Ірі басылымның іргетасын қалаған

ӘДЕБИЕТ
2874

Аудармашы болудан бас тарттым

Осыдан отыз жыл бұрын «Қалалық газет қазақ тілінде шығатын болыпты» деген жақсы лебіз ерте көктемнен ел құла­ғында болатын. Жазға салым сол мәселе нақты шешіліп, «Вечерняя Алма-Ата» газетіне қосымша «Алматы ақшамы» деген басылымның аударма ретінде шығатындығы да анықталды.

Жаңалыққа ұмтылып тұратын жас кезіміз емес пе, тыңнан түрен салуға ықыласым ауып, бағымды сынап көргім келді.

«Вечерняя Алма-Ата» газетінің Бас редакторы Максим Темірболатұлы Сәрсенов, «Алматы ақшамының» басшысы сол кісінің орынбасары екен. Ислам Бейсебаев деген Алматы облыс­тық «Жетісу» газетінде бөлім меңгеру­шісі болып жүрген ақын жігіт.

«Вечерняя Алма-Ата» Көк базар­дың қақ маңдайындағы тоғыз қабатты «Баспасөз үйінің» бесінші қабатында еді. Жаңадан ашылатын тіркеме басы­лым «Ақшамға» қуықтай-қуықтай екі бөлме берген екен. Біреуі – редактор­дікі, екіншісінде машбюро орналасқан.

Құжаттарымды қолына алып, әрі-бері қарап шыққан Ислам көкем алдын-ала даярлап қойған орыс тіліндегі екі материалдың мәтінін ұсынып:

– Мынаны жазбаша тәржімалайсыз, соны болған соң, екіншісін машинкаға диктовкамен аударасыз, – деді.

Сыннан сүрінбей өтетініме  күмәнім жоқ еді. Кіші редактор қолымнан жетек­тегендей етіп Бас редакторға алып кірді:

– Максим Темірболатұлы, мына жігіт таптырмайтын маман екен. Аудармашы қызметіне аламыз, – дейді. Ең болмаса менен бірауыз сұраса екен.

– Аудармашы? Мен аудармашы қызметіне келіспеймін, – дедім.

Жібі түзу қызмет ол кезде де апа-көкелердің араласуымен  пышақ үсті­нен бөлініп кететін. Онда менің шаруам қанша?! Бес жыл «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосының редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінде меншікті тілші болып келгендегі келесі баспалдағым орыс тілінде әлдебіреулердің жазған дүниелерін көзімнің майын тауысып, күн сайын аударып отырмақпын ба? Журналистиканың табалдырығын енді аттап тұрсам бірсәрі. Маған өз бел­сенділігімді, кәсіби іскерлігімді таны­татын шығармашылық жұмыс қажет.

– Онда бізден айып болмасын, саған ұсынатын өзге қызмет жоқ, – деп шорт қайырды қос бастық.

«Жоқ болса, жоқ» дедім де, мен де келген ізіммен қайта бердім. Арада бір­шама уақыт өткен. «Ақшамның» алғаш­қы саны жарық көруге тиіс күнге саусақпен санарлық уақыт қалған.

«Вечерканың» хатшысы үйге қоңы­рау шалды: «Сізді Максим Темір­болат­ұлы шақырып жатыр» дейді. Бардым.

Жаңа басылымға жауапты хатшы қызметіне алған жігіттері он-он бес күн бойы із-түзсіз қыдырыстап  кетіп, жауапты күн жақын қалғанда жер сипатқызып қойған көрінеді.

– Жауапкершілікті мойныммен көтеріп, жан аямай қызмет етемін десең, бүгіннен бастап «Вечерканың» жауапты хатшысы Виктор Агеевтің орынбасары боласың, – деді Бас редак­тор.

Өзіме-өзім сенімдімін. Бас редак­тордың қойған талаптарының бәріне бас шұлғыдым. Сөйтіп, 1988 жылдың 21  маусымы күні менің еңбек кітапшама «Қазақстан Компартиясы ОҚ-нің «Вечер­няя Алма-Ата» газетін қазақ тілінде тәржімалап шығару туралы» қаулысына орай, қалалық партия коми­тетінің мақұлдауымен «Алматы ақша­мы» басылымы бойынша «Вечер­няя Алма-Ата» газеті жауапты хатшы­сының орынбасары қызметіне тағайын­далады» деген Бас редактор Максим Сәрсенов қол қойған жазба түсті.

Тікелей басшым Бас редактордың орынбасары Исламғали Бейсебаев.

Исекеңмен бұрын-соңды қоян-қолтық аралас-құраластығымыз бола қой­мағанымен, сырттай білетін едім. Осыған дейін мен «Қазақстан пионе­рінде», Исекең Алматы облыстық газетін­дегі бөлімдерді басқарғанбыз. Екі басылым да осы «Баспасөз үйінің» алтыншы қабатының қарама-қарсы қапталдарында орналасқандықтан, дәліз бойында ма, лифт ішінде болсын, әйтеуір жол-жөнекей көріп қалып жүретін едік.

Менің есімде сақталғаны, қара­торының әдемісі болып келетін иман­жүзді жігіт ағасының толқынды қап-қара шашы, сұңғақ бойы еді. Содан кейінгі өзгелерден айрықша ерекшелігі аяқ алысы — жүрісі болатын. Жылдам басып тыпылдап келе жатқан Исе­кеңнің ешкімге ұқсамайтын табанының тықы­лын жақын араласатындардың барлығы да жазбай танитын.

 

Бір бет қана біздің еншімізде болды

Межелі мерзім таяп та қалды. Уақыт тығыз, жұмыс көп. Мұндай сәтте басшы­ның бағытты айқын анықтап, жұмысты жүйелі жүргізе білуі, ұжым­мен ортақ тіл табысып, істі өз жөнімен ұйымдастыра білуі – табыс кілтін табу­дың ең оңтайлы жолы екені белгілі. Бұл тұрғыда Исламғали Бейсебаев өзінің өмірлік тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін шындап көрсетті.

Сонымен, материалдарды жинақтап, газеттің макетін сызып, бәріміз жабы­лып аударып, тәржімалаған мақалалар­ды қайта-қайта редакциялап, 1988 жылдың  шілде айының 1-жұлдызында «Алматы ақшамының» тұңғыш санын дүниеге әкелдік. Алғашқы нөмірдің кезекшісі Мырзан Кенжебай болды. Қазақ редакциясының ұжымы небір «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер мен қыздар еді. Жарылғап Оспанов, Марат Тұрапов, Қиял Сабдалин, Зейнолла Көшкенов, Сарқыт Ысқақова, Орынкүл Алдамжарова, Зина Сапарха­нова, Гүлияр Құлсейітова, Тамара Қожамқұлова сияқты тағы да басқа азаматтар «Ақшамның» аударма нұсқа­сын жасауға атсалысқан болатын.

Өзіңде ерік жоқ. Газеттің үш беті «Вечерканың» қазақ тіліне аударылған дәлме-дәл көшірмесі. Төртінші бет қана өз еншімізде. Үлкен бір мемлекет терри­ториясынан автономияға алған азғантай жер сияқты сол жалғыз бетті барынша тиімді пайдалануға тырыса­мыз. Аударма беттердің макетін өзгерт­кен болып, материалдардың орнын ауыстырамыз.

Төртінші бетте оқырманның жүйке тамырын «тыз» еткізер бірдеңе беруге тырысамыз.

Елді елең еткізетін, оқырман аңсап жүрген тақырыптарға қалам тарта білетін авторларды дөп баса білу де  Бейсебаевтың оң жамбасына дәл келетін де тұратын.

Тұрақты «дәмді» дүниелердің автор­лары арасында марқұмдар, жатқан жерлері жайлы болсын, талантты жур­налистер Армиял Тасымбеков, Батыр­хан Дәрімбетов, Қанапия Бекетаев сынды азаматтар болды.  Сырағаң – Сырбай Мәуленов те «Ақшам» десе ішкен асын жерге қояр жанашыр болып еді. Сондай-ақ, Рахманқұл Бердібаев, Кеңшілік Мырзабеков, Шәкизада Құттыаяқов, Сәрсенбі Дәуітов, Мақсұт Неталиев сынды ұлт жанашырлары «Ақшамды» айналып шықпайтын.

Қызметкерлер де жан аямай еңбек ететін. Кейде ұзақ-сонар ресми мате­риалдар, дәл газет шығар кезде «Вечер­каға» орыс тілінде келіп, бізге де сол нөмірден қалдырмай салу керек бола­тын. Қалалық үлкен жиындардың есеп­терін аударуға тура келгенде, бүкіл ұжымның қимылдары илеудегі ала­сапы­ран болып жататын құмырсқа­лардың жанкештіліктерін елестетуші еді.

Кейініректе де «Ақшам» қабырға­сында небір қаламы жүйрік журна­листер еңбек етті.

Қызметкерлерге Бас редактор тарапынан қойылар талаптар өте қатаң болатын. Ең бастысы, мақалада көте­рілетін тақырыптың айқын ашылуы, журналистердің тың тақырыптарға қалам тарту қабілетінің басымдығы, өз тарапынан креативті идеялар ұсынуға бейімділігіне баса назар аударатын. Исекең жаңа буын, жас журналистерге де назар аудара жүргенімен, көбіне-көп қалам қарымы салмақты, республи­калық басылымдарда өз біліктілікте­рімен белгілі бола бастаған журналис­терді ұжымға тартуға бейім тұратын. Олардың қатарынан мен Раушан Има­шева, Мұхтар Наушабаев, Ертай Бекқұ­лов, Кәдірбек Құныпияев, Бейбіт Жұмажанова, Светлана Буратаева, Жәнібек Жұмабергенов, Әнуар Тара­қов, Гүлзира Серғазы, Нұржамал Байсақалова, Роза Қараева, Болатбек Орманов, Зейнолла Абажанов, Бекзақ Омаров, Жексен Алпаров, тағы да басқа көптеген талантты жандарды көремін. Өз басым Алматы қаласындағы ұлттық мектептер мен балабақшалар проблема­ларымен шындап айналыстым. Қазақ тілінде тәрбие жүргізетін мекемелерге арнайы рейдттер жүргізіп, дәйекті мәліметтерді жайып салатын сериялы топтама мақалалар жазуға ден қойдым.

Бұл істе бүкіл елге жанкешті қимыл­дарымен әйгілі, марқұм Шона Смаханұлының, қалалық білім басқар­масындағы мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің бас маманы Людмила Төреш­қызы Сейілова сияқты ұлтжанды адам­дардың шама-шарықтарынша қолұшын бергендіктерін атап өтпеуге болмайды.

 

Айтысты беретін жалғыз басылым еді

Республикамызда айтыс өнері жаңаша тұрғыда қолға алынып, небір дүлдүл ақындардың жыр сайысына жұртшылық ду қол шапалақтап жат­қан­да, олардың айтыстарының мәтін­дерін қағаз бетіне түсіріп, тұңғыш рет оқырмандарға ұсынған басылым осы «Ақшам» болатын.

Редакциядағы әр журналистің өзіне тән ерекшелігі, шығармашылық өзгеше үрдіс-әдістері бар еді.

Мәселен, Қайрат Әлімбеков жаза­тын мақаласын  қағазға түсіргеннен гөрі, машинкаға бірден оқып, басты­ратын. Қолындағы деректер түртілген кішкентай қойын кітапшасына анда-санда бір көз тастап қойып, шып-шып тершіген қасқа маңдайын қол орамал­мен сүрткіштеп жүріп диктовка жаса­ғанда алдын-ала жазып алған мәтінді оқып жүр ме деп қалатынсың. Бұл Қай­раттан басқаның қолынан келмейтін.

Бұрын өзі өндірісте жұмыс істеген Зейнолла Абажанов құрылыс және өнеркәсіп бөлімін басқарды. Өндірістен жазған мақалаларын оқығанда, істің жай-жапсарын шемішкеше шағатын адамның қолынан шыққан дүние екені бірден менмұндалап тұратын.  Сосын оның бір қасиеті – әр айдың он бес күнін­де өндіріп жұмыс істеп, қалған жарты айда өз-өзіне шығармашылық демалыс тағайындап алатын. Ол жұ­мыста болмаған кездің өзінде басшы­лары  жұмыстан  қалмай жүрген өзге бөлім­дерден нөмірге сала қоярлық басы артық материал таба алмай қалып жатқанда, Зейнолланың қор папкасы­нан кез-келген көлемдегі, қалаған жанр­дағы, көңіліңе ұнаған тақырып­тағы мақаланы тауып ала беруге  бола­тын. Бұл – Зейнолла Абажа­новқа ғана тән құбылыс.

«Ақшам» ұжымы қай кезде де өте ұйымшыл еді. Редакция басшылығынан бастап, әр бөлімдегі журналистер, техникалық қызметкерлер, корректор­лар бюросындағы қыздар – бәрі-бәрі ортақ мүдде – газет абыройы үшін жандарын салатын.

Міне, осының барлығы біле-білген адамға білікті басшының білгір басшы­лығының нәтижесі екені даусыз дүние.

Бүгінде отыз жыл бұрынғы «ақшам­дықтар» ұжымда бірді-екілі ғана. Бұрынғылардың біразы бақилық болған, олардың рухтарына басымды иіп, тағзым етемін. Арамызда жүрген­дердің көпшілігі басқалай шығармашы­лық жолдарда жүр.

Исламғали Бейсебаев сияқты іскер де белсенді тұңғыш редактор «Ақшам» іргетасының  алғашқы қазығын қадаса, одан бергі отыз жылда басылым өркен­дей түспесе, еңсесін түсірген емес.

 

Қанат ҚАЙЫМ,

«Алматы ақшамының» ардагер журналисі, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...