Қазақстанда баспасөз хатшыларының санаты департамент директоры деңгейімен теңестірілмек. Бұл туралы...
«КАЗАХ ПРИЕХАЛ!» ҺӘМ «ХАСА ЛӘЙ ЛЫ!» (видео)
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі кортежінің видеосын көріп, бір күліп алдым. Шулаған тұрғындарға қарап, кезінде Мәскеуді өртеп кеткен Тоқтамыстан қалған үрей ме деп қоям тағы))), - деп жазды белгілі журналист Ұларбек Дәлейұлы өзіңнің facebook парағында.
Баяғыда бала күнімдегі бір оқиға есіме орала қалғаны.
Әлхисса, мен өскен таулы Тұрғын ауылындағы көп қазақ жазда жайлауға кететін. Сол ауылға қарасты 14 қыстақтың ортасында бір қытай қыстағы бар еді. Егіншілікпен, көкөніс өсірумен айналысатын нағыз «ши қалпақты, қаратабан» қытай дихандары-тұғын.
Олар жазда көп қазақ тауға кеткенде есек арбалары мен шарбақ артқан великтеріне түрлі көкөністерін толтыра тиеп алып, қазағы азайып, иендеу тұрған ауылдарды аралап, сауда жасап, еркінсіп қалатын.
Жаз ортасының бір күнінде мінезі шаргез, түсі суық, бес уақыт намазы тастай әкемнің ағасына еріп, етектегі ауылға түстім. Басына ақ шыт тартып, жуандығы басбармақтай дырау қамшы ұстаған қатулы атайға мінгесіп мен келемін.
Қытай қыстағының ортасын қақ жарып желіп келеміз. Үй көлеңкелерінде карта ойнап, демалып отырған еркектері де, жол бойында арықтағы суға күріш жуып отырған қатын-қалаштары да, су шашып ойнап жүрген балаларына дейін бізге үрке қарап, кейін ығысып: «Хаса ләй лы, хаса ләй лы!» (Қазақ келді) деп үрпісіп, шұрқырағаны әлі көз алдымда.
Бір түйір егде Қазақ пен жас баладан сонша қорқып үрейленген байқұстардың құлағында кезіндегі көшпелілердің ат дүбірі мен Күлтегін бабамның құмырысқабел садағынан ұшқан жебенің суық дауысы әлі күнге сақталып қалғанын кейін білдім ғой...
madeniportal.kz