Антон ЧеховАударған Р.АхмедовТамыз айының тынық түні. Жер бетінен баяу ғана көтерілген тұман көз көр...
Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (6-бөлім)
9321
МАХАББАТТЫҢ ІШПЕСЕМ ШАРАБЫНАН Махаббаттың ішпесем шарабынан, Жан мен ділім қайғымен кетер, достар. Аулақта өлсем Алламның талабынан, Есіл ғұмырым арманмен өтер, достар. Алла деген шын ғашық пырақ мінер, Бейнет шегіп ышықтан, жылап сүрер. Тарихаттың базарын мұрат білер, Хақиқаттың дариясын кешер, достар. Хақиқаттың селіне шомылған жан, – Өзі мұңдық, көзде жас, көңілде арман. Қорлық, зорлық көргені – небір зордан, Хақ Дидарын талап қып, жетер, достар. Хақиқатқа ғашықтың нәпсісі өлі, Нені іздесе шын сопы – тапты соны. Тілі – шырын, шындықтың ақты сөлі, Пұшық пұлға дүниені сатар, достар. Ғашық болсаң, азапқа әсте батқын, Хаққа қарай дария-жаспен аққын. Жалғаншының әуресін таспен атқын, Таспен атсаң, менмендік кетер, достар. Қияметтің қайғысын шекпегендер, Тар лахаттың азабы жоқ дегендер, Хақ кәрінен қорқып жас төкпегендер Сансыз ғазап тозақта тартар, достар. Уа, дариға, жетті әмір, біле алмадым, Жаннан кешіп хазіретке кіре алмадым. Хақ әмірін нәпсі өліп, қыла алмадым, Қасіретпен өтті өмір бекер, достар. Өтті ғұмыр, шариғатқа жете алмадым, Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым. Ақиқатсыз мағрифатқа бет алмадым, Жолдан қалай пірсіз жан өтер, достар. Құл Қожа Ахмет, бұл жолға салды нәпсім, Қаштым, достар, сол үшін бәңгі боп шын. Алланы айтпай, қайда енді қаңғымақсың?! – Алла деген шауық шарап ішер, достар. АҚЫРЗАМАН ШАЙҚЫЛАРЫ СЫРТЫН ТҮЗЕР Рух құсын тұтқанға – бал, інжір берем, Самғай шарлап ғаршыларға өтер, достар. Тынбай дәйім зікір айтар құлмын деген, Зарын қылар ғашық отта күлмін деген. Бейхабардың өмірі өшер бүлгінменен, Ғафылатпен жаһаннамға кетер, достар. Ақырзаман шайқылары сыртын түзер, Жолды бұзып, іш тазартпай, мұртын күзер. Надандығын – керемет деп, үмітіңді үзер, Рия қылып халыққа өзін сатар, достар. Ей, ғафыл жан, ғұмырың сенің барады өтіп, Жасыңды ағыз, мінді жаннан харап етіп. Иең сені тастаған жоқ талақ етіп, Қожа сүйсе, құлын азат етер, достар. Ғафылатпен ғұмырың сенің өтті білгін, Қыл жаныңмен пірге қызымет, епті жүргін. Сол құлықпен дәргейіне жет піріңнің, Қызымет қылған мұратына жетер, достар. Құл Қожа Ахмет, хикмет айтып, жыла сахар, Жарандармен басталады, сірә, сапар. Сөз гауһарын танығандар сұраса, апар, – Сырттан баққан міскіндер құр қалар, достар. ХАҚ ҚҰЛДАРЫ Хақ құлдары – софылар – хақиқатты білгендер, Хаққа ғашық оты бар – Хақ жолына кіргендер. Хақ жолына кіргендер – бір Алла деп жүргендер, Жарандардың іздерін іздеп өмір сүргендер. Ғалам пақыры Мұстафа, болсын бізден мархабат, Миғраж түні бізге айтты: «пақырлыққа бол талап!» Дүние боғын малталап, харам қумай анталап, Хақты сүйген ғашықтар көпті өтеді арқалап. Дүние қуған батпандар – жаһан малын сатқандар, Құзғын құсқа айналып, арамға әбден батқандар. Молда, мүфти – соққандар – жалған жала жапқандар, Ол тамұқтың отыны – аққа қара жаққандар. Қази, имам болғандар – наһақ дағуа* қылғандар, Есек болып жегіліп, жүк астында тырбаңдар. Арам жеген әкімдер, пара жыйған мұндарлар – Жапырақтай қалтырап – бармақ шайнап тұл қалды, ал. Жұмсақ жеген тіс еді, асыл киген кісі еді, Алтын таққа мінсе де жер астына түседі. Момын құлдар – шыншылдар, садақамен сүргендер, Жұмақ хорын құшады – сұм дүнияға күлгендер. Құл Қожа Ахмет, білгейсің, Хақ жолына кіргейсің, Хақ дидарын көреді – хақ жолына кіргендер. Расулдің әулеті Мұхаммедті біліңіз: оның заты араб-дүр, Тарихатқа кіріңіз,– жолы тұнған әдеп-дүр. Хақиқатты білмеген адам емес,– пұт-самас*; Ұқсаң, адам түгілі, мақұлыққа ұқсамас. Құдай – мінсіз һәм мұңсыз, туылмаған, тумаған. Серігі жоқ – теңдессіз. Оған мұқтаж бұл ғалам. Қаһарланса, қылады ол жермен-жексен ғаламды, Зілзала боп жер мен көк, болар дүние қараңғы. Рақым қылса, біліңіз, жолықтырар кенішке, Шетсіз-шексіз нығымет жеткізеді періште. Сыйпатына Расулдің сөз жете ме, дариға, Анасының есімі мүбәрәктің – Әмина. Абдолла-дүр атасы, Хақ бұйрығы жеткен-дүр, Тумай тұрып Расул – ол фәниден кеткен-дүр. Мұхаммедті асырап, сақтап еді бабасы, Аш-арыққа қашанда тиген оның панасы. Есіңде ұста есімін, бабасы – Абдулмүтәліп, Жадыңда әркез жаңғыртып, тілге дәйім тұталық. Бабасының атасын біл тағы да – Һашим-ді, Естілгенде сол есім ағызады жасымды. Ал әкесі Һашимнің – Абдулманап ныспысы, Мұны білген жандардың саф болады іш-тысы. Расулді кім егер білсе төрт-бес жасынан, Қияметте жай табар сегіз бейіш қасынан. Жеті жаста Мүбәрәк жерге берді бабасын, Паналады содан соң әкесінің ағасын. Әбутәліп дүр еді ол – Әлі-Шердің атасы, Күллі арабтың ұлығы, қабыл болған батасы. Әбутәліп табылды барлық істің басынан, Мұхаммед те екі елі қалмаушы еді қасынан. Сөйтіп жүріп Мұхаммед жасқа жетті он жеті, Хадишаның жүзіне түсті нұр боп келбеті. Мұхаммедке кез келсең, – айтар едің сұңқар деп, Хадиша оны көргеннен зар иледі іңкәр боп. Махаббаты аударды Хадишаның тілегін, Мұхаммедке ғашық боп өрт шарпыды жүрегін. Күн-түн жылап Құдайға, жасы айналды бұлаққа, Көріп Құдай көз жасын, жетті ақыры мұратқа. Көріңіздер Құданың келтірген бұл жүйесін, Мұхаммедке баққызды Хадишаның түйесін. Расулді Хадиша жалшы қылды ақылы, Фазылымен Алланың жары болды ақыры. Хадишаның Жаратқан шын бақытын ашты-дүр, Расулдің басына дүр-жақұтын шашты-дүр. Жылжып ғұмыр, Расул толған шақта қырыққа, Жаратушы Иеден келді уаһи* ұлыққа. Содан кейін Мұхаммед падиша боп жұртына, Жар болды Алла Расулге, көндірді елін ырқына. Мұхаммедтің әр ісін оңдап, жолға иді Алла, Барша жұрттың жүрегін келтірді өзі – иманға. Ақ сәлдесі оралған Расулдің басында, Отыз үш мың сахаба кемел тапты қасында. Расулдің тағдыры – бәрі Алланың жарлығы, Әдеппенен қызымет қылады оған барлығы. Келді бірде бір жетім Расулдің алдына, Ғаріп, мүшкіл жағыдайын баяндады зар қыла. Қылды Расул рақым оның міскін халіне, Жетті бейбақ сол жерде тілегінің бәріне. Расул айтты сонда оған: «Мен де сендей жетіммін, Жетімдік пен ғаріптік кешіп жүріп жетілдім». Айтты тағы Мұхаммед: «Әркім жетім, білің, – деп, – Жетім болса кімде-кім, сол, – деп, – маған шын үмбет». Жетім көрсең, жебей жүр, жәбір берме жетімге, Ғаріп көрсең, демей жүр, әмір қылып жекірме. Қор екен-дүр жетімдер бұл бір жарық жаһанда, Ғаріптер де мелдектеп жүр мұң-шерге – зәһәрға. Ісі – түзік, іші – өлі, түсі – сынық ғаріптің, Жетім – өлік, тірілтіп жолын оның жарық қыл. Белгілі-дүр Құдайға ғаріп ісі қашанда, Есігіңді аш, төр көрсет ертелі-кеш нашарға. Сыйпаттайын Әлиді – арыстанын Алланың, Семсерімен кәпірді құрбандыққа шалғанын. Қылды оларға дағуат* – құлды иманға келтіріп, Исламның қуаты ол, әр заманда серті нық. Мүмін болған құлдарды алып келген Әлі-Шер, Дін-иманнан тұлдарды шауып келген Әлі-Шер. Серт семсерін қолға алып, мінсе Әлі-Шер дүлдүлін, Құты қашар кәпірдің, қайғы қылып тірлігін. Жарқылдайды жарағы шақпақ ұрған білтеше, Қырық кезге ұзарар зұлпықары – сілтесе. Әзіреті Әлінің бар еді ұлы он сегіз, Олар барда, мүміндер, түспеп еді еңсеңіз. Исламның діні үшін Әли қанды жұтты-дүр, Пайғамбардың ақ туын қолға бекем тұтты-дүр. Құл Қожа Ахмет ғаріп боп, жүрегіне мұң батып, Әулетіне Расулдің тұр, мінеки, тіл қатып. МІНӘЖАТ Құл Қожа Ахмет, қылдым, міне, мінәжат, Алла, барша құлды азаптан қыл азат. Ғаріп Ахмет сөзі сөнбес тіріде еш, Жер астына көмсе де оны шірімес. Мансұқ болып, қалмайды әсте мазаққа, Оқыған құл ұрынбас дерт, азапқа. Оқығанға шафхат қылам фәниде, Қияметте шапағат бар, әрине. Құдай маған сыйласа егер жәннатын, Ұққан жанға ұсынамын шәрбатын. Тәңір Ием қабыл қылып тілегін, Махаббаттың шауқы билеп жүрегін; Пәруардигар нәсіп қылып Жамалын, Бір, Бар оның бұрсын оңға қадамын. Құдай қолдап, махшарда оны шат қылсын, Қиямет күн шын Иесін таптырсын. Әр мұсылман жәрдем болса дұғаға, Өлер шақта нұр-и иман сыбаға. Менің әрбір хикметім – зор ғалам, Арманда өлер естімеген, сорлаған. Хикметтерім – дерттілердің дәрмені, Кім ұқпаса, жолда үзілер әл-демі. Хикметтерім бар ғаламның дастаны, Келсе рухым, сұхбаттың ол бостаны. Хикметтерім – хадистің кен-мазмұны, Ұқпағандар – адамзаттың азғыны. Хикметімнен – талаптыға нұр жауар, Бұзық ойлы бейбақ одан құр қалар. Хикметтерім – келген пәрмен Сұбханнан, Бар мағынасы Құран оның ұқ, қарғам! Бар ғаламның сұлтаны олар – нұры ұшқан Бір-ақ сәтте қылар шөлді – гүлстан. Хикметтерім – шауқы шалқар махаббат, Көз жасыңмен алдырады таһарат. Намазына Расул Алла имам боп, Періштелер қауымы келер мейман боп. Еткен намаз сынықтықпен биязы, Қабыл болар оның Хаққа ниязы. Хикметімді ғашықтарға айтыңдар, Ділі айнадай шыншыл сырын айқындар. Ылғи соқыр, керең кеуде, тоқ таным, Ықылым кезіп саф құлдарды таппадым. Хикметімді сарапшылар естісін, Сақи жандар – іздегендер Досты шын. Әділ патша, бір аты оның Садық-дүр, Жаратылған шашу үшін жарық-нұр. Хикметімді надан ғана ұқпайды, Діліқара – кәусар берсең жұтпайды. Құдайсыздар – жазған хаттан бейхабар, Пірсіз, сырсыз бейәдепке не айла бар?! Хатты жазсаң – тілдеріңнен тамсын бал, Сол арқылы мақсатына барсын дәл. Діл-имансыз, исламы ойран залым ба? – Жұртта қалар қияметтің таңында. Кәміл пірсіз шайқысынған ниеті ылаң, – Қабыл болмас Құраны оның оқыған. Екі жастың жетпей жатып біріне, Балар өзін барша жанның піріне. Ажыратпай тұрып жақсы-жаманды, Насихатпен баурамақ бар адамды. Сөздері оның тұрады өсек, жалғаннан, Шариғатты тұтқан жандар арланған. Аңғалдарды түсірмек боп қақпанға, Әулиенің сөзін тартар көкпарға. Ұрламақ боп ұл ұятын, қыз арын, Өткелдерге қояр құрып тұзағын. Қулығынан шайтан оның жаңылар, Таңда мақшар жүзіқара неғылар! Ондай пәле табылмасын жаныңнан, Жүзі күйсін, сақтан ондай лағыннан! Соқырларға жарық бердім от-тілмен, Хақ сөзімен надандарды сөктім мен. Ғалым болсаң, шын ақиқат аңсаған, Жан – садақа, жауһар берем мен саған! Дүр-жауһарды шашу ғып шаш ғаламға, Ой жеткізіп Хақтан келген кәламға. Барым құрбан сондай ғалым тап болса, Қыйналмаймын бар жыйғаным сап болса! Кәні, жаран! Кәні, естияр, балдырған! Хақ сөзді айтса ол – жолына қыл жан құрбан! Шын ғалымдар мұз төсеніп, тас жастап, Бар ғаламға ақыл құйып, ес қоспақ. Хақты танып – өзін тану арқылы, Тапты ынсапты, құлдық ұрып әр түні. Хикметімді дана естісін, толғансын, Дастан қылып, мақсатына жалғансын. Хикметтерім – іс пен сөздің бүтіні, Ділінде егер болса Мәула зікірі. Хикметімнен кәміл бір пір тапқаның, Мойынсұнып, жақындаса Хаққа кім. Хикметімді сүйер Хаққа жақындар, Дұға қылып, рахметке батыңдар. Хикметтерім – кереметті пір еді, Естігеннің шарапқа мас жүрегі. Оқыған жан бұл жаһанда қор болмас, Қашар одан барлық індет ем қонбас. Қияметте жолбасшымын мен оған, Дертті болса, шын дәруін бере алам. Жүз жыл өмір сүрсе де ол қарымас, Жер астымен айдаса да арымас. Құдай оны қылады ада тозақтан, Мәңгі пейіш – қарсы алады азат таң! Хикметімді оқыса егер пенде-кім? – Перзентім де, шәкіртім де сол менің. Хикметімді тұтса кімнің мый-жады, Өлер шақта болар жолдас иманы. Ясауи хикметтерін даналар Ести көрсін – Бар мақсатқа ол барабар. Бір түйірін алсын жауһар кенінен, Алмағандар қасіретке көмілер. Құлаққа ілмес бұл сөзімді хас надан, Адам деме, ол хайуаннан аспаған. Бұл хикмет хақ сөзінен шыққан-дүр, Естігенге рахмет жауар – құт-жаңбыр. Хикметімді бекем тұтқан ойлы жан, Құдай оны азат қылар қайғыдан. Ақиқаттың үлес алып бағынан, Пейішке енер кейіппен ол шадыман. Хикметтерім – Хаққа мадақ. Асықпын. Жан дертінің шын дауасы ол ғашықтың. Хикметтерім бал-кәусардың шендесі, Барлық сөздің ішінде жоқ теңдесі. Хикметтерім – сыйы Алланың сапарда, – Астағфарды кім көп айтса сахарда. Оның шайтан тұта алмайды жолынан, Хақ Мұстафа жетектегей қолынан. Үмбетім деп мейірленер пайғамбар, Әзәзілді Құдай өзі ойрандар. Хикметімді дертсіздерге жеткізбе, Жауһарымды надандарға өткізбе. Ясауи хикметтері – бақыт-бал, Ғашық-шарап, – Бір тамшысын татып қал. Шарабынан татсаң егер ғашықтың, Хақ Дидарын көруге енді асыққын!
Оқи отырыңыздар: Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (1-бөлім)
Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (2-бөлім)
Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (3-бөлім)