Әдебиетке соңғы екі он жылдықтың (70, 80) ұласар шегінде келген жас буынның бүгінде өлең сүйер қалың...
Әбіш Кекілбайұлы: "Жә, Пушкин болса қайтеді екен?!.."
ӨЛМЕС, ӨШПЕС, ӨЖЕТ ЖЫР
Одан бері де дәл бір жарым ғасыр уақыт өтіпті. Мойкадағы он екінші үйдің ауласына бейуақытта әлде бір жақтан ауылдан келе жатқан сауыт күйменің сымп етіп кіріп кетуі-ақ мұң екен, әншейінде ештеңеге елең ете қоймайтын астам астана аяқ астынан абыр-сабыр болды да қалды. Қазынаның көк ала түтіні бықсыған қапырық кеңсесінен ақ патшаның ақ мәрмәр самала сарайына дейінгі қуыс атаулының пәлен күн қатарынан айтқаны да, естігені де бір сөз: «Пушкин өліпті!»
Жә, Пушкин болса қайтеді екен?! Көрмей-білмей жүрген Пушкиндері ме еді?!
Онсыз да: «Мені Россияда әрі талантты, әрі сезімтал қылып жарату қай сайтанның қиялынан туған іс екен?», – деп, қырық оттың ортасына түсіп, қаралай күйіп-пісіп өлуге айналған ол бейбақтың ойда жоқта опат тапқанында күллі астана осынша дүрлігетіндей не бар?
Біз әншейінде дүниедегі не кереметті тындыратын «құдай емес, бірақ құдайдан былай да емес» бөлекше жандар деп ұғамыз. Осы ұғыммен былайғы жұртқа ұқсамай бөлектеніп тұруға, бөлекше көрінуге тырысып, өз өкшемізді өзіміз көтеріп, тыраштанып бағамыз.
Ал, шын ұлы, шын данышпандардың қай-қайсысының да өмір жолына сұғына кіріп, шұқшия үңілсек, көретініміз де, ұғатынымыз да біреу-ақ: олардың да мына өздеріміз секілді қуыс өзек жан болғандары, біз секілді қуанып, біз секілді күйзелгендері...
Бірақ, таң қалатын нәрсе бұл да емес, таң қалатын нәрсе басқада: сол кейбір өздеріміз секілді жұмыр басты пенделердің күнделікті тіршілікті, тіршіліктің күнделікті өзіміз көріп жүрген күйбеңіне дәл өздерімізге ұқсап күйіп-пісіп жүріп-ақ, былайғыларымыздың қай-қайсысының да қолынан келмейтін ерекше істер тындырып кететіндігінде.
Ұлылық деп ұлағаттап жататын құбылыстарымыздың бар сыры, бар сиқыры осы.
Бірақ, бұған қайтіп таңғалмассыз!
Әсіресе, Пушкинге қайтіп таңғалмассыз!
Оның тұла бойы толы жұмбақ. Әсіресе, өлімі жұмбақ. Көзі енді жұмылып, бетін топырақ енді жапқан сонау азалы февраль күндерінде ақынның жан досы князь Вяземский: «Бұл оқиғадағы көп нәрсе басқа түгілі біздің өзімізге құпия күйінде қалып барады»,–- деп жазды. Ал, арада қырық төрт жыл өткен соң дәл осындай ойды ұлы Достоевский де қайталайды: «Пушкин әбден күш-қуаты толысқан дер көзінде дүние салды. Және қайсы бір ұлы құпиясын өзімен бірге табытына салып ала кетті. Енді, міне, біз сол құпиясын өзі жоқта аша бастадық».
Ұлы романистің айтып отырған құпиясы ақынның өлімінің жай-жапсары болса, оның ашыла бастағаны рас. Данышпан ақынның замандастары мен артындағы ізбасарларының көңіліне күдік алса да, күмілжіп айта алмай тұрғандарын уақыт өзі ашып, өзі анықтап берді: Пушкинді туғызған уақыт оны өз қолынан өлтірді де...
Пушкин заманының негізгі кескіні – озбырлық. Ол өзіне қарсы шыққандардың қай-қайсысы секілді ұлы ақынның да түбіне жетіп тынды. Пушкиннің нағыз жендеттері: «Ақындар не даңққа, не сұлуға таласқан қызғаныштың қолынан мерт таппақшы», – деген ескі қисынды жамылып, жалдама жендеттің тасасында бұғып қалуға тырысты. Бірақ, көлгірлік жамылатын көлегей шапан қашанда селдір ғой: оның ар жағындағы қолтыққа тағылған айбалтаны танып алу қашанда қиын емес. Әйтеуір біздің бүгінгі замандастарымыз үшін Пушкин өлімінде тұрған пәлендей жұмбақ жоқ. Ал бірақ Пушкин атты рухани құбылыстың өзі тылсым, әрі таңғажайып құпия. Оның бойында біз танып, біз түсініп үлгермеген сырлар әлі көп.
Біз бұл арада, тұсында талай ауызды сарсытқан ақын бойындағы «бөтен қанның» жай-жапсарын, ұлы Петр ағзамның шетел сапарынан қайдағы бір эпиопты ертіп әкелуінен басталатын көп хикматты қайта қаузап, қайта күпсітіп жатудан аулақпыз. Біздің білетініміз – өзінің күллі дүниеге бас игізетін орасан зор рухани беделі үшін орыс әдебиеті ұлы Пушкинге қандай қарыздар болса, ұлы Пушкин де өзінің әлем әдебиетінде әлі күнге қайталанып көрмеген елден ерек таланты үшін өзін туған орыс халқына, өзі нәр алған орыс тарихына, өзін түлеткен орыс шындығына дәл сондай қарыздар. Біздің білетініміз: Пушкин – батыстың да, шығыстың да рухани өмірін дүр сілкіндірер ұлы идеялар мен ұлы қозғалыстарды өрбіткен пәрменді уақыттың ұлы. Сондықтан да оның бағзыдағы Сағди мен өз замандасы Байронға бірдей қол созып, бірдей жүгінуі тіпті де тегін емес. Екеуіне де ұмсындырып отырған – елден ерек көрінуге тырысқан әдеби әуейілік те немесе өз талантының төркінін іздеген әсіре әуесқойлық та емес, өз заманының оған ана сүтімен бірге емізген, кіріптарлық атаулыға мойын ұсынбауға шақырған азаттық құмар асау рухы. Тар заманды жыр етіп Еркіндікті Мархабат пақырларға тілегенім, – деп өзі айтқандай, ол қай ғасыр, қай құрлықтан да, қай жұрт, қай ұрпақтан да өзімен пікірлес, ниеттес ұғымтал ой-сана іздеді. Өз заманының қасаң қағидаларына мойын ұсына қоймаған қайсар рухты Сағдидан тауып еді, оның әлдеқашан сүйегі қураған бейтаныс шығыс ақыны екеніне қарамастан, өзіне етене жақын рухани ағайын тұтты. Дәл сондай өр сезім, асау арманды жан-жағындағы мықтыға құлдық ұрып, мығымнан сескене басқан көңтеріліктен безініп, лорд басымен ереуілшілдер арасына кеткен Байроннан тауып еді, оны өзіне өнеге, рухани ұстаз тұтты. Пушкиннің бар ғасыр, бар құрлық, бар жұрт, бар ұрпаққа түгел түсінікті, түгел жақын, түгел сүйікті ақын болуының сыры да осы, – адамзат әлі құмарынан шыға түгел сусындап үлгере қоймаған азаттық пен еркіндікті жырлап, адамзаттың әлі күнге көкірегін қыз-қыз қайнатып келе жатқан қызыл құрт дерт – кіріптарлық пен тәуелділікке қарсы аянбай атой салғандығында шығар.
Ол бұнысы үшін өткен заман зерттеушілері айтқандай, өзі көрген құқайға ғана емес, ең алдымен, өзін туғызған алмағайып заман, аласапыран уақытқа қарыздар.
Және бір таңғалатын нәрсе – бүкіл ақындық болмысы күміс қоңыраудың үніндей күй-әуезден, көздің жауын алатындай сиқыр сұлулық пен өңкей жарасымнан тұратын Пушкин әлем әдебиетіне кейін екі ғасыр бойына бірден-бір өзек болған, әлі де қанша ғасыр азық болатыны белгісіз адам мен қоғам арасындағы екіұдайлық, адам мен қоғам арасындағы дисгармония тақырыбын алғаш рет ашып берген автор. Орыс әдебиетіндегі атышулы «басы артық жандар» галереясының Пушкиннен басталуы да тегіннен тегін емес. Ол Пушкиннің өз дәуіріндегі дәуірлеп тұрғандармен тіл табыса алмаған, дәлірек айтқанда, тіл табысқысы келмеген рухани қайсарлығынан өрбиді. Пушкин творчествосының шексіз мұхит салқар мазмұны да, Пушкин тағдырының айрықша трагедиялық сипаты да міне, тек осыдан туындайды.
Пушкин творчествосы мен Пушкин тағдырының өзектес жатуында да тарихи мән бар.
Пушкин күллі Европа қауымы, тіпті күллі адамзат өзінің жарқын бір үмітінен көрер көзге айырылып, соған сенер-сенбесін, келісер-келіспесін білмеген әрі-сәрі заманда дүниеге келді.
Пушкин де өзінің ұлы замандасы Байрон секілді өз творчествосына рухани нәрді дегеніне жете алмай орта жолда арманда кеткен Француз революциясының асқақ идеяларынан алған-ды. Ол революцияның қайғылы нәтижелері біреулерді әлеуметтік прогрестен атымен күдер үздірген сары уайымға салдырса, екінші біреулерді жаңа серпіліске, жаңа шайқасқа шақырды.
Пушкин де Байрон сияқты соңғы санатқа қосылды. Орыс декабристерінің Байронды қандай тәңір тұтса, өз отандастарының поэзия аспанына жарқырай көтерілген жаңа жұлдызға дәл солай зор үмітпен қарауында да осындай үлкен мән бар-ды.
Орыс ақыны Европадағы революциялық ситуацияның дағдарысынан кейінгі бостандықшыл күрескер рухтың бастан кешер дәнданай халін бірден түсінді. Од осынау қайғылы тағдырмен келіскендерді емес, келіспегендерді жырға қосуды творчестволық парыз тұтынды. Әуелі Пушкин творчествосында, кейін бүкіл орыс әдебиетінде басы артық жандар тақырыбы осылай пайда болды. Романтик ақын «Кавказ тұтқынында» асыл мұратынан айырылып, арманы қырқылған жанның немқұрайдылыққа ұрынып, ерте қартайып, ерте сөнетінінің мұңлы шежіресін шертсе, «Цыгандарда» мақсатынан айырылған күрескер рух эгоистік өркөкіректікке, ал ол өзгерлерге зорлық-зомбылық жасайтын астамдыққа жалғасатынын көрсетіп берді. Мұндай сергелдең халден тек күрес қана құтқара алатынын ұғындырып, халық кегі, халық ызасы жолында арпалысып жүрген «Ағайынды қарақшыларды» дәріптейді.
Пушкиннің «Күнгей поэмалары» Россиядағы декабристер көтерілісіне дейінгі саяси-әлеуметтік атмосфераны романтикалық сарында шынайы жеткізе білді. Орыстың халық аңызы, інжіл аңызы, шығыс аңызы, кавказ халықтары аңызы негіздеріне орайлас жазылған бұл поэмалар озбырлыққа мойын ұсынбайтын тәуелсіз рухты мадақтап, батыс елдерінде өз-өзінен бықсып сөне бастаған революцияшыл рухты қайта үрлеп, қайта тұтатқандай еді. Сондықтан да халық арасында ауыздан ауызға, қолдан-қолға тарап жүрген бұл дастандар патша сарайына ұнамады. Лицейді бітіре сала мемлекет істермен шұғылданудың орнына, тақ мінген озбырлар, шайқалтпақ болып шабытқа мінгені үшін бірінші Александрдың қаһарына ұшырап, күнгейге жер аударылған ақынның әлгіндей әупірім күрескер рухы ол жоқта әрі түспесе, өше қоймағанын аңғарған өкімет енді ол қайтадан терістікке, нағашысы Ганнибалдардың ата-анасы, Михайловское селосына жер аударды.
Михайловское – ұлы ақынды таза романтикалық сарыннан реалистік әдіске, күллі адамзаттық жалпылама проблемалардан таза орыс өмірінің қаны шылқыған шынайы шындығына біржолата көшірген айтулы көз болды. Ол өз творчествосындағы көнбіс тобырға ұқсап тағдыр тәлкегіне қарсы тұрудан тайынбайтын ержүр қаһармандарды біржақты әсіре дәріптейтін лепірді, сарынға енді сын көзімен қарай бастады. Мәселе Наполеон өліміне байланысты жазылған өлеңін «жеңістер дандайсытқан ерке құдіреттің» қаһарманды; көнбіс халық бұқарасының ашу-кегінің қасында әншейін эгоистік даңғойлық екенін қолмен қойғандай нақты ашып бере алды. Елден ерек жандардың елден ер даңққа, елден ерек махаббатқа, басқалардың бәрін мүддесі жолында құрбандыққа шалып жіберуге елден ерек артықша құқы туралы үйреншікті ұғым «Цыгандардағы» Алеко бейнесі арқылы дәлелді дәйекті мансұқталады.
Бұл кезеңде Пушкиннің эпикасы түгілі лирика арманның зеңгір көгінен шындықтың сыз топырағы: бір-ақ қонып, оған дейін орыс әдебиетінде аты болмаған өміршіл шығармалар тудырды. Ақынның әуезге айрықша сезімтал құлағы бұл жолы сонау алып Гвадхалкивир бойындағы эфир құйып тұрған зефирде шертілген махаббат серенадасын емес, кейін қалған жолаушыдай бей уақытта терезені қағып тұрған, тозған төбенің сабанының сыбдырын да жіті естіп жеткізеді. Өмірдің өзіндегідей дәл көріп, дәл жеткендігі жерде ақынның суреткерлік қағидасына айналады Бұл ретте ажуалық негізде жазылған «Граф Нулин» ат хикая-дастанның жөні бөлекше. Бұл жолы эпикалық поэзия сахнасында жиын-той емес, қабаған ит пен сүзеген текенің тайталасын қызықтаған еріккеннің ермегі, айлы түнде аймаласқан ару махаббат емес, аңнан басқа алаң таппай іші пысқан помещиктің дәл өзіндей марғау тірліктен әбден мезі болған бәйбішесінің көзін ала беріп, тілі өткір, жүзі жылы, жүрісі сұйық қызметші әйел Парашамен қойындасқан «көлденең хикаясы» көтерілді. Бұл не? Асыл арманның сарқылуы ма? Арманшыл рухтың қажуы ма? Шарқ ұрған шабыттың тұралап, тежеусіз қаламның дағдарысы ма? Жоқ, бәрі де емес! Өміршіл өнердің бұдан әрі өзін-өзі алдай алмай, қалған жұрттың да көзін айналадағы шындыққа айқара ашып беруге тиісті жаңа дәуір, жаңа талапқа кез келгені.
Тағы бір таңғалатын нәрсе: ұлы ақын аталмыш поэмасын аяқтаған 13-14 декабрь күндері күллі Россияның көз алдына ащы шындықты айна-қатесіз ашып берген айтулы оқиға өтті. Сенат алаңына шыққан декабристер аяусыз жанышталды. Ақын көкірегін көптен жылытып келе жатқан бір үміт тағы үзілді. Бұл тұстағы Пушкин лирикасында өкініш пен ыза, өр үміт пен тәуекел кезек алмасып, тайталасқа түсіп жатады. Ол қилы кезеңге тап болған бір ғана ақынның емес, күллі Россияның көңіл күйінің көрінісі еді. Жеңіске жеткен озбырлық өнерден де нақтылықты, дәлірек айтқанда еш жалтармай-жалтақтамай, тек өңмеңдеген өктемнің ғана сөзін сөйлейтін, сөйлегенде де тек жақтап сөйлейтін біржақтылықты, қысқасы қошеметшілдікті талап етті. Айдаудан қайтқан ақынға патша «халық тәрбиесі» жайындағы ойларын жазып беруді тапсырды. Ол Пушкиннің «саяси жағының қаншалықты сенімді екенін» анықтаудың амалы еді. Ақын падиша үмітін ақтамады. Ол декабризм трагедиясы туралы не ойлайтынын еш бүкпесіз айтып берді.
Ал, бұдан кейін ақ патшаға жағып көр! Пушкин «өзіне жасалған жақсылықтың қадірін» білмеді. Бірінші Николайдың тентек ақынды Сенат алаңына шыққан пейілдестері сияқты тентіретіп жіберуге әбден мүмкіндігі бар еді. Ол үшін ақын сөзінің ереуілшілердің аузынан түспегенінің өзі-ақ жеткілікті еді. Ондай жағдайда ол да «сонау Сібір түкпірінде» кен қазып, не өзінің лицейде бірге оқыған досы В. Д. Волховскийдің кебін киіп, полковник Ф. Ф. Бергтің экспедициясына еріп, қазақ даласында, Үстірт үстінде әуе айналып жерге түсердей өрт-жалын аптапта әр құдыққа бір түнеп, әр қойшыдан бір саптыаяқ шалап ішіп, салпақтап жүрер еді.
Жоқ, өзін оқыған монарх, бірінші Петр бабасы сынды ағартушы падиша санайтын Бірінші Николай ереуілшілерді аяусыз жазалап, сырттағы қауымға да, іштегі қауымға да біршама шіркеулі боп қалған бетін аузы дуалы дүлдүл ақынның қаламының шарапатымен қайтадан ақтап алудан да кетәрі емес еді. Бірақ, Пушкин оны істесе Пушкин бола ма?! Жалпы, бұл арада да ойланатын біраз гәп бар. Расында да, осы Пушкиннің лицейде бірге оқыған парталасы князь А. М. Горчаковқа ұқсап канцлер боп кетпегенмен, көп министрлік пен көп департаменттің бірінде жұртты аузына қаратқан бір ресми шонжар болып отырып алуға қабілеті де, тектілігі де әбден жететін еді ғой. Ал, өйтіп мойнына қызмет шылбырын ілмеген күнде де бір кезде өзіне ағынан жарылып ақ батасын берген «ақылгөй қария» Державинге ұқсап қашан көзі жұмылғанша жақсылармен жақсы қарым-қатынасын бұзбай, төрден орын алып, жан-жағындағылардың бәріне дуалы ауыз боп көрініп, ақылды да, абыройлы әзиз жан атанып, жайына жүріп, жайбарақат ұйықтауына жағдайы әбден бар еді ғой! Пушкиннің өзінен ондай қылық табылып жатса, патша сарайы тарапынан жадырай қарсы алар жақсы ықылас табылатыны даусыз-тұғын. Тіпті бәрін қойып, жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығадының кебіне басып, орайы келген жердің бәрінде де алтын тәжді ағзамның атына ауыздан-ауызға көшіп жүретін ұрымтал қошаметті оңды-солды қардай боратып, одан қолы босағанда императрица мен оның шашбауын көтеретін бикештердің көңілін аулап, сайран салып жүру Пушкиндей айтқыр да тапқыр жезтаңдай ақынға тап анау айтқан қиын шаруа еместұғын. Олай еткен күнде, оның мақаламыздың бас жағында айтылған тауқыметтің бірін де тартпасы тағы белгілі.
Бірақ, гәптің үлкені де оның атақтылар мен лауазымдылардың аузын алуға ұмтылған «фигляриншілдіктен» гөрі наразылар мен налығандардың назарын жықпай, дәйім солардың жағына шығып, солармен пейілдес болуды көздеген «байроншылдықты» қалап алғандығында ғой...
Өз тұсындағы өзімен өрелес империялардың ешқайсысын менсінбегендей сонау жер түбіндегі Рим империясын өнеге тұтып, зиялы қауымда ежелгі Римге тән лауазымдар мен титулдарға жүгініп, архитектура мен өнерде ежелгі Римге тән классицизмді ұстануға тырысқан патша сарайына поэзияда да жаңа Гораций керек-ақ еді... Оның да басқаны қойып, тек нұр сипатты падишаларды мадақтағаны тіптен ғанибет болар еді. Алайда біраз жыл астанадан алысқа талай қағажу көріп, талай нәрседен ой түйіп, тәубесіне келді ме деген айтулы ақынның, неге екені түсініксіз, тірі падишадан гөрі әлдеқашан сүйегі курап қалған өлі падиша бірінші Петрге бүйрегі бұрды да тұрды. Біресе «Полтаваны» жазды, біресе «Мыс салт аттыны» жазды. Екеуін де бастан-аяқ тәж иесі мен тақ иесінің ақылы мен айбынын марапаттауға арнамай, қайдағы бір жолдан килігетін көлденең көк атты кейіпкерлердің басындағы жағдаяттардың жай-жапсарын қуалап кетті. Екеуінде де өкімет пен өктемдік бар жердегі жарастықты емес, қайшылықты, гармонияны емес, дисгармонияны қазбалады. «Полтавада» алдыңғы қатарға жеңімпаз падиша емес, ләззат үшін досын, мансап үшін елін сатқан Мазепаға қызыққан аңғал сұлу Марияның қайғылы махаббаты, «Мыс салт аттыда» ұлы империя мен ұлы астананың негізін қалап, шексіз биліктің асау айғырын тізгіндей ұстаған тегеурінді падиша емес, сондай шексіз биліктің тегеурінді пәрменіне шыдай алмай ақылынан алжасқан бейшара чиновниктің аянышты тағдыры шықты. Екеуінде де ертегінің кейіпкерлеріндей бай болып, барша мұраттарына жетіп отырған бақытты жандардың басындағы базарлы ахуал көрінбей, жігерлері құм болып, жерге қарап қалған мұңлықтардың күңіреністері мен күйзелістері тәптештелді. Және де екеуінде де басқа қырсық, басқа зұлмат таусылып қалғандай, өктем билік пен озбыр өкіметтің тіріге бақыт, өліге абырой алып бермейтін тажал сипаты сөз болады. Бірінде дегеніне жете алмаған билік құрмарлықтың баста тұрған бақытты қалай тәрк еткені баяндалса, екіншісінде дегеніне жеткен өктемдіктің өзгелердің өлі-тірісінде еш шаруасы болмай, жолындағының бәрін талап, жаншып кете баратын шектен тыс әупірімділігі мен астамдығына деген ашу-ыза бой көрсетеді. Қиямпұрыс ақынның тәж бен тақта ала алмай жүрген өші бардай, патша сарайынан жазатын басқа ештеңе табылмайтындай, қайдағы бір озбырлықтың, сатқындықтың, билік жолында қырқысқан тартыс-таластың төңірегінен шырқ айналып шыға алмай-ақ қойғаны. «Полтавадағы» ештеңе емес екен, ал енді «Борис Годуновтағы» шиқыман төбе құйқаңды шымырлатады. Автор ақсүйек басымен қайдағы бір қара тобырға іш тартады. Бір озбырдан өліп-талып енді құтылып отырып, екінші озбырға қайта тап болатын зіркілдеген боярлардың айтқаны келіп, атқаны тиетін бағзы зобалаңға қайта ұшырайтын көп мүскіннің мұңын мұңдап, қабырғасы қайысады. Сондағы айтпағы не, меңзегені кім? Неге осы ол жазған шығармаларда тәж бен тақ адамды адам қалпынан айырып, қайдағы бір қанқұйлы хайуандыққа дейін апармай тынбайды?! Билікке ұмтылған Мазепа күні кешегі жан досының қаршадай қызының басын айналдырып, азғындыққа бір батады, ал ол аз болғандай ақыр аяғында Отанын сатады. Билікке ұмтылған Годунов өзі таққа отыру үшін патшазада нәрестенің қанын төгеді, оның өзінің түбіне жетуге тырысқан жалған Дмитрий ойдағысын орындап шығу үшін жарық жалғанның көзіне түгел топырақ шашуға бар. Қысқасы «арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда!». Қысқасы, шексіз биліқ өктем өкімет әншейінде ақылдымсып жүрген талай тақуаны ашодн тартқандай ес-түстен айырып есірік қылып жібереді. Әйтеуір тақ деп аталатын тақымға бір түссе, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізбей қоймайтын әзәзіл тақтайдың істетпейтіні жоқ, өз жолында қиянаттың қай түрінен де тайындырмайды, нақақтың обалы, жораның абыройы, ел-жұрттың келешегі – бәрін де естен шығартады.
Міне, Пушкинге айтқызсаңыз, тәж бен тақтың сыры мен сиқы осы! Ал, енді осыдан кейін оны қай тақ мінген, қай тәж киген жақтыра қоятын еді?!
Ұлы ақын зорлықты күш деп ұғынып келген ескі ұғымды күйрететін, оның шын мәніндегі, дүниедегінің бәрін қадыр мен қасиеттен айыратын мерез аурудай осалдық екенін ашып берді. Ізгілік пен әділдікті жеп жатқан жегі – осалдық. Ол осалдықтың аты – бір басының бағын оздыруды ойлаған эгоизм. Бұл концепцияны ол әсіресе атышулы «Кішкентай трагедияларында» жеріне жеткізе аша алды. Бұған дейінгі эпикалық шығармаларында көбіне-көп ел басынан өткен елеулі оқиғаларға, халық тағдырына мейлінше зер салған ақын енді адам жанына, адам жанындағы күйреу мен құлдырауға жіті үңіледі. Сараңдықты құдірет санайтын барон Филипп адамға тән аяушылықтан атымен ада. Ол жұрттың қанын теспей сорып, күллі дүниені өз уысында ұстауға пейіл. Баюдың да арзымсыз ұрғашының ашқарақ нәпсісіндей ешқашан адыны қанбайтын арсыздық екенін мұншама шегіне жеткізіп көрсеткен жинақтау бейне әлем әдебиетінде некен-саяқ. «Өзімнен басқа ел жұрттың көзіне түсер ешкім болмасын», – деп, өзінен әлдеқайда талантты Моцарттың обалына қалатын Сальвери ше?.. Жайнаңкөз келіншектермен көз тасадағы ләззатқа көңілі бітпей, тірі күйеуді былай қойып, көрдегі өлік-күйеуді қабірінен сүйреп әкеп, босағаға мөлитіп қойып, соның көзінше әйелін иемденуді аңсайтын астам Дон жуан ше? Ертең елдің бәрі обадан қырылып қалғалы тұрғанда тән тоятын іздеп жалаңдап бағатын Вильсингам ше?.. Олар тәж бен тақ иемденсе, не болар еді?! Ал, енді алтын тақтың астында отырып, арсыз нәпсісіне тиырым таба алмағандарды күнде бәріміз бастан көшіп жүрген бірде олай, бірде былай соқталаң тіршілікке сол қалыптарында солаң еткізіп, араластырып жіберсек не болар еді?! Дүниедегі қалтыратар қаншама тиран қолдың қысқалығынан әншейін ұры-қарылықтан әрі аса алмай жүр? Ал ойда жоқта бағы жүріп кеткен қаншама ұры-қары дүниенің төбесінен түкіріп, адамдарды адамға тән қасиеттен айырып, ай асты тіршіліктің ойран-ботқасын шығарып жүр?..
Адамдар өз басындағы эгоизмді жеңе алмай тұрып, адамзат дүниедегі әділетсіздікті жеңе алмайды – ұлы ақынның ұғындырар ең басты ұлағаты.
Мұндай ащы шындықты еш көлегейлемей жарқ еткізіп жайып салу Пушкинге де оңайға түскен жоқ. Сондықтан да ол бұл шығармаларын өз аузынан «рухани ерлігім» деп санады.
Оның ең басты рухани ерлігі – әрине, «Евгений Онегин». Оны «орыс өмірінің энциклопедиясы» деген Белинскийге дау айту орынсыз. Ұлы ақынның өз талантының ұлттық табиғатын мейлінше жарқыратып ашқан шығармасы екені рас. Алайда әлемдік әдебиетте теңдесі жоқ бұл туындының қайталанбас маңызы өз тұсындағы өмір шындығын қанын сорғалатып қаз-қалпында жеткізе алғандығымен ғана шектелмейді. Бір кезде Наполеонды күйретіп дүние жүзі алдында абыройын бір асырып, сол арқылы бостандық сүйгіш идеяларға да бой ұрып бір желпініп қалған орыс қоғамының ойда-жоқта озбырлықтың таяғына өзі сүйкеніп, маңдайын тасқа соғып, енді не істерін білмей есеңгіреп қалған дағдарыс кезеңінің рухани трагедиясы туғызған талай шырғалаң сұраққа жауап тауып бере алатындай бұл шығарманың әлеуметтің астары қатпар-қатпар. Оны өлеңмен жазылған романның фабулалық желісінен де, ақынның өзі «әншейін мылжың әңгіме» деп әзілдеген лирикалық шегіністерден де бірдей іздеген жөн. Сырт қарағанда роман фабуласы ақынның бұған дейін де талай жазған тақырыбына ұқсайды. Бұнда да сол дегені болмай сергелдеңге түскен өркөкірек қаһарман. Бұнда да сол табиғаттың өзіндей пәк бейшара қыздың кінәратсыз махаббаты. Бұнда да сол қуанышты бас қосу емес, өкінішті қоштасу. Бірақ, соның бәрі бұл романда алғаш рет айтылып отырғандай атымен соны естіледі. Өйткені, Мұнда ақын әлгінің бәрін бұрынғыдай романтикалық сарында дәріптей суреттемей, реалистік тұрғыдан зерттей жіліктейді. Сонда күллі Россияның басындағы рухани халдың көрінбеген көлеңкесі, ашылмаған астары қалмайды. Онегин тағдыры – асау арманды қуалаған албырт жанның әуре сарсаңы емес, бойындағы бар үміт, бар аңсарынан түгел айырылып, тірідей тоналған жанның құр қаңқа тіршілігі. Оның бүкіл өмірі – орыс қоғамын әлеуметтік мақсат-мүддеден ада еткен самодержавиялық озбырлыққа ұғынықты айтылған ұрымтал айыптау. Онегин ахуалы – декабристер жанышталып, революционерлердің Герцен, Огарев бастаған жаңа ұрпағы елі тарих сахнасына шықпай тұрған тығырық тұстағы Россияның ахуалы. Енді қайтпек керек? Тарихтың өзі көлденең тосқан бұл сауалға салқын ойлы Онегин де, албырт сөзімді Ленский де емес, тағдыр талқысына үнсіз төзіп, үнсіз көтерген Татьяна жауап береді. Ол кездегі орыс қоғамына мезгілінен бұрын отқа түсетін асығыс албырттық та, дүниедегінің бәрінен күдер үзген салғырт-самарқаулық та емес, бәрін де көріп, бәріне де төзіп бағатын, бірақ көкірегіндегі асыл арман мен бойындағы қымбат қасиетті төгіп-шашпай сақтай біліп, қорландыра-қордаландыра түсетін қайсар шыдам, салихалы сабыр керек еді. Сондықтан да ұлы ақын өзінің ең басты шығармасында асқақ идеал ретінде арпалыс деп аласұрған жалынды Ленскийді де емес, озбыр да опасыз дүниеден сырт айналған тәкаббар Онегинді де емес, қайда апарсаң да табиғи тазалығынан, қарапайым қалпынан бір танбайтын, өз көкірегін өртеп жатқан уыз сезімге де, өзгеге берген уәдеге де бірдей адал Татьянаны алға тосады. «Евгений Онегин» жазылған заманда бұдан асқан әлеуметтік оптимизм болуы еш қисынға келмес еді.
Сөз жоқ, «Евгений Онегин» – тек суреткерлік байсалдылықтың ғана емес, азаматтық қайсарлықтың да бір көрінісі. Жұрттың бәрі жаңа монархты дәріптеп, жағын сауып жатқан кезде дағдарыстағы қоғамның рухани күйзелісін көрсету үшін де қаншама жүрек жұтқандық керек екендігі айтпасақ та түсінікті.
«Евгений Онегинде» орыс шындығының қарапайым прозасына әбден бой үйретіп алған Пушкин енді нағыз прозаның өзіне де шындап кірісті. Бұл оған өз дәуірінің шындығын бұрынғыдан да жан-жақты, бұрынғыдан да терең қамтуға мүмкіндік берді. Ол әлеуметтік ирархияның ең төменгі сатыларында тұрған қарапайым жандардың басындағы қарапайым ахуалдарды айырықша ықыласпен суреттейді. Сөйтіп, орыстың реалистік лирикасының, реалистік поэмасының, реалистік романының негізін салған әйгілі суреткер енді оның шын мәніндегі гуманистік шын мәніндегі демократияшыл прозасының да негізін қалап, ғасырлар бойы тозбайтын үздік үлгілерін жасады. Өзі айтқандай, ол осы тұста жәдігөй жазғыштардың «бит базарына» айналған әдеби қауымға лай тасқындардың ығында кетпей, орыстың Еділ дариядай ен байтақ, кәусар сөзінің арнасын молайтып, айдынын ұлғайтар жаңа тақырыптарға құлаш сермеді. Бір кезде өз жалғасын Гогольден табатын «Бекетші», Салтыков-Шедринге барып тірейтін «Горбхино селосының тарихы», Чеховпен әуендестірер «Табытшы», Купринмен үндестірер «Боран» мен «Атыс», Достоевскиймен орайластырар «Қарғаның мәткесі» сынды шедеврлерді былай қойғанда, ұлы Толстойдың кең қарымды, мол ауқымды, алуан бояулы қалам сілтесіне лайық «Дубровский» мен «Капитан қызы» дүниеге келді. Сөйтіп, Пушкин болашақта әлемдік ақыл-ойдың бірден-бір тәлімгері болатын әйгілі орыс прозасының тақырыптық, стильдік идеялық-концепциялық диапозонын да бір өзі белгілеп берді.
Оның бұл ерлігі де тек эстетикалық қана емес, орасан зор саяси-әлеуметтік маңызға ие. Еркін ойшыл райынан қайтып, абсолютті монархпен шырайын енді түзейді деп жүрген ақын қара сөзге бой ұрғасын баяғы ереуілшіл әуеніне қайта басты. Озбыр да топас крепостник Троекуровқа ерегісіп атқа мінген ақ ниетті ержүрек қарақшы Владимир Дубровский сынды қиялдан туған кейіпкерін аспанға көтеріп дәріптегені аз болғандай, орыс тарихының астын үстіне шығарып кете жаздаған кәдімгі нақты адам, патша сарайының ежелгі жауы «Емелька Пугачев». Бұзықтың өшкен атын қайта тірілтіп, ұмытылған істерін қайтадан еске сала бастады. Соның өмірінен материал жинаймын деп, қыстың көзі қырауда жер түбіндегі Орынборға салпақтайды. «Кешірерсің мен сені Пугачевқа бола тастап барам», – деп көзінен бір елі таса қылғысы келмейтін айтулы сұлу әйелін де сол ниетінің жолына қиып, оның көркем бейнесін жасауға бар ынты-шынтын салды. Және ол жұрт айтып жүргендей басбұзар біреу болмай, алдына барған ақсүйек офицердің өзін мейірімімен баурап алатын парасатты падиша боп шыққан. Бұзықтардың падишасын соншалықты төбесіне көтере отырып, кәдімгі өзімен замандас император ағзамды аузына да алмайды. Наполеонды күйретіп, Парижды алған жеңімпаз Александрдың құрметіне қойылған мәрмәр бағанның ашылуына бармай, үйде жатып баяғыдағы Гораций мен Державинге еліктеп, «Ескерткіш» деген өлең жазады. Онысында бұрынғы ақындарға ұқсап марқұм императорды мадақтаудың орнына, өзін өзі мақтап жер-көкке сыймайды.
Бұл не? Ақылдан алжасу ма? Әлде астамшылық па?
Астамшылық болса, оны басқа көтере алғанмен, патша көтере ала ма?!
Әрине, көтермейді. Аяр патша асауға тұсау, аңқауға тұзақты оңай тапты. Бір ауық хаттарға сөз берейік:
«25 февраль, 1833 жыл. Зиялы қауымға араласып, табанымнан таусылып жүрмін. Әйеліме деген жұрттың ықыласы айырықша үлкен. Бұның бәрі қыруар ақша табуды қажет етеді. Ақша табу үшін еңбектену керек. Еңбектену үшін оңаша бір жерге безіп кетпей болмайды».
«5 октябрь, 1833 жыл. Сәулешім, сен мені өйтіп қорқытпа. Жұрттың бәріне қылымсып біттім дегенің не сөз? Олай болса, ештеңе жазып үлгермей жатып, қайтып барам да, ақшасыздықтан аштан қатамыз. Одан да мені алаңдатпай, жайыңа жүр».
«11 октябрь, 1833 жыл. Маған кедергі келтірме, қайдағыны айтып қорқытпа, аман бол, балаларға қара, патшамен де, княжна Любаның күйеуімен де көңілдесіп қойма».
«6 ноябрь, 1833 жыл. Сыпайылап айтқан кеңесіме түсін. Жұртқа қылымсудың түбі жақсылыққа әкелмейді. Оның да өзінше қызығы бар сияқты көрінгенмен, жас әйелдің үй-ішіндегі татулықтан, былайғы жұрттың ізет-ілтипатынан жұрдай айырып, тездетіп түбіңе жететін тек сол ғана. Сондықтан сенің жұртқа ұнағаныңа мәз болуыңның жөні жоқ».
«24 ноябрь, 1833 жыл. Үйге келсем, бәрі орнында сияқты. Әйелім балға кеткен екен, артынан барып алып келдім».
«Март, 1834 жыл... Январь айынан бері камеро-юнкермін... Патша ағзам мені камер-юнкер қылғанда атағымды ойлағанмен, жасыма мән бермеген шығар, менің шамыма тием деп ойлады дейсің бе...»
«18 май, 1834 жыл... Менің хаттарымның біреуі полицияның қолына түсіпті... Біздің екеуміздің арамызда не болуы мүмкін екенін ешкім білмеуге тиіс... Семья өмірінің өз құпиясы болуға тиісті.»
«29 май, 1834 жыл... Қауымға араласпаймын, фрак киюден жалығыппын... Сен рұқсат етсең, отставкаға шығып, камер-юнкер мундирін қайтып беріп, уһ деп бір дем алғаным жөн болар еді...»
«3 июнь, 1834 жыл... Менің қызметке кірмеуім керек екен... Олар маған енді не істегілері келсе де, қолдарынан ешкім айырып ала алмайтын құлақ кесті құлдарындай қарайды. Өйтіп жеркенішті болғаннан, қуғында жүргеннің өзі жеңіл еді...»
«14 июль, 1834 жыл... Жуырда қараптан-қарап көңілімді қаяу шалды да, отставкаға кетем деп арыз бердім. Бірақ, ол үшін Жуковскийден естіместі естідім, Бенкендорф сызданып бір қарағанда зәрем зәр түбіне кетті». Енді Ғайсадан да, құдайдан да бар тілейтінім: мені отставкаға жібермесе екен...»
«3 июль, 1834 жыл... Құлдық ұрып өтінемін, граф, менің анадағы арызымды кідірте тұрыңыз. Жақсылықты білмеген кісәпір болғаннан гөрі ұшқалақ мінез мүсәпір болып көрінген дұрыс шығар деп ойлаймын».
«17 ноябрь, 1836 жыл. Мен Ж. Геккерн мырзаны сайысқа шақырдым, ол ешқандай жай-жапсарын сұрамастан ұсынысымды бірден қабыл алды...»
«21 ноябрь, 1836 жыл... 4 ноябрь күні таңертең менің және әйелімнің арын қорлайтын үш дана домалақ хат алдым... Қағазына, сөз саптасына қарап, оның жоғарғы қауымға жататынын, шетел адамының, дипломаттың қолынан шыққанын бірден түсіндім... Дәл сол күні менің атыма жазылған дәл сол хаттың бір-бір данасын менен басқа жеті-сегіз адам алыпты...»
«27 январь, 1836 жыл. Мейірімді ханым Александра Осишовна, бүгін сіздің шақыруыңызға барудың еш мүмкіндігі болмай тұрғанына қатты күйзелемін».
Ақыры немен біткені белгілі... «Ақын өлді! – құл боп арға, ұшты оққа, улады өсек. Кек ала алмай кетті арманда, асқақ басын жерге төсеп...»
Тәкаббар ақыннан өш алуға тырысқан жоғарғы қауым оның жанындай жақсы көретін аңқау да албырт әйелінің соңынан сүмеңдеген сүмелектерді шұбыртып, соны сылтауратып қаралай ғайбаттап, жұрт алдында арын төкті. Оған ақын қайдан шыдасын!
Иә, пенде Пушкин Александра Осиповна Ишимоваға кешірім сұрап хат жөнелткен күні өзін тәлкек еткен озбырларымен шешуші жекпе-жекке шығып, мерт болды. Ал ақын Пушкин адамзат нәсілінің ар-ұжданын аяққа басқандарға қарсы сонау он сегіз жасында: «Озбыр біткен қалтыраңдар! Қаһарға мін, қайрат жина, қорлық көрген кіл мүскін!» – деп жар шашқан күні-ақ шабуылға шыққан. Содан бері оның өжет музасы талай басылған көкіректі өрге сүйреп, талай қажыған жігерге қайрат берді. Күн шуағындай нұрлы шабыт талай түнек көңілге жеңіске жетпей қоймайтын нық сенімнің шұғылалы сәулесін жүгіртті. Азаттыққа талпынғандардың арманын шыңдап, азаттық алғандарды асыл мұраттарға жетектеді.
Оның дауысы дәл бүгінде адамдарды еркіндік пен арлылыққа халықтарды «дау-дамайды ұмытып, бір үйлі жандай» тату-тәтті бейбіт те әділ бақытты өмірге үндеп саңқылдап тұр.
1987 ж.