Елордада «Астана» II Дүниежүзілік театр фестивалі салтанатты түрде ашылды. «Қазақк...
Серікзат Дүйсенғазы: Екі театрдағы қос қойылымның ерекшелігі
Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Осы апта мен үшін "Шекспир апталығы" болды десем де болады. Жұма күні жұмыстан шыға сала Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық театрда қойылған «Отелло» трагедиясына (режиссері Т.Теменов) бардым. Ал сенбі күні халықаралық кітап көрмесінен басталған бірнеше әдеби шарадан кейін Елордамыздағы комедия театры (Nomad city hall) сахналаған «Ричард ІІІ» трагедиясын да көріп үлгердім. Біздің қазақ театрларының әлемдік деңгейдегі шедевр саналатын күрделі тақырыптарға қадам жасап жатқаны мені қуантты. Ашығын айту керек, марқұм Әшірбек Сығай ағадан кейін театрға тұщымды сын оқудан қалып бара жатырмыз. Театр сыншылары жазбай ма, әлде сынды біздің журналдар баспай ма, ол жағы белгісіз. Біздікі сын деп айта алмаймын. Бұл әдебиеттанушының көзқарасы. Дегенмен режисерлер мен актерлерге стимул болатын шығар деген жаман ойым жоқ емес. Сондықтан осы бағыты бөлек екі театрдағы қос қойылымның ерекшелігіне екі пост арнамақпын"-деді. Назарларыңызға сол екі постты ұсынамыз.
«ОТЕЛЛО»
Шекспирдің «Отеллосы» қазақ театрының көрерменіне таңсық емес. М.Әуезовтің классикалық аудармасы негізінде сонау 1939 жылдан бері Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театр қойып келе жатыр. Рөлдерде сол кездегі театр тарландары Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақовтар ойнаған екен. 2014 жылы сол театрда ресейлік Птушкина деген режиссер келіп басқаша көзқараспен қойғанынан да хабардармыз. Ал біздің Қаллеки театрының былтырдан бері сахналанып келе жатқан қойылымы өзінше бөлек. Режиссері Талғат Теменов ағамыз кино саласында да олжа салған майталман екенін жақсы білеміз. Маған бұл спектакльді сол киногерлік шеберлігімен астастырып жібергендей сезілді. Кейбір тұстарында мюзиклдің стилін де аңғарғандай болдық. Оқиғалардың әртүрлі планда өрбуі қойылымның динамикасын арттырып, көрерменді баурап отырды. Актерлік құрам да сәтті таңдалған екен. Отелло рөліндегі Қуандық Қыстықбаев, Яго рөліндегі Нұркен Өтеуілов, Дездемона рөліндегі Ақмарал Танабаевалар қазіргі театр өнеріндегі ең табысты саңлақтарымыз. Актерлердің бойындағы шығармашылық рух, сахналық пластика, қимыл-қозғалыс темпераменті, сөйлеу дикциясы бәрі-бәрі әдемі үйлесім тапқан. (Тек Дездемона рөліндегі қызымызға қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына аздап мән берсе екен деген тілек бар.) Сахнадағы махаббат пен ғадауат майданындағы кейіпкерлердің киімдері ақ, қара, қызыл түстерден таңдалыпты. Бейне бір ақ пен қара айқасқан, соңы қызыл қанға боялған қиянатшыл өмірдің панорамасы іспетті. Сахнадағы шайқастардың барлығы қылыш айқастырмай, жанама қозғалыстар арқылы беріледі. Бұл да қазіргі киноның әдісін театрға ұтымды пайдаланған шешім.
Отеллоның рөліндегі Қуандық Қыстықбаевтың батыр тұлғасы көзінен от ұшқындаған қолбасшы сардардың образын жақсы ашып тұрды. Сұңғыла сұлу, сезімі пәк, кіршіксіз өмірге, адалдыққа іңкәр Дездемонаның бір қарғыс атқыр орамал үшін құрбан болғанын көрген көрермен пұшайман күйге түседі. Тіпті өлген Дездемонаның мүрдесін көтеріп, арыстандай ақырған Отеллоның жан күйзелісіне шын сенген қасымыздағы бірнеше көрерменнің солқылдап жылап отырғанын да байқадық. Бұл актердің хас шеберлігі. Көрерменді сендіре білгендігі.
Тағы бір қызықты кейіпкер - Отеллоның көмекшісі Яго образы. Бұл «Қыз Жібектегі» Бекежан сияқты, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қодар сияқты оқиғаны шиеленістіріп отыратын қайшылықты бейне. Былай қарасаң одан ақылды, одан шешен адам жоқ. Бірақ бар мақсаты екі ғашықтың ортасына от салу, өзінің аярлық ісіне рахаттану. Өзі сырттай ғашық болып жүрген Дездемонаны Отеллодан ажыратып алу үшін өсектің отын лаулату. Бұл рөлді талантты актер Нұркен Өтеуілов керемет алып шықты. Барлық жамандықтың белгісін қолына ұстап жеп жүрген алма арқылы беруі, тіпті, ең соңында Отелло мен Дездемонаның жансыз денесінің қасында түк болмағандай сол алмасын кесіп жеп отыруы қатігездіктің шырқау шегіндей болды. Ягоның қасындағы кейіпкер қыздың да образы қызық. Бір сайтанның, жамандыққа азғырушының бейнесі іспетті. Спектакльдің соңғы финалдық эпизоды да бұрынғыдан өзгерек. Отелло өз-өзіне қол жұмсап емес, Ягоның қолынан қаза табады. Бұл да бүгінгі адамдардың сана-сезімін ескерген режиссердің тапқырлығы деуге болады. Трагедияның өне бойындағы жарықтың қойылуы, декорация, костюм, барлығы қойылымның негізгі ойының ашылуына қызмет етті. Бұл спектакльді қоюшы ұжымның бірлескен жетістігі. Қорыта айтқанда, Талғат Теменов мырзаға респект дейміз!
Жалпы, бұл спектакльді мың рет айтқаннан бір рет көрген артық. Әлемдік классикадан сусындағысы келген жандар театрға барса дейміз. Айтпақшы, осы спектакльге Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов пен Азат Перуашев бастаған «Ақжол» партиясынан сайланған бірнеше Мәжіліс депутаттары барды. Көрермендердің арасынан атақты әлихантанушы ғалым Sultan Khan Zhussipті де байқап қалдық. Спектакльдің соңында сөз алған қала әкімі жаңа театр ғимаратының салынып жатқанын сүйіншілеп жеткізді. Құрқылтайдың ұясындай қуыста қусырылып отырған театрымыз құлашын кеңге сермейтін күн қашан туар екен деп жүрген көрермен үшін бұл үлкен қуаныш.
«РИЧАРД ІІІ»
Шынымды айтсам, кілең марғасқалар ойнайтын «Отеллодан» алған әсерден кейін, жас буын сахналайтын «Ричард III» трагедиясын қабылдай алар ма екенмін деп күмәнданып бардым. Елордамызда жаңадан ашылған бұл комедия театрының директоры Тұрсынбек Қабатов, көркемдік жетекшісі Сайлау Қамиев. Алдында қойған бірнеше комедиялық қойылымдарын барып көргенмін. Актерлер труппасы кілең жауқазындай жастар. Әрине, дүние жүзіндегі менмін деген актерлер ойнауға батылдары бара бермейтін «Ричард ІІІ» - ті қойғалы жатыр деген дүмпу мен үшін де қызық болды. Бұл спектакль Шекспирдің әлем театрларында әйгілі «Король Лир» мен «Гамлет»-термен қатар ең көп қойылатын туындыларының қатарында. Сөйтсем, режиссері жақында ғана Қаллеки театрында Абайдың «Жан» қойылымын (Нұркен Өтеуілов ойнаған моноспекталь) қойған Фархат Молдағали інім екен. Жастың аты жас қой. Жасқанбай Шекспирге ауыз салыпты.
Шығармадан білетініміз, ақылы толысқан, күш-жігері кемел болса да Ричард ІІІ – тің аяғының ақсақ кемтарлығы, белінің бүкірлігі қашанда зығырданын қайнататын. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесінде жақсылық пен жамандық арпалысып жатушы еді. Оның денесі бүтін адамдардан кегін таққа отырып қайтарам дейтін мақсаты болатын. Сол мақсатын бұрын біз білетін театрларда жалғыз актер ойнайтын. Ал Фархат мұны екі актерге жүктепті. Басында үстіндегі жамылғысы арқылы бүкір болып көрінетін кейіпкер жамылғысын шешкенде арқасында екінші адамның шыққаны қойылымның бір ұтымды тұсы болды. Бұл бір адамның екіге жарылуы әлемдік әдебиетте бар әдіс. Оны қазақ прозасында Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік сияқты қаламгерлеріміз сәтті пайдаланғанын білеміз. Ричардтың бойындағы жақсылығы мен жамандығы солай екіге жарылып алып, екі адам бейнесінде тартысқа түседі. Режиссер оқиғаның динамикасын арттыру үшін заманауи эстрадалық-ритмикалық музыканы сахнаға қосымша отырғызып қойғаны өткен мен бүгінді жалғастыруға, ескі мен жаңаны тоғыстыруға талпыныс деп ұқтым. Әсіресе, соқпалы аспаптың (ударник) орнын алмастырған бір азамат аузымен сондай темп беріп, спектакльдің ырғағына ырғақ қосып отырғаны тосындау болса да үйлесімі бар дүние болды. Қойылымның музыкасын осы шығарма үшін Санкт-Петербургтік Алсу Нигматуллина деген композитор арнайы жазыпты. Сахнаның екі жағындағы оқиғаға араласып отыратын кемтар адамдардың қосымша хордың рөлін атқарғаны өзінше бір жаңалық. Хордың мұңды сазы эстрадалық алапат ырғаққа ұласып ерекше бір реңк бергендей болды.
Спектакльдің өне бойында бір тоқтамайтын пластикалық қимыл-қозғалыстар, дамылсыз іс-әрекет көрерменді өзіне баурап отырады. Спектакль мәтіні ықшамдалған. Жастардың арасында Гүлмира Нұркина мен Бағлан (Ричардты ойнаған актер. Фамилиясын ұмыттым) сияқты тісқаққан актерлердің ойнауы оқиғаның жандануына мейлінше әсер еткен байқалды. Әттең, әр актердің, әр кейіпкердің ойынына баға беруге бір посттың көлемі көтермейді. Әйтпесе, жасындай жарқылдаған жастар да болды. Олардың рөлін жеке-жеке талдағанда ғана қойылымның мағынасы толық ашылмақ. Оқиғаның финалындағы трагедиялық көрініс те көрерменді бей-жай қалдырмайды. Ізгілік пен зұлымдық, сұрықсыздық пен сұлулық арасындағы бітпейтін шытырман тартыс шығарманың негізгі өзегі. Қарапайым көрермен ретінде қойылым өзіме ұнады. Жарық та, костюм де, декорация да жақсы ойластырылған. Тек дыбыс жағынан аздап кемшілік бар екен. О баста сахна театрға лайықталып салынбағандықтан ба, микрофондардан сөз анық естілмей қалатын тұстары байқалды. Бұл келешекте ескеретін жайт. Жалпы, бұл спектакльді де барып көруге кеңес беремін. Мамыр айының бесі күні тағы қоямыз деп жатыр. Әсері керемет. Спектакльді қоюшы ұжымға мың алғыс!