Асқар Жұмаділдаевтың ақындық пен технократизмге қатысты пікірі көпшіліктің талқысына түсіп жатыр. Әл...
Рюноскэ Акутагава. Нанкиндік Иса пайғамбар (новелла)
Аударған Б. Қожабекова
1
Күз кезі, түн ортасы. Нанкиндегі Циван − цзе көшесіндегі бір үйде көне үстелді шынтақтап, бейжай кейіппен қарбыздың шекілдеуігін шағып боп-боз қытай қызы отырды.
Үстел үстіндегі шам сығырайып, болымсыз ғана жарық шашады. Оның жарығы қараңғылықты сейілтпек түгілі, бөлменің тұнжыраған, тозыңқы қалпын қоюлата түскендей.
Жырым-жырым тұсқағаз жапсырылған қабырғаның бұрышына тақай қойылған, үсті жүннен тоқылған жапқышпен қалай болса солай жабыла салған қамыс кереует шаң-шаң шымылдықпен далдаланыпты. Үстелдің екінші шетінде жетімсіреп жаман орындық тұр. Қанша үңіліп қарасаң да, осы заттардан басқа бөлмеге әр берер, көзге ілінер дүние жоқ.
Алайда қыз әлсін-әлсін шекілдеуік шаққанын қойып, қарсы қабырғаға мөлдіреп қарап телміреді: ол тұста кішкентай ғана қола крест ілулі-тін. Ал крест бетінде қол-аяғын керіп шегеленген Иса пайғамбардың (Христос) бейнесі бедерленген. Исаның бейнесіне қараған сәтте қыздың мұң кіреукеленген жанары жылып, аңғал үміт сәулесі жылтылдайтын. Бірақ қыз жанарын тез тайдырып әкетіп, қара жібектен тігілген кеудеше жасырған иығын енжар қозғап күрсінетін де, қайтадан қарбыз шекілдеуігін қаужауға кірісетін.
Қыз аты Сун − Цзиньхуа, күнкөріс үшін осы оңаша бөлмеде қонақ қабылдайтын он бес жасар жезөкше. Циньвайдағы сансыз жезөкшенің ішінде сырт пішіні осы қыз құсағандары жеткілікті-тұғын. Бірақ Цзиньхуа сияқты мінезі жібектей жайлысы жоққа тән болатын. Ол тәнін сатып күн көретін өзге әйелдердей өтірік айту, дарақылану дегенді білмейтін, әр түн сайын сұрқай бөлмесіне бас сұғатын қонақтарын жылы ұшырай қарсы алып, жайдары жымиып жанын сергітетін. Алда-жалда қонағының берген ақысы кесікті мөлшерден артық болса, дүниедегі жалғыз адамы әкесіне жақсы көретін шарабы сакэні әперемін ғой деп қуанатын.
Цзиньхуаның мінезінің жұғымдылығының және бір себебі, қабырғада ілулі тұрған крест куәлік еткендей, марқұм анасының қалауымен бала кезінен католик дінін ұстайтын.
Осы тұста бір оқиғаны айта кеткен жон. Бірде, осы жылдың көктем айында Шанхайдағы ат жарысын қызықтап, Оңтүстік Қытайдың табиғатын тамашаламақ болып арнайы келген бір жапон турисі қызық үшін Цзиньхуаның қасына қонып шыққан. Еуропалық сәнді костюм киіп сықиып, темекісін тісіне қыстырып алған жігіт тізесіне тұрақтаған тұрымтайдай Цзиньхуаны құшақтап жайбарақат отырған, кенет қабырғадағы кресті көріп қалып, қытай тілін бұзып-жарып:
− Сен христиансың ба? − деп сенбегендей сұрады.
− Иә, бес жасымда шоқындырыпты.
− Онда мынандай кәсіппен шұғылдануың қалай? Осы сұрақты қойғанда даусынан кекесін сезілді. Бірақ Цзиньхуа ніл қара шаш көмкерген көркем басын жігіттің қолына сүйеп, маржандай ақ тісін жарқыратып, жайдарылана жымиды.
− Егер мен бұл кәсіппен шұғылданбасам, әкем екеуміз аштан өлеміз ғой.
− Әкең кәрі адам ба?
− Иә... қазір қарға адым аттауы мұң.
− Дегенмен... Бұл кәсіппен шұғылданғаның үшін о дүниеде жазаланам, жұмаққа жете алмаймын деп ойламайсың ба?
− Жоқ. − Креске жалт етіп бір қарап, Цзиньхуа ойлы қалыпта сөзін жалғастырды,− Иса мырза о дүниеге барғанымда жайымды түсінер, жаны ашыр деп ойлаймын. Әйтпесе, Иса мырзаның Яоцзякао бөлімшесіндегі полицейден не айырмашылығы болмақ.
Жас жапон турисі жымиып күлді. Сосын бешпентінің қалтасын қарманып, одан көкшіл көзді қос сырға алып, қыздың құлағына кигізді.
− Бұл сырғаларды Жапонияға сыйға апармаққа сатып алып едім, енді бүгінгі түннен белгі ретінде саған сыйладым.
Шынында да, алғаш осы кәсіпке кіріскен күннен бастап Цзиньхуа өз ісінің дұрыстығына күмән келтірген емес.
Алайда әлгі оқиғадан кейін ай өткен соң діндар жезөкшенің тәніне жара шығып, мерез дертіне ұшырады. Бұл хабар құлағына жеткен Чэн Шаньча есімді жезөкше оған апиын арағын ішуге кеңес берді. Ал енді Мао Инчунь есімді екінші жезөкше бұрын өзі ішкен "гунланьвань", "цзялуми" деп аталатын ұнтақтарды алып жеткен. Бірақ Цзиньхуа еш қонақ қабылдамай, қанша жанын күтсе де дертінен айықпады.
Содан бір күні Цзиньхуаның халін сұрай келген Чэн Шаньча ырымшылдардың ойлап тапқан бір емделу әдісін айтсын.
− Ақыры дертің қонақтан жұққан екен, сен де оны тезірек басқа біреуге жұқтыр. Сөйтсең екі-үш күннен соң-ақ құлан-таза айығасың.
Қолымен жағын тіреп бейжай отырған Цзиньхуа бәлендей елеңдей қоймады. Бірақ Шаньчаның сөзі аздап болса да әуестігін оятқан сияқты.
− Шын ба? − деп келте қайырды.
− Шын болмай ше? Менің әпкем де сен құсап айыға алмай көп қиналды. Ал дертін қонағына беруі мұң екен, аттай ойнап шыға келді.
− Ал қонақ қайтті?
− Қонаққа обал − ақ! Тіпті зағип болып қалыпты деседі.
Шаньча кетіп, өзі жалғыз қалғанда Цзиньхуа крестің алдына тізерлеп отыра кетіп, шегеленген Исаға жалбарына қарап сиына бастады.
− Иса пайғамбар! Әкемді аштан өлтірмеу үшін жексұрын кәсіппен шұғылданамын. Бірақ менің кәсібім өзімді ғана қорлайды, өзгеге титтей залалы жоқ. Сондықтан да дәл қазіргі қалпымда өлсем де жұмаққа барармын деп ойлаймын. Бірақ кәсібімді қайта жалғастырудың жолы бар көрінеді, ол үшін өз ауруымды өзге біреуге жұқтыруым керек екен. Демек, аштан өлсем де (өлсем дертімнен де айықпаймын ба) енді ешкіммен бір төсекке жатпауға тиіспін. Өйтпесем ез бақытым үшін маған еш қастығы жоқ жазықсыз жанды сорлатам ғой. Бірақ мен күнәкар әйелмін. Күндердің бір күні азғыруға көніп, бостық жасауым да мүмкін. Иса пайғамбар! Бәле-жаладан қорғап, күш-қуат бере гөр! Сенен басқа сенерім жоқ.
Осындай шешімге келген Цзиньхуа Шаньча мен Инчунь қанша азғырып − айнытса да қонақ қабылдауды біржолата қойды. Ал егер бұрын ұдайы келіп жүрген қонақтары бас сұға қалса, бірге темекі шегісіп, әңгімелесіп отырғаннан артыққа бармайтын, олардың өзге тілегіне құлақ аспайтын.
− Менің жұқпалы дертім бар. Егер менімен бірге жатсаңыз, жұқтырып аласыз, − дейтін. Цзиньхуа егер мас қонақ күштеп дегеніне көндірмек болса, тіпті тәніндегі жараны көрсетіп жеріндіруден де тайынбайтын. Содан қонақтар біртін-біртін келуді доғарды. Қыздың күнкөрісі қиындай түсті.
Сол күнгі кеште қыз үстелге шынтақтап жатып, әлдебір нүктеге ойлана қадалып ұзақ-ұзақ отырды. Қонақтар мүлдем келмейтін болған. Сол екі арада күн кешкіріп, қараңғылық қоюлана бастаған. Цзиньхуаның құлағына әлдеқайдан шегірткенің шырылы естіліп, соған елтіп отырған еді. От жағылмаған суық үйде қай сиық болсын, тас еденнен өткен ызғар қыздың сүр жібек башмағына судай сіңіп, ақыры қасықтай аяғын қарыды.
Цзиньхуа жанарын жалп-жалп жанған шамға аударып, біршама ойлана қадалып қалды, сосын селт етіп басын көтеріп, көкшіл көзді сырғасы салбыраған құлағын қасып, елеусіз есінеді. Дәл осы мезетте бояулы есік шалқасынан ашылып, бөлмеге бейтаныс шетелдік кіріп келді. Есік айқара ашылғанда шамның жалыны шалқып, қара көлеңке бөлме ішін қызғылтым жарық жайлады.
Басынан аяғына дейін осы қызғылтым жарыққа шарпылған қонақ тәлтіректеп үстелге төнді, бірақ артынша қайта тіктеліп артқа шегінді де сарт етіп жабылған бояулы есікке сүйенді.
Цзиньхуа еріксіз орнынан көтеріліп, бейтаныс шетелдікке аңыра көз тікті. Бұл отыз бестер шамасындағы, жүзі күн қақты, көзі үлкен, сақалды еркек еді, үстіне кигені жол-жол сызығы бар бешпент пен телпек. Бір ғажабы, сырт пішінінен шетелдік екені байқалып тұрса да, иә азиат, иә еуропалық екенін анық ажырату мүмкін емес-ті. Шашы бұрқырап телпегінен шығып, сөнген трубкасын тістеп есікке сүйеніп тұрған осы қалпында оны үйден жаңылысып кірген удай мас біреу ме деп ойлағандайсыз.
− Сізге не керек? − деп сұрады үрейленген Цзиньхуа үстелден ұзамастан. Қонақ қытайша түсінбеймін дегендей басын шайқады. Сосын аузынан трубкасын алып, әлдебір түсініксіз тілде, түсініксіз сөз айтты. Бұл жолы Цзиньхуаның бас шайқауына тура келді, басын шайқағанда көкшіл көзді сырғасы шам жарығына шағылысып бір жалт-жұлт етіп қалды.
Қыздың қайтерге білмей сасқалақтап, қабағын түйгенін көріп қонақ кенет қарқылдап күліп, басындағы телпегін тастап, оған қарай қадам басты. Бірақ орта жолда буыны босап, үстелдің арғы бетіне сылқ ете түсті. Осы сәтте оның жүзі Цзиньхуаға таныс тәрізденгені, бір жерде көрген сияқты, тек қайда, қашан көргені есінде жоқ. Қонақ әй − шайға қарамай подностан бір уыс қарбыз шекілдеуігін көсіп алды, бірақ шаққан жоқ, Цзиньхуаға тесіле қарап, қолын ербеңдетіп жат тілде сөйлеп ала жөнелді. Цзиньхуа оның бір сөзін де ұққан жоқ, бірақ қонақтың бұның кәсібінен хабардар екенін әлдеқалай түйсінді.
Ұзақты түн қытайша түсінбейтін жат елдіктермен төсектес болу Цзиньхуа үшін таңсық тіршілік емес. Сондықтан да қайтадан орнына отырып, дағдылы әдетімен жылы ұшырай жымиды, сосын қонақ ештеңе түсінбесе де үстемелете сөйлеп, әзіл-қалжыңды қарша боратты. Алайда қыз екі сөзді айтып, үшіншісіне көшпей-ақ қонақ бірдеңе түсінетіндей қарқылдап күліп, қолын одан сайын ербеңдетіп жетісіп қалды.
Қонақтың аузынан арақ иісі аңқиды. Бірақ мастықтан қызарған қабарыңқы жүзінен бір қажыр-қайрат, құштарлық байқалады, тіпті ол кіргенде бөлме іші жарқырап кеткендей болды. Қалай болғанда да, ол Цзиньхуа үшін, нанкиндік отандастарын айтпағанда, осы уақытқа дейін көрген жателдіктердің ішіндегі ең көркемі, ең көріктісі еді. Және өзін бұрын бір жерде көрдің деген ойдан арыла алсашы. Шетелдіктіц шекесіне түскен қап-қара бұйра кекіліне қарап жымиып отырып, оны қашан, қай жерде көргенін есіне түсіруге тырысып бақты.
"Әлгі баржа үстінен көргенім емес пе екен, қасында семіз әйелі бар? Жоқ, жоқ, ол жирендеу болатын. Мүмкін, Циньвэедегі Кун − цзы мавзолейін суретке түсірген адам болар? Бірақ, меніңше, ол мына қонақтан кексе-тұғын. Ә, иә, иә, Литацяо көпірінің жанындағы ресторан алдында қалың жұрттың ортасында жолаушы таситын жаяу рикшаны таяғымен төмпештеген біреуді көргені бар, сол мына қонаққа қатты ұқсайды. Тек оның көзі көкшілдеу ме еді, қалай..."
Цзиньхуаның ойы сан-саққа жүгіріп, әрі-сәрі қарағанда шетелдік сол көңілді кейіппен трубкасын темекіге толтырып, құшырлана сорды да, бөлме ішін бip жағымды иіс жайлады. Сосын өз тілінде тағы бірдеңе айтып былдырлап, ақырын ғана күлді де, екі саусағын шошайтып Цзиньхуаның көзіне тақап әкелді. Екі саусақтың екі доллар екені әркімге-ақ белгілі ғой. Алайда қонақ қабылдауды қойған Цзиньхуа бұрынғыша қарбыздың шекілдеуігін шырт-шырт шағып, келіспейтінін білдіріп күлімсірей бас шайқады. Сөйтіп еді, шақ үстелге еңсеріле жатып, шамның көмескі жарығы түскен масаң жүзін Цзиньхуаға жақындатып тесірейе қарады, сосын жауап күткен сыңаймен үш саусағын көтерді.
Цзиньхуа сол тісіне шекілдеуікті басқан күйі жүзі апарып кейін шегінді. Қонақ бұл екі долларды азсынып оп.ір деп ойласа керек. Ал енді жағдайды түсіндірейін іссе қонақ қытайша ұқпайды. Жеңілтектік жасап желпілдеп, қонақты еліктіріп алғанына өкінген Цзиньхуа өңін суытып, көзін тайдырып әкетті. Сосын көнбейтінін білдіріп үзілді-кесілді кескінмен бас шайқады.
Алайда оңай ойынан қайтар шетелдік көрінбеді, кішкене кідіріңкіреп барып, күлімсіреп өз тілінде бірдеңе деп, төрт саусағын көрсетті. Әбден сасқан Цзиньхуа енді тіпті күлімсіреуден де қалды, ақыры қонақ әдейі мезі болып, қол сілтегенше бас шайқай беруден басқа амал жоқ деп шешті. Бірақ қонақ та қыңыр неме екен, енді тіпті бес саусағын тарбитып қарап отыр.
Содан не керек, екеуі ымдасып, қол ербеңдетісіп біраз егесті. Қызды-қыздымен қонақ он долларды да қиямын дегенге жетті. Он доллар жезөкше үшін қыруар-ақ қаржы болса да Цзиньхуа шешімінен қайтпады. Қонақ екі қолының бар саусағын тарбитқанда да қыз орнынан тұрып, үстелге бір қырын қарап тұрған-ды, қонақтың кещелігіне күйініп, жер теуіп, бірнеше мәрте бас шайқады. Сол кезде қабырғаға қыстырулы крест шегесінен шығып кетіп, тас еденге, қыздың аяғының астына тырс етіп келіп түсті.
Цзиньхуа шапшаң қол созып, кресті әспеттей жерден көтерді. Сол мезет кездейсоқ Иса пайғамбардың кескініне көзі түскені, ғажап болғанда, пайғамбардың жүзі үстел басында отырған шетелдіктің жүзінен бір аусашы.
"Бәсе, қайдан көрдім десем, Иса пайғамбардың өзі ғой мынау!"
Қола кресті қара жібек кеудеше жапқан кеудесіне басып, Цзиньхуа қарсы отырған қонаққа аң-таң болып қарап қалған. Масаң жүзіне шам жарығы түскен қонақ, әлсін-әлсін трубкасын бұрқ еткізіп қойып жұмбақ жымияды. Жанары жылжып қыздың бас-аяғын бір түгендеп тастады, сосын аппақ мойны мен көкшіл көзді сырға өткізілген құлағына жетті. Бірақ Цзиньхуаға оның еш қылығы ерсі көрінген жоқ, дәл осы қалпында да ол маңғаз тәрізденген.
Сәлден соң қонақ аузынан трубкасын алып, басын сәл еңкейтіп, құпиялай, күле сөйледі. Бұл сөздер Цзиньхуаға сиқыршының сырлы сыбырындай әсер етіп, еркін биледі.
Ешкімге залалымды тигізбеймін деген мәрт шешімін шынымен ұмытқаны ма? Күлімдеген көзін темен салып, қола кресті сипалап, ол жұмбақ шетелдікке тақады.
Қонақ қалтасын қарманып, күміс ақшасын сылдырлатып біршама уақыт Цзиньхуаға қызықтай, күлімсірей қарап отырды. Кенет көзінде сайтан оты оянып, орындықтан атып тұрды да Цзиньхуаны құшағына тартып, арақ иісі сіңген бешпентіне басты. Әл-дәрмені құрып, есінен айрылғандай шалқақтаған Цзиньхуа сырғасы жылтылдап, бозалаң жүзіне қан жүгіріп, бетіне беті тиіп кете жаздап төнген жігіттің жүзіне табына телміріп қалды. Дәл қазір онда мына тосын шетелдіктің еркіне бағынсам ба, әлде ауруымды жұқтырмас үшін сүйгізбей басымды ала қашсам ба деген екі ұдай ой жоқ еді. Сақалды еркектің ерніне ернін тосып тұрып Цзиньхуаның түйсінгені − кеудесін кернеген қуаныш, алғаш сезінген махаббат қуанышы болды.
2
Бірер сағат өткесін шегірткенің шырылымен төсекте ұйықтап жатқан екі адамның тынысы араласып, шамы сөнген бөлме ішінде бір бейжай көңілсіздік, мұң бөгіп тұрды. Бірақ сол сәтте Цзиньхуа көрген пендешіліктен ада таңғажайып түс шаң сіңген шымылдықтан шығып, сонау алыстағы жұлдызды аспанға шарықтап кетіп еді.
* * *
Цзиньхуа қызыл сандал ағашынан жонылған орындыққа жайғасып, үстел үстіне түр-түрімен қойылған тағамнан шөкемен (тамақ жейтін таяқша) шұқып жеп отыр. Бұнда не жоқ дейсіз: қарлығаштың үясы ма-ау, акуланың желбезегі ме-ау, қуырылған жұмыртқа, ысталған алабұға ма-ау, қуырылған шошқа майы, балықтың сорпасы ма-ау, тіпті тізіп бітіре алмайсыз. Ал ыдысы ішіндегісінен өтеді: көгілдір тұңғиық гүл, алтын құстардың бейнесімен бедерленген небір көркем тостақ, табақ. Желке тұсында торғын перде тұтылған терезе, терезе сыртында өзен ағып жатса керек, судың сылдыры мен ескектің сусылы естіледі. Цзиньхуа бейне балалық шағы өткен Циньвойда жүргендей жағасы жайлау, жаны жаз. Бірақ қазір көктегі құдайлар қаласында, Иса пайғамбардың баспанасында отырғаны хақ.
Цзиньхуа мезгіл-мезгіл тамақ жегенін доғарып, жан-жағына қарағыштайды. Бірақ күңгірлеген кең бөлме ішінде түрлі тағамның бұрқыраған буымен мұнарланған алып айдаһарлардың бейнесі ойып жасалған биік бағандар, үлкен-үлкен хризантемалар қондырылған қыш құмыралар мен өзінен басқа жанды иә жансыз дүние көзге шалынбады. Сөйтсе де әр ыдысы босаған сайын, Цзиньхуаның алдына жағымды иісі мұрын жарған жаңа тағам тартыла қалатынын қайтерсіз. Кенет қуырылған қырғауыл қыздың қолы тиіп үлгермей қанатын далпылдата сермеп, шарап құйылған құтыны қағып түсіріп, төбеге көтерілді.
Осы кезде Цзиньхуа сырт жағынан біреудің жақындағанын сезінді. Сондықтан шөкесін тастамаған күйі артына жалт бұрылды. Бұл терезе бар болар деп тұспалдаған тұста сандал ағашынан жонылған, бетіне атлас жабу жабылған орындықта аузына ұзын қола қорқор тістеп, маңғазданып бейтаныс шетелдік отырды.
Цзиньхуа оны жазбай таныды, бұл бүгін түнде өзіне келген бейтаныс еркек еді. Тек бұл шетелдіктің басының төңірегінде жаңа туып келе жатқан айға ұқсаған жарты орақ жарық шашып тұр еді.
Сол сәтте Цзиньхуаның алдына тағы бір жұпар иісті, дәмді тағамның келе қалғаны. Ол дереу таяқшасын созып дәмін татып көрмек еді, бірақ есіне желке жағында отырған шетелдік түсіп, мойнын бұрып, қысыла сөйледі:
− Сіз де дастарқан басына отырмайсыз ба?
− Жоқ, өзің жей бер. Егер ана тағамды тауыссаң, ауруың осы түннен қалмай жазылады.
Орақ айлы шетелдік ұзын қорқорын аузынан алмаған күйі елжірей күлімсіреп, еркелете қарады.
− Сіз сонда дәмін де татып көрмейсіз бе?
− Мен бе? Мен қытай тағамдарын жаратпаймын. Сен мені танымадың ба? Иса пайғамбар еш уақытта қытай тағамын татқан емес.
Сөйдеп нанкиндік Иса пайғамбар сандал ағашынан жонылған орындықтан асықпай көтеріліп, желке жағынан келіп Цзиньхуаның бетінен аялай өпті.
* * *
Цзиньхуа таңғажайып түс көріп талмаусырап оянғанда аядай бөлме ішіне күзгі күннің сызды сәулесі сыналай сіңіп, таң атып келе жатқан. Алайда шаң басқан шымылдық тасасындағы қайыққа ұқсаған тар төсек төңірегі әлі қара көлеңке-тін, әрі жылуы да жоғалмаған еді. Өңі кеткен көне көрпені иегіне дейін тартып қымтанып алған Цзиньхуаның жүзі осы алагеуім ішінде ағараңдап айрықшаланып жатты. Терден суланған қара шашы ұйысып, бозалаң бетіне жабысып қалыпты. Ал сәл ашылыңқыраған ал қызыл еріннің арасынан күріштей аппақ тісі тізіліп көрінеді.
Цзиньхуа оянғалы қашан, сөйтсе де сол көрген түсінің рақатын қия алмай қыбырсыз жатыр − хризантема гүлі, судың сылдыры, қуырылған қырғауыл, Иса пайғамбар... Бірақ шымылдық іші біртін-біртін жарығайып, жарықпен бірге жан еліттірген елес те жоғалып, қыз есіне кеше кешкісін осы қамыс төсекке бейтаныс шетелдікпен жатқаны түсті.
"Оған ауруым жұқса қайттім..."
Осылай ойлауы-ақ мұң екен, Цзиньхуаның кеудесі қысып, көңілі нілдей бұзылды: енді қайтып бейтаныстың бетіне қарай алмайтындай тәрізденгені. Бірақ оның күнге күйген сүйкімді жүзін көрмей және жаны шыдамайтындай. Содан не керек, сол іркіліңкіреп барып, кібіртіктей көзін ашып, жарық молынан енген шымылдық ішіне, төсекке бажайлай қарады.
Таңғы шыңылтыр ауа тұрған салқын бөлме ішіндегі заттар айқындалып қалыпты. Көне үстел, сөнген шам бірінің аяғы көктен келген, бірі қабырғаға қаратып қойылған қос орындық сол кешегі кешқұрымғы көрініс, сол қалып. Ол аздай, үстел үстінде, шашылған қарбыз дәнінің қақ ортасында кішкентай қола крест көмескі жылтырайды. Жасаураған жанары жапақтап, жан-жағына қаранған Цзиньхуа ұйқы-тұйқы төсек үстінде суықтан бүрісіп біраз отырды.
− Жоқ, түсім емес екен... − деп күбірледі Цзиньхуа, шетелдіктің жым-жылас жоғалуының жайын ойлап, санасы сан-саққа жүгіріп отырып. Әрине, бұл ұйықтап жатқанда жымын білдірмей бөлмеден шығып, тайып тұрды деп тұспалдауға болар еді. Бірақ соншама елжіреп еркелетіп, құшырлана құшқан адамның бір ауыз жылы сөз айтып қоштаспай кете барғанына илану қиын. Оның үстіне таңғажайып шетелдіктен уағдалы он долларын да алып қалмапты.
"Шынымен-ақ үн-түнсіз кете барғаны ма?". Жүрегі сыздап ауырған қыз көрпе үстіне тастай салған қара жібек кеудешесін кимекке қол созған. Кенет жүзі нарттай жанып, қолын тартып ала қойды. Бояулы есік сыртынан жұмбақ шетелдіктің аяқ тықырын естіді ме, әлде жастық пен көрпеге сіңген арақ иісі мұрнына тиіп, түндегі жағдай есіне түсіп қысылды ма? Жоқ, бұл сәтті Цзиньхуа әлдебір құдіретті күштің көмегімен бір түн ішінде тәніндегі мерез қотырларының құрып кеткенін көрген еді.
"Демек, ол Иса пайғамбардың өзі болды ғой!" Жалғыз іш көйлекпен жан ұшырып төсектен домалап түскен қыз тән қарыған тас еденге тізерлеп отыра қалып, қайта тірілген тәңірімен тілдескен магдалалық Мария құсап құштарлана дұға оқуға кіріскен.
3
Содан келесі жылдың көктемінде баяғыда Цзиньхуаға келетін жас жапон тағы да үстел басында қызға қарсы қарап отырды.
− Крест әлі ілулі тұр ма? − деді ол әжуалы дауыспен. Сол-ақ екен, Цзиньхуа байсалдана қалып, Иса пайғамбардың түнде қалай Нанкинге түсіп, бұны дерттен жазғанын әңгімелеп берді.
Оның әңгімесін тыңдап отырып жас жапон іштей былай ойлаған-ды:
"Мен ол шетелдікті білемін. Бойында жапон мен америкалықтың қаны араласқан будан. Ұмытпасам, аты-жөні Джордж Мерри. Рейтер агенттігінің тілшісі болып істейтін танысыма Нанкинде бір христиан дінін ұстанатын жезөкшемен түнеп шығып, ол ұйықтап кеткенде тайып тұрдым деп мақтанғанын естігем. Өткен жолы Нанкинде болғанымда ол да мен түскен мейманханаға тоқтаған, сондықтан да түр-түсі анық есімде. Өзін жергілікті ағылшын газетінің тілшісімін деп таныстыратын, бірақ өзі сайда саны, құмда ізі жоқ тұрлаусыз адам-ды. Кейіннен мерез ауруымен ауырып, ақыры жынданып кетті... Демек, дерт оған мына әйелден жұққан да. Бұл бейшара ол жұғымсыз немені әлі күнге дейін Иса пайғамбар деп дабырайтып жүр. Ақиқатын айтсам ба екен? Әлде ештеңе демей-ақ қойғаным жөн бе, көне батыс аңызына ұқсаған ғажап түсіне нанып тіршілік ете берсін..."
Цзиньхуа әңгімесін тәмамдаған кезде жігіт селт етіп бойын жиып, шырпы жағып, жұпар иісті темекісін тұтатты. Дереу ықылас қойып тыңдаған адамның кейпін танытып:
− Солай де... Қызық екен... Содан бері бірде-бір рет ауырған жоқсың ба? − деп сұрады.
− Жоқ, бірде рет ауырған емеспін, − деп ойланбай жауап берді Цзиньхуа, алаңсыз кейіппен қарбыз шекілдеуігін шағып отырып.