Сұраған Рахметұлы: Айт-Ман һәм бейсана

Айт-Ман

ӘДЕБИЕТ
644

Шырағданның жарығындай...

Ғылымдағы бір сәуенәме – рекогносцировка (reconnaissance) немесе әулиелікке тән бір ұғынысты  ұғымды көреміз. Адамның табиғи ізіндегі ең жарқын сүрлеудің жаңа аталымы. Бірнеше ғасырдың тереңіне еңкейіп үңіліп барып, қайыра аспанға тырмысып келе жатқан жүбіңе онша іліне бермейтін қатаң байламның бір түйімі секілді. Айт-Ман бауыр-досымның осы бір құсуси сұлбасы соңғы көште келе жатқан жастар әлемін әбден әбігерге салатын сықылды. Ол жас қауымға краш болу бақытына ие болған тұлға. Ақындығына шермекі түйімдерді түйіріне шейін шеше салатын шікірә шешендігі: ой санасына жұғысып, одағай жүйенің кеміріншілерін кертіп-кертіп өтетін өткір сыни ораторлығы: тағы да сонау әулие беркін үр түземнің қатпар-қалтарысында бұғып қалған жапырақтың бедеріндей таңғайып шаһирлық қасиеті үнмен бірігіп тұтас бір – «Айт-Ман әлемін» әлдебір қияннан лақтырып осы дәуірге әдейілеп қалдырған жәуһердей сезіледі. Қазақтың бозаңсұңар нәрлі боз даласының маңғази  кенді топырағына көмулі жатқан бір ғана небір бедерінің өзі мың түрлі Эйнштейінге һәм түмен шіменді «бозторғайлар ғұмырына» тең келетін түйенің бүкәмәл іздерін санап қайрап жүретін бейнесі солай көрінер-ді. Бұл деген таңданыстан тыс бейсанашының «қиыры жоқ қайран даласының» (1978) қыры мүлдемге баянауи бет-бейнесі. Ұғынып отырып, ұға алмай, тұңғиық мұнармен ұлаулатып, «қырлардан сыр аулаған» даланың ұлының  саулаған саналық, даналық, әділдік ұлағатына бейжай қарай алмайсың! Оның көкұлағы соңыра кейін ғана білінер жүміле сырына сұғына, қызыға, қызғана қарайсың!? Оның тілі – көне қазақтың сөлінен жаралған нәрлермен көктеген тылсым. Тілінен мөлтеңдеп тамшылай түскен тірі тамшылар тізбегі керемет ұлықсөзге айналады да өз тамырыңа сіңе берердей...  Жарайсың Айт-Ман һәм Жарыққали Нұржан!

Баяғыдан етене челлендж...

Бейтаныс едім. Ол шетелдегі оқырмандармен ертеден таныс еді. Ол құдайдың өзі сызған Ақжайықтан, біз құдайдың көзі түскен Алтай тауынан едік. Бізге мүлдем жат сезілетін біржақтан экспортталған соцжүйелік руһанияттың сәлем хаты яки кәрі сәбеттің ақпаратын әріде аптасына бір рет жеткізіп тұратын «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Жұлдыз», «Білім және еңбек» қатарлы газет баспалардан соңғы буындағы ақын, жазушыларды әредік көретінбіз. Таңбалының көк білеуіндей көк жейделінің қырып алар қыртысы жоқ болса да мияқтап өскен қияқ мұртты талдырмаш бойлы жас ақынның алғашқы жырларын ат жалында жүріп оқып едік. Бойы шамамен 1.58-ге тең немесе Микола Васильович​ Гогольмен тұрпаты шамалас шымыр. Төбесіне шоң шоқтықтанып, қар арасынан додырайып көрінетін біртүбір Пушкин шашы – Боршатаудың күңгей бетінде өсетін тікенді жиренге оқшас. Осы додырай шашының түбіне жазылған бірнеше додығай назым өлеңдерімен жеткен осы Айт-Ман-ды. Мысалы, сол 1978 жылы жазылған бір жырында: 

Асау көңіл – шығанға оқ па атылған,
Қанжар ма әлде қынында тот басылған?!
Ақын десем, көзіме елестейді,
Жолбарыстар шайлықпай отқа атылған.
Ақындардың атағын көкке асырған,
Тірі жеткен көп талқы, көп ғасырдан –
Асыл жырдың алдында алмасың да
Жасық шығар – шыбықтай отта сынған?!
Дана Абайдан Нұр алып,
От – Қасымнан...».

«Жолбарыстай отқа атылған...» деген жолдары сол кезде су жаңа сүрлеу болтын-ды. Ол сол сәтте Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері»-сімен бірге жеткені өз алдына бір кеңес!

Өте ерте есейгені байқалатын-ды. Осыдан өзгесі есімде емес. Демек, ерте ержеткен жас лирик жыршының оқшау-орқашты құсни саздары шетелдегі бір шоғыр оқырманды «уақытынан» сәл бұрын оятқаны есімде әлі. Мұндайда ақын деген бір кермаяның ежелгі дауысы ең алдымен жетуі заңды. Ол, орпа шыңырау оқпаннан сыңғырлап аққан тұманың сыңғырын еске оралтар сағыныш болатын-ды! 

Далабезердің дара дағдысы...

Айт-Манның күллі қыпшақ даласын кезіп өз бетімен құндылық жинап жүретін әз бейнетқор жүрісі мен өз бағыты ерекше. Мұндағы бір сыпаты – оның бей жанкештілігінде. Өзге бір жандарға оншама бұйыра бермейтін аясы кең әрқилы бояулы аффектілі таланты! Таланттың ешқашан өзгенің қам-харекетімен айналыспайтынының айғағы оны жұртқа айнадай анық көрсетіп жүрген сықылды. Себебі Айт-Манның таланты өзін ұштады талай жылдардан бері. Талант деген бір ғана өлең жазуда еместігін дәлелдеумен жүрген руһани жанкешті. Оның осы ортадағы қалай болса солай кеуделеген бәз біреулерге емес, өзінің ортасының құлықсанасының құлантаза болуына, өз отанының сау, саламатты кемелденуіне алаңдайтыны мүлдемге өзге сипат. Оның өзгеге өкпелей айтқан өткір сыны, ескертпелері де өзіне қатысты емес. Айт-Манның ішкі әлеміндегі философиялық түрендердің түп негізі – хаһилыққа қарай беттейтінінде. Өскен ортасы немесе сонау әулиелер өсіп, өнген кең даланың кемеңгерлерінен жұққан бейсана, бақай есепсіз тек риясыз жақсылыққа жүгіну, ақпейіл, қоңырқай тірліктегі қоңырқалта жұқана ауылдағы адал жандарды аялау, олардың сенімін сақтау жолындағы қиянтымық құлшыныстары ұнайды. Ол өңгеге ұнау үшін ұшы-қиырсыз әулие өлке, дарқан далада текке сенделіп жүрмесе керек. Абай хакімнің: «...Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға...» оның харизмасы сірә!? Сенімнің, тәңіри сенімнің сақталуына ұйытқы болатын, «құндылықты қайта таразылайтын» (Ницше) бір адам жоқ болса мынау өңшең «өлі жандар» мекендейтін мыжғау қоғам не болмақ!? Ницшенің «құдай қайтыс болды...» деген пайымын біз тек құрдымға кетіп бара жатқан сенімнің негізімен түсінеміз. Ендеше сол сенімді есентүгел сақтауға еңбек етуші хас таланттардың еш етуге болмас деген кейіп (гәп) осы кісіде бар, шым-шым түгел. Сол тұрғыда ол өзгені мүжімейтін өне бойындағы талап пен талантын сарқуға сандалған: сағымы алтындай аунаған сары даласының сандалбегі! «Ат аунаған жердегі қалған түк...» деген ұлы пайым да осы арада. Іздеп келгенге кет демейтін, ізіне түскендергеге, өкшесін сығалайтындарға «өкпелейтін» өлі саналы «тірі жан» емес-ті Нұржанның ұлы. Әу, бастағы жаратылыстың екшендісінен қалған ең соңғы жалқын ұшқындай. Көкірегі көне кітаптай, көргені көп көбен.  Алайда оның бір үрейі де бар: онысы әу баста қазақ болып туғандардың бір сәтте өңгенің  идеологиясына мойынсалданып, мәңгүрттеніп, үнсіз мылқау наданға айналуынан үрейлену... Рас! Өзгенің малтасын езіп отыратын, ми жүйесі ерепайсыз уланған кейбір «классиктерді» де көріп жүрміз!?

...Тұрсам деп ем ай құсап көкке асылған...
Есігінен өлеңнің енсем деп ем,
Шаңырағы шатынап, топса сынған!..
Зауалдардан – аспанға от қасынған
Аман қалған Ақынға тек бас ұрғам. –
Жүрегінен жыр болып қан тамшылап,
Маңдайына Мөр болып Оқ басылған!?

Біз мәдениетті мүлде ұқпаймыз  да...

Өмір оның алдына түрлі шарттарды, адам-пенде түсініп болмайтын нендей де бір келісім шарттарды қоятыны белгілі. Ал, таңдау деген ішкі пайымның керті. Шартты таңдаулар мен шамалы сынақтардың түгелін кешті ол. Бойы мен ойы сәйкесе бермейтін аксиомалық ақиқат та осында сықылды. Ешкімге әрі ешнәрсеге бейжай қарай алмайтын сана көзі бар, өңірінен еніп, өзегіңнен өте шығатын тілі бар жанның ішкі қуаты мен тін өзегіндегі тірі мәдениетінің бір ғана шетін бажайлауға болады. Басқаны ала көрмейтін іші кең азаматтың сандал атан көтермес салмағын қалай арқалап жүргеніне таңғаласың!? Өтелмей кеткен парыздың заңды міндет жүктеуші өтеугеріндей өзгенің бір үмітіне дем беру деген бұрынағы қазақы қадымдағы бар дүние-ғайып! Кейде оның үнсіз жүргенінен қорқасың!? Кейде көңіл-күйі мүлдем нөлге («0=») тең кейіпте. Алайда оны құр бекер аяу да артық. Ол басынан сипауды ұнатпайды, кез-келген жерде «бас асау» қыршаңқы мінезді. Кейде шекіз ақылманмен, бірде шепсіз «ақымақпен» меймандос... Болмашыға  шиқанданып, сызданбайтыны өз төл болмысы дейік... Жалпы іші кеңпейіл жанның өңге бейұқсас кішіпейілділігі когнитивтік көлемді өрісі өзіне тән болмақ. Көңірсіген сөздерге ілесіп немесе көңілсіз, ретсіз райларға көміліп, көгенделмейтіні бір қисынның нақты аксиоматикасы десек те болар. Оның барлық тыс мүсінін «біртуар» деуден аулақпын. Бірақ, ішкі жандүниесінің күші басым, өрен өршіл. Осы сапарларда оған ақылды әйел заты бұйырған. Бибайша Ілиясқызы филология ғылымдарының докторы, профессор. Ақылайым Бибайша мәлике ақын Айт-Маның тамаша ақылшысы дейік. Ақынды ақын ететін алған жары, ақылды әйелі. Алайда (осы мақалаға онша қатыссыз) өзге де өжеттердің өміріне үңілгенде; ежелгі гректің бозоты әулиесі Сократтың жұбайы адуын Ксантипптің де Сократтың тағдырына барынша ықпал еткенін бір кезде сонырқып, оқығанымыз еске орала береді...

Таланттың бедері...

Таланттылардың бір білгісі һәм белгісі – саналы адамдардың өзін үнемі іздейтінін, жоқтайтындығын сезінудегі киелі бағыты. Бағыт түзу болса, талант бақытты болмақ керек. Ол басы артық ешнәрсеге тәлім болмайды. Өйткені оның іш таразысы дефинициялық іш ұғымы мәрт. Талант тек құндылықты сақтау үшін өз талабымен талантын ұштайды. Мен білетін Айт-Манда эстетикалық талғам, этикалық сүлей үлгі, эпикалық тың тылсымдардың, тіпті, магиялық, критикалық ойлау жүйесінің біріккен бірегей сарындарымен косинустар теоремасындай үштағандай тұтасып, қалыптасқан. Ол өзінің әлемін (көзін) ашқан Маңғыстау даласына қарыздар. Сондықтан өзі жасаған таза хаһи талғамнан, руһани биік деңгейден төмен түсуді қаламайды. Жалпы «қолда бар алтынның...» құштарлық қадіретін жоқ ететін тірліктің өңсіз іштарлық өш қаруы – қос ауыздылық. Соны ұққан кісі кісәпірліктің астында күйремейді. Табиғатпен танысу – таныммен табысу дейтін ақ, қара пайымдар бар. Бабалардың ет денесі ежелі діңімен сіңген қан аралас алтынды топырақтың үстіндегілердің уақытша ғұмыры тек қана таныммен табысу әрекетімен байыса ғана дұрыс болар ма!? Талант пен талаптың жарты жұртқа челлендж  (challenge) болуының мүмкін бір үлгісі осы дүр Айт-Ман-дар.

Бір жұмбақ бар...

Мемлекетті жөнге салу, жоспарлау, саяси-экономикалық ұлы мәдениетті дамыту немесе жариялылық  барысында ең көп ізденген АҚШ президенті Рональд Уилсон Рейган деген актёр еді. Ол әсіребатыстық Вильсон заңына сүйенген. Ол өз білімін ең қатаң тәртіпке қоя білген кіді тұлға. Соңыра альцгеймер дертімен өлген ғаламдық рейганика құрбаны... Ал, қазақия сахарасы – ең ірі жұмбақ сахна! Осы сахара - сахнаның ашылуы бекер емес «совершенно секретно» жұмбақ. Әйтеуір жұмбақтың шешімі бір кезеңде айпара ашыққа шығатыны белгілі. Сол жұмбақты шешуге ұмтылып жүрген Айт-Манның оқшауқұмарлығы мен одағай далабезерлігі де бірдеңені ұқтыратындай!? Кісінің байырғы зиын-зейіні, түп-түйсігі жайында аңыздар көп. Маңғыстау ойпаттарындағы мың жықпыл, қалтарыстарындағы бұғып жатқан мыңғыр құндылықтардың коді – болашақтың қолына осы тақілеттес жоралар (бауырлар) арқасында айналымға түсетіні де сөзсіз һәм хақ. Батыстағы әредік зіркілдеген ашу мен ызаның қайнап тұрған ортасында басу айтып тұрған Айт-Манды көргенде мақтанасың! Әншейінде бір қолымен аузын басып, жұп-жұмсақ сөйлейтін талдырмаш аңғал азаматтың ағыл-тегіл аңқыл ақын да ақылды дауысын естігенде ауызы ашылып, айтқанынан жаңылып қалған «сотқарларды» көргенде: құдай берген мұнайлы өлкеде мұндай «адайдың» адуынды бір ұлы бар болғанына қуанғанбыз! Ол бар болғыр бірде өз сақалын талдап жұлып пайыз таппай «сандалды да»!? Күйзелген тұсында, әділет іздеп, тентіреген кезінде Раушан-ғұмыр үшеуіміз Астанада жолыққанымыз бар!? Әрине «кез келген істің дұрыс болмауы мүмкін...»: бұ түгілі мерфиде де мұндай зәкүн сақтық теоремасы делініп заң болған тұс өткен бір құрлықта. Мәселе неғұрлым ашық айтылса, ондайда істің басы ашық: бұны Кидлин зәкүні дейді. Ең қатерлісі – «...іс жүзінде сіздің қоғам сізге ешнәрсені ашық айтпайды...» бұл баяғы зәкүн Гилберта теоремасы. Ол өзімен кетсін! Айт-Ман зәкүні тіптен өзгеше сезіледі. Оның нақ қаралы ақ қайнарын Абайдан іздейді. Ұлы Абай: «...Ар кетті, ұят кетті, намыс кетті, Законшілер тарттырды-ау көп бейнетті. Ең болмаса қорықпайды Құдайдан да, Жалған ант күнде ішеді, көзім жетті...».   Айт-Ман осы қағидат бойынша өз ортасы және тобыры көп қоғаммен бірге сауығуды армандап, осыған ғана жүгініп «сырқаттанған» жаяу ақын. Ол жуырда мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Марапатқа ұсынылған абызды лайық көрсе: оны үсті-үстіне құр мақтаумен сабалау да тым жақсы тәсіл емес. Бұл реткі біздің Айт-Манға деген ниет осы науқанға түк қатысы жоқ. Тәуелсіздік атты киеде бір еркіндік, жарты емес жариялылық болса оны мәңгілеу жолында өзін «құрбандыққа» шалатын махамбеттер де болуы заңды. Бұның да әлгі әйгілі дейтін магнетизм заңына қатыстылығы қаншалықты рас екенін білмеймін... Қазақы өлшемде бір «руһани биіктік» деген бір ұғым болса, ол – жалқы ғана түсінім. Биіктіктің екінші жағы – «тереңдік»... Ал осы екеуінің жан-жағы – «кеңістік» атты ұшан-теңіз түпсіз мыңғыр мөлшер шексіздік. Осылардың бәрінің барын бажайлау қиын емес...

Ниетімізді әсіре эмоционалды «зорлықтан»  сәл аршып барып бітіргенде ғаламның тағы бір таңы рауандап, Арқаға қарай әппақ арай аунап келеді екен! Төртінші қабаттағы кең терезеден тым-тырыс тыныштықтың түсіне оранған, тәңіри түске боялған дала-тысқа қарадық... Тәңір сыйлаған өз тереземізден (тереземізбен)...  

 

ЖАРЫҚ - ТАҒЫЛЫМ

 

Айт Ман жарығым!

Нардың табаны илеген сүрлеулі жазулар үстімен рух уақыттары

сүйреп – мықтарды аралағанда,

Қардың бедері күймелеп үймелер жұмақтың тіні –

түзем  ақшуландарының:

Сыбызғы нілінен тістеп, сыңсып  ұшатын күшті леп –

Тұтқа – ғаламда:

Жұлдыздар жусайтын жусаны мамық – Түпқарағанда!

Туған  Жарығың!

 

Тулаған теңіз ағыны, ту дала бойының тұнық сағымы –

ұлыған үні,

Ақ  ғұндардың қандары тамған бұл маңның – күллі қыр-сыры мағұлым.

Ат  тұяғымен  мөрленген мың ғасыр – сенің жасырын сымың –

Айт Ман інім;

Асау тағылық біткен тауырих – бітіктастағы бәдіз  – ұлы барығың!

Тірі жалының!

 

Айт Ман Ұлым!

Зау іңгәсін жастанған имек Ай жұққан тарғыл тастардың

қынасындағы үн,

Маң Тәңір аспаннан мамырлап қонар – қоңырқай бұлттардың

құба сырмағы –

Заудан құлаған рауан шуақты түмен әлемнің білем – жұлымы,

Шерқала  – бұла түземнің үзе тұмасында – тұнған

Шыра – шырағы!

 

Тарғыл сынтасқа жұққан – найзағай сынығы, жайдың ұшқыны,

дыбыс даңғыры

Сайдағы құлын зімбірлі: құрыш қоңырау тілді  күміс – жаңғырық!

Байрақтың сабына байланған сертің – тыныстағы ұғым,

Шығыстағы ілім...

Қайрақтың қырында қатайған қайғың: қынында қалғыған

қылыштар – мұңы...

 

Бағзыдай  алдаспан  кейімді баялыш байтағым – бейтаным мәнге

қайта  жалғанып,

Бәрі де қайтады көктейді көгімде көп ойлар – бәрі де

айтылар да анық!

Перідей – кілең әулие, телігей түмен әндігерлер  өткен елдегі –

барық,

Саңғал сахара түбекті,  түнексіз  бүлделі  жердегі – сары Мұнара!

Айт Ман – Жарық!

 

20 шілде 2024

 

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...