Нұртас Исабаев: «Қаншама қиындықты еңсеріп келе жатқаным – өмірге құштарлығымның арқасы»

ӘДЕБИЕТ
2606

Нұртас Исабаев – 1954 жылы 13 қарашада Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектептен кейін біраз уақыт аудандық газет корректорлығынан бастаған. 1980 жылы жол-көлік апатына ұшырап, 25 жасында жер баса алмай, арбаға таңылса да қолынан қаламы түспеген қаламгер. 


– Қазір не оқып, не жазып жүрсіз? Жалпы қазіргі әдеби өмірді қалай бағалар едіңіз?

– Қазір көбінесе өлең жазып жүрмін. Өткен жылы соңғы жазған, бұрын жарияланбаған өлеңдерімді жинап «Самғау» деген жыр жинағымды шығардым. Оны Бибі-Ана деген кісі бар ғой, сол кісі өз баспасынан шығарып берді. Қазір сол көбінесе өлеңдер жазып, арасында өмірден көрген-білген, сезген-түйгенімді әңгіме қылып та жазам. Үнемі өлең жаза бермейсің, өйткені өлең деген анда-санда келетін дүние. Мен өзімді зорлап өлең жазбаймын. Әбден шабытым келіп, ойыма алған дүние піскен кезде ғана жазамын. Көп уақытым кітап оқумен өтіп жатыр. Соңғы кезде жастардың шығармашылығына көп ден қойып жүрмін. Енді қазіргі жастар әдебиеттің болашағы, жаңа әдебиетті солар жасайды. Олардың шығармаларын әлеуметтік желіден, кейде қолыма түскен газеттерден оқып тұрамын. Жақында Думан Рамазан, Асқар Алтай, Дидар Амантай деген жазушылардың әңгімелерін оқыдым. Дидар өзі білімді жігіт қой, қызық жазады. Ешкімге ұқсамайды, бақылап отырамын. Айгүл Кемелбаеваның да әңгімелерін оқып тұрам. Басқа да көптеген жастар шығып келе жатыр. Өлеңдерін көп оқимын. Олардың бәрінде ізденіс бар. Шынында да көбі жақсы жазады. Соларға тілекшімін, әйтеуір қолымнан келгенше пікірімді айтам. 

Қазір жағдай да қиын. Өмірдің аласапыран болып кетті. «Жаңа Қазақстан» дейміз, «ескі өміріміз жаңарса екен» деген тілекпен өмір сүріп жатырмыз. Әлемдік саясат та ушығып тұр. Соның бәріне енді өзімнің пікірімді білдіріп, үнімді қосып отырамын. Әрине, өлеңмен. Өйткені адам не туралы толғанса, соны жазады ғой.

Мендегі бір қуанышты жаңалық – «Мереке» баспасынан «Өмірге құштарлық» романым шықты. Романым Дидар Құлкенов інімізге ұнаған екен, сұрап алып, толықтанып, суреттермен қалың болып шықты. Қағазы жақсы, әріптері де үлкен, оқуға ыңғайлы. Оқырмандар жақсы қабылдады, сұраушылар көп. Қаншама адам хабарласып, телефон соқты. Сұраушы оқырмандардың бәріне баспаның, кітап сатылатын дүкеннің мекен-жайын айтып отырам. Оқырмандардың мұндай қызу ынтасы маған үлкен жігер, қуаныш сыйлайды. Менің өмірім, тағдырым көп адамды қызықтырса керек. 

Бір жолы Қарағанды жаққа демалып, емделуге бардым. Жас келіншек күйеуі екеуі мені палатаға іздеп келді. «Қандай ауру екенін білмеймін, бес-алты жыл орнымнан тұра алмай жатып қалдым. Ештеңе қызық болмай, түңіліп, қиналдым. Сол кезде теледидардан сіздің кешіңізді көрдім. Онан кейін кітаптарыңызды тауып оқыдым. Маған күш-қуат, жігер, шабыт сыйлады. Орнымнан тұрып кетуге көмектесті. Сол үшін сізге рақмет», – деді келіншек. Сонда өзім қатты таң қалдым. Қиналып жүрген адамдар көп қой, солар менің өлеңімнен, романымнан шабыт алып, күш-қуат бітіп, өмірге талпынады екен. Өлеңдерімнің, романының елге әсері, пайдасы тиіп жатқанына  қуанам. 

Соңғы кезде мен осы әлеуметтік желіден көптеген жазушылардың өмірі, тағдыры туралы оқып тұрамын. Олардың бастарынан өткен қиындықтары, мінез-құлықтарын қараймын. Өйткені қазір газат-журналдар бұрынғыдай көп таралмайды. Әлеуметтік желілерде көп айтылып, аталып жатқан шығармаларды да жібермей оқуға тырысам.  Адам бойында түрлі қасиет, қабілет болады. Арасында ән де шығарам. Соңғы кезде біраз сырқаттанып, қиналып қалған жағдай да болды. Бәрі  өтті, әйтеуір емделіп, соның бәрін жеңіп, құтылып шықтым. сол кезде де шығармашылығым тоқтап, тоқырап қалған жоқ.  

Қазіргі заман туралы айтатын болсақ, әрине, жазушы еш уақытта өзінің өмір сүріп жатқан ортасынан бөлек бола алмайды. Ол бәріне де үн қосып отыруы керек. Өзінің  көзқарасын білдіріп отыруы керек деп ойлаймын. Қоғамымыз да бірте-бірте жақсы болып келе жатыр деп ойлаймын. Қазір адамдарда жақсылыққа деген ұмтылыс бар. Қоғамдағы жексұрын әрекет, қылықтарға қарсы күресіп, оны жеңіп, жаңа қоғам құрсақ, бәріміздің игілігіміз. 

Қазіргі өмір, қоғам туралы көлемді дүние жазғым келеді. Бірақ денсаулыққа байланысты оған отыра алмай жүрмін. Қазір нағыз жазатын кезең. Біздің жастар ештеңеге жалтақтамай, қорықпай жазу керек деп ойлаймын. 

– «Өмірге құштарлық» романыңыздың көтерген тақырыбын, мазмұнын қысқаша айта кетсеңіз. Жалпы өмірге құштарлық дегенді қалай түсіндірер едіңіз?

– Өмірге құштарлық дегеніміз-өмірді сүю, өмір мен адамдарға деген махаббат, туған елге сағыныш. Бұл романда өмірге құштарлық арқылы адам басынан өтетін кез-келген қиындық пен тауқыметті жеңуге болатынын көрсеткім келді. Әр адамның бойында сан алуан сезімдер болады, осының барлығын адам өмірге талпынысы мен ерік-жігерінің арқасында жеңіп шыға алады. Өзгелерге шабыт сыйлап, үлгі болар деген ниетпен өз басымнан өткен бір оқиғаны баяндап берейін.

Мен жол апатына түскенде екі омыртқам сынды. Сол уақытта ағайын-туыс, дос-жаран денсаулығыма күдікпен қарап, қатты алаңдады. Айналамдағы адамдар мен үшін қиналмасын деп, өзімнің мықтылығымды көрсетіп, ауырғаныма қарамай өлең айтып, күліп жатушы едім... Ең басты арманым – аяғымнан тік тұру еді. Енді аяғымнан тік тұрып жүрейін деген сәтте алдымнан кедергілер шыға берді. Тағдыр солай болған шығар, арада біраз уақыт өтіп кетті, аяғымды төрт рет сындырдым. 

Жер-жүзін індет жайлап, ковит келген кеде өкпемнің елу пайызы зақымданып, ауруханаға түстім. Күнделікті дәрігерлер тексеруге келгенде: «Сіз ылғи күліп, сопртпен айналысып жатасыз, неге олай?», – деп сұрайтын. Ауруханада жатқанда, артық уайым-қайғыға салынуға мүмкіндік бермедім. Денсаулығым жақсарып, өмірге қайта келетініме сенімім мықты болды. Өмірге деген талпынысым мықты болғандықтан бұл ауруды он күннің ішінде жеңіп шықтым.

Қаншама қиындықты аман-есен еңсеріп келе жатқаным өмірге деген құштарлығымның арқасында деп ойлаймын! Қиындықпен күресіп жатқаныңды іштей сезінгенде, бойыңда қуат пен жігер пайда болып, өлең жазасың, өзіңді-өзің қамшылайсың... Оқырманға өлеңдерімнің жақсы жағынан әсер етуі сондықтан деп ойлаймын.Көпшілік қауым: «Екінші романыңды қашан жазасың?» – деп сұрайды. Өз аяғыммен тік тұрып жүріп кеткен уақытта жазамын деп жауап беремін... Барлығы бір Алланың қолында!

Өмірді жақсы көремін! Ағайын-туыс пен достарымды жақсы көремін! Ару қала Алматыны жақсы көремін! Елімді сүйемін! Сұлулықты сүйемін! Қиын-қыстау уақытта қолдаған ел-жұртқа ризамын!

– Жаңа өлеңізден біреу оқып берсеңіз... 

– Сиясы кеппеген «Шие» деген бір өлеңімді оқып берейін.

Құлпырғанда көктемде шие гүлдеп,

Мен секілді өмірді сүйе біл деп.

Аяз келіп жабысты ақ қарымен,

Құдіретіме басыңды иемін деп.


Сұлу гүлдер суықтан үсіп кеткен,

Көріп менің көңлім де түсіп кеткен.

Әлсін-әлсін қабағы бір ашылмай,

Кетті құстай лезде ұшып көктем.


Шие биыл ауытқып ережеден,

Жеміс бермес деп едім тере жеген.

О, ғажайып, самсап тұр шиелері,

Таң атқанда қарасам терезеден!


Түйнек салған екен ғой шие гүлден,

Жаз келгенде көк көйлек кие күлген.

Қарай берем қып-қызыл жемістерге,

Осы екен ғой өмірді сүйе білген!


– Ковид деп айтып қалдыңыз. Кезінде адамзатты қынадай қырған індет туралы көркем шығармалардан оқушы едік, соны көзімізбен көрдік. Жалпы COVID-19 бізге не үйретті? Не қорттыңыз?

– Бұл індетті адамзатқа Алланың ескертуі деп қабылдадым. Өйткені, ковидтің кезінде қарапайым халық қатты қиналды. Қиын уақытты қазақтар бауырмалдығы мен ағайыншылдығының арқасында еңсеріп, аман-есен өтті. Індет деген адам талғамайды. Қаншама адамдардың өмірін жалмады. 

Қоғамда көзіне шел бітіп, даңдайсып кеткен адамдар бір сәт Алланың алдында тәубеге келіп, қорқынышты басынан кешірді. Ковидтен кейін адамзат ойлануы керек еді, бірақ баяғы әдеттерінен әлі арыла алмай жүр. Өзім ковидпен ауырғаннан кейін намазға жығыла бастадым. Басымыздан өткен қиын күндер мен адамдардың қалай қиналғанын көргеннен кейін имандылыққа, Аллаға деген сенімім күшейді. Намаздың құдіреті адамның жанына тыныштық сыйлайды екен.

Бүкіл ел болып індетті басымыздан өткердік. Қазір «ковидтан құтылдық-ау» деп қуанып жүрмін. Адамдар бұрынғыдай бір-бірімен араласа бастады, бағаламаған құндылықтарымыздың қадірін түсіндік. Індеттің болуы тегін емес, Жаратқанның адамзатқа деген ескертуі. Адамдар осыны естен шығармау керек!

Бұл індет қайталанбауы үшін ең алдымен мінез-құлық, ой мен пейілімізді өзгертуіміз керек. Адамдар бір-бірімен талас-тартысқа түсе бермей, мейірімділік танытып, кешіріммен қарай бастаған сәтте бәрі жақсы болады. Індеттен кейін де әлі көп адамдар тәубесіне келмеген сияқты. Ақ халатты абзал жандардың ерлігін, өз денсаулықтарына қауіп төніп тұрса да, жан-аямай халық үшін еңбек еткендерін айтып өту керек. Бұл-адамдық пен адамгершіліктің белгісі.

Қазіргі уақытта дәрігерлер мен ғалымдар індетке қарсы дәрі-дәрмектер жасап, сақтық шаралараның қатаң сақталуын қадағалағандықтан ковид кетті деп ойлаймын. Қай жағынан болса да індеттер мен апаттарға біздің мемлекет дайын болуы қажет. 

– Туған жер, өскен ортаңыз туралы не айтар едіңіз?

– Менің туған жерім – Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы. Сырдарияның суына шомылып, жағасында балық аулап, Қаратаудың етегінде қызғалдақ теріп өстім. Жаңақорған салт-дәстүрін сақтаған, ән мен күйдің қасиеті дарыған киелі мекен. Жаңақорған халқының басым көпшілігі мал шаруалығы және күріш өсірумен айналысады. Кезінде Жаңақорғанның қасында «Шалқия» фосфор шығаратын кені ашылды. Оны Кентау қаласына тасып, сол аймақта кен өндіретін болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген өндіріс орындары жабылып қалды да, халық сауда-саттықпен айналысып кетті. Жаңақорған халқы өз туған жерлерінде әлі күнге дейін дамып-өркендеп жатыр. Біздің ауылдың топырағынан халық ақыны Манап Көкенов, атақты композитор, «Ақбаян» әнінің авторы Бексұлтан Байкенжеев сияқты небір таланттар шыққан.

Оқушы кезімнен бастап өлең жаза бастадым. Өлеңдерім аудандық газет беттерінде жарияланып тұрды. Өлеңмен шыңдап айналысқан кезім он үш-он төрт  жас аралығы. Туған жердің керемет табиғаты мен ауасы, онда тұратын ел-жұрттың бір-біріне бауырмалдығы мен меймандос көңілі шабыт сыйлап, ақын болуыма себепкер болды деп ойлаймын. Әкем әдебиетке құмар кісі еді. Газет-журналдар оқып, қисса-дастандар мен ертегілерді бізге айтып беретін. Әдебиетке нағыз құмар оқырмандар ауылда болатын. Мектеп қабырғасында жүргенде өлеңге құмар балаларды жинап, үйірме ұйымдастырған сәттер де болды. Аудандық газетте Әкім Мейірбеков, Бақтыбай Айнабеков сияқты ағаларымыз өлең, әңгіме жазатын жазушылар еді. Осы кісілердің ақылын тыңдап, жазған хаттарын оқып, ер жеттік. Осының барлығы менің ақындық жолды таңдауыма әсерін тигізді.

Оқуды аяқтаған соң, алғашқы еңбек жолым аудандық газетте корректор қызметімен басталды. Содан кейін Москва қаласындағы әдеби-тіл институтына оқуға түстім. Жол апатына түскен соң, денсаулығыма байланысты ауылда біраз уақыт болдым. Қарағанды қаласына барып емделіп келгеннен кейін туған елге қайта оралдым. Ауылда жүріп, диплом жазып, институтты бітіріп шыққан соң Алматыға шақырту алдым. Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов екі бөлмелі пәтер алып берді. Қазір де осы қалада (Алматыда) тұрамын. Тұрып жатқанымызға қанша жыл болды, Алматыдан басқа жерге көшкім келмейді. Москвада оқып жүргенде жазғы демалыс сайын Алматыға жиі келуші едім. Емтиханда шет тілінен құлап, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсе алмай қайтқанмын. Алматы ол уақытта әдебиеттің қайнаған ортасы еді. Жазушылар одағында Ұлықбек Есдәулет, Болат Үсенбаев сияқты достарым болатын. 

Жиырма жыл бұрын аудандық әкімшілік хат жіберіп Манап Көкеновтің 60 жылдық мерейтойына шақырды. Ел-жұртпен қауышып, ағайын-туыспен амандасып, бала кезімде өзім жүрген тау-тастың барлығын аралап қайттым. Туған жерім Жаңақорғанды ұмытқан емеспін, түсіме жиі енеді. Ауыл десе көңілім әрқашан елеңдеп тұрады.Туған жерге деген сағыныштан талай өлеңдер жыр болып төгілді.

Ауылым әлде ұмытта ма өренін?!

Келген жұрттан жиі сұрай беремін,

Алматыда қанша уақыт тұрсам да,

Түсімде мен ауылымды көремін, – деп жазған өлеңім бар... 

– Емен-жарқын әңгімеңізге рақмет.



Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...