Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. ЖОЛБАРЫС ЖҮРЕКТІ ЖҰМЕКЕҢ

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2944

«Қамшының сабындай қысқа» ғұмыр дейміз. Рас. Білеміз. Әрқайсымыз әрқалай өткіземіз оны. Қысқа екенін көре тұра. Біріміз үшін «Малым -жанымның садақасы; жаным -  арымның садақасы». Екіншіміз үшін малым да, арым да - атақ-мансабымның садақасы… Біріміз ардың туы - ақиқатты биік ұстап өтеміз. Екіншіміз «тарысы піскеннің тауығы» болып өтеміз… Біріміз шындықтың шырайын қастерлейміз. Екіншіміз шындық пен жалғандықты араластыра ботқа жасаймыз… Соңғы кезде «екіншіміз» алға түсіп кетіп жүрміз. «Екіншіміз» бұрын да болғанбыз, бірақ аздау едік, ал бүгінде  көбейіп барамыз. Басқа кәсіп иелері туралы айтқым келмейді, себебі олардың әрекеттеріндегі оң мен солды біле бермеймін, ал өзіміздің көшедегілер көз алдымда. Қалам ұстап жүргендерді айтып отырмын. Бәрі болмаса да, көпшілігі. Солардың арасынан әрқашан оң жүретін, оң сөйлейтін бірегейжазушы, жорналшы Кәрішал Асан Атаны (әу бастағы Кәрішал Асановты) ақ мылтығымның нысанасы еткім келді. Ол - шындықты ашып айтып, анық жазып, шыншыл көптен алғыс естіп жүрген қаламдасым, құрдасым, жолдасым. Рас, ақиқаттан аулақ қырыс мінезді қырсықтар оған  қарғыс даурыға сөйлеп, оны сотқа қырық сүйреді. Алайда ешқайсысы  қиратып тастай алмады. «Аққа құдай жақ!». 

Жақында Кәрекеңнің жаңа кітабы жарық көрді. «Шынжырда өткен жолбарыс. Сказ о закованном тигре» деп аталған (қазақ және орыс тілдерінде). Қазақтың шын мәніндегі Қаһарманы болған ТӘШЕНЕВ ЖҰМАБЕК АХМЕТҰЛЫ  хақында. Бұл еңбегі  бұрынғы: «Тәуелсіздіктің елесі» (1997 ж.), «Президенттікті барлаған бірінші қадам» және «Диссидент пен президент» кітаптарымен мәндес, өзектес. Десем де, ол - Жұмекең туралы жазылған алғашқы деректі хикая. 

Халық, ұлт мүддесін қорғай қашанда табандап күресетін, ешкімнен жасқанбайтын Кәрекең кезінде Д. Қонаевтың қызметіндегі олқылықтарды орынды сынап сөйлеп те, жазып та жүрді.  Кәрекең кейінде Г. Колбинді де, Н. Назарбаевты да солақай қылықтары үшін өздерінің көзінше ашық сынап сөйледі. Демократияны талап еткен өткір мақалалар жазуын жалғастырды. Сол үшін 1992-жылы сотталып, түрмеге отырғызылды. Алайда ол түрмеде отырып та күресуін тоқтатпады, көп ұзамай ақталып шықты. Оның әділдік жолындағы ірі қимылдарын бағалаған халықаралық Хеллман-Хэммет ұйымы (АҚШ) 1993-жылы «Қуғындағы жазушы» силығымен марапаттады!

Марқұм Жұмекең жайында аңызға айналған әңгіме мол. Бүкіл қазақ даласында, бүкіл қазақ арасында. Кеш болса да кекету, мұқату, табалау сияқты орынсызы, жағымсызы жоқ. Жұмекеңді сағыну, аруағын ардақтау бар. Мен ол кісіні көрмесем де, сол әңгімелерден Жұмекеңнің Ардан жаралған Азамат болғанын ұғып едім, енді Кәрішал Асан Атаның мына кітабынан  Жұмекеңнің ұлы бейнесін анық көрдім. Иә, Ұлы Бейнесін!

Нақты деректер түзілісін бастан-аяқ тізбелемей, назарларыңызға бірер жәйтті ғана теріп ұсынайын.

Республикамыздың басшылығына келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы, Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып қызмет істеген жылдарында:

-Алматыда Абай даңғылы болуын, сол кең көше басына Абайға ескерткіш орнатылуын ұсынған, қадағалап іске асырған. Мәскеудегі дізгін-шылбыр иелерін иліктіру үшін Тбилисиде Руставели, Ташкентте Науаи, Мәскеуде Максим Горький даңғылы барын көлденең тартқан;

-Қазақстан Компартиясының бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтің тұсында қолға алынған, бірақ жеріне жеткізілмеген елеулі мәселені - Медеу шатқалында мұз айдынын жасауды тиянақтату үшін үлкен әріптесі - КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы  К. Е.  Ворошиловты қонаққа шақырып, шатқалды көрсетіп қызықтырып, ойын нық дәлелдеп, құрылысқа қажетті қаржыны алған;

-әйгілі «халық жауы» науқанында жазықсыз жазаланып қазаға ұшыраған арыстарымызды ақтау, кейінде қуғынға ұшырап түрмеде жатқан, айдауда жүрген қайраткерлерімізді бостандыққа шығару мәселелерімен шұғалданатын (СОКП ХХ-құрылтайының шешімдеріне сай) республикалық комиссияны басқарып, игілікті қыруар жұмыс атқарған;

-Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің екінші онкүндігін 1958- жылы жан-жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Онкүндік нәтижесінде айтулы тарландарымыздың ең жоғары атақпен марапатталуына, үлкен құрмет-қошемет көруіне, бес әртисімізге «КСРО Халық әртисі» атағы берілуіне себепші болған;

-ҚКП Орталық комитетіндегі қайсыбір «сақ-қырағылар» Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабының жарық көруіне қарсы болса да, Жұмекең орынсыз қарсылықты жеңіп, кітапты шығартқан;

-Алматының дәл ортасында, К. Маркс көшесінде салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өнерінің қайраткерлеріне бергізген;

-Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын Лениндік силыққа ұсынуға жолбасшы болған;

-Нұрмолда Алдабергеновке Социалистік Еңбек Ерінің үшінші Алтын жұлдызын, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру үшін Мәскеуге барып, тиісті орындарда болып, көп әрекет жасаған, бірақ хрущевшілдердің, маршал И. Коневтің қарсылықтарына тап болған; 

-республика тіршілігінің қай саласында болсын қазақтың білімдар, жас кадрларын өсіруді бірінші кезектегі міндеті санап, орындап отырған. Министрлер Кеңесіне Төраға болысымен аппаратына 12 қазақты алған;

-Жезқазған геологиялық партиясының бастығы ШаҺмардан Есеновтің болашағы зор екенін болжап біліп, жас маманды республика Геология министрінің орынбасарлығына тағайындаған; 

-ҚКП Орталық комитетінде қазақ гәзеттерін аудармаға айналдыру туралы зымияндық мәжіліс өткізілгенде ашынып қарсы сөйлеген;

-Мағжан Жұмабаевтың  жесіріне пәтер бергізген;

-тоңмойындар мен безбүйректерден жәбір көріп алдына келген адамдарға дереу көмек көрсетіп жүрген. Жылы сөзімен де, нақты ісімен де жәрдемдескен. Бұған да нақты деректі мысал кітапта жеткілікті. Автор мұрағатжай құжаттарына, Жұмекеңмен қызметтес болған інілерінің: Сағындық Кенжебаевтың, Серік Қирабаевтың, Хайдар Арыстанбековтің, Мұқаш Елеусізовтің, Аманолла Рамазановтың, Яков Белоусовтың, Нұрсұлтан Төлекбаевтің... жазбаларына назар аударған.

Әрине, Жұмекеңнің әділдігі, батылдығы пыш-пыщылдарға ұнамаған. Күншіл қазақтар балағына жармасса, шовинист орыстар Мәскеуге арыз айдап, «ұлтшыл» деп ойбайлап, жағасына жармасқан. Әйтседе, әрбір әрекетінің халық мүддесінен туындайтынын сезінетін Жұмекең айылын жимапты,  жұртқа жақсылығын еселей түсіпті. Көзін алартқан «көсем» атаулының ешбірінен жасқанбапты.

Көкемылжың Никита Хрущевтің есі дұрыс адамның миына қонбас қылықтары көп болған ғой. Оның Тың өлкесін Ресейдің құзырына қарату, Шымкент облысын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркменстанға қосу арқылы Қазақстанды бөлшектеуді көздеген әуейілігі белгілі. (Оның зұлымдық пиғылының орындалмағанына кейінде анау жалтыркөз інісі М.Горбачев өкінді емес пе?! Ол тантық неме бірде, Украин телеарнасы тілшілерімен сұқбаттасқанында, Тың өлкесіндегі облыстардың қазақтарда қала бергеніне беті былш етпей өкінді!) 

Жұмекең Л. И. Брежневті де сан рет састырыпты. Өзі Қазақстаннан Мәскеуге, Кремльге ауысатын болып, мұндағы 1-2-нші хатшылық орындарға орыстарды қойғызып отырған Брежневке: - Қазақстан  Компартиясының тым болмаса екінші хатшылығына қазақ таба алмадыңдар ма? Атқара алатын кадр бізде жеткілікті! Мына отырған Фазыл Кәрібжанов кімнен кем? Сырттан хатшы әкелуді «дәстүрге» айналдырып алдыңдар ғой?! - депті, мысалы. Ол сөзі Кремльдегілерді ойландырса керек, көп ұзамай Фазыл Кәрібжанов екінші хатшылыққа сайланыпты.

«Көсемдердің» қара шоқпарларына жауырынын да, маңдайын да қаймықпай тосатын Жұмекең Хрущевтің солақайлығына ылғи қарсы шығып, оған кереғар қимыл жасап отырыпты. Жүгеріші Никитаның кадры - Тың өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Т. Соколовқа: - Қазақстанға бағынбауды көксесең, 24 сағаттың ішінде табаныңды жалтырат, құры! Тың өлкесі Ресейге берілмейді, айтар жеріңе айта бар! - депті. Іле-шала Мәскеудегі қожайындар Қазақстанның  Д. Қонаев бастаған бюро мүшелерін дереу шақырып алып, Тың өлкесін Ресейге қарату мәселесін тікесінен қояды. Басқалар бас шұлғиды, ал Жұмабек Ахметұлы қасқиып түрегеліп: - Мен Ақмолада туып-өстім... Менің әке-шешемнің, олардың әке-шешелерінің, бүкіл ата-бабаларымыздың сүйегі сонда жатыр. Сіздер сол жерді Ресейге бермекшісіздер ме? Оларыңызға қай қазақ көнеді ?!. Ойланыңыздар, жолдастар. Мен үзілді-кесілді қарсымын! - деген. Хрущев сөзі далада қаларын сезіп: - Болды, тараңыздар, бұл мәселеге тағы ораламыз! - деп айбат шегіп қалыпты...  

Мәскеуге бір шақырылғанында СОКП Орталық комитетінің екінші хатшысы Ф. Козлов, сәлемдесуді былай қойып, бірінші хатшы Н. Хрущевтің көзінше дүрсе қоя беріп, Жұмекеңді әлдебір «кінәсі» үшін ықтырып алмақ болған екен. Сонда Жұмекең: - Егер Мәскеуге алақандай Албания үкіметінің төрағасы Мехмет Шеху келсе, сіздер оны әуежайда құрақ ұшып қарсы алып, құрметті күзетті сақитып, құттықтап сөз сөйлер едіңіздер, ал кеңестік үлкен республиканың үкімет басшысы келгенде оның ауызын буа қоюды көксеп отырасыздар, ә?! - деп дертесін қайырып тастапты!

Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға өткізуді айтқан Хрущев: «Жедел шешетін мәселе - республиканың жер көлемі. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алыстық, олар бізді қолдады. Жұмабек Ахметұлы, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп отыр», дегенде Жұмекең: «Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күнтәртібіне қойылуына қарсымын!» депті. Ал «көсем»: «Саяси бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің өзі?! Ары-беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Совет елі - біртұтас мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің  еркінде!» деген кезде Жұмекең мырс етіп: «Жоғарғы Кеңес әрбір республиканың жер мәселесін жергілікті орындарсыз шешетін болса, КСРО Конституциясын жою керек. Ал Конституцияда әрбір республика өз жерін өз меншігім деп пайдалануға құқылы делінген. Егер заңды аяқасты еткен жағдайға тап болсақ, онда халықаралық құқықты ұйымдарға шағынамыз, өйтуге біздің құқығымыз бар!» - депті. Қоқырайған қожайындар төбелеріне тас түскендей болады да, Хрущев: «Бұл мәселеге кейін ораламыз, тараңыздар», деп дүрдиіп қалады. 

Жұмекеңнің өжеттігіне, қайтпас қайсарлығына еріксіз таңқалған   Д. Қонаев Кремльден шығып келе жатқандарында: «Ай, Жұмеке, көзсіз батырсыз-ау!» дейді. Сонда Жұмекең: «Елімнің мүддесі үшін қандай қияметке болсын дайынмын!» депті.

Айтпақшы, Кремльдің иелері Жұмекеңе жылы қарап жүрген 1959-жылы оны КСРО-ның Хрущев бастаған ресми делегациясының құрамына қосып, Қытай Халық Республикасына алып барған ғой. Мао Цзедун да, басқалар да оларға салқын қабақ танытып, келіссөз сәтінде қисық сауал тастап, ақыл, нұсқау бере сөйлеп, берекені кетіре берсе керек («Сталинді жамандадыңдар» деп ашық наразы болған ғой). Сонда Жұмекең отырып: «Біз мұнда емтихан тапсыруға келген жоқпыз, байсалды келіссөз жүргізуге келдік!» - депті. Қытекеңдер «буынсыз жерге пышақ салуды» доғарыпты. Үзіліс кезінде Мао  Жұмекең мен Ю. Андроповты оқшаулап алып, суретке түсіпті. Ол Маоның Жұмекеңді бірден тани білгені, бағалай білгені емес пе?!

«Батыр - бір оқтық». Қарамылтықты Хрущев ақырында Жұмекеңді қарауылына ілді. Басқалар шүріппесін басысты. Қазақстан өкіметінің Төрағасы «міндетін партиялық талапқа сай атқара алмағаны үшін» орнынан алынып, әдейі құлдыратылып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жіберілді. 

Ақиқаттың  жолы ешқашан тегіс болған емес. «Елім! Жерім! Халқым!» деп туған адал, әділ Азаматтар, өкініштісі сол: мансапқор, атаққұмар, даңққұмар белсенділердің қарсылығына ұшырап, қоршауына тап болып, көп тауқымет тарта береді. Тірліктің қарғыс атқыр бір құпиясы – сол. Қаһарман Жұмабек Ахметұлы Тәшенев те, амал не, соның құрбаны болды.

Шындықтың шырайын қандыра деректі дүние жазған Кәрішал жинақтағы естеліктердің авторларына алғыс айта отырып, Жұмекеңнің туғанына 2005-жылы 90 жыл толуы құрметіне Алматының «Фурманов» көшесін «ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ көшесі» деп атау орынды болар еді деген ұсыныс білдіріпті. Жөн-ақ! Мен бұған: «Еліне, халқына қалтқысыз аса мол еңбек сіңіріп, елін, жерін, халқын, бүгінгі бізді, келешек ұрпақтарды басбұзар билікшілдердің, сайқал саясатшылдардың лаңынан қорғап, қайыспай өткен марқұм Тәшенев Жұмабек Ахметұлына «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» құрметті атағын беріп, айтылған көшеге атын қойып, оның Қабанбай батыр көшесімен қиылысына ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ орнатқан жөн!» дегенді қосамын. 

«Елімнің мүддесі үшін қандай қияметке болсын дайынмын!» деген Тарихи Тұлға Жұмекеңнен Елінің де аяп қалары болмауы керек!


  Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. 

          2004 ж.


          Қосымша: біздің зиялыларда бір «қызық» әдет бар. Өміріміздің қай саласының болсын көрнекті қайраткерлері, ел басқарған тұлғалар туралы мақала, естелік жазса, мерейтойларына орай баяндама жасаса, сол кісіні аспандата дәріптейді, барша жақсы істердің басы-қасында сол болып, бәрін де сол атқарған етіп шығарады. Бірер мысал келтірейін. Д. А. Қонаев марқұм жайында қалам тартқандардың бәрі дерлік оны әулие дәрежесіне көтеріп қойды. «Бір сырлы, сегіз қырлы» да, ешқашан ешқандай қателікке ұрынбаған да, тіпті қазақ жерін Хрущевтің бөлшектеуінен сақтап қалған да – Димекең. Олай бола бермегенін дәлелдейтін құжаттар Мәскеу мен Алматының партиялық мұрағатжайларында бар, көзі тірі куәлардың аман-есендері алдымызда. Д. Қонаевпен көп жыл қызметтес болған мемлекет және қоғам қайраткерлері: Ә. Шәріпов, М. Есенәлиев, Ө. Жәнібеков және басқалардың жазбалары да иландырады. Шаһмардан Есенов, Евней Букетовтей ғұлама қайраткерлердің қалай, не үшін қуғындалғаны баршамызға аян.

Республика үкіметін он жылдан астам басқарған Бәйкен Әшімов болса, Алматыда салынған айтулы құрылыстарды жобалауға, қаржыландыруға өзінің қандай еңбек сіңіргенін  естеліктер кітабында нақтылап жазған. Ал Димекең көзі тірісінде шығарған естелік сипатты кітаптарында ең болмаса осы Бәйкен ағаға ризашылық лебіз білдірмепті. Жұмабек Тәшеневті мүлде ұмыт қалдырған. Қазақстанды жалғыз өзі басқарып, қыруар игі істі бір өзі ғана ұйымдастарған дерсің. Сондай-ақ, ол Сәкен Сейфуллин мен Қаныш Сәтбаевтың аруақтарын силамады (себебі Медеу Сәрсеке мен Тұрсынбек Кәкішевтің ғылыми, әдеби зерттеу негізді кітаптарында әңгімеленген). Бұл не? Басы жұмыр пендешілік пе? Меніңше, олай емес. Димекеңді мен де тәп-тәуір білемін. Орталық партия комитеті жұмысының жүйесінде жүрген он жылда алдында екі рет болғанмын. Бүгінде отырған пәтерімді сол кісі берген. Дұғамнан қалдырмаймын. Әйтседе шындық қымбат: ол ағамыз өз басының пендешілігін тежемеді.  «Мен!» деген пиғылды  серік етті. 

Президент Н. Назарбаевтың да көзі тірісінде орынсыз дәріптелуі –сондай қарекеттің бір түрі, шен-шекпен дәметуші жағымпаздардың құлдық сиықтарының көрінісі. Басқа байғұстықтарын былай қойғанда, биліктегі партияның «Отан» атын «Нұр-Отан» деп өзгерткендері - «Отан» деген ұлы сөздің мағынасын білетін шәкірт баланың да ақылына қонбайтын сорақылық. Ал президент болса, сол партияның ұйытқысы өзі бола тұра: «Бұларың не?! Ұят! Беталды лақпасаңдаршы!» демеді. Демейтіні – оның «Мен!» пиғылының үстемдігі. «Отанның» алдына «жегілген» сөз – «Нұр» өзінің атының бірінші буыны екенін біліп отыра мыңқ етпеді. Күні кешегі Сталиннен, Хрущевтан, Брежневтен асып түсіп, өзінің атында орден шығартқан одан мыңқ етуді күту де бекершілік-ау! 

«Нұр» сөзі «жегілген» атау көбейіп барады. Егер «Астана» қаласы ертең «Нұр-Астана», тіпті «Нұрсұлтанқала» делінсе де, «Қазақстан» «Нұр-Қазақстан» делінсе де таңданбай отыра берерміз. Жағымпаздар «Нұр» сөзін көрінген тесік-жыртыққа тығындайтын шүберекке айналдырып алды.

          Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы биылғы ақпан айында Нұртас Оңдасыновтың 100 жылдығын атап өтті. Кезінде Қазақ өкіметінің іскер, адал басшыларының бірі болған адамның аруағын әспеттеу, мол еңбегін айту – тарихтың талабы. Алайда сол талап сыңаржақ орындалды. Ол жылдарғы оң өзгерістерді ұйымдастырған, табыс атаулыға қол жеткіздірген Нұрекең делінді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов марқұм және басқа қайраткерлеріміз не баяндамада, не естелік сөздерде аталмады. 

Қазақтың зиялы қауымы осындай оспадарлықтарға немқұрайды қарап отыр.  

    Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

 2007 ж. «Тасжарған»

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...