Мәдениет, Білім және Ақпарат министрлігі өкілдері, шығармашыл одақтар мен қоғамдық ұйымдардың басқос...
ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ: «Біржан музыкасының алуан сипаты Иоганн Бахпен үндес»
Әнші Ерлан Төлеутай ән өнері мен тарихын зерттеп қана қоймай өз жанынан ән де шығарған. Әсіресе, әнші Мақпал Жүнісова орындайтын М. Мақатаевтың сөзіне жазылған «Япырай» және әнші Меруерт Түсіпбаева айтатын «Сен және Мен» әндерін әнсүйер қауым жылы қабылдаған болатын. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұқағалидың, Жұматай Жақыпбаев, Еркеш Ибраһим, Қайырбек Асанов, Марфуға Айтхожина, Тұрсын Жұмаш, Жанат Әскербекқызы, Қайрат Асқаров, қырғыз ақыны Әкбар Рысқұловтың өлеңдеріне жазылған көптеген әндердің авторы.
Төлеутаев Ерлан Мұқатайұлы 1968 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Өнер жолын Қарағанды мемлекеттік университетінің «Балауса» әдеби шығармашылық бірлестігінде әнші болып бастаған ол 1990 жылы Ташкент қаласында өткен «Орта Азия және Қазақстан жастар фестивалінің» вокал номинациясы бойынша лауреаты атанды. 1998 жылы Астана қаласында өткен 1-інші халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2005 жылы өткен 1-інші республикалық Мәди атындағы әншілер байқауының дипломанты.
2007 жылы Литва мемлекетінің астанасы Вильнюс қаласында өткен халықаралық музыка фестивалінде өнер көрсеткен Ерлан Төлеутайды Литва ұлттық телеарнасы «Фестивальдің ең үздік өнерпазы» деп таныған. Сол себепті ол Литва ұлттық телеарнасында Италия елінің әншілермен бірге тікелей эфирде концерт беру құрметіне ие болған еді. Осы сапарында ол Европаға арнайы сапармен келген және фестиваль қонағы болған Жапония мемлекетінің императоры Ахихто Хирохито мен жүздесіп, сұхбаттасқан.
Сондай-ақ, „Мәди“ деректі драмалық фильмінің режиссері, бірнеше анимациялық, көркем фильмдердің сценарийін жазған, редакторлық еткен. 2010 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің редакторы.
-Біржан салдың өнері мен өмірі туралы зерттеп жүрген өнертанушының бірісіз. Ендеше салдың өскен ортасы мен тәрбие беруге атсалысқан ұстаздары туралы айтып берсеңіз.
-Біржан сал – ежелден көшелі өнер қонған дулы-нулы ортада туып өсті. Атақты Бертағының Орынбайы, улы тілді соқыр Шөже, Атығайдан шыққан, өлең сөздің жойқыны – Тоғжан ақын т.б. өнерпаздарды Біржан сал өзіне ұстаз тұтты. Кенесарының қолына түсіп, жендеттеріне «басын шабыңдар» деп әмір берген кезде:
Кене хан жақсы көрсең қарашыңмын,
Жек көргенмен өзіңнің алашыңмын
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай-Қарауылдың баласымын, –
деп, сөз тауып құтылып кететін Арыстан Тобылбайұлынан да Біржан сал өрнек алды. Бұлардың барлығы «жел сөздің бір-екі ауыз арқасында» елге өнер шашып, сол өнерінің күшімен мал тапқан, айыр көмей, қаусырма жақ, улы тілді өлеңші-ақындар еді. Ол заман ұлтымыздың классикалық ән өнері әлі де де өркен жая қоймаған кез – сондықтан аталған ақындардың өздері жанынан шығарып алған топқа түсетін ән-әуендері болғанымен Біржан сал деңгейіндегі кең құлашты әндерге бара қоймаған шағы еді. Мен мұны сол заманда өмір сүрген ақындардың бізге жеткен әндерінен байқаймын. Кесіп айтқанда, ол заманда Біржан салдай жаңашыл композитор болған жоқ. Міне, осындай «әлеуметшіл ақындар» ортасын Біржан сал өзінің Тәңір берген ұлы композиторлық дарын қуатымен жарып шығып, тыңнан түрен салды. Өзіне дейінгі өнерпаздардың барлығынан қара үзе, жеке дара оза шауып, қазақтың классикалық ән өнерін туғызған ол жаңа музыка мәдениетінің негізін қалады. Осы жайында Ш. Уәлихановтың: «Бұрын өнерпаздар қобызбен күңірентіп эпикалық жырлар айтушы еді, қазір баяғы Жанақтардың қобызбен жыр толғайтын заман келмеске кетті, барлығы домбыраға, әнге үйір боп алды» дейтін пікірі бар. Қасына өнерлі топ ертіп, салтанатпен салдық құру да – Біржан сал тұсында қайта басталады.
-Сөзіңіз ауызыңызда, осы тұрғыда Ілия Жақанов ағамыз да «сал-серілер дәстүрі Біржаннан басталады» деп жазады. Бұған фольклортанушы Қаратай Биғожин «салдық ерте дәуірден басталады» деген мағынада қарсы пікір айтып, Ілия Жақановты «шалағай музыка танушы» деп сөгеді. Осы мәселені айқындап берсеңіз, сал-серлер дәстүрі бізде қашаннан бері бар?
-Менің «салдық құру қайта басталды» деген cөзімнің аржағында салдық құру тек Біржан салдан басталған жоқ деген пікір жатыр. Біржан сал – сонау Қазақ Ордасы құлағаннан кейінгі үзіліп қалған сал-серілікті қайта жаңғыртушы. Ал, шынтуайтына келсек, сал-серілік тым ықылымнан – сонау Сақ, көне Түркі заманынан бастау алады. Атақты Әлкей Марғұлан алғашқы сері деп Иоллығ тегінді айтады. Ғалым бұған өте уәжді пікірлер келтіреді. Тіпті, одан әріде Геродот заманында хатқа түскен грек деректерінде «сақтар қымызға қызып алып, ән салады» деп жазған мәліметтер кездеседі. Оған Қорқыт дәурінен жеткен: «Елден елге, бектен бекке, ұзандар жүрер ел кезіп» деген жыр үзігін қосыңыз. Ұзан дегеніміз – қазіргіше ақын деген ұғымды білдіреді. Атақты Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан да жаугершіліктен гөрі серілікті жаны сүйген. Осы күнгі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ортау ауылында «Жошы ханның қиясы» дейтін қия бар. Ортаудың көркіне қызыққан, әрі жаугершілік заманда стратегиялық жағынан қолайлылығына мән берген Жошы хан мұнда өзінің ставкасын орнатып, тұрақты қонысы қылған. Жошы ханның қыран құсқа құмар болғаны соншалықты бір басында жеті жүздей сұңқары болыпты. Сол қырандарын көктемде құс келгенде Ортаудың теріскейіндегі Көктіңкөлі деген көлге бір мезетте жауып жауып жіберіп: «Менің әкемнің жердегі соғысынан қыран-құстарымның көктегі соғысы әлдеқайда қызық» деп қарқ-қарқ күледі екен. Жошының осы сөзін кейін жансыздар Шыңғыс ханға жеткізген дейді, бұл оның Жошыны өлтіруіне түрткі болды деген тарихи сыбыстар да бар. Бертінде әз-Жәнібек ханға Асан қайғының айтқаны бар:
Ай, Хан ием, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын кездеп көрмейсің.
Қымызға ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Ел аузынан жеткен аңыздарға сүйенсек, серілікті жаны сүйген Жәнібек хан асқан құсбегі болған дейді. Тіпті, ол құладынға Қу алдырған деседі. Халық ұғымында Аққу құстың төресі, құладын сұңқардың ең бір нашар азған түрі. Асан қайғы Жәнібек ханның қымызға қызып мас болып, көп уақытын құс салумен өткізгеніне налиды. Құс төресі – Аққуды құладынға қорлатқанына назаланады. Бұл – жаман ырым деп, ханды сақтандырады, әсіре сауық-сайраннан тиылып, мемлекет ісімен айналысуға үндейді. Осы мысалдар серіліктің көне дәуірден жалғасып келе жатқандығының айқын дәлелі. Бірақ, ол заманғы сал-серіліктің жауынгерлік сипаты басым болды. Жыраулар поэзиясы арқылы жеткен «Жалаңаш барып жауға шап, Ажалымыз қайдан дүр» деген сөз – осы сал-серілердің девизі болғанға ұқсайды. Яғни ол кездегі сал-серілер алдыңғы шепте соғысып, жау шебін бұзатын, осы жолда жанын аямай шаһит кешетін алғадай жауынгерлер болған десек, қателеспейміз. Жауды жеңіп, елге жеңіспен оралған сал-cерілерді жұрт төбесіне көтеріп еркелеткен, құрметтеген. Ел тарапынан олардың ойын-сауығына, мерекесіне кеңшілік берілгені сондай, жалпы жұртшылыққа тән моральдік қағидалар сал-серілер сауығы кезінде «күшін жойған». Олардың ел еркесі болғаны соншалықты, кейде тіпті шектен шығып та кетіп жататын. Мысалы, белгілі режиссер Досқан Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» фильмінде осыған қатысты жайтты жақсы көрсететкен. Мәселен аталмыш фильмде кісісі өлген қаралы көшке бір сері қарсы шауып шығып: «қояр көбейсін» дейді. Былайша айқанда, «осылай, топырлап өле беріңдер» деген «тілек» айтады. Сол сәтте қаралы топтың ішінен жаны күйген біреу әлгі серіні соққыға жықпаққа тұра ұмтылады. Сонда топ ішіндегі бір ақсақал «қайтесің, ол өз тілінде сөйлеп тұр» деп басу айтады. Белгілі жазушы Таласбек Әсемқұлов сценарийін жазған аталмыш фильм арқылы ықылым заманнан келе жатқан сал-серілер салтының өшпегеніне куә боламыз. Бірақ бұл баяғы жаугершілік замандағы сал-серілік емес, өнерпаздық тұрпатта қайта жаңғырған жаңа сипатты сал-серілік еді. Біржанды салдықтың, Ақанды серіліктің атасы дейтініміз сондықтан.
- Біржан Қожағұлұлына сал деген мәртебені кім және қашан берді?
- «Жасым бар жиырма бірде жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,
Сен түгіл патшаға да бас ұрмаймын,
–деп өзі айтқандай Біржан жиырма жасында сал атана бастады. Жастайынан өнері өктем болып, асқақ әндері алты алашқа жайылған Біржанға «сал» деген атақты халық берді. Оның үстіне Біржан әндері жоғарыда айтып өткендей жұртқа таңсық – жаңа сипаттағы әндер еді. Ару қыз, көрікті келіншекті аялау, жақсыларды дәріптеу, мыңнан озған жүйрік атты жырға қосып, елге әйгілі ету – серілердің серті болды десек, Біржан сал ол серттен еш тайған жоқ, қайта жұрт күткендегіден асып түсті. Бір сөзбен айтқанда, ол сал атануға мейлінше лайық тұлға болды.
-Яғни Біржан сал атамыздың әндерінің басым бағыты лирикалық, махаббат әндері болды дейсіз ғой?
- Музыканың дүниеге келуіне – өнерпаздың жас ерекшелігінің қатысы бар. Жас кезде өмір қызылды-жасылды болып құбылып көзді арбайды. «Қасына сұлулардың көп жантайдық» деп өзі айтқандай, жастық шақтың қамсыз, мұңсыз қызықтарын армансыз кешкен Біржан салдың жас шағында шығарған әндерінің барлығы дерлік сыршыл лирикаға меймілдеп, ғашықтық сезімдерге шүпілдеп тұрады. «Ақтентектің әні», «Буырылтай», «Керкекіл», «Ләйлім шырақ», «Қаламқас» т.б. басқа әндері осының айғағы. Біржан сал орта жасқа келгенде әлеуметтік әндерге бой ұрады. Өйткені ол кезде қазақ даласына қарашекпендер қаптай бастады, орыс билігі біржола бекіп, қазақ бұрынғы еркін өмірінен толық айырылды. Бұрын Біржанды ән салуға қолқалап, әзер көндіретін болыс билер, енді салға бұйыра сөйлеп, дікілдейтінді шығарды. Мәселен, Жанбота болыс Біржанды генерал-губернатордың құрметіне ән айтасың деп шақырып алады. Сиезге арнайы үй тіккен Азнабай болыс та Біржанның әнімен өз салтанатын асырғысы келіп, Біржанға поштабайын жұмсайды. Мысалы, қазіргі үлкен әншіміз Қайрат Байбосыновқа «ән айтқызамын, алып кел» деп облыс әкімі милиция жіберсе қандай болар едік? Әрине, масқара емес пе! Біржан салдың басындағы да осы кеп. Назаланған Біржан сал бармаймын дейді. «Жүр-жүрдің» астына алған поштабай салдың домбырасына жармасады, тіпті болмаған соң Біржанға қарай қамшысын бір-екі рет сілтеп те қалады. Өмірінде ешкім бетіне жел болып тиіп көрмеген әнші қатты намыстанады. Поштабайдың қамшы cілтегеніне қатты назаланған Біржан сал «Жанбота» әнін шығарады. Біраз уақыт өткен соң, поштабайдан көрген қорлығын Жанботаға мұң ғып шаққан «Адасқақ» деген әні дүниеге келеді. Қазіргі жұртшылық поштабай Біржан салды оңдырмай сабағандай көреді. Бірақ, шындығында олай емес. Бар болғаны «жүр, енді» деп домбырасына жармасып, Біржан көнбеген соң, қамшысын салға қарай бір-екі сілтеп қалған. Бар оқиға – осы. Бірақ мұның өзі: «Басынан дұшпан сөзін асырмайтын, басынан дұшпан сөзін асып кетсе, патшаға да бас ұрмайтын» Біржан салға сұмдық қорлық еді. Осы оқиғадан кейін Біржан сал қатты торығады. Ұзақ жылдар бойы ес жия алмай, өмірден түңілгендей, баз кешеді. Сезімтал сері – салдық дәуірдің базары тарқағанын сезеді, баяғы қазақтың сақараны ен жайлаған еркін өмірінің келмеске кеткенін ұғады. Тіпті, осы күй Біржан салдың өмірінің соңына дейін созылды десек, еш қателеспейміз. «Қамшымен топ ішінде ұрып еді, Намыстан о, дариға-ай өлгенім жоқ», – деп еске алып, күйінеді сал. Ақыры күйік үстіне күйік жамаған Біржан сал құсадан өледі. Оған Біржанның өмірінің соңында шығарған «Айбозым», «Теміртас», «Біржан сал» әндері дәлел. Бұл шығармалардың барлығы тұнған трагедия, ашық-жарқын көңіл-күйлі әндерді Біржан сал өмірінің соңында емге іздеп таба алмайсыз.
- Біржан әндерінің құндылығы, идеялық-көркемдік мазмұны мен тереңдігі жағынан алар орыны қандай?
- Біржанға Құдайым ғажайып талант берді. Біржан сал әндері – өте терең, әрі биік және соншалықты кең, ауқымды болып келеді. Әрине, Ақан серінің сұлулықты сезінуі, өмірді түйсінуі, дүниеге қөзқарасы Біржаннан гөрі тереңірек, әйтсе де, музыкалық алуан сипаттылығы, құрылым күрделілігі жағынанан Біржан салға ешбір композитор жетпек емес. Бұл жағынан ол неміс композиторы И.Бахқа ұқсайды. Сондықтан Ақан сері өзінен он жас үлкендігі ғана бар Біржанды ұстаз тұтты, өле өлгенше сыйлап өтті. Осы орайда, бір ғана мысал айтсақ жеткілікті ме, деймін. Мысалы қазақ музыкасында «Желдірме» дәстүрі бар. Осы дәстүрді классикалық деңгейге көтерген Иса Байзақов, ал, марқұм Ермек Серкебаев Исаның бұл «Желдірмесін» әлемдік музыка өнерінің табысы дерліктей биікке көтерді дер едім. Кейін осы «Желдірменің» түбін ақтарғанда керекулік әнші Құдайберген Әлсейітовтың «Желдірмесіне» тірелдім. Осылайша, «Желдірме» дәстүрінің бастауында Исаның ұстазы Құдайберген ақын талассыз тұрғандай болған. Алайда, кейін бажайлай қараған кезде, барлық «желдірмелердің» арғы түбінде Біржан салдың атақты «Ақсеркеш» әні жатқанына көзім жетті.
-Біржан әндерінің тізіміне кірмей қалып жататын А. Затаевич жазды деген «Біржан сал» әні қалай жазылған?
-Бұл – Біржанның өлер алдында шығарған әні. Біржан сал өмірінің соңында түсініксіз ауруға ұшырайды. Ел ішінің ескі әңгімелеріне сенсек, бұл дерт Біржанға Сарамен айтысып келген соң жабысқан. Біреулер жәрмеңкеден ауырып қайтты дейді. Әйтеуір Біржанның шалықтап ауырғаны шындық. Ахмет Жұбанов үш жыл ауырды дейді, меніңше бір жыл ғана ауырып қайтыс болған.
- Бізге Біржан салдың қанша әні жеткен? Айтып өтсеңіз.
- Біржан салдың түрлі варианттармен есептегенде алпыстан астам әні жеткен. Қазір сол әндердің әрі кетсе, жиырма шақтысы ғана айтылады. Қалғандарына тісіміз батпай жатыр. Біржан сал әндері даланың асау тарпаңы сияқты – көрінгенге жалынан ұстатпайды. Оның үстіне уақыт өткен сайын ұлтымыз өзінің қазақы болмысынан алыстап барады. Ал, Біржан сал әндерін тыңдау үшін өре керек. Жастайынан есті әндерге мұрнын шүйіріп, арзан эстрада мен шетел асып келген тобырлық музыкаға селкілдеп билеп өскен адамда қайдағы өре! Сондықтан, ендігі ұрпақ үшін Біржан сал дәуірінің музыкасын ұғу, түсіну, меңгеру қиынға соға бермек. Түбінде Біржан сал негізін салған қазақтың классикалық ән өнері таңдаулылар ғана түсінетін элитарлық өнер болып қалатын шығар.
- Абай ауылына баруы жайлы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолында» көркем шығармаға тән еркін ойлармен суреттелетіні бар ғой. Яғни, қазақ композиторлары арасындағы шығармашылық байланыстың көрініс табуы десек болады ғой?
- Біржанның Абай ауылына келуі – 1875 жылдың шамасы, ел жайлауға көше қоймаған жазғытұрғы уақыт екен. Қар әлі толық кетпеген – алақаншық кез болғандықтан, Абай Біржанды ауасы тар қыстау үйге түсірмеймін деп, биік, құрғақ дөңге киіз үй тігіп қарсы алыпты. Біржан сал осы сапарында Абаймен армансыз сырласып қайтады. Бұл сұхбат салдың шығармашылығына да әсер етті. Соның айғағындай, композитор «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абайдың өлеңіне екі ән шығарды.
- Біржан әндерін бізге жеткізген кімдер?
- Негізгі жеткізуші ретінде Қосымжан Бабақовты айтар едім. Бұл кісі Арқа әндерінің қоймасы еді. Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Темірболат Арғынбаевтар Біржан әндерінің шебер орындаушылары болды. Десек те, Біржан сал әндеріне академиялық көрік берген Жүсіпбек Елебеков. Ал Біржан әндерінің салтанатын асырған сөзсіз Қайрат Байбосынов. Қайрат Байбосынов өзінің қайталанбас дарын қуатымен Біржан әндерін қайта түлетті. Мәселен, «Айбозым», «Он екі взвод», «Ақтентектің әні», «Жан баспас», «Ақ серкеш», «Он саусақ» әндерін рухани айналымға қайта қосқан Қайрат ағамыз екенін айтуға тиіспіз. Бұл орайда музыка зерттеуші Илья Жақанов ағамыздың еңбегі зор. Ол кісі Біржан салдың жоғалдыға саналған көптеген әндерін ел ішінен іздеп тауып, үйірге қайта қосты.
- Естеліктерге қарап отырсам, көз көрген, құлақ естігендердің айтуынша Біржан салдың дауысының зорлығы сондай, он-он бес шақырымға дейін еркін жеткен екен. Бұның әлде бір құпиясы бар ма, әлде қандай құдыреттің күші?
- Осыны мен арнайы зерттеп көрдім. Сонда неге көзім жетті дейсіз ғой. Мысалы, Біржан салдың белгісіз себептермен бізге жетпеген қозыкөш жерден естілетін «Қозыкөш» деген әні болған. Қозыкөш жер деген шамамен 10 – 15 шақырым қашықтық. Осы аңыздың шындығына көз жеткізу үшін Біржан сал ғұмыр кешкен Көкшетауға әлденеше рет сапар шектім. Сондай сапарларымның бірінде Степняк деген жерде Мұса деген зиялы қартқа жолықтым. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы, дүние асты-үстіне түсіп, ел ішінің жүдеу тартқан шағы еді. Мың болғыр Мұса қартпен әңгімеміз жараса кетті. «Қозыкөш» жайын сұрағанымда, ол мені сөзге келместен Біржан салдың «Бұзау төбесі» деген төбешікке алып барды. Біржан сол ел орынға отыра берген шақта әлгі төбеге шығып алып, кешкі салқынмен ән салады екен. Сонда салдың асқақ үні төбе айнала отырған ауылдарға тегіс естіледі екен. Мен қызық үшін, бір жағы, әрине, дәлел үшін сол төбенің басынан бұл күнде жұрты ғана қалған әлгі ауылдарға дейін ара қашықтықты машина спидометрімен өлшеп көрдім. Сонда сенесіз бе – 14-16 шақырым болып шықты!
- Біржанның дауысының осыншалық зор болуының себебі не?
-Әрине ең алдымен табиғи әншілік, Тәңір берген әншілік алапат қуатта, сосын ән салу өнерінің биігін, бүгінгі тілмен айтқанда вокалды меңгеруде жатыр. Сосын, бұл адамдар табиғатпен үйлесілімділікте, жарасымдыққа өмір сүрді. Даусының алысқа жетуіне атмосфералық ауа ағындарын пайдаланды. Бұл енді тылсым әңгімелер, жұртшылық мұндай құбылыстарға бәрібір сенбейді біреулерге күлкі тудыруы мүмкін. Әрі қарай айтпай-ақ қояйын. Құпия болып қалсын...
- Біржан салдың өміріндегі елеулі оқиғаның бірі – ақын Сарамен айтысуы. Бұл турасында Сәбит Мұқанов «тарихта болған айтыс» деп арнайы очерк те жазды. Біреулер Біржанның Сарамен айтысуы ақынның ойдан шығарған туындысы деп жүр. Анығы қалай?
- Біржан салдың Сарамен айтысқаны рас. Бірақ біз оның әуелдегі түпнұсқасының қандай болғанын біле алмаймыз. Себебі біз білетін нұсқаға Әріп ақынның қолы тиген. Жазушы Сәбит Мұқановтың: «Сараны Біржаның іздеп баруы анық. Біржанның Нұржан дейтін ағасының баласы Ахметжанды мен қартайған шағында көрдім. Ахметжан «мен Біржанға атқосшы болып барып ем, Сараны көрдім, айтысқаны рас» деп маған айтысты көзімен көргенін айтты» деп куәлік бере, жазғаны бар. Өз басым Сараның «Үшкәукен» деген жердегі бейітіне, сондай-ақ, Қапалдағы музейіне де бірнеше рет бардым. Маған әсіресе, Сараның музейі қатты әсер етті. Музейді Сараның аруағы мекендейтін сияқты... Ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық, бірақ, бір мұңлы сарын есіп тұрғандай болады. Жергілікті есті азаматтармен әңгімелескенде олар да бір ауыздан айтыстың болғанына құшақ-құшақ дәлелдер келтіреді. Бір ғажабы, қапалдықтар айтыс өткен – «Тоғыз құмалақ» деген жерді әлі күнге дейін ұмытпаған. Біздің халық дана ғой, ондай ұлы оқиға өткен қасиетті жерлерді ешқашан жадынан шығармайды, қастерлеп сақтап, басына ақтық байлап жүреді. Мәселен, Ерейментаудағы Құлагердің жығылған жерін халық бертінге дейін қастерлеп, ұмытпай келді. Бір атақты үйсін мергенінін Жетісуда генерал Черняевты садақпен жарты шақырымнан дәлдеп атқан төбешікті де күні кешеге дейін қазақ қарттарының ұмытпағанын білеміз. Кейінгі орыстанған, бүгінгі әсіредіншілденген дәуірде осының бәрінен айырылып қалып отырмыз. Бұл да бір ұлтымыздың ұлы қасіреті. Бірді айтып, бірге кетеміз.. Сөйтсек кейінгі жылдары қапалдықтар айтыс өткен Ешкіөлмес тауының етегіне үлкен ескерткіш белгі орнатыпты. Басына «Бұл жерде Біржан – Сара айтысы өткен» деп жазып та қойыпты. Айтыс түгілі, оның өткен орнына дейін жергілікті жұрт белгі қойып, қастер тұтып отырса, айтысты болмады деп қалай айтамыз. Бірақ, бір анықталмай тұрған жайт – айтыстың дәл қай жылы өткендігі. Бұлдыр-бұлдыр оқиғаларды аршып көрсек – Біржан мен Сараның айтысы 1895 жылы өткендігіне көзіміз жеткендей болады. Ал, айтыстың өтуіне себепкер болған Әріп ақын сияқты. Осы жерде неге Әріп деген заңды сұрақ туындайды. Себебі Әріп Сараға ғашық болған. Бұны растайтын көптеген деректер де бар. Әріптің Сараға ғашық болғандығы, бірақ Әріпті Сараның сүймегендігі турасында Мәшһүр Жүсіп те жазып кеткен. Кезіне бұл айтыс жайлы Мұхтар Әуезов былай деген еді: «Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ, болса сақталмай қалып қойған, бұл айтысты шығарушысы Әріп ақын деген пікірлер бар. Бұл – қате пікір. Анығында, Біржан –Сара айтысы болған. Бірақ, дәл қалпында, толық күйінде алғашқы айтысқан қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз редакциясымен айтып беруші –Сара болады». Міне, көрдіңіз бе, халқымыздың ұлы перзенті, жазушы Мұхтар Әуезов те айтыстың болғанын, бірақ түп нұсқасының түгел сақталмай қалғанын анық айтып отыр. Ал енді, бізге жеткен нұсқаға сөзсіз Әріптің қатысы бар. Өйткені, аталған айтысты алғаш хатқа түсіруші және 1898 жылы тұңғыш рет Қазан баспасынан шығартушы да – Әріп. Әрине, Әріптің Біржан – Сара айтысына қосқан үлесі орасан зор. Әріп жеткізген бұл айтыста басқа айтыстарда кездесе қоймайтын терең көркемдік сипат және өте күшті әлеуметтік шиеленістер бар. Расында да, айтыстың өн бойына желі боп тартылған әлеуметтік сипаттағы қайшылықтар мен ру аралық тартыстарды, сондай–ақ қазақтың сол замандағы көптеген тұлғаларының есімдерін Әріптің өзі қосқан деген болжам шындыққа жанасады. Себебі қазақ арасындағы әлеуметтік мәселелерді қозғауға, атақты адамдар туралы көшелі пікір айтуға Сара ол кезде тым жас еді. Мысалы:
Ант ұрған аты құрсын Абай деген,
Жылатты мұсылманды талай неден.
Болғанда қасиетті жақсы кісі,
Қасқырдай өз күшігін қалай жеген, –
деген ащы, улы сөздерді он жеті жасына дейін Қапалдың айналасына ұзап шығып ел көрмеген, жер көрмеген жас Сара айта алмаса керек-ті. Сондықтан айтысқа – Абайдың, сүйектері әлдеқашан қурап қалған аға сұлтандар – Жамантай, Құсбек, Барақ төрелердің, тағы басқа Арқаның ардақты ел ағаларының есімдерінің сыналап кіргізілуі – Әріптің ісі болса керек. Бір қызығы, мұнда Есімбек пен Тұрысбектен басқа матай елінің мықтыларының аты-жөндері атала қоймайды. Керісінше, Қапалдан алыс – Семей өңірін жайлайтын сыбан руының жақсысы мен жайсаңдарының есімдері айтыста молынан кездеседі. Әріптің өзі де – Сыбан. Матай ішін өз сыбанындай жақсы білмеген Әріптің найманның тәуірлерін дәріптеуге келгенде негізінен сыбанның жақсыларына «жүгінуінде» осындай сыр жатса керек. Ақыры Біржанның ащы тілі шымбайына батқан матайдың Тұрысбек бастаған игі жақсылары өзара кеңесе келе, Сараның ғазиз басын Жиенқұлдай қортық күйеуден азат етеді. Алайда, бұдан Сараның бағы ашылып, жұлдызы жанып кетпейді. Сара бірнеше жыл күйеуге шықпай, оң жақта отырып қалады. Соңына үйленем деп шырақ алып түскен, өзіне қаншама жақсылық жасаған Әріпке де иілмейді. Өйткені Сараның кішкентайдан бірге өскен өз сүйгені бар еді. Күсембай деген бұл жігіт те Сараны құлай сүйгенге ұқсайды. Бірақ, қалың беріп алуға Күсембайдың шамасы келмейді. Сөйтіп жүргенде Сара Бекбай дегенге тиеді. Бекбай Сараның ел ішіндегі Күсембаймен болған өсектерін бетіне баспай, қайта Сара өнерін өрісті етпекке тырысып, ақынға қамқорлық жасайды. Сара Бекбайдан төрт құрсақ көтереді. Бірақ, үш баласы жастай өледі. Әсіресе, азамат болып қалған жалғыз ұлының аттан жығылып өлуі – Сараға қатты батады. Жастайынан жетімдік тақсыретін көп тартқан, жоқшылық пен кедейшіліктен көз ашпаған, сүйгеніне қосыла алмаған, бірақ Тәңірі өлшеусіз өнер берген құсалы ақын өмірінің соңғы жылдарында өкпе дертіне шалдығады. Ақыры, ауруынан айыға алмаған Сара ақын 1916 жылы 38 жасында қайтыс болады.
-Біржан салдың бейнесі артында қалмағаны белгілі. Суретші Әбілхан Қастеев қандай негізге сүйеніп, Біржан салдың портреттік бейнесін салып шыққан?
-Өздеріңіз білесіздер, Әбілхан Қастеев халқымыздың көптеген аяулы тұлғаларының портеттерін салды. Соның бірі – әйгілі Балуан Шолақтың бейнесі. Сол суретті Балуан Шолақтың туған қызы: «Міне, мынау менің әкемнің нағыз өзі» дегенше сала берген көрінеді. Амангелді Имановтың да суретін салу үшін де екі мыңға дейін эскиз жасаған. Біржан сал бейнесін дүниеге келтіру де Ә.Қастеевтің зор ыждаһатты еңбегінің нәтижесі. Суретші көп ізденіп, Біржан сал өмірін зерттеуші Қарта Қаңтарбаевпен көп кеңескен. Ол кісіден Біржан салдың үлкен ұлы Теміртас пен кенжесі Қалкеннің 1924-жылы түскен фотосуреттерін алып, үңіле зерттеді. Суретші «Үш жүзді әнмен қырған» салдың бейнесін сомдаған кезде оның кенже баласы Қалкеннің фотосуретіне жүгінді. Өйткені Біржан салды көзі көрген қариялар Қалкенді көргенде: «Апырым-ай, салдың аузынан түсіп қалған, дене бітісі, бет ажары, қасы мен қабағы, ерні мұрны, сақал-мұрты нағыз салдың өзі» десіп аңыз қылысатынын Қарта ақсақалдан естіп білді. Сондай-ақ, Қ. Қаңтарбаев суретшіге Біржан – Сара айтысын көзімен көрген Ахмет деген ақынның Біржанды суреттеген өлеңін тауып береді. Ол жыр жолдары мынау еді:
Бұларға таңдана жұрт қарап тұрды,
Біржанға жас Сараны балап тұрды.
Кәмшәт бөрік, көкторғын шапан киген
Бұларға Біржан тұрып қарсы жүрді.
Міне, Біржанның сырт киімі портретте осылайша көрініс тапқан. Бірақ, қазір біздің қолымызда Жаяу Мұса мен Біржан салдың қатар отырып түскен бір суреті бар. Мұны кезінде Ресей мұрағаттарынан атақты ғалым Әлкей Марғұланның тапқаны белгілі. Алайда, ол фотодағы Біржан сал бейнесі Әбілхан Қастеевтің салған суретіне мүлдем ұқсамайды. Осылайша, Біржанның нағыз бейнесіне анық көзіміз жетпей отырған жайымыз бар.
- Әңгімемізді қорытындыласақ, ардақты атамыз Біржанның сүйегі жатқан торқалы топырақ дәл қай жерде?
- Біржанның түбіне жеткен біріншіден ауруы, екіншіден надандық. Олай дейтін себебім, басы ауырып, есі кіресілі шығасылы болып жатқан Біржанды емдетуге ағалары молдаларды шақыртады. Өнерпаз бен молда ежелден бір-біріне өш болып келеді, қас болып келеді. Қолына Біржандай саңлақтың өзі түскен соң аясын ба, надан молда «салды жын иектеген» деп тауып, бойындағы жын-шайтандарды аластату үшін Біржанды қамшының астына алады. Қамшы жанына батқан, молданың сабағанына қатты қорланған өзінің жынды еместігін айтып, ағайындарына жалынады. Бірақ, оған құлақ асқан ешкім бола қоймайды. Ақыры Біржан сал кендір арқан қиған қол аяғы іріңдеп аянышты жағдайда өмірден өтеді. Ахмет Жұбановтың жазуы бойынша, Біржан сал гангренадан өледі. Осы орайда Біржанның бейіті жөнінде бірер сөз. Мен Біржанның жерленген жерін жергілікті азаматтардың көрсетуімен барып көрдім. Біржанның сүйегі бір елеусіз алаңқайда осы күнге дейін қараусыз жатыр. Жергілікті қариялардың сөзіне сүйенсек, қырдың үстінде тұрған осы күнгі Біржан бейітінде салдың сүйегі жоқ. Кеңес заманында бұл ескерткіш жоғарыдан келген пәрмен бойынша өтірік қойылған. Қазір Біржан салдың нақты қай жерде жерленгенін білетін екі-үш –ақ адам қалды. Ол кісілердің сөзіне Кеңес заманында құлақ аспаған, қазір де ешкім елемейді. Өз басым да БАҚ арқылы бұл мәселені бірнеше рет көтеріп көрдім, бір-ақ бәрі тым-тырыс, сенгісі де келмейді, назар аудармайды. «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға» деп Біржан өзі айтқандай, Қожағұл өз заманының мықтыларының бірі болған. Көкшетауға барғанымда Қожағұлдың жайлаған жұртын көрдім, атақты «Қожағұл бұлағын» іздеп таптым. Өкініштісі, бұлақтың орнын ғана сипап қалдым. Қастан шықпағыр әлдекімдер, бұлақты бульдозермен айғыздап, түгін қалдырмай күреп тастапты. Сондай сұмдықтың куәсі болдым. Осыдан артық надандық, осыдан артық қаныпезерлік бола ма?! Біржан дүниеден өткелі бір ғасырдан асса да ұлы композиторға лайықты құрмет көрсете алмай келеміз. Қайта бейітін таптап, бұлағын ойрандап жатырмыз. Дәтке қуат, әйтеуір «Біржан сал» фильмі түсіріліп халқымыз сол арқылы салдың өмірі мен шығармашылығын біршама танып қалды. Бұл да болса – үлкен еңбек. Біз қазір Біржан сал, Құрманғазы бастаған алыптарымызды насихаттай алмай келеміз. Қазақ мәдениеті – ән өнерінің негізін салушылар – Біржан сал мен Мұхитқа, күй өнерінің ірге тасын қалаған Құрманғазыға мен Тәттімбет сияқты алыптарға қарыздар. Халқымыздың бұл ұлы перзентері – әлемдік деңгейдегі ұлы композиторлар дер едім. Біржан сияқты ұлыларымыздың қадіріне жетсек, оларды әлемдік деңгейде насихаттай алсақ, қазақ қор болмайды. Өйткені Біржан сал әлемдік музыка алыптарымен қатар тұрған тұлға. Оған ешқандай күмән болмауы керек.
-Әңгімеңізге көп рахмет!