Әкбар Мәжитұлы классик жазушы Әбіш Кекілбаев туралы толғады

ӘДЕБИЕТ
1653

ҚХР-ның «Бүгінгі күннің басты тақырыбы» (今日头条) атты сайтынының кешегі (12.01.2023) санында, арғы беттегі ағайындар арасынан шыққан талантты қаламгер, шығармаларын қытай тілінде жазатын әлемге әйгілі жазушы Әкбар Мәжитұлының алты Алаштың абызы, ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев туралы шағын мақаласы жарық көрді. 





Сол мақаланы қытай тілінен тәржімалап, Сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім. 


Әкбар Мәжитұлы


КЛАССИК ЖАЗУШЫ, КӨРНЕКТІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

 Әкбар Мәжитұлы (ҚХР) 

2015 жылдың 28 қарашасында Қазақстан Ұлттық кітапханасының Астана қаласында өткізген шарасына қатысуға шақырылып, ақсақал қаламгер Әбіш Кекілбаевпен бірге болу құрметіне ие болдым. Ол маған өзінің мейірімділігімен, кең пейілдігімен, парасатымен өте керемет әсер қалдырды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың ықыласы арқасында мен оған жақын отырдым, осы орайда мен оның жылы шырайлы дидары мен сөзін ұялы телефоныммен фотоға, видеоға түсіріп алдым. Алайда бұл соңғы жүздесуіміз екенін ол кезде қайдан білейін. Ол екі аптадан кейін 2015 жылы 11 желтоқсанда Астанада қайтыс болды.

Әбіш Кекілбаев – қазақстандық әдебиет әлеміндегі аса танымал классик жазушы. Оның «Үркер», «Елең-алаң» және т.б. романдары оған өте жоғары бедел әкелді, сонымен қатар оның шығармалары Қазақстан әдебиеті үшін зор табыс, ірі олжа болып табылады. 1957 жылдың 5 мамырында-ақ болашақ абыз Кекілбаев Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің «Лениншіл жас» журналисі ретінде құрмет грамотасымен марапатталған. Жас ақын ретінде Әбіш Кекілбаевтың 1962 жылы жарық көрген «Алтын шуақ» жыр жинағы мен 1965 жылы жарық көрген «Бір шөкім бұлт» атты жыр жинақтары оны Қазақ поэзиясы сахнасында кеңінен танымалдыққа жеткізді. Оның "Дала балладалары" атты повестер мен әңгімелер жинағы, сондай-ақ «Шыңырау» атты хикаяаттар жинағы ойының жаңалығымен, тақырыбының тосындығымен ерекшеленді. 

Мен негізгі аудармашысы әрі редакторы болған «Қазіргі қазақ прозасынан таңдамалы" атты жинаққа енген оның «тасбақаның шөбі» әңгімесі қытайлық оқырмандардың көңілінен шығады деп ойлаймын. Оның «Дәуірмен бетпе-бет», «Бір уыс топырақ», «Тырау-тырау тырналар» атты көсемсөздер жинағында болсын, «Ұйқыдағы арудың оянуы" атты тарихи очеркінде болсын, «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» атты саяси трактаттарында болсын оның азаматтық көзқарасы айшықты бейнеленген. 

Ә.Кекілбаев Қазақ киностудиясының директоры болып та қызмет атқарды. Қысқасы оның Қазақстан әдебиеті мен өнерінің дамуына сан-салалы үлес қосқанын атап айтуымыз керек.

Әбіш Кекілбаев әрі көрнекті саясаткер және қоғам қайраткері. Ол ұзақ жылдар Парламент депутаты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметтерін атқарып, Қазақстанның тәуелсіздігіне, оның қалыптасуына, орнықтылығы мен дамуына өшпес үлес қосты. Мұндай ұлы тұлға Қазақстан халқының жүрегі мен тарихында мәңгі сақталады деп есептеймін. 

Әбіш Кекілбаевтың жаны жәннатта болсын.

(2015 ж. желтоқсан, Пекин)

Қытай тілінен аударған Дүкен Мәсімханұлы


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...