Мәдениет порталы «Қаламгердің жары» айдары бойынша ақын, жазушы, ғалым, суреткер тұлғала...
Мыжыма (эссе)
1965 жыл. Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) педагогикалық училищеге келіп оқуға түстім.
Босағадан аттасаң бітті, «бір жерге барып шыққан қыз» атанасың. Құдай басқа салмасын! Сала қалса, намысың үшін-ақ жағдайға көне бергенің жөн. Сондай бәлеге ұшырамасын деді ме, ата-анам мені жатақханаға жатқызбай «сенімді қолға» әкеп тапсырған.
Ылғи өзбектер тұратын Наманганская деген көше бар екен. 111-үйдегі бір шал мен кемпірдің үйінде жатам. Бекер обалдары не, өз қыздарындай-ақ әлпештеп ұстады. Мықыныма түсетін қалың шашымды Айхан апа ерінбей-жалықпай қырық тал ғып өреді. Қап-қара қастың екі ортасын осмамен бояп қосады. Өзбекше көйлек-дамбал тігіп берді. Басымда – топы.
Көп кешікпей-ақ өзбек тілін судай сапыратын болдым. Сөйтіп, әп-әдемі «өзбешкә» болып шыға келдім.)
Апа мені қыз мәйліске (тойға) ертіп апарады. Өзбектердің тойында ерлер бір бөлек, әйелдер бір бөлек отырады екен. Әйелдердің музыканттары да – әйел. Дутарларын дыңғырлатып, даңғыраларын таңқылдата жөнелгенде бір орында тыпыршып тұра алмайсың. Саусақтарым сыртылдап, буындарым былқылдап, аққу мойным қылтылдап, өйдейт кеп билеймін дейсің!) Өзбектерің «өліп» түседі! Топыма қыстырады, омырауыма іледі, тістетеді, қойшы әйтеуір тойға жиналған жұрттың бар ақшасын олжалап кетем. Кәдімгідей биші атым шығып, әрі-беріден кейін Наманган көшесінің тойы менсіз өтпейтін болды.
Той үстіне той. Мен де билеуден шаршамаймын. Несін айтасың, ұршықша үйіріліп тұрмын. Кенет жігіт мәйліс өтіп жатқан көрші бөлмеден қасы-көзі қиылған, үріп ауызға салғандай, керемет бір сымбатты өзбек жігіті кіріп, билеп жатқан маған қайта-қайта ақша тістетпесі бар ма. Өзі әжептеуір ақыл тоқтатқан ба деймін. Кейін біліп жүрмін ғой, Ташкенттен жоғары оқу орнын бітіріп келіп, қызмет істеп жүріпті.
Ол кезде өзбек жастарының оқып білім алуы өте сирек кездесетін жай. Қысқасы, маған өлердей ғашық болып қалған әлгі жігіт жақынырақ танысудың амалын іздейді. Айхан апамен астыртын тілдесіп, «тамақ істей біле ме өзі?» деп сұрайтын көрінеді. Әй қу тамақ-ай десейші! Істей алмасам қайтеді екен сонда? Бір күні тандырға нан пісіріп жатқам. «Қонақтар келетін болды. Ет асқанға қарамайды. Тездетіп білген бір тамағыңды жасап жібер» деді апа. Анам ауылдан беріп жіберген қарынның тұздалған сары майын сырлы аяққа молырақ етіп салдым да, үстіне ыстық тандыр күлшенің біреуін жалма-жан майдалап турап жібердім. Сосын жақсылап тұрып ездім. Қазақтың ежелден келе жатқан МЫЖЫМА деген жеңсік асы бұл. Дәмі тіл үйіреді. Жеген де арманда, жемеген де арманда. Мұндай тамақтың күнде жеп жүрген еттен де артық екенін білікті адамдар ғана бағалай алады. Қонақтар менің аяқ асты импровизацияма қатты риза болып қайтты.
Сөйтсем, әлгі тойда еселеп ақша тістетіп жүрген жігіт көршіміз болып шықты. Жеңгесі екеуі мені сынамақ болып келген екен. Ойымда дәнеңе жоқ, бар өнерімді жайып салмадым ба. Қойшы, содан әлгі жігіт 4 жыл бойына «МЫЖЫМА жейік деп едік» деп, жеңгесін ертіп келеді де тұрады. Жай келмейді, бір күн – жүзімін, бір күн қауынын ала келеді. «Мына жігітке МЫЖЫМА әбден ұнап қалды-ау!» деп қоям ішімнен. Оған МЫЖЫМА емес, өзім ұнайтынымды қайдан білейін. Әбден достасып та қалдық. Бір-екі рет киноға да баруға рұқсат болғаны есімде. Сөйтіп жүріп, оқу бітірерде көңіл білдіріп тынды ғой сабаз. Шошып кетіп, шоршып түстім!
Өйтпегенде ше! Кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған, көңілім қалаған жігітім бар. Мың жерден сымбатты, білімді болса да жүрегім «қыңқ» демесе, қайтпекпін оны! Байқасам өзбек жігітінің де оңайлықпен айырылар түрі жоқ. Көнбегесін қайтсін енді. МЫЖЫМАНЫҢ ақыры оқу бітірген күні «алып қашумен» тынбақ болған ғой. «Қыз алып қашу» мәселесінен 4 жыл бұрын сақтанған менің ата-анам өзбектеріңнен әлдеқайда ақылды болып шықты.
Диплом аларға бір апта қалғанда – анам, үш күн қалғанда жолдасымен қоса жігітім келіп, басқан ізімнен қалмай қорғап жүрді. Сөйтіп өзбек жігітіне: «Маңғыт, аузыңа саңғыт! Енді МЫЖЫМАНЫ түсіңде көрерсің!» деп аман-есен ауылға аттанып кеткенім бар.
МЫЖЫМАНЫҢ хикаясы мұнымен біткен емес. Асыққанда әлі күнге даярлай қоям. Тек, міндетті түрде қарынға салып тұздалған сары май керек. Дүкеннің майы жарамайды. Дәмсіз болып шығады.
Той-томалақта бидің де түбін түсірем. Бірақ ешкім ақша тістетпейді.
Мынау сол өзбек жігіттерін өлтіріп-тірілтетін 15 жаста түскен суретім.
Гүлмария Барманбекова