Қытайдағы ең атақты һәм ең көрнекті қазақ жазушысы, Қытайдың шын мәніндегі Мемлекеттік сыйлығының ие...
Болмайды!
Көп жылдар бойы біздің мекемеміз мекен еткен, жапырайып құлауға айналған, еден тақтайы жалба-жұлба боп шақырлап жатқан, шатырын ию-қию боп тышқандар жайлап алған ескі үйден сәті түсіп жаңа үйге көшкен күні тура жұмаққа барғандай рақаттандық. Терезе шыныларына салтақ-салтақ боп әк шашыраған екен, еденінде ыбырсып ағаш мүгі мен жоққа, шор-шор боп цемент қалыпты,— біз бәрін дереу сыпырып, күреп, жуып-шайып тазалап, көңіліміз көншіп, жайланып орналаса бастадың.
Көші-қон кезінде біздің штатымызда ешқандай өзгеріс болған жоқ, тек бұрынғы директорымызды басқа мекемеге ауыстырды да, оның орнына, басқа біреуді тағайындады.
Жаңа директордың бізге өзінен бұрын «ол өте қатал адам екен» деген даңқы жетті.
Жаңа директорымыз құрықтай ұп-ұзын, сидиған кісі екен. Шашын қылтанақтай қып-қысқа етіп қырықтырыпты, көзі өңменіңнен өткендей, оқыс қарай қалса,— қайсымызды болсын қалпақтай түсіретін.
Директор қызметке кіріскен күні-ақ он төрт тармақты бұйрық ілініп қалды. Бір тармағында: «Бұйрықтар бұлжытылмай орындалсын. Беталды әрекеттер қатаң қадағалансын. Біздің халықтың арасына жайылып кеткен: «Тыйымы көптің тойымы жоқ» деген мәтелді үлгілі тәртіп қана жоңқа шығара алады. Бұл залалды мәтелді біздің қырағылығымызды жойғысы келген ішкі жаулар ойлап тапқан делініпті.
Қызметтес жолдастарым сияқты мен де ол бұйрықпен танысқанымды растап қол қойдым. Түстен кейін бұйрықты қайтадан алып келді. Себебі: мен «оқып шықтым» деп жазбаппын және қай күні оқып шыққанымды көрсетпеппін. Жаңа бастығымыздың алдында аяғымыздың ұшынан жүру керектігін бәріміз де түсіне қойдың. Оның қаһарының қаттылығы соншама, сырттан дауысы естілген кезде іште отырып қалтырай бастайтын болдық.
Жаңа директор іске қызу кірісіп кетті. Бұйрық дегенің бұршақша жауды. Жарнама тақталар жапырақша жыпырлап берді, оларды қала шеберханасына заказбен жаздыру тым қымбатқа түсер десе керек, келіп жазып беретін бір кісіні жалдап алды. Ол кісі сыртқы есіктің сатысына жайланып отырып алды да, сыпылдатып жазуға кірісті. Жалақысы жұмысына қарай төленетін көрінеді. Сыртқы есіктің босаға тұсында мекемеміздің аты толық жазылған үлкен де әдемі қола тақта ілулі тұрған-ды, барлық бөлімдердің есігінде де тақталар бар болатын, сондықтан біз оның енді немене жазатынын тағатсыздана күттік.
Шеберіміз кешке дейін он тақта әзірлеп, оның бәріне де қара бояумен: «Гүлді жұлуға болмайды!» деп жазып шықты. Біз тақталарды не өңімізде көріп тұрғанымызды, не түсімізде көріп тұрғанымызды ұқпай дал болдық. Мекемеміздің жаңа үйі тап-тақыр тастақ жерде тұрған. Гүлді былай қойып, тіпті тіс шұқыр қылған жоқ еді. Әйтседе, шеберіміз әлгіндей тақтаны тағы да үш күн ұдайымен жасады.
Төртінші күні: «Паркке ит жетектеп кіруге болмайды!» деген тақта пайда болды. Біз енді не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Мекеменің ауласы тікенек сыммен қоршалып тасталған-ды. Тақырдың шаңы шығып жатыр, маңайымызда түйетікен мен қалақайдан басқа дым жоқ. Ендеше, парк қайда? Сонда мұның паркі қайда дейміз.
Тақталар директордың тікелей өзінің басшылығымен аулаға сәндеп тұрып орналастырылды.
Шеберіміз шаршап-шалдықпай шаруасын тындыра берді. Келесі тақталарына: «Паркке көлікпен кіруге болмайды!» деп жазды. Ал керек десең! Тікенек сым қоршаудың ашық қалдырылған жерінен автомобиль тұрғай адам әрең өтпей ме?
Ертеңінде таңертең біз тағы бір тамашаға тап болдық. Тікенек қоршауға әрбір үш-төрт метр сайын: «Байқаңдар, киімдеріңді жыртып алмаңдар. Тікенек сымға жақындауға болмайды!» деген жаңа тақталар ілініп тасталыпты.
Басекеңнің ойында не барын біле алмай басымыз қатты. Біреулер айтты, ол бұл жерге тамаша парк орнатқалы жүрген шығар деді. Екінші біреулер: «Сендер, немене, біздің халықтың қандай екенін әлі білмейсіңдер ме? Бізді өстіп үйретпей болмайды. Бүгін гүлзар орнатып берсе, ертең-ақ оны отап алармыз!» десті. Үшінші біреулер айтарларын іштерінен айтып тынды.
Жылжып күн өтті, апталар өтті,— бір де тал гүл отырғызылғанын көре алмадық. Шеберіміз тапылдатып тақта жасауын жалғай берді. Бір күні жұмысқа келгенімізде сыртқы есікке: «Кіруге болмайды!» деп тақта іліп қойылғанын көрдік. Болмаса — болмайтын шығар деп басқа есікке бардық. Онда да сондай тақта тұр. Үшінші есікке бардық. Ондағы тақтаға: «Кіруге де, шығуға да болмайды!» деп жазылыпты.
Жұмысқа келгендер түгелдей ошарылып тұрып қалдық.
— Иә, өстіп далада тұра береміз бе? — деді әлдекім.
— Терезеден кірейік,— деп күрсінді біреу.
Үйге терезеден кіру соншама қиямет шаруа емес қой. Біріңді бірің иықпен көтеріп, біріңді бірің қолыңнан тартып шыға бересің. Бірақ ертең басекең терезеден кіруге тиым салған тақта ілдіріп қойса ше? Тұрбадан түсеміз бе?!
— Болмайды деген екен деп өстіп тұрамыз ба, әйда, жүріңдер, есіктен кіреміз!— деді әлдекім өршігештеніп.
Бірақ оны ешкім қолдамады, бәрі де директордан қорықты. Ол шығарған бұйрықтарға күн ара қол қойып, бәріміз де тиым көріп, тоқырап жүргенбіз.
Кеңсе ішінен бір жолдастарымыз дауыстамағанда біз далада ұйлығып тұра беретін едік. Қалайда жол тауып кіріп алған олар: «Үйдің артқы жағында кішкентай есік бар. Содан кіріңдер!» деп жон сілтеді. Тауық қана сыйғандай ол есіктен подвалға түсіп, содан әйтеуір шұбап жүріп бөлмемізге жол таптық.
Бірнеше күннен соң директор бізді залға иіріп жинап алды да, иімізді қандырып сөйлеп берді. «Тиым салғанды елемеуден барып ебедейсіздіктер туады. Басыңа мың бір пәле жауған күннің өзінде де бұйрықты бұлжытпай орындау қажет. Өйтпесең, абырой мен тәртіпке нұқсан келеді», деді ол.
Біздің мекемеде бәрінен бұрын тақташы шебердің жұмысы еселеп қыза түсті. Біз оның әрбір қимылына қызыға қарайтын болдық. Сөйтіп жүргенімізде оның жанына: «Шебердің қасында тұруға, оны сөзге айналдырып алаңдатуға үзілді-кесілді тиым салынады!» деген тақта орнап-ақ қалды.
Сонымен, біздің мекемемізде түсініп болмайтын тірлік басталды. Иттің кіруіне болмайды деп тақта ілінген сәттен бастап ауламызға ит толып кетті, қу тақырға бұрын мүлде жоламайтын хайуандар енді тепкілеп қусаң да кетпеуге айналды.
Біздің мекемеге қарай созылған көшеде иттерді шақырған дауыстар күнде естіліп тұратын, біздің қызметкерлердің соңынан сүпелектейтін төртаяқтылар бірен-саран ғана болатын,— оларды ерту үшін етті де, сүйекті де аямай тастайтынбыз.
Ит атаулыны суқаным сүймейтін мен де енді оларға жылы қарайтынды, тақыр алаңқайға төбет-сөбеттердің біреуін ертіп апару үшін сүйек-саяқ сатып алатынды шығардым. Бірақ алаңқайға ертіп апаратын итті іздеп табу күн сайын қиындай түсті. Олардың бәрі біздің ауладан қия баспайтын болды. Опыр-топыр болып ойнап, ию-қию боп қырқысып, арсылдап үріп жүргендері.
Кезекті мәжілістің бірінде директорымыз:
— Иттерді баққа кіргізуге менің тиым салғанымды өздеріңіз білесіздер. Біздің кейбір қызметкерлеріміз ол тиымға оншама мән бермеді. Ал мен істің ақыры немен тынарын күні бұрын білдім. Менің болжамым бүгін ақталып отыр. Тиым салғанның өзінде баққа ит қаптап кетті. Егер дер мезгілінде тиым салмағанымызда, неге душар болар едік, кәне, ойлап көріңіздерші! Міне, тиым сала білудің бір нәтижесін осы! — деді.
Директордың айтуынша, болмайды деген нәрсеге ол өмірінде шәк келтіріп көрмепті. Қызметінің жемісті боп келе жатқаны сондықтан екен.
Арада біраз уақыт өтті. Түйетікен қаракөк бүр жарды. Басқа қызметкерлерді былай қойғанда, тиым дегенде тітіреп тұратындардың өздері түйетікеннің бүрін жасырын жұлатынды шығарды. Олардың қолдары тура мысық тырнағандай дал-дұл боп жүрді.
Пенсияға шығуына бас-аяғы үш-ақ ай қалған Бұрхан-бей ғана күнәға батудан қашқақтады, Ол гүлді өте жақсы көретін, өз үйінде үнемі гүл өсіретін. Дегенмен, ол да ақырында шыдай алмады. Бір күні мен қызметке күндегіден ертерек бара қалдым» Кенет Бұрханды көрдім. Ол аулаға кірген бетте қалақайға тура тартты. Мен бір қалтарысқа бұға қойдым да, оның не істейтінін баспалап бағып тұрдым. Бұрхан-бей жан-жағына ұрлана қарап алды да, портфелінен былғары қолғап алып киіп, қалақайды жұлқылап үзе бастады.
Басқаларымыздың қолымызға ұқсап оның қолының неге тілім-тілім боп жүрмейтінін мен сонда ғана ұқтым.
Тағы бірде директорымыз:
— Менің гүлді жұлуға тиым салғанымның дұрыстығын да өздеріңіз көріп отырсыздар. Кезінде кейбіреулеріңіз: жоқ гүлді жұлуға болмайды дегені несі деп күлгенсіздер. Ал егер анау түйетікен мен қалақайдың орнында бақтың сұлу гүлдері өсіп тұрса, нендей халге ұшырар еді?!— дегенді айтты.
Біз оның сөзін құптап бас шұлғыдық. Ешкім дауласып ауыз аша алмады. Ол тауып айтты. Бізге сөйтіп айтып қоймаса болмайды.
Біздің бәріміздің де шалбарымызға, пенжактарымызға жамау түсуге айналды. Күнде таңертең:
— Ахмет-бей, сенің шалбарың мүлде бөксеріліп, тіпті дамбалың көрініп тұр.
— Солай болды, Мехмет-бей. Тікенек сым іліп кеткені... Сенің де жеңің жырым-жырым боп қалыпты ғой.
— Мен де жыртып алдым...— деген сияқты сөздерді еститін болдық.
Кешке үйге барғанда жаматып алғанға дейін жыртықтарымызды түйреуішпен ілдебайлап әлектенеміз де жүреміз. Менде бүтін костюм қалмады. Тікенек сым қоршауға ілінген: «Жақындауға болмайды!» деген тақтаны көзім шалса-ақ болды, сымға барып сүйкенгім келеді де тұрады. Әрине, сүйкенген сайын не пенжагым, не шалбарым жалбырап шыға келеді. Қызметтес серіктерімнің көпшілігі тікенек қоршаудың үстінен секіріп өтетін өнер тапты. Егде тартқандары ғана есік есебіндегі аралықтан кіріп-шығады. Бір күні жастарға еліктеп Бұрхан-бей де секіріп өтпек болып еді, қоршаудан қалпағы ғана асып түсіп, өзі бақаша тарбиып қоршаудың үстінде қала берді. Тікенектен әупірімдеп жүріп түсіріп алдық, бірақ киімінен сау-тамтық қалған жоқ.
Гүл орнына ауламызға балалардың арбалары мен велосипедтері толып кетті. Тіпті иттерге де жүгіретін жер қалмады. Тар қақпадан ішке кіре алмайтын болған автомобильдер қаз-қатар боп көшеде тұрды.
Шеберіміз баяғысынша тақталарын жасай берді. Директорымыз күн сайын жаңа тиым ойлап таба берді. «Терезелерді ашуға болмайды!» деген тақтадан соң іле-шала: «Кіруге болмайды!», «Шығуға болмайды!», «Түкіруге болмайды!», «Темекі тұқылын тастауға болмайды!», «Бөтендердің кіруіне болмайды!», «Мұнда темекі тартпаңдар!», «Мына орындықтарға отырмаңдар!», «Қатты сөйлемеңдер!», «Өтпе токтың қорабына жұғысу қауіпті», «Қабырғаларға жазу жазуға, сызуға және сурет салуға мүлде болмайды!» сияқты тақталар жыпырлап кетті.
Тақталардың көбейгені соншама, біз оның тіпті санынан жаңылып қалдық. Тақталарға кеңсеміздің әуелі жартысын, сонсоң төрттен үш бөлігін босатып беріп тындық.
Қай тақтаны қайда, қалай ілуді директордың тікелей өзі қадағалап отырды. Тақталардың жазуы бірінен-бірі еткен жаңылтпаш болып жатты. Мәселен, дәретхананың есігіне: «Тектен-тек кіруге болмайды!» деген тақта қағылды. Сол күннен бастап ол орындар азаннан ақшамға дейін босамайтын болды. Тақтаның директордың нұсқауымен ілінгені немесе қызметкерлеріміздің бірі мазақтап іліп қойылғаны беймағлұм боп қалды. Ал директордың есігі сыртына ілінген бес тақтаның бірінен: «Түкірме!» дегенді оқыдың.
Біздің бөлмелер жап-жарық еді. Шамды жағатын тетіктердің тұс-тұсына: «Күндіз шам жақпаңдар!» деген тақталар ілінген соң бөлмелеріміз мүлде жарқырап кетті, өйткені шам күні бойы жанып тұратын болды,— сымның бір жері бүлінгенде ғана сөнеді.
Өтпе ток қорабының сыртында: «Қол тигізу қауіпті» деген жазу бар-ды. Сондықтан оны ерінбеген екінің бірі бас салып ашып, шұқылап жатады. Дәлізге шыққанда темекінің тұқылынан аяқ алып жүре алмайсың. Ол ол ма, бір күні мен тәп-тәуір әлдекімнің еденге былш еткізіп түкіре салғанын көріп қалдым.
— Сіз, немене, сауатсызсыз ба?— дедім, тақталарды нұсқап, ренжи сөйлеп.
— Кешіре көріңіз. Менің түкіргенімнен не келіп, не кетер екен деп әдейі нетіп едім,— деп күмілжіді ол.
Бізге тағайындалып келгеніне үшінші ай бола бергенде бір күні директорымыз ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Не кеңседе, не үйінде жоқ. Әйелі мен балаларында, әрине, ес қалмады. Содан директор келесі күннің кешінде ғана табылды. Шаруашылың бөлімінің меңгерушісі бірдеңе іздеп екінші этаждағы қоймаға барады. Барса, жан баласы бас сұқпайтын ол қоймадан біреудің дауысы естіледі. Меңгеруші жүгіріп бізге келді, біз тұра-тұра ұмтылдық көмекке. Директор біздің көмегімізге зәру болып-ақ тұр екен. Шыға алмай шыр айналып қалыпты. Қойма дәлізі қаншама кең болса да, оған таршылық жасапты.
Сөйтсек: директор сыртында ешқандай тақта жоқ есіктен кіреді де, дәлізбен жүре береді. Бірақ, «Шығуға мүлде болмайды!» деген жазуы бар тақтаға барып тіреледі. Сонсоң кейін қайтады. Кейін қайтса, әлгі есіктің ішкі бетінде: «Жұғысуға болмайды. Өте қауіпті!» деген тақта тұрады.
Айтып-айтпай не керек, байғұс басекеміз ары жүгіріп, бері жүгіріп, сыртқа шығар жол таба алмапты. Қамалып қалғаны аздай-ақ, төңірегіндегі тақталарға қарап тұрып не темекі тарта алмай, не сіреңке шаға алмай әбден қор болыпты.
Қамауда қалған бастығымызға сыртынан айқайлап:
— Директор мырза, терезеден секіріңіз. Біз брезент жайып қағып аламыз!— деп ақыл айттық.
— Секірмеймін. Терезені ашпа деген тақта бар,— дейді ол.
Бастығымыз тағы да бірдеңе деп дауыстап еді, онысын ести алмадық.
— Ол айтады, дәлізде қатты сөйлеуге болмайды дейді,— деді, есікке құлағын төсеп тұрған бір қызметкеріміз.
Директорымызды қалай құтқарып алуды білмей басымыз қатты.
— Өйтуге болмайды, бүйтуге болмайдыны көріп тұрып ол өлсе де шықпайды,— деді оның сырын бес саусағындай білетін әлдекім.
Өзі кірген директорымыз шығар жолын да өзі тапты:
— Барып шеберге айтыңдар, «Шықпауға болмайды!» деп жазылған тақта әкеліп берсін,— деді сыбырлап бұйырып.
Бұйрығы әп-сәтте орындалды да, айтқан тақтасын есіктің астыңғы жағынан жібердік. Директор оны есіктің ішкі бетіне ілді де, сонсоң жайлап басып сыртқа шықты.
— Міне, көрдіңдер ме, тиым сала білудің маңызы осында. Егер мына есіктің сыртында «Кіруге болмайды!» деген тақта тұрса, мен мұнда кірмес те едім, мұнша михнат көрмес те едім. Тақтаның болмағандығынан қайдағы жоқ пәлеге ұшырадың,— деді ол, өсиет айтқан кейіппен.
Пәледен құтылып шығысымен директорымыз иен қалғыр дәлізге кіруге болмайтын шара қолданды.
Біздің бағымызға қарай, дәретхана есігінің ішкі бетіне: «Шығуға болмайды!» деген тақта орнаттырып қою директорымыздың есіне әлі түспей жүр.
Бүгінде мекемеміздің іші-сыртын тақта дегеніңіз күпінің битінше бықып басып тұр. Ине шаншар бос орын жоқ. Егер күндердің бір күнінде біздің біреуіміз қызметтен үйге қайтып оралмай қалсақ, оншама қапалана көрмеңіздер. Директорынан артық па, бір қалтарыста қамалып, мең-зең боп тұрған шығар дей салыңыздар.
Авторы Әзиз Несин
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ