Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Құрм...
МАМИНГЕ МЫҚТЫ КОМАНДА КЕРЕК
Үкіметті екі жарым жылға таяу уақыт басқарған Бақытжан Сағынтаевтың үкімет басшысы ретіндегі билігі аяқталды. Жалпы әр түрлі қызметтерін қосқанда ол үкімет құрамында алты жылдан астам уақыт қызмет атқарған екен.
Сағынтаев үкіметінің басты кемшілігі – әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шеше алмай ушықтырып жіберуі, экономикаға қан жүгіртіп, жан бітіре алмауы. Соның себебінен тұрғындардың тұрмыс деңгейі төмендеп кетті, табысы бұрынғыдан азаймаса, көтерілген жоқ. Ал азық-түлік бағасы әлденеше есе қымбаттап кетті. Оның шырқау шыңы Астанада өрттен бес бүлдіршіннің қапыда қаза табуынан басталған көпбалалы аналардың шеруге шығуы болды. Жанына жинаған жас министрлері сенімді ақтамады ма, Сағынтаев ең қысқа уақыт басқарған үкімет басшысы ретінде тарихта қалды. Одан бұрынғы Кәрім Мәсемов үкіметті сегіз жыл басқарған-ды.
Енді Үкімет құрамы жаңадан жасақталады. Премьер-Министр болып Асқар Ұзақпайұлы Мамин тағайындалды.
Асқар Маминді өзіне жүктелген міндетті тыңғылықты орындайтын іскер һәм әділ шенеунік ретінде белгілі. Инженер-құрылысшы әрі ауыл шаруашылық маманы. 2006-2008 жзылдары Астана қаласының әкімі болды. 2008-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті болып табысты қызмет атқарды. 2016 жылдан Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.
Біздіңше, Үкіметті толық басқаруға Асқар Мамин келеді деп сеніммен айта беруге болатын секілді. Бұрын-соңды жаман аты шықпаған, іскерлігімен танылған адам, Президенттің өте сенімді кадры. Бірақ қанша жерден оның өзі мықты болғанмен, командасы әлсіз болса, Асқар Мамин де жалғыз өзі түк бітіре алмасы анық. Сондықтан ол қасына қоғамға танылған адамдардан мықты команда топтастыруы тиіс. Ол оның қолынан келеді. Бұлайша сенімді айтып отырғаным, Асқар Мамин «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясын басқарып тұрғанда, командасында бірге қызмет атқарғаным бар.
Мен сол кезде екі жылдай Қазақстан темір жол АҚ-ның Президентінің кеңесшісі қызметін атқардым. Кейінен 2009 жылы Асқар Ұзақбайұлы мені басқарушы директорлыққа шақырған кезде білім аламын деп шетелге оқуға кетіп қалған едім. Сонда көзімнің анық жеткені: Асқар Ұзақпайұлының қойылған мақсаттың нәтижесіне деген міндетті түрдегі талапшылдығы, шешімталдығы, істі жаңаша ұйымдастыруға бейімділігі. Ең маңыздысы – іске күшіңді салғаның емес, нәтижесі деп білетіндігі. Қызметкерлерін жігерлендіріп жұмысқа тарта алатындығы. Басқа адамдарды тыңдай біліп, топтық жұмысқа ерекше көңіл бөлетін дипломаттығы. Қандай мықты басшы да командаға тәуелді. Үздік мамандар ұжымы болғанда ғана үлкен жетістіктерге жетуге болады. Әркімнің пікірі есепке алынып, бірге жұмылған жұдырықтай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кіріссе, қандай терең дағдарыс қамалын да еңсеруге болады. «Күш – әділдікте» деп Әмір Темір Көреген айтқандай, Асқар Ұзақпайұлы да кезінде командасында болған менің есімде әділ басшы ретінде қалып еді. Сол әділдік енді Үкіметте үстемдік құрады деген үміттемін.