ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы - "Әдеби өлкетануды д...
Ресейде "интернетті оқшаулау" туралы заңға қарсы митингілер өтіп жатыр
Наурыздың 10-ы күні Ресейдің үш қаласында Ресей думасы қабылдаған "интернетті оқшаулау" туралы заңның қабылдануына қарсы рұқсат етілген митингілер өтті. Оған қатысушылар елде еркін интернет болу қажеттігін айтты.
Хабаровскіде ондаған адам жиналған митинг бейбіт өткен.
Ал Мәскеуде митинг басталмай тұрып полиция қызметкерлері шараны ұйымдастырушылардың бірі тіркелмеген Либертариан партиясының белсенділерін ұстаған.
Белсенді Михаил Световтың айтуынша, қалада жеті адам ұсталған. Ал "Дождь" телеарнасы сегіз адамның ұсталғанын хабарлады.
Световтың жазуынша, полиция қызметкерлері бір-біріне байланған шарларды "ұшу құралы" деп атап, белсенділерден лицензия талап еткен.
Воронеж қаласында да митинг жоспарланған. Ұйымдастырушылар таратқан мәлімдемеде: "Ресей бұл Иран емес, Солтүстік Корея емес, біз - өркениетті әлемнің бір бөлшегіміз. Бірақ Путин билігі Батысқа ілесе алмай қала беруіміз үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Цензура шырмауы барған сайын матап, бостандығымыз тарылып барады. Біз Ресейді халықаралық желіден оқшаулау туралы заңның қабылдануына қарсымыз және еркін интернетті талап етеміз" деп жазылған.
2019 жылы 12 ақпанда Ресей мемлекеттік думасы ресейлік интернет сегментін оқшаулау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Автономды интернет 20 миллиард рубльді талап етеді деп айтылады.
Заң жобасы авторларының айтуынша, жоба бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Ал заң жобасына қарсы азаматтар көп қаржыны талап ететін заң жобасы ерте ме, кеш пе өзге мақсатта қолданылуы мүмкін деп алаңдайды.