Сағыныш Намазшамова. Сырлы өлең

ӘДЕБИЕТ
1905

Күлкімнің күміс нұрына
шомылып өскен гүлдерім,
Құмыра-ғұмыр қырына
төгіліп өскен гүлдерім.

Құмыра сынды қалыпқа
Дәл сендей мен де сыйғанмын.
Әйнектен түскен жарыққа
Күн нұры ғой деп иландым.

Буалдыр тартып біршама,
Егеске түсті жан мен ой.
Себезгі тартып тұрса да,
Сәуленің аты сәуле ғой.

Тынышымды алып әлдене,
Санаға сыймай кей ұғым.
Құйылатұғын кеудеме
су емес, сол бір мейірім.

Жапанда өскен жайқалып,
жапырақ жайса құба тал,
Ажарыма кеп Ай тамып,
асқақтап мен де гүл атам.

Жіберген кезде тасты да,
Топырақты күз құрғатып,
Тұтасқан қардың астында
Тыншудың өзі бір бақыт.

Жымисын десең тағдырың,
Жатпасын ойда бір өкпең.
Тамсану үшін барлығын
өткізу керек жүректен!

Таусыла көрме, тәтті күн!
Ғұмырдың мәнін шын ұғам,
шарасына сыймай шаттығым,
шытынап кетсе құмырам.

Өгей демейтін өз атын,
Ерсі емес гүлге теңеген.
Екі әлемге есік болатын
Сен аман болшы, терезем!

author

Сағыныш Намазшамова

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...