ҚАЙРАН, МЕНІҢ НҰРЕКЕМ!

МУЗЫКА
4243

«Ол – әуелі композитор. Дүниеге қазақтың көзімен қарап, қазақша ойлайтын және сол үнде жазатын композитор. Екіншіден, ол – дәулескер күйші. Оның қолдары буынсыз бишідей, домбыра пернелерін қуалап, қос ішегін ілген сайын жүректің нәзік қылдары мың сан сезімге оранады. Өз шығармасына  қалай талғаммен қараса, өзгенің күйлеріне сондай сергек қарайды. Алалау жоқ. Өнерге адал. Үшіншіден, ол – асқан дирижер. Осы өнері үшін де ол КСРО Халық артисі атағын алды».

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бұл – қазақтың біртуар перзенті, қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтің әйгілі Нұрғиса Тілендиевке беріп кеткен бағасы. Бұдан асырып біз не айта алармыз?! Нұрғисадай күй атасы туралы ол кісімен иықтаса бірге жүрген замандас-әріптестері, іні-қарындастары, қабырғалы ақын-жазушылар да талай кітап, эссе, ма­қала, сұхбат, өлең-поэмалар да жазып тастаған. Шығармаларын еліміздің атақты бұлбұлдары, күміс көмей әншілері орындаған, қазіргі жас буын да орындап жүр.

Ал біз бүгін Нұрғиса Тілендиевтің жары – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, актриса Дариға Тілендікеліні мен қызы – Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлы-этно­гра­фиялық оркестрінің көркемдік жетек­шісі – бас дирижері Дінзухра Тілен­диевамен болған отбасылық сыр-сұхбатымызды ұсынамыз.

І. Куә бол, жұлдыз  

(Дариға апаймен болған әңгіме)

– Дариға апай, оқырман­дары­мыздың тағы бір есіне салып қояйық, Нұрғиса ағамызбен қалай танысып едіңіз?

– Шәкен Айманов «Қазақфильм» киностудиясынан екіжылдық актер­лық студия ашып, сонда емтиханмен қабылданып, оқып жүрген кезім. Сабақ кешке. Күндіз киностудияның өндірістік бөлімінен жұмыс табыла кетіп, сонда істеп жүргенмін. Әке-шешеге салмақ салмайық деген ой ғой баяғы. Режиссер Абдолла Қарсақ­баевтың Үшқоңыр жайлауында «Менің атым Қожаны» түсіріп жатқан кезі. Ол кісі үнемі асығып-үсігіп жүретін, бір күні кіріп келді.

– Айналайын, қарындасым, ма­ши­на бар ма? Композиторды жай­лауға, съемка болып жатқан жерге алып баруым керек еді, – деді асығыс сөйлеп. Соңынан ілесі тағы бір кісі көрінді. Құлағы қалқиған. Ол да ты­пыршып тұр екен. Мен дереу алдым­дағы қай көлік қайда жіберілді, қайсысы бос тұр, соның бәрі жазы­лып тұратын дәптерге үңіле кеттім.

– Қарындасыңның аты кім екен? – деді екінші кірген кісі. Абдолла аға жуық арада үндей қоймаған соң, үлкен кісіге жауап бермеу ұят сияқты болып көрінді де:

– Д-Д-дариға, – деп күмілжіңкіреп қалдым жүзіне қарай беріп, ол кісінің көзқарасынан мен соншалықты бір жылылықты, аялай қараған сезімді байқап едім. Қысылып кетіп, қайтадан дәптеріме үңілдім. Сосын бос тұрған тағы бір «УАЗ» көлігінің бар екенін айтып, нөмірін қайталадым. Ол тұста «УАЗ дегеніңіз қазіргі «Джиптермен» пара-пар ғой.

Әлгі құлағы қалқиған кісі:

– Қарындастың аты да, өзі әдемі екен, – деді де, екеуі де асығыс шығып кетті. Бұл – Нұрағаң болатын. 1967 жыл. Менен сол кезде 21 жас үлкен, қырықтың ішіндегі қылшылдап тұрған кезі еді.

Кейін киностудияда жиі-жиі жүздесіп қала бердік. Жұмыс шаш-етектен, арлы-берлі жүгіріп жүреміз. Қыздар болып түскі асқа барамыз, кезекте тұрып қаламыз дегендей, сонда сәттері сұлу қарындасым деп, ылғи қалжыңдап, күліп, көңілді жү­ретін. Сөйтіп араласа бастадық.

Бір күні Балтық жағалауы ел­дерінен бір топ кино қайраткерлері келетін болып, меймандарға арнап киіз үй тігу, дастарқан жаю, қымыз әкелу, бір сөзбен айтқанда, күту мін­деті әдеттегідей біздің өндірістік бө­лімге жүктелді. Камал Смайылов, Қал­тай Мұхаметжанов, Абдолла Қарсақбаев, Тұрар Дүйсебаев, Әкім Тарази, Олжас Сүлейменов сынды кілең сақа жігіттер Есентай өзенінің Медеудің жоғарғы жағындағы саға­сына бірнеше киіз үй тіктіріп, шетел­дік қонақтарды сонда күтті. Кеште Нұраға «Аққу», «Арман» күйлерін төгілткенде, шетелдік қонақтар тұр­мақ, өзіміз де аузымызды ашып қалдық. «Осыншама кішкентай ғана аспаптан осындай әуезді үндер қалай шығып жатыр!»  деп таңданды шетел­дік меймандар. Сонда Камал ағаның да риясыз қуана қол соққаны есімде жатталып қалыпты.

Қонақтар бір-бір көлікке мініп алып, қайтар жолға түсті. Бәрі тара­ды. Киіз үйге, ішінде қалған бұйым­дарға ертеңге дейін жауапты болып күзетші ата екеуміз қалдық.  Бір уақыт­та қарасам, Нұрағам тұр. «Біз көлікке симай қалдық», – деді. «Қап! Аға, машина келе ме ен­ді?», – деп кәдімгідей алаңдап қоя­мын. Түн болды. Машина келген жоқ. Сонда барып сездім, Нұрғаңның мен үшін қалып қойғанын. Сол түні әйгілі «Куә бол» әні туды.

Қарағайлармен көмкерілген тау етегі. Ай сүттей аппақ. Аспандағы жұлдызда сан жоқ, әрқайсы бір-бір гауһардай жылт-жылт етеді. Саф ауа. Өзім дәу тастың үстінде отырмын. Нұрағаң бір орнында тұра алмай,  арлы-берлі тыным таппай тыпыршып жүр. «Ла, ла-ла, лала-ла» деп бір әуенді ыңылдай дауыстап, аспан жаққа қарап қояды. Сосын: «Куә бол, жұлдыз! Куә бол, айым! Куә бол, Ала­тауым!», – деді де, мен жаққа бұрылды. Тағы да ыңылдап кетті де, «Куә бол, жұлдыз! Куә бол, айым! Куә бол, Алатауым!», – деп  қайтадан маған қарады. Қуанып тұр. Жаңа ән туғанына риясыз қуанып тұр.

– Қарындасым, мен бұл әнді өзіңе арнаймын! – деді сосын. Әрине, менің де қуанышымда шек болмады.

Мен мектепте оқып жүргенде дом­быра тартатынмын, баянға қосы­лып ән салатынмын. Ол тұста Әбіл­ахат Есбаевтың, Шәмші Қал­дая­қовтың, Нұрғиса Тілендиевтің әндері өте танымал болатын. Нұрағаның «Кең далам» деген әнін баянға қо­сылып орындап жүргенмін.  «Жан сәу­лемі» қандай керемет! Оған дау­сым жетпесе де, құмартып орын­даушы едім. Сол кезде-ақ бұл кісінің әндері жүрегімді баурап алған-ды. Ал кейін осындай ұлы адамның маған ән арнайтынын кім білген. Сондықтан мен бұл кісіге үлкен сезіммен келдім.

 – Нұрғиса Тілендиевтей бірегей тұлғамен ғұмыр кешкен өміріңізде ол кісіден не үйрендіңіз, не түйдіңіз?

– Ол кісі мені көп тәрбиеледі, мен Нұр­ағадан көп нәрсе үйрендім. Әйел болып ол кісінің алдында ешқашан қатты, тура қараған жерім жоқ. Жаны ерекше нәзік еді. Ойындағысын ешқашан бүгіп қалмайтын, тарс еткізіп айта салатын. Алғашқы қосыл­ған жылдары маған өте қиын болды. Нұр­ағаң мені қатты қызғанып қалушы еді. Міне­зі бірде көл, бірде шөл. Ондайда қарсы бір сөз де айтпастан, жанарымды төмен салып жүре беруші едім. Ол кісі жоқта үйде жылап алатын кездерім де болған. «Дақа, үндеме! Дыбыс шығарушы болма. Бұл кісіге қарсы шығуға болмайды. Ол – ұлы адам! Шығармашылық адамы», – деп өз-өзімді іштей ұстамдылыққа, төзімділікке, сабырлылыққа тәрбиелеумен болдым.

Мені «Дах» деп атап шақырса, бұл көңілді сәті, ептеп еркінсуге болады деген сөз. Ал біреулердің көзінше көбіне «Дақа» деп атайтын. Ешқашан атыммен Дариға демейтін.

Нұрағаң – киноға да, деректі  фильмге де, оркестрге де, тіпті, театр спектакльдеріне де музыка жазған бірегей тұлға ғой. Түнгі сағат 12.00-де барлық трамвай тоқтайды. Сар­тылдаған дыбыстар басылады. Түн тыныш­тығы орнайды. Алматы қалың ұйқыға кетеді. Кішкентай термосым бар, соған шәй құйып, бір сүлгімді салып алып, мен де Нұрағаңа еріп бірге шығамын кино­сту­дияға. Түнімен отырып музыка жазады. Әбден пора-порасы шығып терлейді. Терін сүртіп отырамын. Киімдерін құрғақ киімге ауыстырамын. Шәйін беремін. Таңғы 5-те алғашқы трамвай қозғала бастайды. Сол кезде біз де жиналып, үйге қайтамыз.

– Қалай ойлайсыз, қазіргі шығарма­шылық адамдарында сондай жанкештілік, өнерге адалдық бар ма?

– Қазір, жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билеп кетті. Адамдардың ойлайты­ны тек ақша. Нұрағаң сияқтылар «егер мен мына фильмге немесе спектакльге мына музыканы жазып шықсам, қанша ақша берер екен» дегенді ешқашан ойлаған емес. Ақша туралы мүлдем сөз болмайтын. Олар тек шығарманы жоғары деңгейде, сәтті жазып тастауды ғана ойлайтын, соған жан-тәнімен, басымен кіріп кететін. Сон­дықтан да олардың шығармалары өміршең болды.

– Мына бір суретіңізде неткен сұлу едіңіз, Дариға апай?!

– Сұлу да болдық, жылу да болдық. Кере­мет болдым деп асылық айтпай-ақ қояйын, бірақ Нұрағаның жанына жалау болып жүруге жарадық қой, Нұржамал айналайын!

– Қай қасиетін ерекше бағаладыңыз?

– Үлкенге де, кішіге де өте қамқор еді. Әкем­ді қатты сыйлады. Бірде: «Сіз ылғи аттың үстінде, желдің өтінде жүресіз ғой, беліңізге суық тиеді», – деп, үстіндегі қым­бат тонын сол жерде шешіп  беріп кеткен.

Сосын қызы дегенде, үстіне түсіп кете жаздайтын. Динараны бірінші класынан өзім тасыдым машинамен. «Дизулям аяғы тоңып, аялдамада автобус күтіп тұрып қалмауы керек. Сенің бірінші міндетің сол. Үйге уақытында келіп тамақ ішуі тиіс, қарны ашып қалмасын. Маған алаңдама, мені балаларым (оркестрдегі) алып келіп, алып кетеді». Нұрағаң осылай табыс­таған. Сол үшін арнайы жүргізушілер дайындай­тын курста оқып, куәлік алдым сосын.

– Қазір Динара өсті, енді оның өзі де көлік тізгіндеп жүр. Сіз ше, әлі жүргізесіз бе?

– Иә, жүргіземін. 40 жыл болыпты машина айдап жүргеніме. Дінзухра маши­на­сын жаңалады да, «Мерседесін» маған берді. Қазір соны тізгіндеп жүрмін.

Айтпақшы, көлік демекші, есіме түсіп отырғаны, алда-жалда Нұрағаң өзі отыра қалса көлікке, ылғи 120-мен жүретін, жаны­мызды шүберекке түйіп қойып отыра­тынбыз. Оқыс оқиғаларға ұшырап қала­тындай түрлі жағ­дайлар болды ғой өмірі­мізде, сонда ылғи айта­тынмын, «Алла­ның сүйген құлы ғой Нұрағаң» деп. Мили­ция талай мәрте ұстап алып, «Аға, ақырын жүрі­ңізші» дейтін жалынғандай болып. «Жарайды, балам!» – деп алады да, қайта­дан ұша жөнелетін. Қайран, Нұре­кем!

– «Қайран, Нұрекем!» демекші, сіз де бүгінде шығармашылықпен айналысып жүрген көрінесіз.  «Қайран, менің Нұрекем!» деген күйіңіз туралы әңгімелеп беріңізші?

– 2000 жылдың аяғы. Сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тас­ма­­­ғанбетов хабарласты. «Жеңге, айтылған мерзімде біз сізді күтеміз. Музейге Нұр­ағаның үлкен сахна­ларға киген смо­кингін, таяқшасын, домбыра­сын ала келуді (Ахмет Жұбанов берген «Дариға» домбы­расы емес) ұмытпаңыз», – деді. Сол кезде Атырау төрін­де  Нұрағаңның атында Кіші өнер академиясы ашылған болатын. Менің шашбауымды көтеріп Қаршыға Ахмедия­ров, Ақұштап Бақтыгереева, Илья Жақа­нов сынды қайраткерлер де барды. Бізді ұшақтан кілем жайып, алқызыл гүл шоқ­тарымен қарсы алды. Ал толқиын келіп, бұл Нұрағаның табаны талай тиген киелі жер ғой деп. Нұрағаң содан екі жыл бұрын ғана көз жұмған. Ол кісіге деген сағыныштың әлі де жүректі сыздатып, ауыртып жүрген шағы. Нұраға қайтқан кезде мен үшін жер төңкеріліп түскендей болған. Динара екеуіміз папасының музыкаларын қойып, бір-бірімізге ештеңе деместен, үнсіз отырып, ағыл-тегіл жылап алатынбыз.

Атырау сапарынан Алматыға, үйге аман-есен оралдық. Әлі ұмытпаймын, жел­тоқсанның 24-і болатын. Майгүл Қазтұр­ғанова екеуміз қонаққа баруға жиналып жатқанбыз. Мен бірінші киініп болып, Майгүлді күтіп отырмын. Диванда ылғи сүйеніп домбыра тұрады, үйге келген адам ұстағысы келсе, қолына алып шерте береді. Соны қолыма алып, тыңқылдата бастадым. Бір кезде домбыра ішектеріне әлдебір қоңыр әуен оратыла бергендей болды. Бір бай­қасам, жан-дүнием қотарыла қопары­лып барады екен. Тоқтай алмай­мын. Өзім ағыл-тегіл жылап отырмын.

Нота білмеймін. Майгүл нота білгені­мен, қағазға түсіре алмайды. Содан әлгі әуенді Динара сабақтан келгенше, төрт сағат бойына, ұмытып қалмайын деп тарта бердім, тарта бердім. Сол бойы қонаққа бармай қалдық. Динара келіп, сол «Қай­ран, менің Нұрекем!» атты тұңғыш күйімді нотаға түсіріп берді. Бұл күй қазір «Отырар сазы» оркестрінің репертуарында бар.

Содан бері шығармашылықпен, ән шығарумен айналысып келе жатырмын. Бүгінгі таңда үш жинақ шығардым. Енді жаңа әндерім енетін төртінші жинағымды дайындап жатырмын. Бірінші ән-жинағым «Қызғалдақ-дәурен» деп аталады, ішінде 163 ән бар. Екінші кітабым Нұрағаңның рухы­на арналған, «Мәңгілік елім» деп аталады, 83 әнім енген. Үшінші ән-жина­ғымда шығармаларымның партитурасы берілген, ол да «Мәңгілік елім» деп аталады. Бүгінде «Отырар сазының» репертуарында 30-дан астам шығармам орындалып жүр. Шүкір! 300-ге тарта шығармам бар екен, оның ішінде әндерім де, күйлерім де бар. Мен Мұқағалидың  100-ден астам өлеңіне ән жазып тастаппын. Тұманбай Молдаға­лиевтің, Төлеген Айбергеновтің, Қасым Аманжоловтың, Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне жазылған әндерім де біраз болып қалды. Бұл да бір Алла Тағаланың маған жіберген сыйы шығар.

Неге Мұқағали? Өйткені, жанымның іздегенін, жұбанышын көбіне осы ақыннан таптым. Мен өзі оптимист адаммын. Әнді ешқашан жабырқап отырып шығармай­мын. Нұрағаның өзі «Ән деген көңілді нотада шығуы керек, шаршап жүрген адам­дар сенің әніңді айтқанда, қуанып шыға келуі керек» деуші еді. Байқасаңыз, ол кісінің әндерінің бәрі көңілді. Ән ұйықтаған көңілді оятып та, жасанған өмірді де оятып сәндендіріп, әлдендіреді. Жабықсаң, қуат беретін де ән.

Осы алдымыздағы сәуірде «Отырар сазы» Нұрағаның туған күніне орайласты­рып үлкен концерт дайындап жатыр, сонда «Қайран, менің Нұрекем!» күйім орын­далады, сосын бір әнім айтылуы мүмкін. Болды. Нұрғисақызы одан көп бермейді маған (риясыз күлді). Динарам – әкесі сияқ­­ты өте шыншыл, таза бала. Мен, әрине, анасымын, сөзімді жерге тастағысы келмеуі мүмкін. Бірақ мен де өз орнымды білемін. Өйткені, ол – әкесінің мерей­тойына арналған кеш.

– Шын дарын жаспен өлшенбесе керек. Егер қателеспесек, Динараның да оқушы кезінде әкесіне арнап шығарған күйі бар емес пе?..

– Нұрағаң Динараға домбыраның тарту техникасын өзім үйретемін деп жүр­генде қайтыс болып кетті. Динараның осын­дағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған маман­дандырылған музыка мектеп-интернатында фортепиано класында оқып жүрген кезі.

Жаз. Тосап қайнатып тұрғанбыз. Бір кезде өз бөлмесінде отырған Динарам жүгі­ріп келді. «Мама, мен «Орындалмаған арман» деген күй шығардым, тыңдаңыз­шы», – деп, екі көзі бал-бұл жанып тұр екен. Бізге сол мезетте орындап берді. Тұнып тұрған сағыныш екен. Әкесіне деген сағыныш! Нұрағаның Динараға арнаған «Арман» деген күйі бар-тын. «Орындал­маған» деген сөз көңіліме ұнаңқырамады да: «Балам, «орындалмаған» емес, «Арман» деші бұл күйіңді»,  – дедім. Қызында да айтқа­нынан қайтпайтын әкесінің мінезі бар, «Жоқ, «Орындалмаған арман» болады», – деп отырып алды. Кезінде Нұрағаң домбыра тартуды өзім үйретем деп, сол бойы арман болып кеткен еді ғой, соны меңзеп тұрғаны. Осы күйді кейін «Отырар сазының» дом­бырашысы Ермұрат Үсенов нотасын түсі­ріп берді де, 2000 жылы Аста­нада Нұр­ағаны еске алу кешінде Динарам өз күйін тұңғыш рет үлкен сахнаға алып шықты.

– Динараны әкесі сияқты мінезі бар деп қалдыңыз, бүгінгідей қым-қуыт мына өмірде адамға мінез де керек сияқты. Әкесі іргесін қалап кеткен «Отырар сазы» сынды іргелі шығармашылық ұжымының тізгінін нәп-нәзік әйел затының небары 24 жасында ұстауы да сол мінездің арқасы болар, қалай ойлайсыз?

– Динара домбыраны да, форте­пиа­ноны да, пианиноны да жоғары деңгейде меңгеріп алды. Қолында ұстаздық етуіне болатын дипломы бар, шәкірттерге форте­пианодан сабақ беріп жүре беруіне болады. Бірақ ол оған қанағаттанбады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сына, бірден дирижерлыққа, Төлепберген Әбдірашовтың класынан түсті. Шыны керек, бұл қадамын құптай қоймадым. Тіпті, әкесінің көзі тірісінде де дирижерлық туралы әңгіме қозғалмаған. «Бұған дейін Қазақстанда әйел дирижер шыққан жоқ, балам, өнер жолы тым ауыр. Сен әлі жас­сың, тым жассың. Сені жеп қояды. Арқаң­ды сүйейтін әкең де жоқ, мен сені болса да қорғай алмаймын», – дедім. Тура Нұрағаң ғой мінезі, қайтпады. Және мақсатына жетті.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрамында төрт музы­калық ұжым бар. Соның ішінде Нұрағаң негізін қалаған «Отырар сазы» ұжымында да іштей алауыздық туып, жайсыздық орнап тұрған, кейбір музыканттарға қысым­­ жасалып жатқан шақ еді. Мен де сол ұжымда еңбек етіп жүрген болатынмын, концерт жүргізуші­сімін. Оркестрді Нұраға­ның көп шәкіртінің бірі – Жамағат Темір­ғалиев басқаратын. Динараны алыңыз деп бардым. Әрине, көп кедергілер болды. Бірақ жарты ставкаға алды Динараны.

Мемлекет қарауындағы оркестрдің айналасындағы көп әңгіменің шеті Үкімет басына да жеткен кез. Бір күні Алматыға төрт ұжымның шығармашылығымен (ішін­де «Отырар сазы» да бар) танысуға, тың­дауға сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келе жатыр деді. Оркестрдің сол кездегі әкімшісі, Нұрғаның адал шәкірттерінің бірі Ермек Әбілдаев: «біз осы концертте Динараны қалайда шыға­руымыз, дарынын көрсетуіміз керек», — деді бірден. Оркестр басшылығы Динараға: «Ата толғауын» орындайсың», – десе, ол: «Жоқ, мен «Махамбетпен» шығамын!», – деп отырып алған. Баяғы сол әкеден қалған мінез. Және сол мақсатына жетті де. Динара сол жолы «Отырар сазының» орын­дауындағы «Махамбет» күйіне әкесінің таяқшасымен дирижерлық етіп шықты. Және сәтті орындап шықты. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед орнынан атып тұрып, қол соқты.

– Жарайсың, Динара! Мен бұл оркестр жөнінде өте көп және ұзақ ойландым. Және нақты шешімге келдім. Бүгін Нұр­ағаның Динарадай баласының қанша­лықты өскенін көріп қуанып отырмын, музыкалық шеберлігіне тәнті болдым. Бүгіннен бастап «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Динара Тілендиева болады, – дегенде, өңім бе, түсім бе дегендей сілейіп тұрып қалып­пын. Сосын жылап жібердім. Кейін өзара әңгімелесіп отырмыз ғой. Сонда қызымның: «Мама, мен Мұхтар ағаның бірде-бір сөзін естіген жоқпын, мен «Махам­бетті» қалай шығардым екен, қате жіберіп алған жоқ па екенмін деген уайым­мен тұрыппын. Елдің ду қол соққанына қарап «жоғары деңгейде орындаған екенмін» деп мәз болдым ғой. Сөйтсем, сіздер мені бас дирижер етіп сайла­ғанға қуанып тұрыпсыздар», – дегені бар. Мен ойлаймын, сол кезде дирижерлық еткен Динарамның қолындағы таяқшамен бірге Нұрағаның рухы да бірге болған шығар деп.

Нұрағаның ауырып жүрген кезі. Дина­раны әдеттегідей сабаққа апара жатып міндетті түрде әкесіне, ауруханаға кіре кете­міз, бетінен сүйгізіп алып шығып, мектебіне кіргізіп жіберемін. Сабағы біткен кезде қайтадан әкесіне келеміз. Күнде солай. Мед­персоналдар Нұрағаңа ас мәзірін арнайы тапсырыспен дайындайтын. Үстел үсті толған тамақ. Өзі татып алмайды. Соны Динара жеп кетсін деп тапсырма береді маған. Бір күні: «Нұраға, мына тамақ­тар үйде де тұр ғой, Динараны күнде-күнде әкеле бермейінші. Мұндағы аспаз­дарға да оңай емес осынша тамақты әзір­леу, оның үстіне оларға да қаншама шы­ғын», – деп едім. «Мен Дизулямның тамақ ішкеніне қарап отыруым керек», – деп ұрысып тас­та­ды маған. Сөйтсем, қызымен бірге тамақ­танып отырғандай сезінеді екен-ау өзін.

Нұрағаның кеудесіне «Халық қаһарма­ны» жұлдызын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі әкеліп тақты. Сондағы палата, дәліз толған гүлді көрсеңіз. Еліміз­дің танымал тұлғалары, қоғам қайрат­керлері, өнер майталмандары, ақын-жазу­шылар, бәрі күнде кәрзеңке-кәрзеңке, құшақ-құшақ гүл әкеледі.

– Дақа, мына гүлдерден үйге де алып кетсеңші, – дейтін. Машинама салып алып кетем. Ертеңіне әлгі орын қайта толып кете­ді. Нұраға кеткелі қазір ол гүлдер де сиреді…

– Ендігі жерде құшағыңыз Динараңыз бен өзіңіз айтқандай, мұрны атасынан аумайтын кішкентай Даянаңыз сыйлап жүрер гүлдерге толып жүрсін, Дариға апай!

***

ІІ. Нұрғиса Тілендиевтің қызы

(Дінзухрамен өрілген сұхбат)

– Сіз Динарасыз ба, Дінзухрасыз ба? Мамаңыз Динара дейді, ал әкеңіз Дизуля деп еркелетіпті…

– Динарамын да, Дінзухрамын да. Дина­ра деп мамам, ал Дінзухра деп папам қойған. Дінмұхаммед Қонаев атамен біз жақын, көрші тұрдық. Әкем атамыздың және оның жары Зухра Шәріпқызының құрметіне, алдынан өтіп, рұқсатын алып, Дінзухра деп қойған. Иә, әкем мені өле-өлгенше Дизуля деп кетті.

– Димаш ата есіңізде ме, бала көңілі­ңізге қалай жатталып қалды?

– Иә, есімде. Димаш атаның «р» әрпін айта алмайтыны есімде. Өзімнен тоғыз жас үлкен марқұм Данияр ағам екеуміз үйіне жиі баратынбыз. Үлкен серванттың іші толған «зажигалка» болатын. Сөйтсек, түрлі оттықтар жинау атаның хоббиі екен. Сонда пистолет, машина пішіндес оттық­тар­ды көргенде, ағам екеуміз аузымыз ашылып тұрып таңқалушы едік. Ал Зухра апамыз түрлі қуыршақтар коллекциясын жасаған адам. Бірде менің туған күнімде сол коллекцияның ішінен жапон қуыр­шағын сыйлады. Кимоно киген жапон қызы өте нәзік, сұлу болатын. Кішкентай күнімде әбден ойнап-ойнап, басын жұлып алған кезім де болған. Кейін реставрация жасатып, мен де бүгінде жоғарыға сақтап қойдым. Бүгінде балалық шағымнан, жақсы адамдардан тәбәрік ретінде қалған сувенир-естелік. Димаш ата бізге сыртқы қағазы ерекше неше түрлі кәмпиттер, елде жоқ шетелдік сағыздар беретін. Соған біз мәз болатынбыз. Димаш атаның қолдары өте жұмсақ болатын. Ешқашан жұмыс істемеген адамдар болады ғой, сондай үлбіреп тұратын. Мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барғанымда, Димаш ата маған деп арнайы Түркиядан сатып алып, қып-қызыл рюкзак сыйлаған. Қызық сонда, Димаш атаның үйі менің көзіме сол кезде өте үлкен, кең сарайдай болып көрінетін.  Кейін Димаш Ахметұлы тұрған сол үй мұражай болғанда, мен де бардым. Сонда бәрі кішігірім бөлмелер екен ғой. Димаш атаның өзі ұзын, алып болған соң, бала көңіліме үйі де үлкен болып көрінген-ау шамасы.

Біз қанша дегенмен ырымшыл халық­пыз ғой, кейін кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік алатын кезде мамам: «Балам, Динара болып қала бергін. Дінзухра деген атты алып жүру оңай емес», – деп кеңес берді. Ал Дінзухра – бүгінде сахналық есіміме айналып кетті.

– Әкеңіздің өтініші бойынша, өмірінің соңына дейін, 28 жылдай тұрған бес бөлмелі пәтерлеріңіз бүгінде мұражай-үйге айналып­ты. Ондағы сізге ең ыстық дүние?

– Иә, әкем бар кездегі күндеріміздің ең бір аяулы, сәулелі шақтары өткен бұл үй қазір мұражай. Бұл мұражайға мамам көп еңбек сіңірді. Еврожөндеу жасатты. Әкем бардағы барлық затты, дүние-мүлікті түгел сонда, мемлекет қарауына берді. Мен ондағы әйнектің астында тұрған әкемнің дом­бырасының жанына аялдаймын. Осы бір қоңыр домбыра бәрін-бәрін еске түсі­реді. Және маған мектепте жүрген кезімде сатып берген рояль бар. Осы екі аспаптың жанында көбірек бөгеліп қаламын. Олар менің сағыныш кернеген жүрегімнің нәзік қылдарын шертіп өтеді.

– «Нұрғиса Тілендиев» сізге не жүктей­ді?

– Иә, танымал әкенің абыройын сол биіктен түсірмей, өз деңгейінде алып жүру оңай емес. Көп дүниеде өзіме шектеу қойып жүруіме тура келеді. Әкемнің де, анамның да атына сөз келтірмеуге ұмтылып жүремін. Шығармашылығымды айтпағанда, жүріс-тұрыс, сөйлеген сөздеріме шейін, бәріне мән беруіме тура келеді. Себебі, маған да қарап өсіп, ой, бой түзеп келе жатқан жеткін­шектер бар. Соларға да үлгі болуым керек қой деген ой тұрады көкейде.

– Әкеңіздің қай шығармасы үнемі санаңызда жаңғырып тұрады?

– Өзім музыкант болғандықтан шығар, әлде өз әкемнің музыкалары болғандықтан ба, мен бәрін тыңдап жүремін, ешқайсы­сын бөліп-жармаймын. Менің жаныма барлық шығармасы жақын. Көлікте, көшеде, үйде болсын, барлық туындысы менің үнемі жанымда, жүрегімде.

Атасының музыкаларын қызым да тани бастады қазір. Радиодан естіле қалса, «О, мынау атамның музыкасы ғой!» – деп бірден танып қояды, слухы мықты, тым сезімтал (осы сәт кейіпкерімнің жанарына жас тұнып қалды, әкесін сағынатындығы сезілді, – Н.Ә.).

– Нұрғиса Тілендиев атындағы көше­мен жиі жүресіз бе?

– Шыны керек, жиі жүрмейміз. Күнде­лікті қарбалас тіршілігіміз үнемі орталықта өтіп жатады. Әкемнің атындағы көше қала­ның сәл шеткеріректеу жерінде. Әлдебір жұмыстарымызбен сол көшенің бойымен өтіп бара жатсақ, міндетті түрде қызымның есіне салып отырамын. Мамам да жетпей жатып алыстан-ақ: «Папаңның көшесінен өттік пе, өтпедік пе?», – деп мойнын созып қалатыны бар.

– Адам бойындағы қай қасиетті жоғары бағалайсыз?

– Шыншылдарды құрметтеймін. Жан тазалығын қадірлеймін. Әкем сондай таза адам болған. Ішіндегі нәрсені бүкпесіз айта салатын. Бірақ сонысымен біреуді ренжітіп алатын. Ондайда үлкен болсын, кіші бол­сын, өзі бірінші болып сөйлеп, айналайын деп арқасынан қағып, жуып-шайып жібе­ретін. Сол қасиеті маған керемет ұнайтын.

– Ал өзіңіз ше, сіз қандайсыз?

– Мен адамды ренжітіп алмауға тырысамын. Көңіліне қарап тұрамын. Егер біреуді ренжітіп алсам, онда сол бойда өзім де жабырқап қаламын, ренжітіп алғаным үшін жаным ауырып тұрады.

– Сахнаға алып шығып жүрген таяқша­ңыз кімдікі, әкеңіздікі ме?

– Өзімнің дирижерлық таяқшамды ұстап жүрмін. Әкемдікі үйде. Анда-санда үлкен концерттерге алып шығамын. Жалпы, менде дирижерлық таяқшалар көп. Жүрген жерімде, іссапарларда сатып алып жүремін. Таяқша ұстағанда қолға өте ыңғайлы, тым ұзын емес, жеңіл салмақта болуы керек, сол жағына мән беріп аламын. Ол да домбыраның үнін тексеріп алатын сияқты аспап қой.

– Әкеңіз бала күніңізде «Дизуляма көз тимесе екен» деп қорыққан екен. Өзіңіз ше, сахнаға шыққанда, артыңыздан сан мың көз қадалып тұрады ғой, қорықпайсыз ба? Жалпы, ырым дегендерге қалай қарайсыз?

– Мен ондайға аса мән бермеймін. Бірақ қазақпыз ғой, сахнаға міндетті түрде «бісміллә» деп көтерілемін, сонда менің бойымда ешқандай да қорқыныш, қобал­жу қалмайды.

– «Отырар сазының» былтыр Францияға барып келгенінен хабардармыз. Шетелдік­терді таңқалдыра алдыңыздар ма?

– Иә, былтыр Канн мен Монпелье қалаларына барып өнер көрсетіп қайттық. Бұл айтулы концерттік бағдарламамызда қазақ мәдениетінің бірегейлігін, сол құн­дылықтарымызды өнерімен әрлейтін кәсіби мамандардың шығармашылық әлеуетін әлемдік аренаға шығаруға күш салдық.

Білесіз бе, Францияны бір нәрсемен таң­қал­дыру деген мүмкін емес. Оларда эстрада да бар, опера да бар дегендей. Ал енді фолк-музыкамен таңқалдыруға бола­ды. Біз ұлттық төл туындыларымызды ұсындық. Бізді керемет қарсы алды. Олар шет елдегі қазақ диаспорасы емес, таза француздар. Сонда да болса олар біздің ұлттық аспаптарымызды ұстап көріп, таңдана сұрап жатты. Біз азғантай ғана құраммен барған болатынбыз. 12 музыкант. Ал бүкіл оркестрді апарсақ не болар едік деп елестеттім, кереметтей құрмет-қоше­метті көріп.

Біз  шет елге барғанда, көрермендерге міндетті түрде музыкалық аспаптарымызды таныстырып өтеміз. Шығарма орындалып біткен соң, «қазір ғана тыңдаған аспап­тарыңыз былай деп аталады, оның шығу тарихында мынадай аңыз-әңгіме жатыр, оның құрылысы мынадай» деп тұрып түгел түсіндіреміз.

– Ал өзіміздің отандық көрермендердің ықыласы қандай?

– Әрине, ешкімді ренжіткім келмейді. Бұл музыкаларды тыңдау үшін бізге әлі өсу керек. Мен ылғи айтып жүремін, «Құрметті ата-аналар, балаларыңызды осындай сапа­лы музыкаларды тыңдатуға әкеліңіз­дерші» деп. Бала арзанқол ән-жырды қайдан болса да бәрібір естиді, оған тосқауыл қоя алмаймыз. Бірақ бір мезгіл баланы сапалы музыканы тыңдатуға ата-анасы өзі жетек­теп әкеліп жүрсе ғой шіркін дейсің. Ал мағыналы әндер бала санасын қуаттанды­рады, әлдендіреді, сәуле береді, рухани дамытады.  Әрине, барлық тыңдарман тек қана классиканы немесе эстраданы, әлде халық әндерін тыңдау керек деп айтпай­мын. Тыңдарман арзан туындылар мен сапалы шығармалардың аражігін ажырата алар халде болса деп ойлаймын.

– Биыл – Жастар жылы. Естуімше, оркест­рге жастарды көбірек алуға тырыса­ды екенсіз. Жастардың деңгейі қазір қандай?

– Жастардың деңгейі өте жоғары. Бәрі шетінен лауреаттар, солистер, деңгейлері жоғары музыканттар. Оларды өзім тыңдап, електен өткізіп аламын. Музыканттардың ішінде жиі байқаулар өткізіп тұрамын. Кейбір қыз-жігіттер ойлауы мүмкін, оркестр­дегі алпыс адамның арасына менің сәл мүлт кеткен тұсым білінбей қалатын шығар деп. Жоқ, олай емес, музыканттың қабілет-қарымы, дарыны бірінші ноталар­дан-ақ айқын көрініп тұрады.

Мен әкем сияқты талапшыл адаммын. Көбісі айтады маған, жүзің суық, сондық­тан көп жағдайда өзіңе жақындауға бата алмай жатамыз деп. Иә, сырт келбетім солай көрінетін шығар. Ол сыртқы қалқа­ным ғана. Бірақ мен табиғатымнан өте жұмсақ адаммын. Менің жүрегіме тез кіріп кетуге болады. Тез мұңайып қаламын.

– Ал әкеңіздің көзін көрген музыкант­тарға ше?

– Қанша дегенмен уақыт өз дегенін алады ғой, кей музыканттың жасы ұлғай­ған сәтінде есту қабілеті төмендеп, репити­ция кезінде нотадан жаңылысып кетуі де мүмкін, мысалы дегенім ғой. Егер қатты көзге ұрып тұрған, оркестрдің мүддесі үшін айтылуы тиіс кемшілік болса, айтпай қалмаймын, ол кісілер мұнымды түсінеді. Жалпы, әкемнің көзін көрген аға буын өкілдеріне көбіне түсіністікпен қараймын. Олар бүкіл саналы ғұмырын осы оркестрге арнады, зейнеткерлікке де осы жерден шығу керек деп санаймын.

– Егер әкеңіз дәл қазір тірі болса, дәл осы ақыл тоқтатқан жасыңызда ол кісіге не айтқан болар едіңіз?

– Ештеңе де айтпас едім, бар болғаны тізесіне басымды қойып алып, еркелер едім. Еркелейтін бала шағымды қатты сағына­мын (көзі жасаурап кетті). Әкеге деген қызының, әкенің қызына деген махаббаты мүлдем басқа сырлы сезім ғой. Папам мені қатты еркелететін. Ал мамам керісінше, мені қатал ұстады. Осы күні ойлаймын, мамамның папама қосылып еркелетпегені қандай жақсы болған деп. «Балам, мен Тілен­диевтің қызымын деп мұрныңды шүйіріп жүруші болма», – дегенді жиі қайталап отыратын анам. Сол кезде ата-анамның екеуі бірдей өбектеп отырған болса, бәлкім бүгінгі дәрежеме жетпеген де болар ма едім, кім білсін.

– Қызыңыз да болашақта дирижер болуы мүмкін бе?

– Мүмкін. Бәрі мүмкін. Даянам музы­каға өте жақын аса сезімтал бала. Өзім білім алған К.Байсейітова музыка мектебі­нің пианино класында оқып жүр. Мен оған «дәл осы бағытты таңда» деп өз арманымды, көзқарасымды таңбаймын, өзінің жүрек қалауына құлақ түремін. Оның кез-келген таңдауын құрметтеймін. Себебі, мен оған сенемін. Ол біздің оркестрдің бейне толық­қанды мүшесі сияқты. Кішкентай күнінен жұмысқа алып келетінмін, баяғыда папам да мені солай еткен. Даянаны да гастроль­дік сапарларға алып шығамын. Бауырмал. Кіп-кішкентай болып алып үлкен музы­канттармен бір үйдің баласындай, туған бауырларындай құшақтасып, амандасып жатады.

Алдымыздағы жазда 12-ге толады, бір қарағанда кішкентай, енді бір қарағанда өскен де сияқты. «Даянам келгенде үй толып кетеді», – деп қуанып жүреді мамам. Сосын дастарқанға барлық тәттісін салады. Даянаға атасының шығармаларын орын­дат­қызады. Екеуі өзара бірдеңелерді айты­сып, мәз болып күліседі. Сөзбен өрнектеп жеткізе алмас сондай әдемі көрініс бұл.

– Ендеше, сондай бақытты, әдемі сәтте­ріңізді ешқашан жоғалтып алмауыңызға тілекшімін, Дінзухра!

– Рахмет!

almaty-akshamy.kz

author

Нұрғиса Тілендиев

КҮЙШІ

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...