«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі мен «...
Бауыржан Әліқожа: «Олжас не жазса да, өзіндік өрнегімен жазатын ақын»
Ақынның өлеңі дейміз,
Ол оның тағдыры шығар?!- дейді.
Кейде дүниедегі қасаң қағидалар бұзылмайтындай көрінеді. Бірақ, қатып қалған ештеңе жоқ. Олжас өлеңдерінде қасаңдықтың көбесін бұзып, тосын ой айтуға қадам жасайды. «Неге, біздер биіктікті шыңға таңып қойғанбыз» дейтін ақын одан да биік дүниелердің бар екендігін көрсеткісі келетіндей. Өлең ойландырады, көкейде ой қалдырады. Шым-шымдап өзінің иіріміне тарта бастайды. Мысалы:
Қыстан кейін көктем дейміз,
Жаздан кейін күз дейміз.
Неге біздер мөлдірлікті,
Судан ғана іздейміз –деп оқырманын өзгеше ойлауға жетелейді.
Жалпы ақын өлеңдерінде екі нәрсені қатарластыра, жанастыра алып бейнелеу тәсілі - параллелизм әдісін шебер қолдана біледі. Сөзіміз дәйекті болу үшін Олжастың «Көнекөзім» деген өлеңін оқып көрелік:
Бойыма тартып әз үні,
От болып маздағаным-ай!
Маңдайындағы әжімі,
Жалғанның жазбаларындай .
Немесе осы өлеңнің түйініне зер салып қаралық:
Мұн дәмін татырғаның ба,
Жүректі кеттің жылатып.
Шай ұрттап отырғаның да,
Сені ұрттап қойды Уақыт-дейді. Адам қимылы мен мезгіл әрекетін бір арнада қиюластыра білген. Ол табиғат құбылыстарын өлеңге пайдалана отырып, содан әдемі қорытынды, шешім шығара біледі. «Өткінші жаңбырда»:
Өзге өлкеге көшсек те,
Табиғатқа біз не істейміз?
Өткінші жаңбыр кешсек те,
Өткінші сезім кешпейміз, - деп кейіпкерін сендіреді, сендіргісі келеді. Бірақ, оқырман бұған сене қоя ма?! Ақын бұл ойды өлеңінің түйінінде басқаша өрбітеді:
Тереземізді жиі ұрып,
Өткінші жаңбыр сан жаусын.
Тамшыдай көзде жиылып,
Өткінші болмай қалғансын-дейді. Ал, сенбей, көріңіз?! Жұмыр басты пенде үшін қарашықтықтан қастерлі не бар. Оның ар жағында қарашығымдай қорғаймын деген ойдың қылаң беретіні даусыз. Бұл Олжасты қатпарлы ақын екендігін аңғартады.
Олжастың «Ерін» өлеңі Әлібек Шегебайдың:
Күндерім сырғып әттеңмен,
Көгілдір мұңмен көктеппін.
Өзіңді көрген сәттен мен,
Өмірге ғашық боп кеттім-деген өлеңін еске түсіргенімен, оны қайталамайды. Поэтикалық зерде түбіне шөккен таныс-бейтаныс сурет, ырғақ тынысы шығармашылық процес үстінде сана түкпірінен бедерленіп шығып,жаңа туынды құрылымынан орын тепкен:
Жігерімді ұйытты үміт,
Еңсемді әрі биіктеттің.
Ерініңнен сүйіп тұрып,
Өмірді де сүйіп кеттім – дейді ол. Әдемі, нәзік лиризм. Иланасың. Өзің де автордың сүйкімді әлеміне еніп кеткеніңді байқамай қаласың. Одан әрі, "Қар еріген" өлеңін оқып көрелік:
Кездескен шақ. Нұрлы сәт. Қар еріген,
Қар еріген қарсы алған әлемімен.
Қойнымда құшақ-құшақ шаттық тұрды,
Мойныңда ойнап тұрды әдемі мең...
Бір шуақ тарағанда жүз, өңінен.
Тоң жібіген, жүректе мұз еріген.
Таңғы ауадай тап-таза аңсарым мен,
Ықыласымнан ып-ыстық қыз еріген.
Аппақ қыздың алғаусыз тілегінен,
Қолымдағы нарт қызыл гүл еріген.
Аңдап қалғам мен сонда сезім жасы.
Сырғып бара жатқанын жүрегінен.
Қос жүректің ынтызар сәлемінен.
Ебіл-дебіл егіліп, жан еріген.
Мекенінен сезімнің көштік қалай?
Өштік қалай мезгілдің бәденінен?!
Шуақ қайда сондағы сызды еріткен.
Қуат қайда бойдағы қызды еліткен,
Қар ерісе қағамыз неге дірдек?
Қар ерісе тоңамыз біз неліктен?
Қоштасқан шақ. Мұңды сәт. Қар еріген,
Көңіл қайтқан, жаңылған әуенінен.
Ерудей-ақ, еріппіз ол да, мен де.
Ештеңе жоқ, ешкім жоқ, бәрі еріген...
Жүректің қылын шерткен сыршыл лирика. Тұнық картина. Немесе тұтастастай беріп отырған екі өлеңге үңіліп көрелік:
Бояулар
Әппақ түс жақсы деп келдім,
Әппақ тілектей санамдағы.
Әппақ түс сені жек көрдім,
Әкемнің шашы ағарғалы.
Қара түс маған асыл болдың.
Қап-қара түнде қызға барғанда.
Қара түс менің қасым болдың,
Қарашықтардан ызғар алғанда.
Қызыл түс сені –сүйгенмін солай.
Қызыл ерін боп өбілгеніңде.
Қызыл түс – сенен жирендім талай.
Қып-қызыл қан боп көрінгеніңде.
Көк түсім – нұрлы бағымдай болдың.
Көк туды қолға ұстай қалғанда.
Көк түсті кейін жауымай көрдім.
Көктемім қатал қысқа айналғанда.
Қоңыр түс – болды ісімді оңдаған.
Қоңырқай тірлік кешкенде мүлдем.
Қоңыр түс – менің түсім болмаған.
Қоңыр күз болып көшкен көңілден.
Әппақ түс жақсы деп келдім,
Әппақ тілектей санамдағы.
Әппақ түс сені жек көрдім,
Әкемнің шашы ағарғалы.
Ахроматопсия
Шерге малған, қос жанарын,
Мұңданған.
Тапқысы кеп алуан түсті жылдардан.
Бірақ оған ақ пен қара түс болып,
Жолығыпты бұл жалған.
Көре алмайды ол,
Сарғыш атыраптарды,
Көре алмайды,
Жасыл жапырақтарды.
Көре алмайды,
Қызыл оттың сөнгенін,
Қызғалдақтың көре алмайды семгенін.
Көре алмаған келбетін де көгалдың,
Сұрланғанын көре алмады қоғамның.
Осы өңірдің өлеңіне ұласқан,
Боз жусанды көре алмаған бүр ашқан.
Көре алмады,
Күздің күрең шақтарын,
Көре алмады,
Кер дөненнің шапқанын.
Бояуларын көре алмады аспанның,
Көгергенін көре алмады жас талдың.
Сұқытындай әкем тартқан шылымның,
Өртенгенін көре алмаған іңірдің.
Сол бір адам түсіме ылғи енеді,
Содан бері танып алдым мен оны.
Үш жыл болды. Ештеңе емес ол менен,
Қайта-қайта бояу сұрап келеді.
Білем, оның күйін терең сезіндім,
Білем сырын ондағы асыл сезімнің.
Қайдан тауып берем оған бояуды,
Бояуымды іздеп жүрсем өзімнің.
Кеше келген, келді және бүгін де,
Бұл маусымның мазасыздау түнінде.
Өмір өзі ақ пен қара екенін,
Тағдыр оған ұғындырар түбінде.
Олжастың бұл екі өлеңінен ғаламдағы сан алуан бояулардың шарпысын, ондағы философиялық мәнді айқын аңғаруға болады. Ақын кейінгі кездері кесек дүниелерге қалам сілтеп жүр. Оған оның Семей полигонының зардабы туралы жазған "Жарылыс"дастаны дәлел.( Бұл бөлек тақырып, алдағы уақытта, кеңірек тоқталатын боламыз.) Не жазса да өзіндік, өрнек үлгісімен жазатын ақынға тек шығармашылық табыстар тілейміз!
Бауыржан ӘЛІҚОЖА