Қазақ өнері шикі тамаққа ұқсап барады

Жаңалықтар
2879

Қандай да шығарма, алғашқы сәтінен-ақ: оқырманын яки көременін жетелеп әкетпесе, ол әлжуаз, дәміз дүние болып саналатыны әлімсақтан белгілі. Ал, қазіргі таңдағы уақыт пен жылдамдықтың тай-таласы үдеп тұрған шақта, езілмейтін нәрсені езгілемей, ситуацияға жедел кіргізу басты қағидаға айналғалы қашан. Сонысы солай бола тұра, әлі күнге дейін жалған пәлсапалыққа салынып, ойдың қылаңы жоқ жерден ой көрсетпек болып тыраштану соңымыздан қалар емес. Өнер саласын небір жанрларға шартты түрде бөлуге болғанымен, өмірді «жанрға» бөле алмайсың. Оның трагедиясы мен комедиясы астасып, қорыта келгенде тағдыр атты ортақ түзіндіні құрайды. 

Осы мақалаға арқау еткелі отырған жайтқа көшер болсақ, трагедиясы басым келеңсіз оқиғаны тілге тиек етпекпін. "Мәдениет порталында" бұған дейін жарияланған мақалалар мәтінін қайталамау үшін, сілтемелерін арнайы ұсынып отырмын:

http://www.madeniportal.kz/article/5201 

http://www.madeniportal.kz/article/5201 

«TAGA Production»:

Оқиға детективтік және криминалдық сипатта жедел басталды. Қап-қара жиптермен сау етіп жетіп келген баскесерлерді қияқ мұртты, қағылез жігіт қарсы алып тұр. Бет-аузы жүн-жүн қарақшы әлдебір кінәсі үшін оның жанын алуы мүмкін. Төнген қауіпті, қияқ мұрт жігіт тапқырлықпен шешіп, басы аман қалады. Демек, фильм бастала сала көрерменін өзіне тартып, бас кейіпкерінің кім екенін қолма-қол айшықтайды. Өстіп, алғашқы секундтан-ақ, көрермен тарапынан Олжас атты бас кейіпкерге жылы шырай туындайды. Ары қарай оқиға комедия желісінде өрбіп, еріксіз езу тартқызады. Оған көз жеткізу үшін мына сілтемені ашсаңыз болды. 

Идея, театр саласының қыр-сырын ашуға арналған көрінеді. Осы, Олжас атты бойында актерлік қабілеті бұрқыраған жігіт арқылы режиссер діттеген ойын жүзеге асыруға ниеттенген cекілді. Оның ойнақы, оптимистік мінезі бей-жай қалдырмайды. Оны іштартып, кездейсоқ және әдейі ұрынған оқиғаларына қоса алаңдайсың. Осындай адам барын танып, жиырма минуттық ролик біткенше кәдімгідей бауыр басып, оның келешегін көргің келеді. Театрды жан-тәнімен сүйетін жігіттің қатардағы біреу болып, көлеңкеде қалмайтынына кәміл сенесің. Лапылдап жанып тұрған тұлға болып елестейді. Көрерменге тек жыртақы күлкі тудыратын арзанқол дүние емес, басында өзіндік тағдыры бар лента ұсынылғанын аңғарасың. Бірде күлдіріп, бірде жылатып айтатын ойлы туындыны ішің сезеді. 

Амал-нешік, жалт етіп өткен жасындай, бұл үмітіміздің желкесін «Ұлттық арнаның» құлағын ұстап отырған шенеуініктер аяусыз қиған екен. 

Біздің қоғамда талантты мойындау дегеннің жоқ екені баяғыдан белгілі. Бүгін күллі әлемді тамсандырып ән шырқап жүрген Димаш Құдайбергенді де кезінде көрсоқыр «әділқазы» түкке татырмай тастаған жоқ па еді. Бұл жолы да Дамира Оңғарлы деген ертеңінен үміт күттірген жас маманның аяғынан шалып, алдымен «тың тақырып» деп мақтап, артынан сол ұсынған идеяны өзгелер арқылы жүзеге асырғанына куә болдық.

Таразының екі басы тең болуы үшін, осы бір идея маңындағы екі жұмыстың алғашқы бөлімдерін назарларыңызға ұсынғым келді.  «Жаңғырық» атаулы хикая туралы кәсіби мамандар өз пікірлерін ортаға сала жатар. Ал өз тарапымнан азды-кем аңғарғаныммен бөліскенді жөн санадым. 

Алдымен "Жаңғырық" деген не деп сұрағың келеді. «Жаңғырық — бақылаушының әр түрлі тосқауылдан (үй қабырғасы, орман, т. б.) шағылған толқынды (акустикалық, электр магниттік, т. б.) қабылдауы. Қандай да бір кедергіден шағылған және бастапқы таралған орнына қайта оралған дыбыс толқындары» деген екен Уикипедия

Қысқаша айтқанда, Жаңғырық- бұл өзге заттардан шағылған дыбыс. 

"Taspa Films":

Енді хикая желісінде бір-бірімен қабыспайтын, үйлеспейтін жерлері өте көп. Әу баста көзіме түрпідей көрініп, ойға сиымсыз көрінген тұстарын тілге тиек етіп, көрермен дәрежесінде талдап көрмек болғам. Сөйтсем, оным биыл бітетін әңгіме көрінбейді. Сондықтан бір-екеуін ғана мысалға алдым. 

Бұл хикаяның өзі театр өнері туралы болғандықтан, театрдың ішінде оқиға жүріп жатқаннан кейін, кімнің атындағы театр болды екен деп біраз күттік. Әйтеуір он екінші бөлімде театрдың атауы «Оспанов» екенін білдік. Бірақ, қандай Оспанов екенін түсінбедік. Білдей үлкен театрдың ішінде бес-алты актердан басқа актер жоқ па деп қаласың! Себебі, "Томиристе де" , "Қозы мен Баянда да", "Ромео мен Джульетта да" ойнап жүрген сол актерлер. 

Осы театрда бұрыннан қызмет етіп жүрген екінші режиссер Рүстемді көрсетті. Ол неге өз бетінше спектакль қоймайды? Және осы кейіпкерді неге алдыңғы планға шығарып, оқиғаны өрбітпейді? деген секілді дүдамал сұрақтар үйірсектейді. 

Сонымен қатар, көзге ұрып тұрған өрескел техникалық қателіктер де жетіп артылады. Жалпы фильмнің сәтті шығуына дыбыстың да атқарар рөлі зор екенін ұмытпауымыз керек. Дыбыстың өзінде де режиссура болады. Ал мұнда дыбысрежиссердің қабілетіне күмән келтіресің. Осы телехикаяны көріп отырып, түсірілім алаңында дыбысоператоры болды ма деген ойға қаласың? Ортақ дыбыс (общий звук) деген мүлдем жоқ. Әлде бір жағдайларға байланысты дыбысты өшіріп алды ма екен? Қорыта айтқанда дыбыс «қуып кеткен». Осындай салғырттықтарына қарағанда телеарна маңындағылардың кәсіби сауаттылығына амалсыз күмән келтіресің!

Бұдан ары тергілей беруге кісі жалығады екен. О бастағы бұлаңдаған құйрық иесі келіншек те, кейін әлдебір тапқыр ойымен таныстырылған жаңа режиссер да хикаяның арқалаған идеясын ашатын басты қаһарманға айнала алмады. Бұл сериалдың - «Жаңғырық» десе жаңғырық сияқты, өмірдің сәтсіз көшірмесі, әншейін бір сүлесоқ, неше қайнауы ішінде қалған солғын  дүние екенін таныдық. «Судың да сұрауы бар» демекші, мемлекет қаржысын судан әрман шашып, руханиятқа бір тамшы нәр тамыза алмайтын сапасыз нәрселерді қалай жүректері дауалап, жұрт назарына ұсынды екен? Жұрттың пікірін білу үшін өнер адамдарының біразымен хабарластым, сөйтсем көбісі бұл хикаяны соңына дейін төзімі жетіп,көре алмапты. 

«Өнер дегеніміз не? Ойымызда сан түрлі бейнелер елестейді, өнер бірінші Алла дарытқан, екінші адам санасымен орындалуға мүмкіндігі бар барлық жасампаздық материя, қиял шексіздігі. Энциклопедиялық анықтамалықта өнерді «көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы», деп көрсетеді»

Осы тұрғыдан келгенде «Жаңғырық» сериалы көздеген үдеден шыға алмаған тәрізді. Құрметті, көрермен Сіздер қандай ой қосасыздар?

Дайындаған, Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...