Әлеуметтік желіде Димаш Құдайбергеннің телетоптама саундтрегіне арналған жаңа туындысы жарияланды, д...
Тағдыр тудырған ән
(Тағдырлы әншi Тоқбайдың тауқыметтi өнер жолы турасында)
... Бұл 1939 жылы болған оқиға едi. Жүсiпбек Елебеков бастаған бiр топ өнерпаз Павлодар облысының Бесқарағай ауданын аралап, концерт қойып жүрген сапардың бiрiнде Тоқбай есiмдi әншiнi кезiктiредi. Ел iшiнде елеусiз ғана күй кешкен қарапайым жанның үлкен өнерiне тәнтi болған Жүсекең қарт әншiнi өзiмен бiрге Алматыға жүруге көндiредi. Ондағы ойы Тоқбайдай болмысы бөлек әншiнi филармонияға орналастырып, зерделi қамқор, қошеметшiл тыңдарманға өнерiн бағалатып, бапсыз, бақсыз әншiге тым болмаса қартайған шағында құрмет көрсету едi.
Тұрлаусыз тағдырдың таяғын аз көрмеген насихаты кем Тоқбайдың өмiрi туралы оқырманға баяндай кетсек. Бiрде Қарағанды қаласында тұратын физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есет Смайыловтың үйiнде қонақта отырғанымызда әншi Тоқбай жөнiнде келелi әңгiме айтылды. “Iздегенге сұраған” деген, Есет ағам алдыма Тоқбай әншi туралы жинаған деректерiн жайып салды. Профессордың қолындағы шежiре, деректе Тоқбайдың руы Уақ екенi, азан шақырып қойған есiмi Жүсiп болғаны жазылыпты. Тоқбай Жұмағұлов 1882 жылы Кереку уезiнiң Сейтен болысына қарасты Бөрiлi ауылында дүниеге келiптi. Әншiлiкке атасы баулыған өнерпаз жастайынан өзi туып-өскен өңiрдi аралап, ән шырқаған. Шежiре беттерiнде Тоқбай әншi 1924-25 жылдары орындаушылық шеберлiктiң шыңына көтерiлiп, даңқы Ресейдiң Новосiбiр, Кемер, Алтай аймағына жайылғаны айтылады. Ж.Елебеков деректерiнде 1932 жылғы ашаршылықта Тоқбай алты баласы мен әйелiнен бiрдей айырылады. Жер ауып қаңғырған ол әрең дегенде Барнаулға (Ресей) жетiп, тырбанып жүрiп дүкенге күзетшi болып жұмысқа орнығады. Алғашқы жалақысына балалайка сатып алады. Осы аспабымен ашаршылықта қырылған алты баласын, әйелiн жоқтап, нәубет заманға қарғыс айтқан ол күзетте жүрiп зарланып ән салады. Шәкен Айманов сынды аяулы ағалардың жүрегiн елжiреткен Тоқбайдың “Екi жиренi” дейтiн атақты әнi осылайша дүниеге келедi.
1935 жылы Тоқбай Бурят елiнде, Улан-Удэ филармониясында әншi болып қызмет етедi. Осы филармонияда 1938 жылға дейiн iстеген тәрiздi. Өйткенi 1937 жылы Тоқбай Улан-Удэ радиосында да үш жыл тұрақты жұмыс iстеп, ән салған көрiнедi. Елге тек 1939 жылы оралған секiлдi. Осы жылы Тоқбайды Жүсiпбек Алматыға алдырып, қазiргi Жамбыл атындағы филармонияға жұмысқа тұрғызған. Бiрақ басшылық жағдай жасамай күйi қоңды болмаған Тоқбай елiне қайтып кетедi...
Есет Смайылов берген деректе “1961 жылы Жүсекең (Жүсiпбек Елебекев) Тоқбайдың 26 әнiн таспаға жаздырғаны” айтылады. Бiрақ радионың алтын қорына жазылып алынған Тоқбайдың өз орындауындағы барлық әнi арада бiрнеше жыл өткенде тегiс өшiрiлiп кеткен.
Осылайша Жүсiпбек Елебеков ерекше бағалап, қадiрлеген Тоқбай әншiнiң даусы, ұлттық мұрамызға қосқан өлшеусiз еңбегi – әндерi жойылып кеттi. Тоқбаймен бiрге Жүсекең айтқандай, “жеке әншiлiк мектебi боларлықтай” бiр әншiлiк мектеп жоғалды. Әншiнiң өзi 1964 жылы 82 жасында қайтыс болды. 2012 жылы Тоқбай әншiнiң 130 жылдығы да ескеурсiз қалып, аталып өтiлген жоқ.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы.