Арман ӘділбекӨЛАРАМен таңырқаудан бас тартқалы, Таңым жазиралы шөлге, Кешім мөлдір әйнекке ұқсап бар...
ГЕНРИХ ГЕЙНЕ. ЛИРИКА
3911
Аударған Аманжол Шамкенов ЛИРИКАЛЫҚ ИНТЕРМЕЦЦО * Май айында майса гүлдер құлпырып, Бүршік жарып бұтақтар да боялды. Осы бір шақ жас жүрек те бұлқынып, Тұңғыш рет махаббатым оянды. Май айында құстар қайта баптанып, Әнге басты жаңғыртып бар орманды. Осы бір шақ мен де сырды ақтарып, Жайып салдым алдына оның арманды. * Көз жасымнан гүл өседі Қызыл-ала не түрлі, Көкірегімнен жыр еседі Бұлбұл үні секілді. Жаным, егер сүйсең мені, Гүлдерімді сыйлаймын, Бұлбұл болып сайрап тегі Таңды қарсы ап жырлаймын. * Қарасам жанарыңа жоқ аласы, Жазылып кетер еді-ау жан жарасы. Ерінім ерініңе барса жақын Махаббат шашар маған шапағатын. Кеудеңе басым сүйеп тұрсам бір түн, Жұмаққа бөленгендей болам, шіркін. Құлаққа «сүйем» деген жетсе сөзің, Жылар ем тоқтата алмай өзімді өзім. * Сан ғасырлар жұлдыздар Бастан кешіп талайды, Бір біріне құмартып Мұңды көзбен қарайды. Бір бірімен ұғысқан Ғажайып бір тілменен, Ондай тілді әлемде Ешбір тілші білмеген. Оның сырын мен аштым, Ұқтым сол бір тілді мен: Сүйіктімнің сүйкімді Үлбіреген жүзінен. * Үлбіреген лилияға Күннің көзі қауіпті, Ол күтеді түн салқынын Содан рахат тауыпты. Сүйіктісі Ай жүзіп кеп Оятады сұлуын. Ақ дидарын ашып оған Ол да сыйлар жылуын. Құлпырады көкке қарап, Жұпар исін шашады. Дір-дір етіп кейде өксиді, Бір сағыныш басады. * Сүймейсің ғой мені сен, Оған несін налимын. Дидарыңды бір көрсем Өз-өзімнен жаримын. Білем ойың бөлінген, Оған несін сасайын. Сүйгіз, жаным, ерніңнен Мауқымды бір басайын. * Сенбеймін мен аспанға Құдіретіне және оның. Көгім де сол, жарығым — Тек көзіңе сенемін. Сенбеймін мен құдайға, Не тәңірі дегенін. Құдайым сол, тек сенің Жүрегіңе сенемін. Сенбеймін мен елеске, Оның жай сөз дер едім. Тек көзің мен ашулы Жүрегіңе сенемін. * Жырларым менің тым нәзік Гүл болса деп ем-ау сірә: Жіберер едім сәулеме, Ол иіскеп қысса баурына. Тілер ем менің жырларым Айналып бір сәт ерінге Сәулемнің жүзін аймалап Жабысып қалса тегінде. Ал егер менің жырларым Жас бұршақ болса, асар ем, Әлі ондай дәмді татпаған Тәтті бір тағам жасар ем. * Егер білсе мына гүлдер Жүрегімнің жарасын, Меніменен бірге егілер, Танытып сол шамасын. Білсе бұлбұл, қалай қатты Жаныма шер батқанын,— Жұбатып ол талай тәтті Айтар әнін, тақпағын! Бұл күйімді білсе тегі Жұлдыз-дағы көктегі, Шеріме ортақ болар еді, Бекер жасын төкпеді. Қайғымды олар ұқсын қайдан, Бір ғана адам сезеді! Жүрегіме жара салған Айхай, соның өзі еді! * Япырым, раушан гүл ме бұл баяғы? Неліктен өзгеше боп нұр жаяды? Қызғалдақ қысылғандай неге менен Алдыма басын иіп мұңаяды? Неліктен осыншама қиналды жан? Шырқайды бұлбұл неге бір қайғылы ән? Кең дала, қалың орман, ну майсалы Неліктен, өз иісінен неге айрылған? Күн неге қырын қарап керіледі? Қабағын түйіп неге жерінеді? Төңірек күңгірттеніп неге бұл жер Көрден де қараңғы боп көрінеді? Неге олай, түсінбеймін, тек зілдеймін, Мұңлымын, неге сонша бек түндеймін? Айтшы сен, айтшы жаным, неге кеттің? Сен мені неге тастап кеттің деймін? * Бірімізді біріміз сүюші едік, Көңіл ұғып көкейге түюші едік, Ойнаушы едік біз ерлі-зайыптыдай, Кең құшағын татулық жайыпты ұдай, Бірге тойлап, бірге ойнап күлетінбіз, Аймаласып қауышып жүретінбіз. Бір күні біз тығылмақ ойнап жүріп, Қалың орман ішіне кеттік кіріп... Жасырындық, тіпті ешкім сенбес еді, Таба алмадың сен мені, мен де сені. * Мен асықпай, іштей күйіп тым налып, Жиһан кезіп жүргенімде ырғалып, Күте-күте жарым менің, бір қыста Шығып кеткен көрінеді тұрмысқа. Үйлесіпті, жүріп жатыр алаңсыз Ақымақтардың біреуімен амалсыз. Жарым менің нәзік еді-ау, таза еді, Кетпейді естен, қайтем, жүрек сезеді. Шырайлы жүз, көзі тартып күлуші ед, Ертегідей ғажап өмір сүруші ек, Тайды бақыт, қайтып көңіл ашамын, О, достарым, ақымақтық жасадым. * Жүзі оның раушандай қызарған, Көздері жалт еткен бір арман. Саусақтар үлбіреп тым нәзік, Гүл жайнап шығады күнде алдан... Тек қана жүрегі суалған! * Тап-тақыр терістіктің шың басында Тағыдай оқшауланып бір қарағай, Жарасып қарлы киім тұлғасына Манаурап тербетіліп тұр қарамай. Түсіне енеді оның, сонау маңда Сонау бір құм өлкеде елеңдесіп, Мұңайып жар қабақта жалғыз пальма Жайқалтып жапырағын келеді өсіп. * Ғайып болған елестей Оралды сол күндерім. Түсті есіме онымен Қолтықтасып жүргенім. Сұп-сұр болып, маужырап Кезіп кеттім қаланы, Менің мұңлы жүзіме Таңқалып жұрт қарады. Түнде әйтеуір ешкім де Көрмес мені, сеземін. Тек қана сол өзімнің Көлеңкеммен кеземін. Өттім міне көпірден Түргендей бір түн құлақ. Бұлт ішінен сығалап Ай қарайды тұнжырап. Келіп міне тағы да Терезеңнен үңілдім. Жүрек деген қалшылдап, Тағы да мен бүліндім. Көлеңкеңді әйнектен Ылғи көріп жүруші ем, Сен де менің мөлиіп Тұрарымды білуші ең. * Сүйді жігіт бір қызды, Ол қыз сүйді басқаны. Ол да сүйіп біреуді Қызды елеусіз тастады. Шықты сұлу күйіктен Жат біреуге кезігіп. Ал жігіттің жүрегі Қалды күйреп езіліп. Ескі ертегі! әйтседе Әркімнің бар үміті.— Келмесе ғой дүниеге Ғашық болар жігіті. * Корольдің қызы түсіме Енді ғой, қардан түсі аппақ, Саялы бақтың ішінде Отырдым оны құшақтап. — Қайтемін әке мансабын, Байлықты қайтем демекпін, Ел билеу емес аңсарым,— Тек өзің, маған керексің. — Ол жетпес арман қатал-ақ, Жатырмын күңгірт зынданда, Тек саған деген махаббат Оятар түнде әмәнда. * Отыр ек түнде тапжылмай Үстінде желкен қауышып. Белгісіз жаққа жылжып жәй Жөнелдік бұлтпен жарысып. Көрінді бір сәт мұнартып, Көрінді алдан сырлы арал, Келеміз жүзіп біз шалқып, Ойда жоқ ешбір дүдәмал. Қиядан тартып армандай Біздерге құсын ұшырған, Біз, бейбақ, оны аңғармай Өтіппіз жүзіп тұсынан. * Олар мені қинады-ау, Қапа болған жас күнім, Бірі — мені шын сүйіп, Бірі — ойлаған қастығын. Олар менің наным мен Суға қосып у берген. Бірі — мені шын сүйіп, Бірі — мені жау көрген. Тек бәрінен мені көп Қинаған сол пенде еді, Еш жамандық ойламай, Сүймейтін де ол мені! * Қоштасарда мына екеуі Бар сөздерін тауысып, Жас парлатып күрсінеді Бір біріне жабысып. Біз өйтпедік қоштасқанда, Болмаса да ол айып, Көз жасты біз төктік кейін Сағыныштан сарғайып. * Үстінде шайдың бір ауық Махаббат жайлы сөз кетті. Еркектер одан сыр тауып, Әйелдер сезім тербетті. — Сүйген жөн іштей білдірмей!— Советник ойы сол еді, Миықтан күліп сыр бермей Жұбайы құптап демеді. Молда айтты:— Сүю дегенің Лапылдап жанса талғамай, Саулыққа зақым келеді!— Деп қалды бір қыз:— Ол қалай? — Құмарлық — бұл!—деп қысылып Графиня шертті бір сырды, Баронға шайды ұсынып Көз ұшын тастап күрсінді. Тек өзің әттең болмадың. Өзіңе, жаным, сенер ем, Мына бір топтың болжамын Дұрыстап айтып берер ең, * Бір түс көрдім мен бүгін көңіл тасып, Май келіпті самал жел лебін есіп, Отырдық біз айқара құшақтасып, Өле-өлгенше бірміз деп уәделесіп. Сен ант бердің, мен-дағы естен тандым, Сүйісеміз, елтиміз, қауышамыз. Бір мезгілде қолымды тістеп алдың, Қалсын дедің белгі боп осынау із. Мөлдіреген көз нұрың еді жалын! Еркеледің, бақыт қой көру сені! Ант бергенің орынды-ақ дейін, жаным,— Тістемей-ақ қойсаң да болушы еді. * Шығып ем кәрі жартасқа, Құр ойға бір сәт берілдім. «Болмадым екен неге құс?» Деп іштей өксіп егілдім. «Болмадым неге қарлығаш! Үйіңді тауып білер ем, Алдында сенің әйнегің Ұя сап ұшып жүрер ем. Бұлбұл боп шіркін жаралып, Үйіңе сенің беттесем, Бағыңа барып қонып ап, Кешқұрым сайрап кетпес ем! Мен неге шымшық болмадым Жетер ем ұшып желменен. Аярсың, жаным, аялап, Жаралы болсам емдер ең!» * Түсімде қатты жыладым: Түсімде өліп қалыпсың. Оянып кетіп мен үнсіз Өксідім қайта талықсып. Түсімде қатты жыладым: Кетіпсің тастап сен мені. Оянып ұзақ өксідім, Көзімнің жасы сембеді. Түсімде қатты жыладым: Келіпсің шырқап әніңе. Оянып кетіп мен содан Жылаумен келем әлі де. * Теректі жел тербетеді Төңіректі түн басқан. Түнге оранып мен келемін, Орман ішін мұң басқан. Жалғыз келем, қараңғыда Қиял озып кеткендей, Сен сарылып күткен үйге Менен бұрын жеткендей. Ит үреді, күтушілер Шам жағып жүр зырылдап, Сырт-сырт етіп баспалдақпен Көтерілем қырындап. Одан әрі жұмсақ кілем, Жұпар иіс аңқиды. Қарсы алады ыстық құшақ Көңіл шіркін шалқиды. «Есуастық ойыңмен бұл, Ей, есуас, не іздедің?» Деп сыбырлап жапырақтар, Сөккенін жел сезбедім. * Көзім тастай жұмулы, Бұл не? Жым-жырт тамұқ па? Мұздай болып жүрегім Жаттым ұйықтап табытта. Қанша жаттым, білмеймін, Қалыпты ұйқы қанып бір, Бір кез кетсем оянып — Табытымды қағып тұр. — Генрих, тұрғың келмей ме? Күн келеді таңғылып, Өлгендер де бөленер Бір рахатқа мәңгілік. — Жаным, күш жоқ тұруға, Аша алмаймын көзімді. Жылай-жылай суалған Ойлаймын деп өзіңді. — Генрих, сүйіп көзіңнен Қайтарайын жарықты. Көк аспанды көрерсің Періштелер зарықты. — Жаным, күш жоқ тұруға, Селт етпейді жүрегім, Қатал сөздің қанжарын Қадап оған іредің. — Генрих, қолым тисе егер Жүрегіңе ақырын — Қан төгілмей, қайғыңнан Айығарсың, батырым. — Жаным, күш жоқ тұруға, Шықшыттан қан төгілген, Айрылғанда өзіңнен Оқ жіберген едім мен. — Генрих, сол бір жараңды Сипаласам болғаны, Артта қалып азабың Көңіл жайың толғаны. Сөйтіп мені шақырды ол, Мен де шыдай алмадым, Тұрғым келіп талпынып Жан-жағымды қармадым. Кенет жарам ашылып, Қалдым қанға боялып, Осы тұста мен-дағы Кеттім дереу оянып. ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛУ * Тас қараңғы бұл өмірде Болды жарқын бір бейне. Күңгірттеніп ол да мүлде, Қалдым зар боп күнгейге. Қорқар түннен жас балалар Таң атқанын тілейді. Сол сәт әнге тастап алар, Әнмен қуар үрейді. Мен де сондай, балаша бір Ымыртта ән сап тұрармын. Елеусіздеу болса да жыр Үрейді сол қуармын. * Білмеймін бұл, бөліп ойды Жаным мұңлы сыр шертеді. Мазамды алып кетпей қойды Ертедегі бір ертегі. Қараңғылық түскен налып, Рейн ұйқы құшағында. Тұрды жартас қылаңданып Батқан күннің тұсауында. Онда бір қыз атқан таңдай Отыр ән сап құзда шынар. Үсті алтынмен апталғандай Қолында алтын тарағы бар. Таранады, алтын шаштан Лаулатып от ұшырғандай, Төгіледі бір сиқырлы ән Құдіретті күші бардай. Сол әнге елтіп күтсе де ажал Ескекші де қапы қалған, Соған ауып барлық назар Көрер емес жартасты алдан. Білем, өзен, мұңайтады, Жұтар оны тартып төмен, Мұны істеген су сайқалы Сиқырлы сол әніменен. Анау үйі аңшының Әлі шамы сөнбеген, Бүгін онда бармаймын,— Бір шатақ бар көрмеген. Соқыр әжей әйнектің Алдында аузын буып ап, Тас мүсіндей тапжылмай Отыр, жүзі суық-ақ, Орманшының сары ұлы Таппай тіпті бір тыным, Тісін қайрап кезейді Әлдекімге мылтығын. Сұлу қызы ұршықпен Отыр жасын үйіріп. Әкесінің төбеті Қыңсылайды бұйығып. * Үй ішімен жарымның Мен кездесе қалып ем, Қуанды әке, шешесі, Сіңлісі шат бәрінен. Сұрап барлық жағдайды Ішке кіріп барады. Өзгермеппін сол күйден Тек жүдеппін шамалы, Тәтейлерді, басқасын Мен де сұрап жатырмын, Болушы еді бір төбет Шіңкілдегім, татулым. Сұрап қалдым байқамай Тастап кеткен жар жайын. Деді маған:—Жақында Босанады ол, соңғы айы. Туыстарын құттықтап, Оған сәлем жолдадым, Тіледім мен саулық пен Зор бақыттың қонғанын. — Ал төбетті қабаған Боп кеткесін кейінде,— Деді бір сәт сіңлісі,— Батырғанбыз Рейнге. Айнымапты-ау жарымнан Сіңлісінің түр-түсі, Мені құртқан осы еді-ау, Көк көзі мен күлкісі. * Балықшы қыз, сұлу қыз Қайығыңды бері бұр! Қысыласың неге сен? Кел, отыршы тегі бір Сүйенші бір кеудеме, Қорықпашы толқыма. Қалғансың ғой үйреніп Тиянақсыз толқынға. Жүрегім де теңіздей Толқыны бар, желі де. Оның түбін жайлаған Асыл тастар көбіне. * Долы жел ай-дүйіңе қарамайды Өзінің су шалбарын киіп алып, Толқынды дірдектетіп сабалайды, Ал толқын зытты етегін жиып алып. Сел тасып көк жүзінен атып жатты, Ақ дүлей су құйынын сапырғандай. Кәрі түн қаһарланып лақылдатты, Түбіне қарт теңізді батырғандай! Шағала ауды қағып қанатымен Қалшылдап пана іздейді, таба алмайды. Қарлыққан үніменен — дауа тілмен Бізге бір сәтсіздікті хабарлайды. * Көк дауыл билеп тынбайды, Ысқырып өшін ала алмай, Ей, мына кеме тулайды Түнгі бір дәлдір адамдай Шапшиды көкке көк теңіз Тау болып кейде мына ара; Шыңырауға құлап кетпеңіз, Алыста аппақ мұнара. Дұға оқып, құсып, түрлі өктем Даурыққан үндер кексеңдеп; Мен-дағы ұстап діңгектен Ойлаймын үйге жетсем деп! * Сен тұратын көшеден Өте қалсам жайлап мен, Қуанамын, қымбаттым, Көріп сені әйнектен. Үнсіз қадап көзіңді Қарайсың сен таңғалып: — Айтшы, жігіт, кімсің сен? Нені ойлайсың толғанып? — Жыршысымын немістің, Халқым таныр ақынды, Тәуірлерін еске алса, Атар менің атымды. Халқын сүйген шерлімін, Білсең жаным, шынымды. Көптің мұңын түсінген, Ұғар менің мұңымды. Жатты теңіз көпіріп, Бара жатты күн батып, Есіз үйде отырдық Үнсіз іштей тіл қатып. Шағалалар сап ылаң, Толқын зырлай самғады, Сүйіктімнің сағынған Көзінен жас парлады. Нәзік қолы асығып Иығыма асылды Аяғыңа бас ұрып, Жұттым ғой көз жасыңды. Содан бері батып шын Жанды қинап буған мұң. Солып бара жатырмын, Көз жасыңнан уландым. * Сұрғылттанып көк жиек Қарауытып тұр қала, Қалың тұман ішінен Елестейді мұнара. Қуалайды көбікті Жел қанатын жайып кең, Жалықпайды ескекшім Жүзіп келем қайықпен. Жоқ болды күн соңғы рет Жымың етіп сәл ғана, Сүйіктімнен айрылған Көрінді алдан сол қала. * Үлкен қала сыры мол, Сәлем, тағы бас ұрдым, Бір кезде сен қойныңа Сүйгенімді жасырдың. Айтшы, қақпа, мұнара, Қайда сүйген сол жарым? Сеніп ем ғой сендерге Неге мұнша қорладың? Мұнарада жазық жоқ, Тоқтата алсын ол қалай, Кетпек болған жарымды Алды-артына қарамай. Жұрт көзінше қақпадан Зып берген ол сақтана Епті болса кемсау қыз, Ақымақ болар қақпа да. * Келем тағы сол жолмен Сол көшемен баяғы. Мынау үйі жарымның, Есіз қапты-ау, аядым. Бұрынғының бірі жоқ Қалмапты ғой түк түрден! Шаңырақ құлап түсер деп, Кейін қарай зыттым мен! * Қалай тыныш ұйықтайсың Біліп менің барымды? Оянса егер ескі кек, Шығарармын жаныңды. Есіңде ме ертеде Қаза болған бір жігіт Бірге әкеткен көріне Қалыңдығын жыр қылып? Сенші маған, сұлуым, Сенші, өзіңе түсті күн. Тірімін ғой мен әлі, Өлілерден күштімін. * Суретіне қарап тұр едім, Бір ойдың кеттім ізімен, Тірліктің кенет тынысын Сезгендей болдым жүзінен. Күлкіден ерні дір етіп, Көзінде бір от жанғандай Өзгеше болып, о ғажап, Көрінбей жасы тамғандай. Жүзіңді жудым мен-дағы Жас тамып көзден қайғырып. Сенермін қайтып, жасаған! Қалдым ба сенен айрылып! * Туады өмір, өледі, Келеді, жылдар өтеді, Махаббат өлмес жалғыз-ақ Жүрекпен бірге кетеді. Алдыңа барып бас ұрсам, Өзіңді шіркін көрерде «О мадам, сізді сүйем!» деп Күбірлеп жатсам өлерде. * Түсіме енді: жұлдыз туып мұңайған, Қос мүйізді ай да мұңға бөленген. Ұшып келем ғашығыма шалғайдан, Көк жүзінде бейне жүзіп келем мен. Келдім міне, бәрін еске салады, Босаға осы бір кезде ішті күйдірген, Ұзын көйлек етегі мен табаны Тиді-ау деген жерді құшып сүйдім мен. Салқын еді, ұзақ еді түн неткен! Баспалдақ та мұздатты ішті қабарып, Көлеңкедей айлы түнгі әйнектен Қарағандай болды біреу қадалып. * Не керек бұл тамшы жасқа? Тұмандатты көзімді. Өткен күннің белгісіндей Қалды осы жас төзімді. Бәрі солған, қалды осынау Бір тамшы жас қарайлап. Бар қуаныш, бар қайғымды Әкетті ғой жел айдап. Жоғалды ғой көк жұлдыздар Таң сәрідей солды ол да,— Сол жұлдыздар жымыңдаған Маған бақ пен сор болған. Ізі де жоқ махаббаттың, Өткеннен түк қалмады. Қапаланбай жоғалшы енді Бір тамшы жас сен-дағы. * Неткен күн желді, жаңбырлы! Қар бүркіп тұр-ау тағы да. Отырмын қарап әйнектен Сұрғылт күз қазір бабында. Келеді қалқып жалғыз от Жылт етіп, бірде басылып, Кемпір ғой ұстап қол шамын Үйіне қайтқан асығып. Дүкеннен сатып тағам ап Келеді мұны қайтсем деп, Немере қызын разы ғып Пісірмек сірә май шелпек. Қызы отыр үйде тербеліп Бесікте жалғыз маужырап. Шашы бір алтын толқындай Жауыпты жүзін жалбырап. * «Махаббат бұл — у саған» Деп мені жұрт ұялтты. Мен соларын құп алам, Жөн айтатын сияқты. Бақыттымын сенімен, Тек өзіңсің, жан жарым, Сүйем сені,— дедім мен, Қайталаудан талмадым. Сенсіз жерде батыл ем, Сен барда тал қармадым, Екі сөздің басын мен Құрастыра алмадым. Тіл байланды бұл қалай? Жындар салды-ау құрығын. Ай, осы бір жындар-ай, Солар үшін құрыдым. * Сүюші еді бір-бірін, Кездесе алмай келген-ді. Аңсаса да, екеуін Екі мақсат бөлген-ді. Түстерінде көрісіп, Салды алысқа іргені. Екеуі де шәйіт боп Кеткендерін білмеді. * Көп тиіспе шайтанға, Өмір жолы бір адым, О дүниенің азабы Оңай емес, шырағым. Қарызыңды төлей біл, Жетеді өмір, тарылма,— Жат қалтадан әлі де Тура келер алуға. * Бізден де өтті, қарғашым, Балалық шақ, асыл шақ. Есіңде ме, аулада Ойнаушы едік асыр сап. Шақырушы ек әтеш боп, Даусымыз дәл келетін. Тұсымыздан өткен жұрт Кәдімгідей сенетін. Кейде қалап жәшікті Әшекейлеп не түрлі, Ойнайтынбыз ішінде Бейне сарай секілді. Көршіміздің мысығы Бізге келе беруші ед, Тағзым етіп, сөйлесіп Оны қызық көруші ек. Сұраушы едік саулығын Тіл қатқанын қалаймыз. Кейін кәрі мысықпен Мылжыңдастық талай біз. Кәрілердей салмақпен Отырып біз оңаша Кейін соны еске алдық, Қандай кез ед тамаша. Сенім, сезім дегеннен Қазір із де қалмады. Кетті бәрі қымбаттап Ақшаны ақша жалмады! Уақыт, сенім, ақшадай Махаббат та ере алмас, Ұмыт болды-ау сол кезең Енді қайтып оралмас. * Бұлт ішінен шыққан айдай Сәуле шашып дес беріп, Жүрегімнің түкпірінен Жылтырайды естелік. Отырдық біз палубада, Салтанатты кемеміз, Кең айдынды Рейнменен Еркін жүзіп келеміз. Отырдым мен қарсы алдыңда Құшып оның тізесін, Таң нұрындай қызарды бет, Тілге оралды бір есім. Толқын тулап, шек дыңылдап, Арфа кетті күй ырғап. Жайды жүрек кең қанатын, Тарады әуен қиырға. Таулар, сарай, жасыл тоғай Қалып жатыр әріде. Оның мөлдір көздерінен Көрдім соның бәрін де. * Жарым кеше түсіме енді, Сұп-сұр, жүдеу неліктен? Жағы солған, көз кіртиіп, Із қалмаған көріктен. Бір баланы жетелепті, Бір баланы қолға ұстап, Өңінде үрей, секілденді Көрген күні тар қыспақ. Соңына еріп қалмадым мен, Не істерімді білмедім, Шақырып ем жалт қарады, Баяу ғана: «Жүр!» дедім. «Аурусың ғой, жүр үйіме, Алдыңа сап барымды, Еңбек етіп асырайын, Ойлармын мен қамыңды. Өсіремін ұлдарыңды Адам қылам төзімді. Ақтық демің біткенінше Аялармын өзіңді. Сенші маған, мейлің сүйме, Мейірімге бөлермін. Егер өлсең қабіріңе Көз жасымды төгермін.» * Туламаңдар, таппай тағат Жүрек әлі шайқалғандай, Ыңқылы ескі жараның сол Жаңа жырдан байқалғандай. Тоқтаңдар, бұл ескі шердің Жаңғырығы тыйылады,— Жаңғырыққан көкіректен Көңілді жыр құйылады. * Қапылыста жанын қинап Алмау үшін үркітіп, Қыз жүрегін келем сыйлап Және өзінен сыр күтіп. Енді қашан болар нәсіп, Не тындырам мұнымен? О, қымбаттым, маған ғашық Болмаймысың шынымен? * Түн жамылып төсекте Жатсам көңіл көктейді, Нәзік ұяң нұр бейнең Көз алдымнан кетпейді. Сөйтіп жатып қалғимын, Оны өзім де байқаман, Сенің балғын бейнеңді Көрем түсте қайтадан. Таң атса да келбетің Кеткен емес бір ұзап. Шыңырауында жүректің Алып жүрем күн ұзақ. * Аяулы досым, сен ғашықсың, Жана мұң тап болар жамырап, Басыңа бір тұман жиналып Жас жаның барады жадырап. Аяулы досым, сен ғашықсың, Үндемей жүрсең де ол жайлы, Жәкетің астында тыпыршып Жүрегің жалындап лаулайды. * Жанарың — мөп-мөлдір асыл тас Талайды үйіріп қамаған... Сен кімге қиылып қарасаң Үш есе бақытты-ау сол адам. Жүрегің — алмастай ең жылтыр, О, шіркін, ол кімді қалаған... Осы бір дүрсілді тыңдаған Үш есе бақытты-ау сол адам. Ерінің — лағылдай арайлы, Талайдың жанын жеп тонаған... Сол ерін «сүйдім» деп кімге айтса, Үш есе бақытты-ау сол адам. О, шіркін, бақытты сол бір жан Маған бір кездессе орманда, Бағымен мәңгілік қоштасып Қалар ед сол жерде, сол маңда. * Текке басты қатырыппын, Текке небір ойлар келді. Кенет сенің көзіңді мен Көріп қап ем, будым белді. Көзің нұрын төккен жерде Қалсам деймін, күйемін бек. Тағы бір рет біреуді мен Ойлап па едім сүйемін деп! * Үйіңде бүгін бір қызық Думан боп жатыр, саған шат, Көрдім мен сені әйнектен, Көрінді бейнең қараңдап. Көрмейсің бірақ сен мені Қайтесің күңгірт даланы. Одан да қара түнектей Жүрегім менің жаралы. Уайымға шомып бұл жүрек Жыртылып сансыз құраққа Тулайды, қайтсын, ол бір жай Белгісіз саған бірақ та. * Бір сөзге мен құйсам деп ем Бар қайғым мен мұңымды. Желге қоссам сол сөзді мен, Жел әкетсе сырымды. Шерлі сөзді тура өзіне Жеткізсе ғой жел айдап, Мәңгі ұялап жүрегіңе Қонақтаса абайлап. Тас жұмылып кірпіктерің Тәтті ұйқыға батса бой, О, сонда да сол бір сөзім Түсіңе еніп жатса ғой! * Інжуің бар, лағылың бар, дәмелі Жұрт соларды іздейді ғой боп әлек. Оған қоса көздерің бар әдемі,— Жаным менің! Тағы саған не керек? Осынау бір көздер үшін бар әнім Бағышталған, көңіліңнің бағына От жүректің түкпірінен арнадым,— Жаным менің! Не тілейсің тағы да? Осы көздер мені есімнен тандырды Ештеңені сезбегенсіп қарайсың, Қинадың ғой күйдірдің де-жандырдың,— Жаным менің! Енді нені қалайсың? * Кім сүйсе тұңғыш ең алғаш, Бақытсыз мейлі, ол — құдай. Екінші ретте сүйген жан — Ақымақ, оны қой былай. Мен де бір сондай ақымақ, Сүйемін тағы мен оны, Күлемін бірге ай, күнмен Қайтейін ажал келеді. * Ғажап жігіт мынау бір Жырды сүйген жаны бар, Мені тәтті тағаммен Сыйлап ылғи шабынар. Кір жұқтырмай үстіне Қатырады киімді. Тұра салып ертемен Сұрайды ылғи күйімді. Менің тапқыр сөзімді Дереу қағып алады, Қамымды ойлап зырылдап, Қамқоршым боп барады. Атақты бір үйлерде Шай үстінде жандырып Жырларымды оқиды Ханымдарды таңғылып. Қандай жігіт тамаша! Сүйсінбеске болмайды, Бұл заманда аз қалды, Табармын ба ондайды! * Түс көрдім мен, құдай боппын Бар әлемді жаратқан, Періштелер көкте менің Жырымды айтып таратқан. Күні, түні тәтті тағам Тойып алып жүрмеймін, Ішетінім қымбат шарап, Қарызыңды білмеймін. Жерді аңсаймын бірақ та мен, Кетпес үшін жерімнен Құтты құдай бола алмасам, Шайтан болар едім мен. — Ей, архангел Жәбірейіл, Жел аяқты хабаршым! Эвген деген досты жеткіз, Қызмет етсең маған шын. Кітаптармен араз болар, Ол шараппен ашына, Ядвигиде ме, отыр ма әлде Мейер қыздың қасында. Кетті шайтан қанат қағып, Жерге қарай жосыды, Сол сәтінде-ақ қарсы алдыма Алып келді досымды. — Ал не айтасың мен жайында Құдай болдым көктегі. Бала күнде көп ойлаушы ем Соным зая кетпеді. Мен жасаймын күнде ғажап Онымды артық демеймін. Бүгін бәлкім Берлинді мен Мол бақытқа бөлеймін. Әр көшенің тасын ашам, Бір ғажайып бұйырып. Әр таста сол тәтті тағам Жатсын мейлі үйіліп. Көктен шырын, небір шарап Ағыл-тегіл құйылар. Қандырыңдар сусынды бір, Бәріңе де бұйырар. Берлиншілер ішіп-жеуге Шебер еді баяғы, Әкімдер де арақ толы Шұңқырды іздеп барады. Бар ақындар тағам үшін Разы болып тұр әні, Ал офицер — жас жігіттер Жалақтанып жүр әлі. Иә, олар, юнкер-дағы Миығынан күледі, Мұндай ғажап күнде бола Бермейтінін біледі. * Құдайым білсін, делқұлым Тапты екен қайдан пананы! Астында жауын-шашынның Іздедім шарлап қаланы. Бармаған жерім қалмады Қашқынымды іздеп қалжырап, Кездескен жаннан сұрадым, Сұраппын бекер мен бірақ. Әйнектен қарап тұр күліп, Таңқалдым оны көргенде, Тап болар мұндай сарайға, Деген ой сірә келген бе! * Қараңдап үйлер көрінер Бейне бір түнгі елестей. Келемін үнсіз тыпыршып, Төңірек тынған жел де еспей. Мұнара жақтан тек қана Он екі соқты қоңырау. Сарылып қарап әйнекке Қалқаш та күтіп отыр-ау. Ұзатып салып Ай мені, Жүзімді нұрға шомдырмақ, Кірерде қалқаш үйіне Хоштастым Аймен қол бұлғап. — Рақмет, достым, нұрыңа Жолшыбай жүзім бөленді! Мен жеттім жетер жеріме, Басқаға нұр тек сен енді! Адасып жүрсе бір жерде Тағдырды сөгіп бір ғашық, Жұбатушы ең ғой сен мені, Оны да жұбат сырласып. * Әйелім болсаң егерде менің, Жарылар бәрі іштері күйіп. Той-думан болар өмірің сенің, Тастармын небір сыйлықтарды үйіп! Соқ мейлі, ұрыс — көнермін шыдап, Құшармын дәйім, тек қапа болма. Мақтамай қойсаң жырымды бірақ, Біліп қой, тастап кетемін онда. * Аққардай сенің төсіңе Отырмын сүйеп басымды, Тыңдаймын небір сырыңды Жүрегің нені жасырды? Гусарлар кіріп қақпадан, Маңайды бір сәт дулатты. Ертең-ақ гусар өзімен Әкетер сені қымбаттым. Ертең ғой бірақ ол енді, Ал бүгін маған келесің, Басармын-ау бір мауқымды, Тек маған көңіл бөлесің. * Қаладан тайды гусарлар Көңілді шайқап бүлдірген... Қасыңда қалдым тағы да, Гүл ұстап келіп тұрмын мен. Гусарлар — еркін бір халық! Көрсетер дәйім жеңіл бой. Жүрегіңді де қонаққа Сыйлауға тура келді ғой. * Өзім де сол бір жылдары Жүректің кешіп мұңдарын Heшe рет жандым, өшкенмін. Қызуы бойдың тарады Құмарлық сөніп барады, Ей, шырақ, сәтті қош келдің! Ұқтың ба? Көз жас бұлатпа, Қайғыңды қушы жыраққа, Күйініп бекер жасыма; Ойна-күл қайта жадыра, Өткенің қалсын адыра, Ей, шырақ, келші қасыма! * Сол көзқарас, баяғыда Жүрегімді жылытқан, Баяғыдай шырайлы ерін Бой қыздырып ұйытқан. Назды үнің де сол күйінде, Оны бірден сезгенмін. Тек мен ғана баяғыдай Емеспін ғой, өзгердім. Қаншама ыстық болса-дағы Діріл қаққан құшағың, Әлденеге алаңдаймын, Әлде кімді құшамын. Саламанки бағы қандай! Таза ауасы — бір емің. Кешке таман сүйіктіммен Сейіл құрып жүр едім. Қыпша белді келем қысып Ештеңені көз көрмей, Өр кеуденің сәл дірілін Саусақтарым сезгендей. Кенет аймақ шошытқандай Әлде не деп сыбырлар, Әлде немен жүрегіме Жара салмақ түрі бар. — Ах, сеньора, сезем, сезем, Мені, сірә, қуар-ау. Енді бүйтіп жүре алмаспыз, Бәрі осымен тынар-ау. * Көршім мынау дон Энрикең, Ұшқын атқан жүз жалын, Бір қараса қиып түсер Саламанктің қыздарын. Күндіз жүрер қыдырып ол, Қыздар ішін күйдіріп. Шпор шырт-шырт, әсем мұрты Кездескенді идіріп. Бірақ салқын іңір түссе Үйде жалғыз қиялдап, Шертеді-ай кеп ол гитарды, Әлдекімге жыр арнап. Шертіп-шертіп жібергенде ол, Қыздырады денеңді! Антұрғанның үні нендей, Төгеді-ай кеп өлеңді! * Сыздады жүрек деген, шаршады аяқ, Жат өлке, түнде келем мен ерінбей. Жарқ етті кенет айырмүйізді орақ Сағынған туған елдің сәлеміндей. Жарқ еткен сол бір нұрдың сәулесінен Бар қайғым болды ғайып жанды улаған, Болды ұмыт азабым да мен кешірген, Шық басты көздерімді жаудыраған. * Өлім — түн, қараңғылық тұсауында, Ал өмір — қапырық күн тұншығардай. Күн батты тартады ұйқы құшағына, Қажыдым ұзақ күннен үн шығармай. Ұйқыға шомудамын, ағаш шулап Бұтақта бұлбұл сайрап ән шырқайды. Сүйсініп әсем әнге аунап-қунап Елтимін, ұйықтап жатып мен тыңдаймын. * Айтшы деймін, қайда аруың сондағы? Сиқыр жалын жүрегіңде лаулады, Осыншама шабыттанып жырлап ең, Ынтығып ең, ештеңе де болмады. Айқай, сөнді-ау сиқыр жалын сылқылдап, Жүрек мұздай, жүрек қазір тұр жұтап. Сонда жанған махаббаттың алаулай Күл салынған тостағаны — бұл кітап. ЖАҢА КӨКТЕМ * Айнала аппақ таң ертең Шыға келсең бақшаға, Жел гулейді, бұлт көшіп Көктің жүзін жапса да. Жап-жалаңаш сай-сала, Қыс түргендей білегін, Сен де қыстай суықсың Қалтырайды жүрегің. Кенет үстің болды аппақ, Ақ мақтадай жармасқан, Апрельде, ғажап-ау, Ағаштарды қар басқан! Қар емес ол алайда, Жүрек жыли жөнелді! Гүлдеріне көктемнің Өне-бойың бөленді. О, керемет, бар жақта Тұрғандай-ақ қар гүлдеп, Қыс орнына май келіп, Жандырғандай жанды үрлеп. * Қыздай гүлдеп көк тоғай, Қырда шешек атыпты, Күлімдейді көкте күн, Келдің ғой, май бақытты! Бұлбұл! Сен де, естимін, Шырқаудан бір тынбайсың, Мұңлы нәзік үніңмен Махаббатты жырлайсың. * Көктем түні қарайды Көктен бір көз, жылы із бар. Нажағайдан бұқсаң сен — Махаббатың тұрғызар. Бұлбұл отыр әндетіп, Өтті үмітпен күндері. Қозғап еді ән көңілді — Жаным қайта гүлдеді. * Сүйемін гүлдерді, білмеймін бірақ та Қайсысы тарқатар қайғымды. Іздеймін жүректі, мейлі ұнат, ұнатпа, Қаласам екен мен қай гүлді Аңқыған жұпарын себеді кімдерге? Бұлбұл да тұр өзін әйгілеп. Іздеймін жүректі үңіліп гүлдерге, Мұңыма мұң қосар қай жүрек? Шырқайды бұлбұл құс, бойымды менің де Ән деген билеп ап барады. Күй құмар көңіліміз бір біздің тегінде Қинайды мұң басып шамалы. * Майдың лебі тағы есті, Гүлдеді аймақ әр қилы, Асып небір белесті Бұлттар көкте қалқиды. Өзге бір үн сазы бар Бұлбұл әні әманда. Секіріп жүр қозылар Көк майсалы көгалда. Секіре алмай, ән айтпай, Мен ауырып жатырмын, Қиялданам алақтай, Әлденені шақырдым. * Түкпіріне жүректің Жетті бір үн жалғасы, Төгіл әні көктемнің, Одан да әрі заулашы. Құйқылжы да төгіл ән, Гүлдерге бар, заулай бер. Раушан гүлге кезіксең Менен сәлем жолдай гөр. * Шулады орман, құстардың Ұясы бір — жыр мекен. Капелланың осынау Бастаушысы кім екен? Әлде сұрғылт қызғыш па Маңғаздана қараған? Әлде көкек тәптіштеп Алған демін санаған? Әлде сонау салмақты Көкқұтан ба аяғын Секеңдетіп серпиді Дирижердей таяғын? Жоқ, осынау зор әнді Бастаған да мен өзім, Қанат бітіп, бір шабыт Шақырғанын сеземін. * Көктем түні қанша гүл Жайды қанат, жайды үміт! Жүрекке де көз керек, Қалмау үшін айырылып. Қай гүлге ауар аңсарым? Бәрі шешек атқан бек. Сыр шерткендей бұлбұлдар Лилиядан сақтан деп. * Етегіңмен сәл сүйкеп Жанай өтсең жанымнан, Түсіп сенің ізіңе Тентек ойым сабылған. Жалт қарасаң жарқ етіп, Дегендей бір: «Әрі жүр». Шошып жүрек соныңнан Ілесер-ay бәрібір. * Судан басын көтеріп Лилия ойға шомады. Ай күлімдеп аспаннан Ынтыққандай болады. Қысылғандай лилия Суға қарай береді. Ай сұрланып, дірілдеп Нұрды аямай төгеді. Сен көгілдір көзіңді Қадайсың өн-бойыма, Үндемеймін мен байғұс, Түсіне алмай ойыңа. Кетпейді естен көк көзін Тартқандай бір мол сыйды. Көк теңіздей тәтті ойлар Жүрегімде толқиды. * Жүрек қайта жадырап. Ыдырады мұң деген. Жұттым қайта май лебін, Енді мен де гүлденем. Көше кезіп қыдырам Бәрібір күн, маған түн. Мүмкін, жаным қалайтын Мен біреуді табармын! Өзен менен көпірді Жағалаймын ойқастап, Мүмкін, біреу тұсымнан Өтер маған көз тастап! Сарылынан тасқын су Естимін мұң тағы да. Толқын сырын ұғамын Жақын менің жаныма. Ендім ғажап дүниеге, Құстар соны біледі, Тағы ғашық болған бұл Есуасқа күледі. * Сүйем сені, бекер жанды қинадым, Тұра алмаспыз, ренжіме түк өнбейді Сенін жарқын сондай нәзік дидарың Менің мұңлы жүзіме сай келмейді. Жасырмаймын ынтықпын-ақ өзіңе, Қарашы өзің жүдеп солып барамын! Көп ұзамай жексұрын боп көзіңе Көрінермін, ренжімеші, таямын! * Қаптаған гүл ішін кезіп Өзім гүлдеп келемін, Ұйқылы-ояу адамдай бір Тек сүріне беремін. Ұста мені көгершінім! Әйтпесе көз бұлдырап Аяғыңа жығылармын Жұрт көзінше құлдырап. * Айдынында ай қалқып Теңіз, шайқап сабаны, Ап-айқын боп, сабырмен Өз жолымен ағады. Айқын сенің жолың да Сабырлықпен кел дейді. Жүрегімде тек бейнең Маған маза бермейді. * Уақыттың есебін бұл кім ашты екен? Кім тапты сағатыңды мезгіл-мекен? Түнерген ол әпенде шығар бәлкім, Тапжылмай қалам ұстап отырды әр түн. Отырды санап солай, тыңдап түнді Шырлаған, шиқылдаған небір үнді. Есебін сүйісудің кім ашты екен? Ауыз ғой, ғашық ауыз емес бөтен. Ойланбай сүйе берді ол, сүйе берді, Жарықтық жадырап май күле келді. Гүл атты бар төңірек, сай да бүгін, Шырқады құстар әнге, жайнады күн. * Өткен түс пе бұл деген? Өткенді еске неге алдым? Сенем уәде сөзге мен, Сол көшеге оралдым. Сондағыдай тілдесіп Айырмүйіз бұл орақ, Тас құдайлар сіресіп Қабырғадан тұр қарап. Ай, білемін, бізді алдар Тым тәтті ойлар жылытқан, Төзбес жүрек ызғарға, Гүл де солар суықтан. Біз дағы сол суырмыз Хоштасып бек лезде — Бірімізге біріміз Ынтықсақ та бір кезде. * Тағы есіме түсті бейнең, Әкетсе де жел айдап. Үнің неге толқытады? Жүрем дәйім қарайлап. Айта көрме: «Сүйемін» деп Ұят деген бәрібір Бізге соқпай кетпес, білем, Махаббатпен мәні бір. Айта көрме: «Сүйемін!» деп, Сүй, сертіңді тасташы. Мазақтай бер солған гүлді, Ертең келер басқасы. * Ай нұрына жөке мас, Жел самарқау еседі, Бұлбұл үні айнала, Көңіл шіркін өседі. — Жаным! Жазда тамаша-ау Жөке ағаштың ығында Сыр шертісіп отырған Шомылып ай нұрына. Жапырағы жөкенің Жүрекке ұқсас баяғы, Сондықтан да ғашықтар Қалайды осы саяны. Сені бұлдыр небір ой Билеп алды-ау білемін. Не қалар ең, асылым, Не тілейді жүрегің? — Мен айтайын сұрасаң, Маған керек үскірік, Жердің үстін қар басып Соқса боран ысқырып. Мініп жұмсақ шанаға, Күн көзімен сырласып, Зауласақ-ау, қалқашым, Ән, күлкімен дуласып. * Айлы бір түні орманнан Эльфалар көрдім зырлаған, Қоңыраулатып жаңғыртып Өзгеше бір күй тынбаған. Ауаны тіліп қақ жарып, Кілең бір ақбоз сәйгүлік Аққудай ұшып барады, Көргеннің көзін тайдырып. Королева өтті күлімдей Бас изеп, тұр ем жолында, Не болар? Тағы сүйем бе, Әлде бұл менің сорым ба? * Хатыңыздан өлмедік, Сол баяғы қалпымыз, Қалыпсыз ғой кем көріп, Бір том еді-ау антыңыз! Алты тарақ болса да Көп жазыпсыз, көбелек! Айну үшін, соншама Сөз шағындап не керек. * Қорқа көрме, жұрт алдында Жайып салды сырды деп, Мен өзіңе арнаппын-ау Небір тәтті жырды көп. Жатыр бұғып гүл ішінде Естілмей еш ызыңы, Олар менің құпиям ғой, Көңілімнің қызуы. Егер тіпті гүл тұтанып Жанса да, кім еледі! Бұл дүние, отқа сенбей, Ол поэзия дер еді. * Алтын аяқ — жұлдыздар Көкті шарлап кезіп жүр. Жерді ұйқыдан оятып Алмау үшін безіп жүр. Тына қалған орман да Құлақ түріп дыбысқа! Шомды ұйқыға төбешік Түскендей бір уысқа. Тоқта!.. Мынау не дыбыс Салды кенет ой маған. Сүйіктімнің үні ме, Бұлбұл ма әлде сайраған? * Қол үздім тағы қинала Құмартқан сол бір жүректен Қол үздім тағы қинала, Не деген өмір зу еткен! Гүрсілдеп көпір тарылған, Төменде толқын зулайды. Қол үздім тағы бағымнан, Қайтейін көңіл қимайды. Жұлдыздар көкте бүрсеңдеп Зытады шошып түрімнен... Кешір сен! Қайда жүрсем де Сендікпін мәңгі күнім мен. * Үміт гүлдер, кезі келсе Солып бірден кетеді. Қайта гүлдеп, қайта солар — Өмір солай өтеді. Оны көптен білемін мен Бақытты алдан күтпеймін. Барымды мен күлсе-дағы Жүрегіме жүктеймін. * Кезіп келем дүниені тым налып, Жаным мұңлы, ажал аузын ашқандай. Ноябрь де келіп қалды нұрланып, Жердің бетін қалың тұман басқандай. Аққайыңнан ұшты соңғы жапырақ, Құстардағы тайды жылы жағына. Күрсінеді орман, дала қалтырап, Құдайым-ай, күн суыды-ау тағы да. * Күз келді, басып көк тұман Маңайды көзден жасырды. Жапырақты үзіп сап ылаң Орманды дауыл басынды. Жалғыз-ақ жасыл үйеңкі Күткендей әлде бірдеме, Мұңайып басын иеді, Төгеді жасын бұл неге? Жүрек те толқыр осынау Жаны бар ағаш секілді, Солмадың сен де, досым-ау, Құлпырта түсіп бетіңді. * Сұрғылт аспан жаңбырлы, Қалған күңгірт түр ғана, Бейқам жатып қалғуды Сүйер дәйім бұл қала. Бұрынғыдай бәрі де, Қараңғылық баяғы. Қалмапты алдау әлі де, Әлі де өсек жаяды. Оңтүстігім, қайдасың! Күннің көзін сағындым. Бұл қаланың пайдасын Көрмедім мен, тарылдым! ӘР ТҮРЛІ ӨЛЕҢДЕР Серафина * Қараңғы түнді жамылып Орманды кезіп келемін, Бірге еріп келе жатқандай Бейнеңді сенің көремін. Желегің бе әлде ағарған, Ай жүзің бе әлде шынында? Жалт еткен орман ішінен Әлде бұл айдың нұры ма? Аулақта тамған мынау жас Кімдікі дерсің, қарғашым? Бар ма еді менде әлде өкпең, Әлде бұл сенің көз жасың? * Жағасы теңіздің cap дала, Түн басып көк теңіз гулесті, Ай қарап алыстан наздана, Толқындар өзара тілдесті: — Мынау бір бейтаныс неткен жан Ғашық па, әлде бір ақымақ? Біресе шалқиды шадыман, Біресе жылайды жатып ап. Ай сонда қуланып жымыңдап, Тіл қатты көрсетіп батыл бой: — Ол рас, ғашық та, ақымақ, Бәрінен бұрын ол ақын ғой. * Ақ шағала жүр ұшып Жеп-жеңіл боп қалқиды, Тастай теңіз үстінде Жоғарыда Ай шалқиды. Акулалар тереңге Батқан шығар сырғанап, Шарқұрып жүр шағала, Ай аспаннан тұр қарап. О, не болды жаныма? Жайлағандай бір күйік. Жақын тұрсың сен суға, Ай дегенің тым биік. * Жұртқа ұнаймын, онымды Көптен бері білемін. Сырыңды өзің ашқанға Секем алды жүрегім. Тауға шықтым, шырқадым, Қуаныштан көп күлгем, Жағасында теңіздің Көз жасымды төктім мен. Күн секілді, жүрегім, Жанды ерітіп жанады, Махаббаттың өріне Шалқып жүзіп барады. * Шағала жүр ойқастап, Қызығына батамын, Құлағымды ерніңе Неге сонша тақадым? Білгім келіп барады Ернің бір сыр төге ме? Еститінім құр сөз бе, Шөп еткен үн келе ме? Түсінбеймін өзім де Жанымды өртеп өткендей. Сөздер менен сүйісу Араласып кеткендей! * Тұра қашты еліктей Өз-өзінен қалтырап, Тастан-тасқа секірді Шашы кеткен жалбырап. Қуып жеттім жартастың Шетін мен де көздеп ем, Асқақтаған жүрегін Бастым жылы сөзбенен. Отырдық біз биікте, Көкте қанат қаққандай, Төменде күн толқынға Батып бара жатқандай. Батты күннің сәулесі, Батты толқын түбіне, Теңіз оған мәз-мейрам, Бір шаттық бар үнінде. Жылама күн егіліп! Түк болған жоқ сәулеңе, Жалынымен бар қызу Жасырынды ол кеудеме. * Құмарлықтың елесі Ғажап, жетсең арманға! Ау, ессізім, бәрі осы Мәңгі бітпес жалған ба? Сүйген көңіл құриды Мейлің илан, иланба Жүрек тағы суиды, Көз де ұйқыны қиған ба! Ару қыз, қарап теңізге Күрсініп, нені ақтардың? Қайғы бар мұңлы көзіңде Қинады неге батқан күн? Ару қыз, түсін шындығын Мұңайма, сағың сынады. Алдыңнан батса күн бүгін Артыңнан қайта шығады. * Желкенді кемем заулайды Толқынның тіліп өңменін. Білсең ғой, қапа көңлімді, Түбіме жеттің сен менің. Қатігез сенің жүрегің Кеудемді мұзға толтырды. Жел қуып кемем заулайды Қақ жарып тағы толқынды. * Не істедің маған, мұныңды Білмей-ақ қойсын елің де, Балыққа ғана сырымды Айттым мен мұқит өрінде. Жер үстін несін былғайын, Жақсы боп жүрген жайың бар. Азғындық сенің бұл жайың Мұхитқа бірақ жайылар. * Толқындар жамрасып Бір бірін қуады. Жағаға жармасып Жартасты ұрады. Толқындар үдейді Шаңданып долы жүз, Нажағай тілейді,— Қайтеміз оны біз? * Теңіздің жағасында жар қабақта Отырмын, небір ойлар шақырады. Бұлт, дауыл, шағала ұшып далбалақтап, Толқынды толқын қуып сапырады. Көп еді достарым мен ерке қыздар, Еске алдым, қайсысы қайда кетіп еді? Тек қана гулейді жел келіп ызғар, Толқындар көшіп-қонып көпіреді. * Теңізге алтын құйғандай Күн сәулесі тосыннан Мен өлгенде, достарым, Түсіріңдер осыған! Бұл теңізді сүюші ем, Толқындарын төседі, Жүрегімді жылытқан, Ол мені мен дос еді. Анжелика * Құп алдым құдай күлкісін, Үндемей қайтып тұра алам? Қайғының тіліп қыртысын Қажымай талай жырлағам. Еліктеп жастар жыр жазып Қадірін жырдың кетірген, Көңілім қалған құлазып Қайтейін іштей өкінгем. Бұлбұлдың үні дірілдеп Кеудемді кернеп жандырып, Құйылшы бір сәт, дүбірлет, Бәрін де қайран қалдырып! * Шапшаң келе жатыр ең Жалт қарадың бір кезде... Иек қағып менсінбей Сен өзгердің ілезде. Желегіңді жел түрді, Қарадым мен жүзіңе, Жіп-жіңішке балтырдың Түстім несін ізіне? Ғайып болды өр мінезің, Жүзде қалды жеңіл сыз, Ызаланып көнгендей Сондай суық көңілсіз! * Жоқ, сүйіктім, сенбеймін Сенің қатаң сөзіңе. Ұқсамайды жанарың Рақымсыз жан көзіне. Сүйем сені, үндеме, Жалған айтпа, сыңарсың! Жүрегіңді аш маған, Жүрегіңмен ұғарсың! * Көзін жұмып, ернінен Сүюді мен ұнатқам, Білгісі кеп себебін Мазамды алып құмартқан. «Сүйгеніңде ернімнен Көзді неге жұмамын?» Деп қоймайды түннен ол Таң атқанша сұрағын. Түсінбеймін өзім де Оған не деп айта алам. Көзін басып, ернінен Сүйемін мен қайтадан. * Сенің ыстық құшағыңда бой балқып Жатқан сол бір таңғажайып кезімде, Еске салма Отанымды ойлантып, Себебі бар, жақтырмаймын өзім де. Қойшы соны, немістерді қайтесің, Онсыз-дағы жүрек деген сыздайды, Отанымды еске алайын мен несін? Себебім бар, оған жаным қызбайды. Көздері көк, дәйім үміт үзбейді Бізде әйелдер әлденеге алаңдап, Жүректері шын махаббат іздейді, Себебі бар, соның бәрі маған жат. * Жат жарына сұқтанып Кейде адымын санаймын, Жат қақпадан көзімді Мен айырмай қараймын. Мүмкін, біреу менің де Торып жүр-ау үйімді, Менің дағы қақпама Бәлкім бір көз шүйілді. Жарасып тұр бәрі де! Жой қырсықты қақ тіліп, Бәрімізге, уа құдай, Сыйла бақ пен сәттілік. * Итерме мені, сөнсе де от! Оралмас көктем, жарығым, Аз уақыт берші тым болса Біткенше сөніп жалыным. Сүймей-ақ қойшы, мейлі ғой, Жүрелік дос боп сырласып, Достық та қымбат әлбетте Болғанға дейін біз ғашық. * Сезім деген о шіркін Шапшаң билеп сананы, Құмарлықта шек жоқ-ау Бойды үйіріп алады. Күнде ынтыға түсемін Жүрек тулап шыдамсыз, Осы әйелге ғашық боп Қалғандаймын күмәнсіз. Жаны дархан секілді, Солай ма деп болжаймын. Ал кескіні сұлу-ақ Ұққандаймын ол жайын. Қандай әсем күлкісі Бойда жігер төккен күш. Неткен мұрын! Аршын төс! Неткен мықын! Неткен тіс! * Жасырмай төгіп сырыңды Алдыма жайып салғанда, Ақылды сөзің қуантып, Жеткендей болам арманға. Дедің сен: «Көңілім қаяусыз Берікпін, жаным төзімді. Адамдық, намыс жолында Құрбандық еттім өзімді. Миллион маған берсе де Сатылмас едім, тартып бой Сатылғанша өйтіп масқара Өлгенім менің артық қой». Алдыңда жіпсіз байланып Өзіңе қайран қалдым мен, Кіршіксіз қайсар бейнеңе Құмартып, естен тандым мен. * Қорықпа, мұнда қауып жоқ, Өтсін бір уақыт күліп шат, Қорықпа, бізді ұрламас Есікті қойдым құлыптап. Соқса да дауыл қаншама Құлатпас үйді ол мына, Өрт шығып кетпес үшін мен Сөндіріп қойдым шамды да. Рұхсат ет, жаным, қолыма Асылсын ыстық мойныңа, Орамал болып оралсын Жібермей суық қойныңа. Гортензия * Сенуші едім назданбай, Сүйгендерге сүйіне, Тағдыр солай жазғандай Жаралғалы дүние. Сүйісуді өзім де Білуші едім бір жандай, Беріліп шын сезімге Бір үлкен іс тынғандай. Сүйісудің мен кейін Ұқтым барлық жағдайын, Енді оған мен сенбеймін, Оның несін талғайын. * Біз екеуміз көшеде Тұрдық тура бір сағат. Сырымызды бүкпедік Болғандай бұл сын сағат. Қайталадық жүз рет Қос көңіл бір кенелді, Тұра бердік бұрышта Білмей шаршау дегенді. Бір мезгілде әлдекім Арамызға тұра қап, Сықылықтап жоқ болды. Жалт еткендей бір қарап * Күнде тәтті ой шырмаса да, Ұйқым келмей жатқан түн Жүрегімнен кетпес күлкің, Қызығыңа батқаным. Есіңде ме, Монморансиде Есекке сен мініп ең. Құлап түстің, таптым сені Түйе тікен түбінен? Есек саспай тұрып қалды, Тікенге аузы жармасып, Сол бір күлкің әлі есімде, Ұмытпаспын, қарғашым. * Қыз айтады: Бақ төрінде алма ағаш, Алмадан көз тұнғандай, Жапырақтар ішінен Жылан қарап тұрғандай. Алды үйіріп өзіне Мен рахатқа батыппын Шақырып тұр ысқырып Мекеніне бақыттың. Апайы айтады: Бұл жемісі тірліктің Тәтті дәмін тат деймін, Сонда ғана өмірің Ылайым бос өтпейді. О, момақан қызғышым, Тістеп көрші ақырын, Сенші маған, алшы бір Апайыңның ақылын. * Жалған бақыт сыры ашылды, Жатпас жалған тегінде, Сенің бейнең мәнсіз түстей, Сақталмады көңілде. Селдір тұман арасынан Күн құйып тұр қызуды, Біздің көңіл бірден суын Басталмастан үзілді. Кларисса * Тілегімді білдірсем Сырыңды бір ашпайсың, Бас тарту ма, бұл?— десем, Өксіп жылай бастайсың. Сиынушы ем мен сирек, О, тәңірім! Бұл — күйік, Қыздың көзін құрғатшы Миына сәл нұр құйып. * Барсаң да қайда, кезігем, Шаттықтан шәрбәт ішермін. Діңкемді құртқан сайын сен — Сенімді бола түсермін. Мен ұйып қалдым, сене бер, Кетпеспін бірақ жармасып, Қасиетсіз болғың келсе егер Болғайсың маған сен ғашық. Ақ шайтан алғыр жұғымсыз, Театрда сенің ата-анаң, Кездеспек едік, солар ғой Біздерге бөгет жасаған. Отырып алып керіліп Көрсетпей сені, қымбаттым, Бүркеді-ау жұрттың көзінен, Солары жанға тым батты. Күйігін екі ғашықтың Отырды көріп жайраңдап, У ішіп өлген шақта олар, Қолдарын соқты қайран ғап. * Барма деймін ол жаққа, Бәрі ол көзден қаймығар. Сол бір көздер жарқ еткен Нажағайды тайдырар. Жоғарыдан ізет қып Сүйкімді көз арайлы Қарындасша қиылып, Сәл күлімдеп қарайды. Тілегіңнен түк шықпас, Шіркін, кімнің ай-күні! Әкелерсің тек үйге Жүрек толы қайғыны. * Кеш қалдың, бітті бәрі де! Күрсіну, күлкің — маған жат! Бір кезде өзің бастартқан, Сөнгелі қашан махаббат. Ұғындың тым кеш! Ынтыққан Жанарың өзек жандырмай, Жүрегімді енді жылытпас, Түнекке түскен сәл нұрдай. Білсем ғой шіркін, өлгенде Жан рахат қайдан табарын? Тынған жел қайда соғарын? Сөнген от қайда жанарын? * Жан күйзелді тағы да, Табылар ма керегім, Жарық күнде орманнан Жауап іздеп келемін. Тына қалды құстар да Жағдайымды пайымдап, Жайқалады бұтақтар Олар дағы уайымдап. Жақын қалды міне алаң, Отырдым бас қаңғыртып... «О, кішкене мысығым!» Деп саңқ еттім жаңғыртып. «... Менің жайсаң мысығым, Қалай қатаң боп кеттің, Жолбарыс боп жаралап Жүрегімді жеп кеттің!» Көзің сенің ойнақшып Кетіп еді, қағылдым, Жеңіп жаңа құмарлық, Құрбандыққа шалындым. Дедің сонда: «О, сенші, Аз да болса ылайым! Тырнамаймын сүйіктім, Мысықпын ғой мүләйім!» Эмма * Тапжылмайды бағанадай Неткен қайсар бір беткей, Шілде, аязда қол созады Жерге қаққан діңгектей. Тұрды солай өр Багират, Брама сәл қиылды, Ганг көктен төмен сайға Құйылсын деп бұйырды. Сүйіктім мен, сарғайдым ғой, Тағдыр, бетті бұрсаңшы, Көздеріңнен ақсын маған * Күтемін мен күн ұзақ Деймін, сәтін бере гөр, Көз қиығын тастаса Жан рахатқа бөленер. Бойды ұйытып айтуға Тіл жетпейді не керек, Ауызды ашсаң... алысқа Ұшып кетер көбелек! Жанарынан жалт еткен Өзгеше нұр тарады. Көктегідей көңлімде Бақ жұлдызы жанады. * Сүйсем етті бір ғана — Айлар ойлап жүрер ем! Ернім кеуіп міне енді Қайыршыдай түнерем. Бірде бақыт қасында Тұрдым тыңдап тынысын, Тайқып берді бірақ ол Тағы бос қап уысым. * Эмма, деші бірдеңе, Мені есімнен тандырдың, Әлде сүю сондай ма, Қайда лағып қаңғырдым? Салдың, Эмма, азапқа, Сүйемін деп соншама Ойлап па едім, көнемін Есуастық болса да. * Сәл кезіксек — дау-жанжал Еш ырыққа көнбеген. Ажырасу өзіңмен — Өліммен тең ол деген. Қиялданам түн бойы, Әлде дозақ, не өлім. Бұзық ойдан осы бір Мен бүлініп келемін. * Көлеңке басы салбырап, Келеді жылжып суық түн. Қалыппыз біз де қалжырап Құр сабын ұстап құрықтың. Қартайып қапсың, мен-дағы Берілдім, көктем болды ұмыт. Жүрек те сыздап солғаны, Келер-ау қыс та тоңдырып. Бәрі де бітті-ау, бос қалды, Ғашықтық ұшты көңілден, Ғашықсыз күндер басталды, Ажал жүр қалмай өмірден. Катарина * Бір жұлдыз туды көгімнен, Көңілге нұры төгілген, Дейді: өмір маған бұйырған. Тек жалған айтпа — сиынам! Теңіздей толқып, шалқып жан Өзіңе қарай талпынған. Ыстық-ақ нұрың құйылған... Тек жалған айтпа — сиынам! * «Танысқыңыз келе ме оныменен?»— Герцогиня өзі кеп сыбыр етті. — О, жоқ, шыдай алмаспын тегінде мен, Онсыз да естен тандырып дірілдетті. Қорқамын мен әдемі келіншектен, Қалшылдаймын әйтеуір алдында оның. Естігендей боламын әмірді өктем, Секілденіп тұрады әр күн сорым. Соңына еріп келемін іштей налып, Тек қасына жақындай алмаймын мен. Көзі үйіріп барады еркімді алып, Жұлдызындай тағдырдың талмай күлген. Неткен маңдай! Кенет күн жарқыл қағып Күркірердің алдында әрең шыдап, Сеземін мен — дауылдың соғары анық, Шаңырағы жанымның түсер құлап. Неткен ерін! Мынау не, о құдайым, Арасынан гүлдердің жылан көрдім, Жаралайды-ау кеудемді неғылайын Жалған айтып тағы да, қайтем көндім. Әлсіредім! Амалсыз келем еріп, Бас алаулап барады атқан таңдай! Тағы сол үн... Неткен наз, неткен көрік! Сөздері оның жалынды шырқатқандай! «Монсиер! Бұл жаңағы ән шырқаған Періштенің аты кім, қандай ханым?— Деймін мастай теңселіп басып қадам, — Кешіріңіз, мен... ести... алмай қалдым». * Аңыздағы бізге қанық Мерлиндей бас идірген, Қалғандаймын сиқырланып Қозғала алмай тұрдым мен. Бұл тұтқыннан шығармын ба? Аяғыңа жығылдым. Қараудан бір тынармын ба? Уақытқа да жүгіндім. Өтіп жатыр күндер заулап, Түтінге еніп кеткендей. Өз сөздерім болды жұмбақ, Сенікі де дес бермей. Егер ернің жанап өтсе Ерінімді сәл менің, Ішкі жалын сыртқа тепсе Алаулар-ау өңменім. * Жүрегімнің тұсында Күлімдейді нұр жүзің, Аспандаймын мен саған, Ал сен — менің жұлдызым. Сонау терең төменде Адамдар жүр жыбырлап, Айғай-сүрең, дау-жанжал Өзінше әркім қырындап. Қалпақтары қаудырлап Келісе алмай әманда, Бірін бірі түрткілеп Төмпештейді табанда. Бақыттымыз, біздерге Жетпес олар, жасқанба. Басыңды сен, жұлдызым, Сүйедің ғой аспанға! * Сүйем нәзік денені осы, Көзі от шашып жанатындай, Екі иықты жапқан шашы Қараңғы түн қанатындай! Дәл осындай әйелді мен Ұзақ уақыт іздеп едім, Сен де ұмытқан сияқтысың, Гүл жайнайды жүз дегенің. Тауып менен керегіңді Мақсатыңа жетерсің-ау, Аймаларсың, белгілі жай, Кейін алдап кетерсің-ау. * Қосады көктем ежелден Көркіңе көрік басқадай. Айнала гүлге бөленген, Айнала тегіс бақшадай. Қасымда менің сұлуым, Құйындай жүйткіп зуладық, Көзінің сезем жылуын, Жүрегі неге тулады? Ысқырып, гулеп төңірек Жаңғыртып тау-сай серіңді, Ағаштың басы желбіреп Гүл ашқан шыңдай көрінді. Сүйсінді гүлдер далада Сұлулық еді неткен деп, Сүйсінді гүлдер маған да Бақытқа қалай жеткен деп. Алайда бақыт —бір елес! Зу етсе көктем солғаны, Көктеммен бірге түк емес, Айнырсың менен сен-дағы. * Кездім кеше түсімде Мен жұмақты талып бой. Өзің барсың жанымда, Сенсіз жұмақ — тамұқ қой. Көрдім онда ең тәуір Пәк жандарды жиналған, Болу үшін күнәсіз Жер үстінде қиналған. Тақуаларды көрдім мен Безіп келіп бекіпті, Кәрілер де қаптаған. Жастар азып кетіпті. Қатаң жүздер киелі, Ақ сақалды кәрі де, (Еврейлер де кездесті,) Салтанатпен бәрі де, Қасымда сен болсаң да Тіпті сені елемей, Кейі маған жабысып, Кейітеді телегей! Тек солардың ішінен Бірі саған қарады, Тәуірі де сол екен, Жалт-жұлт еткен жанары. Мейірбанды, салмақты Бәрі сондай болса адам, Магдалинаны көргендей, Көз тастады-ау ол саған. Білем, оңды ол бәрінен, Сондай таза көктемдей, Сонда да бір қызғаныш Мені шаншып өткендей. Шынымды айтсам, жұмағын Маған тар боп, сыздандым. Кешір мені, құдайым, Пайғамбардан қызғандым. * Тойға мынау әркім ертіп Әкеп жатыр сүйгендерін. Бәрі де шат көңіл елтіп, Тек мен ондай күйге енбедім. Сырқат жандай ауыр тиген Қаштым тойдан ойын-сауық, Қаштым ғажап ән мен күйден Англияға аңсар ауып. Мынау гүлді берем кімге? Жетім жанға батқан қайғым, Гүлмен бірге мен өзім де Солып бара жатқандаймын. * Ән айта алмай қапаланғам, Сөзге бірақ болмай бөгет, Көз жасындай кенет тамған Жыр құйылып кетті кенет. Қайта шырқай аламын мен Махаббаттың мұңын шағып, Жүрекке азап сала білген, Алыста аңсап өзек талып. Бас жағымда біздің емен Жапырағы жайылады. Сыбырлап ол, жолық, деген, Түс қой бірақ,— шайылады. Тыңдағандай болдым тағы Мен немістің бұлбұлдарын, Ынтығып жан құмартады, Түс қой бірақ,— бұлдыр сағым. Көктемдегі мені ұнатқан Гүлдер қайда? Көрінбейді. Тек иісі құрып қақпан Дуалайды-ау мені мейлі. Китти * Шалқып бір жүрдім күн ұзақ, Кеште де болып көз алау, Күшті екен шарап, көңіл шат, Бәрінен Китти — ғажап-ау! Ып-ыстық ерні күйдіріп Ішімді өртеп барады! Көздері назбен қиылып, Қадала маған қарады. Алданды бәлкім жас жаным Ойнайды-ау, Китти ашына, Қолдарын орап тастадым Өзінің қолаң шашына. * Жанымыз біздің әмәнда Бірімен бірі туысқан, Сақтар-ау бірлік мәңгілік Бірімен бірі ұғысқан. Біріне бірі ұмтыла Ынтығып дәмін күтеді. Көңілді бейне көбелек, Жанға да қанат бітеді. Және де олар өлшеусіз Мәңгілік жасар дер едім. Жетсе егер уақыт, әркім де Табар-ау барлық керегін. Тән деген бірақ, иланшы, Сағынса зиян, суынар. Қанат жоқ онда, тек аяқ, Өлшеулі ғана күні бар. Сен түсін, Китти, осыны, Парижде әзір қалармыз. Ағылшындарға, бұйырса Көктемде жүзіп барармыз. * Кеше бақыт жарқ етіп, Бүгін туды жалған күн. Сенемін деп әйелге Тағы да мен алдандым. Құмарлықпен әшейін Құрық салып әріге, Жүрегіме үңіліп, Жалт береді бәрі де. Кетті бірі сұп-сұр боп, Бірі аңғартып жеңіл бой, Китти ғана: «Кешір!»—деп, Өксіп қоя берді ғой. БҰРЫНҒЫ БАҚЫТ Гүлге қонып бұлбұлдар Ән сайраған кезінде, Аймалаушы ең құшақтап Тартып мені өзіңе. Гүлдер солды күз келіп, Бұлбұлдар да көшті алыс, Кеттің ұшып сен-дағы, Жалғызбын, жоқ көз таныс. Оралар кез келді ғой, Сондай суық түндерде. Бақытты ойлап бұрынғы Әлде осылай жүрем бе? * Қайық шапшаң жылжиды, Қанаты жоқ ұшуға. Мынау Темза, тоқтаймыз Риджент — парк тұсында! Тұрады онда Киттиім, Жарым менің ермегім. Ондай аппақ, сүйкімді Ешбір әйел көрмедім. Күтіп отыр ол мені Келеді ғой қазір деп, Отқа жылжып жақындап Ыстық шайды әзірлеп. * Китти солып барады! Бозартып тым іреңді, Демін санап отырмын Хоштаспақпын міне енді. Китти солып барады! Ажал төнді қоймайды. Білсе-дағы оны өзі, Біздің қамды ойлайды. Мынау жылы шұлықты Қыста киген, деп, мақұл, Саған арнап мұны өзім Тоқығанмын, деп жатыр. * Сарғайды ағаш жалп-жалп етіп Жапырақтар қанат жайып... Айқай, қурап солды бәрі Барлық көрік болды ғайып. Күн де қадап мұңлы көзін Орман ішін бүркеп еді, Өтіп бара жатқан жазбен Хоштасқандай нұр төгеді. Мен ше... мен де жылағым кеп, Шерге толды сезім деген... Мынау көрініс салды есіме Хоштасқанды өзіңменен. Сол бір сәтте, шәйіт болып Кетеріңді білгемін мен. Сен — қираған теректей ең, Өтер жаздай жүргемін мен. * Мен ұмытқан сол бір көздер Елес берді-ау бүгін ұдай, Тағы да бір қыздың көзі Баурап алды бұрынғыдай. Сүйген сайын бұл ерінді Сол уақытты еске аламын, Күндіз өткен дырдуменен, Қуанышқа бастаған түн. «Сүйіктісің!»— дейді мансап, Сыбырлайды басқаша ақыл: «Одан гөрі бойында оның Адамшылық деген жатыр. Жұрт ренжітіп кеткен жанды Жұбатуға талпынады. Жапа шексе бір жақсылық Жасаймын деп шарқұрады!» Сен қасымнан бір кетпейсің Тыңдаймын мен тынысыңды әр! Үнің сенің күй секілді Гүлдің жұпар иісі бар! Жер түндігін жарқыратқан Жұлдыздай бір жайып нұрды, Шуағыңа бөлеп мені Сейілтесің уайымымды. * Ғажап, батқан күннің қызыл табағы, Одан ғажап бір көз қарас зиялы. Атқан таң мен сүйіктімнің жанары Жүрегіме қайғы нұрын құяды. Арайлы кеш — ажырасу шамасы, Сағынышқа бөлер келіп көрінбей. Жүрегім мен сенің көзің арасы Алшақтар-ау бейне теңіз өріндей. Толқиды жүрек қайтейін Амал жоқ іштей егілдім, Ескендей лебі сүйген сол Сенімді берік көңілдің. Кеудесін бір дерт кеулеген, Дәрмен жоқ түкті сезбейді. «Англияға, сүйіктім, Баруың керек тез!» дейді. РОМАНСТАР Әйел Бір-біріне ынтығып тұрған, тегі, Ері жылпос, әйелі сырдаң еді. Ері олжамен қайтқанда, оны құптап Мәз болатын әйелі сықылықтап. Думанменен күндері өтіп жатты, Дәйім олар қызыққа түнде батты. Жапты бір күн түрмеге құныққанды, Ал әйелі соңында күліп қалды. Ері тілек білдірді: «Келсін!» деді. Енді әйелі күйеуін менсінбеді. «Сағындым!» деп қайтсын ол жалпылдайды, Басын шайқап әйелі қарқылдайды. Таң сәріде дарға асты, болды ғарып, Жетіде оны түсіріп көмді апарып... Ал сегізде әйелі біреуді ойлап, Болмағандай ештеңе кетті тойлап. АҢСАУ 1829 Игі істер үшін әзірмін Қиюға қасық қанымды, Бұл ара бірақ тар қапас, Саудагер кілең сабылды! Ертемен кешке дейін жұрт Бақытқа мәз боп аз ғана, Қызара-бөртіп ішіп-жеп Салады бәрін саудаға! Олардың барлық кәсібі — Қалтадан қолды шығармай, Шегеді шылым сәнденіп, Көрмедім жанды бұлардай. Бар жақтан мұнда сатуға Жатса да келіп жалықпай, Өн-бойы дәйім олардың Сасыған бейне балықтай. Жоқ, одан артық жат қылық, Алса да арын жоғалтып, Быртиған беттен есепшіл, Ұрлықшы болған көп артық! Ей, ала бұлтым, әкетші Өзіңмен бірге жыраққа, Лапланда, әлде Африка, Әйтеуір мені бір жаққа! Әкетші деймін, о мені!.. Бұлт қайтсын, қырын қарады. Осынау қала үстінен Асыға үркіп барады. АҢСАУ 1839 Өзіңді, туған Германия Көзіме жас ап сағындым! Жеңілтек мынау қауымнан Жалықтым, іштей тарылдым Құр ақыл, құрғақ жұбаныш Жылтырақ Париж күндері. Құлақты, шіркін, қандырған Қоңыраудың сол бір үндері. Әдепті жандар сыпайы, Өзгеше бірақ бұл өзі, Еленбес туған елімнің Дөрекі небір мінезі. Ханымдар мұнда тамаша-ақ, Сөйлеуді тәуір көретін. Сүйкімді-ау неміс қыздары Икемге көне беретін. Көрген бір түстей бұл қала Тұрғандай бәрі айналып. Біздерде тәртіп мықты ғой Шыныққан мәңгі қайралып. Естілер бір сәт мүлгіген Күзетші күйі түндегі, Келеді кейде құлаққа Бұлбұлдың әсем үндері. Шулаған Шильда төрінде Бақытты-ақ еді-ау бұл ақын! Ай нұры менен наз гүлді Жырына қосып тұратын. КӨКТЕМ Өзен жақтан салқын самал өбеді, Май айында ғашықтарға күн туар Бақташы қыз гүлден өрнек өреді, Дөң басында отырып ап ынтығар. Көктем гүлдеп құлпырады нұр жайып, Ғашықтардың перделері сырылды! Бақташы қыз күрсінеді мұңайып, «Кімге тарту етемін — деп — мұнымды?» Әне жүйткіп бір салт атты келеді, Қызға сәлем жолдағандай қол бұлғап. Бақташы қыз көзін қадап төнеді, Тоқтамады өте шықты ол зулап. Суға гүлін лақтырып қыз ызалы Отыр жылап жасыл дөңнің басында. Бұлбұл сайрап, көктем жайнап қызады, Ғашықтар да сырласар-ау ашына! ӘЛИ-БЕИ Ісләмдік Әли-бей Тәтті өмірге бөленіп, Көп әйелдің ішінде Отыр балқып кенеліп. Біріншісі назданып Сақалымен ойнайды, Екіншісі еркелеп Шашын сипап қоймайды. Үшіншісі би билеп Арбайды оны алыстап, Төртіншісі мысықтай Жүрегіне жабысқан... Кенет бірақ дүрлігіп Соқты дабыл барабан: «Ал, көтеріл Әли-бей! Жау көрінді даладан!» Батыр мініп атына Жауға қарай ұмтылды, Көз алдында бірақта Көп әйелі құлпырды. Қырқып жауын, ажалға Ол күлімдеп беттейді, Әйелдері есінен Сонда да бір кетпейді. БЕЙТАНЫС Күнде асығам көруге Алтын шашты сұлуды, Мәуелі бақ ішінде Сүйеді екен жүруді. Қыдырады күнде кеп, Екі кемпір соңынан Қалмайды бір. Бұл кімдер? Еркек пе әлде торыған? Айхай, ешкім білмейді, Бұл сұлудың мән-жайын! Шалдықтым мен бір дертке, Қиындады жағдайым. Ерген екеу жүзінің Көрдім сұсты сортаңын, Бәрінен де өзімнің Жүрегімнен қорқамын. Қайтып айтам ойымды? Көрген сайын күнде мен Дей алмаймын ештеңе Күрмеледі тіл деген. Бүгін ғана білдім мен Лаура деген қыз атын, Сол сұлудың өзіндей Ғашық болған ұлы ақын. Сен — Лаурасың! Демек мен Петраркадан кеммін бе? Өмір-бақи жырлаған Не жетсін бұл тең гүлге! О, Лаура! Бұл есім Петраркадай мені де Баурап алды дуалап, Сақтармын-ау көңілде. БАҚЫТ Бақыт, текке таласып Әуре болма, мен сені Жұлып алам бәрібір, Көтер қайта еңсені. Қанжығама байлармын, Маған қырын қарама, Бас иерсің, тек қана Ем болмассың жарама. Қаным менің бұлақтай Жатса да ағып, жеңермін. Сөнсе де өмір ұшқыны Жеңіспенен өлермін. ЖОЛАМА МАҒАН Қараңғы түнді күн сүйер, Көктем де қысқа асықтың. Құштарсың өмір ажалға... Ал сен ше?.. Маған ғашықсың. Сүйесің мені... кей сәтте Көргендей үрей қарасын, Қан-сөлің қашып өңіңнен Сен, гүлім солып барасың. Жүрсің ғой көріп жалт еткен Көңілді жанның талайын, Сүй соны, маған жолама, Бақытсыз-ақ боп қалайын! ЖИҺАН КЕЗ Егер әйел тастап кетсе боп ғашық, Сонша сеніп келсең-дағы оны ұмыт. Сүй басқаны, әйтпесе сен жолға шық, Жиһан кезші, ренжи көрме торығып. Саясында көк орманның мәуелі Өзен көрсең тұнып жатқан айдынды, Аздап қана өксіп алшы әуелі, Жуып кетер кішкентай сол қайғыңды. Алқынып сен тауға жетіп көгілдір Шықсаң шыңға өрлеп күні-түнімен, Көзің тастап, дір етерсің тегі бір Саңқылдаған қырандардың үнінен. Еркін болып қырандардай осынау Қайта іздерсің өміріңнің мекенін, Жоғарыдан көрерсің сен, досым-ау, Жоғалтқаның азғантай-ақ екенін! Қыс Суық ызғар бетіңді Оттай қарып жалаңдар. Бүрсең қағып дірдектеп Дедектейді адамдар. Шыға келер аяздан Сәбіздей боп тұмсығың, Сыбызғы үні қандырды Құлақтардың құрышын Жаз жақсы ғой алайда, Орман кезіп нұр тамған, Махаббаттың әндерін Жалықпас ем шырқаудан. ОШАҚ БАСЫНДА Боран басып күйіне Терезені тұр қағып. Мен отырмын үйімде Әрі жылы, тым жарық. Қандай рақат тым-тырыс От басында ойлаған, Келіп таныс бір дыбыс, Алдыңда шай қайнаған. Қыздырынып мияулап Мысық жатыр маужырап. Алаулайды от лаулап, Қалғандаймын қалжырап. Кетті бір кез елестеп Ұмытылған бір күндер, Меніменен кеңеспек, Таңғажайып бұл кімдер. Бикештер бек гүлдепті, Аңғартқандай бір жайды, Бір мезгілде би кетті, Думандатып шырқайды. Айнала аппақ бейне ақ тас Ай нұрына бөленген, Бақтың іші бойлатпас Небір гүлді көрем мен. Арасынан тұманның Шықты қалқып бір қорған, Бұл дүбірге шыдар кім? Болды аттаныс жер толған. Кернейлетіп алқынып Ұмтылды алға ер лаулап... Шай қалыпты-ау сарқылып, Мысық жатыр мияулап. ПЕРІШТЕЛЕР Шынымды айтсам, мен бар ғой Құдіретіңе сенбеймін. Ғаламаттар болады Дегенге де ермеймін. Шығармаймын мен жоққа Періштені алайда. Нәзік жанның иесі ол Мақтау жетпес қалайда. Қанат жайлы таласпай Қойшы құрбым, сенген кім! Періштені қанатсыз Өзім талай көргенмін. Қиылған көз қарасы, Неткен нәзік қол деген, Олар бізді қорғайды Қатерлерден көлденең. Әсіресе оларды Бағалар сол, жақын кеп, Бар сырларын ұққан жан Аталады ақын деп. САҚТАНДЫРУ Жүрсің, достым, не жазып? Не көрінді көзіңе! Тыныш өмір сүремін Десең, сақ бол өзіңе. Ешқашан да мен кеңес Бермеспін-ау пайымда. Жаза ма екен солай ғып Әулие ағзам жайында. Достым, барлық поптардың Тілдері ұзын, қанықпын, Әулиенің қолы ұзын, Құлағы ұзын халықтың. СЫР Күрсінбейміз біз жылап, Біз күле де аламыз, Ешбір жүзден, еш көзден Сыр білінбес, қараңыз. Жатыр жанның түбінде, Білеміз сыр бүгуді. Жүрек тулап күйсе де Ауызымыз жұмулы. Сенен нені жасырдым, Білгің келсе, кел бері, Сұра тілсіз сәбиден, Сұра адамнан көрдегі. ТОҚТАҢДАР ӘЛІ Ән айтып, жайнап гүлменен Жарқылдап қана жүргенге, Дедіңдер іштен,— бұл деген Ашуды сірә білген бе? Тоқтаңдар әлі, кез келер, Менің де болар дегенім. Саңқ етіп үнім өзгерер, Күркіреп төнер өлеңім. Ашуым менің айбарлы, Еменді түсер қақ тіліп, Күмбезбен қоса байларды Талқандар көкке лақтырып! ТҮНГІ ОЙЛАР Есіме туған елді алып Жатсам бір, мазам кетеді. Еріксіз көзім буланып, Ұйқысыз түнім өтеді. Кетті өтіп уақыт қаншама! Сағындым жүзін анамның, Арамыз алыс болса да Ойлаймын қамын, алаңмын... Кеудені кеулеп мұң деген, Күн сайын анам жүрді ойда, Саушылық тілеп күнде мен, Жалынам күнде құдайға! Күйзеліп ол да ұлым деп, Хатынан сезем пайымдап, Жазғанын қолы дірілдеп, Жүрегі сыздап уайымдап. Ол солай сырын ақтарды, Мен дағы іштей құшамын. Он екі жылдай боп қалды Ұмытқалы ана құшағын. Мығым ғой бекем туған ел, Ешқашан сағы сынбайды. Сонау бір кездей есіп жел, Су ағып, орман шулайды. Ойламас едім оны мен Анам бар әттең, толғаймын, Алайда туған елімнен Анамның жайын ойлаймын. Дүниеден өтті талайлар, Кеткелі туған жерімнен. Ағарып небір самайлар, Талайлар өксіп егілген. Соларды санай бастасам Қысылар кеудем тарылып, Ажалмен іштей қастасам, Жаным да екі жарылып. Әйтеуір, кенет әйнегім Бір сәуле шашты бар жаққа. Жарқ етіп күндей әйелім Ойымды қуды аулаққа. * Жүректер бір біріне ынтықса егер, Жұлдыздар оған мәз боп жымыңдайды, Көгілдір кең аспанда еркеленер, Өзара сықылықтап сыбырлайды: «Иә солай, бірін бірі бар көңілмен Бақытсыз жандар ғана сүйер бәлкім, Махаббат дәйім ондай жанды өмірден Әкетер өзге әлемге жүзі салқын. Білмейміз біздер ондай харақатты, Бізге ондай мәлім емес адам қыры, Адамға әкелетін сол апатты Белгісіз бізге мәңгі ажал сыры.» БЕРТА Қарапайым сүйкімді Періштедей көруші ем. Сен де елжіреп хат жазып Мейірімді төгуші ең. Үйленуге бел будық, Жүрек бірақ шайлықты, Апайлары азғырып, Оны менен айнытты. Уәде қайда? Ант қайда? Арым айтар: «Кешір!» деп. Үйленсек те бәрібір Үйлесе алмай өтуші ек. Белгілі зат, мінез ғой Әйелге тән баяғы. Тек тілерім, сәтімен Жеңілденсін аяғы. АЗҒЫН ЛУИЗА Алдап келіп күйеуін Луиза отыр сампылдап. Үн жоқ Ульрих сорлыда, Пілте шам тұр жалпылдап. «Жаным, неге күлмейсің? Неге өзгеріп кеткенсің?» Деп еркелеп қояды, Қарай алмай бетке шын. «Неге сонша сұп-суық, Қолыңа бұл не болған?» Деп еркелеп қамқорсып, Қасында оның таранған. «Қара шашың күлдей боп Неге ағарды ілезде?» Деп еркелеп тым-тырыс Тына қалды бір кезде. Отыр Ульрих бақытсыз Қарс айрылып жүрегі, Іштен тынып тіл қатпай Азғын жарын сүйеді. Бар сырымды ұдай жырға Қосудан мен талмадым. Махаббаттың құдайы да Қол тигізбей қалмады. Жүректегі театрдың Маэстросы тәрізді, Ол мән-жайын ұғып тілдің Аңдиды әр үн, әр ізді. * Кей кезде мұңлы күйге еніп, Кейде бір шаттық кернейді, Жүрекке жүрек ынтығып, Ақылға ақыл сенбейді. «Періштем менің, жүрегім Толып тұр лықсып төгілмек!» Ол болса басын шайқайды: «Кім білсін, кімдік оның?» деп. * Сол шығар бақыт дегенің, Өзімді кейде аядым. Үш бірдей қызды сүйемін, Бар бірақ екі-ақ аяғым. Біріне барам таңертең, Басқасын көрем түнде мен, Үшінші — соғып түс ауа Өзі кеп мені іздеген. Бәрің де хош боп тұрыңдар, Бар менің екі-ақ аяғым. Табиғат тартсын одан да Ауылға қарай таямын. * Жеңілтек қызбен қиын-ау, Тіл табу ортақ табанда. Ақылды қызбен келісу Екі есе қиын әмәнда. Ақылды қыздар сұрағы Керемет сондай ақылды-ақ, Өздері жауап берерде Өтеді күліп сақылдап. ҚАШУ Дірілдетіп толқынды Ай сәулесін себеді. Екі ғашық қайықпен Баяу жүзіп келеді. — Өңің кенет бозарып Кеткен несі, аяулым? — Су сыбдырын естимін, Жаным, біреу таянды. — Жеткізбеспіз, сәулешім, Тек жаманға жорыма! — Сезем, жаным, осы әкем Түскен менің соңыма. — Кетер басты, жасыма! Құтылуға жақынбыз. — Байқайсың ба, о жаным, Батып бара жатырмыз. — Қармағына ажалдың Түстік, сәулем, тегінде! — Өзің барда қасымда Тамаша ғой өлім де! САҒЫНЫШТЫ СӘЛЕМ Көркің менен керемет Мені баурап алдың ғой, Өмір-бақи құлың боп Жүруге мен бармын ғой. Ай секілді жет түнгі Қарайсың сен қиылып, Үлбіреген ақ жүзің Алды мені үйіріп. Ақ маржандай ауызың Тілінен бал тамызды, Түкпірінде жаныңның Алмас жатқан тәрізді. Ғажайып сол шақ еді, Өзіңменен көріскен Сол бір сәтте-ақ ынтығып Қалған едім, періштем! ЗАРЫҒУ Қарасам қайда, бар жақта Қыдырып жүрген қыз, жігіт. Зарығып жалғыз аулақта Мен жүрмін ішті қыздырып. Соларды көрсем ылайым Қысылар кеудем намысқа, Мен енді қайтып шыдайын, Сүйгенім әттең алыста. Келдім ғой зорға мен шыдап, Амалсыз бітті шыдамым. Қолыма таяқ жонып ап, Мен енді жолға шығамын. Өтер-ау көп күн шамасы, Алғанша тартып бұл қала, Өзеннің таныс жағасы Алдымнан шығар мұнара. Тек сонда тыныш табармын, Өзгеден мен де жырылып, Жарыммен бірге жанармын Жүрермін мен де қыдырып. ҚАЙДА? Бітер дәмім қай жерде? Қай жердің бар таласы? Әлде оңтүстік жақта ма, Әлде Рейн жағасы? Құмға көміп тастар ма, Шілденің бір күнінде? Теңіз құшып жатам ба, Әлде жартас түбінде? Көк аспанның астында Бәрібір сол бір ызғар. Шырағым боп басымда Жанар осы жұлдыздар.