Пoртoвeккьoдан шығып аралдың ішкі жағына қарай жүрсeң, көп ұзамай айнала биіктeй бастайды да, кeсeкк...
Хорхе Луис Борхес. Хуан Муранья (новелла)
Көп жылдардан бері Буэнос-Айрестің Палермо атты ауданында туғанымды айта-айта шаршаған жайым бар. Мойындаймын, оным жай ғана әдеби мақтан ғана. Ақиқатында мен найзадай, ұшты темір қоршаудың ар жағында, әкем мен ата-бабамнан қалған кітаптары мол, бақшасы бар үйде өскем. Қанжарлар мен гитаралардың Полермосы (оған мені иландырып та қойған) сыраханаларда болатын. 1930 жылы мен шалғай аудандарды жақсы көретін, әнге қосатын көршіміз Эварието Каррьетоға арнайы шығарма арнадым. Көп ұзамай-ақ ғайыптан Эмилко Трапаниге жолықтым. Пойызбен Моранға сапарлап бара жатқан ем. Терезе түбінде отырған Трапани мені атымды атап шақырып алды. Бірден танымағаным да рас. Темза көшесіндегі мектептің бір партасында отырғанымызға да ондаған жылдар өткен-ді. Трапанидің Роберто Годельдің есінде қалғанына күмән жоқ.
Анау айтқандай жақын қатынаста болған емеспіз. Уақыт пен бір-бірімізге деген құлықсыздық екеуімізді де мүлдем алшақтатып та жіберген тәрізді. Менің сол кездегі "Лунфар-домаға" келгенім есімде қалыпты. Ой-санаңа қажеті жоқ деректерін жолатқың келмейтін құлықсыздау бір әңгіме басталған. Мұндай қарым-қатынастан соң есіңде сыныптасыңның аты ғана қалу да заңды. Трапанидің аяқ астынан:
− Маған сенің Каррьего туралы кітабыңды беріп еді. Онда тек баскесерлер дәуірі туралы ғана жазыпсың. Олар туралы білуің екіталай ғой, Борхес! − дегені.
Ол маған қарапайым адамға тән таңданыспен қарап тұрғанды.
− Құжаттардан оқығам.
Трапани сөзімді орта жолдан үзді.
− Құжаттар деген − бос сөз. Маған олардың түкке де керегі жоқ. Мен ол адамдарды жақсы танитынмын. − Сәл кідіріп, тағы да бір құпияның шетін шығарғандай болған. Мен − Хуан Мураньяның балдызымын ғой...
Муранья тоқсаныншы жылдардағы Палермо қанжар ұстағыштарының ең атақтысы еді. Трапани жіліктеп түсіндіре бастады:
− Менің апайым Флорентина оның әйелі болатын. Бұл жай сені де қызықтыруға тиісті.
Ара-тұра айтылып қалған шешендік сөздерге, тым ұзақтау сөз тіркестеріне қарап, "бұл мақтаныңды алғаш айтып тұрған жоқсың-ау?!" деген ойға қалдым.
Әпкемнің өмір жолының Хуан Мураньямен бірге жалғасуы шешеме, әсте, ұнаған емес. Шешемнің ұғымында ол жабайы жануар кейпінде болды, әрі сол қалпында қалды. Ал Флорентина оны әрекеттің адами есебінде бағалады. Оның ажалы туралы дақпырт та көп болды. Әлдебіреулер "есінен тана мас болған ол Коронель көшесінде күймеден құлап, басынан алған жарақаттан өлді" деп сендірді. "Полиция ізіне түскеннен соң Уругвайға қашып кетті", деген қауесет те айтылатын. Күйеу баласы үшін о бастан алаңы жоқ шешем бұл турасында маған ләм-мим деп жақ ашқан емес. Мен о кезде кішкентай едім. Есімде сақтамаппын.
Жүзжылдық мерейтой өткен жылы біз Рассела көшесіндегі ұзын да тар жеке үйде тұратынбыз. Есігі ұдайы тарс жабық тұратын қосалқы қақпа әулие Сальвадор көшесіне шығаратын-ды. Ол кезде кексе тартып қалған әпкемнің жоғарыдағы өз бөлмесіндегі сыры басым күйбеңі де бітпейтін. Сүйегі ірі, арық әпкем маған тым сұңғақ болып көрінеді. Аузы да ауыр тұғын. Таза ауа жұтуды ұмытқан әпкем, сыртқа шығуды мүлдем қаламайды. Бөлмесіне келгендерді де жақтырмайды. Әпкемнің дастарқандағы тамақты жасырын әлдебіреуге тасымалдағанын да талай рет байқадым. Кварталда Муранья өлгеннен, немесе ізім-қайым жоғалғаннан бері әпкемнің есінен алжаса бастағаны туралы да жиі айтылатын.
Үстінен қара түсті киім түспейтін. Сондай-ақ өзімен-өзі сөйлесетін де дағдысы болды.
Тұрған үйіміз Барранас ауданындағы шаштараздың қожайыны сеньор Лучесси деген біреудің меншігі еді. Шешем үйде іс тігеді. Алайда шаруамыз алға баспай қойды. Мазмұнын түсінбесем де "сотқа шақырту", "мүлікті тізімдеу", "жамбасақы төлемегені үшін қуылу" сияқты сыбырлап айтқан сөздерін де жиі еститінмін. Шешем мүлдем жүнжіп кетті. Ал әпкем нық сеніммен: "Хуан қайдағы бір грингоның бізді далаға қуып тастауына жол бермейді" дейтін. Әпкем күйеуінің жау жүректігіне сенбейтінін айтқан оңтүстік кварталдардың бір жігітінің сыбағасын қалай алғанын жыр қылып айтудан танған емес-ті. Көп айтылғандықтан онысын жаттап та алғанбыз. Әлгінің сөзін естіген Муранья қаланың келесі қиырына уақытын қиып, арнайы барып, әлгі сабазға пышақ салып өлтіреді де мүрдесін Риачуэлоға тастайды. Оның да ақиқаттығын бір құдай біледі, бірақ сол дақпыртқа бәріміз де имандай сенетінбіз.
Көзім ұйқыға кетіп бара жатып, өзімді Серрано көшесінде түнейтін қаңғыбас, қайыршы немесе шабдалы сатушы есебінде елестетуге айналдым. Әсіресе, осылардың соңғысы өзіме ұнайтында. Өйткені, мектепке барудың машақатынан құтылам ғой...
Бұл алаңымыздың қашанға созылғаны да есімде қалмапты. Сенің марқұм әкеңнің менің көз алдымда байлықтың сентаводан немесе песодан тұратынындай уақыттың күндерге бөлінбейтінін айтқаны бар еді. "Әр сағат ерекше" дейтін әкең. Әкеңнің сондағы тұспалын ұға қойдым деп айта алмаймын. Бірақ сол сөзі жадымда жатталып қалыпты.
Бірде түнде түс көріп, шошып оянғаным. Түсіме Хуан ағай енген. Оны танымайтынмын. Бірақ төртпақ, үнді қаны араласқан, селдір мұрт, ұзын да ұйысқан шашты адам болар деп ұғатынмын. Біз тас шығаратын орын мен тұтасқан қурайлар арасымен Оңтүстікке бара жатыр екенбіз деймін. Тастар да, қурайлар да Темза көшесі екен. Күн қақ төбеден шақырайды. Хуан ағай шымқай қара киініп алыпты. Ол асулар арасына тартылған әлдебір көпірге келіп кідірді. Қолын пиджагының ішінде, жүрек тұсында ұстап тұр. Бейне бір қаруын жасырған адамға ұқсайды. Бір кезде мұңды дауыспен "қалай өзгеріп кеткем!" деді де қолын суырып алған. Қолдары қаршығаның тұяғына айналып кетіпті! Ұйқымнан айғайлап, шошып ояндым.
Таңертең шешем маған Лучесииге өзімен еріп баруыма пәрмен берді. Төлемді асықтырмауды өтінетінін біліп тұрмын. Жобасы, мені де қожайынның аяушылығын ояту үшін ертпек сияқты.
Әпкеме ештеңе айтқан жоқ. Айтқан күнде де әпкем мұншалықты кіріптарлыққа жол бермес еді. Баркасты бұрын-соңды кім көрген?! Маған ол төңіректің адамы мен дүкендері көп, иесіз жері аз сияқты көрінді. Бұрыштан айнала берсек, біз іздеп келген үйдің қасында ығы-жығы адам мен полиция тұр. Жергілікті тұрғындардың бірі адамдардың арасын ақтай жүріп, таң азанда есікті біреудің қаққанын айтады. Есік ашылып, үйге біреудің енгенін де біліп жатыпты. Таңертең жартылай жалаңаш Лучесси кіре беріс дәлізде жатыр екен. Есік ашық қалған. Әлдекім пышақтап кетіпті. Лучесси жалғыз тұратын-ды, кінәлі анықталған жоқ. Үй мүліктері ұрланбаған. Әлдекім соңғы кезде марқұмның көзі көрмей қалғанын еске түсірді. Әлдебіреудің "дәуренінің біткені де!" дегенді де жасырмай айтып салғаны. Әлгінің сөзі мен дауыс ырғағы маған қатты әсер етті. Уақыт өте келе, мұндайда жаңағыдай кесімді сөз айтатын біреудің қажеттілігі туатынына да көзім жеткен.
Табытты төңіректеп тұрғандар бізге де кофе ұсынды. Мен де бір шынысын алдым. Марқұмның орнына табытта балауыз қуыршақ жатқан-ды. Шешеме соны айтып ем, жиналғандардың бірі күлімсіреп тұрып, маған қара киінген қуыршақтың сеньор Лучессидің нақ өзі екенін айтты. Есім шығып, әлгіге қарай беріппін. Шешем шыдамай мені қолымнан тартып қалған.
Айлар бойы төңіректегі әңгіме де осы оқиғаға байланысты болды. Ол заманда адам өлімі сирек тұғын. Миленаның, Кампанияның және Сильетероның оқиғаларын еске түсірсеңіз де болады. Дүйім Буэнос-Айресте осы оқиғаға таңданыс білдірмеген бірден-бір адам әпкем Флорентина ғана. Ол кексе адамдарға тән қазымырлықпен:
− Сендерге айтып ем ғой, Хуан қайдағы бір грингоның бізді қуып тастағанына төзе алмайды! − деп қайталаудан танбаған.
Бірде нөсер жаңбыр басталды да мен мектепке бармай қалдым. Үйге сыймай мазасызданып жүріп, жоғарыдағы бөлмеге шығып кетіппін. Әпкем қолын салбыратып, бей-жай отыр екен. Тіпті ол бұл бөлмеде емес, басқа бір жерде жүргендей еді. Бөлмеден көк иісі аңқиды. Бір бұрышта − аспасына таспиқ ілінген темір кереует, екінші бұрышта − киім-кешек салатын сандық тұр. Ақталған қабырғаға құдай анасы бейнеленген арзан литография ілініпті. Түнгі үстелге шырағдан қойылыпты.
Көзін көтерместен-ақ әпкем:
− Не үшін келгеніңді білем. Шешең жіберді ғой. Ол Хуанның бізді қалай құтқарғанын білмек болып жүр, − деді.
− Хуан деймісің? − Есім шығып кетсе керек. − Ол осыдан он жыл бұрын өлген!
− Хуан осында, − деген әпкем. − Оны көргің келе ме?
Әпкем жәшіктен пышақ алып шықты. Басылыңқы дауыспен:
− Хуан − міне. Мені тастап кетпейтінін өзім де білгем. Дүниеге ондай адам екінші қайтара келмейді де! Хуан гринголардың сазайын қашанда бере алатын.
Бар гәпті сол жерде түсіндім. Лучессиді өлтірген дымға татымайтын мына кемпір екен! Кек пен өшпенділіктің, кім біледі, мүмкін махаббаттың билігіндегі Флорентина тас қараңғы түнде қосалқы есік арқылы шығып, іздеген үйін табады да, үлкен де сүйекті қолдармен пышағын Лучесси байғұсқа "кірш" еткізеді! Пышақ Мураньянікі тұғын. Сол пышақта оның рухы қалыпты.
Әпкем шешеме сырын ашты ма, жоқ па, ол жағын күні бүгінге дейін білмеймін. Ол бізді үйден шығарардың алдында көз жұмды.
Трапани баянын осылай тәмамдады. Қайтып көріскен де жоқпыз. Жолбарыс күйеуін сол күйеуінен қалған затпен шатастырып алған, оны қатыгездіктің құралына айналдырған жесірдің тарихынан мен бір нышан аңғарғам. Хуан Муранья есімді адам да менің балалық шағым өткен көшеде сайран салыпты. Адам баласы өтуге тиіс жолдың бәрінен ол да өтіпті. Ақыр-соңында өзі де пышаққа айналу үшін адам қанының дәмін татыпты. Бүгін ол пышаққа байланысты естелікте жүр. Ал ертең ұмытылады. Ондайдан ешкім де қашып құтылмақ емес...