургияны музыкалық драматургиямен үйлестірді.
Ақан сері өмірінің жарқын, қызулы сәттерімен қатар опера сюжетінде тамаша әндер авторының поэтикалық жан дүниесі, таза, биік өнерімен туған халқына рухани қызмет етуге деген ыстық ықыласы беріледі. Халқына қуаныш пен сұлулық сыйлап, оның ауыр тағдырын көтеріңкі көңілмен, жанды сезіммен аялау талабы көрсетілген.
Ақан сері Қорамсаұлы өзінің музыкалық-поэтикалық туындыларында: «Маған өмірдің қаншама соққы бергенін, не үшін қатал болғанын ғалым адам ғана түсінеді. Маған данагөй тап болса екен - ол менің атымды да, ісімді де сақтайды», - деп жазды. Шынында да сазгер-ақынның атын мәңгілікке қалдырған данагөй - либретто авторы Ғабит Мүсірепов пен музыка авторы Сыдық Мұхамеджанов болды. Опера жанрының жаңа мәдениетті қалыптастырудағы қызметін терең ұғынып (осындай жағдай 40-шы және бұдан кейінгі жылдары әдебиетте роман жанрының дамуында байқалды), Ғабит Мүсірепов ұлттық музыка театрын құрудағы барлық қиындықтар мен күрделі жағдайды иығымен көтерді» деп жазды қазақ операсының ірі тұлғасы Қанабек Байсейітов. «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының сәтті премьерасынан кейін Ғабит Мүсірепов қазақ операсының болашағы жайлы сенімсіздігін жасыра алмай, Қ.Байсейітовтың айтуынша: «Сын мақалалардың шығуы әбден мүмкін. Өздерің білесіңдер, музыкалық театрға күдікпен қарайтын адамдар бар. Міні, сол адамдар баспасөз беттерінде өз ойларын айтуы мүмкін», - деген. Бұл жерде Ғабит Мүсірепов өмірінің тағы бір оқиғасын келтіру де қызықты. Музыкалық мәдениет тарихындағы ерекше оқиға - «Қыз Жібек» (1968) операсының мыңыншы қойылымында либретто авторы болды. Төлеген партиясының орындаушысы Қанабек Байсейітов жазғандай оны риза болған көрермендер қоршап алды. Барлығы көтеріңкі көңіл күйде. Не жайлы сөйлескендерін, неге күлгендерін өздері де білмейді, естерінде де жоқ.
Ғабит Мүсіреповтің ұлттық опера өнері саласындағы көркемдік эстетикасының сөлі «Қыз Жібек» операсы (1981) клавирінің кіріспесінде басылған «Халық қазынасы» атты көлемді мақаласы. Онда жазушы негізін ұлы тұлғалар Абай, Махамбет, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Мұхит, Ыбырай, Дәулеткерей, Тәттімбет, бейнелеу өнерінде - Шоқан қалаған мәдениет жалғастығын ерекше атайды. Мақала авторының ойынша жаңа мәдениет дамуының көрсеткіші - Ахмет Жұбанов құрған халық аспаптары оркестрі. Ғабит Мүсірепов жаңа шығармашылық табыстарға жету үшін алған білімі сүйемелдейтін талант керек деп жазды. Мүсірепов жұмыстарында опера жанрына ерекше орын берілген. Ол: «бұрын тыңдаушы домбырашы ойыны мен әншіні ғана тыңдаса, оның қазіргі рухани сұранысы анағұрлым жоғары. Біздің замандасымыз әлемдік опера өнері үлгілерін білуі және күрделі жанрлар мен әлемдік мәдениет түрлерін игеруі керек». Ғабит Мүсірепов «Айман-Шолпан», «Қыз-Жібек», «Шұға», «Ер Тарғын», «Терең көл», «Бекет» операларының қысқа уақытта дайындалғанын еске салып, ұлттық опера либреттоларының жазылуына қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы қайраткерлері Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Қажым, Қамал, т.б. қатыстырылғанын айтады.
Ғ.Мүсірепов ұлттық музыкалық театрдың құрылуын өздерінің азаматтық парызы, тарихи қызметі деп қабылдағанын еске алады. Және де шығармашылықтың басты шарты ретінде дилетанттық немесе көркемөнерпаздықты емес өнерге берілген, жан-жақты дарынды, туған халқының фольклорын терең білетін адамдарды тартуды айтты. «Халық қазынасы» мақаласының үлкен бөлігі Е.Г.Брусиловскийге арналған. Композитордың ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесін жоғары бағалай келіп Мүсірепов оны сынау қажет емес, керісінше алғыс айту керек дейді. Өз пікірлерін дәлелдеу үшін жазушы бірнеше объективті және шынайы себептерді атайды. Ең алдымен Брусиловский Қазақстанның кең байтақ территориясындағы музыкалық фольклор үлгілерін жүйелеп, классификация жасап көркемдік тұрғыда пайдаланды, осының нәтижесінде бізге қазақ музыкасының локальдық-аймақтық ерекшеліктерін ажырату мүмкіндігі туды. Операға келген әрбір тыңдаушы жаңа халық әнімен танысып туған халқының мәдениеті жайлы түсінігін байытып, театрдан жаңа ән естіп қайтты (Ғ.Мүсірепов сол кездегі жас композитор Мұқан Төлебаевтың, Брусиловскийдің тұңғыш операсы «Қыз Жібектің» оның шығармашылығына игі ықпал еткені жайындағы айтқанын келтіреді).
Екіншіден, Ғабит Мүсіреповтің атап көрсетуінше, өнерді сүйетін адам жалпы драматургияны білумен қатар музыкалық драматургия жайын да білуі керек. Брусиловский бұл тұрғыда бұрыннан бар халық әндері мен күйлерін құрастырып, жүйеге келтірді, музыкалық драматургия заңдылықтары бойынша шеберлікпен интерпретациялады. Ғ.Мүсірепов ойларын ары қарай дамыта келіп кіріккен, логикалық ой елегінен өткізілген драматургиялық материал дайын болғанда Е.Г.Брусиловский өзінің опера-балеттік шығармаларында олардың әртүрін, қазақ фольклорының табиғатына бейнелік, жанрлық, мазмұндық жағынан ең үйлесетіндерін шеберлікпен қолданған. Бұл тұрғыда қазақтың халықтық өнері құнарлы топырақ болып, халық шығармашылығы үлгілерінің бай қорын ұсынды.
Ұлттық музыка театрының қалыптасуындағы тағы бір маңызды мәселе жайында оның негізін қалаушылардың бірі Ғ.Мүсірепов бағалы ой айтты. Бұл - халықтың музыка-поэтикалық мұрасын опера жанрына кіргізу мәселесі. Бұл тұрғыдағы Е.Брусиловский еңбегінің маңыздылығын табиғи таланты мен шығармашылық өнімділігін атай келіп, драматург оның алғашқы опералары «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғында» қолданылған фольклорды кеңінен пайдалану әдісін тарихи заңды әдіс деп есептейді. Композитор фольклор, қазақ халқының көпғасырлық рухани қазынасы арқылы өз дәуірінің түбегейлі процесстерінің «сұрақтарына» жауап беріп, тыңдаушылардың қалың тобын жалпыәлемдік көркемдік құндылықтарымен, оның ішінде опера жанрымен табыстырды.
Бұл мақаладағы Ғ.Мүсіреповтің тағы бір идеясы көңіл аударарлық. Мұнда қазақ әдебиетінің классигі халықтың көркемдік даналығының ерекше ескерткіші «Қыз Жібек» лиро-эпосының заңды түрде Қазақстанның профессионалды өнерінің ірі жанрының көшбасшысы болғанын айтады. Драматург осыған байланысты моральдық себептерді де атайды. Мақала авторы, біріншіден, опера Москвада көрсетіліп, жоғары бағаланды (1936), екіншіден, халықтың сүйікті спектаклі мың рет қойылды (1968), үшіншіден, «Қыз Жібек» - Күләш, ал Күләш - «Қыз Жібек».
Бірінші опералық туындысын Ғ.Мүсірепов өмір бойы жақсы көрді, либреттоны бірнеше рет қайта редакциялады, шеберлікпен өңдеп, мінсіз мәтін жасады, жаңа музыкалық- сахналық және орындаушылық интерпретацияларын жібермей көріп тұрды. Ол өз күнделігінде (12.02.1984): «Қыз Жібектің жаңа қойылымын екі рет көрдім, жаман емес. Әсіресе Күләштің орынбасар сіңлісінің шыққанына қуандым (бұл Б.Төлегенова - С.К.). Әлібек (Дінішев) - бұл күнге дейін табылмай жүрген Төлеген. Талант!» - деп жазды.
Академик Ғ.Мүсірепов фольклорлық шедевр «Қыз Жібек» лиро-эпосын жатқа біле тұрып, көптеген нұсқаларын қайта оқи жүріп оның сұлулығы мен эпикалық баяндауының байлығына, шебер құрылған композициялық құрылымына, биік те таза романтикалық махаббаттың берілуіне үнемі таңданумен болды. Либреттошыны эпоста суреттелген оқиғалардың театрлық сипаты, көркем бейнелердің айқындығы, жарқын ұлттық колориті де қызықтырды.
«Тілді дәл және шешендікпен игерген» (М.О.Әуезов), «сөздің күшін көркемдігінен іздеген» (Ғ.Мүсірепов) суреткер өзінің қайталанбас дарынын «Қыз Жібек» операсының либреттосында барлық қырынан жарқырата көрсетті. Мұнда туған халқының фольклорын (прозалық, поэтикалық, музыкалық), дәстүрлі мәдениетті, оның әртүрлі формалары мен жанрларын, өте бай эпикалық өнерді, шешендік өнерді жан-жақты білуі толыққанды түрде бар күшімен көрінді. Операның сюжеттік-музыкалық желісінде халықтың көркемдік ойлауының өзіндік ерекшеліктері берілген, халықтың музыкалық-поэтикалық тұрмысының эмоционалды- поэтикалы суреттері (опера прологындағы «Көш керуен» сахнасы), жастардың спорттық ойындары («Садақ биі»), үйлену салтының әдемі суреттері (Жібектің түсі - «Шашу»), тұрмыстық-салттық фольклордың аса бай жанрлары (Жібектің Төлегенді жоқтауы, өлім сахнасындағы Төлегеннің қоштасуы, Жібектің Бекежанды қарғауы), бата сөз жанры (Төлегеннің анасының батасы), т.б. көрсетілген.
Осылайша шеберлікпен қиюластырылған фольклорлық жанрлармен түрлер «Қыз Жібекте» музыка мен сөз үйлесіп кеткен жоғары деңгейдегі көркемдік бейнелеудің бүтін жүйесін жасады. Қ.Байсейітов дөп басып айтқандай: «Либретто жазудағы Мүсірепов еңбегі аса зор. Ол қазақ халқы өмірінің жарқын, колоритті, өзіндік суретін салды».
Е.Брусиловский (1904-1981) мен Ғ.Мүсіреповтің (1902— 1085) «Қыз Жібек» лиро-эпикалық операсы өткен жүз- жылдықтағы ұлттық мәдениеті үзінділерінің алтын қорына қосылады. Бірінші қазақ операсының тарихи мәні зор, өйткені онымен халық таланттарының бүтін бір ұрпағының (Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Шара Жиенқұлова, Үрия Тұрдықұлова, Тоқан Үсенова, т.б.) шығармашылық тағдырлары үзілмес байланыста. Бұл ойы бір, жасампаз арман мен биік мақсат біріктірген ұжым болатын. Бұл ұжымның жаны Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсірепов болатын. Композитор мен драматург шығармашылық әріптестік жылдарында қалыптасқан жылы, достық сезімдерін өмір бойы сақтады. Жазушының күнделіктерінен олардың отбасыларымен араласып, бірге демалғандарын, шығармашылық жоспарларымен бөліскендерін көреміз. Брусиловский үшін қиын жылдарда, өткір айтыстар мен шабуылдар болып жатқанда Ғ.Мүсірепов композиторды қорғау жағына шықты. Музыкалық театрдың екі корифейінің көп жылдық достығының куәлігі ретінде Ғ.Мүсіреповтің Брусиловскийдің Москваға көшуіне орай жазылған хатын келтірейік: «Евгений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды қазір ғана ұқтым. Азын-аулақ дерлік адал адамдардың бірі кетіп бара жатыр деп, пернелердің бәрі бірінен кейін бірі бырт- бырт үзілуде. Ағынан жарыла және адал көңілмен сөйлесуге болар кісім жалғыз Мұхтар мен сен едің. Осы жолдарды менің саған «Хош!» - деп айтқан сөзімдей қабыл ал, сүйікті, адал менің, досым! Жан-жарың Аняға және бір сәлем! Бақытты жайда көріскенше. Тұла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің».
Біз кейбір қырларын ғана көтеріп отырған «Ғабит Мүсірепов және қазақ операсы» мәселесі күрделі және актуалды мәселе.
Жазушының жеке мұрағатында, Абай атындағы Опера және балет театрының архивінде, мәдениет министрлігінің көркемдік кеңесінің құжаттарында, жазушы драматургтың, академиктің жан-жақты қызметіне қатысты басқа мекемелерде тереңдете зерттеу оның өмірбаянында, шығармашылық лабораториясы мен стилінде жаңа беттер ашар еді.
Ғабит Мүсіреповтің көпқырлы шығармашылық мұрасы қазақ халқының рухани қазынасының сүбелі бөлігі, ұлттық құндылығы. Қазақ операсын жасаушылардың бірі Ғабит Мүсірепов тірі кезінде оның қалыптасуының, дамуының, гүлденуінің куәгері болды. Қазақ әдебиетінің классигі «Абай», «Біржан-Сара», «Дударай», «Алпамыс», «Еңлік-Кебек» операларын жоғары көркемдік жетістіктердің көрсеткіші деп есептеді.
Евгений Григорьевич Брусиловский
Ұлттық опера өнерінің қалыптасуы мен дамуына оның негізін салушылардың бірі Е.Г.Брусиловский өлшеусіз үлес қосты. Композитордың шығармашылық мұрасының көркемдік-эстетикалық маңызы қазіргі заман контекстінде алғанда ауқымды және салмақты.
Республиканың халық артисі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты профессор Е.Г.Брусиловский тоғыз операның, сегіз симфонияның, үш балеттің, көптеген ән-романстардың, кинофильмдер музыкасының және басқа да көптеген шығармалардың авторы. Композитор өзінің өнімді және жан-жақты шығармашылығында Қазақстанның музыкалық өмірінің тарихи жолын шеберлікпен жан жақты көрсетті, қазақ халқының рухани сұлулығын, өткені мен бүгінін бейнеледі. Е.Г.Брусиловскийдің шығармашылық дарыны дәстүрлі мәдениет негіздерін терең түсінуінен барып толық ашылды. Ленинград консерваториясын бітірген, орыстың классикалық мектебінің демократиялық дәстүрлерінде тәрбиеленген Е.Г.Брусиловский өзінің композиторлық және қоғамдық-педагогикалық қызметін ұзақ уақыт бойы қазақ өнеріне арнады. Ал қазақ өнері оның барлық музыкалық шығармашылығына көркемдік мазмұн беріп, шығармашылық сара жол ашты 1
Е.Г.Брусиловский 1933 жылы Қазақстанға келісімен әндік- аспаптық музыканы зерттеуге қатты қызығып, жазып ала бастайды.
Композитор үшін күшті шығармашылық стимул аса бай рухани аура болды - халықтық музыка дәстүрлері әлі тірі болатын, музыкалық-поэтикалық айтыстардың фольклорлық түрлері де кең тараған еді. Осындай жағдайда Е.Г.Брусиловскийге осы мәдениет түрлерін ұстаушылармен тікелей араласудың сәті түсті, дарынды шебер домбырашылардың, маман әншілердің, суырып салма ақындардың өнерін үнемі естіп жүруге, жазып алуға мүмкіндік туды. Бұлар - керемет тума дарындар - күйшілер Науша және Махамбет Бөкейхановтар, У.Қабиғожин, В.Мұхитов, Қ.Медетов; әнші Ә.Қашаубаев; ақын И.Байзақов және басқалар. Олардың орындау мәнері, сирек кездесетін шығармашылық дарыны, табиғи артистік қабілеттері жөнінде композитор өз күнделіктерінде ыстық ықыласпен еске алады. Көркемдік- эстетикалық танымының, ұлттық ерекшеліктерді қабылдау критерийлерінің қалыптасуына, халық шығармашылығының локальды-стильдік негіздерін танып білуіне композиторға қазақ әдебиеті мен өнерінің негізін салушылармен көп жылдық достығы әсер етті. Ол өмір бойы Мұхтар Әуезовті табына силап өтті, М.Төлебаевты туған әкесіндей жақсы көрді. Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің либреттоларына опералық шығармалар жазды. Ә.Тәжібаевтің өлеңіне әйгілі «Қос қарлығаш» әнін шығарды.
Алғашқы қазақ музыкалық спектаклдері «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғынға» қатысқан режиссерлер, сценаристер, орындаушылар: Қ.Жандарбеков, Күләш және Қанабек Байсейітовтер, С.Камалов, Ж.Шанин, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев және басқалар жайында үнемі еске алып, жылы сезіммен әңгімелейтін.
Композитордың фольклорлық қызметінің нәтижесінде 250 ән мен күй жазылып алынды, Е.Г.Брусиловский бұлардың көбін дауысқа, оркестрге, фортепьяноға арнап өңдеді.
Халықтың музыкалық және поэтикалық мұрасының негіздерін терең сезіну композитордың алдына жаңа шығармашылық мүмкіндіктер тудырды, ол ірі музыкалық-сахналық шығармалар жасауға кірісті. Ол өзінің шығармашылық мүмкіндіктерін өзінің алғашқы опералары «Қыз Жібек» (13 қаңтар, 1934 ж.), «Жалбыр» (17 қараша, 1935 ж.), «Ер Тарғынды» (15 қаңтар, 1937 ж.) қойған кезде көрсетті. Аталған опералық шығармалар композитор творчествосындағы ерекше үштікті құрайды. Бұлардың музыкалық-поэтикалық тілі түгелімен қазақ фольклорының ең жақсы үлгілерінің, халық композиторларының әндік-аспаптық шығармаларының (Құрманғазы күйлері, халық күйлері «Ақсақал», «Тепеңкөк», Ыбырайдың, Мұхиттың, Естайдың, Жаяу Мұсаның т.б. әндері) негізінде құрылды. Қазақ мелосының әуендік-ладтық, ырғақтық байлығын, композициялық-құрылымдық ерекшеліктерін шығармашылықпен игеру жоғарыда аталған опералық шығармалардың сәтті шығуына құнарлы топырақ ретінде қызмет етті.
Е.Г.Брусиловскийдің шығармашылық мұрасын бағалаған кезде тарихи реалиалармен қатар мәдениеттердің жалғастығы принциптерін де басшылыққа алу керек. Себебі, әрбір ұрпақ өз дәуірінің көркемдік-эстетикалық және дүниетанымдық ұстанымдарын өзінше анықтайды.
Бұл тұрғыда Е.Г.Брусиловский шығармашылығы жарқын мысал және оның тарихи ролі өте жоғары, өйткені композитор- суреткердің музыкасы уақыттар көшін байланыстырушы желі, халық шығармашылығы дәстүрлері жалғастығы мен орындаушылығының өзіндік айнасы, халықтың көп ғасырлық даналығын жаңарған, қайта туған мәдениетпен байланыстыратын алтын арқау. Композитор рухани және материалдық кұндылықтарды, халықтық этикалық, адами- психологиялық ұстанымдарын, оның прогрессивті салттары мен моральдық нормаларын жан дүниесімен игере келіп, олардың қызметтері мен тұрмыстағы орнының шектерін кеңейтті, оларды жалғастыра, қорыта келіп өзінің көп жанрлы шығармашылығында жаңа деңгейде бейнеледі. Дәл осы опера жанрында композитор фольклор мен қазақ халқының көркемдік дәстүрлеріндегі бай опералық белгілерді жан- жақты пайдаланды.
Бүкіл шығармашылық қызметінің өн бойында өзінің шығармашылық фантазиясын мәңгі тірі фольклорлық образдармен, мелостармен, жанрлармен байытып қана қойған жоқ, жылдар өте, оның музыкасы көрсеткендей, есту қабілетінің күші мен композиторлық тәжірибесінің халықтық сипаты мол өзіндік мелодиялық түр жасауға мүмкіндік берді. Осының арқасында үйлесімді көркемдік синтезге қол жеткізілді.
«Қыз Жібек» лиро-эпикалық операсының сюжеттік желісіне Ғ.Мүсірепов халықтың лирикалық поэмасын алды. Бұл сұлу Жібек пен батыр жігіт Төлегеннің арасындағы махаббат жайлы әсерлі лирикалық баян» «Қыз Жібек» өзінің ғажап сұлулығы мен ақылы арқылы кең далада даңқы шыққан қыз. «Қыз Жібек» операсының музыкасы түгелімен фольклорлық бастауларға негізделген. Композитор тақырыбы, жанры, өзіндік ерекшеліктері әртүрлі аспаптық мәдениет үлгілерін кейіпкерлермен, сюжет драматургиясымен кіріктіріп жіберген. Е.Г.Брусиловский алып отырған материалдың ерекшеліктерін, стильдік, жанрлық белгілерін сақтай отыра, опералық өнер жанры заңдылықтарымен епті байланыстырады. Негізгі кейіпкерлер опералық кейіпкердің ішкі табиғатын айқын ашатын лейттемаларға ие. Мысалы, басты кейіпкер Қыз Жібек өзінің әртүрлі психологиялық күйін білдіретін өзіндік әндер қатарына ие. Бұлар -қуанышты, көтеріңкі лепті «Гәкку», нәзік үнді «Толқыма» және трагедиялық «Дүние-ай», шешімді және екпінді ән «Раушан» (ноталық мысалдар), бұлардың авторлары халық композиторлары Ыбырай Сандыбаев, А.Габбасов, М.Мералиев және басқалар. Нақты драмалық функцияларды атқару бағытында ерекше орында операның басты тақырыбы - «Гәкку» әні. Ол Жібек әндерінің қатарына кіріп, ең белсенді құрал ретінде алдыңғы бетке шығады. Композитор оны үнемі өзгерте отырып, баяндау фактурасында, полифониялық және үйлесімдік трансформациясында, ладоритмикалық модификациясында т.б. үнемі мағыналық және көркемдік жаңа акцент кіргізеді.
30 жыл бұрын алғаш рет қойылған «Қыз Жібек операсы» 1968 жылдың 27 қаңтарында 1000-шы рет қойылды. Бұл оқиға музыкалық мәдениет тарихындағы тамаша мейрам ретінде есте қалды.
Операның басты кейіпкерінің ролінде дарынды және ұмытылмас К.Байсейітова. Ең алғашқы КСРО халық артистерінің бірі (ол бұл атаққа 24 жасында ұлы актерлар, кеңестік мәдениеттің ірі қайраткерлері Немирович-Данченко, Качалов, Станиславскийлермен бірге ие болды) Байсейітова өзінің аққу әні «Гәкку» арқылы мәңгілік есте қалды.
Композитордың келесі ірі шығармасы - «Жалбыр» балеті (1935 ж.). Бұл тарихи -революциялық спектакльдің негізіне тарихи оқиға - Амангелді Иманов көтерілісінің бір эпизоды алынды. Либретто авторы Б.Майлин (қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, жүз жылдығы 1997 жылы қыркүйек айында атап өтілді, Қостанай облысының тумасы, репрессияға ұшырап, Сталиндік абақтыда атылған) халық батыры Амангелдінің жауынгері Жалбырмен таныс болған. Опера сюжеті нақты тарихи-трагедиялық оқиғаларға құрылған.
«Жалбыр» - революциялық тақырыптағы музыкалық спектакль, оның басты кейіпкері -езілген, күреске шыққан халық. Өзінің тақырыбы мен жанры бойынша опера Мусоргскийдің «Борис Годунов» және «Хованшина» атты халықтық драмаларының бағытын ұстанады. «Қыз Жібек» операсындағыдай «Жалбыр» операсының музыкалық негізін халықтық әндер мен күйлер құрайды. Халық ішінде кең тараған, Е.Г.Брусиловский өте сәтті қолданған «Елім-ай» әні - тарихи ән. Бұл ән «Ақтабан шұбырынды - Алқакөл сұлама» деп аталған жоңғар шапқыншылығы кезінде туған. Мұнда туған жерге деген сағыныш, отанды сүйу тақырыбы көтерілген. Операда «Елім-ай» әні арқылы халықтың көркем бейнесі жасалады. Жалғыз дауысты мұңды әуен композитордың қолынан өтіп профессионалды көркемдік құралдармен байып барып халықтың жан-жақты бүтін бейнесін береді. Ал симфониялық дамуында халық тағдыры тақырыбы барынша толық көркемдік дәрежеге көтерілді.
«Елім-ай» әнінің интонациясы «Жалбыр» операсының алғашқы оркестрлік кіріспесінің дыбыстарынан бастап финалына дейін көктеп өтеді. Мұнда әннің ауыр үйлесімді адымы контрастылы полифониялық дауыстардың қосылуымен бірге дамудың ең жоғарғы кульминациялық шегіне жетеді. «Елім-ай» әні операда әр қырынан көрінеді. Кейде ол ерлік рухты, кейде қайғылы, кейде екпінді, кейде үрейлі.
Е.Г.Брусиловский опералық үштігінің соңғысы - ерлік- эпикалық опера «Ер Тарғын» (1937 ж.). Либреттосы қазақ музыкалық театрының негізін салушылардың бірі дарынды жазушы С.Камаловтікі. Тарғын батырдың ерліктері жайлы халықтың ерлік-эпикалық жырының негізінде С.Камалов халық қорғаушысының, батыр жауынгердің бүтін, жинақты көркем бейнесін жасайды. Батырдың өмірі Отанына қызмет етуге, бақытын іздеуге, жат жерлік жаулап алушыларға қарсы күреске арналған.
Е.Г.Брусиловский мұндай маңызды тақырыпты ашу үшін фольклорды цитаталық түрде қолдану әдісін әрі қарай дамыта келіп, кең ауқымды эпикалық сурет жасайды. Мұнда Е.Беркімбаевтың «Қорлан» әнінің драмалық қызметі өте жоғары.
Бұл әндегі эмоционалдық күйдің биіктігі, нәзік көркемдік сипат, терең лиризм оны операның ең маңызды драмалық түйіндерінде қолдануға мүмкіндік берді.
Егер опера прологында Брусиловский «Қорлан» әнінің көмегімен халықтың бейнесін берсе, трагедиялық өмірін көрсетсе, «Ер Тарғын» операсының кодасында бұл ән әрекетшіл сипатта естіледі. Тақырыптың мұншалықты өзгеруі пунктирлі ырғақпен, төрттік өлшеммен, ладтық, мағыналық өзгеріспен жасалған, егер «Қорлан» прологта эолийлік ладымен, оның мұңды реңімен суреттелсе, финалында Естайдың тамаша әні ионийлік ладының ашық бояуларымен беріледі. Бостандық алған халық еркіндік пен қуаныштың әнін айтады. «Ер Тарғын» операсының премьерасы 1938 жылы Ленинградта өтті.
Алғашқы операларының сәттілігіне қанаттанған Брусиловский барлық музыкалық жанрларда талмай табысты жұмыс істеді. «Алтын астық» (1940 ж.), «Гвардия алға» (1942 ж.), «Амангелді» М.Төлебаевпен бірге (1945 ж.), «Дударай» (1953 ж.), «Мұрагерлер» (1962 ж.) операларын бірінен соң бірін жазды. Бұл тақырыптары, стилі бойынша әртүрлі жұмыстарда халықтың бейбіт өмірі және соғыс кезіндегі жан қиярлығы көрсетіліп, даңқты батыр Амангелдінің бейнесі, жастардың күнделікті ерлік істері суреттелген.
«Дударай» операсы (1953 ж.) композитордың өз шығармашылық қоржынынан ғана маңызды орын алып қоймайды, Республиканың опера өнерінің даму тарихында да ерекше орыны бар. Брусиловскийдің бұл ірі шығармасы орыс және қазақ халықтарының ұлы достығы тақырыбына арналған. Сюжеті, композиторлық қолтаңбасы, көркемдік бейнелеудің күші жағынан алғанда опера қазіргі қазақ мелосының жаңа қырларын ашады.
Әдеби баяндаудың негізіне (либреттошы А.Хангелдин) қазақ жерінде болған тарихи оқиғалар алынған, ал операның музыкалық тілінде белгілі «Дударай» әні барлық қырымен, әуендік байлығымен қолданылады. Әннің авторы қазақ жігіті Дударға ғашық болған Мария Егоровна Рыкина екені белгілі. Ол бұл әні үшін Қазақ КСР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер атағын алған. Опера кейіпкерлерінің өмірі екі достас халықтың өмірімен тығыз байланысты. Олардың күресін көрсететін көпшілік сахналар биік эмоционалдық тонусты лирикалық сахналармен табиғи кірігіп кетеді.
Брусиловскийдің Дмитрий Снегиннің сөзіне жазған «Советтік Қазақстан» кантатасы (1947 ж.) композитордың өз шығармашылығы үшін де, республиканың музыка өнері тарихы үшін де кезеңдік оқиға болды. Хорға арналған жарқын, колоритті шығармаға 1948 ж. КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Кантата салтанатты мерекелік сипатымен ерекшеленеді, қазақ халқы өмірінің қилы кезеңдерін көрсетіп, тарихының беттерін ақтарып, сол кездегі Қазақстанның жаңалықтарын жырлап, салтанатты апофеозбен аяқталады (кантата октябрь революциясының 30-жылдығына орай жазылған).
Қазақстандағы аспаптық жанрдың қалыптасуы мен дамуы Е.Г.Брусиловскийдің атымен тығыз байланысты. Брусиловскийдің мазмұны мен тақырыбы жағынан әртүрлі симфониялық музыкасы халық өмірінің барлық қырларын қамтиды.
Қазақ симфониялық музыкасының алдыңғы қатарлы шығармаларының бірі -Брусиловскийдің «Сарыарқа» симфония-сюитасы (1944 ж.). Үшінші симфония қазақ күйлерінің тақырыптарына негізделіп, өзінің мазмұндылығымен, халықтық тақырыптарды игерудегі жаңашылдығымен ерекшеленеді. Әдемі оркестрлік бояулары, тембрлік сипаты, дауыстың драмалық қызуы, аспаптық бейнелеудің қанықтығы мен айқындығы ұлттық симфонизмнің жаңа қырларын ашты. Шығарма төрт бөлімнен тұрады, бұлар айқын контрастық сипатта келіп, қазақ халқының тарихын баян етеді.
Егер Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған «Сарыарқа» симфониясы ерлік-патриоттық сипаттағы шығарма болса, «Жалғыз қайың» симфониялық поэмасы ұлы Абай поэзиясының әсерімен жазылған, тақырыптық негіз ретінде Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әні алынған.
Композитор үнемі өз шығармашылығын ұштай отырып, оның жаңа көкжиектерін аша түсті. Оның бұл қасиеті жаңа шығармаларынан айқын көрінеді. Мысалы 1957 жылы жазылған IV симфониясы тың игерушілердің шабытты еңбегін мадақтайды, ал VI симфониясы XIX ғасырдың ұлы күйшісі, халық композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың бейнесін жасайды, VII-де Тәттімбет Қазанғапов тақырып болса, VIII симфония КПСС-тің XX съезіне арналған.
Өзінің VI симфониясында (1967 ж.) композитор ұлы күйші Құрманғазының шығармашылық портретін жасап, оның еркіндікке ұмтылған арманын, бақытқа ұмтылуын паш етеді. Құрманғазының гуманистік табиғаты музыкалық әдістермен ашылады. Брусиловкий: «Мен Құрманғазыны оптимист, үлкен дарын иесі, терең сенімге ие адам ретінде сүйемін», - дейді.
Құрманғазының атақты күйлері өздерінің даралық сипатымен, образдарының айқындығымен, нағыз симфониялық элементтерінің молдығымен Брусиловскийді үнемі қызықтырып
Алтыншы симфониядағы Құрманғазы бейнесі өзінің автобиографиялық күйлері «Түрмеден қашқан», «Ақбай» және «Сарыарқа» күйлерінің интонацияларымен берілді.
Брусиловскийдің «Алтыншы симфониясы» ортасында ұлы халықтың дарын Құрманғазы образы тұрған монументалдық шығарма. Құрманғазының белгілі күйлерін шеберлікпен пайдалану, нәзік жобалық-драмалық талдау бұл шығарманы көпшілік тыңдаушыға түсінікті етті. Брусиловскийдің бұл шығармасында Құрманғазы мұрасына мойын бұруы оның шығармашылық қолтаңбасының жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп, Алтыншы симфонияға қайталанбас, айқын ұлттық нақыштар дарытты.
Құрманғазы туралы симфония қазақ симфонизмінің ірі жетістіктерінің бірі болып, оған 1967 жылы Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Қазақ музыкасының ақсақалы Е.Г.Брусиловский 30-жылдан астам бұрын: «Мен қандай музыка тудырсам да ол қазақы болып кетеді...», - деген. Шынында да халықтың біраз уақыт бұрынғы сүйікті әндері - «Гүлденген Қазақстан», «Алтай», «Қос қарлығаш», «Шолпан» әндері интернационалист суреткердің қаламынан туғандығы алғыс, таңғалу сезімдерін қатар тудырады. Бұл жерде Брусиловскийдің жарты ғасыр бұрын жазылған Қазақстан әнұраны авторларының бірі екенін айта кету керек. Ол әнұранның әуені қазір халықтық әншіліктің классикалық үлгісі ретінде қабылданады.
Профессор Брусиловский қазақ композиторлық мектебінің негізін салушылардың бірі. Ол дарынды, қабілетті музыканттардың бүтін бір легін тәрбиелеп шықты. Е.Г.Брусиловский шәкірттерінің қатарында ССРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Қ.Қожамьяров, Л.Афанасьев, Қазақстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлер Б.Байқадамов, Қ.Мусин, К.Күмісбеков, басқа да республиканың жетекші композиторлары бар.
Брусиловский шығармашылығының көркемдік-эстетикалық құндылығы, оның ұлттық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, музыкалық дайындық пен білім берудегі зор еңбегі қазіргі заман тұрғысынан қарағанда ауқымды, салмақты қабылданады. Оның профессионалдық өнердің барлық басты жанрларында жазылған музыкасы қазір ұлттық рухани қазына қоймасынан сүбелі орын алады.
Ахмет Жұбанов - ұлттық музыка өнерінің негізін салушы
2006 жылдың көктемінде Республика жұртшылығы және Юнеско көлемінде Қазақ КСР-нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуын атап өтті. Танымал ғалым, дарынды композитор, өнегелі ұстаз, белсенді ұйымдастырушы, туған халқының қадірменді ұлы А.Жұбанов есімі сонау 30-шы жылдардан бастап жаңа мәдениет, әдебиет пен ғылым негіздерін салуда ұлы Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және өнер өкілдері Евгений Брусиловский, Күләш және Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков есімдерімен бірге ерекше құрметпен аталады.
Көрнекті өнер қайраткері ғылым докторы, профессор деген атақтарға ие болумен қатар, ол ұлттық операның негізін қалады. Ақаңның көпқырлы талантының жан-жақты дамуына ықпал еткен біріншіден өзінің туып-өскен отбасы - әкесі Қуан кезінде сол өңірдің сауатты, ел сыйлайтын азаматы болған екен, ал ағасы Құдайберген, ұлтымыздың тарихына тұңғыш тіл зерттеуші - профессор ретінде кірді. Екіншіден -Ақаңның кәсіби маман ретінде қалыптасуына, сол өңірдің байырғы кеңінен дамыған халық өнері еді. Ақаң жас кезінен туған халқын ұшан-теңіз поэтикалық, прозалық, музыкалық фольклорын бойына сіңіріп, ел арасында тұрақты орын алған ақындық, жыраулық, әншілік, күйшілік дәстүрлерді тереңінен қабылдады. Бұл сан түрлі фольклорлық орта оның көпқырлы қабілеттерінің қалыптасуына ерекше әсер етті. Сондықтан да Ақаңның табиғи музыкалық дарыны өте ерте оянды. Деректер бойынша, ол бала кезінен-ақ қолына домбыра ұстап, аса сезімталдықпен бір естіген ән-күйлерін бұлжытпай қайталайды екен. Өмірге деген құштарлығы, білімге деген зеректігінің арқасында ол алдына қойған биік мақсаттарына жете алды.
Ақаңның музыкалық қабілеттерінің қалыптасуына тағы да бір үлкен ықпал еткен жағдай - ол орыс мәдениетінің алтын бесігі Ленинград консерваториясында дәріс алуы. Мұнда Ахмет Қуанұлы көрнекті совет педагог-ғалымдары Б.В.Асафьев, Ю.Н.Тюлин, Р.И.Грубер және Х.С.Кушнаревтерден лекцияларын тыңдады. Бұл оқу орны болашақ ғалым-композитордың профессионалдық білімін, өмірге деген көзқарасын, жан- жақты мәдениетін көтеріп, ой-өрісін дамыта түсті.
Ленинград консерваториясын бітірген соң академик Ғабит Мүсірепов айтқандай: «Қажырлы да қайратты, ойлы да білімді жас Ахмет қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруге, қазақ халқының үні қосылмай келген музыкалық аспаптарының басын қосып, жаңадан жан бітіруге, музыкалық мәдениетін мәңгі өркендету жолдарын іздестіруге бірден-ақ кірісіп кетті», - деген екен.
Сол кезден бастап А.Жұбанов өзіне уақыт жүктеген азаматтық борышын бүкіл шығармашылық саналы өмірімен ақтады, өнеріміздің әр даму кезеңдерінде айрықша белсенділікпен қызмет етті. Бұл тұрғыдан А.Жұбановтың ұлттық музыкада кәсіби жанрлардың қалыптасуына, оның өркендеуіне сіңірген еңбегін ерекше айту керек. Ол өзінің өмірлік, творчестволық досы Латиф Хамидимен бірігіп жазған қазақ халқының ұлы перзенті, жаңа жазба әдебиетіміздің негізін салушы, прогресшіл-ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған күрделі музыкалық шығармасын жазды. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Әуезовтің либреттосына негізделген бұл туынды өзінің терең мазмұнымен, кәсіби шеберлігімен және өзіндік ұлттық өрнегімен сәтті шығып, қазақ музыкасының даму тарихында ең маңызды кезеңді анықтады. Сонымен «Абай» операсы қазақ операларының ішіндегі көркемдік және мазмұндық сапасы жағынан шоқтығы биік туынды болды.
Ахмет Қуанұлы нағыз шеберге лайық өз творчествосына жауапкершілікпен қарайтын, әрбір туындысын дүниеге әкелер алдында мың ойланып, жүз толғанғаннан кейін ғана жазуға отыратын. Сондықтан да оның шығармалары өзіндік сипатымен, мазмұны жағынан бай, тақырыбы жағынан өзекті болып келеді.
Батыс - еуропа елдерінде қалыптасып, кеңінен дамыған опера жанрының қазақ сахнасында лайықты орын алып, оған ұлттық колорит, халықтық рух беріп, өркендеген мәдениеттің көрсеткіші болу үшін, Ақаң көптеген творчестволық ізденістер жасады. Бұл қиын және абыройлы бастамаларында композитор орыс классиктерінің мол тәжірибесіне де сүйенді. Осы тұрғыдан соғыс жылдары Л. Хамидимен бірігіп жазған Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арнаған операсын келтіруге болады. Бұл музыкалық-сахналық туындының либреттосын жазған Мұхтар Әуезов еді. Сюжеттің өзегінде Талғар полкінің барлаушысы - автоматчик Төлеген Тоқтаровтың сұрапыл соғыс жылдарындағы жасаған батырлық ерлігі. Жазушы сол кездегі деректі мәліметтерге сүйене отырып, шынайы және шиеленіс уақиғаларға толы қазақ жауынгерінің өмірі мен қаһарманды бейнесін сомдады. Оған сәйкес болған отаншыл, патриоттық үнге бай Жұбанов пен Хамидидің музыкасы еді. Шығармада негізгі кейіпкерден басқа соғыс кезінде кең тараған «Жас қазақ» өлеңінің авторы санитар Рамазан Елебаевтың да образы тартымды суреттелген. Онда - фронт көріністері қазақ аулының бейбіт өмірімен қарама-қарсы салыстырылып келтірілген. Ал музыкалық драматургиясының желісінде негізгі сарын (лейтмотив) ретінде композиторлар «Жас қазақ» әнімен соғыс жылдары халықтың арасында кең тараған «Москва» деген әнді шебер пайдаланған.
А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» операсының сұрапыл жылдары халықты патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызы зор болды. Ақаңның творчестволық мұрасында ұлт музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының тұлғасы ерекше орын алады.
Ғалымның өз сөзімен айтқанда Құрманғазының күйлері «өмірі мен күш-қайратын сарп еткен» өзінің, азаматтық ерлігінің арқасында қазіргі ұрпақтардың рухани қазынасына айналды. А.Жұбанов ғылымдағы алғашқы қадамынан бастап, өмірінің ақырғы күндеріне дейін Құрманғазының өнердегі орнын ұлттық мәдениетіміздің үлгісіндей бағалап, өмірі мен шығармашылығын толық жинап, сұрыптап, тұтас бір жүйеге келтірді. Жазушы Сәбит Мұқанов кезінде М.Әуезовтің көркем әдебиетте ұлы Абай бейнесін шығару шеберлігін А.Жұбановтың музыкада күйші Құрманғазының тұлғасын жан- жақты ашуымен салыстыруы да, осындай үлкен еңбекті бағалаудан болса керек. Кезінде өнертану ғылымдарының докторы атағы да А.Жұбановқа Құрманғазы туралы жазған еңбегі үшін берілген-ді. Ақаң халық композиторының атақты күйлерін жинап, нотаға түсіріп, алғашқы болып ұлт оркестріне көп дауысты аспаптарға бейімдеді. Құрманғазының тек өз бейнесін ғана зерттемей, оның жолын, ізін қуған шәкірттерінің өмірбаянын да жазды. Ақаң өмірінің соңғы жылдарында халық ақыны Хамит Ерғалиевтің либреттосы бойынша Құрманғазы туралы опералық шығарма жазуға жоспарлаған еді. Оның негізгі сахналық көріністері, басты музыкалық арқауы белгіленген болатын. Бірақ кенеттен келген ауыр науқас 1968 жылдың 30 мамырында Ақаңның өмірін үзді... Бұл ой- арманын қызы Ғазиза жүзеге асырды, алғашында қазақтың тұңғыш радио-операсы ретінде, ал кейінірек күрделі сахналық туынды «Құрманғазы» жұртшылыққа көрсетілді.
Бұл күрделі және кәсіби деңгейі биік операда ұлы халық композиторының өмірі мен шығармашылық жолы оның автобиографиялық күйлері арқылы баяндалады. Операда вокальдық, оркестрлік тәсілдер арқылы, Құрманғазының туындылары жан-жақты көркемдік, мәнерлік, стильдік өзгерістерге түсіп, жаңашыл творчестволық өмірін тапты.
А.Жұбановтың қазақ музыка зерттеу ғылымы саласында қалдырған мұрасы 300-ден астам еңбекті қамтиды. Олардың арасынан оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленген «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі», «Құрманғазы», «Ән- күй сапары», «Өскен өркен» және басқа күрделі кітаптарды атап өткен жөн. Аталмыш монографияларда А.Жұбанов ел арасынан шыққан асқан талант иелері - халық композиторларының өмірін, олардың музыкалық мұрасын аса ұқыпты жауапкершілікпен іздене зерттеп, біртұтас жүйеге келтіріп, құнды деректер қалдырды. А.Жұбановтың бүгінгі ұрпаққа өнер иелерінің шығармаларын жинап, оларды інжу-маржандай тізіп, халыққа жеткізіп, насихаттауы таңғаларлық қасиеттерінің бірі.
Ақаңның ғылыми мұрасы өзінше сипаттылығымен ерекшеленеді. Мұнда автор тіл шеберлігі арқасында халқымыздың рухани дүниесін өзіндік жолдармен ашады - туған елінің рухын әдет-ғұрпын, наным-сенімін, психикасын, діни үғымдарын жете біле, ол музыка өнерін зерттегенде оның көркемдік және тарихи кұндылықтарын баяндағанда, әрқашан мақал-мәтел, өсиет-нақыл, дана сөздерді, Махамбет, Абай, Ильяс поэзиясынан үзінділерді орынды келтіріп отырады. Кәсіби театр, бейне өнері даму үшін белгілі жағдайларды керек ететін болса - дейді Ақаң, халқымыз ғасырлар бойы музыкалық өнерді «ат жалында, түйе қомында» сақтап қалған. Ән-күйдің қазақ даласында биік орнын айта келе, ғалым халық мақалы арқылы былай келтіреді: «Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер». Ақаңның еңбектерінің арқасында ұлы Даланың өлең мен күйді пір ұстаған, оған өз өмірін арнаған талай дарынды күйші, атақты әнші, Алладан келген керемет табиғи қабілеттерімен аттары аңызға айналды. Есімдері мәңгілік тарихқа енген Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Тәттімбет, Балуан Шолақ, Қазанғап, Байсерке, Абыл, Ықылас, Сармалай, Ыбырай, Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Әсет, Естай және тағы да көптеген басқалары.
Ахмет Жұбанов халық композиторлардың өмірі мен шығармаларын жинап, зерттегенде мәселелерді жан-жақты қарастырып, өткен дәуірдің саяси-әлеуметтік, тарихи жағдайларымен тығыз байланыстырып отырған. Ән болса әннің, күй болса күйдің шығу себептерін аңызын, тарихын қағазға мұқиятпен түсіріп, уақытында сол өнер өкілдерін көрген ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп, өзінің ерекше кішіпейілдігімен, білгірлігімен олармен тіл таба білген. Сөйтіп, өте құнды, маңызды және керекті мәліметтер қалдырды. Бұл туралы Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы туралы елеулі еңбек етіп, мақалалар мен кітаптар жазған зерттеуші-ғалым Бисенғали Ғизатов былай дейді: Ақаң «араб әрпімен жазбаларды еркін оқып, араб, парсы сөздерін, түрік-шағатай тілдерін татар тіліне араластырып жазған ресми қағаздардың бәрін де талдай білетін еді» [6, 6]. Сондықтан өз жұмыстарында ол сан-алуан жазылымдарды орынды түрде пайдаланған.
Ғалым-композитордың әндері, романстары, хор мен оркестрге арналған шығармалары, драмалық пьесаға, киноға жазған музыкалары өз алдына бір төбе. Бұл тұрғыдан халық арасына көп тараған сүйкімді «Қарлығашын», шалықтаған «Би күйін», көтеріңкі «Ақ көгершінін» ерекше айту қажет.
А.Жұбанов өзінің творчестволық және ұйымдастырушылық жігерін ұлттық өнер кадрларын тәрбиелеуге жұмсады. 1945 жылы Қазақ Ғылымдар академиясының құрамында Ақаңның ықпалымен өнер зерттеу секторы ашылды. Қазір мұнда театр, музыка, бейнелеу атты бөлімдерде өнертану ғылымдарының докторлары мен көптеген ғылым кандидаттары Ақаңның игілікті бастамаларын одан әрі жалғастыруда. Қазір ол сектор М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының үш үлкен бөліміне айналды.
Ақаң сол кездерде туған мәдениетіміздің болашағын ойлап, оны зерттейтін тұңғыш ғылым кандидаттарын дайындап шығарған еді.
Академик Ахмет Жұбановтың саналы және сапалы өміріндегі тағы бір айта кететін елеулі еңбегі - ол ұстаздық және музыкалық білім беру саласындағы атқарған күрделі шаралары. Сонау 30-жылдарда Ақаң ана тілінде тұңғыш музыка теориясының оқулығын жазды. Өзінің бір естелігінде ол былай депті: «31-жылдың мамыр айының аяғында Ленинградтан жазғы демалысқа қайтар сапарымда Москвада тоқтап, А.В.Затаевичке жолықтым. Ол мені көрмесе де Жұбанов екенімді бірден танып, ыстық лебізбен қарсы алды, мені құшағына алып, қатты қысты. Александр Викторовичке мен «Музыка әліппесінің» қолжазбасын көрсеткенде, қатты қуанып, бірнеше рет менің бетімнен сүйді» - дейді Ақаң. Бұл жеңілдетіп қазақ оқырманына сәйкестіріп жазылған оқу құралынан көптеген өнер саңлақтары алғашқы музыкалық білімдерін алып, сауаттарын ашқан еді. Олар - халық аспаптар оркестрінің және әншілік өнердің алғашқы өкілдері.
Ахмет Қуанұлы жаңа мәдениеттің негіздерін қалаушының бірі. Ол рухани өміріміздің әр саласында бірінші, тұңғыш, жаңашыл азамат - консерваторияның тұңғыш ректоры, ұлттық оркестрдің бірінші көркемдік жетекшісі, тұңғыш дирижеры. Кезінде ұлт аспаптар оркестрі туралы академик Fабит Мүсірепов нақтылы түрде Ахмет Жұбановтың «кіндік перзенті» деп айтқан екен. Ақаң құрған бүл ұжым қазір біздің ұлттық мақтанышымыз, рухани байлығымыз, шет елдерде ұлт бастамасы бұл оркестр арқылы өз дәстүрін жаңа ғасырда көркейе түсуде.
Бүкіл сапалы және саналы өмірін туған халқының болашағына арнаған академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бастамалары Тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет етуде.
Латиф Хамиди және қазақ өнері
Қазақ музыкасының тарихында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі, композитор Латиф Абдулхайұлы есімі ерекше орын алады. Көрнекті мәдениет қайраткері, композитор, дирижер, ұстаз өзінің жан-жақты жемісті еңбегімен, өзіндік сипаты бар, көркемділігі биік шығармашылығымен өшпес мұра қалдырды.
Л.Хамиди (1906-1983) алғашқы шығармашылық жолын көптеген қаламдастары сияқты ән жанрынан бастады. Бұл халыққа ең түсінікті және тартымды өнер саласында Латекең жүзге жуық туындылар жазды. Заман сұраныстарына сәйкес хорлар, өз кезінде тәрбиелік-рухтық, патриоттық сезімге толы бұл ән-романстар халық арасында кең тарап, қоғами-әлеуметтік міндетін жоғары атқарды. Бұл тұрғыдан Л.Хамидидің 1940 жылы шыққан әйгілі «Қазақ вальсін» (сөзі Сәбит Мұқановтікі) айтуға болады. Қуаныш пен шаттық сезім, жастық үн мен еркіндікті паш ететін бұл вальс, осы күнге дейін өзінің құндылығын, мәні мен сәнін сақтап, тыңдаушыны өмір сүйгіштікке бөлеп, қазақ музыкасының классикалық үлгісі ретінде бағаланады. «Қазақ вальсін» тұңғыш орындаушы есімі аңызға айналған өнер жұлдызы КСРО-ның халық әртісі Күләш Байсейітова еді. «Қазақ бұлбұлы» атанған Күләш бұл әнді орындауымен халқымыздың, Латекеңнің атын бүкіл әлемге мақтан етуге үлесін қосты. Ал, Күләштан кейін «Қазақ вальсіндей» керемет туындыны жаңа орындаушылық деңгейде атақты әншіміз Бибігүл Төлегенова шырқады.
Композитордың шығармашылығының ішінде тағы да бір өзгеше ән - «Бұлбұл». Вокалды орындаушылықта асқан шеберлікті талап ететін, көңілді әрі көтеріңкі түрде құйқылжыған әнді көрнекті әншілер өз репертуарына енгізуді арман еткен еді. «Бұлбұлдың» образдық шеңбері тек махаббат құсының әдемілігі туралы ғана емес, ол бақытты жастық шақты, жалынды ой-арманды, табиғат сұлулығын бейнелейді. Осы бейнелер поэтикалық-музыкалық тілде бір-бірімен біртұтас түрде асқан сүйкімділікпен ұштасады.
Л.Хамиди сезімтал суреткер ретінде өз заманының жаршысы болды. Оның әндерінде дер кезінде, өзекті тақырыптар мен маңызды идеялар көтерілді. Бұл ойға мысал ретінде композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған әндерін атауға болады. Олар - қазақ халқының батыр ұл-қыздарына арналған «8-гвардиялық дивизияның әні», «Партизандар әні», «Нұркен», «Рамазан» деген әндер. Отан соғысы жеңіспен аяқталысымен Л.Хамиди, Е.Брусиловский және М.Төлебаевпен бірге Мемлекеттік тапсырма бойынша тұңғыш қазақтың әнұранын жазды (1945 ж.). Өзінің тарихи миссиясын (міндетін) алпыс жыл бойы биік саяси-қоғами деңгейде орындаған бұл әнұран көптеген ұрпақтардың отаншылдық, намыстық санасын оятып, туған жеріне, еліне деген шексіз сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдеріне тәрбиеледі. Гимннің айбынды музыкасы халықтың ұлттық рухын көтеріп, «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп мадақтануға толығымен сәйкес болды. Ал, бұл ән-ұранның көркемдік жағына келсек, мұнда музыкалық фольклордың дәстүрі кәсіби композиторлық тәсілдермен өзара табиғи түрде байланысып, асқан шеберлікпен үндесін тапқан. Гимннің эпикалық мәнердегі бастамасы дами келе, екпінділік пен жігер, намыс пен алға талпындыратын ұрандық интонацияларына ауысады. Музыканың даму өрісі көптүрлі тәсілдермен безендіріліп (сарындық, ырғақтық, секвенциялық, көпдауыстылық арқылы және т.б.), дыбыс аралық қашықтықтары кеңейтіле түсіп, логикалық жолмен өзінің шарықтау шегіне (кульминацияға) жетеді. Қорыта келгенде, әнұранның композициялық, жанрлық және ішкі музыкалық тілі, оның көркемдік сипаты үш тарланның - Е.Брусиловскийдің (1905-1981), М.Төлебаев (1913-1960) пен Л.Хамидидің (1906-1983) дарынынан туған кезінде теңдесі жоқ музыкалық шығарма.
Л.Хамидидің шығармашылық стилі, әуен сұлулығы мен оның мөлдір бұлақтың суындай тазалығы, жарқыраған күннің сәулесіндей жылы және нұрлы, нәзік лирикалық сезімталдылықпен жаңашыл дыбыс құрамдарымен, көрікті ұлттық бояумен сипатталады. Бұл қасиет, әсіресе, өткен ғасырдың ортасында( 1950-жылдары)композитордың әндерінен байқалады. Осы кезеңде жарық көрген вокалдық шығармалар еліміздің өмірінде болған елеулі тарихи уақиға, тың және тыңайтылған жерлерді игеру тақырыбына арналды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмір, Жер-Ананың сұлу көріністері, жастардың еңбек етудегі ерлігі, шабыты мен батырлығы «Көтерілген тың», «Әуелей үш, бейбітшілік құсы», «Алтын астық», «Агроном тыңға келді» және т.б. әндерінде суреттеледі.
Латиф Хамиди бізбен қандас татар халқының өкілі бола тұрып, қазақтың өнерін, тарихын және тілін жетік білді. Композитор өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап өзінің жартығасырлық өмірі мен шығармашылығын қазақ халқының өнеріне арнады. Ол музыканың сан саласында жемісті еңбек етіп, күрделі және қомақты көркемдігі биік туындылар жазып, ұлт музыкасының дамуына бағасы жетпес үлес қосты. Соның нәтижесінде профессионалды музыканың іргесін қалаушылардың бірі болды. Л.Хамидидің қазақ халқының ауызекі түрде қалыптасқан музыкалық-поэтикалық мұрасын тереңінен қабылдауы, оны маман ретінде игеріп, нағыз қазақи үнді әндер және басқа да шығармалар жазуына композитордың фольклорлық нұсқалармен көп шұғылданғандығы ықпал етті. Латекең өмір бойы қазақ және татар әндерін күйсандығының сүйемелденуімен айту үшін өңдеумен айналысты, сонымен қатар оларды халық аспаптар оркестріне де, хорға да икемдеп жаңа кәсіби тәсілдермен гүлдендірді. Оның нәтижесінде жалғыз дауысты (монодиялық) қазақ және татар әндері гармониялық (көпдауысты), полифониялық (күрделі) жолдарға түсіп, халық музыкасының көптеген көркемдік сырлары ашылды.
Музыка өнерінің тарихында Л Хамиди күй атасы Құрманғазының «Қайран шешем» (1954 ж.) деген шығармасын композитор ретінде алғашқы болып сүйемелдемеусіз (a'capella) хорға бейімдеп, шабыт пен жігерге толы шығарма жазды. Композитордың бұл бастамасын кейінірек көптеген қаламдастары опера және басқа да кәсіби жанрларда дәстүрлі түрде жалғастырды. Олар С.Мұхамеджанов («Жұмбақ қыз»), Б.Байқадамов (хорға арналған шығармаларында), Ғ.Жұбанова («Құрманғазы»), Е.Рахмадиев («Алпамыс»), А.Серкебаев («Ақсақ құлан») және т.б.
Л.Хамидидің шығармашылығының жемісті болуына жоғарыда келтірілген себептермен қатар (оның табиғи дарыны, дәстүрлі музыканы игеру, Абай әндерін нотаға түсіру және т.б.) болашақ композитордың әр жылдары Москваның (1927, 1936 жж.) оқу орындарында жан-жақты білім алып, өзінің мамандығын, ой-өрісін кеңейтуінде болды. Ол есімдері әйгілі профессорлар А.Альшвангтан (музыка теориясы), Б.Яворскийден (композиция), Г.Литиискийден (полифония), Н.Соколов пен М.Душинскийден (дирижерлық дағды) дәріс алып, лекцияларына қатысты. Ал, 1938 жылы кемеңгер жазушы М.Әуезовтің ақыл-кеңесімен Қазақстанға келіп, өмірінің соңына дейін қазақ өнерін дамытуға ат салысты.
Л.Хамиди көптеген музыкалық шығармалардың авторы, олар жалпы алғанда кәсіби жанрлардың барлық түрін қамтиды. Бұл тұрғыдан оның жеке дара туындысы бір актілі «Жамбыл мен Айкүміс» операсына тоқталуымыз қажет. Себебі бұл тарихи уақиғамен байланысты операда (либреттосы Қалижан Бекхожиндікі) жыр алыбы, XX ғасырдың жырауы Жамбыл Жабайұлының (1845-1945) 1874 жылы Жетісудың белгілі ақын қызы Айкүміспен айтысы асқан шеберлікпен және қызықты түрде баяндалады. Айтыстағы Жамбылдың сарынын Хамиди 1934 жылы өткізілген Бүкілқазақстандық халық таланттары байқауына қатысқан Жәкеңнің өзінен нотаға түсіріп алған еді, сол авторлық сарынды соңынан осы операда кәсіби әдістермен безендіріп, орынды пайдаланған. Мұнда ұлт өнерінде алғаш рет ұлы ақынның бейнесі ірі опералық жанрда бейнеленеді. Бұл туынды театр сахнасында түңғыш рет 1946 жылдың 20- мамырында көрсетілді. Бір актілі опера өзінің әуенді музыкалық тілімен, әсерлі ұлттық көріністерімен (қыз ұзату тойы, дәстүрлі айтыс, жастар ойыны, т.б.) тартымды шыққан. Мұнда Жамбылдың айтыстық мақамынан басқа, ел арасына кең тараған көтеріңкі, көңілді «Угай-ай» әні орынды түрде келтірілген. Ал операға тән ариялар, дуэттер, ансамбльдер мен оркестрлік эпизодтар ақындық сарын мен термелермен табиғи түрде бірлестігін тапқан.
Л.Хамидидің шығармашылық жолындағы жетістіктері тағы да кәсіби музыканың басқа да жанрларын кеңінен қамтиды. Мысалы, композитордың, 1945 жылы бүкіл одақтық үлкен экранға шыққан «Абай әндері» атты кинофильмге жазған музыкасын келтіруге болады (режиссер Г.Рошаль және Е.Арон). Ал, драмалық спектакльдерге шығарған композиторлардың музыкасы сюжеттік, тақырыптық және жанрлық жағынан көптеген кәсіби шығармашылық салаларымен ұласады. Олар: М.Әуезовтің «Түнгі сарыны» және «Абырой мен махаббаты», С.Мұқановтың «Екі мейрамы», С.Михалковтың «Күлкі мен көз жасы», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері», М.Ахынжановтың «Алтынсарин» атты пьесасы, В.Абызовтың «Ғашықтардың құпиясы» және тағы да басқа драмалық шығармалар.
Композитордың музыкалық мұрасында ең биік орынды өзінің өмірде де өнерде де досы Ахмет Жұбановпен бірлесіп жазған музыкалық-сахналық туындылары, М.Әуезовтің либреттосына жазылған «Абай» және «Төлеген Тоқтаров» опералары алады.
Латекеңнің қазақ өнеріне сіңірген бағасы жетпес үлесін айтқанда ерекше бір маңызды мәселе - ол оның сонау 30- жылдың ортасынан бастап Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен Абай Құнанбаевтың (1845-1904) музыкалық мұрасымен айналысып, тікелей ұрпақтарымен шығармашылық қарым- қатынаста болып, ұлы классиктің әндерін жинақтап және нотаға түсіріп, ән нұсқаларын жүйеледі. Соның арқасында болашақ ұрпаққа рухани қазынамыздың асыл мұрасын сақтап қалуға еңбегін сіңірді. 1942 жылдан бастап композитор Абайдың классикалық туындылары «Айттым сәлем, Қаламқас» (қыз бен жігіттің диалог түрінде орындалатын әні), «Мен көрдім жалғыз қайың құлағанын», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» және т.б. тұңғыш рет фортепьяноның сүйемелделуімен қалың бұқараның игілігіне жаратып, Абай әндерін насихаттаушы ретінде де өзін көрсетті. Ал кейінде Ахмет Жұбановпен бірге «Абай» операсын жазғанда бүл әндер өте құнды музыкалық материалдарға айналды.
Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы
Абай операсында сюжеттік және музыкалық драматургияның заңдылықтары шынайы және бейнелі түрде қалыптасып келеді. Партитураның музыкалық негізі либреттоның мазмұнына, көркемділігіне, сипаттылығына сәйкес болып, ұлы перзенттің тағдыры мен халық тағдыры бірлікті түрде баяндалады. Операның негізгі кейіпкерінің музыкалық тілі, оның ариялары, речитативтері, ансамбльге, хорға қосылып айтқан вокалдық номірлері тартымды, сүйкімді және интонациялармен байытылған. Халық жанашырының іс-әрекеттерін, оның ой тереңдігін, сөзінің өткірлігін, тілінің шеберлігін, азамат ретінде беделдігін операның авторлары ерекше шеберлікпен терең және жан-жақты көрсетеді. Бұл жолдағы көркемдік шешімдер, жоғарыда айтып кеткендей, ұлы композитор-классик Абайдың өз әндерімен күшейе түседі. Абайдың әр сахналық және музыкалық көрінісі терең ойлы, философиялық көп мәнді және кейбір лирикалық, романтикалық көріністерде әділетсіз қылмыстарды әшкерелеу мақсатында сазгердің өз әндері жеке, хорлық және оркестрлік эпизодтарда кәсіби тәсілдерімен өңделеді.
Аталмыш сахналық шығарманың тарихи маңыздылығы - оның авторларының тұңғыш ұлттық музыкадағы кәсіби композиторлар болғандығында. Сол себептен, опера өзінің ерекше өрнегімен, көркемдік құндылығымен, халықтың ауыз- екі және бай музыкалық дәстүрімен өзектеліп, сусындалып сәтті болып жазылды. Сондықтан да, Абай операсының өзіндік қасиеттері тыңдаушылардың сүйіспеншілігіне бөленіп, қазіргі заманға дейін өзектілігін жоғалтпай, жаңа дәуірдің рухани сұраныстарына толығымен жауап беруде.
I бөлім. Айдар мен Ажардың қашуы. Опера кіріспемен басталады, ондағы күрделенген ырғақ пен диссонанттық аккордтар құрылымдары сюжеттік шиеленісте алдын ала дайындайды. Алыстан жаушы дүбірі естіледі, бұл Айдар мен Ажарды қуғындап жүрген Нарымбет пен оның нөкерлері. Бұл сәтте ғашықтар дуэті ақ жарқын үнде орындалады. Олар өз әндерінде өмір бойы бірін-бірі сүйіп өтуге уәде береді. Драмалық шиеленіс кезінде Абай келеді. Оның үш бөлімді ариясында ашу мен наразылыққа толы кең сарын естіледі. Ол жастарға ара түсіп, Айдар мен Ажарға бостандық алып береді.
II көрініс. Абай ауылы - мамыражай бейбіт өмір, тыныштық, шығармашылық атмосферасы. Сырттан би Ажарды барлық шындықты айту үшін ант етуге мәжбүрлейді. Біржанның «Ақ тентек» әні негізінде айтылатын Ажардың ариясында -мал сияқты сатылып кететін әйелдің ауыр тағдыры туралы зарланады. Ал, бірінші актінің соңында Абайдың терең ойға толы қайғылы «Көзімнің қарасы» (екінші нұсқасы) атты әніне негізделген ариясы орындалады.
II акті - Билер сотының көрінісі - сахнада талапкерлер, соттар, Абайдың серіктестері, халық көрінеді. Сырттанның ариозасы «Мен айналадан аласапыран, руластар таласын көріп тұрмын» үнделеді. Жиренше ызаланып речитатив түрде сөйлейді, Әзім сөз сұрайды. Олардың сахнадағы таласы, кең құлашты ұласқан, аракідік дауға Нарымбет те қосылады. Жастардың жақтаушысы болып Абай сөйлейді, өзінің дәлелді, дәйекті пікірі бәрінен басым шығады, оның әділдікке шақырған үні Сырттан биді иландырады. Жиренше мен Нарымбет Абайға өштеседі - кек алатындарын білдіреді. «Билер соты» көріністе композиторлар халықтық ән шығармашылығындағы -терме, желдірме формаларын еркін түрде жүзеге асырған. Бұл актінің кең құлашты дамуы кейбір тұстарында толық термелі әуеннен құрылған, әуездік түрі тақпақтық-термелі сарынмен, жағымсыз кейіпкерлердің интонациясы қатқыл, ебедейсіз, эпизодтық қызмет атқарады.
III акті. Айдар мен Ажардың той күні. Мұнда Абай жылы жүзді, қамқор әке, өз шәкірттерінің досы, әрі тәлімгері ретінде бейнеленген. Айдарға арналған, «Ата-анаға қуаныш» әніне құрылған Абайдың ариозосы өзінің талантты ізбасарының жеңісі үшін шаттанған сезімін білдіреді. Бұл актіде Абай мен оның дұшпандары арасындағы ең күшті шиеленіскен драмалық қақтығысы өтеді. Үлкен-кішісі, жас-қариясы тойға дайындалуда, қыздар биі Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйі тақырыбына құрылған. Қыздар Ажардың бет-жүзін ақ орамалмен бүркемелейді және қалыңдықтың құрметіне деп, «Беташар» рәсімі жасалады, халық хоры - ақжарқын, салтанатты, көңілді түрде үнделеді. Бұдан соң халық Абайды көріп, оған сый-ылтипатын білдіреді. Халықтың «Мерген» күйі тақырыбына жігіттер биі орындалады, бұл сондай- ақ би эпизоды түріне ұқсастырылған жалпы ойын-сауыққа ұласады. «Қарлығаш» әні - қыздар хорының сүйкімді, сырлы сазындай естіледі. Хордан кейін қорытынды ретінде халықтың би көріністегі қуанышты сезімді үдете түседі. Лирикалық дамудың шарықтауы - «Айттым сәлем» әнді Айдардың айтуымен шырқалады, ол әнді соңына дейін айта алмай, құлайды.
IV актіде драмалық шиеленістің шешілуі. Айдар өледі. Абай сүйікті шәкіртінің қазасына қатты қайғырады - мұнда Абайдың әйгілі «Уа, халқым, менің» ариясы. Арияның бірінші бөлімінде үміт пен туған халқының болашағына сенім айтылады. Оның сезімі асқақ - шаттық әуенде беріледі. Арияның ортаңғы бөлігі екі бөлімнен тұрады, оның біріншісі - речитативті-абыржу түрде болады [«у беріпті Айдарға»]. Ары қарай «Жаным күйзелді, жаралы ол, көкірегім шерге толы» деген сөздермен аяқталады. Халық Әзімге қарғыс айтады. Бұл опералық партитурадағы ең бір сезімге әсер ететін драмалық көріністердің бірі. Ол бүкіл операның шарықтау шегі (кульминациясы) болып қабылданады. Сахналық көрініс Ажардың жоқтауына ауысады. Сюжет және музыкалық жағынан жан-жақты өрістетілген акт Абайдың халықпен бірлігін көрсетеді. Операның мәресінде Абай образы трагедиялық тұтастануға дейін дамытылады. Сахнаның артында «Қараңғы түнде тау қалғып» әні хордың (a'capella) қатаң және трагикалық үнмен естіледі. Оның алдыңғы жағында тұрған ұлы Абай туған халқының бақытты болашағына үлкен сенімін білдіреді.
Мұхтар Әуезов Ахмет Жұбанов пен Латыф Хамидидің «Абай» операсы - ұлттық музыка өнерінің асқақ шыңдарының бірі. Ол Мәскеуде және бұрынғы Одақтың басқа қалаларында, Германияда табыспен көрсетілді. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ опера және балет театры өзінің әрбір жаңа маусымын осы операмен ашады.
Операда Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен Л.Хамиди нотаға түсірген Абай әндері -«Айттым сәлем қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып» және т.б. профессионалдық әдістермен гүлдендіріліп, дамытылып, музыкалық-сахналық заңдылықтарға сәйкестелініп, сюжеттік, драматургиялық желістерде орынды пайымдалды. Соның нәтижесінде бұл туынды ұлттық колоритке бай, музыкалық тілі түсінікті және эстетикалық сипаты тартымды болып шықты. Абайдың көпжанрлы ән мұрасы композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің творчестволық ізденістері мен шеберліктері арқылы күрделі опера жанрында жаңашыл өмірін тапты.
Шығарманың сюжеттік желісінде ұлы Абайдың бейнесі жан-жақты ашылған -қайшылыққа толы кіріспеден бастап, философиялық тереңдікпен үнделетін эпилогқа дейін. Операда ең сәтті шыққан Абай образы кең, сезімтал, қажырлы және биіктеп өрлеген арнозо, арнялар, речитативтер арқылы бейнеленген.
Бұған мысал - биік асқақтықпен, ең үлкен ізгілікті, тереңдік пен өрістілікті, қайғы-мұңның тұңғиығы мен ызаның күш-құдіретін Абайдың бірінші актідегі ариясы. Мұнда Абай Айдар мен Ажардың таза махаббатын жақтап, жастардың бас бостандығы үшін пана болады.
Қай талқы құл алдында құрылмаған,
Қастықпен қай күнің бар құбылмаған.
Аядым, аянышпен ара түстім
Жалғыз жол, адал жолым бұрылмаған! -
дейді Абай.
Негізгі кейіпкердің әр көрінісі, әр вокальдық партиясы шындықпен біртұтас келе, халық өмірімен тығыз байланыста берілген.
Бұл ұлттық мақтанышымызға айналған туындыда Абайдың шығармашылығына тән -ой тереңдігі прозалық, поэзиялық шеберлігімен қатар, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрлері - шешендік сөз, ұлт ойын- сауықтары, әдеп-ғұрыптық, тұрмыс-салт фольклоры сан түрлі профессионалдық тәсілдерге түсіп, драматургия желісіне сай творчестволық шешімін тапқан. Осы бір асыл музыкалық өнер үлгісі сонау 1944 жылдан бергі алпыс жылдан астам уақыт бойы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының репертуарынан тұрақты орын алды.
А.Жұбановтың Л.Хамидимен бірігіп жазған «Абай» операсының ұлттық мүдде саясында және тәуелсіздік алған халқымыздың рухани өмірінде орны ерекше. Аталмыш музыкалық сахналық шығармада ұлы тұлға, халқымыздың мақтанышы және дана классикалық-ақын Абай Құнанбаевтың қайталамас бейнесі жанжақты суреттелген. Академик М.О.Әуезовтің ақыл кеңесімен, интеллектік білімділігімен, жарық көрген опералық туынды осы күнге дейін өзінің құндылығын мен мәнін одан әрі биіктетуде. «Абай» операсы жас ұрпақтарға рухтық күш беріп, тәрбиелік маңызын сақтап, оларды туған елін, жерін сүюге бағыштайды.
Операның сахналық тарихы көптеген қазақ халқының асыл ұлдары мен қыздарының актерлік, режиссерлық, дирижерлік тағдырымен тығыз байланыста болды. Бұл күрделі және көркемділігі биік туындыны игеру үшін бірнеше орындаушылар өздерінің дарыны мен шабытын және шексіз еңбегін арнады. Операның әр кейіпкерінің сахналық және вокалдық партияларын көрсетуде өнер жұлдыздары: Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Роза Жаманова, Муслим Абдуллин, Әнуарбек Үмбетбаев, Леонид Шаргородский, Тұрғыт Османов, Ғазиз Дұғашев, Раиса Садықоваларды атап кету қажет. Операның сахналық өміршілдігіне ерекше үлес қосқан, бас кейіпкерлердің бейнесін шеберлікпен сомдаған КСРО халық артистері Ришат Абдуллин мен Ермек Серкебаев болды. Опера музыкасының авторлары А.Жұбанов пен Л.Хамиди және жетекші рөлдерді орындаған бір топ әншілер Қазақ КСР-ның лауреаты атағын алды (1978 ж.).
Мемлекеттік шешім бойынша «Абай» операсының тұңғыш нұсқасы осы жобада қайтадан жанданып отыр. Соның нәтижесінде ұлттық рухани мұрамыздың алтын қазынасына айналған бұл шығарма, өзінің таза түріне келтіріліп, тек композиторлардың алғашқы жоспарлаған партитурасының түп-нұсқасы «Таймас» баспасынан жарық көрді. (2007 ж.) Осы тұрғыдан қиын, жауапты да, абыройлы бастаманы өте ұқыптылықпен, білімділікпен, талантты дирижер - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жарасов іс жүзінде аяқтады. Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы ретінде, «Абай» операсының партитурасы одан да әрі өзінің сахналық өмірін жалғастыруына себебін тигізетіні сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Алъ-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. - Алматы: «Ғылым», 1993. - 456 с.
2. Бисенова Г. Песенное творчество Абая Кунанбаева. Автореф. дисс.... к.иск. - Алма-Ата, 1966. - 23 с.
3. Ауэзов М. Путь Абая. - Алматы: «Жазушы», 1973. Т.І. - 744 с.
4. Ауэзов М. Мысли разных лет. - Алма-Ата: «Казгосиздат», 1961.-540 с.
5. Абай Құнанбаев. - Алма-Ата, 1959.
6. Гизатов Б. Ахмет Жубанов. - Алма-Ата: «Жазушы», 1972.-97 с.
Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылық жолы
КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың есімі ұлттық мәдениетіміздің тарихына алтын әріппен жазылған. Аса көрнекті композитор, қазақ жазба музыкасының негізін қалаушылардың бірі М.Төлебаевтың шығармалары өзіне тән мазмұндылығымен, көркемдік құндылығымен, асқан шеберлік тілімен классикалық маңызға ие болып, халқымыздың асыл мұрасына айналды. Оның асқақ туындылары азаматтық үнімен, әдемі лирикалық сарынымен, эпикалық серпінімен, айқын бояуымен күнделікті өміріміздің ажырамас серігіндей қабылданады.
Туған халқының өмір салтынан ажырамай, сан ғасырлық өнерінен рухани нәр алған композитордың музыка тілі жалпыға түсінікті бола тұра, жоғары кәсібилік сипатқа ие. Онда отанға деген сүйіспеншілік, туған жерді қорғау мен елінің бақытты өмірін жырлау тақырыбы мен халықтық мейрамдардың сәулелі суреттері сияқты қоғамдық мәселелер көтеріледі. М.Төлебаев шығармашылығындағы кең танымал, қажырлы еңбекті жырлайтын «Коммунизм оттары» кантатасы шабытты поэма іспеттес үнделеді. Ал халықтың талантты ұлдарының бірі, еркіндікті аңсаған, өз бақыты үшін батыл күрескен Біржан сал бейнесі қазақ опера өнерінің маржандарының бірі саналатын «Біржан-Сара» операсында көрініс тапты.
Өзінің қысқа творчестволық өмірінде (ол 23 жасында ғана музыка әлеміне келіп, 47 жасында дүние салды) Мұқан Төлебаев жарқ етіп жарқыраған жұлдыздай, сөнбес із қалдырып, туған елінің мақтаныш ететін адал перзенті болып, оның ризашылығына бөленді. Болашақ композитордың өнерге деген сезімталдығы, құштарлығы мен әуесқойлығы ерте қалыптасты. М.Төлебаевтың табиғи қабілетінің сарқылмас бұлағы байырғы халық қазынасынан бастау алды. Өсе келе ел арасында өзінің ерекше талантымен танылып, бертінде көркемөнер үйірмелерін ұйымдастырып, 1936 жылы Алматыда болған халық өнерпаздарының слетіне қатысты. Онда көрнекті мәдениет өкілдері А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Қ.Жандарбековтердің көзіне түсіп, Москва консерваториясы жанында құрылған қазақ студиясына жолдамаға ие болды. Болашақ композитордың профессионалды музыка жолына түсу сапары осылай басталғанды.
Алға қойған мақсаттарына жетуіне сұрапыл соғыс бөгет болып, М.Төлебаев Алматыға қайта оралды. 1947 жылы Мұқан бірталай вокальдық оркестрлік шығармалардың, сонымен қатар «Біржан-Сара» және «Аманкелді» (Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған) операларының авторы бола тұра, өз творчествосына зор жауапкершілікпен, сын көзбен қарап, қайтадан Москва консерваториясының студенті болды. Оның композиторлық шеберлігінің одан әрі дами түсуіне, шындалып өрбуіне ұстаздары - көрнекті совет композиторлары, профессорлар Р.М.Глиэр, Н.Я.Мясковский зор үлес қосты. Мұқан кәсіби білім алу кезеңінде шаршамай- талмай алға ұмтылып, мәдени және музыкалық мұралармен танысып, классикалық шығармаларды игеріп, өзінің ой- өрісінің жан-жақты қалыптасуын мақсат етті.
Ашық ұлттық бояумен нақышталған, өзіндік ерекшеліктерге толы стиль композитордың музыкалық мұрасына ортақ қолтаңба болып табылады. Халқымыздың бай музыкалық фольклорының эстетикалық, көркемдік қырларын және стильдік ерекшеліктерін жете зерттеуі композитордың жарқын шығармашылық өрнегінің қалыптасуына әсер етті. Мысалы, олардың бірі - музыкалық фразаның өзгеше даму барысы мен музыканың шырқау шыңындағы құрылым сияқты көптеген композициялық тәсілдер.
Бұл жөнінде профессор Н.Кетегенова былай дейді: «Қай туындысын алсаңыз да, ол «Біржан-Сара» операсы немесе Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған «Амангелді» операсы болсын, «Коммунизм оттары» кантатасы немесе «Қазақстан» симфониялық поэмасы, «Тос, мені тос» немесе «Кестелі орамал» ән-романстары - бұлардың бәрі халық өмірінің ұлттық бояуы, оның тұрмысы мен табиғатын суреттеуге толы. Олардың бейнелік жақтары мен көркемдеу әдістері әр тыңдаушыға түсінікті. Сонымен қатар, қарапайым өмірлік құбылыстарға назар аударса да, Мұқан Төлебаев қылқаламынан туған жанрлар қалыпты дағдыдан өзгеше. Оның жігерлі музыкасы өмірдің шаттығы мен сәулелі қуанышына толы. Ол бұл амал-тәсілдерді туған халқының рухына терең үңіліп, әдет-ғұрпы мен психологиясын жете игеруге ұмтыла отырып меңгере білген» [1,56.].
М.Төлебаев шығармашылығындағы халықтық өнер қайнарлары кең көлемде көрінеді: қазақ ән мәдениетінің дәстүрлі жанрына (терме) назар аударса да, лирикалық әуендерді дамытуда да, ақын өнерінің речитативтік сарынын алса да, аспаптық музыканың тамаша үлгілерін жүзеге асырса да композитор жолдарын табады, жоғары көркемдік тұрғыда басқаға ұқсамас сезімдік-бейнелік қолтаңбасымен ерекшелендіреді.
М.Төлебаевтың асқан дарындылығы алғашқы вокалдық туындыларында-ақ айқын сезілді. Қырқыншы жылдары жарық көрген «Кешкі көк», «Кестелі орамал», «Ақ мақта», «Тос, мені тос», «Мен сүйем», «Таня туралы ән», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты ән-романстары сұлу сазды, асқақ әуенді сырлы лирикаға бай шыншыл да романтикаға толы музыка.
Композитордың вокалдық жанрға бейімділігі, ондағы таң қаларлық әуен шығару дарындылығы, нәзік лирикалылық қабілеті оны опера жанрына бастады. Ол батыс-еуропа, орыс және XX ғасыр операларының әртүрлі үлгілерін талмай зерттеп, олардың композициялық құрылымына, ішкі заңдылықтарына (ариялар, ансамбльдер, речитативтер және т.б. опера формалары), музыкалық және сахналық драматургияның негізіне терең көңіл бөледі. Бұл тұрғыда тәжірибелі опера композиторы Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған тарихи-патриоттық «Амангелді» операсы үлгі аларлық (опера түсаукесері 1946 жылдың 18 қарашасында болды).
Драматургиясы әсерлі «Амангелді» операсының музыкасы батырлық-ержүректік сипатта жазылған. Мұндағы бас кейіпкерлердің бейнесі жарқын әрі ұлттық нақышқа толы.
М.Төлебаевтың музыкасының ішінде құрметті орын алатын жанр - опера. Ол өзінің сүйікті перзенті «Біржан-Сара» арқылы танылды. Бұл туынды қазақ музыкасында шабыт пен шеберліктің құймасындай көркемдік сапасымен ерекше терең ойдан шыққан, шоктығы биік туынды ретінде рухани тарихымыздың төрінен орын алады.
Операның либреттосын көрнекті ғалым - ақын, әдебиет теоретигі Қажым Жұмалиев жазды. Ол операның мазмұнына халқымыздың аяулы ұлы мен қызы, аттары ел сүйіспеншілігіне бөленген халық композиторы Біржан сал мен ақын Сара арасында болған тарихи айтысты арқау етті. Операның либреттосында екі талант иелерінің шынайы лирикалық сезімін, өткен замандағы өрескел әдет-ғұрыпты, әлеуметтік шиеленісті асқан шеберлікпен көрсетті. Мұнда халқымыздың ғасырлар бойы сұрыпталған ой-арманы, жоғары моральдық- этикалық мұраттары асқақ үнмен жырланды. «Біржан-Сара» операсының ең бір тамаша қасиетінің негізі - сюжеттік -музыкалық драматургиясының басты тақырыбы ретінде ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің өмірі паш етілді. Сол себептен де шығарманың асқақ сарынында сұлу саз бен кең эпикалық серпін, нәзік лирикалық сезім, романтикалық шаттық жетекші орын алды. Операны тамашалаған көрермен екі таланттың кездесу кезеңдерінде туған творчестволық шабыт пен жарыстың куәгері болғандай, ерекше сезімге бөленеді. «Біржан-Сара» партитурасының беттерінен ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ақындық, әншілік, орындаушылық дәстүрлері жоғары шеберлікпен көрсетіліп, өзіне тән профессионалдық әдістермен бейнеленген. М.Төлебаевтың «Соқыр Есжан» күйін сахнадағы би және хор көріністеріне аса зергерлікпен ұштастыруы операның ең биік кульминациялық шыңын айқындады, драматургиясының өрісіне нақтылы өзек берді. Мұндағы күрделі опералық формалар колоритті образдармен, гармониялық, полифониялық тәсілдермен нәрленіп, халық әндерінің көне түрлері жаңашыл үнге ұласты. «Беташар», «Жар-жар», «Жоқтау», «Сыңсу» сияқты тұрмыс-салт әндері сюжеттік желілерге сәйкестендіріліп, жетекші драматургиялық міндетін атқарды. Операның басты кейіпкерлері халық ақын-композиторлары болғандықтан, фольклордың байырғы түрлері - терме, желдірмелер дамытылған ария, ариозо, ансамбль, речитативтермен қатар жетекші орынға ие болды. Композитордың музыкасында Біржан салдың асқақ, көтеріңкі, әлеуметтік үнге толы әндері Мұқанның өзіндік дарынымен тұтасып, тамаша синтезге айналды.
Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский талантты көркем шығарма өзінің ұлттық ерекшелігімен айқындалатынын ескерткен еді. Бүл тұрғыда М.Төлебаевтың музыкалық мұрасы айқын мысал бола алады. Өз туындыларының үнделуінде ол әуендік, ырғақтық, интонациялық құбылыстарға өзгеше көңіл бөліп, туындыларын әсерлі мәнермен жандандырды.
Шығарманың либреттосы әлемдік опера өнеріндегі жетістіктерді қамти отырып, конструктивті ой желісімен, драматургиялық шиеленісімен типтеледі. Онда музыкалық- сахналық драматургияның барлық заңдылықтары, атап айтсақ, қарама-қарсылық, бейнелердің колориттілігі, қайшылықтар (коллизия) мен жәйттердің аражігі, музыкалық және поэтикалық тілдің дәлдігі мен айқындылығы, сюжеттің өрбу желісі мен операның әр актісіндегі кульминациялық сахналардың сәйкес келуі мен архитектоникасының біртұтастығы асқан шеберлікпен жазылған.
Операдағы басты кейіпкерлер Біржан, Сара, Қожағұл, Жанбота, Жиенқұл - тарихта болған тұлғалар. Біржан мен Сараның өмір дерегінен либреттист екі ақынның шығармашылық кездесуін (айтысты), «Жанбота» әнінің шығу тарихын ұтымды пайдаланған. Либретто авторының айтуынша, ақынды зынданға қамау тұсы XIX ғасырдағы белгілі ауызша-кәсіби дәстүр өкілі Жаяу Мұса Байжанов өміріндегі оқиғадан алынған (осыған байланысты композитор Біржан аузына айтыс сахнасында Жаяу Мұсаның «Хаулау» әнін салғандығы белгілі).
Мұндағы негізгі сюжет бойынша ой - ол халқына өнерімен қызмет еткен біртуар тұлғаның өмірін көрсету. Сюжет бойынша Біржанның феодалдық-патриархалдық ғұрыптармен бас бостандығы үшін күресі жетекші идея ретінде дамып отырады. Операдағы қақтығыс - прогрессивті (Біржан, Сара, халық) және реакциялық (Жанбота, Жиенқұл, молдалар) екі әлеуметтік топтың өзара тартысына шоғырланады.
«Біржан-Сарадағы» әр төрт бөлімнің драматургиялық рөлін тұтастай алғанда төмендегідей жолмен жүйелеуге болады:
1 бейнелердің экспозициясы;
2 қақтығыстың өршуі;
3 даму шыңы (кульминация);
4 түйіннің шешілімі (қорытынды).
Партитураның лирикалық эпизодтары ұлттық бояумен көркемделген сахналардан, романтикалық жігерлілік пен көтеріңкілікте композитордың ерекше дарыны көрінеді. М.Төлебаев әуен-сазының сәнді оралымы, оның сұлу үйлесімі халық шеберінің өрнегіндей әдемі, мелодиялық құрылымымен табиғи түрде астасқан нәзік полифония арқылы, ладтық және гармониялық палитраны құбылтудың нәтижесінде опера авторының талантын айқындата түседі.
Операның ерекшеліктері - ол басты кейіпкерлердің ақын болуымен байланысты, ал одан: біріншіден, арқа әндері мен Біржан әндері музыкалық негізге алынды; екіншіден, суырыпсалма сайыстың дәстүрлі формасы - поэтикалық айтыс, ғұрыптық салттардың пайдаланылуы (дәстүрге сүйену принципі).
Операның стильдік анықтаушы сипаты әндік негіз (песенность) болып белгіленеді. М.Төлебаевтың ұлтымыздың көркемдік-эстетикалық талғамына сәйкес, қолтаңбасы поэтикалық музыкалық фольклордың күрделі жанрдың заңдылықтарымен үйлестіруді шебер де ұтымды қолдануында. Сонымен қатар оркестр партиясында, әсем би сахналарында анық байқалады.
Композитор операдағы тақырыптық материалға дарынды өнер иесі Біржан салдың әйгілі әндерін қолданды. Осылайша автордың шығармашылық шабыты мен ақын туындылары эстетикасы көркем бейнелердің ғажап үлгісін тудырды. Бұл орайда Гетенің ақын Роберт Берне туралы айтқан пікірі орынды ойға оралады. Гете Берне поэзиясының кемелдігіне назар аударып: «Оны ұлылыққа көтерген нендей күш? Халық аузында жүрген бабаларының әндерін бесікте жатып естіп, ана сүтімен еміп, олардың арасында осы дана бейнелермен біте қайнасып өсіп, олардан рухтанып кемелденген жоқ па?», - деген екен.
Операда пайдаланған әндер композитор шығармашылығында біртұтас стильде кәсіби әдістерге түсіп, өзінше дамытылып өрбиді.
Опера драматургиясындағы лирикалық және әлеуметтік екі желінің қарама-қарсы сәйкестендірілуі оның өзегіндегі күресті күшейтеді. Басты кейіпкерлер Біржан мен Сара бейнелері жеке музыкалық тұрғыдан сипатталып, Біржан образы жарқын әрі жан-жақты бейнеленген. Оның іс- қимылында бостандығы мен биік рухы идеясы айқындай көрсетіле [2, 127 б.], Біржан бейнесі сомдаған кезеңде оның алдына алдында хор сахналары жүреді, сөйтіп ақынды күту сәті оның сахнаға шығу маңыздылығын арттыра түседі және ақын Естайдың жоғары қаратпа интонациядан басталатын бірінші әнінде де Біржан алдын-ала сыртынан сипатталады.
М.Төлебаев Біржанның «Айтпай», «Біржан-сал», «Жанбота», «Адасқақ» әндерін қолданып, оның операдағы музыкалық мінезін оған тән интонациялармен сипаттайды. Диатоникалық лад жүйелеріндегі саз, триольдар, қазақ әндерінде көптеп кездесетін декламациялық мәнер Біржанның арияларында ғана емес, ансамбльдерде де жиі кездеседі.
Біржанның ариялары мен ариозаларында халық әндеріне ұқсас виртуозды вокализация тәсілдері де бар.
Ал, танымал Сара бейнесі жинақы жасалған. Ол жасөспірім, батыл, асқақ мінезді бола тұра танымал ақын Біржаннан жүрексінбей айтысқа шыққан кезінен бастап, махаббаты үшін, бақыты үшін күреске бел байлап, оның образы опера желісінде бірте-бірте дамыта берілген. Ақын Сара тағдырының ашылуы арқылы тарихи тақырыпқа жазылған XIX ғасырдағы қазақ әйелінің өмірін, таптық езгіні, феодалдық-діни заңдарды сынау сияқты өмірлік мағынасы бар идеяны композитор жүзеге асырады. Сара бейнесі жеңіл, нақты, ырғақты әуендермен көркемделген, еркін, ойнақы «Гүлдер-ай», «Шұбар ағаш, ой жайлау» секілді халық әндерімен берілген. Бұл әсем, әуенді қыз бейнесі бара-бара драмалық өзгеріске түседі.
III көріністегі екі шағын ария «Біржан сал» әніне интонациясы жағынан жақын. Оның біріншісі Жаяу Мұсаның «Гауһар қыз» әні негізінде жазылған.
Жанбота мен Жиенқұл бейнелері жағымсыз кейіпкерлердің мінезін суреттейтін диссонанстық дыбыс құрамымен, речитативті мәнерде қайталанып келетін дыбыстардан тұратын музыкалық сипатқа ие.
Шығармада кертартпа феодалдық-патриархалдық кейіпкерлерге Біржанның әкесі Қожағұл мен молдалар жатады. Бүл II көріністегі әкенің теріс бата беру сахнасында берілген. Осы сәтте оркестрде хроматикалық дыбыс қатары әуенге қарама-қарсы бағытта қозғалады (әке мен бала көзқарастарының ажырауы)1, ал молдалар партиясында бір орында «тұрып» қалған әуен жетекші орын алған.
Опера драматургиясында басты кейіпкерлердің жан дүниесін ашуға арналған лейтмотивтер маңызды рол атқарады.2
Олар Біржанның лейт-тақырыбы, Сараның екі тақырыбы, махаббат лейт-тақырыбы, Жанботаның лейт-гармониясы, молдалардың лейтмотиві, болыстардың шабармандары мен Жиенқұлдың музыкалық тақырыптары болып бірнешеге сұрыпталады.
Біржанды бейнелейтін әуен әуезді, жарқын сазды, оның II көріністегі Сарамен дуэтінде оркестр партиясында пайда болады (ол «Біржан-сал» әнінің алғашқы музыкалық сөйлемі негізінде құрастырылған). Бүл лейт-тақырып біртіндеп өміршең өнердің символы ретінде қалыптасады да, толық нұсқасы операның трагедиялық соңында әнұран үнінде естіледі.
«Біржан-Сара» операсы-ұлттық көркемдік мұраның жаңа үрдістегі жарқын үлгісі. Ол алғашқы көріністегі айтыс сахнасында айқын көрінеді. Мұқан Төлебаев пен Қажым Жұмалиевтың бірлескен шығармашылығында түңғыш рет опера сахнасында поэтикалық айтыс көрінісі керемет көркемділікпен жүзеге асты. Бұл-қазақтардың дәстүрлі мәдениетінде жоғары деңгейде дамыған өзінше әсер қалдырып әрі баурап алатын шығарма 3.
Айтыста халық бағалаушы рөлінде алынған. Сынға түскен ақын қарсыласының әлсіз жерін дөп басуға, тыңдаушыларын тапқыр да ұтымды жауаптарымен баурап, өлең тілінде мінсіз шеберлігін көрсетіп, халыққа шартты түрде эстетикалық ләззат беруі керек. Сүре айтыс - айтыстың ең жоғары формасы (тарихты, қоғамдық көзқарастарды білу, руаралық қатынас жағдайын, әйгілі тұлғалардың есімдерін, өмірін т.б. білуі шарт). Сүре айтыс көлемімен, көптақырыптылығымен айрықшалануымен қатар адамгершілік-философиялық, әлеуметтік-мораль мәселелерін қамтиды. «Біржан-Сарада» айтыстың диалогиялық формасы келтірілген. Оның композициясы шағын және дамудың басы, ортасы, соңы сияқты барлық кезеңдері бар. Сайыскерлер бір-біріне үш рет жауап қайтарады (үш бөлімді форма). Сахнадағы айтыс алдында Естайдың әні мен хордың партиясы айтысты дайындайды. Осылайша сахнада айтыскерлермен қатар екі топқа бөлінген хор да ақындар диалогына белсенді түрде қатынасып, опера концепциясында біте қайнасып сахнада динамизм мен біртұтастықты құрады.
Айтыстың мағыналық қорытындысы қарсыластардың бір-бірін жеңуі немесе пайда болған сезімді көрсету емес, керісінше - өнерді мадақтау, оны көтеру. Осы идея сюжет желісінде негізгі тірек болып оның бойында дамиды.
Алғашқы көріністегі айтыс пен финалдағы Аналықтың жоқтауы - өмір мен ажал, суреткердің шығармашылық жолы мен өлімі және оның мәңгілік мұрасы ұрпаққа рухани байлық - деген ойда қабылданады.
«Біржан-Сараның» шынайы құндылығы-оның музыкасы. Әуені өзінің ладтық-гармониялық құбылуларымен және тональді ауысуларымен сан түрге түсіп отырады. Бұл айтылғанға пікірге операның III көрінісіндегі «Соқыр Есжан» күйінің мотивіне құрылған эпизод (би мен хор) мысал бола алады. Музыка өзінің эмоциялық әсері мен драмалық шиеленісі жағынан опера партитурасының шырқау шыңы. Ал көркемдік әсері мен ұлттық нақыш-бояуы тұрғысынан қазақ музыкасында өзіне ешбір теңдес туындыны тең келтірмейді,
Аталмыш көрініс (би мен хор) орыстың ұлы композиторы А.Бородиннің «Князь Игорь» операсындағы қыпшақтар қосынын суреттеген эпизодты елестетеді. Осы бір үлкен би мен хор сахнасы арқылы М.Төлебаев терең мағыналы, маңызы жоғары халықты көркемдік дәстүрін сомдайды. «Бұл айтарлықтай салмақты фрескада композитор өзінің оптимизм, жігер, рухани сұлулық сияқты жоғары моральды-этикалық қасиеттерін бейнелі қамтиды. Фольклорлық интонацияға толы операда қазақ өміріндегі әннің орны, ән мен биге деген зор ықыласы мен музыкалық дарыны ашылған» [2, 127]. Кең танымалдыққа жеткен би мен хор сахнасы дәстүрлі көркемдік шығармашылықтың үлгісі ретінде жиі өз алдына бөлек концерттік шығарма ретінде орындалады.
Соңғы көрініске композитор дәстүрлі жоқтау жанрын енгізген. Жоқтау - қайғы-мұңға толы күйді жеткізетін речитативті суырыпсалма принципінде, негізгі әуендік фразаның қайталанып келу формасында жазылған. Драманың барлық желісі Аналықтың жоқтауына жетелеп келіп, оның әсерлік мәні өнер өкілдерінің тағдыры арқылы жалпы халықтың тағдырымен ұласады.
Жоғарыда көрсеткендей, трагедиялық финалға қарамастан опера «суреткер мұрасы мәңгілік» деген оптимистік идеямен аяқталады (әнұран интонациясына ұласқан «Біржан сал» әнінің фонында сахнада ақын домбырасын биік көтерген Сара тұрады.
1944 жылы «Біржан-Сара» операсының дүниеге келуі туған мәдениетіміздің дамуындағы жаңа бір белес, елеулі оқиға болды. Сол уақыттан бері бұл күрделі туынды Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахна төрін нұрландырып келеді. 1949 жылы «Біржан-Сара» операсын түңғыш рет қойған шығармашылық ұжым М.Төлебаевпен бірге КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Бұл құрмет қазақ музыкасын бағалауда жоғары шеңберге көтерілуінің алғашқы сәтті қадамы еді.
Тұңғыш тұсау кесерінен бастап М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы Мәскеуде, Ташкентте, Уфада, Берлинде үлкен жетістіктермен қойылды. «Біржан-Сараның» сахналық өмірімен халқымыздың көптеген тамаша әншілер шоғырының актерлік тағдыры тығыз байланысты болды. Композитормен қатар орындаушылық шеберліктің нағыз үлгісі болған бұл операда жетекші бейнелерді алғаш рет сомдаған К.Байсейітова, Ә.Үмбетбаев, Б.Досымжанов, Ш.Бейсековаларға, режиссер Қ.Жандарбеков пен суретші А.Ненашев КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері болды.
Опера қазақ өнерінің Мәскеуде өткен екінші онкүндігінде (1956 ж.), қазақ музыка театрының (1978 ж.) гастрольдік сапарында көпшілік ықыласына бөленді. «Біржан-Сараның» радиолық нұсқасы москвалық музыкант, белгілі дирижер, профессор, Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.Столяровтың басқаруымен радио арқылы орындалды, оны көптеген жұртшылық ризашылықпен тыңдады. Сөйтіп, бүл шығарма орыс музыка классиктерінің реалистік дәстүрі мен ұлттық музыка мәдениетінің ерекше қасиеттерімен нәрленді. Бүл ойға тағы бір дәлел - «Біржан-Сара» 1973 жылы Алматыда өткен Халықаралық музыка Трибунасының бағдарламасына енгізіліп, үлкен табыстылықпен орындалып, шет елдерден келген қонақтардың жылы ықыласына бөленді. Белгілі чех композиторы Любомир Железный операны түсіну үшін ешбір аударманың керек еместігін, оның көркемдік құндылығы мен интернационалдық негіздері басқа да белгілі классикалық шығармалармен туыс екенін айтып «Біржан-Сараны» көптеген басқа да елдің театр сахнасында сәтті түрде қоюға болатынына ден қойды.
Ұлттық музыка мәдениетінің биік шыңдарының бірі болған бұл опера Біржан мен Сараға ғана емес, сонымен катар композитор М.Төлебаевтың өз атына да лайықты ескерткішке айналды.
«Біржан-Сара» операсынан кейін М.Төлебаев өз заманының тамаша туындысын, «Коммунизм оттары» кантатасын жазады (алғаш рет 1951 жылы 500 адамдық біріккен хор орындады). Дарынды автордың бұл кантатасы Жамбыл атындағы сыйлыққа ие болды. Өз талантына тән композиторлық қырларын Мұқан күрделі вокалдық-оркестрлік шығармада да көрсете білді. Кантатаның негізгі кейіпкері - ақын мен халық. Мұнда еліміздің басынан кешірген қиыншылық кезеңдері мен адамзат арман еткен бостандық жаңа өмір туралы паш етіледі.
Композитордың қолы жеткен табыстары оны одан арман қанаттандырып, жаңа творчестволық белестерге шабыттандырды. Өмірінің соңғы жылдары әр түрлі тақырыпқа арналған туындылар жазуды арман етті. Болашақ образдарды халықтың аңыз, поэзиясынан және замандас жазушылардың прозаларынан сұрыптағысы келді. Соның бірі - халықтың лиро-эпосы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» болса, енді біреулері «Нияз және Раушан», «Достық», «Ыбырай Алтынсарин» атты опералары жоспарланған еді. Өмірінің соңғы жылдарында композитор лирикалық-драмалық «Қозы Көрпеш -Баян Сұлу» операсын бастайды, бірақ композитор кенеттен дүние салып, бұл шығарма аяқсыз қалады.
Тарлан суреткерлердің шығармаларының тартымдылық әсері, үн-өрнегінің өзегі, сиқырлы сырының күші қазақтың музыкалық және поэтикалық үнімен байланыстылығында жатыр. Қазақстан музыка өнерінің мақтанышы болған М.Төлебаев туған елінің рухани байлығын ерекше терең түсініп, тебірене қабылдап, сүйіспеншілікпен қадірлей де, дамыта да білді.
М.Төлебаевтың өзіне тән тамаша, ғажайып музыкалық дәстүрі республика композиторларының жоғары кәсіби маман ретінде қалыптасуына зор әсер етті. Мұқанның мұрасындағы дәстүрін көрнекті ізбасарлары Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев және басқа композиторлар жалғастырды.
КСРО халық артисі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаев шығармашылығы қазақ музыкасының шоқтығы биік тұсы болып саналады. Оның мұрасы - ұлттық рухани байлығымыздың маңызды бөлігі.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Кузембаева С. Воспеть прекрасное. - Алма-Ата: «Өнер», 1982.
2. Кетегенова Н. Мукан Тулебаев - композитор. - В кн.: Славный сын песенного края. Композитор Мукан Тулебаев. -Алматы, 1999.-С. 9.
3. Джумалиева Т. Драматургия либретто оперы М.Тулебаева «Биржан-Сара». - В сб.: Вопросы истории и теории музыки Казахстана. - Алма-Ата: «Өнер», 1984. - 127 б.