Құдайлар Сизифке орасан зор тасты тау басына домалатып шығаруды бұйырды. Бірақ тас өз салмағымен қай...
Амангелді Кеңшілікұлы. ЖОҒАЛҒАН РУХТЫ АҢСАУ
Над страной моей родною,
Встала Смерть.
Андрей Белый
Аяулым! Біз құл болып бара жатқан халықпыз. Алтын Орда ыдырағаннан бергі баянды тарихымыздың бәрі, өткен өміріміздің көңілге қаяу түсіретін шындығы мен жүрегіңді мұздататын ақиқаты, азуын айға білеген мемлекеттер мен қайратты елдердің алдында алаңдаумен өткендігі, қайғы мен ащы запыранның қасіретін молынан жұтып, тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстай алмаған «мың өліп, мың тірілген» халықтың рухани сілкінісін бес ғасырға шегеріп тастады. ХV ғасырдағы Қазтуған ақынның «Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың», немесе ХVІІ ғасырдағы Жиембет жыраудың «Қол аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім»,-деп, апанға түскен бөрінің бөлтірігіндей аласұруы, сондай-ақ Мұраттың «Еділді келіп алғаны етекке қолын салғаны, Жайықты келіп алғаны жағаңа қолын салғаны» -деп, қазақтың басына тақаған ақырзаманды сезіп дабыл қағуы, өз мұңының өртіне оранып, жалғыздыққа ұшыраған жаралы рухтың көрінісі еді. Ақиқаты Ақтамберді жыраудың «Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екеміз» сынды жүрегінен төгілген асыл сөздер қазақтың арман-аңсары ғана емес, жоғалған рухқа іңкәр ностальгиялық сағынышы да болатын. Далалық мінезі мен еркіндігінен айырылған елдің жоғалған рухты кеш келген көктемді аңсағандай сағына күтуі тегіннен-тегін емес-тін. Жаралы рухтың ең биік көрінісі «Қайрыла алмай барамын, Қайранда қалған еліме» деп, жараланған жолбарыстай жанын қоярға жер таппаған Махамбеттің тууы табиғи заңдылық еді. «Алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймен-ді» (Шалкиіз) деп, дүниедегі сұлулықтың өзіне асқақ қарайтын далалықтардың рухы Махамбеттен кейін жеңіліске ұшырады. Екі ғасырдан астам Ресейдің бодандығында «ас ішіп, аяқ босатқанымызға» ғана мәз болуымыз, қазақ ұлтын этникалық бітім-болмысынан айырып, құлдық психологияға тәуелді тобырлық сананың қалыптасуына «игі» әсерін тигізіп, етек жайылуына мұрындық болды. Абай атамыздың аяусыз сынайтын «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сынды қазақтың табиғатындағы міндер, ата-бабаларымыздың бойында о баста жоқ «қасиеттер» еді. Бұл көшпелілердің Рухы жеңілгеннен кейін, қазақтың топырағына өзге елден келген эпидемия-тұғын. Әлі күнге шейін қазақ халқының бал-қаймақ номенклатурасының өз ана тілі мен ділін менсінбей, өз «меніне» сағынышпен қарай алмайтыны, ұлтымыздың күнін келесі ғасырда қараңға батыратын тобырлық сананың жемісі ғана. Басқа ештеңе емес. Бүгінгі Қазақстанның саяси ахуалы мен көңіл-күйі Нобель сыйлығының иегері, Австрияның әйгілі жазушысы Элиас Канеттидің «Ослепление» атты романын еріксіз еске түсіреді. Жазушының шығармасындағыдай бізде де мемлекеттің өзін-өзі алдаумен өмір сүруі өмірдің шындығына айналып, тіршіліктің тауқыметімен бетпе-бет қалған қазақ элитасы жағымпаздық пен екіжүзділіктен басқа жол таңдай алмай қалды. Адамгершілік, ізгілік, мейірімділік, ар-намыс, азаматтық позиция сияқты баға жетпес құндылықтардың орнын алауыздық, көрсеқызарлық, арамтамақтық сияқты тобырлық сананың ойлап тапқан құндылықтары алмастырып, қазақтың рухани кеңістігін соқыр тұман басып тастады. Әйгілі жазушы «Тобыр мен билік» атты еңбегінде диктатураның тобырлық сананың арқасында жасалатынын жазды. Тобырлық санаға қарсы тұра алмаған қазақ интелегенциясы Стриндбергтің «қызыл бөлмесіне» қамалып отыр.
Аяулым!
Қазақтың ақырзаманы орнайды деген бос сөз.
Ақырзаман орнады.
Нан тауып жеуге де жарамайтын қазақтың тілі мен әлдекімдердің саяси ойынының сойылын соғып жүрген жалған рухтың кімге қажеті бар? Қазақстандағы ақпарат кеңістігін орыс тілді басылымдардың жаулап алып, қазақтың рухы мен ділін кекетуі, «Хабар» мемлекеттік телеарнасындағы идеолгиялық ахуал Владимир Рерихтің жұмса жұдырығында, ашса алақанында құрдай жорғалауы (бәлкім Рерих мырза Президент туралы фильм түсірдім, енді менің мұртымды балта шаппайды деп ойлайтын шығар) таза қазақ тілінде сөйлейтін ұлтттық телеарнаның жоқтығы, қазақ тілді басылымдардың сөз бостандығынан айырылып өлместің күйін кешуі, билікке келу үшін Шешенстанды қызыл-жоса қанға бөктірген Ресей президенті В. Путиннің 90 пайыздан астам хабарлары орыс тілінде жүретін Қазақстанға келген сапарында елдегі орыс тілді хабарлардың азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруі, бұл мемлекеттің шынайы қожайыны қазақ емес екенін аңғартса керек. Әшейінде Батыс пен мұхиттың арғы жағынан келген саясаткерлерге егеменді, демократиялық жолға түскен тәуелсіз ел екенін айтып сарнағанда алдына жан салмайтын қазақтың номенклатуралық интелегенциясы да, оппозицияны сынамаса көңілі көншімейтін қазақтың ресми басылымдары да тілін тістеп алған баладай үнсіз қалды. Путиннің Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігіне пысқырып та қарамай басына сөйлеуі, мемлекеттегі саяси ойынның Ресейге тікелей байланыстылығын сездірсе керек. Қазақстан президенті бүгінгі күннен бастап, өз жанына жинап алған жалпақшешей шенеуніктерден тез арада құтылып, ұлттық идеологияны жасай алатын білікті де, білімді саясаткерлерді үкімет басына топтастырып батыл қадам жасамаса, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін. Күндердің-күнінде оның жаулары алыстан емес, өз маңайынан шығуы ықтимал. Билік үшін нағыз теке-тірес сол кезде басталады. Үкіметтің ең үлкен қателігі - қатал Әлемнің Қазақстанға деген көзқарасының суып бара жатқанын байқағысы келмейтін сыңай танытып, авторитарлық режимнен басқа жол таңдай алмай отырғандығында.
Енді бір он жылдан кейін авторитарлық режимнің тепкісі мен диктатураның темір құрсауына шыдай алмаған Қазақстанның білімді ұлдары ағылшын тілін үйреніп алып, шет елге кетіп қалып Чаадаев сияқты «Құлдық өмір намысына тимеген халық ең сорлы халық, ондай халық құл болуға ғана лайық» деп, сәулетті келешегін өз қолымен көрге тыққан, тегін келген тәуелсіздікті ұқсата алмаған зиялысымықтарға лағнет айтып, эммиграциядан күңіреніс пен қайғыға толы хат жазады. Қаражат тапшылығынан жоғары білім алудан шетқақпай қалған ауыл балалары ит тіршілікпен күн кешіп, зарлы мұң мен қайғы-қасіреттің ауыр азабын тартып, өмірлерін қаладан алыс резервацияда өткізеді. Шындықты айтуға талпынған бірен-саран саясаткерлер атылып кетіп, шындықты айтатын адам қалмай, рухани кеңістік қаңырап, «әдірам қалған мәдениеттің» (Н. Оспанұлы) жоқтаушысы табылмай, аңғал ұлтымыз қазаққа шекесінен күліп қарайтын шала қазақтар мен қатал Әлемнің қолына су құятын малайлыққа да жарамай, жеке басының мұңымен жалғыз қалады.
Өз басым ұлттық ділі мен рухани тамырына балта шабылған Қазақстан мемлекетінің келешекте зәулім бәйтерекке айналатынына аса сенбеймін. Орыс халқын қанша жамандағанымызбен олардың бізден бір артықшылық жері, орыс интеллегенциясының, ақындары мен жазушыларының ортасында ескі сенім ыдырағаннан (раскол старообрядчества), яғни ХVІІ ғасырдан бері қалыптасқан ұлы мектеп бар. Қазақ топырағындағы енді қалыптаса бастаған сондай ұлы мектептің өкілдері А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов секілді хас зиялылары тобырлық сананың құрбандығына айналды. Ғасыр басындағы сол арыстарымыздың «Бүкіл мемлекет қазір бетімен жайылып кетті. Кешікпей талан-тараж, қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алты ауыздық, біреуге біреу сенбеу күшейді. Әр адам, әр халық өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды. Бұл болып жатқан уақиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ елі сезе қоймайтын шығар. Оқиғалардың сүреңі жаман, қам қылмай қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар» («Қазақ», 1917 жыл, №250) деген жан айқайларының бүгінгі күннің көңілсіз шындығын еске түсіретіні неліктен?
Ақырзаманы орнаған мемлекет келешегін емес, тек өткен тарихын аңсаумен ғана ғұмыр кешеді. Өткен өмірінің күңгірт елесінен жоғалған рухы мен қаймағы бұзылмаған ұлтының рухани дидарының сәулесін көргісі келеді. Қазақ зиялысымақтарының той десе балаша елегізіп, хандарды жаппай дәріптеп, тайлы-тұяғы қалмай өз ата-бабаларының батыр болғанын мақтап, дабыраға айналдырып жіберетін себебі, өз әлсіздігін сезінген ұлттың көңіл-күйі (состояние нации). Әлсіз халық қашан да мақтаншақ, әрі жасқаншақ. Қазақ «интелегенциясының» біз әлі де демократияға дайын емеспіз деп қайта-қайта дабыл қаға беретіні де жеке басын қорғап қалуға негізделген шартты рефлекс. Өйткені ештеңеге дайын емеспіз деп ұлттың басына төнген қатерге мойын бұрмай өмір сүру-қазақ интелегенциясы үшін ең ыңғайлы позицияға айналды.
Осыдан соң қазақ ортасындағы жүзшілдік пен рушылдықтың отын қоздыру да үкіметтің қолымен жасалып отырған саяси ойын екеніне шын сенесің. Оның басты нысана ғып көздеген мақсаты ұлттың санасын нақты проблемадан алып кету екеніне бек иланасың. Бір ғажабы қазақтың тіршілігі төмендеген сайын, ресми басылымдардың өзі басқа проблема құрып қалғандай трайбализм синдромын өршіте түседі.
Мейлі ғой, егер де сол жүзшілдіктің арқасында ұлы жүздің бәрі жақсы өмір сүріп кетсе, ең құрығанда жаңа ғасырдың басында бір жүздің бағы ашылды ғой деп, әйелім ұл тапқандай шын көңілмен қуанар едім. Бірақ ақиқат басқа ғой. Қазақтың номенклатуралық интеленциясының да өз келешегін тек әдемі қылып көргісі келетін қиялы-сандырағы жүзшілдіктің отына май құя түскені анық.
Егер де Ленин тірі болса бүгінгі қазақтың мінезін «Ақырзаман алдындағы өзін Әлемге танытқысы келген ауыл Аңғарбайының аңқау пиғылы» деп, бағалар ма еді, кім біліпті.
Жетпіс жыл бойы санамызға сіңірген құлдық психология қазақ топырағындағы «псевдоинтелегенцияның» арам шөп сияқты қаптап кетуіне ықпалын тигізіп, күш алып кетуіне ерік берді.
Жазушы Әкім Тарази «Боже мой, как он одинок, как он одинок» деп, президенттің жалғыздығына қабырғасы қайысқандай күй кешеді. Сәбит Досанов үшін халық қырылып қалса да, қатты сөз айтып, Елбасының жүйкесіне тимеуіміз керек екен. Өйткені «Президенттің денсаулығы –халықтың байлығы» көрінеді. Қандай тауып айтылған сөз. Егер мен баспасөз министрі болсам, осы сөзді бүкіл ресми қазақ басылымдарының шекесіне жазып қояр едім. Бірақ шын мәнісінде де Президенттің денсаулығы жоқ болса, сайлау кезінде отставкаға кетер еді ғой. Мұның сыртында «менің президентім, менің президентім» деп, үлкен астаудан сыбаға дәметіп, ләппай тақсырлап, жәутаңдаған көздер қаншама.
Ал, ұлттың намысына қатысты әңгіме түгіл, әдебиет, мәдениет саласындағы пікірталастардың өзіне есігі түгіл, терезесіне шейін тарс жауып алған «Қазақ әдебиеті» басылымын сөз бостандығы мен пікір еркіндігінен гөрі Президенттің жұбайы Сара Алпысқызын қалай Ел анасы деп атасақ сынды проблема қызықтырып, басын ауыртады. Әрине президенттің жұбайына құрметпен қарағандарын түсінуге болар, дегенмен ол кісінің Сара деген аты да өзіне жарасып тұрған жоқ па? Сосын әр адамның өз анасы бар емес пе? Мәселенки тоқсаннан асқан ақиық ақын Дихан Әбілов өзінің қызынан да кіші Сара Алпысқызын Ел анасы десе ерсі көрінбей ма. Үкімет ым білдіріп, қабағын қимылдатса кез-келген батырыңның тас-талқанын шығаруға сақадай-сай тұрған «Жас Алаш» газеті ғана анда-санда қазақ ұлтына «саяси тексіздіктен» хабары бар екенін ұқтырып, қоқаңдап қояды. Қазақстанның әрі қабырға, әрі қабырғалы газеті «Егемен Қазақстан» туралы бірдеңе айтудың өзі артық әңгіме.
Аяулым!
Менің айтып отырған сөзімді асылық деп бағалай көрмеңіз, бірақ кейде өлместің күйін кешсе де өтірік сөйлеуден жалықпайтын ресми қазақ басылымдарының жабылып қалғаны да дұрыс па деп ойлаймын. Ең құрығанда бізге қазақ ұлты үшін бірдеңе бітіріп жатырмыз деп өтірік сөйлеуге сылтау табылмас еді ғой.
Бір өкініштісі бұған өкпелеудің де реті де, мүмкіндігі де жоқ. Бұл сорқұдықтың басында сергелдеңге ұшыраған қазақ интелегенциясы мен руханиятының көңіл-күйі (состояние интелегенций и духовности).
Ұлттық идеологияның қалыптасуына емес, тамағын асыраудың психологиясының шеңберінен аса алмай жүрген интелегенция мен қортық ой мен бәкене шындықтың ауласына қамалған қазақ басылымдарының кімге керегі бар екенін түсінбеймін.
Мемлекет үшін бұл екі күш те ұлтты білдірмей құртып жіберетін –антисистема емес пе?
Әрине, мен де өз Отанымды қызуы жоғары, көтеріңкі рухпен сүйгім келеді. Бірақ ұлттың уысынан билік кетіп, өз халқыңның тағдыры адам төзгісіз халге төмендегенде өтірік көлгірсуден артық сатқындық бола ма? Жалпы кез-келген мемлекет үшін жалған рух пен жасанды құндылықтан асқан трагедия жоқ.
Біздің сорлылығымыз соншама өзіміздің қой сияқты момын екенімізге шейін мақтан тұтамыз. Ал бүгінгі аш қасқырдай аласұрған заманда өзіндік «мені» жоқ ел, азулы мемлекеттердің құрбандығы болғанға ғана лайық. Келесі ғасырда ұлттық рухы әлжуаз мемлекеттер жер бетінен жойылып кетіп, тек күштілер ғана қалады. Өйткені Әлем қатал ғой.
Менің Алтын Орда ыдырағаннан бері «мың өліп, мың тіріліп» барып жоғалған рухты аңсайтын себебім осы.