Талдау және зерттеу рухы – меніңше, әдебиетші, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессо...
Жазушы Мәдина Омарованың шағын үш әңгімесі
"Мадина Омарованың шығармалары сөйлем құру дағдысымен ғана емес, жанр тұрғысынан да өзгеше. Жазушының жинаққа кірген шығармаларының көпшілігі қысқа, берісі жарым бет, арысы екі-үш беттен ғана тұрады. Әсілінде, қиық-қиқымнан тұру Мадина Омарованың жалпы шығармаларының басты және ортақ ерекшелігі деуге болады. Бұның тасасында жазушының дүниені түсінудегі таным ерекшелігі тұр. Мәңгілік өзгермейтін ақиқаттан тұрған қоғамның шаңырағы ортасына түскеннен кейінгі кезеңде бас көтерген бұндай таным ақылдың сыртқы әлемді шекті көлемде танитынын, ақиқаттың көп жақтылы болатынын, оны түйсіну үшін жан тереңіне бойлау керектігін аңғартып тұрады. Бұл түйін автордың эстетикалық талғамына әсер еткен. Содан да Мадина Омарованың қаламынан туған жоғарыдағы мәтінді жасандылығы жоқ, Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа қоғамның шынайы туындысы деуге әбден негіз бар".
Ардақ Нұрғазы, сыншы.
ЖАҢБЫР
Сыртта жаңбыр жауып тұр. Терезеге жақындап далаға қарадым. Күңгірт әлем. Төмен қарай төніп қатуланған аспан. Жаңбыр. Әрбір тамшысының өз үні, өз тілегі бар тірі жаңбыр. Үсті-үстіне төгілген сайын кеудеңдегі мазасыздық өрши түседі. Келесі сәт әлдене әкелетіндей. Дүние іш пыстырар ырғағынан жаңылып астаң-кестең болатындай. Жаңбырды жек көремін. Үнемі мұңда ұстайды. Себепсіз күткізеді. Үміттендіреді. Күткенді жек көремін. Сырттан аяқ тықыры естілді де артынша-ақ арсын-дүрсін басып інім кірді.
– Мысықты іздеп жүрмін.
– Оны не қыласың?
– Ұйықтатамын. Ал сен неғып тұрсың?
– Жаңбырды тыңдап.
Түсінбей қалды. Қалқиқан құлақтарына қарап күлкім келген.
– Жаңбыр жауғанда бәрі біртүрлі болып кетеді, иә.
– Иә, – деді ол.
– Өлгім келіп тұр.
Жанары үрейге толып шыға келді. Тамағыма келіп тірелген өксікті әрең іріктім.
— Мысықты таба алмай қойдым, еш жерде жоқ. Су-су болған шығар.
Жылдам сөйледі. Әңгімені басқа жаққа аударғысы келген түрі.
— Не істесем екен?
Дауысыма діріл араласып кетті. Өз-өзіме ызаландым. Титтай баланы шошытып. Оңбаймын ғой.
— Өтірік! Бәрі өтірік! Мен сені мамама айтамын!
Есік тарс жабылды. Жаңбырдың ірі тамшылары терезені осқылайды. Бұл жерден кеткім келді. Жаңбыры жоқ жаққа. Айдалаға. Кенет келесі бөлмеден інімнің жылаған үні естілді. Не деген адаммын деп ойладым. Оңбаймын ғой. Оңбаймын.
МЕНІҢ АУЫЛЫМ
Тоқал тамның алдында тұрған кейуана әжім көмкеріп, тілім-тілімі шыққан алақанымен күннен көзін қалқалады. Саусақтары жуан, икемге көнбейтін тарамыс. Өмір бойы қара жұмыс істегені, аянбай істегені көрініп тұр. Суалған жанарымен қара жолға демін ішіне тартып телміреді. Бір нәрсе қараятын тәрізді. Мал ма, адам ба? Ажырата алар емес. Ернін жалады. Кезеріп тұр жарымағыр. Таң атқалы шайдан өзге нәр сызбағаны түсті есіне. Аяғы қақсап, орнынан тұра алмай қалды емес пе? Автобус келетін уақыт болғанда дәті шыдамады. Тұрды. Күн батып бара жатыр. Ол орамалын түзеп жол жаққа аяңдады. Қытайдың арзанқол орамалы құрғырда жылу да жоқ, сусылдап түсе де береді. Ол жолдың шетіне шығып көзін қайта көлегейледі.
— Жұт жалмағыр, арам қатқыр, қара сайтан, балалардың біреуі ма десем, сен екенсің ғой, қасқырға жем болғыр.
Жолға түсіп алып, бейқам келе жатқан Олжабектің қара танасы екен. Ызалы күбірмен кері бұрылды. Сол жақ жамбасынан төмен аяғы сырқырап әкетіп бара жатыр. Үй сыз ба, әлде жас кезінде сән қуып, жалаңаш жүріп құртты ма білмейді. Биыл суық үйде қыстап шықты. Үш мың зейнетақы неге жетсін? Балалардікі өздерінен артылмайды. Әйтеуір бұған жармаспай өз күндерін өздері көріп жүргендеріне шүкіршілік етеді. Үйге кірді. Сырттан келгенде, үйдегі жаман иіс әсіресе қатты сезіледі екен.
Дәу де болса, Қаратабан, сенен келген пәле бұл, — деді ол, төсектің үстінде үрпиіп жатқан мысықты қағып тастап. Ол жерге “дік” етіп түсіп, “Не болды соншама?” деген кейіппен жақтырмай қарады.
— Көзің шықсын. Көзің шыққыр, сорлы. Балалар жоқ. Өстіп жалғыз қалайын деп таптым ба бес баланы. Өлсем келіп көмуге жарар ма десеңші, шіріктер. Енді қайтейін. Ой, Алла-ай. Аман болсын әйтеуір. Қайтейін.
Төсегіне қисайды. Қараңғылық коюлана бастаған. Үйдің іші суық. Көктем шыққанмен, жер жылына қоймаған кез. Кемпір аш болатын. Сүйектері де удай ашып барады. Бірақ кәрі ана төзімді еді. Күте білетін.
АҚТАБАН
Кішкентай ғана қап-қара күшік болатын. Інім екеуіміз көршіміздің корасына түсіп, ұрлап әкелгенбіз. Әр аяғына біреу аялап аппақ етік кигізгендей екен. Атын Ақтабан қойдық. Ол біздің үйде қалды. Ерке. Аяғыңа оратылып, соңыңнан қалмайды. Кішкентай ит жүрегіне қуаныш толып, қашан көрсең де арсалаңдап жүргені. Содан кейін мен мектеп бітіріп, ауылдан кеттім. Ол туралы мүлде ұмытқанмын. Жазғы демалысқа келгенімде мамам “Ақтабан қауып алмасын. Төмен етектіні көрсе жыны бар. Аулақ жүр” деген. Аулада байланып жатыр екен. Дәу қап-қара төбет болыпты. Сұсты-ақ. Ақырын жақындап “Ақтабан” дедім. Құйрығы қозғалып барып басылды. Мен еркінсіп жақындай түстім. Арт жағымнан жеткен шешем “Ойбай, жолама. Бір жеріңді жұлып алады. Жынды ғой бұл” деп шыр-пыры шықты. Ауыл арасында әйелдерді қауып әбден зәрезап қылғаны көрініп тұр. Ақтабан тарапынан ешбір жақтырмаушылық байқамағаннан кейін мамамды зар қақтырып қойып, қасына жақындап басынан сипадым. Ол қапқан жоқ! Тіпті шалқасынан түсіп, көзін жұмып сипай түс дегендей болады. Апам да аң-таң, мен де аң-таң. Көзі енді ашылған күшік кезінде есінде қалдым ба екен әлде? “Біздің үйдің адамы екеніңді иісіңнен таныған ғой” дейді інім масаттанып. “Жақсы ит – құт”. Ол біздің үйдің бір мүшесіне айналды. Тек мысық тұрақтатпайды. Бас салып, мылжалап өлтіріп тастайды. Не жыны бар екенін кім білсін. Біз мысықты жақсы көреміз. Он екі жыл ішінде талайы өтті ғой. Кейбір ақылдысы, амалын тауып, аман қалады. Түйсігі бос, ақымақтауларының ажалы – Ақтабан. Бірде ауылға барғанымда, үйдегі Ақ мысықтың Ақтабанды әбден мазақ қылғанына куә болдым. Қақпаның кішкентай тесігінен көшеге өтіп кетіп, керіліп тұр. Маңғаз. Ұйқылы-ояу кейіпте. Бер жағында ызадан жарылып кетердей болып Ақтабан жүр аласұрып. Тесіктен өте алмай қор болып жүр. Жөнімен кетер мысық жоқ. Ұзақ тұрды. Мүмкін барлық ағайындарының кегін осылай алған шығар... Мамам “Осы ит емес, адам” деп жиі айтатын. Ақтабан бәрін түсінетін. Үйде қайғы болса, оның да ұнжырғасы түсіп, тамаққа тәбеті шаппай қалады. Қаладан келерде әрқайсымыздың Ақтабанға арнайы базарлығымыз бар. Көздері. Көздері баз бір адамның көзінен мағыналырақ, тереңірек еді. Сөйлеп тұратын. Сол Ақтабан өліп қалды. Он екі жыл жүріп, үйді қорып, барлығымызды жақсы көріп. Байқұс Ақтабан...